Аса Қамқор, Ерекше Мейірімді Аллаһтың атымен!
Әл-Мухаррам айындағы және Ашура күніндегі ораза турасында
Барлық мақтауларға бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһ лайықты! Аллаһтың игілігі мен сәлемі пайғамбарымыз Мухаммадқа, оның отбасына және сахабаларына болсын!
Аллаһтың айы – әл-Мухаррам айы
Әл-Мухаррам айы – Ислам күнтізбесі бойынша бірінші ай және Аллаһ харам1 еткен төрт айдың біреуі болып табылады. Аллаһ тағала былай деді: «Расында Аллаһтың қасында көктер мен жерді жаратқалы Аллаһтың Кітабындағы айлардың саны – он екі. Бұлардан төртеуі харам айлар. Міне осы берік дін. Онда бұл айларда өздеріңе зұлымдық жасамаңдар» («әт-Тауба», 36)
Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Уақыт Аллаһ көктер мен жерді жаратқан күндегі түрге қайтып келді. Жыл он екі айдан тұрады. Олардың төртеуі харам болып табылады. Үшеуі: зуль-Қа'да, зуль-Хижжә және әл-Мухаррам бір-бірінің артынан ілеседі, ал төртіншісі Ражәб айы Жумада-ссани мен Шағбан айларының ортасында». (әл-Бухари 3197)
Хасан әл-Басри былай айтатын: «Расында, Аллаһ жылды Мухаррам айымен бастап, және осы аймен жылды аяқтайды. Және осы жылда, Аллаһтың алдында қасиеттілігі себепті Рамазаннан кейін Мухаррамнан басқа ай жоқ» (Қараңыз: “Ләтаиф әл-ма’ариф” 79)
Осман әл-Хинди былай деді: «Олар (яғни сәләфтар2) үш айдың он күнін (ерекше) дәріптейтін(, атап айтқанда): Рамазан айының соңғы он күні. Зуль-Хижжә айының бірінші он күні. Және әл-Мухаррам айының бірінші он күні» (Қараңыз: “Ләтаиф аль-ма’ариф” 79)
Ал осы айдағы қосымша (нәпіл) оразалардың қажеттілігіне (мустахаб) келетін болсақ, Абдуллаһ ибн Амрдан келген хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) былай айтты: «Рамазан айының оразасынан кейінгі ең жақсы ораза, ол – Аллаһтың айы әл-Мухаррамда ұстаған ораза» (Муслим 1163)
Хафиз ибн Ражәб былай деді: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Мухаррам айын Аллаһтың айы деп айтты. Және осы айды Аллаһтікі деу оның құрметтілігін, әрі абыройлығын көрсетеді» (Қараңыз: “Ләтаиф аль-ма’ариф” 89)
Имам әс-Суюти былай жазады: «Маған мынадай сұрақ қойылды: «Дәрежесі әл-Мухаррам айымен бірдей болған, бәлкім Рамазан сияқты жақсырақ айлар барлығына қарамастан, осы ай (әл-Мухаррам) «Аллаһтың айы» деп не себепті аталады?» Және мен осы сұраққа жауап таптым: Осылай аталудың себебі, бұл айдың атауы ислами болып табылады, басқа айлардың атауы Жәхилиет3 заманында бар еді. Жәхилиет заманында әл-Мухаррам айы «сафруль-ауаль», ал келесі ай «сафру-ссани» деп аталатын. Ислам келген кезде, Аллаһ оны «әл-Мухаррам» деп атады, және осы себепті осы айды Аллаһқа жатқызады» (Қараңыз:“әд-Дибаж ‘алә Сахих Муслим” 3/251)
Біреуде мынадай сұрақ болуы мүмкін: Егер әл-Мухаррам айындағы нәпіл ораза, ең жақсы ораза болатын болса, неге сахабалардан пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) осы айда ерекше ынтамен ораза тұтқаны жайлы хабарлар келмейді. Мысалы, шағбан айындағы ораза жайлы, Айша былай айтты: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ешбір айда шағбан айы секілді көп ораза ұстамайтын» (әл-Бухари 1970, Муслим 1156).
Бұл сұраққа жауапты имам ән-Науаи берді: «Аллаһ елшісінің (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) әл-Мухаррам айында шағбан айында секілді көп ораза тұтпағанына бір себеп болуына мүмкін нәрсе, ол – әл-Мухаррам айының оразасының артықшылығы туралы білім, оған өмірінің соңында уахи етілді». (Қараңыз: «Шарх Сахих Муслим», 8/232)
Сондай-ақ бұл қасиетті әл-Мухаррам айы, оның ішіндегі Ашура күнімен ерекшеленеді.
Ашура күнінде ораза ұстаудың артықшылықтары
Ашура күні – ол Аллаһ Мұса пайғамбарды (аләйхи-ссаләм) құтқарып, Ферғаунды және оның әскерін суға батырып өлтірге күн. Ибн Аббас былай айтатын: «Пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Мединаға келгенде, яхудилердің Ашура күні ораза тұтатындығын көріп, олардан «Бұл не (үшін)?»- деп сұрады. Сонда олар: «Бұл Аллаһ Исраиль ұрпақтарын жауынан құтқарған қасиетті күн, сол себепті Мұса осы күні ораза тұтатын болды»,- деп жауап берді. Бұған пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Менің Мұсаға хақым сендерге қарағанда көп!»- деп айтып, осыдан кейін осы күні өзі ораза тұта бастады, әрі басқаларға да айтты» (әл-Бухари, 2004)
Шейх Шамсуль-Хаққ Азым Абади пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) «Менің Мұсаға хақым сендерге қарағанда көп!» деген сөздерін: «Яғни, мен Мұсаға еруге сендерге қарағанда жақынмын. Өйткені, біздің онымен негізіміз бірдей, әрі оның Кітабін мойындаймыз, ал сендер өзгертумен, бұрмалаумен қарсы келесіңдер», - деп түсіндірді. (Қараңыз: «‘Аунуль-Ма’буд» 7/109).
Бұл күнгі оразаны тіпті Жәхилиет заманында арабтар да ұстайтын болған. Айша былай айтатын: «Жәхилиет заманында құрайыштар Ашура күні ораза ұстайтын, және Аллаһ елшісі де (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстайтын. Ол Мединаға келгенде, осы күнгі оразасын жалғастырып, басқаларға да ұстауды айтты. Ал Рамазан айының оразасы парыз қылынғанда, ол Ашура күнгі оразасын тоқтатты. Осы уақыттан бері осы оразаны қалаған адам ұстап, қаламаған ұстамайтын болды». (әл-Бухари 2003, Муслим 1130)
Имам әш-Шафии «ол Ашура күнгі оразасын тоқтатты» деген сөздерді түсіндіріп былай деді: «Яғни, осы күнгі оразаны ұстау міндет деп санауды тоқтатты». (Қараңыз: “Ихтиляф аль-хадис” 103)
Ибн Омар былай айтты: «Жәхилиет заманындағы адамдар Ашура күнінде ораза ұстайтын, және Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) және мұсылмандар Аллаһ Рамазан айының оразасын жүктегенге дейін ораза ұстады. Рамазандағы ораза парыз қылынғаннан кейін, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Расында, Ашура – Аллаһтың күндерінен болған бір күн. Кімде-кім қаласа, ораза ұстасын, ал қаламаса, ұстамасын»,- деп айтты». (Муслим 1126)
Ар-Рубаййи’ бинт Му’аууиз былай айтты: «Ашура күнінің таңында пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ансарларға: «Осы күні таң ертен тамақтанған адам, енді күн соңына дейін тамақтанбасын. Ал таңнан бастап ораза ұстаған адам, оны соңына дейін ұстасын» дейтін хабаршыны жіберді». (Және де) Ар-Рубаййи’: «Осы уақыттан, біз осы күнгі оразаны өзіміз ұстадық, және балаларымызға да ұстатқыздық. Және біз оларға жүннен ойыншық жасап, тамақ сұрап жылаған уақытында, ауыз ашар уақыты келгенге шейін (ойнай тұрылару үшін) ойыншықты беретінбіз»,- деп айтты. (әл-Бухари 1960, Муслим 1136)
Осыдан түсінетініміз, Ашура күніндегі ораза Рамазан айында ораза ұстау бұйырылмағанға дейін міндет болып саналды. Қараңыз: “Фатхуль-Бәри” 4/375.
Имам Уәлию-Ллаһ әд-Дахләуи былай деді: «Ашура күніндегі оразаның заңдылығының сыры, ол осы күн Аллаһ тағала Мұсаға ферғаунның және оның әскерінің үстінен жеңіс берді. Және Мұса осы күн үшін шүкірлігін білдірді, және бұл амал Кітап иелерінің және арабтардың арасында сүннетке айналды, және осыны Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) растады». (Қараңыз: “Худжжәту-Ллаһи әл-балиға” 2/532).
Әбу Қатада жеткізген хадисте, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Ашура күніндегі ораза өткен жылғы күнәларды өтейді деп Аллаһқа үміт етемін!»- деп айтты. (Муслим 1162)
Имам әт-Тыйби былай деді: «“Үміт етемін” деген сөздер “Аллаһқа” деген сөзбен байланған, бұл нәрсе уәденің орындалуы міндетті түрде болатындығын көрсетеді». (Қараңыз: “әл-Кашиф ан хақаиқ әс-Сунан” 5/1608).
Әл-Асуад ибн Зайд: «Мен Али ибн Әбу Талиб пен Әбу Муса сияқты Ашура күніндегі оразаны ұстауға шақырған адамдарды көрмедім!»- деп айтты. (Ибн Әбу Шайба 3/56, әт-Таялиси 1212. Хафиз Ибн Хаджар хабардың иснад сахих деді).
Ашура әл-Мухаррам айының қай күні?
Мухаммад ибн Сирин былай деді: «Сәләфтар Мухаррам айының оныншы күні Ашура екенінде таласпайтын, тек ибн Аббас: «Ол тоғызыншы күн»,- деп айтты.» (Қараңыз: “Ләтаиф әл-ма’ариф” 109)
Имам Ахмад: «Мен Ашура тоғызыншы немесе оныншы күн екенін білмеймін, бірақ біз екі күн ораза ұстаймыз», - деп айтты. (Қараңыз: “Лятаиф аль-ма’ариф” 112).
Әл-Хакама ибн А’ражә былай деген: «Бір күні мен ибн Аббасқа келіп: «Маған Ашура жайлы хабар бер»,- деп сұрадым. Ол былай айтты: «Егер сен Мухаррам айынның туылғанын көрсең, күн санап, тоғызыншы күні ораза ұста». (Сонда) мен: «Осылай Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) ораза ұстады ма?»- деп сұрағанымда, ол «Ия»,- деп жауап берді». (Муслим 1133)
Дегенмен, имам әл-Байхақи осы хабарды келесі түрде түсіндірді: «Бәлкім, ибн Аббас Пайғамбардың (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оныншы күнмен бірге ұстаған тоғызыншы күнін меңзеген болар» (Қараңыз: “Сунан әл-Кубра” 4/287).
Және осы түсіндірме дұрыс болып саналады, өйткені сол ибн Аббастың өзінен «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) оныншы күні Ашура күнінде ораза ұстауды айтты»,- деген сөздер келеді. (әт-Тирмизи 755. Шейх әл-Әлбани хадисті сахих деді)
Сол себепті, дұрысы Ашура ол Мухаррам айының оныншы күніне келеді. (Қараңыз: “Шарх Сахих Муслим” 8/12, “Фатхуль-Бари” 4/671)
Ашура күніндегі оразамен бірге алдында және кейін келетін күндері ораза ұстау турасында.
Ибн Аббас былай айтты: «Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) Ашура күні ораза ұстайтын, және осыны сахабаларына да бұйыратын, олар: «Я, Аллаһ елшісі, бұл күнді яхудилер мен христиандар құрмет тұтады»,- дегенде, Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Аллаһ қаласа, ендігі жылы біз тоғызыншы күнде де ораза ұстаймыз», - деп айтты. Бірақ келесі жыл келер алдын Аллаһ елшісі (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын) қайтыс болды». (Муслим 1/151)
Сондай-ақ Ибн Аббас былай деген: «Тоғызыншы және оныншы Ашура күні ораза тұтып яхудилерден өзгешеленіңдер!» (‘Абдур-Раззакъ 7839, әл-Байхақи 4/287. Хафиз Ибн Ражәб, шейх әл-Альбани и шейх ‘Абдуль-Қадир әл-Арнаут хабарды сахих деді).
‘Ата былай айтатын: «Ибн Аббас, Аллаһ оған разы болсын, (Ашураға дейін) бір күн бұрын, және кейін бір күн ораза ұстайтын» (әт-Табари “Тахзиб аль-асар” 1430. Қараңыз. “Ма сах мин әсәр әс-сахаба” 2/675).
Осыған сүйеніп, бір топ ғалымдар Кітап иелеріне ұқсамау үшін Ашура күнінің оразасын бір күн бұрынғы немесе кейінгі күнмен бірге ұстауды дұрыс санайды.
Ал басқа ғалымдардың пікірі бойынша, бір күн бұрын және кейін ұстаудың себебін, Мухаррам айының басталуын дұрыс санамай қалу қауіпі бар себепті, осы Ашура күнін жіберіп алмауды меңзейді деп түсіндірген. Олардың айтуы бойынша, жоғарыда келтірілген «Аллаһ қаласа, ендігі жылы біз тоғызыншы күнде де ораза ұстаймыз» деген хадисті, басқа хадис түсіндіреді, ол «Аллаһ қаласа, егер келесі жылға дейін өмір сүріп жатсам, Ашура күнін жіберіп алу қаупі бар себепті, тоғызыншы күні де ораза ұстаймын» деген хадис. (әт-Табарани “аль-Кабир” 10817. Хадис сахих. Қараңыз. “әс-Сильсилә әс-сахиха” 350).
Кейбір ғалымдардың айтуы бойынша, Мухаррамның тек оныншы күні, яғни Ашура күні ғана ораза ұстау қайтарылмайды (макрух емес). Шейхуль-Ислам ибн Таймия былай деген: «Ашура күніндегі ораза бір жылдық күнәларды өтейді, және тек осы күнде ғана ораза тұту қайтарылмайды» (Қараңыз: “аль-Фатауа аль-кубра” 4/461).
Имам ибн Хәжәр әл-Хайтами былай деді: «Тек Ашура күні ғана ораза ұстауда ешқандай проблема жоқ» (Қараңыз “Тухфәтуль-мухтәж” 3/217).
Дегенмен, тек Ашура күні ғана ораза тұтуда ешқандай проблема жоқ десекте, Мухаррамның тоғызыншы және оныншы күндері ораза ұстау, біріншіден, тек осы күні ораза ұстайтын яхудилерге ұқсамау себепті, ал екіншіден, қателесіп осындай ұлы күнді жіберіп алмау себепті, әлбетте абызал.
Шу’ба былай деген: «Ибн Аббас Ашура күнінде оразаны жолда да ұстайтын, сондай-ақ жіберіп алудан қауіптеніп бір күн бұрын және кейін ораза ұстайтын». (Қараңыз: әт-Табари “Тахзиб әл-әсәр” 597)
Имам Ахмад былай айтты: «Кімде-кім Ашура күнінде ораза ұстауды қаласа, тоғызыншы және оныншы күндерін де ұстасын. Егер ол ай күндерін санауда күмәнданса, үш күн ораза ұстасын, осылай ибн Сирин айтты» (Қараңыз: “әл-Муғни” 4/441)
Ашура күніндегі ораза жайында айтқанда, шейх ибн әл-Қайим былай деген: «Бұл күні ораза ұстаудың үш түрі бар: Ең абызал – ол алдындағы және кейінгі күндерде ораза ұстау. Осыдан кейінгі түрі – тоғызыншы және оныншы күні ораза ұстау, және осыған көптеген хадистер меңзейді. Және осыдан кейін, тек оныншы Ашура күні ғана ораза ұстау. Ал тек тоғызыншы күні ораза ұстау турасында келетін болсақ, бұл нәрсе, осы тақырыптағы хадистерді және оның жеткізу жолдарын дұрыс түсінбеу себепті болды» (Қараңыз: “Задуль-ма’ад” 2/76)
Осыған ұқсас сөздерді хафиз ибн Хәжәр да айтты. (Қараңыз: “Фатхуль-Бари” 4/346)
Ашура күні (‘Ид) мейрам болып саналады ма?
Әбу Муса әл-Аш’ари (Аллаһ оған разы болсын) былай деді: «Ашура күні яхудилерде мейрам (‘Ид) болып саналды, және осы себепті пайғамбар (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын): «Сендер осы күні ораза ұстаңдар», - деп айтты» (әл-Бухари 2005, Муслим 1131).
Хафиз ибн Ражәб былай деген: «Бұл хадистен Ашура күнін мейрам қылып алуды харам екенін біле аламыз. Осы күні ораза ұстау, бұл күннің мейрам емес екенін көрсетеді». (Қараңыз: “Ләтаиф әл-ма‘ариф” 112)
Осылайша, осы хадистен Исламда Ашура күні мейрам (‘Ид) емес екенін анық көре аламыз. Осы күнгі оразаға үлкен сауаб бар болғанымен, бұл күн мұсылмандарға мейрам екенін білдірмейді. Осыған сүйене отырып, көптеген мұсылмандардың мейрам деп ойлағаны, тағамдар пісіріп дастархан жасауы қате екенін білеміз. Шейхуль-Ислам ибн Таймия былай деді: «Бұл жайында пайғамбардан (оған Аллаһтың игілігі мен сәлемі болсын), сахабалардан, имамдардан, төрт мазхабта келген бірде-бір белгілер жоқ. Бұл жөнінде, бірде-бір хадистер жиналған кітаптарда, “Сахих”, “Сунан” немесе “Муснад” кітатарында, ешбір сенімді хабар келмеген». (Қараңыз: “Мәжму’уль-фатауа” 25/299)
Сондай-ақ шейхуль-Ислам ибн Таймия былай айтты: «Шайтан Хусайн (ибну Алиді) өлтірілгені себепті екі бидғат енгізді: Ашура күні қайғыру, жоқтау, сондай-ақ (шииттер секілді) өзін-өзі ұру, айқайлау, жылау бидғаты. Және де қуану, шаттыққа бөлену бидғаты. Біреулер осы күнге қайғы кіргізсе, басқалары қуаныш кіргізді. Осы себепті қуанғандар осы күні шомылып, сүрме қолданып, туысқандарына барып, ерекше тағамдарды жасады. Бұның барлығы адасқан бидғат болып табылады! Бірде-бір төрт мазхабтың имамдары, және басқа имамдар бұған рұқсат берген емес!» (Қараңыз: “Минхәж әс-Сунна” 4/556.)
Сөзіміздің соңында, бүкіл әлемдердің Раббысы Аллаһқа мақтаулар айтамыз!
Орыс тілінен қазақ тіліне аударған www.kz.islamic.kz сайтының редакциясы;
Достарыңызбен бөлісу: |