Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы
2014 жылғы 28 қаңтар №35 Астана, Үкімет Үйі
Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша
шектеулер қолдану қағидаларын бекіту туралы
«Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабының 1-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді:
1. Қоса беріліп отырған Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану қағидалары бекітілсін.
2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының
Премьер-Министрі С. АХМЕТОВ.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2014 жылғы 28 қаңтардағы №35 қаулысымен
бекітілген
Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен
уақытша шектеулер қолдану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Төтенше жағдай кезінде қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Төтенше жағдай туралы» 2003 жылғы 8 ақпандағы Қазақстан Республикасының Заңы 16-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдай енгізілген жағдайда, қосымша шаралар мен уақытша шектеулерді қолдану тәртібін айқындайды.
2. «Төтенше жағдай туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көзделген мән-жайлар орын алған кезде жергілікті жерде төтенше жағдай енгізілген жағдайда, мынадай қосымша шаралар мен уақытша шектеулер:
1) коменданттық сағат енгізу;
2) баспа басылымдарының міндетті даналары мен радио және телебағдарламалар материалдарын сұратып алу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды жүзеге асыру;
3) төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтіретін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтата тұру немесе тоқтату;
4) көшіру-көбейту техникасын, радио және телехабарларын беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын пайдалануға шек қою немесе тыйым салу, сондай-ақ дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды уақытша алып қою;
5) азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сатудың, сатып алудың және бөлудің ерекше тәртібін орнату;
6) тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және қаржылай қаражаттың бірден бірге өтуін қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалардың қаржы-экономикалық қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыруына шек қою;
7) қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы заттар сатуға шек қою немесе тыйым салу, дәрі-дәрмектің, есірткі заттардың, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим белгілеу;
8) жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға қоса әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш және радиоактивті заттарды уақытша алып қою көзделеді.
Қосымша шаралар мен уақытша шектеулердің орындалуын қамтамасыз ету жергілікті жердің комендантына жүктеледі.
3. Жергілікті жердің комендатурасы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде төтенше жағдайда қолданылатын, енгізілген шаралар мен уақытша шектеулерді орындау қажеттілігі туралы төтенше жағдай режимі енгізілген жергілікті жердің тұрғындарын хабардар етеді.
4. Қағидалар әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде құқықтық төтенше жағдай режимі енгізілген Қазақстан Республикасының аумағында қолданылады және барлық жеке және заңды тұлғалар үшін міндетті болып табылады.
2. Коменданттық сағатты енгізу тәртібі
5. Коменданттық сағат енгізілген кезде жергілікті жердің комендатурасы коменданттық сағаттың енгізілгені, арнайы берілген рұқсаттамаларсыз және жеке басын куәландыратын құжаттарсыз көшелер мен өзге де қоғамдық орындарда не тұрғын үйден тыс жерде болуға тыйым салынғаны, сондай-ақ коменданттық сағат қолданылатын кезеңде жеке және заңды тұлғаларға (көлік құралдары үшін) рұқсаттамалар беру тәртібі мен орны туралы ақпаратты бұқаралық ақпарат құралдары арқылы тұрғындарға дереу жеткізеді.
6. Рұқсаттама адам (тегі, аты, әкесінің аты), рұқсаттаманың берілген күні, қолданылу мерзімі туралы ақпаратты қамтуы тиіс. Рұқсаттаманы жергілікті жердің комендатурасы береді, ол жергілікті жер комендантының қолымен куәландырылады және қызмет көрсететін аумағында төтенше жағдай енгізілген ішкі істер органдары бөлінісінің елтаңбалы мөрінің бедерімен расталады.
Рұқсаттамалар бірінші кезекте авариялық-құтқару, авариялық қызметтерге, тыныс-тіршілік объектілеріне қызмет көрсететін заңды тұлғаларға беріледі.
7. Коменданттық сағаттың енгізілуіне байланысты белгіленген тәртіптің сақталуын бақылауды ішкі істер органдары (полиция) және әскери полиция (әскери патрульдер) жүзеге асырады.
3. Баспа басылымдарының міндетті даналары мен
радио және телебағдарламаларының материалдарын
сұратып алу арқылы бұқаралық ақпарат құралдарын
бақылауды жүзеге асыру тәртібі
8. Жергілікті жердің комендатурасы бұқаралық ақпарат құралдарын бақылауды жүзеге асыру мақсатында қосымша шаралар мен уақытша шектеулер қабылдаған сәттен бастап бір тәулік ішінде төтенше жағдай режимінің қолданылуы кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының меншік иелеріне баспасөз басылымдарының міндетті даналарын және радио және телехабарлар материалдарын ұсыну туралы сұрау салуаларды жібереді.
9. Сұрау салуды алғаннан кейін бұқаралық ақпарат құралының меншік иесі төтенше жағдай режимінің қолданылуы кезеңінде жергілікті жер комендатурасына баспасөз басылымдарының міндетті даналарын және радио және телехабарлар материалдарын (эфирге шығу) олардың шығуынан бір тәулік бұрын, осы шарттың орындалу мүмкіндігі болмаған кезде (шұғыл жаңалықтың шығуын ұйымдастыру) шығарылым (эфирге шығу) алдында тікелей олардың мазмұнына келісу үшін ұсынады. Бұл ретте жергілікті жер коменданты төтенше жағдай кезінде қолданылатын енгізілген шаралармен уақытша шектеулерді орындау қажеттілігі туралы тиісті жергілікті жердің халқын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы хабарландырады.
10. Баспасөз өнімдері, радио және телехабарлар жергілікті жер комендатурасымен келісілмей шығу (эфирге шығу), сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабымен айқындалған төтенше жағдай режимінің қолданылуы кезеңінде бұқаралық ақпарат құралдарының шығуын қысқарту және/ немесе тоқтату немесе бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін тарату үшін негіздері анықталған кезде жергілікті жердің коменданты бұқаралық ақпарат құралының меншік иесіне заңнамамен белгіленген мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарының өнімдерін тарату немесе бұқаралық ақпарат құралдары шығуын қысқарту және/немесе тоқтату туралы өкімді жолдайды.
11. Коменданттың талаптары орындалмаған жағдайда, жергілікті жер комендатурасы бұқаралық ақпарат құралдарын шығаруды немесе бұқаралық ақпарат құралдары өнімдерін таратуды заңнамада белгіленген мерзімге тоқтата тұру және/немесе тоқтату үшін тиісті материалдарды сотқа жолдайды.
12. Бұқаралық ақпарат құралдарына бақылауды жүзеге асыру шеңберінде төтенше жағдай режимі қолданыла бастағаннан бастап жергілікті жер комендатурасы мүдделі органдармен өзара іс-қимыл жасаса отырып, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен құқық түсіндіру жұмысын жүргізеді.
4. Төтенше жағдайды енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға
кедергі келтіретін саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің қызметін Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен тоқтата тұру немесе тоқтату тәртібі
13. Төтенше жағдай режимі енгізілген аумақта төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтіретін саяси партиялар немесе қоғамдық бірлестіктер анықталған кезде жергілікті жердің комендатурасы саяси партиялардың немесе қоғамдық бірлестіктердің меншік иелеріне заңнамада белгіленген мерзімде өздерінің қызметтерін тоқтата тұру туралы өкім жолдайды.
14. Жергілікті жер комендатурасының өкімін саяси партиялар орындамаған және кейіннен төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтірген кезде, жергілікті жердің комендатурасы «Саяси партиялар туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13 немесе 14-баптарына саяси партияның қызметін сәйкес заңнамада белгіленген мерзімге тоқтата тұру немесе саяси партияны тарату арқылы оның қызметін тоқтату туралы тиісті шешім қабылдау үшін сот органдарына материалдар жолдайды.
15. Қоғамдық бірлестік жергілікті жер комендатурасының өкімін орындамаған және кейіннен төтенше жағдай енгізуге негіз болған мән-жайларды жоюға кедергі келтірген кезде, жергілікті жердің комендатурасы «Қоғамдық бірлестіктер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 17 немесе 23-баптарына сәйкес қоғамдық бірлестіктің қызметін заңнамада белгіленген мерзімге тоқтата тұру немесе қоғамдық бірлестікті тарату арқылы оның қызметін тоқтату туралы тиісті шешім қабылдау мақсатында материалдарды одан әрі сотқа ұсыну үшін прокуратура, ішкі істер органдарына жолдайды.
5. Көшіру-көбейту техникасын, радио және телехабарларын
беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын
пайдалануға шек қою немесе тыйым салу, сондай-ақ дыбыс
күшейткіш техникалық құралдарды уақытша
алып қою тәртібі
16. Көшіру-көбейту техникасын, радио- және телехабарларын беру аппаратурасын, дыбыс және бейнежазба техникасын пайдалануға шек қою немесе тыйым салу енгізілген, сондай-ақ дыбыс күшейткіш техникалық құралдар уақытша алып қойылған кезде жергілікті жердің комендатурасы төтенше жағдай режимі енгізілген жергілікті жер тұрғындарын оны орындау бойынша қажетті іс-қимылдарды көрсете отырып, осы шараның енгізілгені туралы дереу хабардар етеді.
17. Көшіру-көбейту техникаларын, радио және телехабарларын беру аппаратураларын, дыбыс және бейнежазба техникаларын пайдалануға шектеу енгізілген кезде меншік құқығында көрсетілген техникасы бар адамдар қабылданған шектеулер режимінде өз қызметін жалғастырады.
18. Көшіру-көбейту техникаларын, радио және телехабарларын беру аппаратураларын, дыбыс және бейнежазба техникаларын пайдалануға шек қою немесе тыйым салуды бұзу фактілері анықталған кезде тыйым салуды бұзған адамдар қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады.
19. Дыбыс күшейткіш техникалық құралдарды уақытша алып қою кезінде жергілікті жердің комендатурасы күнтізбелік үш күн ішінде алып қойылған техникалық құралдарды уақытша сақтау үшін үй-жайларды айқындайды, көрсетілген техникалық құралдарды уақытша сақтауға алып қоюды, олардың күзетілуі мен сақталуын, сондай-ақ осы шараның қолданылуы аяқталғаннан кейін меншік иесіне қайтарылуын қамтамасыз етеді.
6. Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сатудың,
сатып алудың және бөлудің ерекше тәртібін орнату
20. Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сатудың және сатып алудың ерекше тәртібін орнату мақсатында жергілікті жердің комендатурасы мынадай іс-шаралардың орындалуын қамтамасыз етеді:
1) азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сату және сатып алу үшін орындарды белгілейді;
2) коменданттық сағаттың талаптарына сәйкес азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды сатуды жүзеге асыратын ұйымдардың жұмыс режимін айқындайды.
21. Азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды бөлудің ерекше тәртібін қамтамасыз ету мақсатында жергілікті жердің комендатурасы:
1) азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттардың қажет саны мен олардың түрлерін айқындайды, тапшылық көлемін және оларды толықтыру жолдарын, оның ішінде мемлекеттік материалдық резервін анықтайды;
2) мемлекеттік материалдық резервтен бірінші кезекте қажетті заттармен зардап шеккендерді қамтамасыз ету мүмкіндігін анықтайды;
3) азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды беру орындары мен тәртібін айқындайды, жабдықтау қызметтерінің жылжымалы пунктері мен бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырады;
4) азық-түлік өнімдерін, бірінші кезекте қажетті заттарды өндірудің сақталған қуаттарының, қоғамдық тамақтандыру кәсіпорындарының жай-күйін айқындайды, қуат жеткіліксіз болған жағдайда, әскери ас үй мен наубайхананың мүмкіндіктерін пайдаланып, олардың қажетті саны және төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерге жеткізу жолдарын анықтайды.
22. Қажет болған жағдайда, жергілікті жердің комендатурасы басқа өңірлердегі (төтенше жағдай режимі енгізілген аумақтан тыс жердегі) ұйымдармен азық-түлік пен бірінші кезекте қажетті заттарды жеткізу туралы шарт жасасу қажеттілігі туралы жергілікті жердің комендантына ұсыныстар енгізеді.
7. Тауарлардың, көрсетілетін қызметтердің және қаржы
қаражатын алып өтуді қоса алғанда, жеке және заңды
тұлғалардың қаржы-экономикалық қызметтің жекелеген
түрлерін жүзеге асыруына шек қою тәртібі
23. Қызметтердің және қаржы қаражатын алып өтуді қоса алғанда, жеке және заңды тұлғалардың қаржы-экономикалық қызметтің жекелеген түрлерін жүзеге асыруына шек қойылған кезде жергілікті жердің комендатурасы шек қою шараларын қабылдау туралы тұрғындарды хабардар етеді.
24. Жергілікті жер комендатурасы белгіленген шектеулерге сәйкес төтенше жағдай шарасын қамтамасыз ету үшін тиісті белгіленген шек қоюға сәйкес бақылау функциясын жүзеге асыратын жергілікті атқарушы және өзге де уәкілетті органдарды тартады.
8. Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар, улы
заттар сатуға шек қою немесе тыйым салу, дәрі-дәрмектің, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, сондай-ақ
этил спиртінің, алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше
режим белгілеу тәртібі
25. Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар мен улы заттар сатуға шектеу енгізілген кезде оларды сатуды жүзеге асыратын адамдар қабылданған шектеу режимінде (рұқсат етілген уақыт кезеңі саны, мөлшері, салмағы, өнімнің түрі, шеңберінде) өз қызметтерін жалғастырады.
26. Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар мен улы заттарды сатуға тыйым салынған кезде меншік иелері немесе оларды сатуды жүзеге асыратын адамдар, аталған шара қабылданған сәттен бастап күнтізбелік үш күн ішінде сатылмаған өнімдердің қалдықтарын оларды сақтау үшін арнайы бөлмелерде мөрлеп, бұл туралы жергілікті жер комендатурасына және аумақтық ішкі істер органдарына хабарлай отырып, күзет сигнализациясына тапсырады.
27. Қару, оқ-дәрі, жарылғыш заттар, арнаулы құралдар мен улы заттардың сақталуын және күзету қауіпсіздігін қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде жергілікті жердің комендатурасы оларды уақытша сақтауға, олардың күзетілуі мен сақталуына арналған үй-жайларды айқындайды, сондай-ақ осы шараның қолданылуы аяқталғаннан кейін меншік иесіне қайтарады.
28. Төтенше жағдай енгізілген аумақта қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды, арнаулы құралдар мен улы заттарды сақтауға мүмкіндік болмаған жағдайда, жергілікті жердің комендатурасы қаруды, оқ-дәріні, жарылғыш заттарды, арнаулы құралдар мен улы заттарды төтенше жағдай енгізілген жергілікті жерден тыс орналасқан ішкі істер органдарына әкетуді ұйымдастырады.
29. Дәрі-дәрмектің, есірткі құралдарының, психотроптық заттардың, прекурсорлардың, этил спиртінің және алкоголь өнімдерінің айналымына ерекше режим орнату қабылданған шектеу режимінде олардың айналымын жүзеге асыратын адамдардың қызметін көздейді.
30. Жергілікті жердің комендатурасы қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттарды, арнаулы құралдар мен улы заттарды, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, прекурсорларды, сондай-ақ этил спиртін және алкоголь өнімдерін сақтау орындарына жақын орналасқан аумақты патрульдеуді қамтамасыз етеді, қажет болған жағдайда, оларды қарулы күзетпен қамтамасыз етеді.
9. Жеке тұлғалардан қару мен оқ-дәріні, улы заттарды уақытша
алып қою, ал заңды тұлғалардан қаруға, оқ-дәріге және улы заттарға
қоса, әскери және жауынгерлік оқу техникасын, жарылғыш
және радиоактивті заттарды уақытша алып қою тәртібі
31. Жергілікті жер комендатурасы қаруды, оқ-дәрілер мен улы заттарды уақытша алып қойған кезде күнтізбелік үш күн ішінде алып қойған техникалық құралдарды уақытша сақтау үшін үй-жайларды айқындайды, уақытша сақтауға алып қойылған көрсетілген қаруды, оқ-дәрілерді және улы заттарды, олардың күзетілуін және сақталуын, сондай-ақ осы шараның қолданысы аяқталғаннан кейін меншік иесіне қайтарылуын қамтамасыз етеді.
32. Заңды тұлғалардан жауынгерлік және әскери оқыту техникалары, жарылғыш және радиоактивті заттар уақытша алып қойылған кезде жергілікті жердің комендатурасы күнтізбелік үш күн ішінде алып қойылған техникалық құралдарды уақытша сақтау үшін қауіпсіздік талаптары және көлемі бойынша сәйкес келетін үй-жайларды айқындайды, көрсетілген қаруларды, оқ-дәрілер және улы заттарды уақытша сақтауға алып қою, оларды күзету және сақтау, сондай-ақ аталған шараның қолданылуы аяқталғаннан кейін меншік иесіне қайтару қамтамасыз етіледі.
33. Осы Қағидалардың 31 және 32-тармақтарында санамаланған меншік иелерінен қаруды және оның патрондарын, әскери және жауынгерлік оқу техникасын, улы, жарылғыш және радиоактивті заттарды ішкі істер органдарына жауапты сақтау үшін алып қою, оларды қабылдау және тасымалдау заңнамада белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады.
Қару мен оқ-дәрілерді, жауынгерлік және әскери оқу-техникалары, улы, жарылғыш және радиоактивті заттарды, өзге де арнайы оқшауландырылған үй-жайларда сақтау кезінде қарулы күзетті, есепке алу мен сақталуын ішкі істер органдары қамтамасыз етеді.
________________________
Достарыңызбен бөлісу: |