«талап қою қҰҚЫҒын жүзеге асыру шарттары» Шукенова Жадыра Сламханқызы



Дата21.06.2016
өлшемі70.98 Kb.
#151533
«ТАЛАП ҚОЮ ҚҰҚЫҒЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ ШАРТТАРЫ»

Шукенова Жадыра Сламханқызы

Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Заң және экономика факультетінің магистранты

Кейінгі уақыттарда қоғамда орын алған түбегейлі өзгерістер еліміздің азаматтық сот ісін жүргізу саласына да ықпал етті. Талап қою құқығын іске асыру мәселесінің ауқымына талап, талапқа құқық, талап қою кұкығы, талап қою құқығының алғы шарттары және талап кою кұқығын іске асыру шарттары кіреді. Талап қою құқығын іске асыру шарттары болатын мән жайлар, олар істерді сотқа дейін алдын ала шешу тәртібін сақтау, істің осы соттың қарауына жатуы, арыз берушінің іс жүргізуге әрекет қабілеттілігі, арыз талап қою құқығын өкіл арқылы жүзеге асыру және т.б.

Соның ішіндегі қарастырылып отырған мәселе істерді сотқа дейін алдын ала шешу тәртібін сақтау. Дауды сотқа дейін алдын-ала шешу тәртібін сақтау шаруашылық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етуге, мүдделі тұлғалардың құқықтарын тезірек қалпына келтіруге және сотты даусыз істерден босатуға ықпал етеді. Мүдделі тұлға сотқа дейінгі тәртіппен құқығын қорғай алмаса, сотқа талап арызбен жүгіне алады.

Қазіргі қолданыстағы заңдарға сәйкес істі сотқа дейін алдын-ала шешу тәртібі заңда көзделген жағдайларда жекелеген істер бойынша ғана қолданылады. Дауды сотқа дейін өзара реттеу, егер заңмен жол берілсе, тараптар арасында жасалған шартпен де көзделуі мүмкін. Әдебиеттерде дауды сотқа дейін реттеу институтын қалпына келтіру қажеттігі жөнінде пікір айтылады.

Бұл пікір сотты шаруашылық тергеуші миссиясын атқарудан босатып, егер сотқа дейінгі реттеу нәтижеге әкелген жағдайда тараптар сот шығындарын, өкілдің көмегіне ақыны төлемес еді деген ойларға негізделеді [1]. Е. Серекбаевтың пайымдауынша, бұл шығындар талаптың 23 пайызына дейінгі сомаға жетуі мүмкін. Ал тараптар сотқа жүгінген күннің өзінде де дауды сотқа дейін реттеу бойынша жүргізілген шаралар тараптардың дау нысанасына жеткілікті дайындалуға мүмкіндік береді. Мұндайда табыс етілген материалдар толық және істің барлық мән-жайларына сай болады, ал бұлар сотты дәлелдемелер жинаудан босатып, сот тәжірибесінде жарыспалық принципін жан-жақты қолдануға ықпал етеді [2]. Бірақ барлық істер бойынша дауды сотқа дейінгі реттеу тәртібі белгіленсе, мүдделі тұлғаның бұзылған құқығын іс жүзінде қорғау мүмкіндігінің жүзеге аспай қалу қаупі туатынын да жоққа шығаруға болмас. Түсініктірек айтқанда, сотқа дейінгі реттеу біраз уақытты алады, ал осы уақыттың ішінде жауапкер өзінің меншігіндегі мүлікті басқа біреуге сатып немесе сыйға тартып жіберуі мүмкін, өйткені таланты қамтамасыз ету шаралары сотта іс қозғалғаннан кейін ғана қолданылады. Бұл өз кезегінде талапкердің пайдасына шыққан шешімнің болашақта орындалуын мүмкін етпейді немесе қиындатады. Сондықтан дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің барлық істер бойынша емес, тек жекелеген істер бойынша ғана белгіленуі дұрыс.

Істерді сотқа дейін алдын-ала шешу тәртібі шартты түрде екі нысанда жүзеге асырылады: біріншісі - мүдделі тұлғаның заңда белгіленген тәртіппен осындай істерді мәні бойынша шешуге құқылы сәйкес органдарға жүгінуі; екінші нысаны - бір тараптың сотқа жүгінгенге дейін басқа тарапқа өзінің талаптарын қанағаттандыру туралы претензия беруі [3]. Екінші нысанға претензиялық тәртіптен басқа тараптардың дауды өзара келіссөз не өзге тәсіл арқылы реттеуін де жатқызуға болады.

Жоғарыда аталған бірінші нысан бойынша бұзылған немесе даулы құқықты қорғау арнайы заңды органдар арқылы жүзеге асып, заңды іс өзінің процессуалдық мағынасында шешіледі. Мұндай тәртіп ҚР Патент Заңында көзделген [4].

Сондай-ақ, істі сотқа дейін шешу тәртібі ерекше талап қоюмен жүргізілетін бірқатар істер үшін де белгіленген. Атап айтқанда, ҚР АІЖК-нің 286-бабының 1-бөлігіне сәйкес органдар мен лауазымды тұлғалардың актілері мен іс-әрекеттерін заңсыз деп тану туралы прокурор сотка жүгінгенге дейін сол актіні шығарған немесе іс-әрекетті жасаған органға немесе лауазымды адамға не жоғары тұрған органға немесе лауазымды адамға актінің немесе іс-әрекеттің заңсыздығына байланысты наразылық келтіруі керек. Сотқа арыз наразылықты қарау нәтижелері туралы хабарлама алған кезден бастап он күн мерзімде немесе оны қараудың заңда белгіленген мерзімі өткеннен кейін ғана беріледі.

Енді дауларды сотқа дейін алдын-ала шешудің претензиялық тәртібінің мәселелерін қарастырайық, Оның мәні мынада: құқықтық қатынастағы құқылы тарап осы құқықтық қатынастың міндетті тарабына өз міндетін ерікті түрде орындауды талап етіп жолданады, жауапкер талапты толық немесе ішінара қанағаттандырудан бас тартса немесе претензияға заңда көзделген мерзім ішінде жауап ала алмаса, өзінің құқықтары мен заңды мүдделерін мәжбүрлеп жүзеге асыру үшін сотқа талап қою құқығына ие болады [5]. Претензия дегеніміз - міндетті тұлғаға тікелей бағытталған, оған өзара құқық туралы даудың бар екендігі жөнінде және заңи органдарға жүгінбей-ақ дауды ерікті түрде заңға қайшы келмейтін қорғау тәсілін қолдану жолымен шешу қажеттігі туралы хабарлау мақсатын көздейтін талап ету [6]. Тараптар претензиялық тәртіпті адал орындаған жағдайда бұзылған құқықты дер кезінде қалпына келтіруге және дауды жоюға қол жеткізеді.

Темір жол көлігі тасымалынан туындайтын даулар бойынша претензиялық тәртіпті реттеуге ҚР-ның "Темір жол көлігі туралы" Заңының 89-91-баптары арналған. Осы заңның 90-бабының 1-тармағына сәйкес тасымалдау шартынан туындайтын кінәлі тасымалдаушыға талап қою мерзімінің ішінде қоюға болады. Заңның 93-бабының 2, 3-тармақтарына сәйкес жүк, почта тасымалдау шарты бойынша талап қою мерзімі - бір жыл, жолаушыны, багажды, жүк-багажды тасымалдау бойынша - алты ай.

ҚР-ның "Ішкі су көлігі туралы" Заңының 98, 99-баптарына сәйкес жолаушы, жүк жөнелтуші, жүк алушы (тіркеп сүйретілетін объектіні жөнелтуші немесе алушы) тасымалдаушыға (тіркеп сүйретушіге) тасымалдау (тіркеп сүйрету) шартынан туындайтын кінә қоюларды талап қою мерзімі ішінде білдіруі мүмкін. Талап қою мерзімінің өтуі кінә қоюға негіз болған оқиғалар туындаған күннен басталады. Талап қою мерзімі: 1) жүктерді тасымалдау (тіркеп сүйрету) шарты бойынша - бір жыл; 2) жолаушылар мен багаж тасымалдау шарты бойынша - алты аи болып белгіленеді. Кемелердің соқтығысуына және құтқару операцияларын жүзеге асыруға байланысты туындаған қажеттіліктер бойынша талап қоюлар екі жыл ішінде ұсынылуы мүмкін (ҚР-ның "Ішкі су көлігі туралы" Заңының 101-бабы).

Қарастырып өткен заң актілеріндегі жүк тасымалдаудан туындайтын талаптар бойынша кінә қоюларды мәлімдеуге арналған 1 жылдық мерзім АК-тің 706-бабының 2-бөлігінде көзделген жалпы сипаттағы нормадан туындайды. Жүк тасымалдау бойынша талап қою мерзіміне АК-тің 7-тарауында көзделген жалпы ережелер қолданылады [7].

Дауды сотқа дейін алдын-ала шешу тәртібін сақтаудың талап қою құқығының алғы шартына әлде осы құқықты іске асыру шартына жататыны туралы мәселенің теориялық маңызы зор. Ғалымдардың бір тобы істі сотқа дейін алдын-ала шешудің заңдармен белгіленген тәртібін сақтауды талап қою құқығының алғы шарты ретінде қарастыру қажеттігі жөнінде ой айтса [8], енді біреулері талап қою құқығын іске асырудың шарты ретінде қарастыруды ұсынады [9]. Бұл мәселеге байланысты өз көзқарасымызды білдіру үшін осы мән-жайдың сақталмауының процессуалдық салдарын реттейтін заң нормаларын қарастыру керек.

Сонымен дауды сотқа дейін реттеу тәртібінің сақталуы талап қою құқығын іске асыру шарты ретінде болады. Бірақ "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы", "Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы", "Темір жол көлігі туралы", "Ішкі су көлігі туралы" Заңдарда егер претензия қабылданбаса немесе белгіленген мерзімде жауап алынбаса, мәлімдеушіде талап қою құқығы пайда болатыны көзделген. Бұдан тасымалдау қатынастарынан туындайтын даулар бойынша претензиялық тәртіптің заңда белгіленген мерзімде қолданылуы талап қою құқығының алғы шарты болатыны шығады. Бірақ бұны дұрыс деуге болмайды. Жоғарыда бұл тәртіптің мәнін, бұлтармас сипаты жоқтығын көрсеттік және оның тиісті түрде сақталмауының сотқа талап қоюға кедергі болмайтынын негіздедік. Ендеше заң актілеріндегі "егер претензия қабылданбаса немесе белгіленген мерзімде жауап алынбаса" дегеннен кейін "мәлімдеушіде талап қою құқығы пайда болады" деп емес, "мәлімдеуші талап қоя алады" деп көрсету қажет, сонда бұдан дауды сотқа дейін реттеу мүмкіндігін қолданудың сотқа талаппен жүгінудің тиісті тәртібі ретінде болатыны шығады.



Қорыта айтқанда, талап қою кұқығын іске асыру шарттарын таңдауымыз және оны зерттеудің өзектілігі келесі себептерге байланысты: біріншіден, ғалым-процессуалистер аталған мәселелер бойынша кешенді зерттеулер жүргізе отырып, талап қою құқығын іске асыру шарттары мәселесіне келгенде шарттарға жататын мән-жайларды атаумен және оларға сипаттама берумен ғана шектеледі немесе талап қою кұқығын іске асырудың жекелеген мәселелерін ғана қарастырады; екіншіден, процессуалдық әдебиеттерде талап қою кұқығын іске асыру шарттары және талап қою құқығының алғы шарттары ұғымдары біріктіріліп, ара-жігі айырылмай қарастырылады, сондықтан алғы шарттар мен шарттар ретінде болатын мән-жайлар тізбегін нақтылау, олардың дербес мәнін айқындау қажет; үшіншіден, талап қою құқығын іске асыру шарты ретінде бола алатын бірқатар мән-жайлар заңмен жеткілікті реттелмеген; төртіншіден, аталған мәселені тек іс жүргізу құқығы аясында ғана емес, материалдық құқықпен байланыста кешенді зерттеу қажет.
Әдебиеттер тізімі:


  1. Серекбаев Е. Транспарентность судов - доверие общества // Жергілікті соттардың ролін күшейту: судьялардың тәуелсіздігі, сот төрелігіне қолжеткізуді қамтамасыз ету. Халықаралық ғылыми-практикалықконференцияның материалдары (Астана қ., 25-26 наурыз 2004 ж.)Астана, 2004.-С. 223-225.

  2. Серекбаев Е. Проблемные аспекты экономических споров //
    Юридическая газета. - 18 января 2005 г. - № 8. С. 2.

  3. Кожухарь А.Н. Проблемы теории и практики права на судебную защиту в исковом производстве: дис.... докт. юрид. наук. - Кишинев, 1990. - 323

  4. Қазақстан Республикасының 1999 жылғы 16 шілдедегі № 427-1 Патент заңы // Қазақстан Республикасы Парламентінің жаршысы. - 1999. - № 20. -718 Қ.

  5. Кожухарь А.Н. Право на судебную защиту в исковом производстве / Под
    ред. Е.Г. Мартынчика. - Кишинев: Штинца, 1989. - 140 с.

  6. Нехороших А.М. Претензионное производство как институт
    предварительного досудебного урегулирования споров, возникающих из
    правоотношений по железнодорожной перевозке грузов: автореф. ... канд.
    юрид. наук. - Саратов, 2004. - 22 с.

  7. Тулеугалиев Г.И. Избранные труды по транспортному праву / Предисл. М.К. Сулейменов, Е.У. Ихсанов. Сост. М.К. Сулейменов. - Алматы:НИИ частного права КазГЮУ, 2003. - 506 с. (Серия "Классика казахстанской цивилистики").

  8. Добровольский А.А.,Иванова С.А. Основные проблемы исковой формы защиты права. - М.:МГУ, 1979. - 159 с.

  9. Осокина Г.Л. Право на защиту в исковом судопроизводстве (право на иск) / Под ред. В.Н. Щеглова. - Томск: Томск, гос. ун-т, 1990. - 156 с.


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет