Тақырып: «xviii ғасырдың бірінші жартысындағЫ Қазақ ЖҮздерінің сыртқы саяси жағдайы»



бет1/2
Дата31.10.2022
өлшемі45.07 Kb.
#463715
  1   2
Дәріс 7


ТАҚЫРЫП: «XVIII ҒАСЫРДЫҢ БІРІНШІ ЖАРТЫСЫНДАҒЫ
ҚАЗАҚ ЖҮЗДЕРІНІҢ СЫРТҚЫ САЯСИ ЖАҒДАЙЫ»

Хандықтың біртұтас бірлігін және оның шекараларының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатымен Тәуке хан күшті де ықпалды сыртқы саясат жүргізді. Ол қырғыздармен және қарақалпақтармен әскери одақ құруға қол жеткізді. Бұл шараның арқасында Қазақ хандығының аумағына Жоңғар қалмақтарының шабуыл жасауынан төнген қатерді аз уақытқа тоқтатудың сәті түсті. Тәуке ханның бүкіл қызметі көрші халықтармен тату-тәтті, жақсы қарым-қатынас орнатуға және Қазақ жерін сыртқы жаулардан қорғауға бағытталды. Оның осы мақсатпен Ресейге және Орта Азия хандықтарына бірнеше рет елшілер жібергені жақсы мәлім. Оларға жүктелген міндет сыртқы жауларға қарсы күресу үшін әскери одақ құрып қайту болды. Тәуке ханның жасағы 80 мыңға жуық жауынгерден тұрды. Мұның өзі жат жерлік басқыншыларға тойтарыс беруге қабілетті едәуір үлкен күш еді. Елдің әскери күш-қуатын нығайтқан аса көрнекті еңбегі үшін және жаумен қанды шайқастарда көрсеткен жеке ерлігі үшін оған батыр атағы берілді.


Тәуке хан қайтыс болғаннан кейін оның мұрагері Қайып хан Қазақ мемлекетінің бұрынғы ұлылығын берік ұстап тұра алмады. Жаңадан келген билеп-төстеушіге сұлтандардың топтары тарапынан наразылық күшейіп, бақ таласы мен тақ таласы өрши түсті. Қазақ даласында жоғары билік жолындағы күрес шиеленісе берді. Мұның өзі дәстүрлі қазақ хандығын дағдарысты күйзеліске ұшыратты. Рулар, тайпалар және жүздер арасындағы бірлік пен байланыс әлсіреді. Сұлтандардың аймақтық сеператизмі күшейді. Қазақтың барлық жүзінің өз ішінде хандары пайда бола бастады. Орталық хандық биліктің әлсіреуі Кіші жүзде - Әбілқайырдың, Орта жүзде - Болаттың, Сәмекенің, Кушіктің, Ұлы жүзде – Жолбарыстың жағдайын әлдеқайда нығайта түсумен жалғасты. Бұл хандармен қатар қазақ даласында Барақ, Әбілмәмбет, Батыр, Сұлтанбет сияқты басқа да сұлтандардың беделі арта берді. Атап айтқанда, Сұлтанбет өзінің толып жатқан ұлдары арқылы Ертіс бойы қазақтарына билік жүргізді. Оның жергілікті қазақтардың арасына ғана емес, сонымен қатар шекаралас орыс өкіметі орындарына да елеулі ықпалы болды.
XVIII ғасырдың бас кезінде қазақ мемлекетінің іштен ыдырауы күшейе түскен жағдайда, ол сыртқы алпауыт мемлекеттердің тарапынан ерекше қызығушылық тудырған нысанға айналды. Өйткені, бұл кез империялық мемлекеттердің жаңа отарларды басып алуды күшейткен тұсы еді. Егер Үндістан аумағында Англияның отаршылдық экспансиясы ұлғая түсіп жатса, Ресей Швециямен соғыс әрекеттері (1701—1721 жылдар) аяқталғаннан кейін, Қазақстан мен Орта Азияға қарай көз алартты.
Қытай мен Ресей империясы Қазақ хандығы мен Жоңғария хандығы сияқты көшпелі мемлекеттердің әлсіреуіне бірдей мүдделі болды. Ресей империясының Қазақстанмен шекаралас аймақтардағы негізгі қызметі дипломатиялық қарым-қатынастар орнатуды және әскери барлау шараларын жүргізуді еселеп күшейтуге бағытталды. Бұл шаралар қазақтар көшіп-қонып жүретін шекарада әскери бекіністер желісін салуды жиілендіріп жіберді. Мәселен, 1716-1720 жылдарда Ертіс өзенінің оң жақ жағалауында Омбы, Черкасск, Железинск, Жәмішев, Семей, Өскемен сияқты және басқа да әскери бекіністер тізбегі салынды. Кейінірек олардың ара-арасына шағын бекіністер — редуттер мен форпосттар салына бастады. Бұл кезде қазақтар Еділ қалмақтарының, башқұрттардың, Орал және Сібір Қазақтарының тарапынан мезгіл-мезгіл жасалып тұрған шабуылдардың ауыр зардаптарын бастарынан кешірумен болды. Ал олардың бәрі де патша үкіметінің қол астына қарайтын орыс бодандары еді. Қазақтарды оңтүстіктен Орта Азия хандықтарының билеушілері, ал Оңтүстік-шығыстан жауынгер жоңғар қалмақтары ығыстыра түсті. Жалпы алғанда, бұл кезде Қазақ мемлекетінің шекараларында өте күрделі де қауіпті жағдай қалыптасты.
Қазақстанға нақты қауіп-қатер Жоңғар мемлекетінің тарапынан төнді. Жоңғар қоңтайшылары Қазақстанның кең-байтақ аумағын басып алуға талай рет белсене әрекет жасады. Сөйтіп қазақтар мен жоңғарлар арасындағы билік жолындағы күрес жүз жылдан астам уақытқа созылды. Қазақтардың жоңғарларды «ата жауымыз» деп атауы сондықтан болатын. Екі мемлекеттің арасындағы бақталас жанжалдың негізіне шұрайлы мал жайылымдарына қызығушылық жатты. 1697 жылы жоңғар хандығының басына жас әрі қуатты билеуші Цеван-Рабдан (1663-1727) келді. Ол қысқа мерзімнің ішінде өз хандығының әскери күш-қуатын нығайтып алды. Цеван-Рабтан өзінің билікке кіріскен кезін Қазақстанның аумағына баса-көктеп кірген шапқыншылықтан бастады. Сөйтіп 1698 жылы 40 мың жауынгері бар жоңғар әскері Ұлы жүздің көшіп-қонып жүрген шұрайлы мал жайылымы аумағына ойран салған қырғын шапқыншылық жасады. Қаһарлы дұшпан қазақтардың көшіп-қонып жүрген жерлеріне бұдан кейінгі жылдарда да талай рет әскери жорықтарға шықты. Жоңғар әскерлерінің Қазақстан аумағына баса-көктеп кірген ең ірі жорықтары 1710 және 1717 жылдары болды. Жау әскерлері өздерінің көптігі мен әскери-техникалық жағынан басымдығы арқасында Жетісу жерінің бір бөлігін басып алды, Жоңғар хандығы қуатты мемлекетке айналды. Ол енді Қазақ хандығына ғана емес, сонымен қатар Орта Азия мемлекеттеріне де қауіп төндіре бастады. Ресей империясы мен Қытай сияқты күшті мемлекеттерге де едәуір қауіп төндірді. Сыртқы жауларға қарсы тұру үшін қазақтардың бүкіл үш жүзінің күш-жігерін біріктіру қажет болды. Осы мақсатпен 1710 жылы қазақ халқының беделді өкілдері жиынға шақырылды. Қазақ ақсүйектерінің құрылтайы Қарақұмда өткізілді. Онда Бөгенбай батыр бастаған бүкілқазақтық жауынгерлік жасақ құру жөнінде шешім қабылданды. Құрылтайда Бөгенбай батыр жалынды сөз сөйледі: «Таланған көштің, тұтқындалған бала-шағаның бейшара бақылаушысы болып отырман. Жаудан кек аламыз, өлсек, қару ұстап өлеміз! Қыпшақ даласының сарбаздарының жалтарған кезі болды ма?! Жаудың зұлымдығына шыдап отыра алман?! Жауға мінер түлпар құрып па?! Сұр жебе толы қорамсақ қаңырап бос қалып па?!» — деді. Жоңғарлар тарапынан күшті қауіп-қатер төніп келе жатқан сол бір қиын-қыстау жағдайда құрылтай жиналысы Кіші жүздің ханы етіп Әбілқайырды сайлады және оған бүкілхалықтық жауынгерлік жасаққа жалпы басшылық етуді сеніп тапсырды. Біріккен қазақ жасақтары 1711 жылы жауға тойтарыс берді. Жоңғарлар шығысқа ығыстырылып тасталды. 1717 жылы қазақ әскерлері мен жоңғар әскерлерінің кескілескен қанды шайқастары болып өтті. Біріккен, орталықтан басшылықтың болмауы себепті қазақ жасақтары жеңіліп қалды. Жоңғар әскерлері Қазақстанның Оңтүстік аймақтарына бойлап ене бастады. 1718 жылдың көктемінде жоңғар әскерлері Жетісу жерінен енді Арыс, Бөген, Шаян өзендерінің бойына, одан әрі Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласына дейін жорық жасады. Сол бір күрделі де қатерлі қиын-қыстау жағдайда қазақтар жалпы саны 30 мың адамдық әскер жинауға мүмкіндік таба алды. Сөйтіп жоңғар әскерлерін Оңтүстік Қазақстанның едәуір бөлігінен ығыстыра қуып шықты. Бірақ жоңғарлардың тағы да шапқыншылық жорық жасауының қауіп- қатері сақталып қала берді [1].

2. ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ОТАРЛЫҚ ДӘУІРІНІҢ БАСЫ


Қазақстанның Ресейге қосылуы алдында олардың арасында едәуір саяси байланыстар болды. Орыс мемлекеті өзінің Шығыстағы мемлекеттік шараларын кеңейтуге мүдделік көрсетті. Мемлекеттік өкіметтің орталықтандырылуына және күшеюіне қарай көршілес жатқан шығыс мемлекеттерінің халықтарымен сауда айырбасын өзара қарым-қатынастың басқа да түрлерін дамытудың мүмкіндіктері едәуір арта түсті.
Иван ІV-нің Қазан (1552), Астрахань (1556) хандықтарын, Оңтүстік-Батыс Сібірді жаулап алуы[2], Қама сауда жолын құруы қазақ хандығымен де тікелей түйісуді жеңілдетті. Орыс мемлекетінің Қазақстанға деген ықыласы, әсіресе, ХV-ХVІ ғғ. екінші жартысынан бастап Ресей ортаазиялық хандықтармен сауда және дипломатиялық қатынастар орнатқаннан кейін қатты күшейді.
Ортаазиялық хандықтармен Қазақстан арқылы аралық сауда жолдарын дамытуға мүдделі болған көпестер керуендерінің ету қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысты, ал орыс мемлекеті мұндағы саяси жағдайға және қазақ хандығының көрші елдермен қарым-қатынасына жанды ықылас білдіріп отырды. Сондықтан Мәскеулік тақсырлар да қазақ хаңдарымен тікелей байланыс орнатуға талпынды. Бұл мақсатқа жетуде елшілік байланыстары үлкен рөл атқарды. 1573 жылы қазақ даласына Третьяк Чебуков бастаған орыс елшілігі жіберілді, елшілікке қазақтармен сауда жасасуды жөнге салу міндеті жүктелді. Алайда Чебуковтың дипломатиялық миссиясы Қазақстан шептеріне жете алмады, себебі оларды жолда Сібір ханы Көшімнің жиені Мәметқұл қырып салды. 1577 жылы Ноғай ордасынан оралған орыс елшісі Борис Доможиров сол кездері ноғайларға сес керсеткен, сондай-ақ Ташкентпен және Үргенішпен байланыстары болған қазақ ханы «патша мен және кінәзбен татулықта» тұранын айты. 1594 жылы Мәскеуге бірінші қазақ елшілігі келді. Тәуекел ханның елшісі Құлмұхаммед Мәскеуде аманат ретінде ұсталып отырған өзінің жиені Оразмұхаммедті босатуға және орыс үкіметімен достық келісімін жасасуға тапсырма алған болатын. Сонымен бірге оның жауласушы феодалық көрші хандықтармен күресу үшін Борис Годуновтан «отты қару» алуға қол жеткізуі тиіс еді. Орыс патшасының Тәуекел ханға жауап грамотасында оған «отты қаруы бар көп әскер» жіберетініне және қазақтарды олардың барлық жауларынан «сақтайтынына» уәде берілді. ХҮ—XVI ғғ. аяғында экономикалық және саяси дамуда елеулі табысқа жеткен орыс мемлекеті елдің шығыс шептершдеп сауданы, әрине, саяси мақсаттарында ескере, барынша көтермелеп отырды. Иван IV Грозныйдың Яков және Григорий Строгановтарға 1574 жылы 30 мамырдағы ескертпе грамотасында оларға Қазақстан және Орта Азия халықтарымен сауда жасасуға рұқсат етілген. Сауда-экономикалық байланыстар орнатуға екі жақ бірдей мүдделі еді. Товар айырбастау жолымен қазақтар өздерме үй тұрмысы заттарын, дәрімен атылатын қарулар алып отырды, ал орыстар олардан әр түрлі шиқізаттар, мал алды. Орыс мемлекетіне Көшім ұрпақтарымен күресте өзіне одақтас табу, Орта Азия базарына кедергісіз шығу, Қазақстан жері арқылы өтетін керуен жол-дарының қауіпсіздігіне жету аса қажет болатын. Өз кезегінде орта-азиялық хандықтардың әрдайым тонаушылық шапқыншылығына ұшырап тұратын қазақтар Мәскеумен байланысты күшейтуге мүдделі болды. Қазақстанмен, Сібірмен, Орта Азиямен байланыстарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін орыс мемлекеті жаңа қоныстанушыларды, көпестерді, елшіліктер мен әскери отрядтарды жіберумен қатар, Қазақстанмен шекарасында нығайтылған бекініс пункттерін салуға қарқынды кірісті.
Қазақстан шекарасына жақын жерден орналасқан, Батыс Сібір территориясындағы бірінші орыс қаласы, Об өзенінің оң жақ жағалауында, Ертіс өзенінің соған құя берісінде салынған «Үлкен Об қалашығы» болды. Өзінің өмір сүруінің қысқа мерзімінде ол орыстардың әскери отрядтарының Сібір түкпірі мен Қазақстан шекараларына қарай одан әрі жылжуы үшін негізгі пункт қызметін атқарды.
Орыс мемлекетімен неғұрлым сенімді қатынастар орнатуға сыртқы қауіп-қатер үдей түскен жағдайда өзінің халықаралық позициясын нығайтуға ұмтылған қазақ хандығы да ынталылық көрсетті.
Жоңғар хандығының құрылуы Кіндік Азияға елеулі өзгерістер енгізді. Билік жүргізуші феодалдық топтың мүддесін білдіруші, алысты болжайтын саясатшы Тәуке хан өз мемлекетінің шекараларын нығайтуға үзбей талпынды, Тәукенің Ресейге тілектестік қарым-қатынасы оның Ресеймен байланыс жасай отырып Қазақстанның жағдайын нығайту ниетінен туған еді. Тобольскіге Тәшім батыр бастаған елшілік жіберілді. Оған орыс көпестерін Қазақстанға шақыру тапсырылған еді. Миссия құрамына орыс мемлекетімен Сібір қалалары арқылы экономикалық байлыныстар жасау үшін негіз қалауға ниеттенген қазақ саудагерлері енді. 1689-1690 жылдардың басында Тобольскіге Тумын батыр бастаған тағы бір елшілік жіберілді. Алайда бұл байланыстар заң жүзінде, екі жаққа тиімді нақты келісімдер жасаумен бекітілмеді. Мұның себебі, сірә бір жағы-қазақ иеленушілерінін хандық тәуелсіздігін сақтап қалуға ұмтылуынан, екінші жағы- Ресейдің сол кездері поляк және түрік істерімен айналысып жату жағдайынан ғана тууы ықтимал. Қазақ хандығының ішкі жағдайы да оның Ресеймен сыртқы экономикалық байланыстарын қалыпты дамытуына қолайлылық туғызбады.
Хақназардың, Тәукенің және басқа қазақ хандарынын орталықтандырылған ірі мемлекет құру әрекеттері ақыр соңында табысты бола алмады. Жүздер арасындағы тұрақты саяси және экономикалық байланыстардың болмауы, қазақтың феодалдық ақсүйектерінің өзара таластартысы агрессивті көршілеріне дем беріп, қазақ халқын аса зор бақытсыздық пен кемтарлыққа душар етті. «XVIII ғ. алғашқы он жылдықтары,-деп жазды Ш. Уәлиханов - қазақ халқының өміріндегі қияметті кезең болды, Жоңғарлар, Еділ қалмақтары, Жайық казактары мен башқұрттар жан-жақтан килігіп, олардың ұлыстарын талқандады, малдарын айдап, адамдарын тұтас отбасымен тұтқындап алып кетті», Оңтүстіктен Қазақстан жерін тартып алуға талпынған ортаазиялық хандар шапқыншылықтар жасады. Әйтсе де, ең қауіпті жау қазақтың феодалдық мемлекетінің өмір сүру-сүрмеуіне нақты қатер туғызған Жоңғария болды. Севан-Рабдан мен оның мұрагері Қалден-Серен басқарған жылдар Жоңғар хандығы күш қуаты неғұрлым арта түсіп, Орта Азия халықтары өмірінде оның белсенді рөл атқарған кезеңі болды[3]. Сеуен-Рабданның алғашқы ірі әрекеті қазақ ханы Тәукемен соғысуы еді. Қазақ хандығы қосымша жайылымдық жер жөнінен қатты мұқтаждық көрді, бірақ бос жатқан жерлерді таба алмады. Дегенмен, жердің тарлығы әскери қақтығысудың бірден-бір себебі болған жоқ. Екі жақтың да феодалдық топтарының сауда жолдарына бақылау орнатуға, жауының байлығынан олжа түсіруге тырысуы соғыстың шығуына белгілі бір дәрежеде түрткі жасады.
Жоңғар басқарушылары Ресеймен қарым қатынаста аңысын андау позициясын ұстаса, қазақ рулары жөнінде өздерінің агрессиялық ниеттерін жасырмады. Солтүстік-Шығыс шекараларындағы шиеленісті жағдай қазақ хандары мен сұлтандарын І Петр үкіметімен келіссөздер жүргізуге, сөйтіп, Сібірдің шекаралық өкіметі арқылы Ресеймен бір одақта Жоңғарияға қарсы соғысуға ниеттері бар екенін мәлімдеуге мәжбүр етті.
1717 жылы қазақтардың жекелеген басшылары, Қайып пен Әбілқайыр сұлтандар қазақ руларының сыртқы саяси жағдайының күрделілігін және сыртқы жаулар тарапынан нақты қатер төніп тұрғанын, ескеріп, І Петрге өздерін бодандыққа алуды өтіне сөз салды. Ал, ол Швециямен соғысудан қолы босамай жатқандықтан және қазақ руларының өзара талас-тартысы туралы мәліметтері болғандықтан, қазақ істеріне араласуға тәуекел ете алмай, Қазақстандағы, Орта Азиядағы және Жоңғариядағы оқиғаларды әзірше қадағалай тұруды жөн көрді. І Петрдің Ресей мемлекеті құрамында қырғыз-қайсақ ордасының болуын қалаған ынта-ықыласы оның өз мемлекеті шептерін тек кеңейтіп қана қоймай, сонымен бірге Ресейдің шығыс шекараларын қауіпеіздендіруге талпынған ниетін білдіреді. Құпия істердегі аға тідмәш және кейіннен дипломат болған А. Тевкелев хаттарының бірінде былай деп жазады: «... императорлық ұлы мәртебелі тақсыр император Ұлы Петр парсы жорығынан оралысымен өзінің отаны Ресей империясы үшін ежелден есітіліп жүрген және ол уақыттары белгісіз дерлік қырғыз-қайсақ ордасын Ресейдің бодандығына алуды көздеген ниетін білдіруді қалады және де сол өз монархым әсіресе төменгі дәрежедегі мені соған ол орда дәл бодандыққа өтуді қаламаса, бір бет қағазбен Ресей империясының қолдауында болуға міндеттенгенше, зор шығындарға қарамастан, менің тіптен бір миллионға дейін (сом) ақшаны шығарсам да, тырысуым керектігін айтты» [4].
І Петрдің тікелей өзінің жарлығымен салынған әскери-инженерлік құрылыстар — Ямышевск (1716), Омск (1716), Железинск (1717), Семей (1718), Өскемен, Коряков (1720) және басқа әскери-қорғаныстық пункттер Жоғарғы — Ертіс шебін құрап, қазақтарды жоңғар әскерлерінің ойранды шапқыншылығынан қорғауда белгілі бір рөл атқарды. Зеңбіректердің және жақсы үйретілген тұрақты бөлімдердің болуы жоңғар феодалдарын тікелей соғыс әрекеттеріне кешуден тартына тұруға мәжбүр етті. Жоңғарлардың қазақ жеріне басып кірулері салдарынан (1681— 1684, 1694,1711-1712,1711-1717) көшіп-қонудың дәстүрлі бағыттары мен жолдары және оның-ғасырлар бойы қалыптасқан бүкіл жүйесі тұтасымен бұзылды. Бұл жағдай ішкі қайшылықтар мен талас-тартысты, феодалдардың жайылымдар үшін күресін, ру аралық дау-ларды, қақтығыстарды күшейте түсті. Ал мұндай қиындықтан тек Ресей шекаралары маңындағы суы мен шөбі мол әрі басқа жердегіден гөрі қауіпсіз қоныстар есебінен құтылуға болар еді.
Дегенмен, Кіші жүздің бір бөлігінің Ресей азаматтығын алуды тездетуіне себеп болған негізгі жағдай-жоңғар феодалдарыңың агрессиясы еді. «Ақтабан шұбырынды» жылдары (1723-1727) аштық, қайғы-қасірет, материалдық құндылықтардың күйреуін ала келді, өндіргіш күштерді дамытуға орны толмас зиян келтірді. Жоңғар әскерлерінің қысымымен қазақ рулары ғасырлар бойы мекендеген өздерінің туып-өскен жерлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Мұның өзі қазақтардың іргелес аудандарға үдере көшуіне әкеп соқты.«...Бұл шұбырушылық адамдарды болмай қоймайтын қырылып-жойылу-шылық пен апатқа душар етті... қайыршылық пен қайғы-қасірет көру жаппай етек алды, біреулер аштықтан өліп жатты, енді біреулер өз әйелдері мен балаларын лажсыз тастап кетті» — деп жазды осы жайында А.И. Левшин[1].
Жоңғар хандығы әскери жағынан алғанда сұсты күш саналады. XVII ғ. аяққы кезінде-ақ саны жағынан мол жоңғар әскерінің қару-жарағында «білтелі отты қару» болды[5]. Қазақтардың қару-жарақ жоңғарлардыкінен әлде-қайда олқы еді.
1729 жылы Балқаш көлінен оңтүстік-шығысқа таманғы Аңырақай деген жерде қазақ сарбаздарының жоңғар басқыншыларымен қантөгісті шайқасы болып өтті[6]. Оңда үш жүздің бірлестірілген күштері тамаша табысқа жетті. Жаулап алушылардың әскерлері Іле өзені бойымен Шығысқа қарай шегіне бастады. Бірақ осы кезде Болат ханның қайтыс болуына байланысты қазақ жасақтарының жетекшыері билікке таласа жанжалдасып қалды да, мұның өзі ойраттардың жағдайын жеңілдетіп, қазақ халқының жоңғарларға қарсы күресіндегі көптеген құрбандықтары мен күш-жігерін жоққа шығарды.
Қазақтардың сыртқы саяси жағдайының күрделілігі одан аман шығудың жолдарын іздестіре беруге түрткі болды. 1726 жылы Кіші жүз ханы Әбілқайыр, ағамандар Сүгір, Едікбай, Қажыбай, Құлымрай және басқалары Ресейден кіші жүз қазақтары үшін «қорғаушылық сұрауға» елші Қойбағарды жөнелтті. Бірақ оның бұл сапары нәтижесіз қалды. Әйтсе де Әбілқайыр өзінің көздеген мақсатын аяқсыз тастамай, 1730 жылы қыркүйекте Уфа арқылы Петербургке орыс әйел императоры Анна Иоанновнаға өздерінің бодандыққа және қорғаушылыққа алуды сұраған өтінішін хатпен жолдап әрі ауызекі де айтуды тапсырып, қайтадан елшілік жіберді, 1731 жылы ақпанда император әйел Анна Иоанновна Кіші жүзді Ресейдің бодандығына қабылдайтыны жөніндегі сенім грамотасына қол қойды. Тиісті ант қабылдау үшін Қазақстанға Әбілқайыр ханға тапсырылатын грамотамен Сыртқы істер комиссиясының тілмәші А.И.Тевкелев бастаған елшілер жіберілді.
Әбілқайырдың сендіруіне иек артып, Петербургтегілер, Ресей азаматтығына өтуді Кіші жүздің барлық сұлтандары мен ағамандары қалайтын болар деп шешті. Алайда, 1731 жылдың қазанында Тевкелев Ырғыз өзенінің бойындағы Әбілқайырдың ақ ордасына келгенде Ресей азаматтығын қабылдау мәселесі бойынша феодалдық ақсүйектердің арасында айтарлықтай алауыздық бар екендігі анықталды. Барақ сұлтан бастаған «қарсы партия» келіссөздердің өтпеуіне, сөйтіп, Кіші жүзді Ресейге қосу жөніндегі шаралардың аяқсыз қалуына тырысқанымен, бұл қарсылық әрекеттері сәтсіз аяқталды. Сонымен, 1731 жылы 10-қазанда қазақ ағамандары жиналысының едәуірі шешімнің қабылдануы үшін дауыс берді.
Кіші жүздің Ресей азаматтығын алуының дұрыстық негізін теріске шығармасақ та, Әбілқайырдың Ресей әкімшілігіне сүйеніп, өзінің саяси қарсыластарының позициясын әлсіретуге, жеке билік жүргізу үшін күресте өзінің потенциалды бақталастарынан асып түсуге үміт артқан пайдакүнемдік мүддесін назардан тыс қалдырмаған жөн.
Алайда, Кіші жүз Ресейдің азаматтығын қабылдағаннан кейін де Қазақстандағы жағдай күрделі күйіңде қалды. Жоңғарлардың ойранды басқыншылық қатері тиылмады. Осындай қиын жағдайда елді аман алып қалу ісін халық өз мойынына алды. Жоңғар агрессиясын тойтару жылдарында Абылай сұлтанның қолбасшылық таланты көзге түсті. Дегенмен дәл осы жағдайда да қазақ қоғамының әр түрлі таптары өздерінің алдына әртүрлі мақсат қойды. Егер көшпелі малшылардың еңбекшілер бұқарасы күйзелген шаруа-шылықты қалпына келтіріп, дамытудың, үздіксіз алым-салықтар мен тонаушылықты, кедейленуді тоқтатудың шарттары ретінде бейбіт тұрмыс пен жайылымдардың болуы, белгілі бір елдермен сауда жасасу туралы армандаса, қазақ феодалдарының бір бөлігі өздерінің жеке позициясын күшейту мүмкіндіктерін іздестірумен болды.
Жаңадан қосылған қазақ жерлеріндегі шептерін нығайту үшін Ресей үкіметі 1734 жылы мамырда Орыңбор экспедициясың ұйымдастырды. Оны Сенаттың обер-секретары, Петр І-нің сыбайласы П.К. Кириллов басқарды. Оған көмекшіге А.И.Тевкелев тағайындалды. Комиссияға Ресей құрамына енген жерлерді жан-жақты зерттеу, табиғат байлықтарын барлау, Орск бекінісін салу, орыс және қазақ иеліктерін.ің арасындағы шекараларды белгілеу міндеті жүктелді. Бірсыпыра себептер және бәрінен бұрын 1734-1738 жылдары башқұрттардың көтерілісі Орынбор экпедициясының ең көлемді жоспарын іс жүзіне асыруға кедергі жасады. 1735 жылы өзара орыс-қазақ саяси және сауда байланыстарын дамытуда зор маңызы болған Орынбор қаласы салынды.
Ресей өкіметі Жоңғар хандығының агрессиясын тыюға бағытталған шаралар қабылдады. Шекаралық өкімет арқылы Жоңғар қонтайшысы Қалден-Серен қазақтардың бір бөлігі Ресей азаматтығын алғандығы, сондықтан ол сыртқы шапқыншылықтан қорғалатыны жөнінде ескертілді. 1738-1741 жылдары Қалдан-Сереннің әскерлері қазақ жерлеріне жаңа қырғын жорық жасады. Ямышев, Өскемен және Семей бекіністерінің коменданттары жоңғарлардан Ресей бодандығын қабылдаған қазақтарға тыныштық беруді талап етті. Шекаралық аймақтағы жағдайдың асқынуы, Алтай зауыттарына қауіп төнуі басқарушы Сенатты 1742 жылы 20 мамырда қазақ халқы мен Ертіс шебін қорғау шаралары туралы жарлық қабылдауға мәжбүр етті.
1731 жылдың аяғында Әбілқайыр мен Бөгенбай батыр Семеке ханға егер ол Ресей азаматтығын қабылдаса орыс әскерлерінің күшімен бұл аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ете алатынына уәде беріп, Орта жүзге өзінің өкілдерін жіберді.
ХVІІІ ғасырдың ортасында Орталық Азияда маңызды өзгерістер болып өтті. Жоңғарлардың қазақтарға қарсы жауластық әрекеттері Қалден-Серен қайтыс болғаннан кейін Жоңғар хандығының өз шпнде орын алған оқиғаларға байланысты әлсірей түсті. Жоңғарияның әлсіреуімен оның Қазақ жерлерін жаулап алу қаупі жойылды. Әбілқайыр ханды Барақ сұлтанның өлтіруі Ресей өкіметін мазаламай қалмады. Әбілқайыр тұсында қалыптасқан саясатты жалғастыруға мүдделі Петербург сарайы Ресейге бейімделушілік бағытын ұстаған феодалдық топтарға үміт артты. 1749 жылы Нұралы өлтірілген ханның ұлы Кіші жүздің ханы болып тағайындалды[7].
1756 жылы қазақтардың қысқы уақыттары малдарын Жайықтың оң жағалауына өткізуіне тыйым салған патша жарлығы шықты. Жайық қазақтарының мүддесі үшін қабылданған үкімет шешімі оған қарсы көңіл-күйді күшейте түсті.
Қазақ мемлекеттілігінің қалдықтарымен күресудің келесі кезеңі Кіші жүзде хан билігінің жойылуына әкеп соғатын ресейлік басқарудың жаңа жүйесін енгізу әрекеттері болды. Алайда, Орынбор губернаторы барон Игельстромның әуел баста Екатерина-ІІ мақұлдаған бұл реформасының жобасы сәтсіздікке ұшырап, іске аспай қалды. Көп кешікпей Ресей саясатын жүргізуді қамтамасыз етпеген және батыр Сырым Датов көтерілісінің қыспағына ұшыраған Нұралы хан биліктен шеттетілді.
1797 жылы Айшуақ сұлтанды хан етіп бекіту арқылы үкімет неғұрлым ықпалды сұлтандардың хандық билікке жеткісі келген барлық әрекеттерінің жолын кесті. Орынбор әкімшілігі Нұралы ұлдарының бірі — Қарғатай сұлтанның дәмесін қолдамады. Айшуақ қайтыс болғаннан кейін кіші жүз ханы болып оның ұлы, тілалғыш, ықпалы аз Жантөре сұлтан бекітілді [8].
Шығысында Цин империясымен тікелей жанасатын, соңдықтан Ресей империясы билеуші топтарының ерекше қам жасауын туғызған Орта жүздегі жағдай бұдан біршама басқаша қалыптасты. Көбінесе Жоңғарияның циндер жаулап алған иеліктерін құрайтын жерлерден Циньцзян имперлік уәлилігінің құрылуы — қазақ-орыс және қазақ-қытай қарым-қатынастарына көптеген өзгерістер енгізді, сөйтіп патша өкіметінің осы аймақта әскери-әкімшілдік әрекеттер жүргізуін едәуір дәрежеде тездете түсті.
Орта жүзде әскери желілер салу қазақ жерлерін күрделі саяси жағдайда отарлаудың тірек базасына айналды. Шекаралық желі үш бөлімнен тұрады: оңтүстік-батыс жағынан — Сібір далалық бекінісінен Омск бекінісіне дейін, ұзындығы 553 шақырым Горькая желісі, Омск бекінісінен Ертістің оң жағалауымен Малонарымск дала бекінісіне дейін, жалпы ұзындығы 1684 шақырым Ертіс желісі, Өскемен бекінісінен Алтай тауларының батыс беткейімен тау-кен зауыттарының арасы арқылы Кузнецк бекінісі бағытында (Колыванск желісі), ұзындығы 723 шақырым.
Үкіметтің 1752 жылы 22 маусымдағы шешімімен Тобылдағы Зверины деген жерден Омск бекінісіне дейін бірнеше бекіністер салына бастады. Ново-Ишимск желісі 9 бекініс пен 53 дала бекінісінен тұрды, сөйтіп, ұзындыгы 540 шақырым аралықта Үй желісін Ертіс желісімен қосты.
Орта жүзде хан билігін жойғаннан соң патша үкіметі «Сібір қырғыздары туралы Уставқа» сүйеніп, басқарудың М.М.Сперанский әзірлеген жаңа жүйесін енгізді. Ол «Устав» бойынша қазақ даласының Орта жүз және бір бөлігі Ұлы жүз қоныстары саналатын территориясы Сібір қырғыздарының облысы атағын алды, және басқару орталығы 1839 жылға дейін Тобольскіде, ал 1839 жылдан бастап Омскіде болған, жаңадан құрылған Батыс-Сібір генерал-губернаторлығы құрамына енді.
Өлкені отарлауды тездету мақсатында басқарудың Ресейлік жүйесі енгізіле бастады. Мұның өзі қазақ халқының үлкен бөлігінің көтеріліске ұласқан қарсылығын туғызды.
Ұлы жүздің негізгі бөлігін бағындыру басқа жағдайда өтті. Оңтүстік Қазақстандағы қазақ руларының бір бөлігі Ресей бодандығын өз еріктерімен қабылдады. 1819 жылы 18 қантарда Сұйық Абылайханов сұлтан бастаған еркек-ұрғашысы бар 55462 жан Ресей тағына өз еріктерімен ант берді. 1824 жылы мамырда император Александр-І Ұлы жүздің Жетісуда көшіп-қонып жүретін руларынан тағы да 14 сұлтанды бодандыққа алу жөніндегі грамотаға қол қойды. Дегенмен, Жетісу мен Оңтүстік Қазақстанның негізгі аудандары Ресей империясы ықпалынан сырт қалды. Осы аймақтан Қоқанд бектерін ығыстыру мақсатымен үкімет Іле маңы өлкелеріне әскери-барлау экспедициясын ұйымдастыруға кірісті. Кеп кешікпей Капал, Лепсі, Үржар бекіністері салынды. Ірі әскери күштерді жұмылдыру арқылы патша әскерлерінің Түркістан, Шымкент, Әулиеата және басқа қалалар мен елді мекенді басып алуымен Ресейдің Оңтүстік Қазақстанды жаулап алуы аяқталды.
Қазақ жүздерін қосып алу әртүрлі сыртқы саяси және ішкі шиеленіс жағдайыңда өтті. Кіші жүздің едәуір бөлігі, Орта жүздің кейбір аудандары ресейлік бодандықты өз еріктерімен қабылдады. Орта жүздің үлкен бөлігі мен Оңтүстік Қазақстанның бірқатар аудандары патша үкіметі әскери күштерінің көмегімен қосылды. Бұл орайда патша үкіметі империяның Кіндік Азиядағы алыстағыны көздейтін стратегиялық мақсатын басты назарда ұстап, Қазақстан халқының басым бөлігінің мүдделерімен есептеспей, бұл өлкелерді өзіне қосып алуды тездете түсуге тырысты. Оңтүстік Қазақстанды, ал сонан соң Орта Азияны Ресейге қосу патша үкіметіне Британия империясымен бақталастықта жеңіп шығуға мүмкіндік берді.
Өзінің әкімшілікті-саяси реформаларымен патша үкіметін басқарудың дәстүрлі жүйесін жойды. Қазақ өлкесіне көшпелілерді құнарсыз жерлерге ығыстырған орыс қоныс аударушыдарын орналастыру үшін кең мүмкіндіктер ашты. Халықтың көп бөлігінің үстінен бақылаусыз билік жүргізуге ие болған Ресей барлық салада дерлік отарлау саясатын кеңейте түсті.




Достарыңызбен бөлісу:
  1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет