«Той тойласақ, біз тойлайық!»
Ұлан-байтақ Отанымыз биыл саяси-қоғамдық оқиғаларға да, дүбірлі мерекелерге де қарық болып жатыр. Республика Президентінің кезектен тыс сайлауын әлем жұртшылығы тамсана айтатындай деңгейде өткізіп, құрамы жаңарған Үкіметтің бастауымен Елбасының биылғы «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты тарихи Жолдауын жүзеге асыруға құлшына кірісіп кеткен Қазақстан жұртшылығы елімізде Тәуелсіздік туы желбірегенінің 20 жылдығын мерекелеуге жан-жақты дайындық жасауда. Сонымен бірге, халқымызды азат дәуірге жеткізген демократия қарлығашы – Желтоқсан көтерілісіне ширек ғасыр, қазақ қыранының ғарышқа көтерілгеніне жиырма жыл толатын атаулы күндер, т.б. дүбірлі тойлар бар. Соның ішінде, қазыналы Қарағанды топырағына тиетін үлес үлкен. Өйткені, Сарыарқа жұртшылығы Тәуелсіздік тойы алдында, тамылжыған тамызда қазақ поэзиясының падишасы Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толатын мерейтойын жасамақ. Дүбірлі думан болған жерде тыным таппай, қонақтарға, тіпті, жалпы жұртшылыққа қызмет көрсететін, ойын-сауықпен қатар мәдени-көпшілік жұмыстарды да жүргізетін өнер адамдары, мәдениет саласының қызметкерлері. Сондықтан, әңгіме болып отырған мереке кезінде облыс халқы, алыстан ат сабылтып келетін меймандар қандай қызық көреді, тұтастай алғанда тойға әзірлік қаншалықты деңгейде деген сауалдарға жауап алу ниетімен облыстың мәдениет басқармасының бастығы Б.Байсағатовқа жолыққан едік.
– Бекболат Төкешұлы, биыл қазақ жырының Шолпан жұлдызы Қасым Аманжоловтың дүниеге келгеніне ғасыр толып отыр. Қазақ барда – Қасым бар. Қай дәуірде, қандай жағдайда күй кешсе де, халқымыз Қасымын ұмытқан жоқ. Жауһар жырын жаттап өсті. Бірақ, «Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» деп Шәкерім қажы айтқандай, биылғы тойдың орны бөлек сияқты.
– Қаңтар айының 24-і күні Қасым Аманжоловтың туғанына 100 жыл толуын мерекелеу туралы ел Үкіметінің қаулысы шықты. Сөйтіп, дауылпаз ақынның дөңгелек мерейтойы байтақ елімізде аталып өтпек. Облысымызға оралатын болсақ, бізде Жаңа жылдан басталған мереке желтоқсанның соңына дейін жалғасады. Мектептер мен колледждер, басқа да білім беру мекемелері Қасым оқуларын, ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференциялар өткізуде. Кітапханалар «Даналар қазынасы» деген айдармен кітап көрмелерін, «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда...» тақырыбымен поэзия кештерін, тағы да сол қатарлы мәдени-көпшілік шаралар өткізуде. Сәкен атындағы қазақ драма театры ақпан айында Қасымның «Досымның үйленуі» комедиясын сахналады. Музыкамен көркемделген, жастарға арналған қойылымды шығарған өнер ұжымының көркемдік жетекшісі Дунай Есбаев. Серке Қожамқұлов есімін иеленген Жезқазған музыкалық-драма театры Қасым шығармалары негізінде «Ей, тәкаппар дүние, маған да бір қарашы!» атты моноспектакль әзірлеуде. Оның премьерасы сәуірдің соңғы күні өтеді. Мамыр айының 11-12 күндері «Дүниеге келер әлі талай Қасым!» тақырыбымен ақындардың облыстық мүшәйрасы, сонымен қатар «Көңілдің күйін төгейік» атты ән байқауы ұйымдастырылмақшы. Онда Қасымның төл әндері, оның сөзіне жазылған шығармалармен бірге Арқаға кең таралған әндер де орындалады. Осы байқаудан кейін Аманжоловтың музыкалық мұрасын жеке дискі етіп шығару ойда бар. Қасымның таңдамалы шығармаларының үлкен бір томдығы мерейтой думанына дейін оқырман қолына тиер деп шамалаймыз. Оған мұрындық болып отырған Мәдениет, Байланыс және ақпарат министрліктері. Биылғы тойдың жөні бөлек деген пікіріңізге келетін болсақ, шынында да солай: халықтың , әсіресе, өскелең буынның Қасымға деген ықыласы ерекше. Оның өлеңдерін жұрт шалқып оқиды, жас таланттар шабыттана жырға қосады. Сірә, Тәуелсіздіктен кейін оянып, қайта көтеріле бастаған ұлт рухының әсері болар.
– Беке, жыл бойы өтетін мәдени-көпшілік шаралар бар да, жаппай жұрт қатысатын думанды дүбірдің жөні бөлек қой. Той дегенде, көпшіліктің асыға күтетіні балуан жігіттер белдесіп, күліктердің аламан бәйгесі өтетін, ән әуелеп, күй күмбірлейтін ұлы жиын десек, ешкім дау айтпас. Осы мерекенің нақты күні белгіленді ме?
– Иә. Тамыздың 17-20 аралығында өтеді деп шамалап отырмыз тойды. Алдымен Қарағандыда, Алматыдан Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин бастап келуге тиісті, Астанадан шақырылған Әбіш Кекілбай, Алдан Смайыл, Фариза Оңғарсынова сынды ұлт зиялыларының қатысуымен Қасымның еңселі ескерткіші ашылады. Қазір ол әзірлену үстінде. Осыдан кейін мереке ошағы ақынның кіндік қаны тамған жерге, Қарқаралы ауданындағы Аманжолов ауылдық округіне ауысады. Жаңағы айтылған ұлттық спорт ойындары, концерттік бағдарлама, басқа да мәдени-көпшілік шаралар осы арада жүреді. 18-19 күндері ақындардың республикалық мүшәйрасы өтпекші. Мерейтойдың тұздығы болады деп отырғанымыз да осы мүшәйра. Ақындардың жас ерекшеліктеріне, қай өңірден келгеніне, басқа да жағдайларға ешқандай шектеу қоймаймыз. Ең бастысы – өлеңдері тақырыпқа сай болуы, Қасымның қазақ поэзиясы төрінде Абай мен Мағжаннан кейінгі құрметті орында тұрғанын ашып көрсетуі керек. Осы жыр додасында бәйгі иеленген, қазылар алқасы мен тамашалаған жұрттан оң баға алған шығармалар жыл соңына дейін жинақ боп шығады деген жобамыз бар.
– Бекболат Төкешұлы, мерейтой бағдарламасында ақындар айтысы да бар деген әңгімені құлағымыз шалып қалды. Қасым жыршы-жырау да, айтыс ақыны да емес. Жазба әдебиеттің жампозы жайлы «әлеулетіп» айтыс өткізгеніміз «ағаш атқа жіп құйысқан таққандай» болмай ма? Екінші бір мәселе, Қасым қазақтың қара өлеңінің шеңберінен шығып кеткен ақын ғой. Орыс тілінде өлең жазғаны өз алдына, Ресей әдебиетшілерінен дәл Аманжоловтай жоғары баға алған талант иесі кемде кем. Жыр сұлтаны Низамидің Бакудегі сегіз ғасырлық мерейтойына барып, күллі әзірбайжан жұртын тәнті еткені тағы да мәшһүр. Осы елдермен хабарласып, Қасымды көзі көргендер, оның ішінде ақын айтқан «гүл Сана» бар болса, мерекеге шақырсақ қайтеді?
– Менің де пікірім сондай. Жаңағы әңгіме айтысты төңіректеген кейбір жігіттердің ой-ұсынысы шығар. Қайталап айтайын, Қасым тойының тұздығы мүшәйра болғаны жөн. Енді шетелдік қонақтар жайына келсек, облыс басшыларымен, республика Жазушылар одағы жетекшілерімен ақылдасып көрейік. Қасымды халықаралық аренада одан әрі танытуымыз үшін ондай әріптестік, туыстық байланыстардың артықтығы болмас деп ойлаймын.
– Әрине, сайыс болғаннан кейін жеңімпаз һәм жүлдегер атанғандар сый-сияпатсыз қалмайтыны белгілі. Байлығы басын жаруға жуықтағандар мұндайда бәске шетелдік жеңіл көліктер тіксе, кейбір жерде конверт ұсынады. «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды, Сонда да тастамаймын астанамды» деген әйгілі өлеңнің авторы көзі тірісінде тұрмыстың ауыртпалығын тартып бақты ғой. Ұлы Қасымның құрметіне дүбірлі той өтіп жатқанда, мүшайрада көзге түскен жергілікті ақындардың біріне пәтер кілті табысталса жыр жолына түскен бір азаматқа қол ұшын бергеніміз емес пе?!
– Мына ойыңыз жүрекке қонатын ұсыныс екен. Шығармашылықпен айналысатын адамдардың жағдайы белгілі ғой. Өнер жолында құрбандық боп, жалақысы мардымсыз жұмыста жүрген олар ипотекамен пәтер алуға да тәуекел ете алмайды. Мерекені ұйымдастыру комиссиясының талқысына салып, ақылдасып көруге болатын сияқты. «Той тойласақ, біз тойлайық!» деп Қасым ағамыздың өзі айтқандай, бұл мерейтойға қатты көңіл бөлінуде. Думанға дайындық мәселесі облыс әкімі Серік Ахметов мырзаның тікелей бақылауында. Арқа өңіріндегі әрбір шара ойдағыдай өтуіне аймақ басшысының орынбасары Арман Қырықбаев ерекше ықыласты. Сондықтан, мерекеге әзірлік және оны өткізу барысында жақсы ой-пікірлерді кәперге аламыз.
– Әңгімеңізге рахмет. Елімізден мереке, жерімізден береке арылмасын!
Ермек БАЛТАШҰЛЫ.
Орталық Қазақстан. - 2011. - 30 сәуір (№ 67/68). - 2 б.
Достарыңызбен бөлісу: |