«Балалар әдебиетінің бәйтерегі» /Әдеби кеш/ 1 – жүргізуші



Дата16.06.2016
өлшемі46.5 Kb.
#138384
«Балалар әдебиетінің бәйтерегі»
/Әдеби кеш/

1 – жүргізуші:

Қазағымның Арқадай даласында,

Қасиетті Ертістің жағасында.

Бір мекен-жай қиядан баурап алып,

Қалар мәңгі ұрпақтың санасында.

Ойын-күлкі, әзілді аңыратқан,

Жүздерінен шуақты жалын атқан,

Балалардың сусындар бал-бұлағы,

Туып жатты-ау сонау бір шаңырақтан.

Ол жырларда бөбектің үндері бар,

Тапқырлық пен алғырттық, әділеттік,

Кейбір содыр тентектің міндеті бар.

Ол жырлардан жақсыны сезінерсің,

Жамандықтан жеркеніп безінерсің.

Өзіңді-өзің айнадан көргендей-ақ,

Кейбір қиқар мінезбен кезігерсің.

Ой артынан туындап тағы бір ой,

Жетелейді ілгері сабырлы бой,

Аңқылдаған ақынның мекен-жайы

Балалардың кәдімгі ауылы ғой.

Сайран салып, Мүкеңнің жыр бағында

«Жүрген анау – дерсің-ау, кім тағы да?» -

Бұл ауылға ылайым соқпай кетпес

Еліміздің ертеңгі ұрпағы да!

А. Шамкенов, ақын,

Дж. Неру атындағы

халықаралық сыйлықтың лауреаты
Республика көлемінде танымал Ертіс жерінің тумасы, ақын, жазушы, журналист, публицист, ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, Қазақстан Республикасының Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстан Республикасының Журналистер одағының мүшесі Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалиновтың шығармашылығына арналған «Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кешке қош келдіңіздер.

2 - жүргізуші:

Ақынның балалық та, жастық та шағы қазақ елінің басына не бір нәубет төнген жылдарға тұспа-тұс келген, Мүбәрак ағамыз 1924 жылы Павлодар облысы Железинка ауданының Тәттімбет ауылының тумасы болғанымен, балалық және жастық шағы аштықтың зардабынан босып көшкен ата-анасымен бірге 1931 жылы Новосібір облысына көшіп кетеді. «1934-1937 жылдар аралығында семьямыз Қазақстанға көшіп келіп, қайтадан Сибирьге қоныс аударды. Қазақ мектебінде мен екі-ақ жыл оқыдым. Бірақ әкем – Кәрім икемді жан еді. Маған тақпақтарды көп жаттататын, өлең жазудың құпиясын да үйреткен. Көбінесе арнайы тақырып беріп, өлең жаздырып, тыңдауды ұнататын», - деп жазады ақын Мүбәрак Жаманбалинов. Ауданда 8 класты бітіріп, 1939 - 1941 жылдары орта ауылшаруашылық Ординск мектебінде оқыды. Машина трактор станциясында учаскелік агроном болып жұмыс істеді.



1 – жүргізуші:

Елуінші жылдары Новосибирь облысы, Чаны ауданының Забылғы ауылында бастауыш мектепте мұғалім болып қызмет істеген Мүбәрак Кәрімұлы өлеңдерін жүрек қалауымен табиғи қалпында жазған екен. Бір сыныпта жетіден он бір жасқа дейінгі аралықтағы балаларды топтап оқытқан ұстаз кітаптың жетіспеушілігінен әр жастағы балаларды өзінше сөйлеуге талпынған, әрбір топқа жекелей-жекелей жырлап топтамасын жазған. Бала кезінен әкесінің талабымен өлең-ертегілерді жаттап өскендіктен өзі де өлең құрастыруға қара жаяу емес жас мұғалім еңбек жолын шабытпен бастапты.



2 – жүргізуші:

1958 - 1990 жылдары ақын Павлодар облыстық «Қызыл Ту» газетінің Ертіс, Краснокутск, Железинка ауданыңдағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Газеттің беттерінде облыстың өркендеуі үшін, ана тіліміздің өзекті мәселелері, тіл туралы ой-түйіндер, мектеп проблемаларын, халықты толғандыратын мәселелерді көтеріп, шешімін таппай жатқан проблемаларды жазады.



1 – жүргізуші:

Ақын Мүбәрак Жаманбалинов балалар ақыны ретінде шығармашылы-ғымен ұлттық әдебиетке үлес қосты, журналист ретінде ел өміріндегі талай өзекті мәселелерді көтерді. Одан соң Ертіс өңірінің тарихын жан-жақты зерттеп, зерделеуге ден қойды, айтылмай келген ақиқаттар – құнды еңбектері, «Ертіс ауданының тарихы», «Әйгілі аудан ертісім» кітаптары жарыққа шықты, азамат ретінде қоғамдық істерге араласып, бірқатар маңызды мәселелердің шешімін табуға қомақты үлесін қосты.

(Ақын М. Жаманбалиновтың сөзіне жазылған «Ертісім – менің ауданым» әні орындалады. Әні: Н. Дүкенбаевтікі)

2 – жүргізуші:

Ақын Тұманбай Молдағалиев Мүбәрак Жаманбалинов жайлы ойын былай білдірген: «Өлең бәйгесіне елуінші жылдары Мүкендей талантты ақынмен қатар келгенімді мақтаныш көремін. Мүбәрак Жаманбалинов сол жылдардан бері бірыңғай балаларға жазып келеді. Жасыратыны жоқ, бүлдіршіндерге өңкей жақсы жыр сыйлап келе жатқан үздік ақынымыз. Мен әріптес ағамның жырдағы табысына әрдайым қызыға қараймын. Қуаныш көріп, табысын насихаттап, арнайы мақала да жазғанмын. 1950-1980 жылдар аралығындағы қазақ балалар поэзиясы әңгіме болған сәтте Мүбәрак Жаманбалинов есімі айрықша құрметпен аталуға тиісті. Ол – қазақ совет балалар әдебиетінің көрнекті өкілі».



1 – жүргізуші:

Бір тамыры тереңдегі ауыз әдебиетінде жатқан, бір тамыры бүгінгі балалар әдебиетінен нәр тартқан Мүбәрак Жаманбалиновтың өлеңдері бұл күндегі балалардың аузында, оқулықтардың бетінде. М. Жаманбалинов көркем әдебиетпен елуінші жылдардың бас кезінде әуестене бастады. 1953 жылы «Қазақстан пионері» газеті мен «Пионер» журналына алғашқы өлеңдері жарық көрді.



2 – жүргізуші:

Ақынның таңдамалы өлеңдерінің бір томдығы алғаш рет 1974 жылы «Балғын гүлдей балақан» деген атпен балаларға арналған өлеңдерінің таңдамалары жарыққа шықты. Бұл кітапта тұңғыш өлеңдер жинақтары енгізілген. Мысалы: «Айна бұлақ» (1956 ж), «Сәлем» (1962 ж), «Ертіс лебі» (1963 ж), «Кішкене достарға» (1965 ж), «Менің інім» (1970 ж), «Батыр ұстаз» (1972 ж). М. Жаманбалиновтың өлеңдері табиғатқа, жыл мезгілдеріне, анасына, ұстазына, оқуға байланысты болып жазылған. Ақынның өлеңдері қырғыз, түркімен, өзбек, латыш тілдеріне аударылған.

Мүбәрак Жаманбалиновтың «Жауқазын» атты таңдамалылар жинағына өлеңдер, поэмалар, ертегі-аңыздар, мысалдар, жұмбақтар, жаңылпаштар енгізілді.

( «Бәйшешек» өлеңі оқылады

«Ана тілін сыйлайық!» өлеңі оқылады.)

1 – жүргізуші:

Мүбәрак Жаманбалиновтың «Күж жалмауыз бен Білек батыр», «Батыр ұстаз» поэмалары – балалар эпикалық жанырына қосқан ірі туындылары. Оқиға күрделілігі, образ сомдығы, қосөрім сюжет, қилы-қилы тартысты «Күж жалмауыз бен Білек батыр» - қазақ балалар әдебиетіндегі сирек құбылысқа бағаларлық жауһар туынды.



(«Күж жалмауыз бен Білек батыр» ертегісі оқылады.)

2 – жүргізуші:

«Батыр ұстаз» поэмасы Кеңес Одағының батыры Серікбай Мүткеновке арналған. Поэмада Серікбай мұғалімнің Отан соғысы кезіндегі жан қиярлық ерлігі, елге деген сүйіспеншілігі шабытпен жырланады. Бала жанын тербетіп, батырлықпен бауырлыққа шақырады. Бұл поэма әкелер қаһармандығын ардақтай жалғастыруға шақырар шығарма.



( «Батыр ұстаз» поэмасынан үзінді.)

1 – жүргізуші:

Қарапайым, сабырлы, ақкөңіл, жеке басының кісілігімен, жүрек жылуымен төңірегін нұрға бөлеген ардақты азамат – ақын Мүбәрак Кәрімұлы Жаманбалинов еңбегі лайықты бағаланған. 1958 жылы КСРО Журналистер одағының, 1970 жылы КСРО Жазушылар одағының мүшелігіне қабылданды. 1987 жылы Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген мәдениет қызметкері құрметті атағына ие болды.



2 – жүргізуші:

«Балалар әдебиетінің бәйтерегі» атты әдеби кешті викториналық сұрақтармен жалғасады.



Сұрақтар:

1. Ақын М. Жаманбалинов қай жылы, қай жерде дүниеге келген?

2. Мүбәрак Жаманбалиновтың балаларға арнап жазған шығармаларын білесіздер?

3. Жазушының «Айнабұлақ» кітабы қай жылы жарық көрді?

4. М. Жаманбалиновтың тұңғыш өлеңдері қандай газет, журналға шықты?

5. 1939 – 1941 жылдары қай мектепте оқыды?

6. Жазушының балаларға арналған поэмаларын атаңыздар.

7. Ақынның «Балғын гүлдей балақай» атты бір томдық таңдамалы өлеңдері қай жылы жарық көрді?

8. Қай жылы М. Жаманбалинов КСРО Журналистер одағының атағына ие болды?

9. «Ертісім - менің ауданым» әнінің сөзін кім жазды?



Жауаптар:

1. 1924 жылы Павлодар облысы Железинка ауданы Тәттімбет ауылы

2. «Жаңбыр», «Шегіртке», «Аяз ата», «Әріп қатесі», «Балбұлақ», «Күж жалмауыз бен Білек батыр» өлеңдері мен ертегісі

3. 1956 жылы

4. «Қазақстан пионері», «Пионер» газеттері

5. Ординск мектебінде

6. «Есер ханның өмірі мен өлімі», «Күш жалмауыз бен Білек батыр», «Ақын бала», «Батыр ұстаз»

7. 1974 жылы

8. 1958 ж

9. Мүбәрак Жаманбалинов



Құрастырған: Санатова Б.Ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет