Vi. Баланың сөздік қорын тексеруге арналған тапсырмаларды іріктеп, альбом құрастырыңыздар



бет1/6
Дата07.12.2023
өлшемі2.73 Mb.
#485862
  1   2   3   4   5   6
Ермекбаева А.Б ЖСТД альбом РК1

VI. Баланың сөздік қорын тексеруге арналған тапсырмаларды іріктеп, альбом құрастырыңыздар.


Баланың ауызекі сөзін бақылай отырып сөздік қорының қаншалықты деңгейде екенін анықтап білуге болады. Бірақ кейбір жағдайларда баланың сөйлеу тіліндегі белсенділігін және сөздің мағынасын түсінудегі енжарлығын арнайы тексеруді керек етеді.
Баланың жас мөлшеріне және сөйлеу тілінің мүмкіндігіне қарай сөздік қорын зерттеу үшін заттардың аттарын атау, жалпы аттарын табу, қарсы мәндес және ұқсас мәндес сөздерді атау, түбірлес сөздерді іріктеу, сөйлемдегі сөздерді ауыстыру сияқты бірсыпыра арнайы тәсілдер қолданылады.
Ең қарапайым және аса көп тараған тәсілдердің бірі заттардың
атын атау, балаға аттарын атай алатын заттарды немесе оның әрекетін және белгісін бейнелейтін суреттерді көрсетеді. Баланың сөйлеу тілінің белсенділігін тексеру үшін логопед оған затты не­месе суретті көрсетіп, Мынау не? Мынау кім? Не істеп жатыр? Қандай? Кімдікі? деген сұрақтарды қояды. Бала затты немесе суретті атау керек. Бұндай тәсілді тіпті мектеп жасына дейінгі балалардың сөздік қорының деңгейін тексеру үшін де қолданады. Әдетте сөйлеу тілі дұрыс дамып, мектеп жасына дейін-ақ айтарлықтай мол сөздік қор жинаған бала заттың атын, әрекетін, сапасын атауда ешқандай қиналмайды.
Заттар және суреттер тақырыпқа іріктеп алынған болу ке­рек, мысалы, ойыншық, ыдыстар, киімдер, аяқ киімдер, жануарлар, үй жабдықтары, әр түрлі кәсіптің адамдары, жиһаздар.
Тақырыптық суреттердің ішінде күнделікті тұрмыста көп тарала қоймаған, бірақ балаларға белгілі заттар бейнеленген сурет­тер болу керек (сөре, ескек, табалдырық, маңдайша, босаға, қодық, бәкі, кездік, жаулық т.б.).
Осы тәсілдердің тағы бір түрі бар. Ол заттың атын өзі тауып атайтын тәсіл. Балаға сұрақ қояды. Бала жауабын өзі айтуы керек. Мысалы, көжені немен ішеді? (қасықпен) немесе койдың төлін не деп атайды? (қозы).
Сәл қиындау тәсілге заттардың жалпы атауын табу жатады. Балаға бір мақсатқа бағытталған бірнеше заттардың жиынтығын көрсетеді де олардың барлығын бір сөзбен атауын ұсынады. Мысалы, мектеп жасына дейінгі ересек балаға немесе бірінші сыныптың оқушысына кесені, қасықты, қазанды, тәрелкені, шәйнекті, шөмішті, көрсетеді де, "осылардың жалпы атауы қандай?" деп сұрақ қояды.
2-3-ші сыныптың оқушыларына жалпы атаулары күрделілеу заттар бейнеленген суреттерді көрсетеді де: "Бұл не?" деген сұрақ қояды. Мысалы, жануарлар (қасқыр, түлкі, киік, аю, қоян, борсық, жолбарыс), өсімдіктер (жусан, жоңышқа, бидай, қамыс).
Заттың әрекетін, іс-қимылын және ерекшелігін білдіретін сөздіктің көлемін және ерекшелігін анықтауға ерекше назар аудару керек. Осы мақсатпен баланың нақтылы әрекет, іс-қимылы немесе әрекетті бейнелейтін суреттегі затты атауынан бөлек, басқа да дәйекті тәсілдерді пайдалануға болады.
Көрсетілген зат бойынша оның әрекетін іс-кимылын айту. Мысалы, жануарлардың қалай қозғалып бара жатқанын немесе не істеп тұрғанын айтып беру керек. Балаға жануарлар бейнеленген суретті көрсетеді. Ол суреттегі жануарлардың түрлеріне қарап отырып, қайсысының қалай қозғалатынын айтып береді: балық/жүзеді/, қарлығаш /ұшады/, шегіртке /секіреді/, жылан / жорғалайды /. Анықтауыш сөзді іріктеу / Бұл балалар сын есімді пайдалана білетінін анықтау үшін қолданады. Тәсілдің мақсатын балаға мысалдарды талдай отырып түсіндіруге болады. "Аспан қандай?" Ашық көгілдір. "Көктемде жер кандай түсті?" – жасыл.
Бала өзінің ауызекі сөйлеу тілінде қатыстық және сапалы сын есімдерді қалай қолданатындығына ерекше көңіл аударуы керек. Баладан мынандай сөздерге қандай сын есімдер сәйкес келетінін сұрайды. Мысалы, орамал, үй, орман, орындық, күрек, балта, сиыр. Балаға: "Бұрыштың дәмі қандай? "- (ащы), "Балта қандай?" - (өткір) – деген сұрақтарды береді
Осы тәсілдермен қатар бастауыш сыныптың оқушыларына қарсы мәндес немесе ұқсас мәндес сөздерді іріктеу тәсілін ұсынады. Логопедтің атаған сөздеріне бала олармен мағынасы ұқсас, бірақ түрі басқа сөздерді атауы тиіс. Мысалы, батырлық, үрей, жақсы, жаман, үлкен, аласа, биік, қайғыру, қуану. Әдетте балаға таныс сөздерді іріктеп колданған дұрыс. Қарсы мәндес сөздерді іріктеу үшін пайдаланылатын сөздерді де логопед атаған кезде бала оларға мағынасы қарама-қарсы сөздерді айтуға тиіс. Мысалы, қуаныш, сараң, жақсы, пайдалы, жуан, қараңғы. Бұл тексеруді ойын түрінде де жүргізуге болады. Мысалы "керісінше" айт. Мен бір сөз айтам, сен керісінше айт.
Түбірлес сөздерді іріктеуге мысал ретінде мынандай сөздерді атауға болады: жер, жыл, мал, жал, бала, қыс, оқу т.б.
Сөз қорын тексеруге қажет лексикалық және көрнекілік материалдар мына қағидаларға сәйкес іріктеледі:
- семантикалық (тексеруге заттың атын, оның бөлшегін, іс-әрекетін, сапа, сипатын, уақытты, кеңістікті білдіретін сөздер іріктеледі);
- лексикалық - грамматикалық (тексеруге қажет зат есім, сын есім, етістік, үстеу, т.б. әр түрлі сөз таптарын кіргізу қажет және ол сөздер баланың жас ерекшелігіне сәйкес болуы керек);
- тематикалық немесе тақырыптық-лексикалық материал тақырып бойынша топталады: киім, жеміс, т.б.



Достарыңызбен бөлісу:
  1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет