Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кітап басу ісі



Дата28.06.2016
өлшемі37.5 Kb.
#163494
Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ кітап басу ісі

Тәуелсіздік идеялары қоғамдық өмірдің барлық салаларына зор шапшаңдықпен ықпал етті. Бұл қазақ елі үшін киелі тарихи өзгерістен еліміздің мәдени-рухани жүйесінің де тыс қалмауы түсінікті жәйт. Осыған байланысты республикалық мәдени салалар да жаңаша аталымдарға ие болды. Қазақстан Республикасы Президентінің алғашқы жарлықтарының (№413; 1991ж.) бірі бойынша Қазақ КСР Баспасөз жөніндегі мемлекеттік комитеті Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігіне айналды. 1991 жылға дейін елімізде 15-ке жуық кітап баспасы жұмыс істеді. Олар: «Қазақстан», «Жазушы», «Рауан», «Жалын», «Өнер», «Қайнар», «Ғылым», «Қазақ Энциклопедиясы», «Ана тілі», «Білім», «Балауса», «Қазақ университеті», «Санат», «Дәуір» сынды қазақ кітап басу ісінің тарихында өзіндік орны бар баспалар еді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қай салаға болмасын жеңіл болған жоқ. Қаржы тапшылығынан мемлекеттік тапсырысқа бөлінетін дотация шектеуге түсті. Бұрын баспаларға бөлінетін бір миллиарт теңге жүз миллион көлеміне қысқарған кездер болды. Кітап оқырмандарының саны күрт азайып, бағасы қымбаттап, кітап саудап жүйесі тарады. 1996 жылдың қазан айында «Қазақстан», «Жалын», «Қайнар», «Білім» баспаларын 1997 жылдар бастап жекешелендіру жайында министрліктің шешімі шықты. Аталған төрт баспаны алдымен жекешелендірудің өз себебеі бар еді. Басында ең тәжірибелі директорлар отырған, табысты баспаларды жекешелендіру- баспалардың мүлдем жабылып қалуының алдын алу шаралары болатын. Жекешелендірілген баспалар меншік түрін өзгертіп, жаңа нарықтық экономикаға бейімделуге мәжбүр болды. Олар бүкіл ұйымдастыру, шығармашылық бағыт- бағдарын қайта қарауға, жаңғыртуға, толықтыруға жұмыла кірісті. Ең алдымен жылдық тақырыптық жоспар аясын барынша кеңейтті. Негізінен оқырман оқырман талап- тілектерін, мүдделерін ескере отырып, тарихи, мәдени, этнографиялық, діни-философиялық әдебиеттерге ерекше көңіл бөлді. Алғашқылардың бірі болып жекешелендірілген 90 жылдық тарихы бар «Қазақстан» баспасы болғанын айтып өттік. Алайда тоқсаныншы жылдардың басында «Қазақстан» баспасы құрамынан заң әдебиетін шығаратын «Жеті жарғы», есеп-қисап әдебиеттерін шығаратын «Қаржы- қаражат» баспалары бөлініп шықты. 1998 жылы Ел үкіметінің орта мерзімді жекешелендіру жоспары бойынша «Қазақстан» баспасы аукционнан сатылуға тиіс болды. Сол жылы сәуір айының соңына қарай Мемлекеттік меншік комитетінің арнайы шешімі шығып, Алматы аумақтық комитеті үш рет аукцион өткізіп, 1998 жылы қараша айындағы аукционда баспаны Қазақстаннның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет»орденінің иегері Нұрмахан Оразбек сатып алды. Баспа жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып құрылды. «Бұл кезде баспада материалдық мүліктен қалғаны ескі үстелдер мен орындықтар, қолдан-қолға өтіп, әбден тозығы жеткен «Нива» машинасы ғана болатын. Есесіне баспаханаларға миллиондаған теңге қарыз. Оны төлеу сатып алушыға міндеттелді» деп еске алады баспа директоры. Қайраткер сол тұстағы ең бірінші міндет қызметкерлердің жалақысын дер кезінде беріп тұру, екіншісі - баспаханалардың қарызынан құтылу болғанын айтады. Аталған міндеттер ойдағыдай шешілді. Баспа сол тұста «Сорос» қорының әдебиет шығару жөніндегі байқауына қатысып, үш бірдей кітабын, қазақ тілінде шығаруға қол жеткізді. Сосын Президент мұрағатымен шартқа отырып, Ораз Жандосовтың екі томдығын, Армения елінің елшігінің қолдауымен Левон Мирзоянның бір томдығын шығарды. Баспа «Ғибратты ғұмыр» сериясымен басылымдар шығарып, оқырман сұранысын қанағаттандыра алды. Аталған серия аясында Нұрғиса Тілендиев, Герольд Белгер, Зия Сәмәди, Ебіней Бөкетов, Нәзір Төреқұлов туралы кітаптар шығарды. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша тендерді жеңіп алып «Әлемдік саясаттану антологиясы» және «Әлемдік әлеуметтану антологиясы» сынды сүбелі еңбектерді оқырманмен қауыштырып, іргелі еңбектер тындырды.

Тыңнан түрен салған төртеудің бірі «Жалын» баспасы 1998 жылы жауапкершілігі шектеулі серіктестік болып тіркелді. Тұманбай Молдағалиев, Қалдарбек Найманбаев, Бексұлтан Нұржекеев сынды алыптар басқарған мекеменің еңсесін нарықтың қыспағы да, дағдарыстың дауылы да түсіре алмады. Баспа өз жұмиысын жаңа заманның талабына сай жалғастыруда. Баспа «Әлем халықтарының ертегілері», «Түрік халықтарының ертегілері», «Жүз тұңғыш», «Жас толқын» атты тың дүниелердің жарық көруіне мұрындық болып, рухани мұра қоржынын толықтыру жолында аянбай еңбек етуде.

Жоғарғы және арнаулы орта білім беретін оқу орындары мен кәсіптік-техникалық білім беретін училищелердің оқушылары мен студенттерге оқулықтар мен оқу құралдарын шығаратын баспа болып құрылған «Білім» баспасы да алғашқылардың бірі болып жекешеленді. Жауапкершілігішектеулі серіктестікке айналып, өзін-өзі қаржыландырып келеді. Қазақстан баспа және полиграфия ісінің қайраткері Ж. Нұсқабайұлы басқаратын іргелі шаңырақ елімізде, шет елдерде өткізіліп жүрген көптеген көрме-жәрменкелерге ұдайы қатысып, марапатталып жүр. Баспадан еліміздің белгілі қоғам қайраткерлері мен ғалымдары, ақын-жазушылары мен саңлақ спортшылары, өнер адамдары туралы естелік кітаптары оқырман қауымның іздеп оқитын басылымдарына айналды. «Мұхтар Әуезов туралы естеліктер», «Ғабит Мүсірепов туралы естеліктер», «Құрманбек Жандарбеков туралы естеліктер», «Әлкей Марғұлан туралы естеліктер», «Күләш Байсейітова туралы естеліктер», «Қ. Бекхожин туралы естеліктер» сынды еңбектер тағылымы мол, танымы терең ғибратты дүниелер екенін ешкім жоққа шығара алмасы анық. Нарықтың қатаң талаптарына қарамастан аталған баспадан «Қазақстанның әскери энциклопедиясы» атты еңбек тұңғыш рет екі тілде төрт том болып шықты.

Жарылқасын Нұсқабайұлы әл-Фараби атындағы қазақ ұлттық университеті журналистика факультеті баспа ісі және редакциялау кафедрасында дәріс бере жүріп, жас баспагер-редакторлардың тырнақалды туындыларының жарық көруіне мұрындық болып, қол ұшын бергенін айта кетуіміз керек. Баспа ісі және дизайын кафедрасы студенттерінің «Іші алтын, сырты күміс», «Әуелде бастау қиын бұл шіркінді», «Үркер» сынды жинақтары да осы баспадан жарық көріп, жас қаламгерлер көңілін марқайтты.

Тәуелсіздік жылдарында «Қазақтың қолөнері», «Жылқы етімен емдеу», «Ағаштан жасалған бұйымдар», «Жүннен тоқылған бұйымдар» сынды тақырыбы тартымды этнографиялық басылымдар шығарған «Қайнар» баспасын да ешқандай нарық әсер ете алмады. «Ауыл кітапханасы» атты серия ашып, ауыл тақырыбына арналған үздік шығармаларды бастыруды қолға алды. Р. Нұрғалиевтың «Дегелең дерті», М. Байғұтовтың «Ауыл әңгімелері», Т.Әбдіковтың «Әке», Ғ.Қайырбековтың «Ата мекен» кітаптары оқырманға жол тартты. Нарық талаптарына сай баспа үнемі ізденіс үстінде. Олар альбом-кітаптар шығарып, өнімдері кітап көрмелерінде жүлделі орындарды иеленді.

У. Шекспир «Кітап маған тақтан да қымбат» деген екен. Қазіргі ақпараттық технологиялар дамыған, қым-қуыт жаһандану ғасырында рухани сырласыңыз, адам жанының тәрбиешісі тек кітап қана бола алады. Электронды кітаптың өрісі кеңейеді, баспа кітаптың тынысы тарылады деген пікір де жоқ емес. Алайда, адам ағзасына ешқандай зияны жоқ, рухани әлемін нұрландыратын баспа кітаптан, озық технологияның отаны саналатын жапондарың да қол үзген жоқ, қол үзбейді де.

Қазір елімізде 282 баспалармен баспа ісімен айналысатын мекемелер бар. 142 әмбебап баспа, 60 жоғарғы оқу орындарының баспалары, 20 ғылыми-зерттеу мекемелері мен 14 қоғамдық ұйымдар баспалары бар. Мемлекеттік тапсырыспен 432 аталым кітап жарық көрген, оның 47 аталымы - саяси әдебиеттер10.8% 126- 29% Қазақ баспалары кітап шығармай жатқан жоқ, кітап таратпай отыр. Қала берді 13 пайыз қосымша құн салығы тағы бар.

Баспагер ағаларымыз кітаптарының өтпейтінін жиі айтады. Иә, кітап оқылымының төмендеп кеткендігі өтірік емес. Алайда, қазақ оқырманы баспалардан қандай кітап шығып жатқандығынан хабарсыз. Кітапқа жарнама жоқ. Ертеңгі оқырманды бүгін тәрбиелеуіміз керек. Кітап жәрмеңкелері, көрмелері, авторлармен кездесу сынды шараларды ұйымдастыру арқылы ажс жеткіншектерді кітап оқуға баулуға енжар қараймыз.

Қазақ кітап басу ісіне мемлекеттік қолдау қажет-ақ. Экономикалық дағдарыс, рухани дағдарыстың жанында түк емес екенін түсінетін уақыт жетті.


Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық

университеті журналистика факультеті,



баспа ісі және дизайн кафедрасының

аға оқытушысы Мәрия Майлықұтова

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет