ТІЛ ДАМЫТУДЫҢ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ НЕГІЗІ
Кудыкенова Ж.М.
М.Жұмабаев атындағы Петропавл гуманитарлық колледжі
Тіл дамытудағы негізгі мәселе – сөздік қорды байыту. Әдеби тілде сөйлеу үшін адамның сөйлеу дағдысы болу жеткіліксіз, ол үшін тағы да бай сөздік қор керек. Сөйлеушінің сөйлеп тұрғанда кідіріс жасауы керек сөзді ойша іздеуімен байланысты екені белгілі. Кідіріс жиі болса, ол адамды тыңдау қиын, тыңдаушыға әсері шамалы. Сөздік қордың жетімсіздігі сөзді орынсыз қолдануға да мәжбүр етіп, сәтсіздік туғызады. Бұл қолайсыз жағдайлардың бәрі сөздік қордың жеткіліксіздігімен байланысты. Ал мұндай жағдайлар оқушылар арасында жиі кездеседі. Ш.Сарыбаев оқушылар тіліндегі кемшіліктің бір себебі сөздік қордың кедейлігі екендігін айта келіп, «сөз қорының кедейлігінен кейбір оқушылар (мұны әсіресе емтихан үстінде байқап жүрміз) сөйлегенде сөз таба алмай, кібіртіктеп қалатындығын» ескерткен [1, 88 б.].
Сөздік қор – тілдің лексикология саласының бір мәселесі. Сондықтан сөз, сөз мағынасы туралы лексикология ғылымының деректерін басшылыққа аламыз. Өйткені, олардың бәрімен сөздік жұмысында кездесеміз. Жеке адамның сөздік қоры тілдің лексикасының біраз бөлігі ғана. Тілдің лексикасының қаншалықты байығаны, жетілгені сөздік құрамындағы сөздердің санымен де, мән–мағынасымен де өлшенеді. Демек, оқушының сөздік қоры меңгерген сөздерінің санымен де, мән–мағынасымен де белгілі болады.
Сөз көп мағыналы тілдік бірлік болғанымен, бірақ бір сөйлемде, бір қолданыста сөз бір мағынада ғана қолданылады. Олай болса, сөз мағынасын білуге, сөз мағынасын ажыратуға оқушы үйретіліп, сөзді сөйлеуде орынды қолдануға жаттықтырылуы керек. Ал шаршы топ алдында сөз сөйлеу тіліне қойылар талаптарды ғалым А.Қыдыршаев былай жіктейді: 1) дұрыстығы; 2) қысқалығы; 3) эмоциональдығы; 4) байлығы (лексикалық, фразеологиялық, интонациялық); 5) түсініктілігі мен дәлдігі [2, 12 б.].
Біздің тіліміз – омоним сөзге де, омоним қосымшаға да бай тіл. Бұл оқушыларға үлкен қиындық келтіріп жүргені белгілі. Оларды ажырату үшін теорияны білу аз. Ол үшін үздіксіз жаттығу, дағдылану жұмыстары жүргізілуі тиіс. Ол дағды тіл дамыту жұмыстары арқылы қалыптастырылады. Ал, омоним сөздер мәтінде де, ауызекі тілде де кездеспей қоймайды, өйткені олар тілде өте көп. Мысалы, терме тыңдаудан жалықпайды, жерге түскен жемістерді терме, дегенде «терме» сөзінің омоним екені белгілі, ол бірдей жазылғанымен, беретін мағыналары әртүрлі. Мұндай сөздер тілімізде өте көп. Мысалы, ай–жерді, күнді айналатын аспандағы планета, ай – мезгіл (он екі ай); жабағы – алты айдан асып, бір жылға толмаған құлын, жабағы – қыстан қалған ескі жүн; қыс – жыл мезгілі, қыс – етістік; қас – бет мүшесі, қас – дұшпан, қол – мүше, қол – әскери топ т.б.
Омоним сөздерді түсінудегі бір қиындық–оқушылар көбіне омоним сөздер мен көп мағыналы сөздерді шатастырады. Өйткені омоним сөздер де, көп мағыналы сөздер де дыбысталуы жағынан бірдей болып келеді. Сондықтан оқушылар тілін дамытуда омоним сөздер мен көп мағыналы сөздердің ерекшеліктеріне баса мән беріп, олардың ара жігін ажыратқызып, дағдыландыру керек. Демек, сөздік қорды байытуда омоним, көп мағыналы сөздерден қашпау керек. Оларды әр түрлі қолданыста алып, ажыратудың жолын тәжірибеде үйретіп, оқушылардың өздері еркін қолданатын дәрежеге жеткізу керек.
Тілді дамыту мақсатында омоним сөздерді қолданыста пайдалану дағдыларын қалыптастыруды тапсырма, жаттығулар арқылы ұйымдастыруға болады. Мәселен, оқулықтарда тіл дамыту мақсаты қарастырылмағандықтан, өз тарапымыздан жаттығулар құрастырдық. Енді солардың кейбіреулерін көрсетелік:
– қазақ тілінің түсіндірме сөздіктерін пайдаланып, берілген зат есімдерге омоним болатын сөздерді тауып жазып, түсінік беру және сөйлем құрастыру;
– бір–біріне омоним болатын сөздері бар өлең шумақтарын тауып жазып және омонимдердің қай сөз табына жататындығын айтқызу;
– қазақ тілінің омонимдер сөздігінен әрі зат есім, әрі сын есім болатын омонимдерді тауып, сөйлем құрастырып жаздырту.
Осындай бағыттағы тапсырмалар арқылы омоним сөздермен сөздік қорлары жетілуіне септігі болды. Осылайша морфологияның әр мәселесіне қатысты сөздік қорды толықтыратын сөздерді мағыналық топтарына қарай бөліп, тапсырмалар соған сай берілсе, оқушылардың сөйлегенде сол сөздерді пайдаланып, сөздік қорлары молаятындығы байқалды.
Сол сияқты антоним сөздерге де көңіл бөлу керек, өйткені ол сөйлеген сөздің әсерлі шығуына септігін тигізеді. Ғалымдар Ә.Болғанбайұлы мен Ғ.Қалиұлы «Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы» атты оқулығында «Антонимдер өзара алшақ қарама–қарсы ұғымды білдіретіндіктен, бұлардың әр сөз табына қатысы нақ бірдей емес, ала–құла деген сөз. Бір сөз табы антонимге соншама бай да, енді біреулері соншалықты кедей, не болмаса тіптен кездеспеуі де ғажап емес. Қазақ тілінде антонимдер көбіне – көп сын есімдерден болады, онан соң етістіктер, зат есімдер, үстеулерден азды–көпті кездеседі. Ал қалған сөз таптарынан жасалған антонимдер тым тапшы, жоқтың қасы»,–деп көрсеткен [3, 121 б.].
Антоним сөздер заттардың,құбылыстардың ерекшеліктерін нақты,дәл көрсетуде үлкен қызмет атқарады. Сондықтан антоним сөздерге морфологиялық мақсатта алынған көркем мәтіндерден антоним сөздерді тапқызып отырған жөн.
Бірақ қарама–қарсы мағынаның бәрі антоним бола бермейтіні де есте болу керек. Мысалы, таулы жер – таусыз жер, көк–көк емес т.б. Бұл ерекшелікті Ж.Мусин: «Логикалық қарама–қарсылық кез келген ұғымдар арасында бола береді. Логиканың тұрғысынан алғанда, кез келген ұғымды жоққа шығаруға (тас–тас емес, кітап–кітап емес) немесе оны кез келген басқа бір ұғымға қарсы қоюға болады (темір–металл, бұл темір емес–ағаш). Антонимдік қарама–қарсылықтың логикалық қарама–қарсылықтан бір айырмашылығы осында»,–дейді [4, 8 б.].
Жалпы тілдің сөздік қорының байлығының бір көрсеткіші – синоним сөздер. Қазақ тілі – синонимдерге өте бай тіл. Синоним сөздерді көп білу – жеке адамның да сөздік қорының бір ұтымды көрсеткіші болып табы– лады. Сондықтан оқушы тілін дамыту үшін синонимдерді тақырыппен байланыстыра отырып, сөздік қорды жетілдіруге назар аудару керек.
Синоним сөздер мағынасы жағынан бір–бірімен мәндес, жуық, бірақ дыбыстық құрамы жағынан басқа– басқа сөздер екені белгілі. Мысалы, дымқыл, сызды, ылғалды, сулы деген сөздер жалпы бір ұғымды білдіреді, сондықтан олар мәндес сөздер деп аталады. Сөйлемдегі қолданысына мысалдар: Жапырақтар етік табанына жабысып, дымқыл топыраққа көміліп қалып жатыр (С.Бақбергенова). Сызды құмның үстінде Сапарқұл созылып жатты. Назым ылғалды топырақты қолымен сыпыра шұқырды тегістеді. Денені шынықтыру, таза ұстау үшін, сулы орамалмен денені сүртіп тұрудың үлкен маңызы бар (Қ.Көшербаев).
Синоним сөздер ең кемі екі сөзден немесе бір топ сөзден болады, сондықтан мағыналас, бір топ сөзді синонимдік қатар дейді. Мысалы: айырмашылық–өзгешелік–ерекшелік;аласа–тапал–қысқа–кішкентай; тәпелтек–қортық–мықыр; әзер–әрең–азер–зорға; батыл–өжет, өткір–жүректі т.б.
Синонимдердің ең басты ерекшеліктерін ғалымдар былайша топтастырады: 1. Сөздің дыбысталуында аз да болса, тұлғалық өзгешелігі болуы қажет. 2. Сөздер бір ғана ұғымды білдіруі қажет. 3. Сөздер бір ғана сөз табына қатысты болуға тиіс... Сондай–ақ, синонимдік қатардағы сөздердің саны кейде қырықтан да асады екен [5, 108 б.]. Синонимдердің тағы бір белгісі бір сөз табынан болған синонимдер бірыңғай грамматикалық тұлғада келіп, контексте бірін–бірі алмастырған жағдайда бір ғана сөйлем мүшесінің қызметін атқаруы болып табылады. Синонимдердің осы ерекшеліктерін морфология пәнін оқытуда есепке ала отырып, оқушы тілін дамыту жұмыстарын жүргізуге болады.
Тіліміздің асыл қазынасы синонимдерді әр сөз табына қатысты сабақта оқушылар пайдаланатындай тапсырмалар арқылы дағдыландырып, синонимдерді сөйлегенде қолдана білу шеберлігін қалыптастыру мақсат етілді. Сонда әр сөз табына қатысты синонимдермен оқушы сөздік қорын да толықтырады. Мысалы, оқушылардың тілін, логикалық ойы мен қиялын дамыту мақсатында синонимдер туралы ертегі құрастырыңыздар деген тапсырма беруге болады. Осы бағыттағы тапсырмалардың үлгісі төменде берілген:
№1 тапсырма.
Ерте, ерте, ертеде Лексика деген ауыл болыпты. Сол ауылда Синоним деген бай болыпты, Оның балалары өте көп екен. Бай отбасымен өте тату – тәтті өмір сүріпті. Олардың татулығы сондай, тіпті балаларының барлығы бір үйде тұрыпты. Олай болса сергіту сәтін «Тату сөздер» деп атап, сол байдың 5 ұлына және 5 қызына мағынасы ұқсас сөздерден ат қояйық.
(Күшті, Мықты, Қайратты, Қажырлы, Әлді, Сұлу, Әдемі, Әсем, Көркем, Ару)
№2 тапсырма.
Ертеде лексика атты елде Омоним, Синоним, Антоним атты ағайынды үш жігіт өмір сүріпті Әкесі бір күні үшеуін шақырып алып, «Дүниеде не тәтті?» деп сұрапты. Үшеуі әбден ойланыпты.
Омоним айтыпты:Түс
Синоним айтыпты: Шекер, қант, тәтті.
Антоним жауап бермепті.
Әкесі: «Халықтан сұраңдар біледі, Елден сұраңдар». Содан үшеуі ел аралап кетеді. Көп уақыттар өтіпті. Антоним үйіне қайтып келіпті де, Омоним мен синоним үйіне келмей алыста тұрақтап қалыпты. Ал шындығында дүниеде ең тәтті адамзат үшін ананың сүті екен. З.Қабдоловтың ана туралы мына сөзі өте анық айтылған.
«Күн нұры, таң самалы, гүл иісі... Осының бәрі сені тапқан анаңның қасиетінен таралған, мейірімінен жаралған. Рахат екен ғой! Тіршіліктің бар қызығы ананың саған деген дымы қалмай, діңкесі құрып, елжіреп қараған көз шарасына сиып, сонда ғана тұрады екен ғой!».
Оқушы тілін дамытып, сөздік қорын молайту мақсатында мақал–мәтелдерді жиі қолданып, олардың ішінен синоним болатын сөзді табу тапсырмасын беруге болады.
Кесте 1
|
Ойлаған мақал–мәтелім
|
Тақырыбы
|
Синоним болатын сөз
|
1.
|
Ашуға ақылды жеңгіз.
|
Адамгершілік
|
Ашу, реніш
|
2.
|
Өлімнен ұят күшті
|
Ізгілік, адамгершілік
|
Ұят, ар
|
3.
|
Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей.
|
Еңбек
|
Ерінбеу, жалқауланбау
|
4.
|
Жақсы адамға жау жоқ.
|
Адамның қасиеттері
|
Жау (дұшпан)
|
5.
|
Еліңді сүйсең ерлік істе.
|
Ерлік, батырлық туралы
|
Ерлік, батырлық, жауынгерлік, қаһармандық.
|
6.
|
Ақылы көпті дау алмайды.
|
Ақылдылық
|
Дау, керіс, жанжал, талас
|
7.
|
Бала – адамның бауыр еті.
|
Бала тәрбиесі
|
Бала, перзент, нәресте, сәби.
|
Демек, оқушы әр сөз табының мағынасын да, түрленуін де, қосымшаларының қолданылу орнын, жолын біліп қана қоймай, оларды дұрыс қолдану дағдысын да қалыптастыруы қажет.
Оқу үдерісі барысында оқушының танымдық әрекетін белсендіру, жағымды эмоцияларын жетілдіруге айрықша ықпал ететін тілдік құрал – фразеологизм.
Оқушының белсенділігі алған білімдерін өмірде, тәжірибеде пайдалана білуінен көрінеді. Сондықтан, олардың танымдық белсенділігін қалыптастыру – оқу үрдісін жетілдірудің негізгі шарты. Фразеологизмнің мағынасын фразеологиялық сөздіктен өздігінен іздеуге ұмтылыс, оқушылардың сабаққа қызығушылығын ғана тудырып қоймай, оның өз білімін өмірде қолдана алу дағдыларын да жетілдірeді, оқушылардың сөздік қорын молайтып, шығармашылық қабілетін дамытады.
І. Кеңесбаев аталған сөздіктегі қазақ тілінің фразеологизмдері туралы жазған мақаласында фразеология туралы: «... сөз байлығын тексеретін тіл білімі саласын лексикология деп атайтын болсақ, фразеологизм байлығын тексеретін тіл білімі саласын фразеология деп атау әбден орынды», – деп жазады [6, 589 б.]. Сабақ барысында оқушылар аталған сөздікті пайдалана отырып, өздерінің тіл байлығына, сөйлеу шеберлігіне, сөз саптауына көптеген ықпалын тигізеді. Сонымен қатар, үйренген фразеологизмін ауызекі сөйлеу тілінде қолдана білсе, оның ақыл–ойын дамытуға әсер етеді. Демек, фразеологизмді орынды қолданып, оның мағынасын жетік білетін оқушы өз бетімен сөйлем құрап, оны ауызша сөйлеу тілінде шебер қолдана алатыны сөзсіз. Фразеологизмдерді меңгертуде оның лексикалық және грамматикалық мағыналары өзара сабақтастықта болады. Бұл мәтіндерді лексикалық және грамматикалық талдау кезінде, жаттығу жұмыстарында фразеологизмдердің мағынасын сөздік арқылы түсіндіру нәтижесінде жүзеге асады. Мысалы, Ат құйрығын кесіп кету; Айна қатесі жоқ; Айтқанына көндіріп, айдауына жүргізу деген фразеологизмдердің мағыналарын түсіндіру үшін олардың біртұтас лексикалық мағынаға ие екендігі, олардың бір ғана сұраққа жауап беріп, бір сөйлем мүшесі болатыны меңгертілeді.
Фразеологизмдерді оқыту барысында оларды қолдану үшін әр түрлі жаттығулар жүйесі ұсынылады: ізденімдік, тіл дамыту тапсырмалары, сөйлем құрастыруға арналған жаттығулар, керекті фразеологизмдерді табуды талап ететін жаттығулар, фразеологизмдердерді қатыстырып мәтін құрастыратын жаттығулар, фразеологизмдерді қатыстырып эссе дайындау, фразеологизмдерді қатыстырып сипаттама жасау, фразеологизм жасауға ұйытқы болатын сөздер арқылы жасалатын жаттығулар, синонимдік қатар жасайтын фразеологизмдер, омоним фразеологизмдер, көп мағыналы фразеологизмдер жасайтын жаттығулар, фразеологиялық варианттардың нұсқасын тапқызатын жаттығулар, керекті фразеологизмдерді талап ететін жаттығулар, шығармашылық жаттығулар т.б. Осыған сәйкес төмендегідей жаттығулар жүйесі сабақ барысында оқушыларға ұсынылады:
1–жаттығу. Берілген омоним фразеологизмдердің мағыналарын ашқызу.
Өре түрегелді – 1. аяғынан тік тұрды, ұшып тұрды. 2. қарсы тұрды.
Өркен жайды –
Ойы бұзылды –
Лақ еткізді –
Ит пен құсқа жем болды –
Көрге кірді –
Жүзіктің көзінен өткендей –
3–жаттығу. Фразеологиялық варианттардың нұсқасын тапқызу.
Пешенесіне жазылған – бешенесіне жазылған
Ашуына тиді –
Тыныс алды –
Аспанмен таласқан –
Ат кекілін кесті –
Берілген жаттығулар арқылы оқушылардың ой–өрістері, сөйлеу дағдылары, сөйлесім әрекеттері, тілдің танымдық, қатысымдық қасиеттерін тереңдету, сөйлеу мәдениеттеріне көп ықпал етері сөзсіз.
Сонымен, тіл дамыту қазіргі таңда қазақ тілін оқыту жүйесінде белгіленіп отырған коммуникативтік, ақпараттық, проблеманы шешу құзыреттіліктерінің қатарын мәдени–танымдық құзыреттілікпен толықтырады. Тіл дамыту арқылы оқушы тілді ғана емес, тіл арқылы мәдениетті де тұтынушы деңгейге көтереді.
Әдебиеттер:
1. Сарыбаев Ш.Х. Қазақ тіл білімі мәселелері. – Алматы: Арыс, 2000. – 624 б.
2. Жапбаров А. Қазақ тілін оқыту арқылы тіл дамытудың әдіснамалыө және әдістемелік негіздері (V- ІХ сыныптар). Пед. ғыл. док. дисс. – Алматы. 2004. – 333 б.
3. Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат, 1997. – 316 б.
4. Жанпейісова М. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде. – Алматы: Рауан, 2002. – 180 б.
5. Сағындықұлы Б. Қазіргі қазақ тілі лексикологиясы. – Алматы: Арыс, 2008. – 200 б.
6. Кеңесбаев І. Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі. – Алматы: Ғылым, 1977. – 712 б.
Достарыңызбен бөлісу: |