Тұрсын ЖҰртбай ардакүРЕҢ



Дата20.06.2016
өлшемі127 Kb.
#148952

Тұрсын ЖҰРТБАЙ

АРДАКҮРЕҢ

(Рымғали Нұрғали)

Ол енді жоқ. Ол да жоқ. Олар да жоқ. Сен өмір табалдырығын аттағанда алыстан ақ бас шыңдай асқақтай мұнартып көрінген алыптар тобы әлдеқашан ғайып болған. Өкінсең де олардың соңында жүрегіңді жұбататын алдыңда қайысқан қара ормандай алдыңғы толқын ағалар болатын. Солардың саясында ертеңгі күнге алаңсыз қарап, бірін сүйеніш тұтып, біріне еркелеп, біріне базына айтып, біріне жан сырыңды сырыңды айтып, көргенде қолтығына кіріп кетіп, еш алаңсыз өткен тіршіліктегі қамсыз күндер де артта қалыпты. Соңғы жылдары өміріңнің қолыңнан сусыған құмдай тез суырылып, жалғанның жалған жібінің ұшығы да суырылып шығып бара жатқанын сезсең де, қиналғанда басыңды кеудесіне қоятын ағалардың барлығын медет тұтатынсың. Енді, міне, көзіңді ашып қарасаң, сол қара ормандардың да қатары жылдам сиреп, әр жерде андыздап қалған, ашық даладағы жалғыз қара емендерді көресің. Қолыңды қармасаң – жетпейді, ұмсынсаң – алыс, өйткені тез сиреп барады. Сен сүйенетін, сені сүйейтін, сен сенетін, саған сенетін, қам-қаракетіңді алаңсыз тапсырып, аңғал басып жүре беретін жан ағаларың азайған. Уақыт толқыны ірке-ірке сені де алға итеріп тастапты. Шынтағына шынтағың тиіп, тығыз тұратын қатарың да босай бастапты. Жәнібектің, Жарасқанның, Кеңшіліктің, Дәуітәлінің, Асқардың орын бос тұр. Рүстемнің де тал бесігі бос қалыпты. Ендігі лектің алдына сен шығып келеді екенсің. «Өмір дегенің – есіктен кіріп төрге шыққандай ғана» – деген осы ма. Мен кешегі Сәкен серіні, сайын суреткер Сайынды, бекзат Бекежанды, риясыз Рамазанды, аяулы Ақселеу салды, енді, міне, қызыл жалды арыстан Рымғали ағаны ойлағанда осындай бір тал қармаған шарасыз күйге түсіп, үнсіз, дымымды ішіме тартып отырып қалатын күйді басымнан жиі кешетін болдым. Түсінем ғой. «Алдыңғы толқын ағалар, кей»нгі толқын інілер, кезекпен өлінер, кезекпенен көмілер, бәрі де баяғыдай көрінер» (Абай). Сонда да...

Иә, олардың мұралары оларды өлтірмейді. Бірақ олардың сені сүйеген иығы, сен кірген жылы қолтығы, сен естіген дауысы мына фәниде қашан да саған енді жетпей тұрады. Өйткені, ол жоқ, ол да жоқ, олар да жоқ. Сені мәуленіңнен бастап баптаған қазақ сөз өнерінің қызыл жалды арыстаны Рымғали да жоқ. Рымғали ағасыз өткен қырық күннің ішінде қырық жыл қолтығында жүрген, қиянатын көрмеген кешусіз шақтарды ойымнан өткіздім. Не ойға келемеді дейсің? Қызығы да мол екен, өкінішсіз де болмапты. Кеш сұрасатын да қиянатты күндер бар екен. Соның ең соңғы, мен үшін ең ауыр салмағын өткен жазда басымнан кешіп, үш айдай қатты күйзелгенімді ойласам, тұла бойым шымырлап қоя береді.

Емін-еркіме жіберіп, емін-еркін өсіргендіктен бе, аз үақыт көріспегенімізге кісіркенгенім бе, кім білсін, Әбіш, Қойшығара, Төлен, Серік ағалырыммен Несіпбектің басы қосылған киіз үйдегі бір отырыста Оразгүл мен Әпризаны арқаланып: «Қазақтың қызыл жалды, қызыл көз арыстаны», – деп мақтай жөнелгенім бар емес пе. Жылдам қозғалатын жанары оты жарқ етті. Тілімді тістеп, кешірім сұрап үлгердім. Бірақ кеш еді. Мен оның арыстандай беделін, тура сөзді сыншыл мінезін мекзеп едім. Түсінді, бірақ әлде неге мүжәзі келмей отырды ма, шыға бергенде ауыр сөздер айтты. «Сен түсінбей қалдың, Рымғали. Ондай теңеу бізге айтылса, қуанар едік...», – десті Төлен мен Қойшығара ағаларым. Бірақ бір көтерілсе басылмайтын арынынан қайтпады. Өкіндім. Не пайда?

Ол да жуырмаңда райынан қайтпады. Сол арада қиулы тұсты пайдаланып, пікір білдірудің орайы келді. Жан сырымды: «Кемістігімді ескерткен сәттерінде: “Өзіңізден көріңіз дұрыстап, жеріне жеткізе тәрбиелемеген ” – деп сытылып кететінім де бар. Мұның барлығы сол баяғы өзімсінген көкбауыр мінездің демі.Аз сөзге көп мағына беріп жазуға тапсырыстың уақыты тығыз боп, көп оқиғаның қайырымы келмей қалды. Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін», – деген емеуірінмен аяқтап едім.

Жаз өтті, күз өтті. Хабарласуға жүрегім дауаламады. Әбден қысылған сәтте әдепшіл Құныпия мен Несіпбекке қас–қабағын біліп келуді өтіндім. Олар:: «Саған сәлем айтты. Сөзі жылы», – деп көңілімді бір сергітіп тастады. Диссертациялық кеңеске келгенде қасынан жанай өте бергенімде: «Қалың қалай?», – деп қолын ұсынды жылы жүзбен. Мен бірден оның көңіл айнасы – көзіне қарадым. Баяғыдағы ұмытылған бозбала кезімдегі мейірім жанарын еске салатындай өзімсінуді аңғарғанда ғана бойым байсал тартып сала берді. Сол бір сезім мейірімін қайтып суытпаспын-ау деп сызылып жүргенімде ... оның бойы суып сала берді. Тәубә! Егерде сол наз жазылмаса, оның өкініш екі дүниеде кетер ме еді?! Тайыр ақынның:

Жан сүйер сөз саулықта,

Айтыла бермейді екен ғой.

Жандарыңды жай уақта,

Азырақ ұққан екм ғой, –

деген жолдары осындайда айтылса керек.

Біз: өкпеге қисақ та, өлімге қимайтын ағайынбыз – дегенді жиі айтамыз. Ал мен осынау орыны толмас өкінішке айнала жаздаған шетін жайды еске ала отырып: «Ажал сенің қас-қабағыңа қарамайды, қисаң да, қимасаң да дымыңды басып тынады. Қимасаң – өкпеге қима. Өкпеге қиғаның – өлімге қиғаның. Тіршілікте сыйласпасаң, өлгенде салған топырағың – бұйыртпасың бұйыртса, бұйырады екен», – демекпін. Соның өзгелерге де тәлімі тисе екен деген сақтық тілегімен де осы жолдарды жазып отырмын. Онсыз да мағыналы-мағынасыз мынау өтпелі өмірде бір-біріміздің жанымызды жаралап алмайық – дегім келеді. Өкпе -наздың орынын толтырған сол бір пікірімді редакцияның рұқсаты бойынша пайдалана отырып, дүниеден өзған рухына тағы да бір тағзым етемін.

Әр пенденің өмір өзегімен өзектескен бір адамы бары анық. Оның алдында сенің, сенің алдыңда оның жасырып істер тойы болса да ойы болмайды. Өйткені, жалт еткен көзінің қиығынан, қатар қадам басқанда тыныс алысынан, әңгіме арасында сөзінің әрінен оның жан демеуі мен медеуін, көңіл күйінішін сезе қоясың. Жайшылықта сырт беріскендей көрінгенімен де, оңашада жұлын-жүйкеңнің қырындысына дейін еріп сала береді. Мен үшін Рымғали Нұрғали сондай етене жандас та, қандас та, тағдырлас та әрі аға, әрі ұстаз.

Ойлап отырсам, менің балаң санама көркемдік талғам мен ойлау жүйесінің жүлгесін есіп берген де, жазушылықтың терең сырын түсіндірген де, адамдық тағдырдың қилы сәттеріндегі қиналысының куәсі де осы адам екен. Тіпті менің бойымдағы кейбір мінездер де осы Ардакүреңнен (Жәнібек, Несіпбек үшеуміз Р-ағаңды осылай атайтынбыз) ауысқанын өзім де аңғарып қаламын. Мұны еліктеудің де, тәрбиенің де жемісі деп қабылдауға болар. Басқаны қайдам, дәл осылай деп айтуға менің толық құқым бар сияқты. Оны өзі де жоққа шығара алмас. Еркелеген де, елжіреп сағынған да, еркінсіген де, ренжіткен демейін, өкпелеткен демейін, наз артқан кезім де болыпты. Бірақ соның барлығының астарында да туған ағасына туған бауырының өзімсінген терең сезімі жатыр еді.

Қазір де сол күйден арыла алмай, бастап қойған сөздің арасына уақыт салып қайта жалғастырып отырмын. Өйткені бауырында өскен қырық жылдың ішінде талай-талай қабырға қайыстырар ауыр күндерде аспандағы бұлтты ысырғандай, бауырлап қалғанда жерден көтере демегендей, тығырыққа тірелгенде тыныс қосқандай болған жанашырлық демін сезініп, қашан қанатым қатайғанша қамқорында, қолтық қарында, бүйрек бүлкілінде жүріппін. Сондықтан да қысқа мақалада ойымды маған тікелей қатысы бар өмірдегі мінезді сәттерге ғана негіздегім келді.

Мінез демекші, аға мен бауырдың, ұстаз бен шәкірттің арасындағы ілтипатымыздан бұрын мінезіміз танысқан сияқты. Алғашқы таныстығымыз қабылдау емтиханының үстінде өтті. Сақнасы келіспеді демесең, ішкі ырғасуы мен үшін “Еңлік – Кебектегі” Еспенбет пен Көбейдің тартысынан кем еместей көрінген. Сол жылдары маған жақсылық та, жамандықта әкелетін осы “Еңлік – Кебек” болды. Үш жыл бұрын осы екі бидің айтысын сыныптастарыма түсіндіріп беремін деп “ру араздығын қоздырушы” ретінде тоғызыншы класста мектептен шығып қалғанмын. Мұхтар Әуезовтің пьесасы да арашаға жарамады. Әйтеуір, он бес күннен соң Семейдің облыстық театры “Еңлік – Кебек” спектаклін біздің ауылға әкеліп қоя қалмасы бар ма. Кітапты оқымаған Еңлік пен Кебектің туыстарының келесі, яғни, ата-аналар кеңесі спектакльден кейін шешімін қайтарып алып, “әділдік орнатқан”.

Кеудені әдемі арман мен болашаққа деген ұлы үміт әлдилеген он жеті жасымда Алматыға келіп, университеттің журналистика факультетіне емтихан тапсырғанмын. Шет тілін оқымағандар да емтихан тапсыратын болып шықты. Одан да өтер едім, басты кілтипан шығарма мен әдебиеттің ауызша емтиханынан шықты. Екеуінен де үш алдым. Ал өзге-өзге, бұл маған өліммен тең еді. Бірақ кейін анықталғанындай, бұл “үш” “саяси баға” екен. Ауызша емтихан кезінде лыпып-ақ тұрғамын, Мырзатай Жолдасбеков ағамыздың өткірдің жүзіндей лыпылдап, жастықтың қуатына жанылып тұрған шамырқанысты шағы болатын, мақтап-мақтап кеп билеттен тыс: “Еңлік – Кебектің” жазылу тарихын сұрады. Тура осы оқиғаны оқушының дәптеріне толтырып жазып үш алған “сүйікті шығармамның” кемшілігін толтырайын деп “Еңлік – Кебектің” жазылуын Шәкерімнен бастап, суылдата жөнелдім. Мырзакеңнің қабағы кіржің ете қалды. Дауысы бәсең тартып: “Мына бала сайрап тұр” – деді. Қасындағы тілші: “Естідім қалай сайрағанын. Екі” – деді. Жүрегім су ете қалды. Ақыры үшке келісті (Бұл Қ. Жолымбетов деген тілші ағамыз екен. Ал содан бері Мырзакеңнің маған беретін бағасы ылғи бестен басталып, үшпен аяқталып келеді). Келесі жылы Несіпбекпен, Жүрсінмен, Асқармен, Намазәлімен, Жанболатпен бірге оқысын деген шығар, ауылға қайттым.

Бір жыл бойы әбден тақыстанып, шығарманы 4 бет етіп, Алтынсарин мен Ильминскийдің достығын мөлдіретіп жазып бергенмін. Қазақ тілінің емілесі мен тыныс белгісін тастай еткемін. Алдында Оралхан Бөкеев “Лениншіл жас” газетіне суретіммен өлеңдерімді шығарған. Бұл кітабы шыққан ақындар да сирек көрген құрмет еді ол тұста. “Қабылдау комиссиясының төрағасы Тұрсынбек Кәкішев: “Жұртбаевты құлатып алмаңдар – деп тапсырма беріпті, оның алдында: «Рымғали деген ағаң бар, сенің өз ауылыңнан. Атағы жер жарып тұр. Сені іздеп жүр. Жүсекең – Жүсіпбек Елебеков шақырып жатыр” – деп бәрін танитын Жәнібек Кәрменов келгенде жүрексініп бармап едім. Ауызша емтиханды тапсыруға ішке кіргенде шығармадан тағы да үш алғанымды білдім. Үшті қойған Рымғали Нұрғалиев. Дүние төңкеріліп түсті. Емтихан қағазын қайтып беріп, кетуге бет алдым. Паңгерей марқұм аты-жөнімді біле сап Тұрсекеңді шақырып: “Әлгі байқа деген Жұртбаевыңыз емтихан тапсырмаймын дейді. Міне, өзі. Үш алыпты” – деп мені нұсқады. Тұрсекең қағазды алды да: ”Е, өз ағаң екен ғой. Рымғалидің осындайы бар. Тапсыр. Емтиханды сенен Рымғалидің өзі алады. Қалғанын беске тапсырсаң сөзсіз түсесің” – деп жетектеп апарып аудиторияға кіргізіп жіберді.

Көзілдірікті дәу қара, сырбаз сөйлейтін ағамыздың (Мырзатай Серғалиев) қасында шашын артына қайырған, көзі оттай лапылдаған (жанып емес), денесі қызудан көтеріліп-басылған жанартаудай, бәрін билеп-төстеп, өктем-өктем сөйлеген ақсары жігіт отыр. Мына жігіттен аман құтылмасым белгілі. Билетті алмай қасарысып тұрдым да алдым. Бір бала бағасын алып кеткесін маған қарап:

– Әй, сен бізді арбап тұрмысың, немене? – деді.

– Жоқ.

– Ендеше мына сұстиып тұрысың не?



– Емтихан тапсырғым келмейді.

– Ендеше біреу сені зорлап кіргізді ме?

– Иә. Емтихан төрағасы.

– Ей, сен өзің бір қырсық бала екенсің. Неменесіне бұлданасың. Ал қане билетті, әйтпесе емтихан қағазыңды әкел. Екіңді қойып берейін.

– Бәрібір тағы да үш қоясыз. Оқуға түсе алмаймын. Бірақ шығарманы қатесіз жазғанмын. Тура оқулықтағыдай. Тексертейін деп едім, болмай осында кіргізіп жіберді.

– Ей, сен өзің бізден емтихан алғалы тұрсың ғой. Фамилияң кім өзі сенің?

– Жұртбаев…

– А, не дейсің, Жұртабаев сенсің бе? Әлгі “Қызылтудан” келген ақын бала сен бе? – дауысы бірден бәсең тартып, кілт түсі жылып сала берді. – Шығармадан үшті мен қойыппын. Не туралы жазып едің?

– Ыбырай Алтынсарин туралы.

– Әлгі “ХІХ ғасырдың екінші жартысында төбеге шығып, төңірегіне қараған қазақтың бірі” – деп басталатын ба?

– Иә.

– Қап! Мұндай сөз мектеп бітірген баланың ауызына түспейді. Көшіріп алған – деп ар жағын оқымай үш қойып жіберіп едім. Ештеңе етпейді. Келесілерінен бес алсаң түсесің. Қане, билетіңді алып отыра ғой, айналайын.



Соңғы сөзі жүрегімді жылытып жіберді де көңілсіздеу болса да билетті алдым. Екі рет дайындалмай жауап беруге ұмтылып едім, рұқсат бермеді. “Ана баладан менсіз емтихан алма” – деп әріптесіне тапсырып, сыртқа шығып, біраз бөгеліңкіреп барып келді. Қазақ тілінің сұрағын қағазға жазып беріп ем, Мырзатай Серғалиев ағамыз:

– Мен осы баланы сөйлеткім келмей тұр. Бәрін қағазға дұрыс түсіріпті. Қалғанын өзің біл, – деді.

Ауызша сұрақтардан сүрінбегенім есімде. Бірақ қосымша сұрақ дегеніңді жаудырды-ай дерсің. Тағы да “Еңлік – Кебек” шықты алдымнан.

– Дастанның қандай нұсқалары бар, кім жазған?

Тағы да «халық жауының» шығармасы мен оның атын сұрап отыр. Ауызым күйіп, тақыстанып қалғамын.

– Білмеймін, – дедім.

– Қалайша білмейсің? Білмегенің қалай? Қой, мұның жарамаған. Онда өлеңді қалай жазып жүрсің?. Ауылыңның іргесінде моласы тұр емес пе?, – деп шоршып кетті де өзі де менің білмегенім үшін жасып қалғандай көрінді.

Содан не де болса тәуекелге басып, былтыр осы сұраққа жауап беремін деп әуелгі қойылған екіні үшке әзер түзеткенін ескерте отырып, Мұхтар Әуезовтің пьесасын оқығанымды, соның сыныптастарыма мазмұндап айтып бергенім үшін мектептен шеттетілгенімді, одан кейін спектаклін көргенімді, одан кейін Мағауияның дастанын, одан кейін Ойқұдықтағы 1917 жылғы қойылымын айттым. Шәкәрімге сонда да жуыи қойғамын жоқ. Бірақ Абыздың толғауын жатқа айттым. Қабағы жадыраңқы тартты. Бірақ:

– Мен сенен Әуезовтің пьесасынан емтихан алып отырғамын жоқ. Оны сенсіз де жатқа білемін. Есті ақын боласың ба, ессіз ақын боласың ба, соны білгім келген.Өз ауылыңның ұлы ақынын білмесең, өрісің белгілі болды, – деп тіпті қазбалап қоймағасын, – тағы бір нұсқасы бар дейді – деп қашқақтадым.

Сонда да тақымдап қоймады.

– Е, биыл да маған оқу жоқ екен – дедім де:

– Аға! Бұл қажының – Шәкерімнің дастаны. Тоғызыншы класста Сирақбай Досмағамбетов деген үлкен кісіге көшіріп бергем. Сол үшін мектептен шықтым. Былтыр осы үшін үш қойдыңыздар. Ол былай басталады – дей беріп ем қайтадан жылы шырайланып, Мырзекеңе қарады. Сөйтіп, «Еңлік-Кебек» дастанынан шумақтар келтіре отырып айтып бердім және сол Шәкәрімнің «Нартайлақ – Айсұлу» дастанын да көшіріп алғанымды, оның оқиғасы арғын мен тобықтының ортасындағы рулық ырғасудан басталатынын, оқиғасының (рымғали ағаның өскен жері) Бақанас, Құр, Тай, Дағандыел, Көкшетауда өткенін айтып бердім. Ақыры өлең оқытып тынды. Қойшы ауылдағы сәске кезінде өрістегі жігітті күткен, кеудесін арман кернеген қойшының қызы туралы өлең еді.

– Е, қойшының қызы қойшы жігітті армандаса жетіскен екен. Сонда қазақтың қамын кім ойлайды. Бәрі қойшы болып кетсін деп армаедайсың ба. Басқа өлеңің жоқ па? Соны оқы.

Оқыдым. Бірақ жанартаудың қызуын басатындай табы жанды қаритын жыр он сегіз жастағы ауыл бозбаласынан шыға қоя ма. Шытыныңқырай қаламсабын қолына ала берді де:

– Ақын ағаңды көрдің бе? Обалда кеткен есіл өмір-ай! Қалай жүр екен?,– деді лезде өңіне мұңлы нала ұялай қалып.

Мен де түсіне қойдым. Қазақ сөз өнеріне отыз жасқа толғанша «Есіл» дастаны арқылы алғаш рет, Олжастың «Адамға табын, жер енді» поэмасынан жеті жыл бұрын сюжетсіз желі мен күрделі еркін ырғақты, құрмаласып жатқан еркін ой мен он алты буынды өлең өлшемін әкелген:

Жырларымды мақтаймын деп шала үйткен,

Нем бар еді айтысам деп Сәбитпен!,–

деп өр сөйлейтін, Драйзердің «Америка трагедиясын» аударған, сол жылдары салбурында жүрген Төлеужан Ысмаиыловты мекзеп тұрғанын түсіндім.

Несіпбек М.Мағауинге ертіп барған кезде Жазушылар одағынан, одан кейін сол жылдары Шәмші мен Мұқағалидың тағдырлары жиі тоғысатын «Есік» қонақ үйінің жертөлесінен, университеттің алдынан көргемін. Соңғы жолы кездескенімде: «Қор болдым ғой, қор болдым. Енді ауылға қайтамын. Елге барғанда менің бұл жүрісімді шешеме айтып қойып жүрме»,– деп жылап жіберіп, шайқала тербеліп бұрылып кетіп еді.

– Көрдім. Жазушылар одағының фоэсінде өлең оқып тұр екен.

– Түсінікті. Сол баяғы «Қойларын» ба, сен сол өлеңді білесің бе? Оқышы.

– Иә, сол «Қойлар, қойлар, шәйт дегенде сескенген»,– деп басталып, «Аға,– дедік, – туымызды оң ұстар, «Баран», – деді сонда бізді орыстар!», – деп аяқталатын өлеңін оқып жүр екен!

– Ауылда туысы бар ма?

– Шешесі мен Серік деген інісі бар. Қой бағады. Солардың қолында қыстақта тұрады.Кейде аттың екі жағына теңселе ырғалып, бөлімше орталығына келіп кетеді.

– «Қор болдым, ауылға қайтамын» – деді ме? Онда барғанда қай бір жетісіп жүреді дейсің.Сенің Абайың мен Абыралының ақынды қалай «еркелететінін»білеміз ғой. Сендердің атомдарыңның да әсері болған шығар. Әлі де жарылыс болып тұра ма?

– Болып тұрады.

Ол кезде Дегелеңде атом бомбасының сынағы өтетінін өзге түгіл, сол полигонның сынаққа алған малын баққан бақташының баласы біздің өзіміз де өзара әңгімеде айта бермейтінбіз.Ал мына өжет жігіттің Шәкәрімді де, атом сынағын да ашық, көптің көзінше айтып отырғанына таңдана да, сезіктене қарадым.

Реті келгенде кіріктіріп айта кетейін, осынау бір есіл де өмірі өксіп кеткен ақын тағдырына қатты күйзелетін. Үнемі өзін, шешсінің қолында қалған жалғыз қызын, інісін сұрап, аманаттап, жүретін. Кейін Медеу Сәрсеке ағамыз құрастырған кітабының жоспарға кіруіне атсалысты. Естеліктер жинағын құрастырды.Бірақ басылмай қалды. Ақыры менің қолыма түсіп, қайтадан қарастырып шығуды өтініп ем:

– Неткен бақытсыз, талайсыз, тағдырының зауалы басым жан еді.Сол туралы ойлап, бір ісіне араласайын деп кіріссем болды, бір трагедияға тап боламын.Иесі де, киесі де ауыр екен.Өткен жолы Айғалидан айырылып қалдым. Енді жүрегіме тиіп қалыпты, қолыма да алмайын, сен өзің бітір, не ана аталас інісі Бауыржанға (Жақыповқа) тапсыр, –деп тайсақтай жауап беріп еді.

Шындығында да Төлеужан марқұмның тағдырында осындай бір зауалдың, «Демондық» – Дүлейлік күштің барлығы рас еді. Мен де сондай тылсым күйге жолықтым да қолжазбаны ысырып қойдым.Сол естеліктер жинағы әлі де басылмай жатыр, қолға қайталап алуға тітіркене беремін.Мүмкін кездейсоқтық шығар, дегенмен де Рымғали аға аңғарғыш еді ғой. Қайтып ағамыздың алдында Төлеужан туралы сөз қозғамайтын болдым).

Осы жарты сағаттан астам уақыттың ішінде басын бірінші рет төмен салып біраз үнсіз отырып қалды да, емтиханның онсыз да ұзаққа созылғаны есіне түсті ме,

– Ал, Мырзатай, мына балаға неше қоясың? – деді.

– Бес қоямын. Өзің ше?

– Мен алты деген баға болса алты қояр едім. Енді екі бес алса оқуға түсе ала ма? Ал, сен, бауырым, енді өкпені қой. Тарихтан жақсылап дайындал. Бес ал. Осында Бақтажар Мекішев деген ағаң бар. Білесің бе?

– Білем. Мекішпен менің әкем құрдас.

– Ендеше соған неге жолықпайсың. Қазір мені күт. Емтихан біткен соң шығамын,– деді.

Сыртта жаңа ғана танысқан кірпі шашты, қаршыға көзді Несіпбек күтіп тұр екен. Болған жайды айттым. Ол Рымғалиді біледі екен. Ағасы Қабдеш Жұмаділов пен Мұхтар Мағауин мұны соған тапсырып қойыпты. Қойшы, содан екеуміз екіндіге дейін бас поштаның алдында ағаны тостық. Ағамыз жоқ. Сөйтіп тұрғанда көрші ауыл “Қайнардан” бітірген Айғали Файзуллин жолыға кетті.Кеудесі кең, көңілі көтеріңкі. Сөзі өткір. Мен жөнімді айтып едім, телефонға жүгірді.Ар жағындағы адаммен: “Қайда жүрсің? Сені күтіп жүр ғой. Адамды неге шаршатасың” – деп телефонды маған бере салды. Сөйтсем, біз күтіп тұрған Рымғали ағамыз: “Мен ұмытып кетіппін. Хабарласып тұр. Үйге кел Айғалимен. Қалғанына көмектесемін. Айғалиға ақылыңды айт. Түскен соң да қыдырасыңдар” – деп ағалық мейірім танытты. Сөйтсем, Айғали – Рымғали ағаның туған кенже інісі екен. Әрине, бұл маған үлкен демеу болды. Тарихтан өзім де қамсыз емес едім. Алатын бесін алып оқуға түстік. Сөйтіп, “Еңлік – Кебек” мені үш рет сүріндіріп, Рымғали ағаның алдына тағзым еткізіп барып жолымды ашып еді.

Бұл арада мен өзімді емес, Рымғали ағаның жас кезіндегі өтімді де өрт, асқан мейірімді, әділ, жігіттің сұлтаны шағындағы мінезін көрсеткім келді. Шындығында да ажары ғажап, алды алымды, еңсесі өр еді. Кейінгі жылдары сол мінезі сирек те болса сыртына шыға келгенде іштей сүйсініп тұратынмын, кейде әдейі сөйлеткім келіп мінез де көрсетіп қоятын кезім бар еді. Жалғыз мен емес, сол кезде көргендердің бәрі де сол әсерді сезінген екен. Тұрсынбек Баймолдаев сияқты шәкірттері қазір де ұстазының үлгісімен екпіндетіп сөйлеуден танбай келеді.

Бұл 1969 жылдың 2 тамызы болатын.

Сол күннен бастап Рымғали ағаның бауырына кірдім. Оның әр сөзі, мейірімі, ақылы туыссыраған көңілдің жұбанышына айналды. Күзгі дәріс басталғанша “Трагедия табиғаты” атты монографиясын оқып шықтым. Күз соңында “Талант тағдыры” да қолға түсті. Алғашқы кірген көп қабатты пәтер, қабырға толы кітап сөресі, неғыласыз, қала мен білім қарекетіне қатысты жайдың бәрін осы үйден көріп, таптым.

Ал Рымғали ағаның оқыған лекциясын айтсаңшы. Алла, сөз бен білім дәл осылай қабысып та шығады екен-ау. Пафос қандай! Өзің де көтеріліп отырасың. Кейде бойыңды шымырлатып, кейде тітіркендіріп, кейде суытып, миыңның ішін шаңдатып кететін. Әдебиет теориясына келтірген мысалдарын алдындағы алақандай тілшеге қарап қойып:

Қара Қыпшақ Қобыландыда нең бар еді құлыным,

Сексен асып тақағанда тоқсанға үзілді ғой жұлыным, –

деп лапылдатып жібереді. Ілиястың теңеулерін Уольт Уитменен, Поль Элюармен, Пабло Нерудамен шендестіріп, қазақта мынадай да ақын болған деп, Мағжанның «Түркістан», «Шойын жол» атты өлеңдерін жатқа айтады. Қисындық термингдерге қатысты мысалдарды Флобер, Стендаль, Кафка, Сартр, Джойс, Хэмингуэй, Әуезов, Мүсірепов, Соқпақбаев шығармаларынан алып, оларды салысырып, «қара шалды» басым етіп көрсетеді. «Қилы заман» атты бізге бимәлім шығарманы таныстырып:

«Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында тұншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың албанның елі де Қытайға қарай бет түзеді. Салқар-салқар болып, қайтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді. Артында қара түтін боп жәрмеңке қалды. Иесіз болып қаңырап Алатаудың жайлауы қалды. Кіндігін кескізіп, кірін жуған момындық күн қалды...Тау толған арқар, бұғы, елік, қара құйрық, таутекедей жабайы, жайын көршілер қалды...Жұртта қалған бұралқы иттей болып, ұлықтардың обозының артынан ере бермекке тілмәштар қалды. Оспан мен Жебірбаев қалды», – деп екпіндете лықсытады.

Сөйтсек, Мұхтар Әуезовтің мұражайының қорында белгісіз жатқан «Қилы заманды» тауып, алғаш жұртшылыққа жария еткен Рымғали ағаның өзі екен. Ал былайғы оқырман бұл шығармамен арада жеті жыл өткен соң барып, онда да орыс тілінде танысты. Бұл біздің құмарымызды оятты. Өзге курстың студенттері де келіп жүрді. Үзіліс кезінде сұрақтың астында қалатын. Ал мұның барлығымен кітапхананың сирек қоры арқылы танысуға болатынына жөн сілтеп, мұрағатқа дәніктірген де Рымғал ұстаз болатын.

Дәріс кезінде сескендіріп сөйлегенімен де жеке әңгімелескенде керемет мейірімді еді. Алғашқы айдың өзінде маған ол жылдары жасырын оқылатын Мағжанды ақтау туралы Дінмұхамед Қонаевқа жазған башқұрт ақыны Сәйфи Құдаштың көлемді хатын таныстырды. Іле Сәду Машақовтан алып келген Жүсіпбек Аймауытовтың “Жан жүйесі” мен Міржақыптың “Бақытсыз Жамалын” үйінде жатып оқытқызды. Сол әсермен Ұлттық кітапхананың сирек қорынан Ахаңның, Әлекеңнің, Міржақыптың, Жүсіпбектің, Мағжанның шығармаларына Айтуған, Нұрқасым, Несіпбек, Жанболат бәріміз бірінші курста-ақ қаныға бастадық. Лекция болар күннің алдына ағамыздың өзі де бізбен бірге кітапханада отыратын. Кейіннен біздің конспекті дәптерлерімізді жиып алып, соның негізінде «Өнер алды қызыл» тіл атты теория кітабін дайындап шықты.
Ал көркем әдебиет туралы пікірлері ұшан-теңіз. Мен шет елдік сирек шығармаларды алғашқыда осы үйдегі кітапханадан алып оқыдым. Бір курс жоғары Марат Қабанбаев та анда – санда кітап алып тұратын. Одақтас республикаларға жазушылық іссапарға шыққанда үнемі кітап алып келеді. Кейбірін маған сыйлайды. Шығармашылық психологияны терң зерттеген, менің кейінгікөркем көзқарасымның қалыптасуыма жыға әсер еткен Ян Парандовскийдің “Сөз сиқыры” әлі күнге дейін менде сақтаулы. Екі рет қайырып беріп, үшіншісінде сіңіріп кеттім (Өзінің де жастық шақта сіңіре де қызыға оқыған «қимасы» болса керек, осыдан екі-үш жылға дейін сұрап жүрді. Өзге басылымдарын ұсынып едім, бас тартты).

Ойымыз бен өреміз, ойлау жүйеміз, қоғам туралы пікіріміз бірден өзге бағытқа өріс алды. Ол жылдары жазушылар Хэмингуей мен Сэлинджерсіз сөйлемейтін, біздің шал, әлгі шал деп, бір-бірін Мағауин, Ысқақов, Аязбаев, Шайкенов, Әкімжанов деп фамилиясымен атайды. Бұл “ауру” бізге де жұғып, бір-бірімізді Кәрменов, Айтов, Алпысбаев, ал ағаның өзін Ардакүрең дейтін болдық. Одақтағы түрлі жиналыс пен съездің шақыруы Р-ағаңның мойнында. “Көшпенділер” мен “Соңғы көш”, “Көк мұнар” талқыланғанда да ағаның қолтығында жүрдік. Сол жылдары аға ақын-жазушылармен де ұстазымыз таныстырып, Сапарғали Бегалинді әке қатарында сыйлайтын. Күйтабақтағы Әміренің дауысын тапқан Жарқын Шәкәрімді түн ортасында Сапакеңнің үйіне ертіп апарып әнді тыңдатты:«Қаншама нашар сақталған болса да Әміренің дауысының мінері сақталыпты», деп Сапакеңніің жылағаны есімде. Онымен да тоқтамай түні бойы Алматыдағы ағалары мен достарын тегіс аралап, таң атпай радиоға, одан телдидарға апарғаны есімде. Жаңалық біткенді тез іліп алып, соны елге жеткізгенше тағаты қалмайтын. Ілияс Есенберлин бастатқан қаламгерлермен кездесулерді жиі өткізіп тұрдық. Еснберлинді, Ахтановты, Соқпақбаевті қатты қадір тұтатын. Бердібек марқұмды қонаққа шақырып, жерге дастархан жасап, Несіпбек екеуміздің күтіскеніміздің, соңында шығарып салғанымыздың өзі бір әңгіме. Әдеби сыннан жолы болмаған Бердібектің «Өлгендер қайтып келмейді» романына пікір жазып, орынсыз сынға араша түскендіктен де: «Менің сыншым – Нұрғалиев. Қалғандарының бәрі мен үшін Тахауиме тең», – дейтін.

Әлем әдебиетінің тарихымен де әуелі Рымғали ағаның үйдегі лекциясы арқылы танысып, екінші курста бесінші курстың деңгейіне жетіп қалдық. Үйіне қонып шыққан күні Рымғали аға Айғали екеумізге үш теңгеден, Ләпәң – Ләтипа апай он теңгеден береді. Бұл күтіп ұстаған адамды жиырма күн толық асырайтын.Абайдың 125 жылдық тойында Оралхан екеуін Қарауылда қонақ етем деп Алматыдан ауылға ұшып кеп, ақыры өздеріне қонақ боп қайтқан аңғал да алаңғасарлау сәттер де болды. Несіпбек Қабдеш пен Мұхтар ағасының ортасында “қорғасындай балқып жүрді”, мен Рымғали ағаның етегінен нық ұстап айырылмадым.

Сынды көркем де шешен тілмен жазу осы Рымғали ағадан басталған дәстүр. Жалынды жастық оты қайтпай тұрып отыз жаста докторантураға шықты. Бұл сол жылдары қоғамдық саладағы шектен шыққан данышпанның да қолынан келе бермейтін оқиға еді. Сол күннен бастап ағамыздың әбігері басталды. Зерттеуі қиын жазылды. “Күретамырдың” басылуы да баяу жүрді. Ал қорғаудың алдындағы қарбаласты айтпаңыз. Біз – Несіпбек пен Манат машинкадан шыққан беттерді оқимыз. Қатенің орынын ақтап, оның орынына әріп кесіп жапсырамыз. Жан-жаққа автореферат жібереміз. Әдеби ортада тілектестер көп, ғылыми ортаның бақталасы басым. Қорғауға байланысты қиянаттарды естігенде төбе құйқаң шымырлайды. Қорғауға жетпістегі әкесі Нұрғали атамыз да келді. Диссертация ұзақ талқыланды. Бір адамның қарсы болуымен дауыстан өткенін естігенде атамыздың мойнынан құшақтап жібермей тұрып алғаным әлі есімде.

Дастархан әзір еді үйде. Бірақ Мұхтар Мағауин екеуі үйге кірмей үш сағаттан астам уақыт Панфилов паркінің ішінде ұзақ әрі алаңдаулы күйде әңгімелесті. Айғали екеуміз ту сырттарынан алыстау жерде ілесіп отырамыз. Әйтеуір үйге бұрылғанда көңіліміз орнына түсті. Бәрі де тынышымен біткен сияқты болатын. Арада үш ай өткен соң ағаның алаңы ашық қауіпке ұласты. Сөйтсек Мәскеуге өзге ағаларымыз салмақты арыз жазып та үлгеріпті. Ол да жабылып, жарты жылдан соң жақсылыққа бет алған сияқты болатын. Бірақ екінші рет қайталанып жазылған арыздар ақыры диссертацияны бекіттірмеді. Бұл лаулап тұрған жанартауды өшіргендей сенімсіз, бірақ шындық оқиға еді. Сол кездегі алғашқы әсер ме, жоқ, ғылыми талап пен жауапкершіліктің күштілігі ме, білмеймін, қазіргіге қарағанда , жұмақ пен тозақтың арасындай тұрғандай жанталаспен өтуші еді.

Адамның адамға ашық қиянатын алғаш көргенім осы. Келесі қайта қорғау өткенге дейінгі бес-алты жыл Рымғали ағаны жүйкелетіп жіберді. Ұйқысыздық, мазасыздық, жалғыздық, сенімсіздік, өзін қорланғандай сезіну, айналасының алаңы төзімді жұқартты. Сондай сәттерде Жәнібекті, Құныпияны, Несіпбекті, мені шақырып алып қона-жастана әңгімелесіп, қасынан шығарғысы келмейтін. Саяжай сатып ап барып жаны сая тапқандай болды. Адал да аяулы досы, курстастары Құрманбай Толыбаев, Мәткәрім Әкімжанов, Әміржан Қалиев ағалармызды алдыға салып ап барып тұрамыз. Неше түрлі қалжың да сонда туды. Несіпбектің “Қарға бойлы Қазтуған” атанып: “Галстугын байлап ап, екі бетін майлап ап, бірі келер сәнденіп, бірі келер бәлденіп. Жаның болса Кәрменов, қаның болса Кәрменов, Алпысбаевты ал келіп” – деп шұбыртатыны да сол Обсерваторияның түбіндегі саяжайда өтті.

Ой деген ұры емес пе, онда да тыныштық бермеді. Ақыры көлік сатып алып барып езгі ойды шаң қаптырып адастырып, серги берді. Еңсесін көтерді. Өзі “Ақ бұзау” деп атаған жеңіл көлікпен біз қайда бармадық десеңші. Әсіресе, Несіпбек, Жәнібек, Құныпия ағаның тұрақты жол серіктері болды. Шалкөде, Жіңішке, Көкқасқа аттың жайлауы, Сартауқұм, Бозой, Сарқан, Алакөл арасындағы айтылған әзіл, Жәнібек пен Несіпбектің айтысы бір томнан асып жығылар еді. Соны ұйымдастыратын да, тарқататын да, басты кейіпкер де Рымғали ағаның өзі болатын.

Екінші рет қорғауға тақырыбы бекітілген соң тамырына нәр жиып, қуаттана күш алды. Бірақ та баяғы жанартау, жалын от, өктем ой сол қалпына қайтып келмеді. Бір күні Төлебаев көшесінің бойындағы ұстаздарының көңілін сұрауға шықты. Әуелі Темірғали Нұртазиннің үйіне кірді. Үмітсіз дертті еді. Ол кісі: ”Рымғали әлі жассың. Осы әдебиеттану ғылымына жолама. Сатқын ғылым екен. Сен жаңа ой айтасың. Ертең оны біреу малданып кетеді. Артыңа із қалдырмайды екен” – деп өсиет етті. Содан Бейсекеңнің – Бейсенбай Кенжебаевтың үйіне кірді. Ұлы ұстазы: “Темірғали да нашар жатыр. Мен де сыр бере бастадым. Темірғали көңілге беріліп кетеді. Оның сөзіне ерме. Бастағанды тастама. Сын – ұлы ғылым. Берік бол” – деп шегелеп қоя берді. Одан өрлеп Мұхамеджан Қаратаевқа сәлем бере кірді. Ортаңғы бөлмедегі үлкен столға басын қойып қатты ойға кеткен екен. Басын көтеріп: “Жағдайдың несін сұрайсың. Жан-жағыма бомба түсіп отап жатқандай, Темірғали мен Бейсенбайға да тырнағын салыпты. Сол бомба енді маған қашан түседі деп күтіп отырған жай бар. Қуатың бар кезінде қаламыңды қатты ұста. Өкініш өмір болмайды” – деді. Осы сөздерді Рымғали ағадан естігенде тіксіне қалдым. Сынға үйір едім. Қайтып жоламаспын-ау деп іштей бекінгенім әлі есімде (Неден қауіптенсең соған жолығасың деген. Ақыры айналып сол шырғаға түстік қой). Қалай дегенмен де үш ұстазының да өсиетін кезек-кезегімен орындады. Әуелі “Дән” атты өмірлік дерекке құрылған әңгімелерді, содан кейін “Ертең ат шабыс” хикаятын жазды. Іле драматургия туралы монографиясын қолға алды.

Әдебиет туралы әңгімелер тағы да алдыңғы қатарға шықты. 1976 жылдың қыркүйегінің соңғы күндерінің екінтісі болатын. Әңгімелесе жүріп Рымғали ағаның ауласына кіргенде кезіккен егде тартқан өжет әйел батыл-батыл сөйлесе амандасты. Ол кісі кеткен соң: “Бұл мықты апаңыздан Әуезовтің өзі именіп жүретін болған. Әйгілі “Қаралы сұлудың” прототипі осы кісі. Мықты кемпір. Тура сенің ауылыңнан” – деді. Жалпы ол кісінің туған-туыстарынан хабардар болатынмын. Әйгілі Ике мен Мұсатайдың келіндері. Содан сөз Әуезов шығармаларының шығу тарихына ауысып кетті де соңы тапсырмамен аяқталды. Абай мен Әуезовтің шежірешісі мен болуым керек екен. Оның өлең мен көркем шығармаға қатысы жоқ екен. Сөйтіп, Рымғали ағаның сол кигізген қамытынан басымызды шығара ала алмай қалдым. Ал өзіне оқуға берген Шәкерім мен Мағжанның өмірін тұспалдап жазған “Жер-бесік” атты роман -новелланың екінші бөлімінің көркем шешімін мүлдем өзгерттірді. Зиянынан қорықты. Сөйтіп менің қалған шығармашылық өмірімнің арнасын мүлдем басқа жаққа бұрып жіберді. Алғашқы өлеңдер жинағымның қолжазбасын өзі апарып баспаға өткізді. Марқұм Қабдікәрім Ыдырысовтың демеуімен ұзамай жарық та көрді. Міне, оған да қырық жылдан асыпты. Сол күні басталып кеткен, келе-келе өлеңді де, прозаны да шетке ысырып тастаған Мұхтар Әуезов туралы шығарманы әлі бітіре алмай жүрмін.

Докторлығын екінші рет қорғаудың алдында аралас адамдарының өзгере бастағанын байқап ем: “Ал енді бұрынғы ағаларыңды іздеп әуре болмаңдар. Бұл жолы аянбаймын. “Жанашырларыммен” жақынымдай, жақындарыммен жатымдай аралассам таң қалма” – деді. Өзі қауіптенген адамдар қолдап шықты да сәтті қорғалды. Оппонент Мәскеуден келді. Оны достары Сейіт Қасқабасов пен Өмірзақ Айтбаев оңаша күтті. Аға екеуміз такси ұстап, бір сағат Секеңнің үйінде, бір сағат өзінің үйінде болып, екі араға түн ортасы ауғанша «теңселумен» болдық. Өмірзақ ағаның сол күнгі дауысы әлі құлағымда. Сонда да өз қатарының алдындағы ең жас доктор, ең жас академик, ең жас лауреат атанды. Жаңа достарының кітап жазуға мүмкіндік бермегені болмаса, дегенінің бәріне жеткізді. Керісінше өз ағайындарын өкпелетіп алды. Әрине, бұл түсінуге болатын, солай істелуге тиісті жай еді. Өкініштісі, кейбір өте етене достарымен арасы алшақтап, барған сайын суық тарта берді. Бір түскен жарықшақ қайта сызатсыз бітпейді екен.

Бұдан кейінгі менің тіршілігім жеке тағдырға ұласты. Рымғали ағаның өзі әуелі мектеп, содан кейін университетке түсірген менің туған қарындасым Төлеу ақ қаннан қайтыс болды. 1963-1964 жылы тура полигонның өз ішінде Дегелең мен Балапан шахтасының ортасында, біреуінен 6, біреуінен 15 шақырым жерде тұрып ек. Пәле содан жабысқан болып шықты. Қарлы қарашаның қайғылы қара түнінде, түнгі сағат үште қараңғы көшенің бойындағы телефонмен үйіне жылап тұрып хабарласқаным есімде. Ондай дертке ұшыраған адамның мәйітін бірден бере қоймайтын. Ендігі уайым сол еді. Таңғы сегізде ауруханаға келіп бас дәрігердің рұқсатын алып берді. Іле ағаның ең сүйікті де талантты суретші інісі Жеңіс те сол полигонның дертіне шалдығып өмірден өтті.

Сондай күңгірт күндердің бірінде, дәлірек айтсам 1980 жылдың 6 мамыр күні, Асанәлі Әшімов СССР халық артисін алған күні Қалибек Қуанышбаев туралы дерек іздеп театрға барамын деп мен бір шолақ оқиғаға іліктім. “Жұлдызға” жаңа орналасып, белімді тіктегендей шақ еді. Сейілғазы досым түнделетіп біраз адамға хабарлапты. Таңертең ерте Рымғали ағаның машинасына отырып Сағат Әшімбаев марқұм, Жәнібек марқұм және Несіпбек мені Алматыны шыр айналып іздеуге шығады. Сөйтіп алаңдап жүргенде апатқа ұшырайды. Сағаттың аяғына зақым келген, Несіпбектің иығы шыққан, әйтеуір өздері аман-есен. Ал “ақ бұзаудың “көркі кеткені” өз алдына. Бұдан бейхабар мен үш күннен кейін барып болған жайды естідім. Өзімді қоярға жер таппадым. Не хабарласудың бабын білмедім. Содан жарты жылға дейін кездеспей тайсақтап жүрдім. Көліктің дауының өзі ұзаққа созылды. Бір күні Рымғали ағамен де, Сағатпен де бетпе-бет келіп қалдым. Екеуі де: “Сенің не жазығың бар. Тек қалдарыңыз қалай демегенің болмаса” – дегенде иілген бас қайтып көтерілмей қалды. Аталған жігіттердің адамгершілігіне осы күнге дейін тағзым етем. Әрине, алдымен Рымғали аға мен Сағат марқұмға. 1982 жылы августта ұлым Алмас суға кеткенде: “О, сорлы!” – деп көріскендегі суық дауысы қазір де құлағымның түбінде. Сол сөз менің ішкі сезімімді тітіркендіре суытып жіберді. Табалағаны ма, жаны ашығандық па – деген сұғанақ ой миымды көпке дейін тілгіледі де жүрді. Бірінші рет ағаның осы сөзі көңіліме келді. Мұны ол кісіге айттырып, маған соны естірткен де тағдыр ғой. Дегенмен де…

Сол бір ауыр күндердің табы тағдырымыздан әлі де сезіліп қалады.Тегінде өзектес жандардың бір-біріне тым жақын тартылуы да жүйкеге салмақ сала ма, кім білсін. Кейінгі жылдары Айғалидің қазасы соны еске салған тосын оқиға болды. Осыдан кейін Рымғали ағаның көңіліне кәдімгідей уайым кірді. Өмірдің өзге де берекелі бейберекеті жүрегін шаншыған шығар. Бауырдан айырылу бастан өткен жай ғой. Орынсыз еркелеп кетіп өкпелетіп аламын ба деп оңаша жолығудан бойымды қашық ұстауға тырысатыным да содан еді. Өйткені сөгілген жіптің тігісін табуы қиын. Ал мен қандай жетістікке жетсем соның басты бір себепшісі осы Рымғали аға. Кемістігімді ескерткен сәттерінде: “Өзіңізден көріңіз дұрыстап, жеріне жеткізе тәрбиелемеген ” – деп сытылып кететінім де бар. Мұның барлығы сол баяғы өзімсінген көкбауыр мінездің демі.

Ағайын мен достың назы ауыр, жақсылыққа бергісіз жамандығы, жамандықтан да сорақы жақсылығы алмасып жататыны кейде жазықсыз жаныңды қинайтыны да бар. Сексен жетінші-сексен сегізінші жылдары ағалы-інілі, ұстаз-шәкіртті екеуміздің арамызда үнсіз салқындық орнады. Қиналысы мен толғанысы көп, менің Олжастың тапсырмасын орындап, «ең жас алашшыл» атанып, қабылданбаған қаулының атым жазылып қалған шақ болатын. Соңымнан арыз да молайып, «Жас алашшыл ұлтшылдан сақтанайық» деген мақала «Қазақ әдебиетіне» түскен кез еді. Бірде Мекемтас Мырзахметов пен Қойшығара Салғара ағаларым жеке-жеке келіп, Орталық комитетте мен туралы үлкен пікір қозғалып жатқанын, ол материалдарға пікір білдіруді партиялық құпия тапсырма ретінде өздеріне тапсырғанын, не деп жазғандарын, соған жауапты дайындай жүруімді ескертті. Сол кезде Рымғали аға еске түсті. Салқын қарсы алды, сөзімді құлықсыз тыңдады, ең соңында: «Жә! Осы пәлеге өзің тіліңнен ұрынып жүрген жоқсың ба? Сен: Рымғали Нұрғалиев менің Әуезов туралы деректерімді пайдаланып, соны қызғыштай қорғап жүр депсің ғой. Мұның қалай?»,– деді. Өзге-өзге, мұндай сөзді ағадан күтпеген едім: «Иә, осы тақырыпқа жолықтырған Рымғали Нұрғалиев еді. Енді содан қалай құтыларымды білмей жүрмін– дегенім рас. Ал, өзіңіз берген тапсырманы орындап жүріп өзіңізге қалай пәле жабамын. Асырып айтып тұрсыз. Мен Әуезовті жазбасам да қаламым суымайды. Бүгіннен бастап қойдым», – дедім. Содан бастап он жыл бойы «Бесігіңді түзе!...» мен «Бесігіңді аяла!...» кітаптары еш жерге басылмады. Баспалар қайырып берді де отырды. Тәуелсіздік келді. Мен өз ырқымнан тыс тағы да Әуезовке ат басын тіредім.

Сол әңгіменің салқыны ма, неге екенін білмеймін, Ләйлә Мұхтарқызы Әуезованың: «Егер Әуезовтің рухын силайтын болсаң, онда менің өтінішімнен бас тартпа», – деген базынасынан бас тарта алмай, Мұхаңның мұражайын ауысуымды онша қолдай қоймады. Сөйтіп жүргенімде Ләйлә апай қақпайлап жүріп, кітаптың негізінде кандидаттық диссертация қорғатуға алып келді. Ресми оппонент ретінде Рымғали ағаны таңдап алып, авторефератты дайындап, енді қол қойғызуға апардым. З.Ахметов марқұммен шайтанқұлақ арқылы ұзақ сөйлесті. Бір уақытта қаламсабымен мұқабаның бетіндегі адамның атын сызып-ақ тастағаны. Кері шегінуге жол қалмаған. Рымғали Нүрғалиев сызып тастады десем, арандатқан боламын: «Әйтпесе қол қоймаймын», – деді. Орынымнан атып тұрдым да: «Осыған құмартып жүрген мен жоқ. Онда өзіңіз бір шәкіртіңізге қорғатып алыңыз. Енді мен қорғамаймын», – деп қолжазбаны алдына тастай салып, бұрылып кетіп, шақырғанына қарамай сыртқа беттей бердім. Қалай жаныма жетіп келгенін білмеймін: «Үй, дүлей!», – деді де мұқабаға қолын қойып берді. Осы өзімсіген сөзі көңілімді жадыратып жіберді, соңы Ләпәңнің дәмін татумен аяқталды.

Содан кейін ежелгі еркелік пен еркіндік қайтып қалпына келді.

Тура сол жағдай докторлық диссертацияда да қайталана жаздады. Бірақ ол кезде қолды қоюдың қажеті жоқ болатын және тақыстанып та қалып едік. Шындығына көшсек, оның мені бұлай өзімсінуіне толық қақы бар болатын. Мұндай ньюанстар ғылым, диссертация деген салада көп болады екен. Кейін де соған бойсына алмай, бір-екі рет кеңестен бостау туралы өтініш беріп ем, кеңес мүшелерінің көзінше рахаттана отырып күлдей ұсақ қып жыртты да: «Жүр, шәй ішіп келейік», – деді. Әр түрлі әңгіме айтып, қалжыңдап, ұмыттырып жіберген болды. Әрине, мен де «ұмыта» қалдым.

Астанаға ауысқан соң бұрынғыдай отбасының тұрақты қонағы болдым деп айта алмаймын. Алайда қалыптасқан жағдайға байланысты тебіреністі, күйзелісті, екіұшты ойдың соңына көп берілді. Қарындасы Әсима қайтқан соң тіпті тұнжыраңқы тартты. Өзін-өзі іштей мүжуге бейімдеу боп жүрді. Оңаша қалсақ жүрекке салмақ салатын әңгіменің әуеніне көшіп кетерміз деген ниетпен, үнемі жеңілдеу сыдыртып, тездете амандасып, сырдаң тартып жүрдім. Кейде сағынып кеткенде арқасын қапсыра құшақтап, бір иіскеп, жылдамдата шығып кететінмін. Сөйтіп жүріп сөз басында айтылғандай налытып алғанымды несіне жасырайын.

Жоғарыда ескертілгеніндей, осы танысу мен қоштасудың арасында өткен қырық жылдың әдібін аз сөзге көп мағына беріп жазуға екінші тапсырыстың да уақыты тығыз боп, көп оқиғаның қайырымы келмей қалды. «Өзі шарапатын тигізген шәкірт інілерінің бірі есебінде бұрынғыдан да қаттырақ бауырына баса түссе екен деп тілеймін», – деген назымды көзі тірісінде оқып, тілегімді берген ағатайымның дәл бұлай көз жаздырып кетерін кім білген.

Рымғали ағаның кенеттен, сонау алыс Дубайда үзілген, ғұмырының соңында қос жарылған өмірі де, шындығын айту керек, ағайын-досқа біраз алаңдау туғызды. Көңілді күпті еткендей көрінді. Достарының сыналатын шағымды шағы еді. Алатаудың биік шоқысының ең биік тұсынан тұңғышы Ардақ пен Ердос, Ләйлә, Айша, Рабиға таңдап, топырақ салған мәңгілік қонысы, рухы ұялаған бақилық бесігі – Рымғали марқұмның тұғырына лайық. Енді ол рух – мүсін боп сол биік тұғырдан бүкіл қазақ даласына өткір де өжет, жылы да жылдам, намысты жанарымен көз жазбай қарап тұратын болады. Ал оның «Үшінші Алматыдағы» сол рух мүсіні мұқым елінің, тұтас жұртының көз алдынан мәңгі кетпейді, жадында, жүрегінде сақталады.


Ол енді жоқ. Ол да жоқ. Олар да жоқ. Жазуға отырған кезімде ол үнемі қарсы алдымда қарап отырғандай сезінетін болдым. Күтпеген жерден түсіме кірді. Тамшысы ірі жолақты костюм-шалбар киген, ақ жағасы, галстугы де сықия тағылған, қарсы алдымнан шыға келді. Өңі қоңырлау, жанары тік, адымдай басып қасымнан өте шықты. Қайда барады? Белгісіз. Сол сәтте, енді ол жолдың мәңгі қиылыспайтынын ғана ойлағаным есімде. Жолымыз қиылыспағанымен ойымыз сәт сайын қиылысатынын ғана медет тұтумен осы жолдарды жаздым.
Астана. 2005-2010.







Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет