Тасқала ауданы Қ. И. Сәтбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебі Шакирова Айымкөз Қуатқызы



Дата13.06.2016
өлшемі87.17 Kb.
#134087
Тасқала ауданы

Қ.И.Сәтбаев атындағы

жалпы орта білім беру мектебі

Шакирова Айымкөз Қуатқызы,

87770601782

Тақырыбы: Бақытты балалық шақ

Мақсаты: Оқушыларға бақыттың құндылық ретіндегі мағынасы туралы түсінік беру. Оқушыларға адам өміріндегі қуанышты сәттер, істеген игі істерден рахаттану, барды қанағат тұтуға, бағалай білуге, өзін-өзі қорғай білуге үйрету; Оқушылардың бақытты өмір сүрулеріне ықпал ету; Оқушылардың рухани-адамгершілік қағидаларды өз бақыты үшін дұрыс қолдана білуге, өмірді бағалай алуға, сүюге тәрбиелеу.

Көрнекілігі: слайд, түрлі-түсті қалам, ақ парақшалар

Барысы:

(Тәрбие сағатына қатысушылар екі топқа бөлінеді. Ата-аналар мен оқушылар)

«Адамды бақыттылыққа үйрету мүмкін емес, бірақ

бақытты болатындай етіп тәрбиелеуге болады»


Макаренко

  • Қызығушылығын ояту

«Бақыт деген не өзі?», –

деп бастады топ таласты.

Бірі оны үйден іздеп,

бірі қырдан әрі асты.


Бірі айтады: «Бақыт деген –

барлық, байлық емес пе?

Керегінше киіп ішсең,

бақыттысың емес пе?».


Бірі айтады: «Жоқ, бақыт деген –

қолың жетпес мансап қой.

Жұрттан гөрі жүрсең ерек,

соның өзі жақсы ат қой».


Бірі айтады: «Бақыт деген –

жүйрік мініп, той тойлау.

Ісің болмай күйбеңменен,

қарын тойса, карта ойнау».

Бірі айтады: «Бақыт деген –

адал жар мен перзент қой.

Ынтымаққа ырыс келген,

ол да соған ермек қой».


Пікірлердің таласына осылай

мен жолықтым.

Бақыт адам баласына

келмес оңай, соны ұқтым.


Безбеймін мен баладан да,

байлықтан да, жардан да,

Мансап жетпес бар адамға

үлестіріп алғанда.


Үміт үзбей іздейді олар,

тыңдап сол бір жақұтты,

Оны алыстан іздемегін,

жүректен тап бақытты!»



  • Ой қозғау

  • Сонда ата-аналар, оқушылар бақыт дегеніміз сіздің ойыңызша не екен? (Жауаптары түрлі-түсті бояулармен ақ парақтарға жазылады)

Ата-аналар Оқушылар




Бақыт деген не өзі, білесің бе ?

Апам марқұм айтушы еді бір есімде
Адамдардың барлығы бұл өмірге

Бақыт үшін жаралған деп күресуге.

Бақыт деген қайда өзі, бақшада ма?

Қына құсап шыға ма тасқа ғана

Мейлі қанша тірнектеп жинасаңда

Өмір бойы жетпейтін ақшада ма?

Байлық шығар сол әлгі бақыт деген

Санаспайтын ешқандай уақытпенен

Ауылда ма бақытым, қалада ма?

Ешкім аяқ баспайтын далада ма?

Көріне ме көзге сол бақыт өзі

Бақыттымын деп ойлар кейбіреулер,

Қымбат бұйым ұстаса қолға дара,

Бақыт па екен кең сарай үйің болса,

Қызғанатын өзгелер күйің болса,

Бақыт сенің достым-ау өз үлесің,

Бақытыңа түбі сен кезігерсің,

Бар адамды сонда сен сүйсіндіріп,

Бақыттысын қарашы дегізерсің.


  • Ал енді бақытты отбасы дегеніміз не?

(Жауаптары түрлі-түсті бояулармен ақ парақтарға жазылады)

Ата-аналар Оқушылар



  • Отбасы бақытын бұзатын қандай факторлар бар? (ауызша)

  • Қысқаша түсінік

Қоғам үшін ең бастысы – тәуелсіздік, адам үшін бас бостандығы және уайым қайғысыз өмір. Бірақ сол уайым-қайғысыз бақытты өмірге қол сұғып, қысым көрсетіп, жәбірлеп жататындар бар. Бұл - бүгінгі қоғамның ащы да болса шындығы

Зорлық-зомбылық құқықта «Бір адамның екінші бір адамға, оның жеке басына тиіспеушілік құқығын бұзатын тәни және психикалық ықпал жасауы» делінген.

Тән азабын шектірген зорлық – адамның ағзасына тікелей әсер ету, ұрып-соғу, денесіне зақым келтіру, тағы басқа. Тән азабын шектірген зорлықтың салдарынан жәбірленушінің денсаулығына зиян келтірілуі мүмкін.

Жан азабын шектірген зорлық – жәбірленушінің қарсылық көрсетуіне, өз құқықтары мен мүдделерін қорғауына деген ерік жігерін жасыту үшін қорқыту, адамның психикасына әсер ету. Жан азабын шектірген зорлық жүйке ауруына немесе тіпті жан ауруына ұшыратуы мүмкін.

Адамның өмірі мен денсаулығына қауіпті әдіс қолданылып жасалған қылмыстар «Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің» тиісті баптарына сәйкес жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар болып табылады.

Зорлықтың түрлері:

- Эмоциялық зорлық – балағаттау, қорлау, сөгу, балалардың жеке өміріне қол сұғу;

- Физикалық зорлық – отбасы мүшелерін мас күйінде немесе сау күйінде ұруды қолданатын эмоциялық зорлық;

- Қауіп-қатер – отбасын тастап кетемін деп қорқыту, әйелін немесе балаларын ұру, өз-өзіне қол жұмсауға итермелеу;

- Балаларды анасына қарсы қолдану, әйелін өз балаларын ешқашан көрсетпейтіндігімен қорқыту, қорқытатын жолдауларды беру үшін балаларды қолдану.



  • Топпен талқылау

(екі жақты жауап тыңдау)

1. Сіздің ойыңызша, неге біреу басқа адамға қатысты зорлық көрсетеді? /мазақтайды, күледі/ (Ол басқаларды төмендету ( мүмкін оны да біреу төмендеткен шығар) арқылы, жолдасын келемеждеп, оны күлкіге қалдыру арқылы өзіне назар аудартады. Оның ойынша жолдасын кемсіту арқылы айналадағы адамдардың құрметіне ие болуға, олардың басшысы болуға тырысады.)

2. Кімді жиі ренжітеді? (Кішілер, әлсіздер, бір нәрсемен басқаларынан ерекшеленеді)

3. Қаталдық көрсетудің себебі? (Үйдегі нашар қарым-қатынас. Жақындары тарапынан көңіл аударудың жетіспеушілігі, ата-анасының ажырасуы, басқалар тарапынан кемсіту, нашар үлгерім – осының бәрі ашу мен реніштерін көрсетуге әкеп соғады.)

4. Егер қысым көрсетілген жәбірленуші өте ақылды болса, сіздің ойыңызша, неге жәбірлеуші оған қысым көрсетеді? (қызғаныш сезім, оның намысына тигісі келеді)

5. Жәбірленушіге көмек қажет деп ойлайсың ба? (Әрине қажет. Әңгімелесіп, ішкі ой сезімдерімен бөлісу)

6. Егер әңгімелесу көмектеспесе не істеу керек? (Ересектермен бөлісу, мұғаліммен, ата-аналармен, дау-дамайды басуға көмектесетін басқа ересектермен)

7. Егер жолдасың ашулы, көңіл-күйі нашар болса, қалай көмектесуге болады? (әңгімеге тартуға тырысу, оны не мазалап жүргенін анықтау, тыңдау, назар аудару, қолдау көрсету)

8. Мүмкін зорлық туралы бірден айтпау керек шығар, біраз күте тұру керек пе? (Зорлық туралы бірден айту керек, өйткені ол өрши түседі)


  • Менің отбасымда

Ата-аналарға Балаларға


  • Толғаныс

Немістің ұлы ақыны В. Гете серуенге шығарда қалтасына түрлі гүлдердің тұқымын салып шығып, шалғындардан, орманнан өткенде, тауға шыққанда гүл тұқымдарын сеуіп жүруді жаны сүйген. Оның жүрген жерлерінде мезгілі келгенде керемет гүлдер өсіп шығатын.

Гете сепкен гүл ме, әлде табиғи жолмен өздері көктеді ме, оны білу міндетті емес. Дегенмен сұлулық әлемі, әсемдік әлемі байыды. Сол сияқты дүниеде зорлық-зомбылық болмаса адам өмірі, адамзат дүниесі сұлу да әсем болар.

Әрине, бәрі біздің қолымызда.

Сіздердің ойыңызша зорлық-зомбылықты жою үшін...

(Ақ парақтарға ата-аналар оң қолын салып, балалар сол қолдың суретін салып өз ойларын жазады. Жазылған ойды ата-анасы мен баласы жұптасып алақандарын айқастырып оқиды. Әр оқыған жұп отраға шығып шеңбер жасап тұрады)



  • Жүректен жүрекке

(Барлығы қосылып оқиды)

Мен былай дегім келеді.

Әлемнің бір адамы ретінде

Ақ жүрегіммен сөз беремін

Өзіме, жанымдағыларға

Күннің шуағын, гүлдің нәзіктігін сыйлаймын.

Қараңғыны нұрландырамын,

Суықты жылытамын.

Дәл қазір маған қиын болғанмен жасымаймын,

Әр күні өзімнің жан дүниемді

Тазартуға тырысамын.

Менің жүрегім қуанышқа, махаббатқа,

Мейірімге бөленеді.

Келер күннің шұғылалы боларына сенемін,

«Мен зорлық-зомбылыққа қарсымын»,

Біз еліміздің бақытты отбасыларының біріміз.


Тәрбие сағатының соңында ата-аналар мен оқушыларға үлестіріп беріледі.

Жасөспірімдерге арналған кеңес

  • Үйден қашып кетпе! Егер үйдегі жағдай өте күрделі болса, мұғаліміңмен немесе өзің сыйлайтын адаммен сөйлес.

  • Бөгде адамдардың сені суретке түсіруіне ешқашанда жол берме, тіпті сені атақты етеміз және барлық атақты адамдар осылай бастаған десе де келіспе.

  • Ешуақытта бөтен адамдармен бірге көлікке отырма.

  • Өз досыңмен немесе өз тобыңмен ғана қыдыр.

  • Ата-анаңа достарыңмен бірге қайда жиналатындарыңды айтып отыр және жоспардың өзгергенін ескерт.

  • Бөтен адамдардың саған жанасуына жол берме. Жанасқан адамға ескертуге ұялма.

  • Егер бойыңды қорқыныш сезімі билесе, оның себебі бар, сондықтан ішкі сезіміңе сен.

Жаднама (жасөспірімге). Егер сен зорлық құрбаны болсаң, бірнеше ережелерді сақта:

1. Бейтаныс топпен сауық кешіне жиналатын болсаң, оған сенімді досыңды ертіп ал.

2. Сауық басталған уақытта барлығына қоштаспай кетпейтініңді ескерт. Егер біреумен кететін болсаң кіммен кететініңді достарыңа айтып кет.

3. Өзіңнің ішкі түйсігіңе сен. Егер психологиялық жайсыздықты сезінсең, бұл сенің қауіпті жағдайда тұрғаныңды түсінгенің.

4. Өзің үшін нақты шек қой: неменеге жол беріп, неменеге тыйым салатыныңды анықта.

5. Кез-келген жағдайда дұрыс шешім қабылдайтын қабілетіңді сақта.

6. Сізді сауық кешінен күтіп алып немесе алып кететін мүмкіндік болса, оны пайдаланыңыз (бұл сізге сенімділік беріп, өз әрекетіңе бақылау жасай аласыз). Жалғыз өзіңіз жеке меншік көлік қызметін пайдаланбаңыз. Бұл жағдайда шығарып салушыдан көліктің нөмірін жазып алуды немесе есте сақтауды өтініңіз.

7. Егер біреу сізге қадалып қараса және аш көздікпен барлап қараса; сіздің сөзіңізге мән бермесе, сіздің сезіміңізді елемесе; сізбен таныс болмаса да, өзін бұрынғы досыңыздай ұстаса САҚ БОЛЫҢЫЗ. Осы сияқты белгілерге назар аударсаңыз, сіз сауық кешінде ғана емес, басқа орындарда да өзіңізді зорлықтан аман сақтап қаласыз.

8. Егер сізді жайсыз сезімге қалдыратын, сезіміңізді елемейтін, дөрекі сөзбен немесе басқа да бір қылықтармен тұрпайылық танытқан адамға кез болсаңыз, онымен қатынасыңызды жедел үзіңіз.

Ата-аналарға кеңестер

1. ЖАҚСЫ ҮЛГІ КӨРСЕТІҢІЗ. Қорқыту, ұрып-соғу, психологиялық қысым көрсету, намысына тию және т.б. тәсілдер жағдайды оңтайлы шеше бермейді. Балаңыз Сізді үлгі тұтып, Сізден өз ашу-ызасын күш қолданбай басуға үйренеді. Шек белгілеңіз. Шектеулер қою арқылы зорлық көрсетпей, өзіндік тәртіпке, көңіл-күйін бақылай алуға үйретеді.

2. МЕКТЕПКЕ ЖИІ БАРУШЫЛАРДЫҢ ҚАТАРЫНДА БОЛЫҢЫЗ. Егер сіздің балаңыз дағдарыс тудыратын, өзін басқалардан кем сезінетін мәселеге тап болса, онда мектепке барыңыз. Мектеп қызметкерлері балаларды оқу мен жетілуге көмектесу қажет.

3. БАЛАЛАРҒА ТЕЛЕДИДАРДАН КӨРСЕТІП ЖАТҚАН ЗОРЛЫҚ-ЗОМБЫЛЫҚ ТУРАЛЫ АЙТЫҢЫЗ, үндемей сөндіріп тастамаңыз. Фильмдерде көрсетілетін зорлық-зомбылықтар – қызықтыру үшін, қоздыру үшін, көрерменді ұстау үшін қажет өнім екенін түсіндіріп, осындай фильмдегі жағдайларды өмірде қолданудың ешқандай жөні жоқ екенін айтыңыз.

4. «МЕН СЕНІ ЖАҚСЫ КӨРЕМІН» ДЕГЕН СӨЗДІҢ МАҢЫЗЫН БАҒАЛАҢЫЗ. Кез-келген жастағы балалар мейірімге, жақсы көруге, басынан сиап, арқасынан қағуға зәру. Олар «Мен сені мақтан етемін!» деген сөзді естігісі келеді.

5. ӨЗ БАЛАҢЫЗБЕН ЗОРЛЫҚТАР ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСІҢІЗ. Сізбен өз қорқынышы, ашуы мен реніші жайлы сөйлескісі келген ниетіне қолдау көрсетіңіз. Ата-ана өз баласының үрейін естіп, қызығушылығы мен сезімін бөлісуі тиіс. Балаңыздың қарым-қатынасын қадағалаңыз. Егер балаңыз зорлық көрсе, болған оқиғаға байланысты жайды кінәлаудан немесе ақтаудан аулақ болуға тырысыңыз. Уақытты пайдаланып, шындықты анықтап, содан кейін Сіздің көмегіңіз арқылы болатын зорлықтардан қалай сақтап қалуға болатынын ойланыңыз.



ӨЗ БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ

1. Қауіп төнген жағдайда балаңызға «Жоқ» деп айтуға құқығы бар екенін үйретіңіз.

2. Егер біреу оны ұстап алуға әрекет қылса, «Бұл менің анам емес!» (немесе «Бұл менің әкем емес!») деп қатты айқайлауға үйретіңіз. Бұл айналадағылардың назарын аударып, қылмыскерді қорқытуға септігін тигізеді.

3. Өз балаңыздың қайда баратынын, қашан келетінін, егер күтпеген жағдайда жоспар өзгерсе, телефоннан хабарлауға үйретіңіз.

4. Мектептен және балабақшадан балаңызды өзіңіз алып кетуге тырысыңыз. Егер басқа біреуді жіберетін болсаңыз, онда алдын-ала тәрбиешісіне немесе мұғаліміне ескертіңіз.

5. Беймезгіл уақытта балаңызды жалғыз жүргеннен гөрі, өзінің достарымен қыдырудың әлдеқайда қауіпсіз екенін сендіріңіз. Жалғыз өзі жүрген балаға қылмыскердің көзі түседі.

6. Үй телефонын және көмек көрсету телефондарын балаңыз жатқа білу

керек.


7. Балаңызды кем дегенде жылына бір рет суретке түсіріңіз, бұл балаңыз жоғалған жағдайда сыртқы ерекше белгілерін сипаттау үшін қажет.

8. Балаңыз болған жағдайды айта алатындай сенімді ата-ана болыңыз. Сіз балаңызды тыңдайтыныңызға, кеңес беруге, әрқашан да жақсы көретініңізді білуге тиісті және егер ол жоғалса немесе ұрланса, онда Сіз оны іздеуді ешқашан тоқтатпайтыныңызға сенімді болуы керек.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  • Ғаламтор материалдары

  • «Қазақ әдебиеті» журналы, 2008 ж. №11

  • «Мектептегі сыныптан тыс жұмыстар» журналы, 2010 ж. №2

  • «Тәрбие сағаты» журналы, 2007 ж. №6

  • «Тәрбие құралы» журналы, 2006 ж. №6

  • «Балалар ортасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және алдын ала сақтандыру» әдістемелік нұсқаулығы

  • «Жырлайды жүрек» М.Мақатаевтың өлеңдер жинағы


Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет