Яна Лұқпанова: Алтын ханшайым – менің еңбегімнің ең жарқын бөлігі, ең үлкен жаңалығым



Дата15.11.2023
өлшемі155.05 Kb.
#483339
ассембликз


Яна Лұқпанова: Алтын ханшайым – менің еңбегімнің ең жарқын бөлігі, ең үлкен жаңалығым
«Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де, бізді кез-келген рухани жұтаңдықтан сақтап,
аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы».
Н.Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті
Қазақстанның әр тасы тарихтан сыр шертеді. Елдің қай аймағын алып қарасаңыз да, сырға, сиқырға толы, табан астынан бабалар жүріп өткен жердің қасиеті сезіледі, тіпті сылдырап аққан өзен суына дейін өткеннің аңызын арқау етіп, сыбырлап бара жатқандай.
Атадан балаға мирас етілген ауыз әдебиетінде ұлттың ұлылығын ұлықтаған тұлғалар есімі өте көп. Біз сол арқылы тарихымызды таныдық, өткеннің сүрлеуіне үңілдік, топырақ пен тастың түбінен тарихымызды аршыдық. Тәубе дейік, бүгін біздің өшкеніміз жанып, өлгеніміз тірілді. Елбасы ұлтты, елді рухани жұтаңданудан құтқарудың, аман сақтаудың амалы деп, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын бір картаға топтастыру туралы тапсырма берді.
Елдің әр аймағынан картаға тарихы ғажайып, ұлт мақтанышы, бабаның аманаты, өткеннің мұрасы болған ескерткіштер кешенінің, киелі жерлерінің картасы жасалды.
Батыс Қазақстан облысы Теректі ауданында ашылған «Тақсай ханшайымы» кесенесі де Қазақстанның киелі жерлер географиясы картасына енген ескерткіш. Алтын ханшайым жерленген қорымды батысқазақстандық археологтар 2012 жылдың күзінде тапқан болатын. Қазір суретші-реставратор Қырым Алтынбеков қалпына келтірген «Тақсай ханшайымының» үлгісі Ұлттық музейге қойылған. Бүгін «Тақсай ханшайымын» тауып, Қазақстан тарихын толықтыруға үлкен үлес қосқан археолог Яна Лұқрановамен сұқбаттасудың сәті түсті.

– Тақсай ханшайымы біз үшін шын мәнінде тарихи үлкен олжа болды. Сіз сол қуанышты ұлтқа сыйладыңыз. Іздеу қалай жүргізілді? Ол жерде алтын адам жатқандығы туралы алдын ала болжамды деректер болып па еді?
– 1950 жылдардың аяғында Долматов есімді батысқазақстандық азамат тракторының табанының астынан табылған, б.э.д 6-4 ғасырлардың құнды жәдігері – алтынмен жиектелген күміс ритонмен (мүйізден жасалған сусын ішуге арналған ыдыс), тістері алтындатылған тарақты өлкетану музейіне тапсырады.
2010 жылы Д.С.Самашев музей қорымен жұмыс жасау үшін арнайы келді. Бұл уақытта мен де оған қолқабыс етіп жанында бірге жүрдім. Біздің ең соңғы таспаға түсірген жәдігеріміз – Долматов тапсырған жәдігер болды. Ол алтынмен жиектелген, өте әдемі бұйым болатын. Сондықтан болар, менің көз алдымда ғана емес, көңіл түйсігімде жатталып қалды. Менің оған қызығушылығым оянды, оның қайдан шыққанын, қалай тапсырылғанын сұрастыра бастадым. Бұл кездейсоқ табылған жәдігер, оны ешкім ары қарай қазбалап зерттемеді деді. Бұл менің көңіліме күдік ұялатты, себебі мен ешқашан кездейсоқтық болмайды деп ойлаймын. Сондықтан бұл да жолда тегін жатқан олжа еместігін ішім сезгендей болды.
Үш жыл бойы мен ол туралы ойлап жүрдім, тіпті түсіме кіре бастады. Бір әйелдің әлгі ритонды иығының тұсында ұстап отырғанын көрдім. 2012 жылы біздің тарих, археология орталығының мерейтойы болды, сол уақытта басшылық бізге сый ретінде өзіміз қалаған ескерткішті зерттеу еркіндігін берді. Мен бірден Долматов жұмыс жасаған жерге барып келуге сұрандым. 2012 жылы сәуір айында мен командаммен сол жерге келіп жеттім. Әрине, бірден Долматовты іздедім, бірақ бұл уақытта ақсақал өмірден өтіп кеткен екен. Бірақ маған жергілікті тұрғындар оның жәдігерлерді қай жерден тапқанын дәл тауып көрсетіп берді. Ол жерден жаңа 6 обаны анықтадық. Бұл жаңа ескерткіштер болатын, неге екенін тіпті алғашқы жәдігер табылған уақытта да реестрде тіркелмеген. Археологтар бұл туралы жазды. Мәселен М.Машкованың жазбаларын оқыдым, Эрмитажда табылған жәдігер тазартылып, зерттелді, бірақ ешкім оның табылған орнына бармаған. Нәтижесінде, бірнеше онжылдықтардан кейін біз бұл қорғанды тауып, 2012 жылдың маусым айынан қазу жұмыстарын бастадық. Тақсай ханшайым – б.з.д. 4-5 ғасырларда ерте темір сақ-сарматтар дәуірінде өмір сүрген.
– Тақсай ханшайымы түсіме кірді депсіз бір сұқбатыңызда. Бір тылсым үшін түсініксіз жәйттердің болғанын айтыпсыз. Осы шын мәнінде қызықтырды, қалай болып еді?
– Тылсым, таңғажайып өте көп болды. Саркофагты ашқаннан кейін оны арнайы күзет жасақтары қарауылдады. Себебі, түсінікті деп ойлаймын. Олар түнде үнемі екі үкінің ұшып келетінін байқапты. Бізге бұл, әрине, қызық көрінді. Сондықтан түнгі сағат 3-те біз де жасақ күзетшілерімен бірге отырып, үкілердің ұшып келуін күттік. Мүрде сүйектері бұл уақытта ашық жатқан болатын. Дәл түнгі 3-тен бір минөтке де кешікпей, екі үкі ұшып келіп, қорымды үш айналып өтті де, қайта ұшып кетті. Бәлкім бұл табиғат сәйкестігі болар, білмеймін, бірақ біздің санамызға сия бермейтін бір тылсымның барына сендік. Кейін ойланып отырып, өзім де таңғаламын, қорымды қазуға қатысқан команда мүшелерінің әрқайсысының өмірінде керемет жаңалықтар болды. Бойдақтары тұрмыс құрды, барлығының отбасында сәби дүниеге келді. 2013 жылы туылған балаларымыздың барлығы атұстар еді. Бәлкім, бұл да өте сәтті үйлесім тапқан сәйкестік болар, бірақ біз сонда да тылсымға сендік.
Төрт ай бел жазбай қаздық қой, жұмыстың аяғына қарай күн қатты суып кетті, біз бір-бірімізге бүрісе тығылып, ыстық шәй ішіп отырғанбыз. Кенет біздің ортамызға бір құс киліге кетті де, шұңқырға құлдырай жөнелді. Біз құсқа не болды екен деп, шұңқырға жүгіріп бардық. Сенесіз бе, құс ұшты-күйлі жоғалып кетті, сәл уақыттан кейін ол жарқ етіп қайта шықты да, оңтүстік-батыс бағытында ұшып кетті. Мұндай қызықты сәттер өте көп болды.
Оның айналасындағы қорғанның барлығы тас-талқаны шығып таланған. Ал алтын әйел Адам жатқан қорғанға сол күйі кісі қолы тимеген. Бұл бізге, археологтарға сол дәуірдің барлық жерлеу рәсімдерін өз көзімізбен көруге, сол арқылы параққа жазылып қалдырылмаған тарихты қайта жаңғыртуға мүмкіндік берді. Қорғанның барлық архитектурасын, оның қалай қазылғанын, неден жасалып, не қойылғанын бәрін де өз көзімізбен көрдік.
– Ханшайымның мүрдесін қалай, қандай жағдайда тапқаныңызды тағы бір есіңізге түсіріп, айтып беріңізші.
– Әйел мүрдесі жатқан қорымның беткі бөлігіне бөренені екі қатар етіп салған. Оның үстінде оңтүстік-батыс бағытында төрт ат әбзелдері жатыр. Біз мұны дөңгелекті күйме секілді қойылған деп топшыладық. Күйме оны кұнбатысқа алып бара жатқандай сезім қалдырады. Ежелгі сармат дәуірінде адамдар Күн құдайына табынды. Адам өлген кезде оның жаны батып бара жатқан күнмен бірге күнбатыс көкжиегіне кетеді деген наным болған. Сондықтан өлген адамды бас жағымен күнбатысқа қарай бағыттап жатқызған. Ат әбзелдері де оңтүстік-батыс бағытында жатыр. Бөренелерді алып қарағанда, оның оңтүстік және батыс қабырғаларында ағашпен салынған өрнектер табылды. Оңтүстік қабырғаға жарты күн мен оның сәулелерін ағаштан қабырғаға қағып жасаған. Күн сәулелерінің арасында алтын айылбастары мен ат сүйектері жатыр. Ал батыс қабырғада сондай көлбеу ағаштармен жасалған сүгірет пен сүйектер табылды. Оны көшпенділердің абызы деуге де болатын сияқты. Оның киімінде алтын айылбастар көп болды, денінде діни сипаттағы, күн қозғалысын бейнелейтін кескіндемелер. Бәлкім, күн Құдайының қызметшісі болар. Ол Құдайдан адамдар үшін тілек тілеп, діни ырым-сенім ырымдарын жасаған.
– Жанында құлдары бірге жерленіпті деген ақпарат бар, қаншалықты рас, бұл сол уақыттың заңдылығы ма еді?
– Қорымның үстінгі бөлігінен, топырақ жабындысының астынан екі әйел адамның мүрдесі табылды. Олардың біреуінің жас шамасы жиырмада, екіншісі 40-тар шамасындағы ересек әйел, оңтүстік батысқа қарап қойылған. Олардың құрбандыққа шалынғаны анық, себебі шұңқырдың екі жағында жатқан әйелдердің бастары жоқ. Ежелгі көшпенділерде құрбандық шалу жағдайлары көптеп кездеседі. Бұл діни рәсім. Алтын ханшайым - әшейін адам емес. Ол ерекше беделді тұлға болған. Сондықтан оған жерлеу рәсімінде соншалықты құрмет көрсетілген.
– Бұл сіздің өз археологиялық қызметініздегі ең үлкен табысыңыз ба, әлде бұдан да зор олжаларыңыз болып па еді?
– Археология саласында жүргеніме 22 жыл болды. Мен белгілі археологтармен бірге талай қорғанды ашуға, тарихты тануға, танытуға еңбек еттім. Алайда, алтын ханшайым менің еңбегімнің ең жарқын бөлігі, ең үлкен жаңалығым болды деп ойлаймын. Мен оны білген сәтімнен бастап сезіндім. Жүрегіме жақын қабылдаған да сияқтымын. Мен оны уайымдадым, оған алаңдадым, ол үшін қуандым, сол сәттер әлі күнге дейін есімде. Тақсай көшпелілер элитасының обалар кешені деп ойлаймын. Онда қатардағы қарапайым адамның қорымы жоқ. Басым бөлігі элиталық жерлеулер. Екінші Тақсайдан көсемнің қорымын таптық. Тоналған. Алайда, онда бағалы бұйымдардың көп болғаны соншалық, шұңқыр түбінен алтын бұйымдар табылды. Үшінші Тақсайды 2017 жылы қаздық. Онда әскер басшыларының жерленген жерін таптық. Ер адамның мойын бөлігінен алтын ханшайымның мойын алқасына ұқсас әшекей табылды. Оның бір ерекшелігі, алқаның екі ұшында секіріп тұрған екі барыс бейнеленген. Қай қорғанды қазсақ та, одан табылған дәлелдер олардың болмағандығын айғақтай түсті.
– Ол жас адам болған ба?
– Сүйектерін зерттеу үшін қайда жібермедік. Новосібір, Германия, Жапонияға да зерттеу жүргіздік. Мүрде өртенген, сондықтан одан ДНҚ анықтау мүмкін емес. Ресейден М.Добровольская есімді кремирлеу жөніндегі маманды шақырттық. Ол әйел көз жұмғанда, жасы 28-де болғанын және аяғында кемістігі болғанын анықтап берді. Өлген адамды өртеу - От Тәңіріне табынудың белгісі.
– Қазақстанның киелі жерлер картасына енгізілді. Алдағы уақытта елдің әлем алдында мақтана алатын көрнекі де қасиетті орындарына айналады. Өзіңізге ризалық сезімді аңғарасыз ба?
– Білесіз бе, Тақсай обасы орналасқан жер 60 жыл бойы трактормен жыртылып, егін егіліп келген. Қорғанның трактор табанында тапталып, бүлінбегендігіне шүкір деймін. Оның халықтың игілігіне айналғанына шын қуанамын. Халық сол арқылы біздің мәдениетіміздің, өнеріміздің қандай болғанын біле алды. Қорғанның алтын іздеген ұрыға қолды болмағаны да біз үшін үлкен олжа. Дәуір сақтаған, тоналмаған оба арқылы, тарихты кезең кезеңімен толықтыра алдық. Ежелгі көшпенділердің дүниетанымын біле алдық.
– Тарих, археология несімен қызықтырды сізді?
– Оның тарихы үлкен. Мектепте өте жақсы оқыдым. Жыл сайын түрлі қалаларға жолдама беретін. 8 класта Севастопольға бардым. Кішкентай кезімнен ел аралағаннан болар, барған жерімнің картасын сатып алып, өзім аралай беретінмін. Содан картамен жүріп, Ферсанет деген антикалық қалашыққа бардым. Айналама қызыға қарап келе жатқанмын, бір кезде қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан студенттерді көрдім. Қызығып қарап түрған маған, «Неғып тұрсың, көмектес!» деді олар. Мен олармен Ферсанетта үш күн жұмыс жасадым. Сонда бірінші рет археологиямен таныстым. Кейін тарих факультетіне оқуға түстім. 1997 жылдан бастап археологиямен қарқынды түрде айналыса бастадым. Мектепте мұғалім болдым. Еріктілер отрядын жинап, Сарайшық қаласын зерттеуге кірістім. Бұл мені археологияға тіпті жақындата түсті. Кейін түбегейлі ғылымға ден қойдым, өзіме жақын ерте темір дәуірі бағытын таңдап алдым. Мені көшпенділер тұрмысы, олардың рухы, қалай өмір сүргені қала мәдениетінен де тым жақын болды. Сондықтан ерте темір дәуірін зерттей бастадым. Археология менің өміріме айналды. Енді мамандығымды өзгертпейтінім анық. Талай суыққа тоңып, ыстыққа күйсем де, сүйікті кәсібімнен бас тартуды ойлаған емеспін.
– Алдағы уақытта іздеп жүрген тарихи тұлғаңыз немесе кезең жәдігері бар ма?
– Әлі Бесінші Тақсай қорымын зерттейміз. Кейін сол обалар кешенінің қорытындысы ретінде үлкен, жақсы сапалы монография шығарғымыз келеді. Теректі Зеленов ауданында барлауда болдым. Көп оба таптым, бірақ барлығына дерлік тонаушылар түскен, енді сол апаттық қорғандарды қазсам деп отырмын. Жақын уақытта апаттық қорымдарды құтқарумен айналысқымыз келеді.
Кесененің ашылуына қатыстым. Ел үшін қуанып тұрдым. Киелі жерлер географиясы картасына енгені, біздің еңбегімізге берілген баға дер едім. Президент бүгінде ел мұрасын іздеу, сақтау, ұрпақ сабақтастығы ретінде көздің қарашығындай етіп, келешекке аманаттау туралы маңызды бастаманы көтерді. Біз халықтың тарихын түгендеуді мақсат еткен археологтар оған үн қосып, ұлт тарихын жинақтауға үлес қоссақ дейміз. Алда әлі талай жаңалықтар болатынына сенемін. Ең бастысы, Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихы жазылып жатыр.
Сұқбаттасқан Нұргүл ҚАЛИЕВА
Барлық құқықтар қорғалған. ASSEMBLY.KZ белсенді сілтемені пайдаланыңыз https://assembly.kz/media-centr/intervyu/yana-l-panova-altyn-khanshayym-meni-e-begimni-e-zhar-yn-b-ligi-e-lken-zha-aly-ym/

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет