Тарих ғылымдарының кандидаты, доцент



Дата04.07.2016
өлшемі85.66 Kb.
#178013
ӘОЖ 903.53(574)

Омаров Ғ.Қ.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

тарих ғылымдарының кандидаты, доцент.

Куркеев Е.М.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті,

магистрант.
БҰҒЫТАСТАРДЫҢ ЭТНИКАЛЫҚ CИПАТЫ*

Түйіндеме

Мақалада Еуразия кеңістігіндегі кеңінен таралған, соңғы қола және ерте темір дәуірі кезеңдерімен мерзімделетін бұғытастардың этникалық тәуелділігі мәселесі көтерілген. Сынтастар кезігетін аумақтағы тұрғындардың антропологиялық, тілдік ерекшеліктеріне тоқтала отырып, ескерткіштерді қалдырған тайпалардың бастауын қарастырады. Авторлар посткеңестік ғалымдардың зерттеулеріне кеңінен тоқталған.



Кілт сөздер: бұғытас, сынтас, мәдениет, скиф, киммерийлер, скифтік-сібірлік өнер, абхаз-адыгей.
Бұғытастардың этникалық сипаты жайлы мәселе ғылымда әлі де болса өз орнын таба қойған жоқ. Сынтастардың қандай мәдениетке немесе қандай этникалық топқа тиесілі екендігін анықтауда осы бұғытастар бетіне салынған бейнелердің аса маңызды екені анық. Бұғы бейнесі скиф-сібірлік мәдениетте кең таралған. Ол Еуразияның далалы аймағында қолданбалы өнер мен петроглифтерде жиі кездеседі. Дегенмен, скифтік жазба мәдениетінің болмауы немесе бізге жетпеуі бұл ескерткіштерді белгілі бір этникалық топқа тән деп қорытынды жасай салу қателігіне ұрындырары анық.

Аталған ескерткіштердің нақты мерзімделуін уақытын анықтау этникалық мәселелерге де жауап берері сөзсіз. Алайда, бұғытастар әр аймақта әр түрлі ескерткіштер тобымен қатар жүріп, бір мәдениетке тиісті емес екендігімен мәселені қиындата түседі [1, 89-б.].

Батыс бөліктегі сынтастарды ғылымда «киммерийлік сынтастар (стелалар)» деп атаумен олардың этникалық тәуелділігін анықтағандай. Н.Л. Членова Солтүстік Кавказдық сынтастарды б.з.д. VII ғасырлармен кезеңдеп, киммерийліктерге тән екендігін өз еңбегінде тұжырымдаған болатын [2, 75-б.]. Дегенмен, аталған этникалық топ жайлы жазба әдебиеттерде кездескенімен, қандай археологиялық нысанның киммерийліктердің мұрасы екені әлі де болса басы ашық мәселе. Абхаз-адыгей тіл семьясында сөйлейтін халықтар ежелден Солтүстік-Батыс Кавказ жерін мекендеген болса да, бұл тілде ежелгі тайпалардың қайсысы сөйлегендігі әлі күнге дейін белгісіз болып отыр.

Сондай-ақ Азиялық бөлік бұғытастарының Еуропалық сынтастардан айырмашылығына қарап батыс аймақтың сынтастарын қалдырушылар бұл өлкеге шығыстан ауып келген деген тұжырым орныққан. Киммерийліктер сынтастарды қашаушылар болса, ал олардың кейіннен қайда кеткені жайлы сұрақ өз жауабын таппаған, ал Кавказды мекендеген меот тайпаларын киммерийліктердің тікелей ұрпағы деген де болжамдар бар [2, 64-б.].

Л.И. Лавров Қырымдағы тавр, синд, меот, керкет, торет, ахей, зих және т.б. ұсақ тайпаларды абхаз-адыгей халықтарының протобабалары ретінде көреді. В.П. Шилов та топонимикалық зерттеулердің нәтижесінде меоттықтарды адыгей тілінде сөйлеген деген қорытындыға келген. С.А. Токарев болса синд, меот, және тореттерді черкес халықтарының ата-бабаларына телиді. Осыған орай ғылымда киммериліктер қазіргі абхаз-адыгей халықтарының арғы тегі деген болжамдар орын алған [3, 221-б.].

1960-70 жылдары бұл тұжырымға қарсы пікірлер де белең алды. Мұның басты себебі киммерийліктерді Солтүстік Кавказға көшіп келген көшпелі тайпалар деген ойлардың қалыптасуында. Сондай-ақ киммерийліктер мен скифтерді еш дәлелсіз иран тілді тайпалар деп көрсете бастады. Кейіннен Л.И. Лавров меот, синд тайпалары адыгейліктердің ата-бабасы деген тұжырымға қарсы шықты. Ғалымның осындай қорытынды жасауына О.Н. Трубачевтың Солтүстік Қара теңіз жағалауында иран тілді тайпалармен қатар үндіарийлік тілде сөйлеген халықтар да мекендеген және меот, синд, тавр, киммерийліктер солардың қатарынан деген тұжырымы әсер еткен болса керек. Аталған аумақтардың топонимикалық атауларына көз жүгірткен ғалымдар шынымен де үндіарийлік тайпалардың осы аудандарда болғандығын дәлелдегендей [4, 38-41-бб.].

О.Н. Трубачев киммерийліктер Тамань аралының солтүстік бөлігін мекендеді деген ойды айтқан болатын [5, 40-б.]. Алайда, кезінде атағы жер жарған халық сондай шағын территорияда ғұмыр кешуі мүмкін емес еді. Тіпті, киммерийліктерді жеке этниклық топ ретінде қарастырмай, белгілі бір халықтың осы аудандарға қоныс аударған бір бөлігі деген көзқарастар да болды. Дегенмен, киммерийліктердің шығу тегі, мекен ортасы, олардың қазіргі таңдағы ұрпақтары жайлы сауалдардың басы ашық мәселе.

Азиялық ареалдың бұғытастарына келетін болсақ, бұл аудан бұғытастары ерте скифтік кезеңде тұрғызылған. Еуразия кеңістігінде табылған барлық бұғытастардың 80% моңғол-забайкалдық типке жатады (1-сурет), ал бұл сынтастар болса өз кезегінде қарасұқ кезеңімен мерзімделеді. Қалған бұғытастар скифтерге дейінгі және ерте скифтік кезеңдерде қашалған. Соңғы қола кезеңі мәдениеттерінде бұғытастарда бейнеленген соғыс қаруларының түрлері мүлде кездеспейді. Бұғытастар таралған Азиялық бөлікте скифтердің жерлеу орындарының екі түрі кезігеді. Оның бірі – тақтатас қорғандар. Мұндай жерлеу орындары Байкал маңы, Маньчжурия, Орталық және Шығыс Моңғолия территорияларына таралса, осы жерден скифтік тағы бір мәдениет іздері – қорғандар (обалар) басталады. Обалар Батыс Моңғолия, Тыва, Алтай, Шығыс Қазақстанды қамтиды. Жерлеу дәстүрімен бірге нәсілдік белгілері арқылы ерекшеленеді. Тақтатас қорымдарда «моңғолоид» жерленсе, обаларда «еуропоидтар» жерленген [6, 100-102-бб.].

Бұғытастарды тұрғызу скифтік-сібірлік өнердің ең бастапқы кезеңіне тән және осы өнер бұғытастардан бастау алады. Сынтастар жылқыны қолға үйрете бастаған уақыттан бастап тұрғызыла басталуы мүмкін. Б.з.д. IX-VII ғасырлар бұғытастардың тұрғызылуының ең дамыған уақыты. Өйткені, б.з.д. VIII ғасырларда бұл мәдениет құлдырай бастайды. Оның басты көрінісі осы уақытта бүкіл Еуразия даласында бұғытастардың қарапайым түрлерінің тарала бастауы [1, 47-бб.].

Бұғытастардың ең ерте кезеңін анықтауда андроновтық жерлеу дәстүріндегі сынтастар тұрғызуды ерекше атап кетуге болады. Дегенмен, андроновтық мәдениеттің жерлеу орындары бұғытастар таралған Тыва, Моңғолия аумағында кездеспейді. Барлық мағлұматтарды талдай, сараптай келе ғалымдар бұғытастар көшпелі мәдениеттің қалыптасу кезеңінің ең алғашқы уақытында тұрғызыла бастаған деген пікірге саяды. Бұғытастардағы қару түрлерінің бәрі қарасұқ мәдениетінде кездескенімен, алайда Моңғолия территориясында скифтік заттар табылған жоқ [7, 126-бб.].

Сынтастардың қашалу уақытымен қатар андроновтық, монгун-тайгалық мәдениет және херексурлар дамыды. Сынтастардың андроновтық мәдениетіне жақындығын бұғытастарда қашалған ат арбаның бейнесінен де көруге болады. Себебі, арба андроновтықтардың басты жетістігі, дәл осы уақытта ат арбалар кең тарала бастады [8, 36-бб.]. Жоғарыда келтірілген мысалдардан бұғытастарды бір ғана мәдениетке немесе археологиялық нысанға таңып қою қателік, оған тағы бір айқын дәлелі бұғытастардың жекелей де, ешқандай жерлеу орнынсыз да орнатыла бергендігінде.

Азиялық бұғытастарды қашаушылардың бір бөлігі Еуропалық бөлікке қоныс аударып, бұғытастар мәдениетін сол аудандарда таратады. Сынтастар батыс аймақта өзгеріске ұшырай бастайды. Қоныс аударушылардың жүріп өткен территориясы мен бұғытастардағы өзгерістерді байқау мақсатында осы екі аймақты қосып жатқан Қазақстан мен Қырғызстан территорияларының сынтастары басты дерек көзі бола алады. Қазақстан аумағында сынтастардың «классикалық», яғни, моңғол-забайкалдық типі мен саян-алтайлық типі кездеседі (2-сурет). Қырғызстан аумағының тастары да осы топтан, осыған қарағанда бұғытастар мәдениетінің бір тобы Қазақстан арқылы Қырғызстанға қоныс аударуы да мүмкін [9, 39-бб.].

Еуропада сынтастар черногоров кезеңіндегі ескерткіштермен қатар орналасады. А.А. Ковалев батыс аймақ сынтастарының бастамасын Азиялық аумақтан қарастыру керек екендігін тілге тиек етеді. Осыған сәйкес черногоровтық халық Солтүстік Қара теңіз аралығына көшіп келген. Сондықтан да черногоровтықтардың ертеректегі бастамасын шығыстан қарастырған жөн болады.

Археолог А.А. Ковалев Оңтүстік Алтайлық жануар бейнелері кездеспейтін бұғытастар Саяндағы жануар бейнелері қашалған сынтастармен бірге тұрғызылған, тек бұл кезеңде «аңдық стиль» Оңтүстік Алтайда әлі де болса жетіле қоймағандығын айтады. Бұл черногоровтық мәдениетте «аржандық» кейбір аналогтардың табылуына жауап болуы да мүмкін. Себебі, черногоровтықтардың бейнелеу өнерінде де жануарларды бейнелеу кенже қалған. Бұғытастардың екі типін әр түрлі мәдениет өкілдері қашап қалдыруы қате пікір [10, 159-бб.].

Черногоровтықтардың шығыстан батысқа басып кірген халық екені рас болса, оларға тиесілі ескерткіштерді шығыстан да іздеген дұрыс. Осыған орай, Булган гол өзені аралығындағы жерлеу орындарында бұғытастармен қатар черногоровтық параллельдер кезігеді. О.Р. Дубовский черногоровтықтарға тән ескерткіштердің Тывада, Синьцзянда, Енисейдің ортаңғы ағысында бар екенін айтады. Бұл черногоровтық халықтың бастауынығ алғашқы кезеңінде азиялық бөлікте мекендегенінің тағы бір дәлелі іспеттес [11, 66-б.].

Қорытындылай келгенде, бұғытастардың этникалық сипатын анықтауда олардың әр ауданда әр түрлі ескерткіштер тобы мен әр түрлі мәдениетпен қатар жүретіндіктен де қиынға соғып отыр. Бірақ, осы тақырыпта зерттеулермен айналысқан ғалымдардың дені бұғытастардың скифтік кезеңге дейін тұрғызыла бастағанын қолдайды.


Омаров Г.К.

Казахский национальный университет им. аль-Фараби, кандидат исторических наук, доцент


Куркеев Е.М.

Казахский национальный университет им. аль-Фараби, магистрант.


ЭТНИЧЕСКАЯ ПРИНАДЛЕЖННОСТЬ ОЛЕННЫХ КАМНЕЙ*
Резюме

В статье рассматривается принадлежность оленных камней, широко распространенные в евразийских просторах, датируемые концом эпохи бронзы и началом раннего железного века. Останавливаясь на антропологических, лингвистических особенностьях обитателей региона в которых встречаются стеллы, ищут истоки племен оставивщих памятники. Авторы, анализируют исследования постсоветских ученых.



Ключевые слова: оленный камень, стелла, культура, скиф, киммерийцы, скифо-сибирское искусство, абхазо-адыгей.
Omarov G.K.

Assistant Professor of History, Archaeology and Ethnology Department of Al- Farabi Kazakh National University, associate professor



Kurkeyev E.M.

Master of Archaeology, Archeology and Ethnology Department of Al-farabi Kazakh National University


ETHNIC GROUP OF DEER STONES*
Summary

The article discusses affiliation deer stones, which are widespread in the Eurasian expanse, dating from the late Bronze Age and early Iron Age. Dwelling on the anthropological, linguistic features inhabitants of the region in which there are boards, looking for the origins of tribes ostavivschih monuments. The authors analyzed the study of post-Soviet scientists.



Keywords: deer stone, stella, culture, Scythians, Cimmerians, Scythian-Siberian art, Abkhaz-Circassians.

1 – сурет. Азиялық бөліктің моңғол-забайкалдық стильде орындалған бұғытастары

2 – сурет. Шығыс Қазақстан, Тарбағатай, Ойшілік шатқалы (З.С. Самашев бойынша).



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Кубарев В.Д. Древние изваяния Алтая (оленние камни) / В.Д: Кубарев; отв. ред: Е.М. Тощакова; АН СССР. СО. Ин-т истории, филологии и философии. – Новосибирск: Наука, СО, 1979. – 120 с.

  2. Членова Н.Л. Оленные камни как исторический источник (на примере оленных камней Северного Кавказа). – Новосибирск: Наука, 1984. – 99 с.

  3. Токарев С.А. Этнография народов СССР. – М., 1958, – 465 с.

  4. Лавров Л.И. Историко-этнографические очерки Кавказа. – Л., 1978. – 226 с.

  5. Трубачев О.Н. К вопросу о языке индоевропейского населения Приазовья // Античная балканистика (предварительные материалы). – М., 1975. – 196 с.

  6. Добжанский В.Н. К вопросу о хронологии и культурной принадлежности оленных камней Монголии // Скифо-Сибирский мир. Искусство и идеология. – Новосибирск: Наука. 1987. – С. 99-102.

  7. Савинов Д.Г. Оленные камни в культуре кочевников Евразии. – Спб.: СпбГУ. 1994. – 208 с.

  8. Волков В.В. Оленные камни Монголии. – М.: Научный мир. 2002. – 248 с.

  9. Табалдиев К.Ш. Древние памятники Тянь-Шаня. – Бишкек: V.R.S. Company. 2011. – 320 с.

  10. Ковалев А.А. О происхождении оленных камней западного региона // Археология, палеоэкология и палеодемография Евразии. Сборник статей. – М.: ГЕОС. 2000. – С.138-180.

  11. Дубовская О.Р. Локальные зоны черногоровской культуры (по материалам скорченных погребений) // РА. - 1994. – № 2. – С. 63-74.


References

1. Kubarev V.D. Drevnie izvayaniya Altaya (olennie kamni) / V.D: Kubarev; otv. red: E.M. Toshhakova; AN SSSR. SO. In-t istorii, filologii i filosofii. – Novosibirsk: Nauka, SO, 1979. – 120 s.

2. Chlenova N.L. Olennye kamni kak istoricheskij istochnik (na primere olennyx kamnej Severnogo Kavkaza). – Novosibirsk: Nauka, 1984. – 99 s.

3. Tokarev S.A. Etnografiya narodov SSSR. – M., 1958, – 465 s.

4. Lavrov L.I. Istoriko-etnograficheskie ocherki Kavkaza. – L., 1978. – 226 s.

5. Trubachev O.N. K voprosu o yazyke indoevropejskogo naseleniya Priazovya // Antichnaya balkanistika (predvaritelnye materialy). – M., 1975. – 196 s.

6. Dobzhanskij V.N. K voprosu o xronologii i kulturnoj prinadlezhnosti olennyx kamnej Mongolii // Skifo-Sibirskij mir. Iskusstvo i ideologiya. – Novosibirsk: Nauka. 1987. – S. 99-102.

7. Savinov D.G. Olennye kamni v kulture kochevnikov Evrazii. – Spb.: SpbGU. 1994. – 208 s.

8. Volkov V.V. Olennye kamni Mongolii. – M.: Nauchnyj mir. 2002. – 248 s.

9. Tabaldiev K.Sh. Drevnie pamyatniki Tyan-Shanya. – Bishkek: V.R.S. Company. 2011. – 320 s.

10. Kovalev A.A. O proisxozhdenii olennyx kamnej zapadnogo regiona // Arxeologiya, paleoekologiya i paleodemografiya Evrazii. Sbornik statej. – M.: GEOS. 2000. – S.138-180.

11. Dubovskaya O.R. Lokalnye zony chernogorovskoj kultury (po materialam skorchennyx pogrebenij) // RA. - 1994. – № 2. – S. 63-74.



* Мақала 1038/ГФ4 «Оңтүстік-Батыс Алтайдың ежелгі және ортағасыр көшпелілері: пәнаралық зерттеу» атты ҚР БжҒМ Ғылым комитеті гранты аясында орындалды.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет