Учебные пособия по вопросам финансового и валютного права: Мухитдинов Н. Б., Найманбаев С. М., Серимов У. С. «Қаржы саласындағы басқарудың құқықтық негiздерi»



бет5/28
Дата19.06.2016
өлшемі2.45 Mb.
#146856
түріУчебные пособия
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28

Осы бөлу функциясының көмегімен жалпы қоғамдық өнімді және оның ең басты бөлу және қайта бөлу процестері жүзеге асырылады. Бөлу функциясы қаржылардың бөлу категориясы ретіндегі мағынасын ашып көрсетеді. Бақылау функциясы, осы бөлу және қайта бөлу процестері кезінде заңдылықтың, сондай-ақ мақсатқа сәйкестіліктің сақталуын қамтамасыз етеді. Ал екінші, ұдайы өндіріс концепциясы бойынша қаржының үстінде аталып, қарастырылған үш функция көрсетіледі. Бұл концепцияны қолдаушылар, қаржы, қоғамдық ұдайы өндіріс сатыларын (бөлу, айырбастау және тұтыну) бәрінің категориясы болып есептелінетіндіктен, оларды тек бөлу категориясымен шектеу дұрыс емес деп тапқан.

Олар келтірген дәлелдер мына төмендегідей болып келеді:

1) қоғамдық ұдайы өндірістің сатылары бір-бірімен тығыз байланысқан;

2) қаржы тек қана ұдайы өндіріс сатыларын ғана қамтамасыз етіп қоймай, қоғам өмірінің барлық аяларын қамтиды;

3) қаржы қоғамдық өнім қозғалысының барлық сатыларында пайдаланылатын жан-жақты бақылау құралы болып табылады. Мемлекетке қажетті ақша қаражаттарын жұмылдырудың (жиыстыру) тікелей түсім көзі материалдық өндіріс аясында жасалатын ұлттық табыс болып есептелінеді.

Ұлттық табысты бөлу кезінде мемлекет, кәсіпорындар мен бірлестіктер және азаматтардың кірістері құралады.

Мемлекеттің қарамағында ең мол ақша қаражат қорлары – бюджеттің бар екенін білеміз. Бюджет арқылы, әртүрлі ақша қорларын құру нәтижесінде қоғамдық өндіріске қатысушылар тапқан кірістер басқа қатысушылардың мұқтаждықтарына пайдаланылады. Қаржының бақылау функциясы бар екенін бәрі мойындайды. Қаржы белгілі жүйеден құрылатынын білеміз.

Қаржы жүйесі деп – мемлекеттің ақшалай қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын және әрқайсысы белгілі бір қаржылық құқықтық институттардың материалдық көрінісі (қорлары) болып табылатын қаржылық-экономикалық институттардың жиынтығын айтамыз.

Ал қаржылық-экономикалық институттар дегеніміз – мемлекеттің ақша қорларын қалыптастыру, бөлу және пайдалануды ұйымдастыру барысында пайда болатын экономикалық қатынастардың жиынтығы.

Орталықтандыру дәрежесі мен осы институттарға жататын ақша қорларының түрлері бойынша Қазақстан Республикасы қаржы жүйесінің институттары (қаржылары) орталықтандырылған және орталықтандырылмаған болып екіге бөлінеді.

Орталықтандырылған институттар (қаржылар) мына төмендегідей болып келеді:

1) Жалпы мемлекеттік орталықтандырылған қаржы республикалық бюджет арқылы көрсетіледі.

2) Жергілікті орталықтандырылған қаржы жергілікті өкілді органдардың бюджеттері арқылы көрсетіледі. Жергілікті бюджеттерге мыналар жатады: облыстық бюджеттер; Астана және Алматы қалаларының қалалық бюджеттері; қаладағы аудандық бюджеттер; аудандық бюджеттер.

3) Мемлекеттік банктердің қаржысы. Осы банктердің ақша қорлары мынадай көрініс табады: жарғылық қор; резервтік қор, өндірістік-әлеуметтік даму қоры; қысқа мерзімге несиелеу қоры; ұзақ мерзімге несиелеу қоры; валюталық аударым қоры; материалдық марапаттау қоры және т.б. Бұл қорлар мемлекеттің орталықтандырылған несиелеу қорларын қалыптастырады.

4) Мемлекеттің мүлікті және жеке басты міндетті сақтандыру қаржысы, мынадай сақтандыру қорларымен көрсетіледі: жарғылық қор; сақтандыру резервтік қоры; ағымдағы түсімдер қоры; сақтандыруды дамыту қоры; әлеуметтік-мәдени шаралар қоры; алдын алу шараларын қаржыландыру қоры; сақтандырудың қалпына келтіру түрлері бойынша запастағы қорлар жүйесі; әлеуметтік бағыттағы мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры; жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қоры және т.б. қорлар.

Мұнда айта кететін бір жайт бар. Банкі қаржысы оқулықтарда, көбінесе, банкілік кредит деп аталып жүр. Былайша айтқанда, банкілік қызметтің кредит (несие) беру жағымен ғана шектелген. Бір жақты көзқараспен шектеліп қоймай, бұл қаржыны қаржы жүйесінің институты деп алып қарасақ, онда олардың тек банкілердің ссудалық қорларын кредит беру түрінде жұмсайтын институт ғана емес, сонымен қатар осы қорларды қалыптастыратын да институт екенін көреміз. Сондай-ақ бұл институт тек мемлекеттік банкілердің қызметі мен солардың ақша қорларын камтиды.

Ал мемлекеттік емес банкілердің қызметтері қаржылық қызметке жатпайды. Жеке басты және мүлікті міндетті сақтандыру институты туралы да осыны айтуға болады. Бұл институт қаржы жүйесінің ерекше институты ретінде қалыптасады және оның әрекеттері мемлекеттің қаржылық қызметі болып есептелу себебі – аталмыш қызмет мемлекеттік сипатта болады, сондай-ақ мемлекеттік органдар арқылы жүзеге асырылады.

Сақтандыру қызметімен айналысатын мемлекеттік емес заңды ұйымдар мен мекемелердің әрекеттері қаржылық қызметтің құрамына кірмейді, сондықтан бұл қызметтер қаржылық құқықтың пәніне жатпайды.

Негізінде, мемлекеттік емес заңды ұйымдар мен мекемелер және азаматтардың ақшалай қорлары мен қаражаттары қаржы жүйесінің құрамына кірмесе де, олардың ақша жөніндегі қызметтері азаматтық құқықтық нормалармен реттелетінін білуіміз керек. Азаматтық құқықтық әдістермен реттеу арқылы өнім (тауар) өндірушілердің құқықтары мен мүдделері қорғалады. Ал егер құқықтық реттеу қаржылық құқықтық әдістері арқылы жүзеге асырылса, онда ол мемлекет мүддесін көздеу болып табылады.

Қаржылық қатынастардың тауар–ақша қатынастарынан туындайтынын және оларға қызмет ететінін білеміз. Сондықтан мемлекеттің қаржылық қызметінің мақсаты тек қаржыны қалыптастыру емес екені белгілі.

Орталықтандырылмаған институттарға (қаржыларға) мыналар жатады:

1) Мемлекеттік басқару органдарының қаржысы. Министрліктердің, ведомстволардын және басқа да басқару орталықтарының орталықтандырылған ақша қорларын білдіреді. Бұл салалық орталықтандырылған қорлар халық шаруашылығы саласының немесе басқа да шаруашылық жүйелерінің орталық басқару буындары болғандықтан министрліктер мен ведомстволардың қарамағына берілген ақша қаражаттарынан тұрады.

2) Мемлекеттік шаруашылық субъектілерінің қаржысы. Осы субъектілердің, яғни мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың ақша қорларын білдіреді: жарғылық қор, өнеркәсіпті, ғылымды және техниканы дамыту қорлары; резервтік қорлар және т.б.

3) Мемлекеттік қазыналық ұйымдар мен мекемелердің қаржысы. Осы субъектілердің ақша қорларымен көрсетіледі.

Қаржы жүйесі жөнінде кейінгі кезде қалыптасқан көзқарастарды салыстырмалы талдау жасау мақсатында қарап өтеміз. Е. Б. Стародубцеваның айтуынша, қаржы жүйесі – жалпы мемлекеттік, салалық және қоғамдық қаржылық қатынастардан тұрады, сондай-ақ оның құрылу негізіне функционалдық бағдары, аумақтар, жүйенің бірыңғайлығы сияқты үш элемент жатады және мына келесідей көрініс табады:

1. Мемлекеттік қаржы:

- мемлекеттік бюджет;

- бюджеттен тыс қорлар;

- мемлекеттік кредит.

2. Сақтандыру:

- әлеуметтік сақтандыру;

- жеке басты сақтандыру;

- мүлікті сақтандыру;

- жауаптылықты сақтандыру;

- кәсіпкерлік тәуекелді сақтандыру.

3. Кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржысы:

- коммерциялық ұйымдардың қаржысы;

- коммерциялық кәсіпорындардың қаржысы;

- қоғамдық ұйымдардың және қорлардың қаржысы123.

Осыған қоса Е. Б. Стародубцеваның Батыс өркениетті әрі дамыған елдердің, мысалы Англия, Франция, Италия мемлекеттерінің қаржылық жүйелерінің құрылымын: мемлекеттік бюджет; жергілікті қаржы; арнайы қорлар; мемлекеттік корпорациялардың қаржысы сияқты өте ірі және мол ақша қаражаттары қорлары арқылы көрсетіп өткені орынды болған.

Себебі, қаржылық құқық теориясы тұрғысынан, мемлекеттік емес кәсіпорындар мен ұйымдардың, банктердің және т.б. ақшалай қаражаттары қаржы терминімен қамтылмайды. Ресейлік ғалым-заңгер М. В. Карасева  қазіргі кезде Ресей Федерациясының қаржы жүйесі мына келесідей біршама дербес бөліктерден тұрады деп тұжырымдайды:

1. бюджеттік қорлар;

2. бюджеттен тыс қорлар;

3. мемлекеттік және муниципалдық кредит;

4. сақтандыру қорлары;

5. кәсіпорындар мен ұйымдардың қаржылары124.

Ал Қазақстанның қаржы жүйесі жөнінде, оның даму ерекшеліктерін ескере отырып, біздің ойымызша, мынадай тұжырым жасауға болады:

Республикалық бюджет; жергілікті өзін-өзі басқару құзырындағы (муниципалдық) бюджеттер; мемлекеттік (банктік) несиелеу қорлары; мемлекеттік (міндетті) сақтандыру қаржысы – орталықтандырылған мемлекеттік қаржы ретінде қаржы жүйесінің құрамдас бөлігі болып табылады. Ал орталықтандырылмаған мемлекеттік қаржы ретінде – министрліктер мен ведомстволардың, өзге де басқарушы, атқарушы құрылымдардың өздеріне тән функцияларын жүзеге асыруға қажетті ақша қаражаттарын, сондай-ақ мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың, корпорациялардың, мемлекеттік қазыналық кәсіпорындардың ақшалай қаражаттарын атап көрсеткен абзал.

Республикада болып жатқан түбегейлі өзгерістерге байланысты қаржылық-экономикалық институттар түрлеріне және меншік формаларына байланысты мына келесідей түрде топтастырылады:

1) Республика меншігіндегі ақша қорларын көрсететін институттар (республикалық бюджет, республикалық бюджеттен тыс қорлар ведомстволардың орталықтандырылған ақша қорлары; мемлекеттік банктердің ақша қорлары).

2) Әкімшілік-аумақтық бірліктердің меншіктеріне жататын ақша қорларын көрсететін институттар (жергілікті өкілді органдар қалыптастыратын бюджеттер, бюджеттен тыс қорлар).

3) Шаруашылықты толығымен жүргізуге немесе тікелей басқаруға құқықтары бар субъектілердің қарамағына жататын ақша қорларын көрсететін институттар (мемлекеттік-коммерциялық акционерлік банкілердің; мемлекеттік сақтандыру компанияларының; мемлекеттік кәсіпорындар мен ұйымдардың және мекемелердің ақшалай қорлары).

Осы аталған субъектілерге берілген ақша қаражаттары жөніндегі автономдық құқықтары – олардың өз қаржылық қызметтерін тәуелсіз және дербес түрде жүзеге асыруына мүмкіндік береді. Қазақстандық белгілі ғалым экономист А. Б. Зейнелғабдин  қаржының мемлекеттік қаржы жүйесінің экономикалық табиғаты мен маңызын ашып көрсеткен алғашқы ғалымдардың бірі болып табылады.

«Қаржы – ақша қозғалысына байланысты туындайтын экономикалық қатынастар, яғни ақша қорлары мен басқа да қорларды қалыптастыру, бөлу және пайдалану кезінде қоғамда туындайтын қатынастар», – делінген автордың еңбегінде. Қаржылар объективті категория болып табылғандықтан, өндіргіш күштер мен өндірістік қатынастардың дамуы негізінде туындайды. Сондықтан олар жиынтық қоғамдық өнімнің, ұлттық табыстың, сондай-ақ ішкі жалпы өнімнің құнын қалыптастыру, бөлу және пайдалану процесінде туындайтын құндылық экономикалық қатынастар жүйесінде қызмет атқарады.

Қаржы арқылы мемлекет өз қарамағына ақша қаражаттарын жиыстырады, сондай-ақ оларды ұлғаймалы ұдайы өндіріске және қоғамның мұқтаждықтарын қанағаттандыруға бағдарлап пайдаланады.

Қаржы көмегімен мемлекетпен, шаруашылық субъектілерінің ақша қорлары құралады, сондай-ақ халықтың ақша қаражаттары жинақталады. Қаржы қоғамдық өнім мен ұлттық табыстың құнын бастапқы бөлуші ретінде көрініс табады. Қаржылық шаруашылық қатынастар – мемлекеттік бюджет пен кәсіпорындардың және халық шаруашылығы салаларының өзара қатынастарының негізі болып табылады.

Сонымен қаржылық қатынастардың барлық нысандарының жиынтығы – мемлекеттің қаржы жүйесінің базистік негізін құрайды.

А. Б. Зейнелғабдин  қаржы жүйесіне түсініктеме бере отырып, оның маңызын былайша көрсеткен: қаржы жүйесі – осы жүйені құру, бөлу және пайдалану кезіндегі қаржылық қатынастардың жиынтығы, сондай-ақ осы қатынастарды басқаратын қаржылық және салықтық мекемелер мен өзге де тиісті органдардың жиынтығы. Қаржы жүйесін құрылымдық тұрғысынан қарастырсақ жоғарыда айтылғандай ол басқарылушы қаржылық қатынас нысандарының жиынтығынан және басқарушы қаржылық, салықтық және басқа да органдардың жиынтығынан тұрады.

Қаржы жүйесінің қызмет атқару механизмдерін зерттеу үшін оның әрбір элементтерін және олардың әрекет ету механизмдерінің біртұтастығын мұқият зерделеу қажет. Демек, біріншіден, қаржылық қатынастардың барлық нысандарын және олардың өзара байланыстарын айқындау қажет; екіншіден, қаржылық қатынастардың әрбір нысанын өндірістің тиімділігін аттыру және экономикалық қатынастарды жетілдіру жөніндегі рөлдері тұрғысынан зерделеу; үшіншіден, қаржылық қатынастарды басқару тәсілдерін жетілдіру, яғни нарық жағдайында қаржылық қатынастарды пайдалану механизмдерін жоспарлау, болжамдау, қаржыландыру, бақылау және талдау. Осы талдау негізінде қаржы жүйесінің құрылымы мен оның элементтерінің өзара байланысы анықталады. Қаржы жүйесінің құрамындағы қаржылық қатынастар өте күрделі құрылымнан тұрады және олар мына келесідей негізгі топтарға бөлінеді:

1) Мемлекет пен шаруашылық субъектісінің арасындағы оларға өндірістік қорларды беру, тауар шығару, қызмет көрсету және жаңадан құн жасау кезіндегі қатынастар;

2) Мемлекет пен шаруашылық субектілерінің пайданы, таза табысты және амортизациялық қорды құру, бөлу, пайдалану жөніндегі қатынастары;

3) Мемлекет пен халықтың, азаматтардың табыстарын қалыптастыру, бөлу және қайта бөлу жөніндегі қатынастар;

4) Мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорларын, бюджеттен тыс қорларды құру, бөлу және пайдалану, сондай-ақ зейнетақы қоры мен әлеуметтік сақтандыру қорына аударымдар жөніндегі қатынастар;

5) Мемлекеттің өндірістік емес аядағы бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдармен және мекемелермен қатынастары;

6) қаржылық-банктік Жүйе институтарының арасындағы қатынастар (Қаржы министрлігі, Ұлттық Банк, ЭКСИМ банк және т.б.)

7) Шаруашылық субъектілердің арасындағы тауарлар мен қызметтерді өткізу процесіндегі қатынастар, сондай-ақ оның қаржылық ресурстарды бөлу және қайта бөлу, күрделі қаржыландыру, айналым қаражаттарын қаржыландыру, салалық резервтерді қалыптастыру жөніндегі министрліктермен қатынастары;

8) Мемлекеттің сыртқы экономикалық, ғылыми-техникалық қызмет процесінде жақын және шалғай елдермен қатынастары125. Осы қатынастар мен байланыстардың ішінен бір-бірінен белгілі бір жалпы белгілері бойынша айрықшаланатын (оқшауланатын) аяларды бөліп шығаруға тиістіміз. Сонымен құндылық құрылымының айрықша саласын, мемлекет пен шаруашылық субъектілерінің және халықтың арасында туындайтын жиынтық қоғамдық өнімді, ұлттық табысты және жалпы ішкі өнімді қаржылық қатынастар құрайды. Бұл қатынастар шаруашылық субъектілері мен халықтың пайдаларын, табыстарын құру және бөлуге, сондай-ақ мемлекеттің қаржылық ресурстарын қалыптастыруға байланысты өндіру және бөлу процесінде туындайды.

Осы қаржылық қатынастардың жиынтығы қазіргі кезде “салық” атты экономикалық мәні бар ұғыммен көрсетіледі. Демек ол – қаржының құрамдас бөлігі, ал салық жүйесі – қаржы жүйесінің элементі болып табылады.

Сонымен қаржы тұтастық тұрғысынан сипатталады. Алайда осы тұтастық ішінде белгілі бір айырмашылықтардың бар екенін ұмытпаған жөн. Қаржылық қатынастардың әр сипатта болуы оның құрамында қоғамды өнімді құндылық бөлудің жекелеген (ерекшеленген) аясының соның бірі –мемлекеттік бюджет болып табылады, көрініс табуына әкеліп соғады.

Экономикалық категория ретінде мемлекеттік бюджет – бөлу процесінде туындайтын, тұрақты қатысушы мемлекет болып табылатын қаржылық қатынастарды көрсетеді. Мемлекеттік бюджет жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарды қанағаттандыруға арналған орталықтандырылған ақша қаражаттары қорларын қалыптастыру және бөлумен байланысты болады. Бұл жерде бюджеттік қатынастар қаржылық қатынастардың құрамдас бөлігі болып табылады.

Қаржы күрделі құрылымды болғандықтан бюджеттік құбылыстармен ерекшеленеді126. Сондықтан, яғни қаржы категориясы мен қаржы жүйесінің экономикалық мәні кең мағынада болғандықтан, бюджет жүйесі – қаржы жүйесінің негізгі құрылымдық элементі болып табылады.

Тауар – ақша қатынастары жағдайында өндірістік қорлар мен еңбек ресурстары натуралдық және құндылық нысанында болады. Сондықтан өндіріс нәтижесі осы екі форма арқылы өлшенеді. Қаржылық қатынастар алғашқы рет мемлекеттік кәсіпорындарға өндірістік қорларды беру кезінде туындайды. Бұл жерде өнімді шығару оның тұтыну құнынан бөлінбеуін жүзеге асыру мақсаты көзделеді. Қаржылық қатынастарды басқаруды жүзеге асыру қаржылық механизмдер арқылы жүргізіледі.

Қаржылық механизмнің негізгі элементтеріне мыналар жатады:

1) Қаржылық бюджеттік жоспарлау және болжамдау;

2) Қаржылық ресурстарды тікелей басқару және жан-жақты бағдарлау;

3) Қаржылық ресурстардың құрылуына, бөлінуіне және пайдаланылуына бақылау жүргізу;

4) Қаржы мен салықтың, бюджеттің өндіріске және халықтың әлауқаты деңгейіне тигізетін ықпалын анықтау.

Қазақстандық ғалым А. Б. Зейнелғабдиннің айтуынша, қаржылық қатынастарды басқару жүйесін құру арқылы127 мына төмендегідей мәселелерді шешуге әбден болады:

1) барлық қаржылық ресурстарды тікелей басқару (шаруашылық субъектілерінің өз қаржылық ресурстары; бюджеттік ресурстар; бюджеттен тыс қорлар; валюталық ресурстар және т.б.)

2) қаржылық ресурстарды болжамдауда экономикалық-математикалық әдістерді пайдалану негізінде мемлекеттің жиынтық қаржылық балансын жасау практикасын жетілдіру;

3) мемлекеттік жиынтық қаржылық балансының пропорцияларына және индикативтік жоспарлардың көрсеткішіне сүйене отырып, болжамдау негізінде көп варианттік режимдегі бюджет жобасын қалыптастыру;

4) республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс бөлігін болжамдау, салық пен басқа міндетті төлемдердің бюджетке түсуін бақылауды ұйымдастыру;

5) Бюджеттік мекемелерді шаруашылық етудің жаңа түріне өткізу арқылы, яғни бюджеттік қаржыландыру мен басқа түсім көздерінен түсетін қаражаттарды ұштастыру негізінде әлеуметтік аяға бағытталған шығындарды жоспарлау және болжамдау жүйесін дайындау;

6) жиынтық валюталық жоспарды, министрліктер мен ведомстволардың валюталық жоспарларын, олардың сыртқы сауда қызметтерін талдау, сондай-ақ мемлекеттің қаржылық және валюталық ресурстарын қалыптастырудағы рөлдерін кешенді автоматтандырылған жобаларын дайындау негізінде валюталық-қаржылық жоспарлауды ұйымдастыруды жетілдіру;

7) қазіргі кезеңдегі экономикалық саясаттың мұқтаждықтарын көрсететін қаржылық-бюджеттік жоспарлаудың нормативтік базасын дайындау;

8) салық, бюджет жүйесі (шаруашылық субъектілері, аудан және облыс деңгейіндегі) жөніндегі заңдардың атқарылу механизмдері туралы ақпараттарды жедел жинау және өңдеу.

Сонымен қаржы жүйесін экономикалық тұрғыдан қарастырсақ, оның мына келесідей элементтерден тұратынын көреміз: негізгі салық жүйесі, бюджет жүйесі; шаруашылық субъектілерінің қаржылары, қаржылық механизм және қаржы, салық органдарын автоматтандырылған ақпараттық жүйесі.

Жоғарыда қаржы жүйесін сипаттағанымызда оның нақты көрінісі бюджет және салық жүйесі деп көрсеткен болатынбыз. Сол себепті осы аталған жүйелерге сипаттама беруіміз қажет. Қазіргі кезеңде бірден бір материалдық базамыз – бюджет болып табылатыны белгілі. Сондықтан оны мемлекет қазынасы деп те атайды. Шын мәнісінде мемлекеттік бюджет мемлекет қазынасының құрамдас бөлігі болып табылады128. Бюджет терминінің мағынасына назар аударсақ, оны экономикалық және құқықтық тұрғыдан ашып көрсетуге болатын көреміз.

Экономикалық категория ретінде бюджет деп – мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және бөлу кезіндегі экономикалық қатынастардың жүйесін айтамыз.

Осы экономикалық тұрғыдан мемлекеттік бюджеттің өзіне тән ерекшеліктерін көрсетуге болады. Олар мына келесідей белгілермен сипатталады:

1) Ол мемлекет қарамағына қоғамдық өнімнің, ұлттық табыстың жалпы ішкі өнім құнының бөлігін және оның жалпы мемлекеттік мұқтаждықтарын қанағаттандыруға пайдалануға байланысты бөлу қатынастарының экономикалық нысаны болып табылады;

2) Қоғамдық өнімнің құнын бюджеттік бөлудің пропорциясы мен нысаны – тұтас алғанда, ұлғаймалы ұдайы өндіріс мұқтаждығымен және қоғамның әрбір тарихи кезеңде дамуының қоғам алдында тұрған міндеттерімен айқындалады;

3) Ол тауар нысанындағы қоғамдық өнімнің тікелей қозғалысына байланысты емес құн бөлу сатысын, яғни тауар нысанындағы құнның қарсы қозғалысына жолықпаған ақша нысанындағы құнның біржақты қозғалысын көрсетеді;

4) Ол 'құнды халық шаруашылығы салалары, еліміздің аумағы және экономика секторлары арасында бөлуге арналған129.

Сонымен мемлекеттік бюджет – экономикалық категория ретінде – ақша нысанындағы өндірістік қатынастарды көрсетеді және оның өзіне тиісті материалдық-заттай институты, яғни ақша қаражаттары қорлары болады. Мысалы, мемлекеттің орталықтандырылған ақша қоры – республикалық бюджет болып табылады.

Заң әдебиеттерінде, әдетте “бюджет” терминінің дәстүрлі төрт мағынасы қарастырылады:

1) материалдық мағынада;

2) экономикалық категория ретінде;

3) құқықтық категория ретінде;

4) заңи-техникалық мағынада.

1) Материалдық мағынада, бюджет деп – мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын, сондай-ақ жергілікті өкілді және атқарушы органдардың орталықтандырылған ақшалай қорларын айтамыз.

2) Экономикалық категория ретінде, бюджет дегеніміз – мемлекеттің орталықтандырылған ақша қорын немесе жергілікті орталықтандырылған ақша қорларын қалыптастыратын және жұмсайтын экономикалық қатынастардың жүйесі.

3) Құқықтық категория ретінде, бюджет деп – мемлекеттің негізгі қаржылық жоспарын, яғни мемлекеттің және жергілікті өкілді органдардың кіріс және шығыс балансын айтамыз.

4) Заңи-техникалық мағынада, бюджет дегеніміз – мемлекеттің негізгі қаржылық заңы немесе жергілікті өкілді органдардың қаржылық-құқықтық актілері.

Қазақстан Республикасында мемлекеттік бюджет: республикалық және жергілікті бюджет жиынтығынан тұрады.

Танымал экономист-ғалым А. Б. Зейнелғабдин атап көрсеткендей, бюджеттің бөліктеніп қабылдануы қаржылық ресурстардың жұмсалу бағыттарын толық қамтып қарастыруға мүмкіндік бермейді130.

Жоғарыда баяндалған, бюджет жүйесі жөнінде қалыптасқан көзқарастар мен ұғымдарға жаңаша түйінделген талдау жасап көрейік. Ресейлік ғалым Л. А. Давыдова бюджет жүйесі деп – экономикалық қатынастарға және заңи нормаларға негізделген Ресей Федерациясының Республикалық (Федералдық) бюджетінің, РФ құрамындағы республикалардың республикалық бюджеттерінің, сондай-ақ РФ ұлттық-мемлекеттік және әкімшілік-аумақтық құрылымдары (бөліктері) бюджеттерінің жиынтығын айтамыз деген анықтама берген. Осы айтылғанды нақтылап айқындасақ, онда мынадай көрініс табады:

1. Федералдық бюджет, яғни РФ республикалық бюджеті;

2. Ресей Федерациясы субъектілерінің бюджеті, олардың ішінде: РФ құрамындағы республикалардың республикалық бюджеті; аймақтардың аймақтық бюджеттері; облыстардың облыстық бюджеті; Федералдық бағынысты қалалардың қалалық бюджеті; автономдық облыстың облыстық бюджеті; автономдық округтардың округтық бюджеті;

3. жергілікті бюджет, олардың ішінде: селолық аудандардың аудандық бюджеті; Мәскеу мен Санкт-Петербургтан басқа қалалардың қалалық бюджеті; қаладағы аудандардың аудандық бюджеттері; поселкелердің поселкелік бюджеті; селолардың селолық бюджеті.

Сонымен Л. А. Давыдованың қорытынды ретінде айтқаны: Ресей Федерациясының бюджет жүйесі Федералдық бюджет, РФ субъектілерінің бюджеті және әкімшілік-аумақтық құрылымдардың жергілікті бюджеті сияқты үш топтан тұрады.

Е. Б. Стародубцева  бюджет жүйесі мемлекет аумағындағы бюджеттің жиынтығы болып есептелінеді және ол мемлекеттік құрылыстың ерекшелігін ескере отырып құрылады деп түсіндіреді.

Бюджет жүйесі көптеген элементтерден тұрады. Олар бір-бірімен тығыз байланыста болады және бюджет жүйесінің сол кезеңдегі даму ерекшеліктерімен негізделіп, сипатталады. Сонымен бюджет жүйесі деп – әр деңгейдегі және әртүрлі бюджеттің, бюджет процесін ұйымдастырудың, бюджеттік қатынастардың, бюджеттік қызмет аясындағы құзыретті мемлекеттік органдардың, сондай-ақ бюджеттік бақылаудың нысандары мен әдістерінің жиынтығын айтамыз.

Бюджетті қалыптастыратын түсім көздеріне салық пен басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ салық емес басқа да кірістер жатады.

Республикалық бюджеттің кірістері (арнайы экономикалық аймақтардың қаржылық қорларына (бюджетіне) есептелетін сомалардан басқасы) мыналардан тұрады:

1. Салықтан, алымдардан және басқа да міндетті төлемдерден алынатын түсімдер:

- заңды тұлғалардан алынатын табыс салығы – 50%;

- қосылған құнға салынатын салық;

акциздер:

- спирттің барлық түріне – 50%;



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   28




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет