Пайдалы ма әлде зиянды ма?
Егер емханадағы дәрігер агенттіктен ерікті жұмысшыны тауып беруді сұраса, онда ол одан рухани жетекшіні емес, іс жүзінде көмек көрсетушіні күтеді. Қандай да бір қоғамдық ерікті көмекшінің түні бойы аурудың тәубе етуіне әрекет еткені белгілі болғанда, дәрігердің ашулануына барлық құқы бар. Олардың пікірінше бұндай қоғамдық тегін жұмыстың еш пайдасы жоқ.
Бұның оған дәрігер ретінде көмегі тимейді, өйткені оған дәл сол агенттікке қайтадан өтініш жасау тым қиынға соғады. Бұның ауырған адамға да пайдасы болмады, өйткені ол жақсы сырлас бола алатын адамды және көмекті күтті, ал оның орнына ол уағызшыға кез болды!
Дәрігер бұл бағдарлама сенімге келетін жаңа адамдарды іздейтін діни қызметкерлердің пайдасы үшін деген қорытындыға келеді. Егер осылай болса, онда дәрігер әріптестерінің бәріне де осындай пайдасыз, зиянды адамдар туралы хабардар етуі керек.
Қонақ әрі қызметші
Әр нәрсенің өз орны, өз уақыты бар. Олардың көпшілігі жергілікті мәдениет пен дәстүрге байланысты. Мысалы, Уганданың бірқатар жерінде кейбір сенушілердің қауымға берілгендігі соншалық, егер қауым бағдарламасы бойынша ЖҚТБ-ға қатысты жұмыс істейтін қызметші келіп, әрбір кездескен сайын бірге мінажат етуді ұсынбаса, бұл өрескел болып көрінер еді. Егер сіз дұға етуді өзіңіз ұсынбасаңыз, ақыр соңында бәрібір сізден осыны өтінеді. Сенушілердің үйдегі мінажаты бұл — қауым қызметінің үйреншікті бөлігі. Мінажат — бұл өмір сүру салты. Алайда Таиланд пен Үндістанның кейбір бөліктерінде мүлдем басқаша. Сондықтан біз мұндай нәрселерге өте сақ болуымыз керек.
Бұл көбіне біздің қызметімізді қалай атқаратынымызға және адамдардың бізден нені күтетініне байланысты. Әйтсе де, мәдениетке және мәсіхшілік сенімге қаншалықты қайша екендігіне қарамастан келесі нәрселер әрқашан да шындыққа тіреледі.
Егер сіз науқас адамға тамақ әзірлеп беру үшін келсеңіз және ол сіздің оған қол ұшын беруге әрқашан да дайын екеніңізді, ешқашан шағымданбайтыныңызды, оны қандай адам болмасын сол күйінде қабылдап, тіпті оның дүниеге деген көзқарасы мен өмір сүру салты сіздікінен басқаша болса да оған шыдамдылықпен күтім көрсететініңізді байқап және сіздің қауымға баратыныңызды білсе, ол сізден сеніміңіз жайлы айтып беруді өтінеді. Бұндай жағдай өзіңізде бар үмітпен бөлісетін, науқас адамға рухани жұбаныш пен тыныштық беретін ғажап мүмкіндік.
Егер адамның өзі осы тақырыпта сөз қозғаса, оның сұрақтарына жауап бермеу ақымақтық әрі қайырымсыздық болар еді. Оның көзқарасы сіздікінен өзгеше екендігіне қарамастан, оның қасынан сенуші адамның табылуы ол үшін үлкен сүйеніш болуы мүмкін. Тіпті ол адам сіздің ол үшін мінажат еткеніңізді сұрауы да ықтимал. Атеистердің көбіне басқа адамдардың мінажатына сенетіндігі ғажайып нәрсе! Әйтсе де, сіз барлығына да қызметші-көмек беруші тұрғысынан қарауға тиіссіз: бүгін осы адамға қалайша көбірек пайдамды тигізе аламын? Сіз сонымен қатар өзіңіздің қонақ екендігіңізді және қызметіңізді ұсынамын деп оның мазасын кетіріп алмауыңызды да үнемі есіңізден шығармауға тиіссіз. Айтпақшы, мен жоғарыда айтып кеткен буддаға сенуші Мәсіхке деген сенімге осындай жолмен келген.
Мектепте берілетін білім
Дәл осы қағидалар мектептегі жұмыста да қолданылуға тиіс. Жыныстық қарым-қатынас тәрбиесі мен ЖҚТБ жайлы оқушыларға қалай айтып-жеткізу керектігі туралы әркімнің қалыптасқан өз көзқарасы бар мектептегі жұмыс бұл аса сезімталдықты талап ететін сала. Және тағы да бұл көзқарастар әр елде, әр аймақта, әр қоғам мен әр мектепте өзгеше болуы мүмкін. Адамдар белсенділер ЖҚТБ дағдарысын мектеп үшін орынсыз болатын сақтандырғыш мүшеқаптардың жарнамалары үшін пайдалануға немесе пуритандық көзқарастар мен қалыптарға үгіттеуге тырыса ма деп қорқады.
Мұғалімнің шақыруы бойынша келген ағарту ісін жүргізуші мектепте қызметші, ал сыныпта қонақ болуы тиіс. Талқыланатын тақырыптар, оны жеткізу әдістері мен сол шараның жалпы ыңғайын табуды алдын ала келісіп алған жөн.
Мектептегі жұмыс — артықшылық және егер сізді шақырған адамның тарапынан қолдау көрсетілмесе, онда ол жеке бастың көзқарасын үгіттеудің мінбесіне айналмауы керек. Бірақ егер діни сұхбаттар немесе өмірден алған тәжірибелер туралы сабақ барысында мұғалім не оқушы лектордың о дүниедегі өмірге деген мәсіхшілік сенімімен бөлісуін не жыныстық қатынас жайлы көзқарасын нақтылауын сұраса — оның жөні басқа. Алайда мұндай көзқарастар талқылануға және қарсыласуға ашық жеке бастың пікірі болып қалуы тиіс. Дегенмен менің айтарым барлық жағдайда сіздің жетекшіңіз жергілікті мектеп пен оның мұғалімдері болсын. Олар сізге өзіңіз ойлағаннан артық еркіндік береді.
Қорытындылай келе ЖҚТБ қоздығыш-вирус арқылы тарайтын, ортақ инеден немесе ауру адаммен болған жыныстық қатынастан жұғатын, сансыз көп адамның өмірін алатын жан түршігерлік ауру. Ол біздің осал сезінетін екі жерімізден соққы береді, олар —біздің адамгершілігіміз және біздің өлімге деген көзқарасымыз. ЖҚТБ бізді не істеп жүргендігіміз әрі кім екендігіміз жайлы ойлануға мәжбүр етеді.
Енді әрекет жасайтын мезгіл жетті.
Әрекет жасайтын мезгіл жетті
Ең алдымен сізге өз өміріңізге көз жүгіртіп шолып өту қажет шығар. Мен көптеген адамдардың өмірінің соңына жетейін деп қалған сәтте өмірдің мәні туралы терең ойлана бастайтынын байқадым. Өз үйіңізді ретке келтіру үшін өлім жазасына кесілу міндет болғаны ма сонда? Мүмкін, сізден дереу жыныстық қатынасқа байланысты өміріңізді өзгерту не нашақорлықтың инесінен бас тарту, сонымен қатар, сізге ненің маңызды болып табылатынын шешу талап етілетін шығар.
Сізге не маңызды?
Сізді шын мәнінде не нәрсе бақытты ете алады? Сіз үшін қандай қарым-қатынас маңыздырақ? Мен осы жылды ғана емес, алдағы бірнеше жылды және болашақты да айтамын. Сіз нағыз достарыңыздың кім екенін әрі сіз кімнің иелігінде екеніңізді білесіз бе?
Осының бәрі маңызды сұрақтар. Көптеген адамдар мәсіхші болғаннан кейін былай дейді: «Егер мен қазіргі білетіндерімді бұрын білсем, менің өмірім ешқашан мұндай мәнсіз болмас еді». Өкінішке орай, өлім қаупі төнген ауру не бақытсыз оқиға адамды терең ойға шомдырып, өз ойлары мен сезімдерін тексеруге мәжбүр етеді. Таныстарыңыздың көпшілігі ешқандай ұзақ мерзімдік жоспарсыз қарым-қатынастың біреуінен екіншісіне, жұмыстан жұмысқа ауысқан бір күндік өміріне бола бақытты шығар.
Бірақ осындай өмір салтын ұстанатын адамдар ақырында жиі жағаға шығып қалады. 38 жастағы әйел өзіне үйленемін, балаларына әке боламын деп сөз беріп, өзімен бірге тұрып жатқан еркектің соңғы екі жыл бойы көзіне шөп салып жүргенін және енді оны тастап кетіп бара жатқанын біледі. Бір ер адам бизнесте өз арманына жетсе де, жанұясы мен достарын жоғалтқанын түсінеді. Ол ақшаға достарды емес, тек қызығушыларды ғана сатып алуға болатынын өте кеш түсінеді. Басқа еркек бірнеше кезекті қарым-қатынастан кейін бәрінен көңілі қалып, өзінің махаббаттың не екенін түсінетіндігіне күмәнданады.
Бақытты өмір
Мен Құдайдың сізді арнайы бір мақсатпен жаратқанына және егер Құдайдың сізге деген сол мақсатын өзіңіз тапсаңыз, онда орасан зор бақытқа кенелетіндігіңізге сенемін. Бұл жоспардың бір бөлігі басқалар үшін өмір сүруден құралады. Иса өзіңізді табудың, яғни толықтай адам болудың жалғыз ғана жолы — өзіңізді жоғалту екендігін айтқан. Бұл сіздің барлығы келіп аяғын сүртетін «төсеніш» болуыңызды білдірмейді. Бұл өз ырқыңызбен еркін өмір сүру құқынан бас тартып, Исадан қалай өмір сүру керектігін сұрауды білдіреді. Мен Құдайдың сізге арнаған ерекше жоспары бар екеніне және Ол сізді сүйгендіктен, Оның жоспары сізді толықтай бақытқа кенелтетініне сенемін.
Бұл жоспардың ең маңызды бөлігі сіз толық бақытты өмір сүру үшін Құдай сіздің Оны досыңыз ретінде жақын танып, жаңа күш-қуатқа, ішкі жан дүниенің қорына ие болғаныңызды қалауынан тұрады. Бұл бізге толымдылықты, кейде тәндік сауығуды да береді.
Сіздің ат салысуыңызға болады
Екіншіден, сіз ЖҚТБ-мен ауыратын адамдарға көмек болатындай әрекет ете аласыз. Немесе сіз ерікті адам болуды, қайырымдылық қаржы бөлуді, науқастың халін білуді не оның отбасына демеу көрсетуді қалайтын шығарсыз. Мүмкін, сіз АҚТҚ-дан қалай сақтануға болатынын айтып, адам өмірін сақтауға жәрдем беруді қалайтын шығарсыз. Неге бұл туралы қауымыңыздың мүшелерімен немесе АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жұмыстар атқарып жүргендермен сөйлесіп, өз қызметіңіз бен уақытыңызды ұсынбасқа? АСЕТ-тің интернет-сайтынан сіз көп пайдалы мәлімет таба аласыз. Олардың көшірмесін жасап, қағазға басып та ала аласыз.
Не істеуге болады?
Қолыңызда бар нәрседен бастаңыз. Мен жақын арада Уганданың өте кедей облысында тұратын алты қария ұйымдастырып ашқан ЖҚТБ-ның кесірінен жетім қалған балаларға арналған мектепке бардым. Олар өздерінің қолында бар нәрседен бастап, соған бірте-бірте ауыл тұрғындарын жұмылдырған. Ептеп олардың бастаған ісі аяғынан тұрған. Олар ақша жинап, жер сатып алған. Содан соң сиыр сатып алу үшін ақша жинаған. Сиырдың сүті мектепті қамтамасыздандыруға кеткен шығынды өтейді. Олар қолдан кірпіш жасап, көп кешікпей қамыстан жасалған лашықтары кішігірім ғимаратқа айналады. Содан кейін олар жаңа ғимарат салуға кіріседі. Олар бүлдіршіндерді қолдарынан келгенше өздерінің бос уақыттарында оқытып-үйретеді. Бұған бүкіл ауыл тұрғындары көмектескен. Біреулер тамақ әкелетін, басқалары оны даярлайтын, үшіншілері балалардың шөлін қандыру үшін күнделікті су әкелетін. Жасы келген қариялар өздерінің білім алуға тиіс екендігін түсініп, білімдерін жетілдіру үшін мемлекеттік дайындық курстарына барады. Бір қонақ келіп, электр желісін жүргізуге қаржы бөледі. Басқа біреуі су құбырын жүргізуге қаржылай жәрдем береді. Тағы біреуі үлкен қыздарды үйрету үшін іс машинасын береді... Осылайша олардың істері ілгері баса бастады.
Әрбір қауым өз мүшелерін басқа адамдарға көмек көрсету үшін бір нәрсе істеуге жігерлендіре алады. «Тир Фонд» ұйымының негізін қалаушы Джордж Хоффман бірде былай деген: «Сіз бүкіл әлемді өзгерте алмайсыз, бірақ қай жерде болса да бір адамның жеке әлемін өзгерте аласыз».
Бүгін барып біреудің өмірін құтқарыңыз.
Бүгін барып ЖҚТБ-ға шалдыққан адамның отбасына азық-түлік апарып беріңіз.
Бүгін барып жетімді не жесірді жұбатыңыз.
Бүгін барып өз өмірін ЖҚТБ-ға қарсы күрес пен қызметке арнаған біреуге жігер беріңіз.
Құдай оларды қорғап, сақтасын деп мінажат етіңіз.
Сонда сіз осы дұғаларға жауаптың бір бөлігі бола аласыз!
Көмек көрсету
Үшіншіден, сіз, мүмкін, осы кітапта талқыланған кейбір тақырыптар туралы біреумен әңгімелескіңіз келетін шығар. Сірә, сіз өзіңіз ауру жұқтырып алдым-ау, не сіздің бір танысыңыз ауру жұқтырып алды-ау деп уайымдап жүрген боларсыз. Мүмкін, сізге әрі қарай не істеу керектігі жайлы тиімді кеңес алу үшін қауым жетекшісімен немесе дәрігермен сөйлесу қажет шығар.
Жетінші тарау
Біз не істей аламыз?
Әрекет жасайтын мезгіл жетті
АҚТҚ/ЖҚТБ-ға қатысты жобалардың іс-тәжірибесі
АСЕТ-тің Чехия мен Словакиядағы алдын алу жұмысы
Чехиядағы АСЕТ — тоғыз жылдан астам уақыт бойы ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысын атқарып келе жатқан қоғамдық ұйым. Ұйымның негізгі жұмысы мектептерде, интернаттарда, университеттерде, балалар лагерінде, сенушілер қауымдары мен түрмелерде аурудың алдын алу туралы лекциялар оқудан тұрады.
Статистика АҚТҚ-ны жұқтырғандардың көпшілігі 15-25 жас аралығындағы жастар екендігін көрсетеді. Дәл осы жаста олар алғаш рет есірткіні қабылдап көріп, алғашқы төсек қатынасына түседі. Сондықтан Чехиядағы АСЕТ ұйымы аурудың алдын алу жұмысында басты назарды дәл осы жастағы жастар тобына бағыттаған.
Чехиядағы АСЕТ ұйымының лекторлары мектеп басшылығымен келісіп, оқушыларға оқитын 40 минуттық екі лекциядан тұратын бағдарламаны дайындаған. Оған қатысушылар жыныстық қатынасты денсаулық, ұзақ мерзімді қарым-қатынас және болашақтың тұрғысынан қарастыруы үшін лекцияларда белгілі контекстегі деректер көрсетілген. Лекциялар оқушыларды салауатты өмір салтына шақырады және адалдық, достық, кіршіксіз таза сүйіспеншілік пен пәктік тәрізді өнегелі құндылықтарға үйретеді.
Оқушылар лекцияны жақсы қабылдауы үшін АСЕТ-тің лекторлары жасөспірімдердің ойлау жүйесіне барынша жақындай түсуге, олардың тілінде сөйлеуге тырысады. Лекторлар «ресми мұғалімдердің» тұрғысынан қарамайды, қайта оларды өздерінің бірі ретінде қабылдап, сөзіне құлақ салулары үшін жасөспірімдердің деңгейіне түседі. Тәжірибе көрсеткеніндей мектептерде ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысымен дәрігерлер айналысқанда, олар «түсініксіз медицина тілінде» сөйлейтіндіктен, жасөспірімдер олардың кеңесіне құлақ аспайды. Жасөспірімдер үшін махаббат, жыныстық қарым-қатынас және есірткі тақырыптары ата-аналарымен және мұғалімдермен талқыланбайтын «жабық тақырыптардың» бірі. Жасөспірімдердің көпшілігі мұғалімді «сабақ оқуға мәжбүрлеп, нашар баға қоятын» «жағымсыз кейіпкер» ретінде қабылдайтындықтан, мектептегі мұғалімге оқушылардың осы бағыттағы мінез-құлықтарына дұрыс ықпал ету қиынға соғады. Осы жаста балалар аталған нәрселер жайлы достарынан, көшеден немесе тележұлдыздардан естіп біледі. Сондықтан АСЕТ-тің лекторлары мектепке оқушыларды ЖҚТБ туралы статистикамен қорқыту үшін емес, қайта олармен достасып, осы тақырып жайында ашық сөйлесу үшін келеді. АСЕТ-тің лекторларының көпшілігі жастармен жұмыс істеуде тәжірибе жинаған, қазіргі замандағы жастардың мәдениетін түсінетін және жасөспірімдерге дұрыс өнеге көрсетіп, ықпал ете алатын сенушілер. Жеке бастың тәжірибесі лекторлардың төсек қатынасын некеге дейін күте тұруды сенімді түрде айтуына жол береді. Мектептердегі бұндай лекцияларды тек қана қауымның жастар жетекшісі мен бағушысы ғана емес, сенуші мұғалімдер мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметкерлері де жиі оқиды. Лекцияны ерлі-зайыптылардың оқығаны да жақсы, сонымен қатар өзінің басынан кешкен оқиғалары жайлы айтып беру үшін есірткінің тәуелділігінен азат болған бұрынғы нашақорды шақыруға да болады.
Лекция барысында лекторлар жасөспірімдермен ашық әңгімелесіп, олармен бірге пікірталас ұйымдастырып және барлық сұрақтарына жауап беруге тырысады. Лекцияның дәл осылайша әдеттен тыс болуы оның ықпалы мен тиімділігін көрсетеді. Лекцияларда мәліметтерді қызықтырақ етіп көрсетіп, оқушылардың назарын аудару мақсатында, түрлі түсті слайдтар қолданылады. АҚТҚ жұқтыру жолдары жайлы мәлімет пен мысалы, баскетболист Мэджик Эрвин Джонсон немесе әнші Фредди Меркьюри секілді бұрын жұртқа кеңінен танымал болған адамдардың жеке өмірлерінен алынған оқиғалар кезектесіп отырады. Лекцияларда оқиғалардан басқа өздеріне төнген қауіпке мән бермегендіктен, ЖҚТБ-ны жұқтырған басқа жастардың мысалдары да пайдаланылады. Лекциялар мектептегі ресми сабақтарға ұқсамайды. Тақырыптың маңыздылығына қарамастан, лектордың жасөспірімдермен байланыста болуы үшін әзіл-қалжың да айтылады. АСЕТ-тің тәжірибесі бойынша таза медициналық мәліметтерді жеткізгеннен гөрі, АҚТҚ жұқтырған адамдар туралы әр түрлі оқиғаларды айту арқылы оқушылардың назарын аударып, оларды қызықтырған әлдеқайда жеңілірек. Сонымен қатар лекция барысында өзара белсенділікті көрсететін түрлі аурудың алдын алуға байланысты ойындар жүргізуге де болады.
Лекторлар АСЕТ ұйымы жүйелі түрде ұйымдастыратын оқыту семинарларына қатысып отырады. Жаңа лекторларды тәжірибелі мұғалімдер жеке оқытады және біраз уақыт олармен бірге сабақтарға қатысады. Алдын алу жұмыстарын бастауды қалайтын адамдар өз рухани бағушыларынан қолдау хат алуы тиіс, өйткені ауруды алдын алу қызметі жетілгендікті және жауапкершілікті талап етеді.
Словакиядағы АСЕТ-ке мемлекеттік білім беру министрлігі қолдау көрсетеді. Білім беру министрлігі осы АСЕТ ұйымының Словакиядағы барлық мектептерде «адамгершілік тәрбиесі» жөніндегі пәнді дайындауын өтінген. Словакиядағы АСЕТ осы пәнді мұғалімдер мектептерде оқыта алуы үшін оларға үйретеді және оның ішіне ЖҚТБ-ның алдын алу жайлы лекциялар да енгізілген.
Чехиядағы АСЕТ өз жұмысының нәтижелілігінің арқасында білім министрлігінің АСЕТ-тің лекцияларын мектептерде оқытуға ұсыныс беретін қолдау хатын алды. Ұйымның партнерлері — ЖҚТБ-ның алдын алу жұмысына ерікті лекторларды оқытуға жәрдем беретін әр түрлі дәрігерлер мен психологтар. Бүгінгі күнде Чехия Еуропа бойынша АҚТҚ жұқтырғандардың саны ең аз ел. Кейбір дәрігерлер бұл нәтижені АСЕТ-тің алдын алу жұмысының қарқындылығымен байланыстырады. Жыл сайын осы ұйымның лекцияларын бүкіл Чехия бойынша мектеп оқушыларының жартысынан көбі тыңдайды.
Чехиядағы АСЕТ-тің басшысы Томаш Рехак бірнеше рет Ресей мен Украинаға келіп, АСЕТ семинарларында жергілікті лекторларды оқытты. Чехиядағы АСЕТ-тің аурудың алдын алу лекциялары орыс тіліне аударылып, жергілікті жағдайға бейімделген. Олар осы лекциялар оқылған мектептерде жақсы бағаланды. Осы алдын алу бағдарламалары жайлы көбірек мәліметті Ресейдегі АСЕТ-тен білуге болады (мекенжайы кітаптың соңында берілген).
Ресейдегі АСЕТ ұйымының жұмысы туралы
Ресейдегі АСЕТ ұйымы (Aids Care, Education, Training — ЖҚТБ: күтім, ағарту ісі, дайындау) Угандада, Танзанияда, Румынияда, Чехияда, Словакияда, Болгарияда, Үндістанда, Таиландта, Австралияда және АҚШ-та жұмыс істейтін халықаралық АСЕТ ұйымының партнері. АСЕТ ұйымы UNICEF және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сияқты халықаралық ұйымдармен бірігіп жұмыс істейді.
ANPO АСЕТ автономды коммерциялық емес ағартушылық ұйымы мектептерде, балалар клубтарында, балалар лагерьлерінде, реабилитация орталықтарында және қауымдарда АҚТҚ инфекциясының алдын алумен айналысады. Біздің мақсатымыз балалар мен жасөспірімдердің құндылықтары мен ойлау қабілеттеріне әсер етіп, солайша олардың болашағы мен еліміздің болашағына ықпал жасау. АСЕТ ұйымының сенуші лекторлары мектепте оқитындарға ЖҚТБ пен есірткінің алдын алу лекцияларын оқиды. Бұл лекциялар Киелі кітап құндылықтарына негізделген және жасөспірімдерді өнегелі әрі салауатты өмір салтына шақырады. Мектеп басшысының және мұғалімдердің келісімімен оқылатын лекциялар әдетте екі 40 минуттық сабақтан тұрады. Лекция барысында қызықты материалдарды, фотосуреттерді және түрлі түсті плакаттарды көрсетуге болады. Лекцияның материалдарын қазіргі замандағы сенбеуші жасөспірімдерге жеңіл әрі түсінікті болатындай етіп сенуші дәрігерлер мен психологтар дайындаған.
ЖҚТБ-ның алдын алу туралы осы лекциялар Иркутскідегі ЖҚТБ-орталығының дәрігерлерімен келісілген. Ресейдегі ең алғашқы лекторларды дайындау семинары Иркутскіде өткізілді. Онда жергілікті сенуші лекторлар Иркутск облысының әр түрлі мектептерінде өздерінің алдын алу жұмыстарын бастаған. Бұл лекциялар мектеп басшыларының, мұғалімдердің сонымен қатар оқушылардың да ойларынан шығып, жақсы пікірге ие болған. Бұндай семинар Ресейдің өзге де облыстарында, Украинада, Қазақстанда … өткізілді.
Семинарға қатысушылардың қағазға басып шығарылған лекциялармен бірге аурудың алдын алу туралы нұсқауды, мектептерде қолдануға болатын түрлі түсті слайдтардың жинағын, лекцияда келтірілген мысалдар қамтылған бейнетаспаны және керекті әдебиеттерді алуына мүмкіндігі бар. Бұл материалдардың бір жинағы 400 рубль (2000 тенге) тұрады. Оны пошта арқылы тапсырыспен АСЕТ ұйымынан алуға болады. Материалдардың бір жинағын бірнеше лектор пайдалана алады.
Біз сонымен бірге жергілікті сенушілер қауымдармен бірігіп сенбеуші жасөспірімдерге арнап «ЖҚТБ-ға қарсы ұйымдастырылған жастар кеші» атты алдын алу акциясын өткіземіз. Егер сіздің қауымыңыз мектептерде ЖҚТБ-ның алдын алу жұмыстарымен айналысқысы келетін адамдарға арнап арнайы семинар өткізгісі келсе, онда сіз бұл семинар жайында көбірек мәліметті біздің веб-беттерімізден немесе бізге тікелей хабарласу арқылы таба аласыз.
Ресейдегі АСЕТ ұйымы туралы қосымша мәліметті интернеттен таба аласыз:
http://www.acet-international.com/acetrussia/index.htm
немесе
www.acetrussia.ru
Ресейдегі АСЕТ кеңсесінің мекенжайы:
Ресей
445035 Самарская обл.,
г.Тольятти, а/я 1324
Марек Сланский
E-mail: hop@attack.ru
ACET@attack.ru
«Жол айрығындағы жастар» атты алдын алу бағдарламасы
«Жол айрығындағы жастар» — бұл некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту және отбасындағы ерлі-зайыптылардың адалдығын сақтауға негізделген ЖҚТБ-ның алдын алудың халықаралық бағдарламасы. Оның негізі мәсіхшілік құндылықтардан тұрады. Некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту өмір құндылықтарын өзгертуді көздейтін мінез-құлықтардан арылуды талап етеді.
Мәсіхшілік құндылықтар бағдарламада тыңдаушыларды Киелі кітап материалдарын зерттеп, өз тұжырымдарын жасауға түрткі салатын қысым салып зорламайтын еркін мәнермен берілген.
Бағдарлама мектеп оқушыларының бақытты әрі мәнді өмір кешуге көмегін тигізетін ой түйіндеп, шешім қабылдауына бағытталған. Ол некеге дейінгі және некеден тыс жыныстық қатынастардың теріс зардаптарын айрықша атап көрсетеді. Бағдарламаға ЖҚТБ және басқа да жыныстық қатынастан жұғатын аурулар мен олардың таралу жолдары жайлы ең тың мәліметтер енгізілген. Бұл мәліметтер тыңдаушыларға сыпайы формада әрі түсінікті ғылыми тілмен жеткізіледі. Тыңдаушылардың алған жаңа білімдері, шешімдері және мінез-құлықтары қызметтің барлық саласында да тиімді болуы үшін қарым-қатынас жасау барысына жасөспірімдердің қоршаған ортасы мен ата-аналары қатыстырылады. Бағдарламаның негізгі назарында жасөспірімнің ішкі құндылықтарын өзгерту арқылы мінез-құлқын қалыптастыру.
Бағдарлама әлемнің қырық екі елінде ойдағыдай жүзеге асырылуда. 1998-жылдан бастап Самара қаласы мен Самара облысында «Жол айрығындағы жастар» атты оқыту-үйрету жаттығуы өткізіліп келеді. Онда Самара облысының 1000-нан астам мектеп мұғалімдері білім алған.
«Жол айрығындағы жастар» стратегиясы екі негізгі кезеңнен тұрады: бастапқы жаттығу және мамандарды даярлау.
Бастапқы жаттығу
Бастапқы жаттығу кезеңін білім беру мен медицина саласындағы ресейлік мамандар өткізеді. Ол «Өмірдің ауытқуы» атты оқу бағдарламасын оқытушылар нәтижелі пайдалануы үшін мұғалімдерге қажетті білім беріп, педагогикалық әдістемемен және тәжірибемен қамтамасыз ететін 30 сағаттық 4 күндік дайындықтан тұрады.
Бұл бағдарламаны мектептерде, балалар үйінде, жастар клубтарында, училищелерде, техникумдарда, жоғарғы оқу орындарының бастауыш курстарында және 14-20 жас аралығындағы жасөспірімдер мен жастар болатын барлық жерлерде пайдалануға болады.
Бағдарламаны психологтар, мұғалімдер, интернаттар мен балалар үйіндегі тәрбиешілер, студенттер топтарының кураторлары және жастар жатақханаларының тәрбиешілері оқыта алады.
Мамандарды даярлау
30-сағаттық дайындықтан тұратын бастапқы жаттығуды тәмәмдаған әрбір тыңдаушы өз қалауынша қосымша оқи алады. Бастапқы жаттығуды аяқтағаннан кейінгі мамандарды даярлау кезеңі бір жылға созылады.
Бұл кезеңнің мақсаты — «Өмір ауытқуы» бағдарламасын қолдануда педагогтарға өз шеберліктерін шыңдауына, олардың бағдарламамен жұмыс істеу кезінде кездесетін қиындықтарды жеңуіне көмектесу үшін дем беріп және өзара қарым-қатынас жасап, тәжірибе алмастыруына мүмкіндік жасау.
Мамандарды даярлау үшін әр квартал сайын семинарлар жүргізіледі және тәжірибелі жетекшілер сабақ беріп, тыңдаушылар олардың сабақтарына қатысып, оқытудың стилі мен тиімділігін бақылайды.
«Жол айрығындағы жастар» стратегиясының компоненттері
Мұғалім — Оқушы: оқу жылы бойы аптасына бір рет өткізілетін 30 сабақ.
Мұғалім — Ата-аналар: оқу материалында барлық нәрселер ашық айтыла бермейтіндіктен, біз сабақтарға ата-аналарды қатыстыруға тырысамыз. Әрбір сабақта ата-аналармен талқылануы тиіс материалдар беріледі. Бұл оларды өткізіліп жатқан сабақтардан хабардар етеді және балаларының мінез-құлықтарының қалыптасуы туралы қажетті мәліметтер береді.
Мектеп — мөлтек аудан: әрбір мектепте бағдарлама стратегиясы мен оның мақсаттарын және міндеттерін таныстыратын жиналыстар өткізіледі.
Оқушы — Оқушы: жасөспірімдер клубтарын ұйымдастыру. Қатысушылар өз мәселелерін талқылайды, бір-біріне кездестірген қиындықтары мен қол жеткізген жеке табыстары жайлы айтады.
«Жол айрығындағы жастар» атты жастарға адамгершілік тәрбие мен білім беруге қолдау көрсететін Самара қалалық қоғамдық ұйымы
E-mail: xroads@transit.samara.ru
ASSOCIATION FOR SPIRITUAL RENEWAL
«РУХАНИ ҚАЙТА ӨРКЕНДЕУ» БІРЛЕСТІГІ
«Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ — өмір, махаббат және жыныстық қатынас жайлы шындықтар» атты бағдарламаны ұсынамыз. Біз бұл бағдарлама Ресейдің жас ұрпақтары бетпе-бет келетін: ЖҚТБ, ерте жүкті болушылық, аборт, жыныстық жұқпалы аурулар тәрізді өзекті мәселелерге жауап болады деп сенеміз. Сондай-ақ, бұл бағдарлама жасөспірімдердің күнделікті өмірі мен жалпы жүріс-тұрыстарына игілікті ықпал жасайтынына да сенімдіміз.
Бағдарламаның негізгі идеясы некеге дейінгі төсек қатынасынан бас тарту өмірде әрқашанда дұрыс шешім екендігінде. Ол өсіп-жетіліп келе жатқан адамның аса өнегелі болып қалыптасуына көмектеседі. «Кешірім сұраудың еш қажеті жоқ...» бағдарламасын 49 мемлекеттің үкіметі қабылдап, мақұлдаған. Кейбір елдерде бұл бағдарлама оқу орындарында оқушылар мен студенттерді некеге дейінгі жыныстық қатынастың сезімдік, тәндік және қаржылық жағынан қандай қауіп төндіретіндігін ескерте отырып, мемлекеттік деңгейде жұмыс істеуде.
Достарыңызбен бөлісу: |