Тілдің абсцестері мен флегмоналары. Топографиялық анатомиясы. Тілдің жоғарғы бөлімі — ұзынша және көлденең жолақты бұлшықеттердің талшықтарынан тұрады. Төменгі бөлімі немесе түбірі — жұп иек бұлшықеті, тіласты-аша-сүйек-тіл бұлшықеті, бір өсіндісі — тіл бұлшықеті және таңдай-тіл бұлшықеттерінен тұрады.
Бұлшықеттердің арасында клетчаткалы кеңістіктер болады, Тіл қан және лимфа тамырларына өте бай келеді. Әсіресе иек-тіл бұлшықеті — тілге өткен жерінде өте көп клетчатка және екі лимфа түйіні орналасқан.
Тілдің іріңдеп қабынуы әртүрлі себептерге байланысты бұзылған тіс сауытының өткір қыры, протездер және т. б. Сондай-ақ тіл абсцестері жаралы ауыз уылуынан (стоматит), тонзилиттің асқынуынан да пайда болуы мүмкін.
Бұл жердің іріңді процестері: 1)тілдің меншікті бұлшықеттері аралығының жоғарғы бөлімінде шектелген абсцесс; 2) жайылмалы флегмоналы қабыну; 3) тіл түбірінің абсцесі немесе флегмонасы ретінде кездесуі мүмкін.
Клиникасы. Тілдің беткей орналасқан абсцестерінде — бір жақ жартысында немесе орта шенінде қатты ауыратын, шектелген инфильтрат пайда болады. Содан кейін тілдің көлемі үлкейіп, бетінде тіс дақтары (іздері) көріне бастайды. Тіл домбығып, инфильтраттың шегі үлкейеді. Ауыздан жағымсыз иіс шығып, созылған сілекей бөлінеді. Даусы қырылдап, жұтына алмаушылық байқалады. Дене қызуы 38°-қа дейін көтеріліп, жақасты, иекасты лимфа түйіндері ауырып, үлкейеді. Беткей орналасқан абсцестерді, тілдің бойымен кішкене ғана тіліп ашады.
Ал терең орналасқан флегмонада инфильтрат және іріңдік тілдің төменгі бүйір бетінде кездеседі. Науқастың жалпы жағдайы ауырлап, тілдің көлемі үлкейеді де, қимылы шектеледі.
Тіл флегмонасын — бүйір бетін тілу арқылы ашады, кейбір жағдайларда, тіл арқасы бойымен қосымша тіліп ашады.
Тіл түбірі флегмонасы өте ауыр жүреді: дене қызуы 39—40° дейін көтеріліп, дене қалшылдап, науқастар ұйықтай алмайтындығына және тұншығып қалу қорқынышына шағымданады.
Науқастар жүтына алмайды немесе өте ауыр жұтынады. Бет әлпеті бозарып, сәл көкшіл тартып, көз қарашығы үлкеюі мүмкін.
Тіл үлкейген, бірақ жұмсақ, пальпация жасағанда тілдің түбір жағы ауырады. Иекасты аймағында (тіласты аша сүйегіне жақын жерде) ауыратын инфильтрат байқалады.
Тіл түбірі флегмонасын ашу үшін, иекасты аймағында, орта сызық бойымен тері және теріасты клетчаткасын тіліп, аспаппен қос қарынша бұлшықетінің алдыңғы қарыншасын жылжытады (арасын ашады). Содан соң аша сүйек-жақ тіласты бұлшықетін орта жігінен кесіп, қолдың саусағымен тіл түбіріне жетеді. Ірің шыққан соң, жараға кең етіп дренаж қояды. Кейбір науқастарда, ірің 2 тәулік өткен соң ғана пайда болуы ықтимал.
Егер тыныс алу қызметі нашарлай берсе, онда трахеотомия жасау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |