Тақырып: Шәууәл айындағы ораза турасында
Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Барлық мақтау бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһқа болсын! Аллаһтың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мұхаммәдқа, оның отбасы мүшелеріне, сахабаларына және олардың ізінен ергендерге болсын!
Әбу Аюб әл-Ансариден жеткен хадисте, пайғамбарымыз (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Кім Рамазан айында ораза ұстап, сонан соң шәууәлда тағы да алты күн ораза тұтса, ол жыл бойы ораза тұтқандай болады», -деген (Муслим 1164).
Шәууәл айында алты күн ораза ұстау Сүннет болып табылады, бұл жөнінде көптеген хадистерде айтылған. Сол себепті, ешкімге бұл сұрақта осы ораза күндерін сүннетке санамаған имам Мәликтың артынан еруге болмайды. Бәлкім, шәууәл айының ораза күндері турасында хадистер оған жетпеген болар, өйткені имам Малик айтты: «Маған шәууәл айының оразасы туралы саләфтардың ешбірінен жетпеді, және ғалымдар бұл оразаның бидағат екенінен қауіптеніп қайтарды» Қараңыз: “әл-Мууатта” 228
Сондай-ақ бұл күндердің оразасын Әбу Ханифа да қажетсіз деп санады.
Дегенмен, бір адамда бір нәрсе жайлы білімінің жоқтығы, ол нәрсенің жоқтығын білдірмейді.
Бізге жеткен шәууәл айының алты күн оразасы жайында хадистер «сахих» болып табылады, және осы хадистерге көптеген ғұламалар сүйенген.
Саубаннан жеткен хадисте, пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) айтты: «Аллаһ жақсы амалға сауапты он есе қылды, және бір ай ораза ұстау, он айға тең, ал Рамазаннан кейін тағы алты күн ораза тұту, бір жылға тең» Әбу әш-Шейх «әс-Сауаб». Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді.
Рамазан айындағы бір ай ораза тұту – он айға тең, ал шәууәл айындағы алты күн ораза – алпыс күнге, яғни екі толық айға тең, қорыта келгенде он екі ай болады, яғни бір жыл. Аллаһ айтты: «Расында, Аллаһтың алдындағы ай саны – он екі. Осылай, Аллаһ жер мен көктерді жаратқанда, Кітапта жазылған еді» («Тәубе», 36 аят)
Бұндай ұлы сауапты алу үшін, шәууәл айында алты күн оразаны қатар-қатар ұстаудың қажеті жоқ. Бұл турасында нақты ережелер жоқ. Сыддық Хасан Ханның айтуы бойынша, бұл оразалар шәууәл айы бойы ұсталады. Қараңыз: “әр-Раудату-ннәдийя” 1/555.
Шейх Усаймин, пайғамбарымыздың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Кім рамазан айының оразасын ұстап, сонан соң шәууәлда тағы алты күн ораза тұтса...», - деген сөздеріне сәйкес, адам рамазан айының оразасын толыққанды өтемейінше, шәууәл айының алты күндік оразасына уәде етілгендей сауап алмайтынын айтқан.
Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) шәууәл айының оразасын Рамазан айымен бірге айтты, сол себепті, кімде-кім сауап алуды қаласа, алдымен Рамазан айының оразасынан қалған қарыздарын өтеуі қажет. Қараңыз: «Шәрхуль-мумти’» 6/448.
Ал Аллаһ жақсырақ біледі!
Сөзіміздің соңында, бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаһқа мақтау болсын!
Достарыңызбен бөлісу: |