ТҮРК ЖҰРТЫНЫҢ ТАРИХЫ ХАҚЫНДА
М.Б.Шындалиева
Филология ғылымдарының докторы, профессор
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ, Қазақстан
Көп жылдан бері бұқаралық ақпарат құралдарында еңбек етіп келе жатқан журналист-зерттеуші Ж. Бейсенбайұлының «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» атты еңбегі түрк халықтарының түпкі тарихына қатысты құпияларды ашуға, бұрыннан бар тұжырымдарды қайта қаузауға арналған десек артық болмайды. Кітап «Арғы түрктер ақиқатының ізімен», «Баба жұрттар болған жер» екі бөлімнен тұрады. Бірінші тарауда түрк тілдері, кіндік Азиядағы алтайлық жұрттардың ілкі тарихына қатысты археологиялық-этнотектік ишаралар, арғы түрктердің аймақтары, арғы түрктер мен арилер туралы мол мағлұматтар берілсе, екінші тарауда баба жұрттар, алаш арыстарының ізімен шет елдерге барған жолсапар жазбалары жинақталған.
Автор бұл еңбегінде түрк халықтарының ақиқатына қатысты деректері мол ғылыми ақпараттар көзіне сүйене отырып, соңғы кездегі интернет жүйесі бойынша жарияланып жүрген жаңа зерттеулерді негізге алып, ғылымда нақтыланған ұстанымдардан даусыз түйін жасап пысықтауы құнды әдіс деуге тұрарлық. Зерттеуші түрк халықтарының шығу тарихы, тегі мен түбіне қатысты мәжбүрленіп таңылған ғылыми үрдіс аясына бағынбай, осыдан 50-60 мың жылдай бұрын басталған түрк халықтарының этногенездік тамырын Жерорта теңізінен Шығыс Азияға дейін созылған жерлерді мекендегенін нақты мысалдармен дәлелдейді.
Түрк халықтарының тарихына арналған бұл еңбекте тарих, әдебиет, мәдениет мәселелерін құрғақ баяндамай, керісінше, реті келген жерлерде заманалар шежіресіне жүгініп, кейде генетика ғылымының соңғы жетістіктерін де назардан тыс қалдырмайды. «Америка үндістері – алыстан қосылған туыстар» тараушасы осы сөзіміздің айқын куәсі бола алады. Автор Америкадағы кей үндіс тілдерінің түрк тілдерімен ұқсастығына назар аудара отырып, сиу мен түрк тілдерінің туыстығына қатысты татар ғалымы А.Қаримуллин, Отто Рериг, Б Ферейро, Ж.Дюмезиль, М.Әріпжанов, Ә.Ахметов т.б. еңбектерінде сиулердің тілі ерекшеленіп, түрк тілдеріне ұқсайтынына көңіл аударғанын тілдік деректер арқылы дәйектейді. Үндіс пен түрк тілін білетін мамандардың майя, астек, кечуа халықтары тілдері мен түрк тілдеріндегі ортақтықтар еуроцентристік идеяның кесірінен бұл мәселелердің зерттелуінің кешеуілдегенін, түрк тілдерімен ұқсастық мәселелерінің кеңінен қозғалмай келген себептерін ашып береді. Түрк пен үндіс тілдерінің арасындағы жақындық белгілері дәйексіз емес екендігіне көптеген мысалдар келтіріліп, сиу, кечуа, майя тілдеріндегі морфологиялық категориялар мен лексикалық мысалдар негізінде ұқсастықтарына көңіл аудартқан ғалым соңғы жылдардағы археологиялық, палеоантропологиялық, этнолингвистикалық дәйектерге сүйене отырып ой қорытқан тұстары шындық пердесін аша түседі.
Мексикада, Орталық және Оңтүстік Америка елдерінде мекендейтін сиу-хока тілдерінде сөйлейтін 70 мыңдай, кечуа халқының саны 13 миллионды құраса, майя-астектердің халқы 2,5 миллионды құрайды екен. Азия мен Америка құрлықтарының жапсарлас өңірлерінде жүргізілген көп жылдық қазба жұмыстарының нәтижесі ақиқат дәйектерді қолға ұстатып отырғандығынан хабардар зерттеуші осыдан 45 мың жылдай бұрын Беринг бұғаз-мойнағы арқылы Азиядан қоныс аударған үндіс пен түрк халықтарының ілкі толқыны өтіп кеткенін нақты мысалдармен түсіндіреді. Осы халықтар арасындағы сабақтастықтарды зерделеген кезде тілдік, түрлік ұқсастықтарына талдау жасап, мыңжылдықтарға созылған ұлы көші-қон үдерістері барысында Азиядан келген әуелгі тілдердің көптеген диалектілерге ұшырап, бір-біріне алыстан қосылатын оқшауланған тармақтарға бөлініп кеткендігіне шүбә келтірмейді.
Ж.Бейсенбайұлы түрк халықтары мен үндістердің тілдерін салыстыра зерттеу арқылы көптеген көмескі пікірлердің мәнін ашуға талпыныс жасайды: «... тіл ғылымында еуроцентршіл көзқарас тарапынан қалыптастырылған қағида бойынша түрк тілдері бұдан 2-3 мың жыл бұрын ғана пайда болды деген қағиданы бұзу – қиынының қиыны. Егер үндіс пен түпкі түрк тілдерінің туыстығы шындық деп танылса, онда түпкі түрк тілдерінің әуелгі пайда болу тарихы ежелгі тас дәуірінің бұдан 50000-10000 ж.б. орта, соңғы палеолит кезеңдеріне сәйкес келеді ғой» [1,28-б],- деп қадап айтады.
«ДНҚ ақпараты үндістердің түпкі түрктер екенін даусыз айғақтайды» атты тараушада үндістер мен түрктердің етенелігін, түпкі түбі бір екенін дәлелдейтін бұлғақсыз деректерді автор молынан келтіреді. Америкаға қоныс аударған үндістердің ежелгі түрк қандылармен туыс болып шыққаны, ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде тексерілген үндістер мен түрктердің тұқым-тектік ақпарат қорын анықтағанда бүгінгі екі халықтың айна-қатесіз бірдей болып шығуы кездесоқтық емес екенін түбі бір туысқандықты сырын айқындайды. Түпкі түрк пен американдық үндістердің алыс дәуірлердегі ұқсастығына қатысты ойларға олардағы көне мифологиялық сарындардың ұқсастығы да салмақты дәйек ретінде келтіріледі. Үндістер мен түрктердің генетикалық ұқсастығы қазақ даласының ежелгі тұрғындарына жақындығын автор айқын аңғарған.
Зерттеуші түркі тектес халықтардың тарихы тым әріде жатқанына айғақтарды келтірумен қатар Ресей мен Америка генетик ғалымдарының соңғы жылдардағы зерттеулеріне сүйеніп, түрк халықтарына ортақ этногенездік тарихына қатысты тың мағлұматтарды келтіріп, өз сараптауларын назарға ұсынады. Еуразия мен Солтүстік Американы мекендеген халықтардың сөйлейтін тілдерін, яғни үндіеуропалық, афразиялық, алтай-орал тілдерінің бір-бірімен туыстық байланыстары болғандығына тоқталған зерттеуші бұл тілдердің ортақ тілден өрбігендігіне нақты мысалдар келтіре отырып, тілдер арасындағы туыстық белгілерді біршама анықтайды. Түп ностра тілі мен одан өрбіген алты тілдік топқа тән лексемалардың сәйкестіктеріне қатысты мысалдарға назар аудартқан тұстары ғылыми түрде дәйектер деуге болады.
Африканың шығысы мен батысын мекендеген бушмен және готтентот жұрттардың пішіндері моңғол пішінді нәсілге ұқсайды екен де, сөйлейтін қойсан тобы тілдерінде адамзат тілінің ең алғаш пайда болған кезінен қалған архаикалық белгілер ұшырасатыны туралы тілге тиек етілген. Зерттеуші тіл ғылымындағы моногездік теорияға сүйене отырып, әуелі бір түп тіл дүниеге келіп, содан кейін ғана ілкі тіл адамдардың үздіксіз басқа қауымдармен араласуы арқасында өзгелерге ауысып отырғанын есепке алып қорытынды шығарады. Ғалым этнологиялық заңдылықтарға сүйене отырып, қауымдардың жаңа қоныстарға мекендеуін адам санының мөлшерден тыс өсуінен деп түсіндіреді. «Адамдардың белгілі бір топтары ішім-жем қамымен ілгері қарай мекен ауыстырады. Арада біраз жылдар өткен кезде сол тұяқ тепкен қоныстардың да аң-құс қоры сыр бере бастайды. Тамақ асырау мәжбүрлігі адам қауымдарының басы артық бір бөлігін тағы да жаңа аймақтарға қарай жетелейді» [1,44-б]. Әлемге таралу үдерісі Африка жерінен басталып, Азия түппіріне де бірте-бірте жылжуы ондаған мыңжылдықтарға созылғаны табиғи заңдылық. Түпкі түрктік үлесі басымдау қауымдар Каргин мұзаралық кезеңінде орнаған жұмсақ климат аясында саны өсіп, өрістерін теріскейге қарай ұзарту себебі жылы киіну мен қымтану тісілдерін меңгергеннен кейін ғана Чукотка түбегі аумағына 45 мың жылдай бұрынғы шамада жеткен. Қоректік жануарларын өкшелей қуып, жаңа құрлықтарға өздеріне таныс қоректік аң үйірлерін өкшелеп бірге аттануға мүжбүр болып отырған.
Ж.Бейсенбайұлы қаншама осындай көшіп-қону салдарынан түпкі түрк сөздері басымдау кездесетінін байқатар айғақтарды бағалай келе: «Есті адамдардың Азияның Оңтүстік батысынан басталып, Америкаға дейінгі аралықты қамтыған 30-40 мың жылдай ұзақ уақытқа созылған үздіксіз лықсып жылжуы, жаңа қоныстарды игеруі барысында түп тілдің көп өзгеріске ұшырап, әлденеше тармақтарға бөлініп, бір-бірінен алыстай беретін диалектілерге айналатыны да заңды құбылыс» [1,49-б],- дейді. Қазіргі ғылымда түп ностра тілдің және оған жақындығы бар сино-кавказ тілдерінің әуелгі өркен жайған атамекені Оңтүстік-Батыс Азия аумағы деп танып жүргені белгілі.
Адамзаттың шыққан төркіні Африка екендігі ақиқатқа айналғаннан кейін моңғолдық тұрпаттың әуелгі арғы тегінің көктеген жері – Алтай, Қытай емес, Африка құрлығы болып шыққаны, олардың бітімдерінде қазіргі моңғол тұрпаттылық нышаны байқала қоймағаны бұл зерттеуде нақты дәйектер арқылы көрсетіледі. Зерттеуші бұл қауымдардың мутациялық өзгерістерге ұшырап, көптеген ұрпақтар ауыстырғанын да қаперде ұстай отырып қорытындылар шығарады. Олардың бет-пішініндегі өзгерістер табиғат жағдайы, ауа райының ерекшеліктеріне бейімделуіне байланысты болды дей келе, антропологтардың тұжырымына сүйенеді: «... моңғол тұрпаттыларға тән көз қиығы үстінің қатпарлы болуын (эпикантус), қабақтың қалыңдығын – олар мекендеген осы континенталды қуаң аймақта ұшырасатын қатты жел, құмды борандардан көзді қорғау дағдысының қалыптасуы әсерінен туындаған ерекшелік деп таниды» [2,19-20-б]. Зерттеуші алтай тілдері тобына енетін жұрттардың бәрін тұтасымен монголоид нәсіліне жатқыза салуды жөн көрмейді. Әуелгі толқынмен келген қауымдар монголоид нышанына ауысып жатса, қазіргі қазақ жері мен одан күнгейге, күнгей-батысқа қарай Қап тауы мен Каспиидің оңтүстігіне ауысқандар еуропеоидтік қалыптарын сақтап қалғанынан да хабардар етеді.
Академик П.И.Пучков алтай тілді жұрттардың әу баста еуропеоид тектес болғанын, осы нышан түрк халықтарында сақталғаны айтады: «...моңғол, тұңғыс-мәнжүр, корей, жапон жұрттары арғы тектерінің шығысқа қарай жылжып, сол өңірде ұзақ тұрақтап қалуы барысында, олар өздерінің бастапқы еуропеоидтік белгілерін толығымен жоғалтқан» [3],-дейді.
Бұл зерттеуде жинақтаушылық мәні бар байламдар көрініс тапқаны байқалады. Зерттеуші бұған дейінгі дәйектерді зерделеу барысында зерттеушілер арасында бір-біріне қайшы пікірлердің кездесетінін ескер келе, шумер мен түрк тілдеріндегі ұқсастықтардың әуелгі төркінін көші-қон үдерістерінен деп жорамал жасайды. Арғы түрктік қауымдардың әуелден оралдық жұрттармен аралас-құралас өмір сүріп, мезолит, неолит дәуірлерінде Орта Азияда мекендегені, іргелі мәдениеттерге ұласқаны белгілі. Түрк тестестердің тамырластығығы әдет-ғұрпы, мәдениеті, рухани байланыстармен қоса, тілдік қарым-қатынастарды да жетілдіріліп отырғанын белгілі ғалымдар пікірлеріне жүгіне отырып нақтылайды.
Ж.Бейсенбайұлы түрк халықтарының арғы тарихына қатысты жаңаша қисындарды ұсына отырып, Көптау байрайындағы шұраттар мен Әму, Сыр, Зеравшан дариялары атыраптарындағы кәсіптерді анықтап, диханшылық дәстүрге қол жеткізгенін, металл қорытып, қолөнер мен сауданы дамытқанын, қалалар мен ғибадатханалар салу мәдениетінің да дамығанын, отырықшы жұрттар арасында сөздік қорларында елжелгі дәуірлердегі атаулардың да болуғанын теріске шығармайды. Шумер тілінің сөздік қорында алтай тобының, әсіресе, түрк тілдерінде бар біраз сөздер кездесетіні, бұл тілдер бір замандарда жақын болуы мүмкін деген батыл жорамал айтып қана қоймай, түрк халықтарының тілі мен шумер тілінің тамырластығына қатысты беделді ғалымдар пікірлеріне сүйене отырып, бұл тұжырымын ғылыми әдебиеттер мен энциклопедияларға арқылы нақтылайды. Шумер мен түрк тілі арасындағы қатынастарды, туыстықтың болғандығын, шумер мифологиясындағы сарындар мен тәңірілер есімдеріне де назар аудартады, ұқсастық іздерін байқайды. Шумер тілі алтай, арғы түрк тілдерінің лексикалық әсер-ықпалына көбірек ұшырауы мүмкін деген жорамал жасап, шумер тіліндегі кей сөздердің бүгінгі күні түрк тілдерінде сол мағыналарында сақталып отырғаны сабақтас байланыстардың әсері деп көрсетеді.
Ғалымның Шумерлердің теріскейден келгендігін көне әпсаналарда жырланғаны туралы пікірі Шумердің Эрех қала-мемлекетінің әміршісі Энмеркар патша туралы «Энмеркар және Аратта әміршісі», «Лугальбанда және Энмеркар» дастандарында, теріскейдеге Аратта елімен тығыз байланыс құрағаны жырланғаны баса айтылған. Шумер сөзінің шығу төркінін әріден іздегенде бұл этностың екі мың жылдай өмір сүргенін, соның нәтижесінде адамзаттың алғашқы өркениеттік орталықтарының болғанын, сына жазуының пайда болғанын, шумер тілінде алғаш оқулықтар жазылып, мектептер ашылғаны, шумерлердің ана тілі жойылғанымен, өздері семиттерге сіңісіп, аккад тіліне ауысып кеткені, ірі мемлекеттер Бабал мен Ассирия мемлекеттерінің ресми тіліне айналғаны, кейіннен семит текті арамей тіліне жұтылып кеткені жайлы пікірлері айырықша маңызды.
«Көзі қарақты зерттеушілер бұған дейін де арғы түрк тілдерінің іздері шумер жазбаларында ғана емес, осы өңірлерде ғұмыр кешкен басқа да байырғы тілдердің сілемі қалған деректерде ұшырасатынын айтып жүретін. Алайда оларға ғылыми ортада әдеттегіше мән беріле қоймай, жай сәйкестік шығар деген сыңайда қабылданып, елеусіздеу қала беретін»[1,99-б],- дей келе, Азия жерінен Тынық мұхитқа дейін ұласып жатқан, арғы алтайлық жұрттар қоныс еткен аймақтардың тілдік, этногенездік даму дәуірлерін қайта кезеңдеу мен зерттеу кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Зерттеуші этногенездік дамуды қайта кезеңдеуде түрк тілдері өз дамуында алты түрлі дәуірлеуді бастан кешкенін, ғалым өзі зерттеп отырған тақырыбы соның Алтай кезеңіне сәйкес келтінін, оның ежелгі тарихы тым әріде жатқанын, сол дәуірге қатысты кезең ауқымын нақтылай отырып, оны екі бөлікке жіктейді. Біріншісі, ностра, арғы алтай дәуірі, екіншісі, алтай дәуірі. Бұдан кейінгі кезеңді түркітанушылар Хун дәуіріне орайластыратыны айырықша маңызды. Көнешұңқыр және Ботай мәдениеттерінің ізашарлары – ілкі түрктер екені, аталған мәдениеттің бой түзеген шақтарына тән археологиялық белгілер көп болғаны, дала тайпалары ғұрпының басты ерекшеліктері тізбектеліп, әр жұрттармен ықпалдастық қарым-қатынастарға түскені жан-жақты сөз болады.
«Арғы түрктер мен Арилер» атты тарауда арғы түрктік Көнешұңқыр мен алтай-оралдық тайпалардың ұрпақтары туралы, Сынтасты-Арқайым қоныстарын тұрғызушылар, олардың үндіирандықтар деп аталу себебі, Шортанды, Терсек-Ботай мәдениеттерінің сабақтастығы туралы ғалым өз батыл жорамалдарын алға тартады. Мәселенің ақиқатына жүгінген зерттеуші Орталық Азия аумағында әуелден кең қолданысқа ие болған төл алтайлық арғы түрк тілі деп тануды нанымды көреді. Бұл еңбекте арғы түрктер ақиқатына жеке назар аударылып, бүгінгі күн деңгейінде байыпты қарастырылып, жүйелі де салмақты пікірлер айтылғанын ризашылық сезіммен айтуға болады. Кітаптың екінші бөлімінде зерттеуші-журналист туысқан түркі жұрттарына барғанда жазған жолсапар очерктері топтастырылған. Көбінде алыстағы түркі тектес елдерді, олардың тұрғындарын, сол жердің табиғатының әсемдігін, саяхаттың ерекшелігі мен кездейсоқтықтар және тағы басқа саяхатшының көрген-білгенін, қандай да болмасын қаламмен суреттеу барлық жастағы оқырман үшін қызықты баяндалады.
Жол-сапар очеркінің өз тарихы мен дәстүрі бай және қазақтың атақты жазушыларының бұл жанрда жазбағандары кемде-кем. Очеркші материалды баяндай отырып, оқырманмен тікелей сұхбаттасады, тарихи элементтерді, статистика, саясатқа көзқарасын білдіріп, өз басынан өткен оқиғаларды, сезімдерді айта алады. Жол-сапар очеркінің ерекшелігі, бір жағынан автор саяхатының фактісімен, екіншіден, тақырыппен байланысты. Осы жолсапар очерктерін жазу негізінде автордың өмірді қабылдауы анық көрінеді.
Жазушы Ж.Бейсенбайұлының бұған дейін де жазған очерктерінің күрделі эволюциясы, публицистік шеберлігінің шыңдалу кезеңдері - арнайы зерттеуді қажет ететін мәселе. Әйтсе де публицист ойынан туған әрбір очеркі өз заманының толғағын толғап, қазақ елінің көкейкесті проблемаларын алға тартуға арналып отырғанына көз жеткізуге болады.
Ж.Бейсенбайұлының жолсапар очерктеріндегі баяндауынан оқырман кең мағлұмат алады. «Парсы деген еліміз, Иран деген жеріміз» деген очеркінде қызықты деректер келтіріліп, Иранның тұрмысы мен тіршілігі, мәдениеті мен салт-санасы жайынан тосын жаңалықтар жеткізілген. Жол-сапар очеркінің құндылығының өзі осында. Дегенмен, ол бәрін бұрыннан білетін жай жеткізуші болып көрінбейді, керісінше, өзі де білуге ынтызар болғандығы сезіледі. Жазушының Түркия, Иран, Мажарстан Моңғолия, т.б. елдердің әр қаласына барғанда көргенін, ескерткіштер мен басқа да тарихи орындардағы ерекше тарихи штрихтарды, әртүрлі адамдармен дидарласқанын ретімен баяндап, мол ықыласпен жазған және очеркті оқыған оқырман саяхатшымен бірге болғандай әсер алады.
Жазушы-зерттеуші Ж.Бейсенбайұлының «Арғы түрктер ақиқатының ізімен» еңбегі түбі бір түрк халықтарын жақындастыра түсудің жолдарын қарастырған, құнды пікірлер айтылған, түрк халықтарының тілін салыстыра тексеру арқылы көртеген көмескі ұғымдардың мәнін ашуға болатынына көз жеткізеді. Бұл еңбекте дүниеде озбырлықты көп көрген түрк халықтарының өзіндік болмысы, тілі мен діні, ділін сақтап қана қоймай, еуроцентристік саясаттың зардабын шеккен түркі тектестердің ендігі тағдыры өз қолдарында екені баса айтылады. Қорыта айтқанда, Ж.Бейсенбайұлының бұл еңбекте түрк жұртының тарихи-этникалық, мәдени байланыстары мен тамырластығын ғылыми тұрғыда дәлелді талдаған, байыпты тілмен жазылған деуге толық негіз бар.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
-
Бейсенбайұлы Ж. Арғы түрктер ақиқатының ізімен. – Алматы. Қайнар, 2006.
-
Янковский.Н.К., Боринская С.А. Наша история записания в ДНК // Природа. 2001. №6. Народы мира. 2000.
-
Пучков П.И. Дивергенция языков и корреляция между языком и расой // Народы и религии мира. Энциклопедия. // www. cbook. ru.
Достарыңызбен бөлісу: |