ТОҚсан бестің толғауы (Ардагермен сыр-сұхбат)



Дата11.06.2016
өлшемі0.7 Mb.
#128718
ТОҚСАН БЕСТІҢ ТОЛҒАУЫ

(Ардагермен сыр-сұхбат)

Сәлемнің сәті

Әне барамын, міне барамын деп жүргенде күнделікті күйбеңмен уақыт өткізіп алыппын. Сәлемдесудің сәті Жаңа жылдың алғашқы күнінде түсті. Қанды майданның ортасында болған қарт жауынгер едәуір шөгіп қалған екен. Құшақтасып, мауқымызды бастық. Мерекесімен құттықтадым.

– Шырағым, жетінші айдың жүзіне қарады, осы бір аурудың қармағына іліктім. Ас батпайды, қорегім шай мен ашыған. Аз жасағаным жоқ. Шын жасым тоқсан бесте. Жалғыз бала болған соң әкем әскерге алып кетер деп ауылнайларға айтып, екі жасымды шегерткен. Әйтсе де соғыс басталғасын бір жылдан кейін мені де әскер қатарына шақыртты. Сонда паспорт бойынша жиырмадағы жігіт едім. Соғыстың несін айтасың. Соғыстың аты соғыс. Аты өшсін. Бұл туралы талай жаздыңдар ғой. Онан да басқа әңгіме айтайық та.

Қарлығыңқы дауыспен маған жәутеңдей қарап, көзіне жас алған абыз ақсақал былай деді: Өледі екенмін деп қамығып жатқаным жоқ. Сені Бәйтеліден кем көрмей, бір балам деп санағасын сағынғаным ғой...

Ақсақалдың арқасынан қағып, алақанынан ұстап, шаршап қалмауын өтіндім. Біраз толғанып жатты да қандай сұрағың бар дегендей мойнын бұрып, маған көзін салып, салмақ сала қарады.

Өмекеңнің өсиеті

Көпті көрдіңіз көке, олай болса бізге, халыққа айтар қандай өсиетіңіз бар?

– Алла Тағала Адам атаны жаратқанда сегіз түрлі қасиет беріпті. Соның ең біріншісі-Ұят. Ұятты болыңдар. Ұят бар жерде адамдық қасиет өшпейді. Мұны айтып отырған себебім, осы күнгі жастар осы ұят деген мәселені ескере бермейді. Әрине, бәріне бірдей топырақ шашпаймын. Көргенділері де бар. Сәлем- сөздің атасы. Айталық, бұрын әйел заты қол алысып амандаспаушы еді. Сыйлайтын, құрметтейтін немесе таныс адамына басын изеп, мейірімін төгіп ауызекі амандасатын. Бұл мұсылмандықтың шарты. Қазақ мұсылман емес пе? Ал, бүгінгілер әйел ме, қыз ба, жасына қарамастан қол алысқаны былай тұрсын бір-бірімен қиямет-қайымда кездескендей құшақтасады, тіпті шөпілдетіп сүйіседі. Әйел мен әйел де, еркек пен еркек те, тіпті әйел мен еркек те сүйіседі. Бетінен ғана емес, ауыз жаласады. Сонда бұл не әдет? Бабаларымызда, аналарымызда мұндай оспадарсыздық болған емес. Тегімізде жоқ. Қайдан тауып алған әдет екенін білмеймін.

Қоғам өзгерді, өзге елдермен байланысып жатырмыз, бәлкім Еуропа халқынан жұққан әдет шығар.

– Келер жылы Қазақ мемлекеттігінің құрылғанына 550 жыл. Қазақ қазақ болғалы қай заман. Өзгелермен бұрын да қарым-қатынас жасаған. Бірақ бабаларымыз қандай қиын кезеңде де, соғыс па, ашаршылық па, жұт па, ұлттық дәстүрі мен салтын сатпаған, әдет-ғұрпын өзгертпеген. Ұрпағының бойына, санасына ұлттық қасиетін ұясында жатқанда сіңірген. Қазақтан Жалаңтөс, Әйтеке, Сартай, Есет, Жанқожа сияқты батырлар мен би-шешендердің шығуы сондықтан. Ал, Бегім Ана, Домалақ Ана, Ұмай Ана, Айша бибі, Қоңыр мен Құланбике секілді әруақты аналарымыздың болғандығын тарихтан білесіз ғой. Ар-ұяты бар адамға әруақ қонады. Әруақ дегеннің өзі әр адамның бойындағы тазалық, адалдық, әділдік, дініне беріктік. Тазалық деп отырғаным ұрлық жасамайтын, сұмдық ойламайтын, уәдеде тұратын адамдар. Қазіргі кезде көп адам уәдешіл. Айтқанын орындамайды және мұнысын ұят санамайды. Менің ұят азайды деп отырғаным осы. Жастар жағында мұндай парықсыздық жетіп артылады. Осыны жазыңдар, осыны айтыңдар, түсіндіріңдер. Бұл алдымен үлкендердің міндеті. Неге екенін қайдам үлкендер де жастар жағына қарай ауып кеткен бе деп ойлаймын. Адам боламын десек, ел боламын, егемендікті қолдан ұшырып алмайық десек осыған абай болайық.

Қатты айтқан жоқсыз ба?

– Қатты емес.Қайта жай айтып отырмын. Бұдан да сорақысы бар.

Қандай сорақылық?

– Қазақтың тілін айтамын.Үкімет тіл туралы, оның қолданылу аясы жайлы бірнеше заңдар мен ережелер шығарды. Алайда осы заңды ескеріп жатқан адам бар ма? Мекеменің маңдайшасы мен көшедегі жарнамалардан бастап қаптаған қателер. Мұны қояйықшы. Ауызекі әңгімеміз «ша» мен «ше»-ге, «отырық» пен «жатырық»-қа, «атырық»-қа толып кетті. Әсіресе жастардың аузынан естиміз. Бұған ересектер де қосылады. Бір күні «батырық» дейтін шығар. Сөйтіп-сөйтіп қазақтың сөзі, байырғы тілі бұрмаланса қазақтың қазақтығы да құриды. Тіл құрыса, діл де жойы­лады. Сонда мақтаған қыз тойда... дегендей, мақтанышымызға айналған егемендігіміздің еңсесін жерге қаратамыз-ау деп қорқамын. Сол үшін өзіміздің, ұлтымыздың қанымызға сіңген, ата-бабамыздан қалған қарапайым, түсінікті тілін кірлетпеуіміз керек. Тіліміз сау тұрса, діліміз де бар. Ал, діліміз аман болса, еліміз де аман, жеріміз де аман. Мәңгілік Ел болудың ең басты тірегі – тілімізді сақтау. Бүгінде қарапайым халық емес, көңілдеріңе келмесін ақын-жазушылардың да, тілшілердің де тілдері жеңілденіп кетті. Қайта сендер жағымпаздар мен жұғымсыздарды, яғни тіліне, діліне, дініне немқұрайлы қарайтындарды барынша сынаңдар. Сын түзелмей, мін түзелмейді.

Ақсақалдың ақылы

Сонда қалай жазу қажет?

– «Түгел сөздің түп атасы-Майқы би» демекші, мен Майқы бидің, Аяз бидің, Жиренше шешеннің, Мөңке бидің сөздерін аңсаймын. Оқуы емес, тоқуы көп олар сөздің майын тамызған жоқ па? Әлі күнге дейін көнермей, елдің аузында сақталды. Таза сөз өмірі өлмейді. Ал, қазіргі жазушылардың көбісі шұбар сөзді шұбыртып жазады да ешкімнің есінде қал­майды. Есіңде болсын, шолақ тон жамылғыға жетпейді. Есте қалатын сөз есті адамнан шығады. Қаламдарыңды қадап, айналаға қарап жазыңдар. Сонда сөзің де, өзің де өткір боласың. Әйтпесе қалам ұстап қажеті не?!

Өзіңіз не жаздыңыз?

– Қазір менің бесінші кітабым баспада жатыр. Бір-екі айдың жүзіне қолға тиеді. Атын «Аталық дастан» деп қойдым. Өлеңдер жинағы. Өсиет-термелер, бірнеше дастан бар. Жарыққа шыққасын оқып-көріп, бағасын берерсіңдер. Мен сен сияқты ақын емеспін, бірақ жазатыным бар екенін білесің ғой. Бұдан бұрынғы кітаптарым өзіңе де таныс. Алғашқысы «Сыр елінде жинақталған қазақтың шежіресі». Мұны баспадан шығаруға облыс әкімшілігінде қызмет істеген Кемалбек Сағымбаев деген балам көмектесті. Танисың ғой, Тама, Қазалының жігіті. Екіншісі өзің редакциялаған «Көсемдік пен шешендік». Содан кейін алғашқы шежірені толықтырып қайта шығардым. Бұдан соң «Билер сөзі» жарыққа шықты. Енді «Аталық дастан» қолға тисе... Бұл менің соңғы кітабым шығар. Сандығымда жинаған көп қағаздарым жатыр. Жанқожа батыр жайлы романымды да ширақтау кезімде дәптерге түсіріп қойғанмын. Қолжазба күйінде. Жазуға енді шамам жоқ. Жинағандарымды ұрпаққа аманаттап кетермін. Өзің білесің, мен дүние-мал жинамаған, мансап қумаған адаммын. Дұния іздесем, ізіне түссем бір адамдай қызметім де, табысым да болды. Алайда, байлықты мансұқ етпедім. Бар қазынам – ескі көздерден естіген әңгімем. Сол әңгімелерді отырыспаларда айтамын, қолымнан келгенше жазып, жарияладым. Мақсатым – жас ұрпақ жанына рухани нәр алсын, жадында сақтасын деген ой.

Ойда қалған оқиғалар

Есіңізде қалған және біздің есімізде жүретін қандай оқиғаларды айта аласыз?

– Халықты қынадай қырған соғысты ұмытуға болмас. Мен взвод командирі бола жүріп, Харьковты, Туланы, Одессаны, Днестр өзенін, Украинаның «Сүт» өзенін Бессарабияны, Донбасты, «Батыс Буг» өзенін, Польшаны азат етуге қатыстым. Польшаның Люблин қаласын азат ету кезінде қырғын соғыста ауыр жарақат алдым. Құдай сақтап өлім аузынан қалдым. Орынбор қаласындағы госпитальда жатып емделіп, Мәскеуден келген арнаулы медициналық комиссияның шешімімен 1944 жылы 14 қарашада мүгедек деп тауып, Қызыл Армия қатарынан босатылдым. Есімнен тандырған ауыр жарақаттан аман қалғаным есімде мәңгілік қалды. Егер өліп кетсем, осы күнге жетер ме едім?!

Өмірде талай оқиға болып жатыр ғой. Екінші есте қалғаны 1992 жылы қараша айында Алматы қаласында өткен Дүниежүзі қазақтарының бірінші құрылтайына қатысқаным. Мені мұнда аудан, облыс басшыларының келісімімен сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының бастығы Амангелді Жұматаев алып барды. Халық шаруашылығы көрмесінің алаңына тігілген киіз үйде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен, Финляндия республикасының президенті Куивостомен, Түркиядан келген ғұлама ғалым, ірі дін өкілі Алтай Халифамен сәлемдесіп, тұз-дәмдес болдым және осы азаматтарға Сыр елінің делегациясы атынан батамды бердім. Елбасы қолымнан алып, «Мынадай батагөй ақсақалдарың бар, Сыр елі күшті ғой» деп арқамнан қағып, облыс әкімі Сейілбек Шаухамановқа бұрылып қарап, ризашылық білдірді. Марқайып қалдым.

Үшінші бір есте қалған жайтқа өзің куәсің. 1993 жылы ақпан айында Алматы қаласында Қазалы ауданының мәдениеті мен өнер күндері өтті. Жетпіс-сексен адамды сол кездегі аудан әкімінің орынбасары Рүстем Жанаев бастап барды. Өзің қасындасың. Ғ. Мүсірепов атындағы жастар театрында өнер күндерінің ашылу салтанатының алдында сендер қонаққа шақырған қазақтың біртуар азаматы, белгілі театр режиссері, ғалым Асқар Тоқпановқа Алты Алаштың және Алшынның кім екендігін, қайдан тарайтынын ашып айтып, бүге-шүгесін түсіндіріп бергенімде, орнынан ұшып тұрып «Қазақта Сіздей терең білетін адамдар әлі де бар екен ғой» деп қолымды алып, арқамнан қағып, рахмет айтқаны әлі күнге құлағымның түбінде және көз алдымда. Халықтың ризашылығынан асқан бақыт жоқ, айналайын!

Сіз бірнеше әруақты бабаларымыздың басына барып қайттыңыз. Не үшін?

– Барғаным рас. Арыстан бабтың, Баба Түкті Шашты Әзиздің, Қарабура Әзінің, Самарқандағы Ақсақ Темір және Жалаңтөс баһадүр салдырған «Тіллә-Кари» және «Шер-Дор» медреселерінде, Нұратадағы Әйтеке би мазарында болдым. Бұл айтылған бабаларымыз Ислам дінінің тазалығын сақтаған және халыққа таратушы оқымысты да ойлы, ел билеген адамдар еді. Заманында оларды халық пір тұтты, сыйынды. Мен де бас иіп, солардың имани тазалығы жұқсын дедім. Иман тазалығына ештеңе жетпейді.

Арманыңыз бар ма?

– Баяғы соғыс кезінде күл-талқан болғанын өз көзіммен көрген Украина мен Беларуссияға барып қайтсам деп едім. Нендей өзгеріс болды екен. Ол арманым орындалмайтын шығар...

Келесі арманым Жеңіс мерекесіне жетсем деген пендешілік дәмем бар.

Жеңіс мерекесіне жетуіңізге тілектеспін, көке. Жаныңызға қуат, көңіліңізге шуақ құйылсын. Сол күндерді бірге тойлап, Сіздің батаңызды алуға жазсын!

Абыройдың жетуі қиын, кетуі оңай

Біздің сыр-сұхбатымыз осымен аяқталды. Әйтсе де майдангер қарттың маңдайындағы қыржымдарынан бір ғасырға жуық өмірдің шу асауға асу бермес асау толқынды өзені тасып жатқанын сездік. Тағы да тағылымды әңгіме айтқысы келген, дауысы бәсеңсіп, шаршаңқырап қалғанын байқағасын тезірек жазылғайсыз деп төсегіне жатқыздық.

***

Дұнияға құдай қосқан жары Жарқын апам екеуі алты бала әкеліп еді. Қарлығаш пен Гүлзат марқұм болды. Анамыз мәңгілік сапарға олардың алдында аттанған. Құдайлық іс. Екі қарияның қосылғанына 50 жыл толған «Алтын тойын» облыстық дәрежеде атап өткеніміз елдің есінде. Үлкені Қарлыға Сырдария ауданының Нағи Ілиясов ауылында. Жалғыз ұлы Бәйтелі Әйтеке би кентінде, белгілі теміржолшы. Жанаты мен Гүлзирасы Шымкентте. Бәрі де тәрбиеге уызында жарыған, бата дарыған азаматтар. Осы ұрпақтарынан бүгінде отыз екі немере мен шөбере көріп отырған майдангердің маңайы бақыттың жарығына малынып тұр. Лайым шаңырақтың жарығы сөнбесін.

Майдангер қарт марапаттан да кенде емес. Омырауында «Ұлы Отан соғысының I-II дәрежелі» ордені, «Ерлігі үшін» медалі жарқырайды. Жеңістің 60 жылдығы құрметіне кеудесіне «Құрмет» ордені тағылды. Елбасының «Алғыс хатын» алып, «Қазалы ауданының құрметті азаматы» атанды. Бәрінен де «Шежіреші ақсақал», «Батагөй қарт», «Шешендік сөз шебері» деген елдің берген атағынан артық баға жоқ.

Ақсақалдық өздігінен келмейтіні ақиқат. Тегіне тартқан мінез, атадан қалған үлгі, әділдік пен имандылық, ақыл мен парасат жанына серік болған адам ғана ақсақалдыққа жетеді. Жүрегінде тұлпардай тулаған құлаш-құлаш әңгімені сырыққа іліп алдыңа құлататын өз әкесі Құлашынның Ахметінің данагөйлік қасиеті дарыған Өмірзақ Ахметұлы да осы дәуірдің дарабозы. Он алты жыл Арал және Қазалы аудандары партия комитетінде қызмет атқарған, шаруашылықтардың партия ұйымын басқарған, кооперация және теміржол саласында жұмыс істеп, зейнет демалысына шыққан ақсақалдың абыройы бір басына жетерлік. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, бақ дарыған азаматтан алар тағылым аз емес. Тек ғана тыңдайтын құлақ, кеудеге зерде берсін деңіз.

Өмекеңнің өз сөзімен түйіндесек: «Адамға алдымен қажеті – абырой. Абыройдың жетуі қиын, кетуі оңай. Абыройың ортаймасын».

Жетіскен МӘКЕНАЛЫ,

ҚР Мәдениет қайраткері.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет