Терінің вирустық аурулары
Вирустық этиологиясы анықталған ауруларға: ұшықтар, сүйелдер, жұқпалы моллюск жатады.
Ұшықтар
Олар екі түрге бөлінеді: қарапайым ұшық (Herpes simplex) және белдеулі ұшық (Herpes zozter).
Қарапайым ұшық – шектелген, ісінген дақтардың үстінде ұсақ көпіршіктер пайда болады.Олардың көлемі тары үлкендігіндей, сұйықтығы мөлдір, бірақ кейіннен сәл лайланады, жиі – жиі орналасады.Көпіршіктер бәрі бір мезгілде пайда болады.3-4 күн өткен соң көпіршік жарылады да, эрозия түзіледі, бетінде жұмсақ сары бал тәрізді қабықтар пайда болады.Қабықтар бірте – бірте түсіп эрозиялар кілегейленіп, 6-8 күнде ешқандай өзгерістер қалдырмай жазылады.Ұшықтың бөртпесі қышиды, шаншиды, кейде ауырсынады.Ұшық жыныс мүшелеріне, бөкседе, тәннің ішкі бетінде, артқы тесіктің айналасында, әйелдерде үлкен және кіші жыныстық ернеуінде жиі дамуы мүмкін (Herpes qeuitalis).Кейде ұшық ауыз қуысының, үрпінің, жатыр мойнының, шырышты қабатында зақымдайды.Ұшықтық кератитте болуы мүмкін.Кейбір жағдайда қарапайым ұшық атипиялық түрде дамиды.Кейде көпіршіктерде сұйықтық жиналмайды және сыртынан қарағанда түйіншекке ұқсайды, бұл абортивті түрі.Қатты ісіну салдарынан, әсіресе кіші жыныс ернеуінде, көзге көрінбейтін көпіршіктерді жасырып қалады – ол ұшықтың ісінген түрі.
Қарапайым ұшық өзінен – өзі немесе басқа жұқпалы аурулармен бірге дамуы мүмкін.Бұл жағдайда ұшықтың дамуына себеп болатындар: жарақат, организмнің улануы, салқындап кетуі, психикалық өзгерістер.Иммунитеті төмендеген адамдарда қарапайым ұшықтың қайталануы мүмкін – ол рецидивті түрі.Көп герпетикалық ұшықтың қайталануы жиі байқалады: әйелдерде етеккірі келгенде, еркектерде жыныстық қатынастан кейін.Тағы бір көңіл аударатын жағдай ұшықтың безгегі(febris herpetica).Бұл түрі кенет, дене қызуы 39-40 дейін көтеріліп, қалтырап басталады, басы қатты ауырып менингиттің белгілері байқалады, жүрегі айнып, құсып сандырақтауы, уақытша есінен айырылуы мүмкін.Кей кезде бұлшық еттің ауруын, көздің қызаруын, лимфа бездерінің үлкейіп, ісіп, ауыруын байқауға болады.2-3 күннен кейін науқастың қызуы өте тез төмендейді, көңіл – күйі жақсарады бір немесе бірнеше ұшық ошақтары, көбінесе ауыз, мұрын айналасында түзіледі.
Этиологиясы.Қоздырғышы – эпидемиялық энцефалиттің вирусіне жақын фильтрленген вирус, тауық ұрығының хорион – аллантоис қабығында өседі.Бұл вирус жануарларға да қауіпті (қоян, теңәз шошқасы, маймыл, тышқан).Қоздырғыш көздің мүйізденген қабығы, терісі, ми ұлпасы арқылы жұғады.
Вирустардың жасырынып сақталатын жері – жүйке түйіндері.Жұқпалы иммунитетті арандатушы себептер:жедел тұмау, грипп, өкпе қабынуы, безгек, менингит, асқазан – ішек аурулары, етеккір, фокальдық жұқпа, дәрі – дәрмектердің әсері, психикалық жарақат.Қарапайым ұшық сүйіскенде, жыныстық қатынас кезінде де жұғып дамуы мүмкін.Мұндайда инкубация кезеңі 1 аптаға тән.Қазіргі уақытта ұшықты қоздырушы вирустың бірнеше түрі бар екені анықталды, біреуі жыныстық қатынас арқылы жұғады, екіншілері жаңа туған баланың жұқпалы ауруын, кейде генерализациялық түрінде және жатыр мойнының қатерлі ісігін тудыруы мүмкін.
Диагнозы. Ұшықтың диагнозын қою қиындық көрсетпейді. Тек жыныс мүшелерінде орналасқан жұмсақ және қатты шанкрден ажырату керек.Ұшықтың катты шанкрден айырмашылығы: ұсақ, шеттері иректелген, ортасында қатты сіңбесі жоқ, ашиды, ауырсыну болады және тез жазылады.Жұмсақ шанкрден айырмашылығы:теріні үстірт қана зақымдайды, қатты ауырмайды, орнында ешкандай із қалмайды.Басты ерекшелігі – микроскопиялық зерттеу арқылы байқалады.
Емі. Жаңа басталып келе жатқан бөртпенің әрі қарай жайылмауы және тоқтату үшін этил спиртіне батырылған тампон қояды немесе біраз уақыт әр 5-10 секунд сайын зақымданған жерге төмен (мұз) және жоғары температурамен (қайнап тұрған су) кезек әсер ету немесе хлорэтильмен мұздату керек.Ал көпіршік пайда болған кезде 2% спирттегі анилин бояуларының ерітіндісін немесе 2% йод ерітіндісін жағу керек.Эрозиялы және қабыршақты кезеңінде 2% оксалин, 3% теброфен, 50% интерферон, 0,5% риодоксол, флоренал майларын қолдану керек. Жалпы белгілері дамығанда кең ауқымда антибиотиктер қолданады. Қайталап тұратын ұшыққа герпетикалық поливакцина, аутовакцина егіледі, дезоксирибо – нуклеаза, бонафтон, метисазон, зовиракс, интерферон, гамма – глобулин, левамизол қолдануға болады.
Белдеулі ұшық.Ұшықтың бұл түрінде жеке жүйке жолдарының бойында айқын шектелмеген, әр түрлі көлемді қызғылт дақтар жедел шығып, оның үстінде іші мөлдір сұйықтыққа толы, аралары жиі – жиі орналасқан бір топ көпіршіктер пайда болады. Ошақтардың саны әр түрлі. Кейде ошақтар біртұтас сызықтар құрайды. Бөртпелер қышиды, шаншиды, ауырады, әсіресе жүйкесі.Кейде қызуы көтеріліп, әлсіздену байқалады. 6-8 күнде көпіршіктер кеуіп, бетіне қабық пайда болады, 15-20 күннен соі жазылады.Орнында пигментті дақ қалады.
Белдеулі ұшықтың бірнеше түрлері бар:
1)Абортивті түрі – қызғылт дақтардың үстінде түйіншіктерге ұқсас, кішірек шоғырланып орналасқан көпіршіктер пайда болады.Кейіннен беті қабықпен жабылады.
2)Тығыз орналасқан көпіршіктердің тобы қосылып үлкен көпіршіктерге айналады – буллездік түрі.
3)Көпіршіктердің іші қан аралас жалқықпен толады, кейде орнында тыртық қалуы мүмкін - геморрагиялық түрі.
4)Өте ауыр түрі – гангреналық.
5)Кейде жүйке жолында орналасқан белдеулі ұшықтың бөртпелері әр жерлерде қызылша, шешекке ұқсас өзгеше көпіршіктер мен түйіншектер шығады – генерализациялық. Өте жиі аймақтық лимфа түйіндері де шошынып, ауырады.Белдеулі ұшық кейде біржақты, кейде екіжақты болып орналасады.Ең көп тараған жерлері қабырға аралық жүйке жолы. Екінші орында үшкіл жүйке жолы.Алдымен қатты невролгиялық ауырсыну басталып, кейін маңдайдың, мұрынның терісі, көздің конъюктивасы қызарып, ісіп, көздері жасаурап, жарыққа қарай алмайды. Кейіннен эритеманың үстінде топталған қанды көпіршіктер түзіледі, кейде гангрена дамуы мүмкін. Көздің алмасы жиі зақымданады, қосымша ирит, жаралы кератит, торлы қабат аршылып, көздің алдына қан жинала бастайды. Көзі зақымданған кезде көру қабілеті біраз төмендейді. Жасы ұлғайған адамдарда невралгия көпке созылуы мүмкін.
Этиопатогенезі. Белдеулі ұшықтың қоздырғышы фильтрленуші вирус, қызылша, шешек вирусына ұқсастығын 1892 жылы Бокай анықтаған. Белдеулі ұшықпен ауырып жүрген адамның баласына шешектің жұғуы мүмкін. Көбінесе өзінен – өзі пайда болуы мүмкін, кейде басқа аурулардың асқынуынанда болуы мүмкін. Бұл ауру дамуына жарақат, салқындау т,б мәнбірлер әсерін тигізеді.
Диагнозы. Негізгі түрінде диагноз қою қиын емес. Ұзынша орналасып, ассимметриялық зақымдануы, әрбір ошақта көпіршікті мономорфты бөртпе, жедел және ауыр түрде басталуы осы ауруды басқа көпіршікті аурулардан айыруға мүмкіншілік береді. Herpes zozter opthalmicus бастапқы кезінде тілмеге ұқсайды, бірақ невралгиялық ауырсыну, дененің қызуы тілмеге қарағанда аса жоғары емес және эритеманың үстінде көпіршіктер пайда болуы осы диагнозды дәлелдейді.
Емі. Жалпы емге эметин 20 мл күніне 2 рет, гамма – глобулин, интерферон, дезок – сирибонуклеаза, анальгин, амидопирин, В1- витамині қолданылады.Пиококты жұқпа қосылған жағдайда кең ауқымды антибиотиктер қолданылады.
Невралгияда кейде пантопон, промедол беріледі. Бонафтон, зовиракс, таблетка немесе май ретінде қолданылады. Амиразин, адималь, риодоксол, хелепин деген вирусқа қарсы дәрілерді пайдалануға болады. Диадинамикалық ток, ультрадыбыс, кейін бөртпе кеткен соң невралгия сақталып қалған кезде УКС эритемалық мөлшерде және тиісті жүйкесіне новокаин блокадасын жасайды.2% анилин бояуларын немесе йод қолданады – көпіршікті кезеңінде, эрозиялық және қабықты кезеңінде 2% оксалин, теброфен 3%, 50% интерферон, 0,5% флоренал майларын қолданады.
Достарыңызбен бөлісу: |