БЕКІТЕМІН
Мектеп директоры З.Д.Утепбергенова
Тақырыбы: « Тіл мәртебесі – ел мәртебесі»
Мақсаты: Оқушылардың өз ана тіліне деген құрмет сезімін арттыру, тіл мәртебесін көтеру, таза сөйлеуге үйрету, өз ұлтына, еліне деген сүйіспеншілігін ояту. Ана тіліміздің тұғырының мықты болуына негіз қалаған бабаларымыздың өсиетін ұран ету, қазақ тілінің мәртебесін көтеру. Қазақстан мемлекетінде тұратын барлық халықтардың тілдерін құрметтеу.
1-Жүргізуші: Танытқан қазағымның қазақтығын,
Танытқан қазағымның азаттығын,
Танытқан қазағымның ғажаптығын,
Айналдым құдіретіңнен, Қазақ тілім!
2-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар мен оқушылар! Елбасымыз Н. Әбішұлы Қазақстан халқына Жолдауында: “Қазақстан халқы бүкіл әлемде үш тілді пайдаланатын жоғары білімді ел ретінде танылуға тиіс. Бұлар: қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі және ағылшын тілі —жаһандық экономикаға ойдағыдай кірігу тілі”, — деген болатын. Елбасы көрегендік танытып, алдымызға үш тілді білу қажеттігін қойып отыр. Әсіресе, өскелең ұрпақтың, жастар алдында бірнеше тіл білу міндеті тұр. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен ата дәстүрі. Ендеше, тілге қандай құрмет көрсетсек те лайық. Тіл мерекесі, тіл салтанаты, тіл қуанышы құтты болсын!
1-жүргізуші: Тіл - халықтың жаны, сәні, адамды мұратқа жетелейтін – ана тілі мен ата дәстүрі. Тіл – қандай ұлтта, елде болмасын әрқашан қастерлі де құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл - әрбір елдің жаны.
Ендеше, достарымыздың қазақ тіліне деген махаббатын өлең шумақтарымен жеткізсін!
Оқушы:
Ана тілім,
Жүрегісің анамның.
Жүрек-ана,
Мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз мынау керегі не ғаламның!
Сенің әр бір тынысыңмен күн кешем,
Сен арқылы тіршілікпен тілдесем.
Ел бетіне қалай түзу қараймын,
Ана тілім, Егер сені білмесем.
Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам,
Сенің арқаң жүзіп ішсем тұнықтан.
Туған анамды ұмытқаным емес пе,
Туған тілім,
Егер сені ұмытсам.
Оқушы: Сенің арқаң өзімді өзім түсінсем,
Ақыл-ойым, айбатым-сен, күшім-сен!
Қойсын маған күннің нұры түспей-ақ,
Ана тілім, Арыңа дақ түсірсем.
Ағытатын тасқын ойдың тиегін,
Өзің ғана сыйынатын киелім!
Оқушы:
Ардағым, ана тілім - жан мерейім,
(Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін).
Сен болсаң, көш бастаушым келешекке,
Соңыңнан көзім жазбай, мәңгі ерейін.
Төбемде тұса сенің жанып нұрың,
Демеймін сөз сөйлеуден жалықты ұлың!
Түсінгін ардақ тұтқан ана тілім,
Екенін жан сырымның анық мұның!
Мен онымен айта алмаймын әнімді
Егер тілім ертең болса құрымак
Мен дайынмын өтуге де бүгін ақ
Мен жаныммен сүйем осы тілімді
Кедей деп ақ айта берсін білімді
Ассамблеяда естілмесін үні де
Ана тілі ұлы менің өзіме.
1-жүргізуші: достарымыздың Араб тіліндегі әндеріне кезек берейік
2-жүргізуші. Кезекті Мектебіміздің кішкентай бүлдіршіндеріне береміз
1-сынып оқушылары
Келесі кезекте көрініс: І оқушы: Мен заманымда қандай едім? Мен ақын, шешен, ділмар бабаларыңның бұлбұлдай сайраған тілі едім. Мөлдір судай таза едім. Жырға соққан толқындай екпінді едім. Мен наркескендей өткір едім. Енді қандаймын? Кірленіп барамын, былғанып барамын. Жасыдым, мұқалдым. Мен не көрмедім? Маған әкеліп араб пен парсыны қосты. Бертін келе шүлдірлетіп ноғайды, былдырлатып орысты араластырды. Бір күндерде мені мүлде жоқ қылғысы келгендерде болды.
Төле би: Жасыма!
Уа, халқым!
Көсіле шабар жерің бар!
Тау көтерген елің бар,
Қол бастайтын ерің бар.
Атадан қалған сара жолың бар,
Сөз қадірін біліңдер!
ІІ оқушы: Төңкеріске шейін көрмегенім қалған жоқ. Төңкеріс болмаса, бейшара қазақ менен айырылатын да шығар деп едім. Төңкеріс болды. Қазақтың көзі ашылды. Қазақтың көзі ашылған соң, менің де күнім туды ғой деп қуанушы едім. Молдалардың тілмаштардың қол жаулығы болудан құтылдым ғой деп ойлаушы едім. Оның үстіне қазақ тілі – мемлекеттік тіл болсын деген заң шықты. Төбем көкке төрт елі жетпеді. Бірақ не керегі бар, босқа қуанған екенмін...
Қазыбек би: Налыма!
Біз қазақ деген мал баққан елміз.
Бірақ ешкімге соқтықпай, жай жатқан елміз.
Елімізден құт береке қашпасын деп,
жеріміздің шетін жау баспасын деп,
найзаға үкі таққан елміз.
Ешбір дұшпан басынбаған елміз.
Басымыздан сөзді асырмаған елміз!
ІІІ оқушы: Жанның бәрі теңдік алып жатқан кеңес үкіметінің тұсында менің бұтымды бұт, санымды сан қылып, кім көрінген созғылай бастады. Өзгені не қылайын, отаршылдық саясатын қолданбас-ау дейтін білім кеңесі екеш білім кеңесі де мен аямады.
Әйтеке би: Тамыры суда тұрса да
Уақыты жеткенде
Қурамайтын құрақ жоқ.
Тек жақсыдан өлмейтін сөз қалады.
Оқушы: Ана тілім, жүрегісің анамның,
Жүрек ана, мен өзіңнен жаралдым.
Сағат сайын саулығыңды тілеймін,
Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.
1-жүргізуші: Енді ағылшын тіліндегі жаңылтпаш, тақпақтарды тыңдап көрейік.
1-жүргізуші: Тіл- халықтың қазынасы, байлығы. Әр мемлекет өз тілінде сөйлеп, ұлттық мүдделерін қорғап, өз жеріне ие болса, сонда ғана бейбіт елдің бейбіт тұрғындары болатынымызға сенемін, солай емес пе, Каусар?
2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, Ерасыл! Біз өз тілімізге құрметімізді осы кеш арқылы жеткізуге тырыстық. Тіл мәртебесі – ел мәртебесі!!!
«Анамның тілі» ән
Достарыңызбен бөлісу: |