Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰртбай, филология ғылымдарының докторы



Дата21.06.2016
өлшемі174.63 Kb.
#152406
Тұрсын Құдакелдіұлы ЖҰРТБАЙ,

филология ғылымдарының докторы,

профессор.
«ӨМІР ІШІНЕН – ӨЛІМ, ӨЛІМ ІШІНЕН – ӨМІР ІЗДЕГЕН...» ЖАНКЕШТІЛЕР
І.
Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық қозғалысы туралы біз құрастырған үш томдық басылымның барысында әр қоғамның, әр ұлттың, әр мемлекеттің, әр түрлі көзқарас иелерінің мүддесін, қарама-қайшы пікірлері мен тұжырымдардың барлығын қамту, әрине, мүмкін болмады. Алайда «ұмытылған мемлекеттің тарихы» туралы қазақ, қытай, орыс, татар, ұйғыр, монғол, ағылшын, түрік, өзбек, қырғыз тілдеріндегі зерттеулер мен мақалаларды, естеліктерді, мұрағат деректерін оқып шығып, басылымға іріктеп дайындау барысында және аяқтау тұсында, іздеген сұрақтарға жауап алудың орынына, қосымша және бұрынғыдан да терең әрі талқылы сұрақтар көңілімізде ұялап қалды.

Бүгін елеусіз көрініп, ескерусіз қалғандай көрінген Шығыс Түркістанға қатысты геосаяси мәселені түптің түбінде Қазақстанның шүйіле зерттеуіне тура келетініне еш күмәнім жоқ. Осы өлкедегі ұлт-азаттық көтерілісіне тікелей ықпалы мен қатысы болған Қытай, Ресей, Америка, Жапон, Монғолия, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Индия, Пакстан, Түркия мемлекеттерінің де саяси көзқарастары қорытылып, 1945 жылғы – Америка, Англия, СССР – үштігі мен сол жылғы 14 тамыздағы СССР мен қытайдың Чан кайши үкіметі арасындағы келісімдерінен бастап, 1949 жылғы ұлт көсемдерінің ұшақ апатынан қаза табуына дейінгі аралықтағы талай құпиялардың ашылатынына сенемін. Өйткені тарихтың шығыршығы бұл оқиғаны еске түсіретіндей кеңістікке заманнан заман озғанда қайта айналып оралатыны анық.

Ал көтеріліс туралы жазбалардың күрделі де ауыр, жауапсыз сұрақтарды маған ұсынуы заңды еді. Түйсікпен түйгенімнен көрі астарлы мағыналар көбейіп кетті. Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық көтерілістің шығу себептері, қарулы көтерілістің тууы, дамуы, азат республика атануы, ұлттық армияның құрылуы, оның жеңіске жетуіне дейінгі қозғалыстың барысы түсінікті. Ал Нұрғожай батыр жазғандай:

«Кейбір ағайындарымыз болса: – Көтерілістің басы дұрыс еді. Аяғы қате болды», – деседі. Расында да, көтерілістің басы дұрыс әрі ғылыми еді. Оның аяғын кім бұзды?» (Азаттықың өшпес рухы. А Сардар 2008, 130-бет).

Жауабы тылсым сұрақ. Сондықтан да мен тарихи оқиғаға төрелік айтпаймын. Тек қойылған мәселелер мен ол туралы деректерді қайталай еске сала отырып, оған жауапты әр адамның өз жүрегінен іздеуін өтінемін.

Шығыс Түркістан республикасының президенті Әлиханның бір түнде қолды болып кетуінен басталып, Оспан Исламұлы мен Қалибек Райымбекұлының, Тәкіманның ұлттық майданды азаматтық соғысқа айналдыруы, республика туының жығылуы, көсемдерінің апатқа ұшырауы, кейінгі кезеңдегі саяси қудалаулардың түпкі астары – мен танысқан он томға жуық зерттеулерде де толық ашылмапты. Алтайдағы көтерілістің отызыншы жылдардың соңында ұшқын атқаны белгілі. Ал Нылқыдағы ұлт-азаттық қозғалысының басты ұйытқысын Нұрғожай батыр:

«Ресей 1944 жылы 7 қараша күні Құлжаның Нылқы шекарасынан қазақстандық Әнуәр полковник бастаған 2 000 армия адамын (әскерін – Т.Ж.) жасырын өткізді Осыдан кейін Ресей үкіметі бандит Шың шы цайдің орынына келген У жу шиге: «– Бізден 2 000 адам қашып өтті. Олар соғыстан қажыған әрі қашқан отан сатқындары, қылмысты элементтер еді. Осы адамдарды ұстап беріңіздер, – деп талап етті. Бұл не деген ептілік! «Құлжа қозғалысы» дейтін қозғалыс, міне, осы» (сонда, 125-бет), – деп көрсетеді.

Мәселе, қай аймақта қозғалыстың бірінші басталуында емес, оның бастапқы себебінде. Бұл уәж сол естеліктегі Дәлелханның Оспанның жасағына қосылғанда айтқан:



«Совет өкіметі мен Монғолия үкіметі:

Шынайы көмек қыламыз. Жаң жие шы (Чан кай шы – Т.Ж.) көп ұзамай жеңіледі. Қытайдағы ішкі соғыстар өте көп. Олар осындай әлсіз болып тұрған кезінде қозғалыс бастап, Шығыс Түркістан да Монғолия сияқты ел болып кетіңдер», – деп үгіттеді. – Ішкі-сыртқы саясаттарыңды Монғолия сияқты өздерің біліңдер» – деген пікір айтылып еді (сонда, 153-154-беттер), – деген сөзінде тарихи шындықтың шыжымы жатыр.

Жалпы алғанда, мұнда айтылған толық тәуелсіздік мәселесі түсінікті. Бірақ та СССР, Англия, АҚШ, Жапония және Чан кай шы мен Мао бастаған Қытай үкіметтерінің әскери, саяси, экономикалық үстемдік пен қысым жағдайында, солардың империялық мүддесіне орай шайқалып саяси сақнаға шыққан Шығыс Түркістан республикасының өмір сүруі мүмкін бе еді? Егерде: 1945 жылғы 14 тамыздағы Сталин мен Чан кай шының келісіміне дейін және одан кейінгі екі жылғы өліарада Оспанның қосыны мен Шығыс Түркістан армиясы өзара төрт жыл қатарынан қақтығыспай, бір майданды бетке алғанда, мейлі социалистік жолға түссін, бәрі бір, Шығыс Түркістан тәуелсіз де тиянақты мемлекет құрып үлгерер ме еді? «Біріккен ұлттар ұйымының қарарына сәйкес Ресей, Америка, Англия, Қытай мемлекеттерінің сыртқы істер өкілдері 1945 жылы 3 қарашада Манас өзеніне кеп ту тікпесе» (сонда, 131-бет), шарасыз күй кешкен саяси тосқауыл қойылмаса, мүмкін еді ғой?, – деген дәмелі ой мені қатты мазалап, соған жауап іздедім.

Өзгені былай қойғанда, үш күн соғысып, Шихуды таңға қарай алған кезде, қоянқолтық щайқастан штабқа шақырылған подполковник Жағда Бабалықұлының айтуы бойынша, 1945 жылы 8-қыркүйекте таңғы сағат 8-де соғысты тоқтату туралы бұйрық жарияланыпты. Сол кезде ұлт-азаттық армиясының командирлерінің біразы өзін-өзі атып өлтіріпті, алғы шептегі жауынгерлер мылтықтарын тастай салып, мәңгірген күйі ен далаға кетіп қалыпты. Олардың дені кеңестік әскери кеңесшілер екен. Егерде шұғыл түрде кеңес мамандары мен ауыр қару бір түннің ішінде кері әкетілмегенде, ашынған жауынгерлердің бетінен қайтпайтындай, бұйрыққа бойсынбайтындай сыңайы байқалған. Сол кездегі қоғамдық көңіл-күйдің тұрақсыздығын осыдан-ақ байқауға болады.

Шығыс Түркістан республикасының аты – «Үш аймақ төңкерісі» деп өзгертілуі, үкімет төрағасы Әлиханның ізім-қайым жоғалуы, ұлттық-азаттық армиясының 30 мың жауынгерінің 25 мыңға жуығы қазақ болса да басшылардың, армия қолбасыларының басқа ұлт өкілдерінен тағайындалуы, гоминдаңмен келісімге баруы, онда тек ұйғыр автономиясы, ұйғыр тілінің мемлекеттік тіл ретінде кәдеге асуы, ішкі армияның құрамын есепте жоқ ұйғыр полкі ретінде жасақтауға ұмтылуы, әрине, майдандағы жанкешті соғысты басынан кешіп жүрген офицерлер мен майдан командирлеріне күмән туғызып, күдік ұялатты. Бір қазақты бір қазаққа қырғызып қойып, өздері саяси саудада жүргендей әсер де қалдырды. Әсіресе, сондай бір өзара шайқастан соң құрбандардың өлігін көргенде түңіліп тұрып: «Біз күткен азаттықтың сыбағасы осы ма еді? Ертең осылардың орынында біздің өзіміз қырылып жатпаймыз ба? Бізді де күтіп тұрған осы болмасын. Осыларға қосылып кетсек қайтеді?», – деген Балқаш Бафин сияқты офицерлер де болды. Кейін бұл «Жеті полковниктің ісі» деп аталып, олардың барлығы да жазаға тартылды. 1947 жылы Жағда Бабалықов сияқты майдан командирінің өзі Оспан мен Қалибекке іш тартқаны үшін сегіз ай түрмеге қамалды.

Тарихтың өзі берген мүмкіндікті пайдалана алмаған «ұмытылған мелекеттің» өз тарихындағы 400-ге тарта көтерілістен сабақ алмаған бұл қандай ұлт-азаттық қозғалысы?

Шет елде ағылшын тілінде жарияланған Томас Лайэрдың «Тибеттен бет алғанда», профессор Линда Бенсонның «Іле көтерілісі», «Қытайдың соңғы көшпенділері» және Жамес Милвардтың «Тоғыз жолдың торабындағы Еуразия» атты еңбектерінде де бұл мәселе бір мүдденің тұрғысынан қамтылыпты. Ал Хасен Оралтай «Елім-айлап» өткен өміріндегі» пайымдауларында:

«Бұл Оспан батырдың және дәл соған мезгілдес Қалибек хакімнің тәуелсіз Шығыс Түркістан үкіметінен емес ... «Үш Аймақ үкіметінен» іргені аулақ салып, коммунизмге қарсы күрес бастауы еді. ... Бұл арада ол бұрынғы жауы гоминдаң үкіметімен ымырласуға да мәжбүр болды», – деп мәселеге басқаша баға береді.

Әңгіме «коммунизмде» ғана ма? Тарихи тағылымдарға қарағанда Оспан үш жақты арандатуға түскен. Гоминдаң әскерінің бас қолбасшысы Сүң ши ланның «Бәйтік оқиғасының нақтылы жағдайы мен жарияны» атты естелігіне жүгінсек, Оспанның Шығыс Түркістаннан қол үзуінің басты себебі:



«Екі түрлі көзқарас, екі түрлі мақсат ымыраға келмейді. Ол екі түрлі қайшылыққа айналды. Құлжа жақтың (Шығыс Түркістанның – Т.Ж.) талабының көп болуы, оның үстіне кейбір негізгі мәселелерге (гоминдаң армиясының Шыңжаңнан шығып кетуін талап етуі сияқты) барып тірелгендіктен, Жаң жы жұңның бұған төтеп бере алмайтынын ескеріп, Құлжа жақты (Шығыс Түркістанды – Т.Ж.) Оспан арқылы бөлшектеп, өзіне түскен басымдылықты жеңілдетпек болды. Жаң жы жұң мұндай шараны сол кезде Нәнжің үкіметі майданында тұрып, сөзсіз қолдаған еді. Жан жы жұң Оспанға қаражат және заттай бұйым бергені Іле жақтың (Шығыс Түркістанның – Т.Ж.) тісіне тиді. Оспанға жасырын мылтық, оқ-дәрі және телеграф аппаратын беруі Құлжа жаққа (Шығыс Түркістанға – Т.Ж.) мәлім болды. Сөйтіп, Оспанның өздерінің саяси бағытын қолдамайтындығына наразылық тудырды. Олар Дәлелхан арқылы Оспанды әлсіретпек және тізгіндемек болды. Сонымен бірге өзіне тартып ынтымақтаспақшы еді. Оспан Үрімжіге екі рет уәкіл жіберіп, Жаң жы жұңның қолдауына ие болғаннан кейін, олар Оспанды дұшпан деп қарап, оны жоғалтпаса болмайды деген танымға келді», – деген (Ғ.Райысұлы. Самұрық.. А. Үш қиян. 2007. 150-бет) арандату әрекетінде жатқаны анық.

Сөйтіп, Оспан батыр 1946 жылдан бастап гоминдаң жағына шықты да, олардан қару-жарақ, азық-түлік, күш-көлік алып, арнайы әскери жаттығу өткізіп, Шығыс Түркістанның ұлт-азаттық армиясына қарсы соғысты. Мақсат – біреу, ол – ұлт азаттығы. Ұлтымыз – біреу, ол – қазақ. Өзінің ата жауымен неге, қалай тіл табысты?

Шығыс Түркістанның тулақтай туралуына ең бірінші гоминдаң үкіметі мүддеді еді. Ал Кеңес одағы: өздері тарих сақнасына шығарған Шығыс Түркістанның мүддесін асығыс аяққа таптап, уәделерін ұмытып, соншама құныға кірісіп, «Үш аймақ» пен гоминдаңның тіл табысуына неге құштар болды?

Мәселенің күйдіргі жауабы – Ерғожай батырдың естелігіне түсінік жазған ғалым Әбууақап Қараның (шет ел ғалымдарының, оның ішінде Оспанның ауылында айлап жатқан Маккернанның барлау мәліметі де бар) пікірінше, барлық тағдыр тәлкегі атом бомбасының азығы – уранға байланысты сияқты. И.Курчатов атом бомбасын жасау үшін 50-100 тонна шикі уран талап етіпті. Ал СССР-де 1-2 тонна ғана шикізат бар екен. Кеңестік өнеркәсіп қажетті өнімнің 33 пайызын ғана өндіре алады екен. Қалған 50 тоннаны және одан кейінгі шикізатты Шығыс Германиядан, Чехославакиядан, Болгариядан, Польшадан және Шығыс Түркістаннан, оның ішінде Көктоғайдан әкелген. Семей полигонына жақын әрі арзан. Сол жылдары қазылған бір шұңқыр – бүкіл қытайдың кеңес өкіметі алдындағы қарызын өтепті-міс.

Ал Оспан болса, Пәтхан Сүгірбаевтің естелігіне жүгінсек:

«Осы кезде Оспан «құн дауын» қайырып қойып, Көктоғай кен ауданының мәселесін көтеріп шығады.

СССР-дің кеншілері менің рұхсатымсыз жеріме неге келеді? Тегін жатқан байлық қайда бар екен? «Шығып кетсін» – деп адам жіберсем, атты алысқа айдап, созба бұйдалыққа салды. Ендігі шаруа – оларды қарудың күшімен айдап салу, – деп Дәлелхан Сүгірбаевке қысым түсіреді ( жинақта).

Сөйтіп, Оспан орыс кен барлаушыларын Алтай кенінен қуып шықты. Ал оны бұған иетрмелеген және ақыл берген, тыңшылық пен елшілікті қатар атқарған, СССР-дің атом сынағын өткізгені, не өткізбегені туралы хабар беруге жіберілген Маккернан екені қазір күдік тудырмайды. Міне, үшіні арандатушының араны осы арада көрініп отыр. «Сталин және атом бомбасы» атты еңбекте бұл мәселе барынша қамтылған. Кеңес барлаушылары Маккернанның тыңшылығын жақсы біліп отырыпты. Ендеше оны паналатып отырған Оспанның тірі жүруі – кеңес одағының атом бомбасынсыз қалуымен тең еді.

Ал оған қол жеткізу үшін Шығыс Түркістан да, Оспан да, тіпті сол тұста азаматтық соғыс жүріп жатқан қытай да оларға бөгет бола алмайтын. Мұқым Азияның асты мен үстін ғана емес, мұқым Тынық мұхитының асты мен үстін бірдей қарумен құрсаған Жапонияның өзін екі аптаның айналасында быт-шытын шығарған кеңес армиясы мен Оспанның соңындағы екі ауданның балалы-шағалы көші ерген қосынның ара күшін салыстыруға да келмейтін. Сондықтан да. «Үш аймақ» пен гоминдаң, одан кейін гунсаңдан үкіметтері Көктоғайдың уранын түгел, тіпті, бүкіл Алтайды қазып әкетсе де, мақұл еді. Тек Шығыс Түркістанды қарамағында ұстап қалуды ғана мақсат тұтты.

Қытай компартиясының саяси бюросының мүшесі, ОК-тің төрағасы Лю шао ци 1949 жылы маусым мен тамыз айының аралығында құпия түрде Мәскеуде болды. Сол кездесуде оған:

«Синьцзянды басып алуда жайбасарлыққа салынуға болмайды. Өйткені жайбасарлық ағылшындардың Синьцзянға сіңіп кіруіне жағдай жасауы мүмкін. Олар коммунистерге қарсы азамат соғысын әрі қарай жалғастыра беру мақсатында мұсылмандарды, тіпті, үндістерді де қозғауы мүмкін. Оны былай қойғанда, Синьцзянда Қытайға шұғыл қажетті мұнай мен мақтаның мол қоры бар. Қытайлар Синьцзянда жан санының әрең 5%-тін иелейді екен. Синьцзянды алғаннан кейін, ондағы қытай тұрғындарының санын 30%-ке дейін арттыру ләзім. Қытай тұрғындарын көшіріп келу – осынау кең-байтақ қазыналы өлкеге жан-жақтылы иелік ету және Қытай шекарасын өнімді қорғау үшін керек… Өздеріңіз Ма Буфанның күшін мөлшерлеп көрдіңіздер ме, онда артиллериямен жабдықталған атты әскерлер (кавалерия) баршылық. Егер сіздер қаласаңыздар, біз оның осы атты әскерлерін тез арада талқандап, тоз-тоз ғып жіберетін 40 истребитель (қуа соққылаушы ұшақ) берейік », – деп кеңес беріп, Шинжаңның байлығын есептеп, шотқа қағып отырған Сталин Шығыс Түркістанның уранын қалай уыстан шығарсын.

Оның мақсаты қытай мен қазақтың арақатынасын 3:1-ге жеткізу еді.

Міне, мәселе қайда? Американың барлаушылары мен елшілерінің дерегіне сүйенген зерттеушілер: Сыртқы Монғолияның тұрақты әскерінің аспаннан да, жерден де, танкіменен де Оспанға шабуыл жасаған атақты «Бәйтік қырғынының» басты себебі осы,– деп сендіре жазыпты.

Расында да, СССР үшін атом бомбасын қолға түсіру – сол жылдары өмір мен өлімнің шекарасы еді.

Міне, мен осы кілтипанға сенемін.

Гоминдаң мен Американың арандатуына түскен Оспан жасағы Дәлелханның әскери полкін тас-талқан етті. Оспанмен соғыста, жалпы алғанда, ұлттық армия 4 000 адамынан айырылды. Бір полк дерліктей жойылып кетті. 236 тұтқын әскер атылды. Аса діндар, жау жүректі, өте сақ адамның қасындағы ақылшылары мен дін кеңесшісі оқиғаны теріс түсіндіріп, санасын улады ма екен. Әйтпесе, орысша да, ағылшынша да білетін, Еуропа мен Түркияны айналып келген сауатты діни кеңесші Ғаббас мүфти (Ақас – ? – Т.Ж.) оған қайдан тап болды? Осы мүфти мен Маккернанның арасында әлдеқандай бір байланыс жоқ па? – деген күдік те бас көтереді.

Сөйтіп, әр империалардың қыспағына түскен Шығыс Түркістанның азаттық туы гоминдаң үкіметінің алдына жығып берілді. Дербес ақша айналыстан алынды. Сапта тізіліп тұрған ұлттық армияның жауынгерлері әуелі демократ қытайға (гоминьдаңға), одан кейін қызыл қытайға (гуньсандаңға) өткізіліп берілді. Қытай армиясы жер дүниені күңірентіп, барабанын соғып, даңғарасын қағып, Шығыс Түркістанды шынымен азат еткендей салтанатпен шеру жасап, туын түсірген ұлт азаттық армиясының алдынан өтті. Ұлт азаттық армиясының жауынгерлері: «Қайран азаттық! Қайран боздақтар! Сорлы Шығыс Түркістан! Неткен қасіретті едің. Қайран ел сорың енді қайнайтын болды. Мынау «сарыаяқтар» – азаттық армиясы емес, жазалау армиясы. Әй, енді бұл бұғаудан құтыла алмассың! Әттең!..», – деп тапаншаға қолды апарып қайтып жылап тұрды.

Ұзамай Оспан да ұсталып, Үрімжінің түрмесіне әкелінді. Шинхай, Ганьсу, Тибет жоталарында жортқан, сол жерге ілгерінді-кейінді ауып барғандардың арасындағы кикілжің мен қақтығыстар, түйелі тоғанаққа алтын тиеп, тибет жалмандарының қолынан оққа ұшқан, американың елші-тыңшысы Маккернанның өзі бас сауғалай қашып, Оспанды жалғыз тастап кетуі, «іштен шыққан шыбар жыландардың» шығуы – ақыры Оспанның оқыста, адам сенбейтіндей жағдайда қолға түсуіне әкеп соқты.

Оспанның тергеуі мен сот барысы осы уақытқа дейін құпия күйінде сақталып келеді. Өйткені «құпия тергеуді» арнайы құрылған партия тобы мен қауіпсіздік мекемесі, әскери барлау басқармасы жүргізді. «Ұлттық әдепті сақтау үшін» сол кездегі Қытай халық азаттық армиясының Шыңжаң әскери округінің саяси басқармасының орынбасары (Бұл – генерал шеніндегі қолбасылық қызмет еді), қосымша СУАР партия мектебінің орынбасар бастығы Жағда Бабалықұлын сот төрағасының орынбасары етіп бекітті.

Тергеу мен сот барысы туралы аңызға бергісіз әңгімелер мен дақпырт сөздер осы уақытқа дейін үзілмей айтылып келеді. Сондықтан да осы күндері көзі тірі, ұлт-азаттық армиясының партизандар қосынының,ғ кейіннен эскадрон, батальон, полк командирі ретінде жиырма үш рет майданға кірген, төрт рет түрмеге қамалған, соның үшеуінде Оспан мен Қалибектің көтерілісіне қатысы бар деп айып тағылған, Оспанмен қарама-қарсы майданда қанды қырғын соғысқа қатысқан Жағда Бабалықұлымен бірнеше қайыра жолығып, әр жолы осы мәселені қазымырлай қаузастырып, қадала сұрдым.

Жарты сағатқа созылған бұл қысқа бет көрісу – Оспанға қатысты басты үш мәселенің себептерін ашып, түсіндіріп беретін кездесу болыпты. Араларын мыңдаған құрбанның әруағы бөліп тұр. Жағда аңсаған Шығыс Түркістан мемлекеті де жоқ, Оспан аңсаған қазақ мемлекеті де жоқ. Екеуі де ұлтының азаттығы үшін жан алып, жан берді. Ал сол сәтте екеуі де тұтқын еді. Айырмасы, Оспан – соғыс тұтқыны, Жағда – уақытша бостандықта жүрген саяси тұтқын. Сонда олар өздерінің сарбаздарын не үшін құрбан етті?

«Жағда Бабалықұлы: – Менің сот төрағасының орынбасары болуым – жай ғана халыққа көз етіп, алдарқату болатын. Оспанның ісін қытай коммунистік партиясының арнайы тексеру тобы, армияның барлау бөлімі мен қауіпсіздік комитетінің, құпия сақшы мекемесінің қытай тергеушілері жүргізді. Мен олар үшін дойбының тасы ғана болатынмын. Тергеуге жақын жолатпады. Қолымыздан келгені ұлттық зиялылар мен қызметкерлер: Оспанды өлім жазасына кеспей, кешірім жасау туралы хат ұйымдастырдық. Сонда бұрынғы гоминдаңның да (Чан кай ши үкіметінің), кейінгі гунсаңдаңның да (компартияның) Шығыс Түркістан мәселесіндегі сенімді өкілі, бірегей көсемі, мәйітінің өртенген күлін Шыңжаңға ұшақпен шашуды өсиет еткен және кейін ол өсиеті орындалған Уаң мың жин: «Оспанға екі-ақ метр жер беремін», – деп жауап берді. Сондықтан да жоғарыдағы құқымды пайдаланып: «Бір тіл қатысып, жауаптасуға қақым бар», – деп жүріп арнайы рұқсат алдым. Оспанмен түрменің сұрақ-жауап бөлмесінде оңаша жолықтым. Тым құрығанда үйіне, ұрпағына айтар соңғы аманатын алып шықсам деген де дәме болды. Батыр десе – батыр тұлғалы, түсі жылы болғанымен мысы басым, сөзі ауыр, емеуірінмен сөйлейтін адам екен:

Жағдамысың. Ақыры осылай бетпе-бет көрістік пе?, – деді салмақтап.



Ол өз тағдырының атумен аяқталатынын біледі. Ал мен күдіктің құрсауындамын. Қашан кісен салатынын кім білсін: «Оспанмен, Қалибекпен астыртын байланысты», – деп өзім құрысқан Шығыс Түркістан мемлекеті сегіз ай тұтқында ұстағанда, мына мемлекеттің маған жаны ашуы мүмкін емес еді. Мұны екеуміз де айтпай түсіністік. Екеуміздің ашық сөйлеспеске, ашық жауап бермеске мұршамыз да жоқ еді.

Мен бірден:

Сізге қоятын үш-ақ сұрағым бар. Соның жауабын естиін деп әдейі рұқсат сұрап келдім, – дедім тура сөзге көшіп.– Бірінші сұрағым: «Үш аймақ»» көтерілісін әуелі өзіңіз бастап алып, ұлт-азаттық мүддесі бір, діні бір, ұлты бір Шығыс Түркістан мемлекеті құрылған соң, сол мелекетке неге қарсы шықтыңыз? Неге ата жауыңыз гоминдаңмен бірігіп кеттіңіз? Мен соны түсінбедім», – дедім.



Ол маған ауыр да салмақты жанармен қарап қысқа ғана түйіп:

Әлихан атаусыз тындым болды. Кеңес өкіметі ың-шыңсыз оның дымын құртты. Кеңесшілерім: кеңес өкіметі Өзбекстанда, Қазақстанда, Қырғызстанда, Мәскеуде арнайы дайындалып келген коммунистерді үнсіз ғана үкімет басына әкелді. Олар дінді жояды. Қатын-балаға ортақ меншік болады. Мал-мүлік тәргіленеді. Мешіттер құлатылады», – деп жеткізді. Оған сенбеске амалым қалмады, – деп жауап берді».

Бұл жауапқа не деп уәж айтуға болады. Адамдық тұрғыдан алғанда өте қисынды, ал геосасясат, қарулы майдан, экономикалық қуат тұрғысынан алғанда мүмкін емес жай болатын. Шығыс түркістандықтар да орыстың дінін, тілін, ділін қабылдайық деп соғысып жүрген жоқ еді. Мақсаты – империялар өзара қырқысып, жансыраған тұстағы тарих берген мүмкіндікті пайдаланып, халықаралық қауымдастық мойындаған дербестікке қол жеткізіп алу еді. Ал азаматтық мәселені содан кейін реттеуге де болатын ба еді?

Егерде: Оспан жасақтарына қарсы ұстап отырған Алтайдағы Дәлелхан Сүгірбаевтің дивизиясы Манас өзеніндегі қанды қырғыннан кейін тоз-тозаласы шығуға дайын тұрған гоминдаң әскерінің ту сыртынан шабуыл жасаса және Оспанның өз жасағы Үрімжінің желкесінен соққы берсе, Үрімжі – Шығыс Түркістанның қолына өтіп кететіні сөзсіз еді. Үрімжі алынса, гоминдаңмен де, кеңес өкіметімен де, тіпті, америкамен де сөз басқа болатын ба еді, кім білсін. Оның есесіне, өз ішіндегі азаматтық қақтығысқа алты ай уақытты бос өткізіп алды. Тағы да 4 жыл ырғасты. Тіпті елуінші жылдардың ортасына дейін басылған жоқ. (Нысаналы түрде: көтерілістің соңғы жауынгері Ұябай мергеннің мәйіті алпысыншы жылдардың аяғында ағаштың басынан табылғаннан соң ғана бұл көтеріліс толық аяқталды деуге болады).

Бұл екі арада ірі империялардың арасындағы геосаясат өзгерді. Ұлы отан соғысы кезіндегі СССР – Америка – Англия одағы «қырғи қабақ» соғысқа ұласты. СССР – Жапония – Қытай (гоминдаң мен гуньсаңдан үкіметі) арасындағы саяси, әскери күштің салмағы ауысты. Бұрын кеңес өкіметі: Шығыс Түркістанды – өзіне қауіп төндіріп отырған, қытайға билік жүргізген жапон әскеріне қарсы плацдарм ретінде қарастырып, қоластына ұстауға мүдделі еді. Жапондар жеңілді. Шығыстан коммунистік қытай бас көтерді. Олардың да араны кең, қарымы қуатты еді. Сталин солардың ауызынан сыртқы Монғолияны жырып алды да, Шығыс Түркістанды қытайдың екі өкіметінің ортасына додаға тастай салды. Ұлт-азаттық армиясының Манас өзеніндегі шабуылының екпінін қатаң бұйрықпен тоқтатты.

Ұлт азаттық армиясы кешігіп қалды. Әйтпесе, сол кездегі ұлттық армияның күші мен рухы, соғыс тәжірибесі сыртқы Монғолияның әскерінен үстем еді. Кеңес өкіметі бір-ақ күнде ауыр, жеңіл қару-жарақты, әскери офицерлерді кері шақырып алып, барлық үміттің жолын кесіп тастады. Шығыс Түркістан азаматтық майданның шырмауында қалды. Оспанмен келісу нәтиже бермеді.

Міне, бірінші сұрақтың астарында осындай мән бар еді. Тек орысша, ағылшынша білетін діни кеңесші кімнің ырқымен жоғарыдағыдай кеңесті берді екен?» – деген ащы өкініш өзегіңді қариды.

«Жағда Бабалықұлы: – Сізге қоятын екінші сұрағым мынадай. Сіз-ғой, батыр адамсыз, діни парыз бен иманның обал-сауабын, кешімін, соғыстың заңдылықтарын жақсы білесіз. Ашық майданда қаза тапқандардың құнын екі жақ та жоқтамайды. Олар – шейіт. Ал тұтқындалған әскер – сіздің дәргейіңіздегі әскер. Соғыс жолында да, дін жолында да олар сіздің қарауыңыздағы мүсәпірлер, әскери мейман. Оның үстіне олар және олардың үй-іші, туыстары, рулары – сіз күресіп жүрген мемлекеттің азаматтары. Бәрі қазақ. Оның ішінде сіздің өз руластарыңыз да бар. Қолға түскен 236 тұтқын әскерді неге аттырдыңыз?. Олар да мұсылман еді ғой? – деп сұрадым.

Ол оқиғаның ішінде мен жоқ едім. Бір жас офицер бар еді. Соның білместікпен істегені», деп жауап беріпті.

Бұл сұрақты қоюға Жағда Бабалықұлының да толық қақы бар еді. Қаза тапқан 4 000 жауынгер мен атылған 236 тұтқынның нақты тізімі, аты-жөні, қай жерде, қалай қазаға ұшырағаны жөнінде әскери есеп қызметінің толық мәліметі, куәлардың жазбалары, олардың мәйіттерінің орыны бар. Одан бас тартуға Оспанның мүмкіндігі жоқ еді. Сондықтан да осы сұрақты Оспанға өзге адамдар қойғанда:

«Ақиқатты оқпен өлшейтін соғыс қой бұл. Біз де қырылдық. Ол – ашынғандықтың салдары. Енді не істеуіміз керек еді?», – депті.

Шындығында да не істеуі керек еді? Бұл сұрақ жасанып келмеген, іштен шыққан, бауыры бөлінбеген бауырлас «жауларды да, жауынгерлерді де» қатты толғандырса керек.

Бірақ, Оспан батыр айтқандай, «ақиқатты оқпен шешетін» қатал да қатыгез, жанкешті заман бауырдың бауырын тілуге жанұшыра жанталастырған.

Сөйтіп, Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының құрама полкінің көзі жойылады. Өзара соғыстан сескенген Нұрғожай батыр да Оспаннан іргесін ажырата бастайды. Мен бұл оқиғаның баянын оқығанда: мүмкін жалған лақап шығар, мүмкін кездейсоқ оқиға болған шығар деп те ойлағамын. Иманы үйірілер алдында оны Оспанның өзі жоққа шығара алмағанына қарағанда, бұл оқиғаның шын болғаны. Демек, ол арада Оспанның өзі болмағанын ескеріп, мұны 8-қазақ полкіне командирлік еткен гоминдаң офицерлерінің – «жаугандардың» жауыздығы деп есептеуге болады.



«Жағда Бабалықұлы: «Оспанның осы оқиға үшін қабырғасы қатты қайысатынын аңғардым. Әрі қарай қинамай үшінші сұрағымды қойдым:

Сізден білгім келген үшінші жағдайым мынау. Сіз – батыр адамсыз, халық батырысыз. Өлімнен қорықпайсыз. Күш те, қуат та, мергендік те, қоянқолтық соғыстың тәжірибесі де бір бойыңызда бар. Астыңыздағы атыңыз да атысқа үйренген сыралғы. Сізде – сыралғы, қолыңызға оңтайлы, түзу бір мылтық бар. Ол от алмаса, қойныңызда оқталған қалта тапаншаңыз бар. Одан қалса – қылпылдаған қанжарыңыз бар. Жау қапылыста қоршағанда неге атыспай қаштыңыз. Сізді қуған он жеті-он сегіздегі, атқа еркін шаба алмайтын, мылтық атып үйренген әскер де емес, әскерді күтуші қытай баласы екен. Ол атпен шауып келе жатқанда оқ атпаған. Атыңыз тайып жығылды дейік. Әлгі балада жалғыз-ақ мылтық бар. Сонда жаңағы екі мылтықтың бірін, не қанжарыңызды пайдаланбай: «Қолыңды көтер!», – дегенде еш қарсылықсыз көтеріп, неге алдыға түсіп жүре бердіңіз? Сіздің мына азапқа түспейтіндей мүмкіндігіңіз бар еді ғой, – дедім.



Орынынан қозғалып барып, дауысы күңірене шығып, құмыға, шарасыздықпен:

Құдай қара бастырды-ғой. Құдай қара бастырды, – дей берді.

(Ұстап алған әскер – саптағы әскер де емес, кейін оны армия жауынгері ретінде көрсетіпті – Т.Ж.).

Түрменің жайы маған мәлім болғандықтан да іштей қамданып барғамын. Әңгімелесе отырып үсті-басын шолып шықтым. Көзіме түскені – тырнағы өсіп кеткен екен. Соны алып бердім. Іш киімі кірлеп кетіпті. Дамбалын ауыстырттым.

Бұдан әрі сөзді созудың реті де жоқ еді. Екеуміз үнсіз бақұлдасып, мен ауыр-ауыр ой мен әсер арқалап, шығып кеттім. Оны көшеге шығарып атқан кезде мен қаладан кетіп қалып едім. Үрімжіде, көшеде, қалың жұрттың көзінше атты. Онда ол өзін өр ұстады деп естідім. Бірақ жауының езгісінде қорланып өлді. Менің сол кездегі де, қазіргі де өзекті тырнаған өкінішім – Оспанның осы өлімі».

Міне, тағдырдың тәлкегі. Иә, Оспанның өзі айтқандай, құдай қара бастырды деген осы. Оспан үшін Дәлелхан – Шығыс Түркістан ұлт-азаттық армиясының бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор емес, он екі абақ керейдің шерушісінің Сүгірбайының ұлы ғана еді.


ІІІ.
Бұған қосымша және қандай пікір білдіруге болады? Жалпы оған қақым бар ма? Білмеймін. Бірақ қандайда бір шындықтың сызы өкпені шалады. Тек «Ұмытылған мемлекеттің» тағдырының тарихи сабағы ұмытылмаса екен, осы ұлттық қозғалыс – қазақ тарихшыларының назарын аударса екен деп тілеймін.

Өйткені, Шығыс Түркістандағы ұлт-азаттық идеясы – Алаштың ұлттық, азаттық идеясының құрамдас бір бөлігі екені анық. Ол идея – 1918 жылы көкек айында Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Райымжан Марсеков, Қанағат Сүлейменов бастатқан алаш көсемдерінің Шәуешекке барған саяси сапарынан бастау алғаны анық. Кеңес идеологиясы мұны кейін азаттық қозғалысының ұйытқысы ретінде ұтымды пайдалана білді.

Дегбірсіз уақыт, діттеулі тіршілік, қазақы қағулы тізгін менің мұршамды бұл тақырыпты бұдан әрі тереңдете талдаудан бас тарқызып отыр. Бірақ, ең басты сұрағымның бір куәгерінен жауап алдым. Сонда ойыма: «Тағдыр! Тағдырдың жазмышы бұл. Жазмыштан озбақ жоқ!», – деген халық сөзі есіме түсті. Өзім танысқан он томдық, өзім құрастырған осы үш томдық жинақтың түйіні – тағдыр деген қорытынды жасауға мәжбүр етті. Менің сұрақтарымның жауабын – тарихи әфсаналардан емес, көркем шындықтан іздеу керектігіне көзім жетті.

Дүниедегі ең жанкешті, ең әділетсіз, ең қасіретті, ең опасыз, тозаққа бергісіз тағдыр кешуін басыңнан кешіртетін, отаныңнан айыратын және ешқашанда тарихи шындығы ашылмайтын соғыс – азамат соғысы. Деген ауыр оймен мен де осы жолдарды аяқтаймын..


2009 жыл, 12 қазан. Астана.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет