Тақырыбы: Зейнетақы жүйесін жаңғырту
2013 жылғы 21 маусымда Қазақстан Республикасында «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңы қабылданды.
Зейнетақы жүйесін жаңғыртудың негізігі міндеті көптеген азаматтарды қатыстыру болып табылады.
1. Сұрақ: Зейнетақымен қамсыздандырудың ынтымақты және жинақтаушы жүйелерінің қатысушысы болып табылатын әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру туралы?
Жауап: Зейнетақы төлемдерін тағайындау қолданыстағы зейнетақы заңына сәйкес 2001 жылғы 1 шiлдеден бастап – ерлерге 63 жасқа толғанда, әйелдерге 58 жасқа толғанда жүргізіледі.
Әйелдердің зейнеткерлік жасын арттыру әр жылдың жарты жылында 10 жыл ішінде 2018 жылдан бастап 2027 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетін болады:
2018 жылғы 1 қаңтардан бастап – 58,5 жасқа толғанда;
2019 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59 жасқа толғанда;
2020 жылғы 1 қаңтардан бастап – 59,5 жасқа толғанда;
2021 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60 жасқа толғанда;
2022 жылғы 1 қаңтардан бастап – 60,5 жасқа толғанда;
2023 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61 жасқа толғанда;
2024 жылғы 1 қаңтардан бастап – 61,5 жасқа толғанда;
2025 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62 жасқа толғанда;
2026 жылғы 1 қаңтардан бастап – 62,5 жасқа толғанда;
2027 жылғы1 қаңтардан бастап - 63 жасқа толғанда.
2. Сұрақ: Төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда тұрған азаматтарға қандай жеңілдіктер белгіленген?
Жауап: Жаңа зейнетақы заңнамасында көзделгендей, төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шiлдеге дейiнгі кезеңде кемiнде 5 жыл тұрған азаматтардың «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес:
ерлердің – жалпы жұмыс өтілі кемінде жиырма бес жыл болған жағдайда, 50 жасқа толғанда;
әйелдердің – жалпы жұмыс өтілі кемінде жиырма жыл болған жағдайда, 45 жасқа толғанда зейнетақы төлемдерін тағайындатуға құқығы бар.
Бұрын қолданыста болған зейнетақы заңында қажетті тұру кезеңі 10 жыл болатын.
3.Сұрақ: Төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарға қандай аумақтар жатады?
Жауап: Ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарға Шығыс Қазақстан облысы Жаңасемей ауданының таратылған Иса және Сарапан елді мекендері, Бесқарағай ауданының Долан ауылдық округі, Абай ауданының Саржал ауылдық округінің аумақтары жатады.
Ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарға Павлодар облысы Май ауданының Малдар және Ақжар ауылдық округтері, Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласының Таңат ауылдық округі және Қараөлен, Айнабұлақ, Алғабас, Абралы, Ақбұлақ, Жаңасемей таратылған аудандары және Бесқарағай, Абай елді мекендері жатады.
Сұрақ: Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу кезінде Семей ядролық сынақ полигонына іргелес жатқан аудандарда азаматтардың тұрған кезеңі есепке алынады ма?
Жауап: Жоқ. Зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтілін жеңілдікпен есептеу кезінде тек қана жұмыс және әскери қызметі есепке алынады:
1949 жылғы 29 тамыз бен 1963 жылғы 5 шiлде аралығы кезеңіндегі жұмыс және әскери қызмет – үш есе мөлшерде, ал 1963 жылғы 6 шiлде мен 1992 жылғы 1 қаңтар аралығындағы жұмыс және әскери қызмет – бiр жарым есе мөлшерде.
Сұрақ: 5 және одан да көп бала туған (ұл,қыз асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің қандай жеңілдіктері бар?
Жауап: Бұрын қолданыста болған заңнамада 5 және одан да көп бала туған (ұл, қыз асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жеңілдетілген зейнетақыға құқығы бар болған.
Ал қазір жаңа заңда 5 және одан да көп бала асырап алған және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдердің осындай құқығы бар. Бұл ретте асырап алу бала сегiз жасқа толғанға дейiн жүргізілуі тиіс.
Сұрақ: 5 және одан да көп бала туған (ұл, қыз асырап алған) және оларды сегiз жасқа дейiн тәрбиелеген әйелдерге қандай еңбек өтілі қажет?
Жауап: Бұрын қолданыста болған зейнетақы заңнамасы бойынша 5 және одна да көп бала туған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдерге талап етілетін 20 жылдық еңбек өтілі жетіспеген кезде (1998 жылғы 01 қаңтарға) зейнеткерлік 58 жасқа толғанға дейін жасына байланысты мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы тағайындалатын.
Жаңа заң бойынша жасына байланысты зейнетақы көрсетілген тұлғалардың санатына болған еңбек өтіліне барабар мөлшерде тағайындалады.
Бұл жерде жұмыс iстемейтiн ананың жас балаларды бағып-күткен уақыты, бiрақ әрбiр бала 3 жасқа толғанға дейін, жалпы жиынтығы 12 жыл шегiндегi уақыты еңбек өтіліне есепке алынатынын атап өткен жөн.
Сонда да көрсетілген зейнетақы жеңілдіктері алдағы уақытта жас аналардың көп немесе аз бала туу шешіміне әсер етпейді. Себебі жұмыс істемейтін ананың жас балаларды бағып – күткен уақыты 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін есептеледі.
6. Сұрақ: «Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында азаматтардың жұмыс iстеген кезеңіне зейнетақы төледерінің мөлшерін есептеу қалай жүзеге асырылады?
Жауап: Өзіңізге белгілі Қазақстанның зейнетақы заңнамасы бойынша зейнетақы төлемдерiнiң мөлшерiн есептеу 1995 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыстағы үзiлiстерге қарамастан, қатарынан кез келген үш жыл iшiндегi орташа айлық табыс негiзге алына отырып жүзеге асыру қарастырылған.
«Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген кезеңде алынған табысты қоспағанда, 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыстың мөлшерi жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылған табысқа сәйкес белгiленедi.
Бұл зейнетақы төлемдерінің мөлшерін есептеген кезде жинақтаушы зейнетақы қорларына немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналары жүзеге асырылмағанына қарамастан 1998 жылғы 1 қаңтардан басталған кезең үшін орташа айлық табыс («Байқоңыр» кешенiнiң ресейлiк ұйымдарында жұмыс iстеген кезеңде алынған табысты есепке ала отырып) есепке алынатынын білдіреді.
Берілген норма зейнетақыны тағайындаған кезде азаматтарды соның ішінде Байқоңыр қаласының тұрғындарын әлеуметтік қорғау мақсатында енгізілді.
6. Сұрақ: Зейнетақы аннуитеті деген не?
Жауап: Зейнетақы аннуитеті – бұл зейнетақы түріндегі өмір бойы мерзімді сақтандыру төлемдері. Олар сіздің қалауыңыз бойынша жылына, жарты жылда, тоқсанына немесе айына бір рет төленеді.
Салымшылар зейнетақы аннуитеті шарты бойынша: ерлер – елу бес жасқа және әйелдер елу жасқа толғанда (ең төменгі зейнетақы мөлшерiнен кем емес төлемдi қамтамасыз ету үшiн) зейнетақы жинақтары жеткiлiктi болған кезде міндетті зейнетақы жинақтарын сақтандыру компаниясына аудару жолымен зейнетақы төлемдерін өмір бойы алады.
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бағынысты ұйымы Мемлекеттік аннуитеттік компаниясы (МАК) толық түсінік бере алады.
СҰРАҚ: Айтыңызшы зейнеткерге жинақтаушы зейнетақы қоры немесе бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан қанша соманы біржолғы алуға болады?
ЖАУАП: Ең төменгі зейнетақы мөлшерiнің 30 пайызынан аспайтын мөлшерде белгілі бір соманы жылына бір рет біржолғы алуға болатыны бәрімізге белгілі (ағымдағы жылдың ең төменгі зейнетақысы 19 066 теңге *30=571 980 теңгені, минус табыс салығы мөлшерін құрады).
Жинақтаушы зейнетақы қорлары мен бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры толық түсінік бере алады.
Сұрақ: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi және міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден азаматтардың қандай санаттары босатылады?
Жауап: зейнеткерлiк жасқа толған адамдар, яғни 63 жасқа толған ерлер, 58 жасқа толған әйелдер бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
Сондай – ақ,
- «Семей ядролық сынақ полигонындағы ядролық сынақтардың салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтiк қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төтенше және ең жоғары радиациялық қауіпті аймақтарда 1949 жылғы 29 тамыздан 1963 жылғы 5 шілдеге дейінгі кезеңге кемінде 5 жыл тұрған азамматар ретінде зейнетақы алатын 50 жасқа толған ерлер, 45 жасқа толған әйелдер;
- 5 және одан да көп бала туған көп балалы ана ретінде жасына байланысты зейнетақы алатын 53 жасқа толған әйелдер (негіздеме: зейнетақы заңнамасының 11-бабы 1-тармағының 3) тармақшасы);
- Бiрiншi және екiншi топтардағы мүгедектiгi бар адамдар, егер мүгедектiгi мерзiмсiз болып белгiленсе, бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеуден босатылады.
Бұдан басқа әскери қызметшiлер, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының арнаулы атақтар, сыныптық шендер берiлген қызметкерлерi, арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар босатылады:
1) зейнетақы төлемдері 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін тағайындалғандарға;
2) Заңның 64-бабының 1-тармағында көрсетілген негіздер бойынша зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар адамдарға әскери қызмет, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарындағы қызмет өтілі 1998 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша он және одан да көп жыл болған кезде – толық көлемде тағайындалғандарға;
Сұрақ: Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын қандай орган бақылайды?
Жауап: Мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын және (немесе) есебіне жазылған өсiмпұлды төлеудің толық және уақтылы жүзеге асырылуын бақылауды Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес салық органдары жүзеге асырады.
Жұмыс беруші мiндеттi зейнетақы жарналарын, міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарын уақтылы төлемеген жағдайда, қызметкерлер тұратын жері бойынша салық органдарына жүгінуі қажет.
Сұрақ: Міндетті зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі қандай?
Жауап: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын мiндеттi зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын тәртiппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын қызметкердiң ай сайынғы табысының 10 пайызы мөлшерiнде белгiленедi. Бұл ретте мiндеттi зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын ай сайынғы табыс республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген ең төмен жалақының 75 еселенген мөлшерінен аспауға тиiс. (ағымдағы жылы етж 18 660*75=1 399 500 тг.)
Сұрақ: Міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі?
Жауап: Кәсiптерi Қазақстан Республикасының Үкiметiнің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 849 қаулысымен айқындаған, өндірістердің, жұмыстардың, қызметкерлер кәсiптерiнiң тiзбесiнде көзделген қызметкерлердiң пайдасына міндетті кәсiптiк зейнетақы жарналарын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналарының салымшылары меншікті қаражаты есебiнен жүзеге асырады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына төленуге жататын міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары Қазақстан Республикасының Үкiметiнің 2013 жылғы 26 тамыздағы № 849 қаулысына сәйкес айқындайтын тәртiппен зейнетақы жарналарын есептеу үшiн алынатын қызметкердің ай сайынғы табысының 5 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
Сұрақ: Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі?
Жауап: Салымшы – жеке тұлғалар ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт жасасқан кезде өзінің пайдасына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорына ерiктi зейнетақы жарналарын өзінің табысы есебiнен енгiзедi.
Ерiктi зейнетақы жарналарының мөлшерлемесі, оларды төлеу тәртiбi, сондай-ақ зейнетақы төлемдерiн төлеу тәртiбi ерiктi зейнетақы жарналары есебiнен зейнетақымен қамсыздандыру туралы шарт тараптарының келiсуi бойынша белгiленедi.
Сұрақ: ЗТМО төленетін жерлеуге арналған біржолғы төлем төлеу тәртібі?
Жауап: Жерлеуге арналған біржолғы төлем мына құжаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) жерлеуді жүзеге асырған адамның жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, немесе жерлеуді жүзеге асырған заңды тұлғаларды (заңды тұлғалар үшін) мемлекеттік тіркеу туралы куәліктің көшірмесі немесе жеке кәсіпкердің (жеке тұлғалар үшін) патентінің көшірмесі;
2) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Азаматтардың хал актілерінің жазбаларын тіркеу органдарымен берілген сақтандыру анықтамасы;
3) қайтыс болу туралы куәліктің көшірмесі;
4) есеп шот нөмірі туралы мәлімет.
Сұрақ: Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) жерлеуге арналған біржолғы төлем төлеу тәртібі?
Жауап: Алушы, сондай-ақ бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында, ерікті жинақтаушы зейнетақы қорында зейнетақы жинақтары бар және осы Заңның 11-бабының 1 – 3-тармақтарына сәйкес зейнеткерлiк жасқа толмаған адам қайтыс болған жағдайда, оның отбасына не жерлеуді жүзеге асырған адамға бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры, ерікті жинақтаушы зейнетақы қоры республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленген айлық есептiк көрсеткiштің 50 еселенген мөлшері шегiнде (ағымдағы жылы аек 1731*50 = 86 550 тенге), бiрақ жеке зейнетақы шотында бар қаражаттан аспайтын мөлшерде жерлеуге арналған бiржолғы төлем төлейді.
1411 бірыңғай тегін қысқа нөміріне қоңырау шалып Сізге мүдделі сұрақтар:
• зейнетақымен қамсыздандыру;
• әлеуметтік қамсыздандыру және әлеуметтік сақтандыру;
• жұмыспен қамту;
• еңбек қатынастары бойынша консультация ала аласыз.
Сіз Қазақстан Республикасының барлық телефон және мобильді байланыс операторларының нөмірлерінен қоңырау шалуыңызға болады. Қоңырау шалу - тегін.
Достарыңызбен бөлісу: |