Тұңғиық тарихымызға тереңірек үңілейік.
И.Әбдікәрімов атындағы Қызылорда аграрлық
техникалық колледжінің
оқытушысы Төлеш Жаңабатыр.
Қазақ хандығының құрылуы, ХV ғасырдың ортасындағы Шығыс Дешті Қыпшақ аймағында болған саяси өзгерістермен байланысты екендігі белгілі.Тарих сахнасына Қазақ хандығы деген атаумен мәлім болған жаңа мемлекеттің құрылуы, ежелгі заманнан келе жатқан этносаяси ,мәдени–рухани,әлеуметтік-экономикалық үдерістердің қорытындысы деуімізге әбден болады.Осы ретте Қазақ хандығының тарихына байланысты деректерді саралап зерттеу, ғылыми жағынан баға беру, мәліметтерді жинақтау жұмыстары бәрімізге кезек күттірмес міндеттерді жүктейді.
Қазақ хандығының тарихына байланысты деректер әлі күнге дейін бір жүйеге келтірілген жоқ.Бізге белгілі тарихи жазба деректер қоры мол деп айтпасақ та, мүлдем жоқ деп те айта алмаймыз.Қазақ хандығының тарихы жөнінде бірінші кезекте ауыз толтырып айтар тарихи шығарма, ол- әрине Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарихи Рашиди » деп аталатын еңбегі.Мұнан бөлек ХV ғасырда жазылған Әбдіразақ Самархандидің «Матлағ ас-сағдайн ва маджлағ» (Екі бақытты жұлдыздың шыққан және екі теңіздің түйіскен жері) атты еңбегінен қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты құнды деректерді алуға болады. «Государство кочевых узбеков» деп аталатын еңбектің авторы Б.А Ахмедов, өз шығармасына осы самархандидің еңбегінен мәліметтер пайдаланған.
Қазақ хандығының тарихына байланысты деректерді ой сүзгісінен өткізе отырып, «Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек хандарды тарихи тұлға ретінде тани алдық па?» деген сұрақ туындайды.Жалпы ХV-ХVIII ғасырлардағы қазақ хандығына байланысты тарихи шығармалар әр түрлі тілдерде,үзік-үзік,шашыраңқы жағдайда Европа,Қытай,Иран,Түркия,Ресей мұрағаттарында бар екендігін білеміз.Қазақ хандығын құрған Керей хан туралы деректер баршылық бірақ оның өзіне байланысты жеке өмірі мен тұлғалық қасиеттеріне байланысты деректер өте аз.Тарихи деректерде Герей,Гирей,Кирай,Керей деген есіммен кездесетін Керей сұлтанның есімінің мағынасы моңғолша «герей» яғни лайықты ,құқылы деген мағынада қолданылады.Араб,парсы тілінде жарияланған деректерде герей сөзі кездеспейтіндігін назарда ұстасақ, Герей-бұл моңғол тіліндегі мағынаның дұрыс алынғандығын айтуымыз керек. Керей ханның арғы атасы Жошының ұлы-Орда Еженнен бастау алып,Сасы –бұқа,оның ұлы Ерзен,оның ұлы Шымтай оның ұлы Орысхан болып жалғасады.Орыс ханның ұлы Тоқтақия,оның ұлы Анике-Болат.Ал Орыс ханның кіші ұлы Қойыршақ,Қойыршақ ұлы Барақ.Барақтан төрт бала: Саадат-бек деген қызы,Әбу Сайд,Мир Қасым,Мир Сайд деген үш ұлы болған.Осы Жәнібек ханның шын есімі-Әбу Сайд.
Х-ХIII ғасырларда қыпшақтардың хандық билік дәстүрі бойынша билік әкеден балаға емес,әкеден ініге ауысатындығына байланысты Керей хан он жылдай билік басында болып кейін билікке Жәнібек хан келеді.Жәнібек хан туралы біршама деректер бар.Қадырғали Жалайри,Әбілғазы,Хайдар Разидің еңбектерінде Жәнібек хан Қазақ хандығының негізін қалаушы ретінде сипатталады.Қытайдың Мин патшалығының хронологиялық жазбаларында Керей мен Жәнібек хан туралы деректер бар.1369-1644 жылдарда Қытайды билеген Ми-Ши-Лу әулетінің жазбаларында Жәнібек ханды «Чже-ни-бе» деп жазып қалдырған.Бұл жазбаларда кісі аттары қытай тілінде жазылғандықтан бұл деректер әлі де зерттеуді қажет етеді.Біз Керей мен Жәнібектің Қазақ хандығын құрған ұлы тұлғалар екендігін білгенімізбен соңына ерген халыққа қорған болатын тағы қандай батырлар болды,қандай дана шешен билер болды, ол туралы деректер жоқ деуге болады.Халық ауыз әдебиетінен білетініміз Асан Қайғы.Ал тарихи жазба деректер Асан Қайғы туралы не дейді,мәлімет аз оны мойындауымыз керек.
Қазақ хандығының шекарасын Еділ,Жайықтан бастап Балқашқа дейін кеңейткен бүкіл Евразия даласына аты шыққан Қасым хан туралы деректер де жеткіліксіз.Қасым хан тұсында Қазақ хандығы күшейіп,халық саны 1 миллионнан асқан.Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы туралы поляк тарихшысы Матвей Меховский (1457-1523жж) латын тілінде жазылған «Екі Сарматия туралы трактат» деген өз еңбегінде мәліметтер келтірген.
Атақты билеуші Захир Ад-дин Бабыр өзінің «Бабырнамасында» Қасым ханды ерекше атап өтеді.Cыр бойындағы қалалар үшін ұзақ соғысқан қазақ хандары ішінде Қасым ханның орны ерекше. Себебі 1510 жылы Қасым хан әскері Мұхаммед Шайбаниді күйрете жеңеді.Осы шайқастан соң Сырдария бойындағы қалалар түгелімен Қазақ хандығына қосылады.Бірақ осы шайқаста қазақ батырларынан кімдер болды? Ол туралы тарихи деректер бар ма?Бұл шайқастың тарихи маңызына қандай баға беруге болады? Мұны алдағы уақытта анықтаған дұрыс.
Қазақ хандығы тарихындағы тағы бір маңызды шайқастың бірі - Орбұлақ шайқасы.1643 жылы Салқам Жәңгір хан мен Жалаңтөс бахадүр бастаған қазақ әскері ойраттарды күйрете жеңеді.Тарих ғылымының докторы В.Галиев «Хан Жангир и Орбулакская битва» деген кітабында Орбұлақ шайқасы туралы біршама құнды деректер берген.
Бұл кітаптағы Ильин мен Кучембердейко Тобыл әскербасы Куракинге жазған мәлімдемесінде : «Батұр қонтайшы 50 мың қолмен аттанса,қазақ қолы 600 адам болды,ал оған Жалаңтөс батыр 20 мың қолмен көмекке келді» деп жазады.Ал Қазыбек бек Тауасарұлы «Қалмақтың 50 мың қолына Жәңгір бастаған 700 батыр оқпана қазып,қарсы тұрды» деп жазады.Сонда мынадай сұрақ туындайды. Қалайша Үш жүздің ханы Жәңгір, бар болғаны 600-700 адамнан тұратын ғана әскер жасақтағаны ма, бұл шындыққа жанаса ма? Жалаңтөс бахадүр 20 мың әскер көмекке келген шығар бірақ қазақ жасақтарының саны 600 адам ғана болғаны ма? Бұл мүмкін тек ор қазатын арнайы жасақ саны шығар.Тарихи деректер жеткіліксіздігі осы жерде көрініп тұрған жоқ па?Ор қазу жұмыстары мен әскерге Қарасай батыр басшылық жасайды.Жалпы қазақ әскерінің ор, оқпана қазып соғысуы сирек болған.Шамасы 50 мың қалмаққа қарсы соғысуға әскер саны аздық еткендіктен осылай жасаған шығар.Солай болғанда да үлкен бір елдің ханының соңынан 600 адам ғана ерді дегенге сену қиын.Әлиасқар Байғұтұлының шежіресі негізінде тарихшы Асан Тұрабаевтың жазуынша,бұл шайқасқа Алатау батыр қырық мың қолды бастап келеді. Бірақ жасының ұлғаюына байланысты соғысқа араласпай ақыл-кеңес берген.Бұл шежіренің шындыққа келіңкіремейтін жері,осы шайқаста Салқам Жәңгір хан қалмақтың жас батырымен жекпе –жекке шығып, содан қаза табады.Осы шайқасқа келген Қарасай батыр,Көкі батыр,Жаманбай батыр тұрғанда неліктен Жәңгір хан жекпе-жекке шығады?
Осы сияқты тарихи оқиғаларды зерттеуде көбіне тарихи деректер жетіспегендіктен нақты мәліметтер,фактілер бұлыңғыр тартып, қателіктерге жол беріліп жүр.Соңғы кездері еліміздің тарихына байланысты жаңа деректер табылып жатыр.Мысалы, жақында ғана Қазақ хандарының Осман империясымен 1520-1525,1548-1551,1568-1569 жылдары байланыс орнатуға әрекет жасағаны белгілі болып отыр.Мемлекеттік тарих институтының директоры,профессор Бүркітбай Аяғанның мәлімдеуінше жақында Ватиканнан ХVI ғасырдағы Қазақ хандығының картасы табылған.
Ал «Қазақ елі» деп аталатын жаңадан түсіріліп жатқан көркем суретті фильмнің сценариі белгілі жазушы Ілияс Есенберлинннің «Көшпенділер» трилогиясынын негізінде жасалғандығын ескерсек, алдағы уақытта көрерменге ұсынылғалы отырған бұл фильмнің нағыз тарихи картинаға айналарына сеніміміз мол.Себебі Ілияс Есенберлин өз еңбегіне Марко Поло,Масуд Бен Осман Кухистани,Камал-ад-дин Бинай,Захир ад-дин Бабыр,Әбілғазы,Қадырғали Жалайри шығармаларындағы деректерді пайдаланған.Қазақ хандығының тарихына байланысты құнды деректерді шетел мұрағаттарынан алдыртып, өз тарихымызға қажетті мәліметтерді пайдалану келешекте атқарылар маңызды шаралар екеніне көз жеткізіп отырмыз.Осы бағытта еліміздің зиялы қауымының атқарар міндеті, әрине, зор болмақ.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Б.Нұржекеұлы «Жәңгір хан және Қарасай батыр». «Егеменді Қазақстан» газеті.№190,6-қазан 2015ж
2. Ж.Жақсығалиев «Әз Жәнібек хан: аңыз бен ақиқат» «Егеменді Қазақстан» газеті №148,6-тамыз.2015ж
3.И.Кенжеахмет «Жұрттың көпшілігі Керей хан мен Жәнібек ханның жанына кетіп қалды» . «Егеменді Қазақстан» газеті. №171,9-қыркүйек 2015ж
4.Б.Кәрібаев «Алмас қылыш және Қазақ хандығы» «Егеменді Қазақстан» газеті.№190,6-қазан 2015ж
5. С Әмрбекұлы «Қазақ хандарының дипломатиясын да оқытқан дұрыс» «Айқын» газеті №170,12-қыркүйек.
Достарыңызбен бөлісу: |