Ораза тұту – парыз
Рамазан айында ораза тұту – шексіз Ұлық Аллаһтың үкім етуімен адамдарға парыз етілген. Ол Исламның негізгі тіректерінің бірінен саналады. Аллаһ Тағала айтты:
«Ей, мүміндер! Сендерге бұрынғыларға парыз қылынғандай ораза парыз қылынды. Әрине, сақсынарсыңдар… Білсеңдер сендер үшін ораза ұстауларың тағы жақсы. Рамазан айы сондай бір ай, ол айда адам баласына тура жол және (ақ пен қараны) айыратын дәлел түрінде Құран түсірілген. Сендерден кім Рамазан айында болса, ораза ұстасын». (Бақара 2:183-185).
Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деді:
«Исламның бес шарты бар: олар «Аллаһтан басқа Тәңір жоқ, Мұхаммед Аллаһтың елшісі» деп куәлік ету, құлшылық қылу, зекет беру, Қағбаға барып қажылықты орындау және Рамазанда ораза тұту». (Әл-Бухари, Муслимнен).
Ораза ұстау тәртібі
Тыйылу. Тамақ жеуге, ішуге және ерлі-зайыптылардың жақындасуына таңсәріден күн батқанға дейін тыйым салынады.
Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Ақ жіп пен қара жіп ажыратылып, танылғанша (таң ағарғанша) жеңдер де ішіңдер. Содан күн батқанша ораза ұстаңдар…» (Бақара сүресі, 187 аят).
Ниет. Ниет екі түрлі болады. Біріншісі, күнделікті ауыз бекітер алдында сол күнгі ораза тұтуға ниет етеді. Екіншісі, рамазан айының алғашқы күнінде бүкіл бір рамазан айына ниет етеді. Сондықтан да Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Әрбір жақсы амал ниетке байланысты», – деген.
Ораза кімдерге міндет?
Ораза ұстау әрбір мұсылман еркек пен әйелге парыз.
Шарттары:
Мұсылман болуы;
Балиғатқа жеткен болуы;
Акыл-есі бүтін болуы;
Мұким (бір жерде тұрақты болуы);
Дені сау болуы;
Әйелдер қайыз (етеккір) бен нифастан (босанғаннан кейінгі 40 күн) таза болуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |