Тұрсын аға, сөзімізді бірден осыдан аттай бес жыл бұрын сол кезде Премьер-министрдің орынбасары болып тұрған, халқымыздың ұлтжанды азаматтарының бірі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Отырар кітапханасының»



Дата24.02.2016
өлшемі66.5 Kb.
#17484
РУХАНИ ТӘУЕЛДІЛІКТЕН АРЫЛА АЛМАЙ ЖҮРМІЗ
- Тұрсын аға, сөзімізді бірден осыдан аттай бес жыл бұрын сол кезде Премьер-министрдің орынбасары болып тұрған, халқымыздың ұлтжанды азаматтарының бірі Иманғали Тасмағамбетовтің тікелей қолдауымен дүниеге келген «Отырар кітапханасының» бүгінгі жай-күйінен бастасақ. Бесжылдың ішінде не істелді? Қандай құнды дүниелер жинақталды?

- «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы кітап қоры 1 миллион 300 мың данаға жетті. «Күлтегін» жазба ескерткішінің ғылыми көшірмесі мен Құлашордың мүсінтасы койылған «Жазу тарихы» мұражайы мен Л.Гумилевтің мұражай-дәрісханасы, әдебиет, мәдениет, ғылым қайраткерлері С.Бегалиннің, Ә.Нұршайықовтың, Ә.Марғұланның, М.Қаратаевтың, К.Ақышевтың, Қ.Мұхамедхановтың, Т.Кәкішевтің, А.Құдайбердиевтің, Р.Сыздықованың, С.Қирабаевтың, О.Нұрмағамбетованың, Н.Оңдасыновтың, М.Өтелбаевтың, Р.Нұрғалидың, немістің қоғам және мемлекет қайраткері Г.Геншердің, қазақ диаспорасының мемориалдық кітапханалары мен қолжазбалар қоры бар. Негізінен бізде қоғамтану ілімі саласын қамтитын 29 мың сирек кітаптар мен қолжазбалар сақталған. Соның ішінде «Ләтафатнама» (IX ғ.) қиссасының, әл-Фарабидің 11 еңбегінің (Х-ХІғ), «Қытай шешендері әфсанасының» (XII ғ.), «Қыпшақ тілі сөздігінің», В.Радлов пен Г.Гейкельдің «Орхон-Енисей ескерткіштері» атласының т.б. ғылыми көшірмелері, Отырар, Баба-Ата, Сауран, Торғай қалаларының орындарынан табылған және кеңес дәуіріндегі тәркілеу мен саяси-идеологиялық қысым кезінде күмбездер мен үңгірлерге, зираттарға, мешіттерге жасырылған 500 данаға жуық кітап, Ақан серінің кітапханасынан сақталып қалған «Төрт дәруіш» дастаны, Абайдың 1909 жылы шыққан өлеңдер кітабы, Левшиннің «Қазақ-қырғыз тарихы жазбаларының» 1828 жылғы қолжазбасын осы кітапханадан табуға болады.

Ғылыми орталықтағы қолжазбалардың негізінде б.д.д. X ғасырдан бастап XX ғасырдың аралығындағы қазақ әдебиетінің түп төркіні мен дәуірлеу кезеңдерін қамтитын «Көне түркі жазбалары мен шығыс қолжазбалары – Қазақстан тәуелсіздігінің рухани негізі» атты кең ауқымды ғылыми жобаны жүзеге асыру барысында «Ұлыстық әдебиеттен – ұлттық әдебиетке дейін», «Қазақ жазуы тарихы», «Қазақтың салт-дәстүрлері», «Қазақтың ырымдары», «Қазақтың жөн-жобасы мен жоралғысы», «Қазақтың ұлттық тағамдары», «Қазақтың тұрмыс-салты», «Құнанбай» зерттеулері, «Ғұн, сақ, түркі дәуіріндегі ежелгі әдебиет үлгілері», «Оғыз-қыпшақ, Алтын орда дәуіріндегі қазақ әдебиетінің үлгілері», «Жетінші қазына» (ІХ-ХХ ғғ. қисса-дастандар)» әдебиет хрестоматияларын, Ноғайбайдың «Елім үшін кектімін», Нарманбеттің «Кер заман», Ә.Марғұланның «Саят құстары» кітаптарын және араб, парсы, қытай тілдеріндегі қазақ даласы туралы көне деректер жинағын, Қ.Мұхамедхановтың колжазбаларының 6 томдығын, С.Бегалиннің 1 томдығын дайындадық. Бұлардың дені жеке кітап болып жарыққа шықты.

- Күлтөбеде көмілген, отқа өртенген мұралар көп қой. Бұл құнды дүниелерді орталыққа қалай жинап жатырсыздар?

- Есте қалған ескі мұралардың иелеріне хабарласып, ұзын сонар тізімін жасағанымызда, оның саны 5 мыңға жетті. Соның ішінде IX ғасырда дүниеге келген, түпнұсқасы ауған соғысында өртеніп кеткен «Ләтафат-наманың», Қашқари қолжазбасының ғылыми көшірмелері (Түркия), Фарабидің 12 қолжазбасының (Иран) көшірмесі, IV ғасырдажазылған «Күңзы тәмсілдері» (Қытай, түпнұсқа), «Кодекс-куманикус» сияқты жәдігерлердің бар екенін айтсам да жеткілікті болар. Демек, халқымыз қазынасын сақтай білген. Бір ғана мысал, Аманбек Төлепбергенов деген шығыстанушы баспагер азамат 1742,1754,1888 жылдары Гамбургте, Лондонда шыққан «Каспий өңіріне саяхат» (картасы бар), «Сақтар», «Кушан», «Тохарстан» атты кітаптардың, ал Қуанышбек Қари Софы Аллаярдың және басқа да бес кітаптың көшірмесін Иран кітапханаларынан алып келіп тапсырды.Ресейдің ірі кітапханаларында Қазақстанға қатысты немесе қазақ тілінде шыққан кітаптар мен басылымдар өте көп. Кейбіреулерінің 15 данасы сақталған. Оларға керегі соның 2-3 данасы. Қалғандары «запасниктерге» жіберілуде. Оларға мұның сонша қажеті жоқ. Мемлекеттік келісім арқылы есептеп шығарып, бізге тегін беруге ықтиярлы. Іздестіру, тізімдеу, ресмиаттан өткізу, кеден мен көлік салығын төлеу шығындарын көтеріп алсақ болғаны. Өзге дүниелерді таратып жатпағанның өзінде, жоғарыда аталғандардың бағасыз байлық екені анық қой. Сондықтан да ауызды қу шөппен сүртудің еш реті жоқ. Іздесек - әлі талай қазынаның үстінен шығарымыз анық. Мен бұл арада еуропалық құнды басылымдар туралы сөз қозғап отырғаным жоқ. Ал аса бір кұнды қолжазбаның бірін «Қазақ-қайсақ тарихы» атты зерттеуінің 1828 жылғы поляк тіліндегі қолжазбасын бізге жазушы Ақселеу Сейдімбек табыс етті.



- «Отырар кітапханасы» жанынан музей-кітапхана құрылды деп естідік. Бұл жақсы бастама болып отыр ғой...

- Орталықтың негізгі үш бағыты бар. Олар: бірінші, көне жазбаларды жинау, зерттеу, өзге тілдерден аудару, ғылыми айналымға түсіру. Екінші, қазақ жазуының тарихы туралы музей жасақтау, сол арқылы кітаптану ілімі саласын дамыту, мәдени-рухани қызмет көрсету. Үшінші бағыт – кітапхана ретінде ғылыми-ағарту саласына атсалысу. Қазір мәдени-мұрағат және жазу музейін қолға алу сәл саябырлап тұр.

Біз қазақтың көрнекті жазушыларының ғалымдарының, өнер қайраткерлерінің кітапхана музейін жасақтауға қазірдің өзінде кірісіп кеттік. Әлкей Марғұланның, Мұхаметжан Қаратаевтың, Сапарғали Бегалиннің, таяуда Кемел Ақышевтың мемориалдық бөлмелері ашылды. Мұнда осы адамдардың жұмыс кабинеті көзі тірісінде қалай орналасса, тура сондай қалыпта сақталған. Оқырмандар мен зерттеушілердің психологиясына, ол кісілердің жан дүниесі мен ғылыми ілім санатын етене сезінуге әсер етері сөзсіз. Әр кітаптың тұсындағы ол кісілердің салған белгісінің өзі ой-түйсікке қанат бітірмей ме? Қазір қаншама ағаларымыздың кітапханалары мен қолжазбалары талан-таражға түсіп, шашылып кетті десеңізші!... Сол мұралар да біздің рухани тарихымызды құрамай ма?! Әркімнің қолында кетпей, бір жерде жинақталып тұруының өзі, оларды қасиеттендіріп жіберетіні сөзсіз!... Сол адамның қолжазбаларын жүйелеп, көп томдық шығармаларын дайындап тас-түйін етіп жасап қойсақ, соның өзі үлкен жетістік емес пе! Бұл ретте марқұм Қалтай Мұхамеджанов Мәскеуге аттанар соңғы сапарында «Отырар кітапханасына» орыс патшасы Алексей Михайловичтің (Петр I әкесі) бұзау терісін қаптатып жасатқан «Евангелия» кітабын, әт-Табаридің түрік тіліндегі еңбегін (орыс тілінде бір-ақ томы аударылған), монғол хандары мен Баяндүр ханның тарихын, Қазақстан туралы орыс және шет тілдеріндегі жинақтарды, Кауфманның «Түркістан альбомын» (1884), XIX-XX ғасырдағы араб қарпіндегі қолжазба кітаптарды, 1900-1930 жылдар арасындағы қазақ баспасөздерінің тігіндісін, «Құран - кәрімнің» 15 тілдегі нұсқасын, тағы да басқа кітаптарды сыйға тартатыны туралы айтып еді. Осы уәдесін орындауды Фарида жеңгейге аманаттап кеткен болатын. Фарида жеңгей мен балалары Қал-ағаңның сол өсиетін орындауға уәде берген еді. Алайда әлі де кешігіп жатыр. Мұндай келісім марқұм Сахи Роман ағамызбен де жасалған болатын. Бірақ та әр түрлі себептерге байланысты қазір кешеуілдеп тұр. Түбінде ағаларымыздың ол өсиеттері орындалар деген үміттеміз. Тұрсынбек Кәкішев ағамыз да қазақ әдебиетінің тарихына қатысты 6 мың сирек қолжазбалар мен кітаптарды бізге ұсынды. Рабиға Сыздықова апайымыз да біраз кітаптарын «Отырар кітапханасының» қорына өткізді. Бұл құнды мұралар тек студенттерге ғана емес, зерттеушілерге де зор көмегін тигізері сөзсіз.

- Қазір материалдық байлық алдыңғы орынға шығып, рухани игіліктердің үні шықпай тұрған заман. Оның үстіне, қазір кітап оқымайтын ұрпақ өсіп келе жатыр. Жаһандану біздің рухани дүниеміздің діңгегі болып саналатын кітапхананы жұтып қоймай ма?

- Жаһандастырудың екпіні күшейген сайын ұлтгық мәдениетіміздің тарихы мен ерекшелігін баянды түрде тиянақтап, жалпыға ортақ тоғытпа мәдениеттің тобырынан арашалап қалуды қамтамасыз ету - ұлттық рухани тәуелсіздігіміздің басты кепілі. Жаһанданудың қандай бағытта дамитыны, оның рухани мәдениет үшін қандай із қалдыратыны қазір беймәлім. Мұны ілгері ел зиялылары да мойындап, оған алаңдай қарап отыр. Ақпарат ағындары адамзаттық өркениеттің жетістіктерін топан суындай шайып кетпес үшін тиісті қауіпсіздік шараларын да қарастыруда. Ал оның бірден-бір таным тамыры - кітапхана. Ақпараттандыру жүйесі барынша дамып, адамды кітаптан аулақтата түскен сайын, зиялы жұрт соғұрлым классикалық кітапхана жүйесін дамытуға ерекше ынтамен құлшыныс білдіруде. Есте жоқ ескі заманнан бастап адамзатгық құндылықтарды сақтап келген ежелгі Египеттің өзі Александрия кітапханасын қалпына келтіріп, ежелгі өркениеттің нысанасы ретінде белгі қойып, әлемдік ақыл-ойдың назарын аударуының басты себебі де - сол. Қазір үйінде отырып компьютердің тетігімен әлемді аралап шығатын, бірақ басып тұрған табанының астында күлтөбеге айналған қазынаның жатқанынан бейхабар, көшпелілер өркениетінен бейхабар, көзбен көріп, қолмен ұстамаса ештеңеге сенбейтін ысқаяқ ұрпақ өсіп келеді. Рухани тәуелсіздік тектік түйсігіне толық сіңіп болмаған, ұлттық санасы ұйымаған, компьютерді еміздіктеп өскен жаңа қазақтарға жаһандық үйлестірудің қандай қауіп әкелетіні белгілі. Ал «Отырар кітапханасын» құру – қай жағынан алсақ та, біздің рухани дүниемізді жаңғыртуға бағытталған сан-салалы жоба.

«Отырар кітапханасының» жоспары-тұжырымдамасымен толық таныспыз. Осы жоспар толығымен іске асатын болса,әлемдік өркениеттегі «Отырар кітапханасын» жоғары деңгейде жаңғыртар едік. Бұл біздің рухани дүниемізге қосылған сүбелі дүние болмақ. Ол жағын сіз қалай пайымдап, таразылар едіңіз?

– «Мәңгілік ел» идеясына негізделген Ұлы Даланың руханияты қадым заманнан тамыр тартады. Тұжырымымен құбылысы ерекше түркілік таным мен тарихи-көркем құндылықтар адамзаттың өркениет кеңістігіне өз үлесін қосты. Ежелгі Эллада мен көне Қытай жылнамаларындағы жазба мұралар соны толық растайды. Дунь-хуан (Қытай) мен Дунай (Еуропа) арасындағы сақ, скиф, ғүн, түркі, оғыз, қыпшақ дәуіріне қатысты Пазырық, Берел, Ертіс, Есік, Талас, Орхон, Енесей, Селенгі, Бұғыты, Отырар, Түркістан, Бату Сарай мен Сарай Берке, Сығанақ, Күлтөбе қорымдарынан табылған қазба айғақтар мен тұңғыш әліпбилік жазулар түркі өркениетінің даму деңгейінің ежелден-ақ жоғары болғандығын танытады. Ұлы Дала арқылы өткен «Ұлы Жібек жолы» Шығыс пен Батысты шатастырған өркениеттің көпірі болды. Еуразия кеңістігін мекендеген түркі қағанаттары олардың өзара алаңсыз араласуына кепілдік берді. Батыс пен Шығыстан өздері де үйренді, өзгелерге де үлгі көрсетті. Алтын мен күміс пайзілерге, қайыңтозы мен «мәңгілік тастарға», өгіз терісіне, қағазға басылған жазулар, теңгелердегі таңбалар соның айғағы. Мұны Герадот пен Страбоннан (б.д.д-У-ІІІ ғ), Сыма-цыян мен Бань-Гудш (б.д.д. II—II ғ.), әт-Табариден (IX ғ.) бастап Дулатиға (ХҮ-ХҮІ ғ.) дейінгі тарихшылардың жазбалары толық растайды. Сондай асыл қазыналарды, күлтөбелер мен қорғанға айналған «даналық үйлерінің» үйіндісін заманалар бойы бауырына басып, сақтап келген Ұлы Даланың өзі де табиғи кітапхананың міндетін атқарды. Алайда, оларды бір орталыққа шоғырландырып, жинақтаудың, сақтаудың мүмкіндігі болмады. Алаш ардагерлерінің мұрағаттары да талан-таражға ұшырады. Тіпті таяу жылдарда өмір сүрген дара тұлғаларымыздың қолжазбалары мен мемориалдық-коллекциялық кітапханалары соңғы кезде кездейсоқ адамдардың қолына түсіп, ізін жоғалта бастады, барының өзі қараусыз қалып барады. Барымызды бауырымыздан шығарып алған өкініштерімізді еске алсақ өзегің өртенеді. Мысалы, осы сирек кітаптармен тікелей айналысып жүрген адамның нақты мағлұматы бойынша, осыдан бірер жыл бұрын Өзбекстаннан, Тәжікстаннан, Қырғызстаннан, Қазақстаннан жинақталған толық бір «КамАЗ» сирек кітаптар мен құнды мұралар жасырын дала жолымен Ресейге жөнелтіліпті. Ал бұдан жиырма жыл бұрын Түркістан мен Отырар өңіріне келіп көне кітаптарды Ташкентке тиеп әкетіп бара жатқан жүк мәшинесін тәркілеу туралы өтінішімізді аудандық бірінші хатшыға жалынып жүріп өткізе алмағанбыз.

Соңғы жылдардың өзінде тек көне мұраға көз қиығын салып жүрген адамдардан атүсті мәлімет алғанымыздың өзінде бір айдың ішінде 5 мың құнды кітап пен қолжазбаны жинақтап алатындай мүмкіндік бар екен. Жақсыбек Құрманбеков Баба-Атаның түбіндегі жар жағасынан тауып алған екі қап ескі кітапты, жазушы-этнограф С.Кенжеахметұлы жетпіс жыл ел мекендемеген қыстаудың күлтөбесі мен қорғандардан жүзге тарта құнды мұраны (ішінде А.Байтұрсыновтың «Әліпбиі» бар), Сара Көлбайқызы елуге тарта аса сирек қолжазба кітаптарды орталыққа тапсырды. Өлкетанушы Клара Әмірқызы Ақан серінің кітапханасында сақталған «Төрт дәруіш» кітабын ұсынды. Семейдегі ескі үйдің жертөлесінен 300-ге тарта кітап сақталған қойма табылыпты. Ал «шығыстың жеті жұлдызының» бірі Жамидің қолжазбасы Алматыда жеке адамның қолында сақтаулы. Ақмола мешітінің кітапханасымен танысып шыққанымызда онда 300-ден астам әдеби-мәдени, ғылыми кітаптар сақталыпты. Соның ішінде түркінің көне күнтізбесі туралы ғылыми жазба да бар болып шықты. Қазақстандағы өзге мешіттерде не сақталғаны әзірге белгісіз. Қалталы көпестің қармағында кеткен Шымкенттен табылған көне «Құранның» қазіргі жай-күйі әзірше беймағлұм. Бұған қоса, республиканың үлкенді-кішілі кітапханалары мен мұрағаттарында 100 мыңға тарта қолжазбалар мен қолжазба кітаптар бар екені мәлім. Олар толықтай ғылыми айналымға түспей, шикізат күйінде жатыр. Сақталу күйі де белгісіз. Деректану орталығын құру қажет деген пікірдің жиі айтылуы да сондықтан. Қазір әр мекеменің қоймасында күтімді-күтімсіз жатқан құнды мұраларды бір орталыққа жинап, реставрациялауға ұмтылған дұрыс. Шағын мекемелік мүдделерді ұлттық мүддеге ұйыстыру қажет.

Сіз осыдан бірнеше жыл бұрын Египеттегі атақты Александрия кітапханасында болдыңыз. Олардың бізден артықшылықтары, үйренуге тұрарлық тұстары қандай?

– Бұл сапар мен үшін тосыннан басталды. Иманғали Тасмағамбетов Премьер-министр кезінде шақырып алды да: «Қазақ тарихы мен руханиятына қатысты дүние жүзіндегі барлық деректерді бір орталыққа жиып, оны ғылыми айналымға түсіретін «Отырар кітапханасының» болашақтағы даму бағдары мен тұжырымдамасын жасап, республика жұртшылығының назарына ұсын, Александрия кітапханасын арабтар қалпына келтірді. Біз де өзіміздің Отырарымызды тірілтіп,осыдан мың жыл бұрын да әлем өркениетінің бір отауы болғанымызды бүкіл әлемге жаңа Астанада көретін кез келді. Кітапхананың және ғимараттың тұжымдамасы мен жобасын бір жарым айдан кейін талқылаймыз. Соған дайындал», - деді.

Пәрмен қатты, бұйрық тез, тапсырма шұғыл болды. «Отырар кітапханасын» Еуразия Ұлттық университетінің жанынан құру туралы Үкімет Қаулысы шыққаннан бергі екі жылдың ішінде оның қызмет ауқымы реттеліп, мақсат-міндеті анықталып, жұмысы да жолға қойылып қалған. Тұжырымдама да дайын еді. Тек Александрия кітапханасының тарихи орны мен қалпына келтірілгенін білгенімізбен, оның үлгісін ұстана қоярлықтай нақты мағлұмат жоқ-тын. Соны уәж ретінде айтқанымызда: «Он күннің ішінде Мысырға аттанып кет. Жаңа жылға дейін барып кел», - деп тиісті адамдарға нұсқау берді. Сапар осылай басталды. Іссапар барысында барлық кітапханалар мен: екі елдің арасындағы мәдени байланысты халықаралық деңгейде барынша нығайтып, дамытуға атсалысуға, жазба және рухани мұраларды сақтауға қатысты өзара мүдделі шараларды бірлесе отырып шешуге, сирек қолжазбалар мен кітаптардың көшірмелерін алмасуға, халықаралық жобалар мен кітаптарды оқып, зерттеп, аударуға көмек көрсетуге болашақ «Отырар кітапханасының» ғимаратын жобалау, салу, жабдықтау барысында өзара тәжірибе алмасуға уағдаластық жасалды. Египеттің Ұлттық кітапханалары мен архивтерінде жалпы түрік, шағатай, кейбірі екі тілде жазылған 5154 қолжазба бар екен. Қай қолжазбаның қайда, қандай сөреде, не жөнінде екендігі туралы арғы тегі тараздық Насыреддин Мүбашширдін 5 томдық каталогын іздестіріп жүріп әзер қолға түсірдік. Мұны қазақ тіліне аударса да артықтық етпес еді. Соның ішінде әл-Фарабидің 18 қолжазбасы мен Сұлтан Бейбарыс туралы бір қолжазба Ұлттық кітапхананың сирек қолжазбалар қорында сақталыпты. Пікір алмасу барысында бұлардың көшірмесін үш-төрт айдың мөлшерінде жасап беруге Х.Камал мырза уәде берді. Қазақ тарихына тікелей қатысты және орыс тілінің өзіне әлі толық аударылмаған ежелгі тарихшылар: ибн Баттутанның 6 томдығы, әт-Табаридың 6 томдығы, әл-Фарабидің 5 кітабын, Худуд-ул-Аләмнің, «Бейбарыс пен мәмлүктер тарихы» туралы 6 кітапты, Ғазалидің 9 томдығын, Түркі жазбалары каталогының 5 томдығын және қазақ тарихына қатысы бар 40-қа жуық кітаптар мен фотоальбомдарды сатып алдық.

Жалпы алғанда бізге қажетті және іздеп жүрген жәдігерлеріміз Египеттің Ұлтгық кітапханасы мен Бейрут кітапханасында екен. Қалай болған күнде де олардан үйренетін нәрселер өте көп. Бұл туралы кезінде баспасөз беттерінде көп жазылды ғой...

Атақты Александрия кітапханасынан кейінгі екінші кітапхана атанған «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын қайта жандандырып, оны әлемдік деңгейге көтеру мәселесі нақты қойылғанмен, кейінгі уақыттарда сәл саябырсып қалған сияқты. Әлде, сіз оны басқаша түсіндіресіз бе? Ғылыми орталықтың жеке ғимараты салына ма? Ол жөнінде не айтар едіңіз?

– Біз бүгінге дейін «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығын -мемлекеттік тарихи-мәдени нысанасының (символикасының) бірі және ұлттық, саяси, идеялық, ғылыми, рухани-мәдени топтасуының қуатты факторына айналдыруды көздеп отырмыз. Бұл ұсыныс Президентіміз Н.Назарбаевтың «Мәдени мұра» бағдарламасымен тікелей жалғасып жатқандығы ескеріліп, «Отырар кітапханасы» жаңа ғимаратының жобасын дайындау, құрылыс ауқымын белгілеу, республикалық тендер жариялауды ұйымдастыру, оны келесі жылдың бюджетіне енгізудің мүмкіндігін қарастыру туралы сол кездегі Премьер-министр И.Тасмағамбетовтің 2003 жылғы 22 каңтар күнгі №8 Өкімі берілген болатын. Қазір Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің 7 қабатты ғылыми кітапханасының ғимаратын салу жоспарлануда. Бұған университеттің ректоры, профессор Сәрсенғали Әбдіманапов мырза да ерекше көңіл бөліп, барынша бүгінгі заманның талабына жауап беретін кітапхана ретінде ұйымдастыруға ниет етіп отыр. Орайы келгенде айта кетейін, ресми мекемелерде «күлтөбедан күмбез тұрғызып, күлеміштен кітап жасамақ. Оның ешқандай ғылыми дәйектемесі жоқ» деген пікір естіліп калады. Бұл - біздің рухани күшіміз бен ұйымдастыру қабілетімізді біле тұрып, білмегенсігені, жорта жобалағаны. Ондай қуат-күш қазіргі Қазақстанның бойынан табылады. Қытай саяхатшысы Лу-Цзиннің: «Отырардың даңқы шарапханасымен емес, мейманханасымен емес, әйгілі кітапханасымен шықты», - деган пікірі оған толық дәлел болады деп ойлаймын.

«Әр ұлт өзінің ең асыл қасиеттерін адамзатқа ортақ қазынаға айналдыруы тиіс. Егер ол халық төрткүл дүние үшін рухани ештеңе бере алмаса, онда мұны ұлттық қасіретті қылмыс деп бағалау керек» - деген аталы сөз бар. Қазақ ұлты үшін «қылмыскерлік» қаупі төніп тұрған жоқ па?

– Бұл - өмірдің де, мемлекеттің де барлық құрылымын қамтыған өте нәзік әрі кірпияз мәселе. Мұның құрамына мәдениеттің күллі саласы кіреді. Тарихи таным, азаматтық мойынсұнбау, тұлғаның тәуелсіздігі, әдебиет пен өнердегі ұлттық рух, заң баптарының ұлттық дәстүрге бейімделе жасалуы іспетті салалардың бірін үйлестіріп барып тектілік қасиетімізді таба аламыз. «Адам мен қоғамның мәдениеті», оның ішінде отаршылдық ықпалдан жаңа құтылған ұлттық, тәуелсіз мемлекеттің «өткендегі алған мақсатты жолы сонда ғана барқадам таппақ. Мысалы, үлгі тұтып отырған Американың кез келген азаматымен пікір алысыңызшы: мейлі сауда-саттық, мейлі өнер, мейлі ғылым, мейлі жан-жануар әлемі туралы болсын, бәрібір, ол ең бірінші бұл қозғалған мәселе Америкаға қандай пайда әкеледі, оның мүддесіне сай келе ме, жоқ па, алдымен соны ойлайды. Әбден көзі жеткен соң барып әңгімеге араласады, шешім қабылдайды. Ал біздің азаматтардың ойына ол кіріп те шықпайды. Мәселен, біздің Ата заңымыздың не кәдімгі заңдарымыздың қайсысы ұлттық дәстүрге негізделген? Егер де, тергуші не сот қажет деп тапса, сіздің берген сүйіншіңіз бен көрімдігіңізді, беташарыңызды, байғазыңызды пара есебінде іске тіркейді. Ал қазақтың қай қуанышы мұндай кәдесіз өтеді? Сонда бүкіл ұлт парақор болып есептелуі тиіс пе? Демек, біздің қылмыстық заңдарымыздың өзі өзге ұлттың заңының ықпалымен жасалған, яғни, қазақ ұлтының дәстүрін жат жұртқа тәуелді етіп тұр. Немесе өнер мен көркем сөз саласын алайық. Біз кез келген шығарманы бағалағанда оны еуропалык өлшеммен салыстырамыз. Дұрыс қой. Бірақ... қазақтың өз таным әлемі тұрғысынан алғанда талай-талай қиянаттарды жасап жүрміз. Егер белгілі бір кейіпкер - бидің, ағайынның бір ауыз сөзіне тоқтап, оқиғаның шешімі әлгі кесіммен аяқталса, онда міндетгі түрде жазушыны көркемдік шешімді таба алмаған деп сынаймыз. Ол қалайда өліп, не өлтіріп тынуы керек. Бұл өмірлік шындыққа жанаса ма, әлде дәстүрге жат па? Мәселе - біз өнердің заңдылықтарын жаттың көзімен жаттап өсіп, соны заңға айналдырдық. Демек, біздің санамыз да тәуелді. Сол арқылы мәдениетіміз де тәуелді. Біз әлі де болса рухани тәуелділіктен арыла алмай жүрміз. Әр адам өзінің «мені» мен өзгенің «менін» айырмай, не қорғамай мәдениетті бола алмайды. Бұл тұлғаның, ұлттық тұлғаның қалыптасуына, сол арқылы ұлтымыздың өзіндік жеке мәдениетінің қалыптасуына кесірін тигізеді.

Соңғы сұрақ, жеке өзіңізге қатысты. Сіз жазушысыз... Қазір не жазып жүрсіз?

– «Отырар кітапханасы» ғылыми орталығындағы сирек қолжазбалар мен кітаптардың негізінде 19 кітап шығардық. Осы жылы тағы 5 зерттеуді қалың қауымның назарына ұсынбақпыз. Өз басым «Ұраным – Алаш!..» атты алаш ардагерлерінің түрмедегі тергеулеріне негізделген үлкен деректі дүние дайындап жатырмын.

Әңгімеңізге рақмет.



Әңгімелескен САЯГҮЛ ЖАРЫЛҚАСЫН

//Нұр-Астана. – 2007 жыл. – 10 қаңтар.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет