Заңы Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгi туралы


-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi



бет2/2
Дата03.07.2016
өлшемі182 Kb.
#175202
1   2

17-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiндегi адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының кепiлдiктерi

1. Қазақстан Республикасы заңнама мен халықаралық шарттарға сәйкес өз аумағында әрбiр адамның және азаматтың қауiпсiздiгiн қамтамасыз етедi. Мемлекет Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде жүрген Қазақстан азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.

2. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезінде адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары тек заңдармен және конституциялық құрылысты, қоғамдық тәртіпті сақтауды, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын қорғау мақсатында қаншалықты қажет болса, соншалықты ғана шектелуі мүмкін. Бұл ретте аталған адамдар заңнамада белгiленген тәртiппен тиісті мемлекеттік органдардан өз құқықтары мен бостандықтарының шектелуi жөнiнде түсiніктер алуға құқылы.

3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету кезiнде өз өкiлеттiктерiн асыра пайдаланған лауазымды адамдар заңда белгiленген жауаптылықта болады.

4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге жәрдемдесетін адамдарға мемлекеттiк қолдауға, оның iшiнде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес олардың құқықтық жағынан қорғалуына кепiлдiк берiледi.

 

18-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шаралар



1. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдары, сондай-ақ ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi шараларды iске асыруға заңды негiзде қатысатын азаматтар мен ұйымдар құзыретiнiң аражiгi нақты ажыратылған және олардың үйлесімді жұмыс iстеуi қамтамасыз етілген кезде дәйектілікпен iске асырылатын мемлекеттiк саясат арқылы қол жеткізіледі.

2. Қазақстан Республикасы өзiнiң ұлттық қауiпсiздiгiн өз билігіндегі барлық, оның iшiнде бiржақты немесе халықаралық шарттарға сәйкес қолданылатын экономикалық, саяси, әскери, құқықтық, арнаулы (барлау, қарсы барлау) құралдармен және әдiстермен қамтамасыз етедi.



Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар:

1) елдiң әлеуметтiк-экономикалық дамуының бағыттары мен кезеңдерiн стратегиялық жоспарлау;

2) ұлттық қауіпсіздік саласындағы заңнамалық және өзге де нормативтік-құқықтық актілерді әзірлеу, қабылдау мен орындау кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

3. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету:

1) мемлекеттің осы саладағы қызметiнiң негiзгi бағыттарын айқындау;

2) ұлттық қауiпсiздiкке төнген қауіп-қатердi, сондай-ақ шет елде Қазақстан Республикасының саяси бастамаларын ілгерілету мүмкіндіктерін анықтау және болжау;

3) ұлттық қауiпсiздiкке төнетiн қауіп-қатердiң алдын алу және оны бейтараптандыру жөнiнде, оның iшiнде осы қауіп-қатердi туындататын себептер мен жағдайларды жою жөнiнде жедел және ұзақ мерзiмдi шаралар кешенiн жүзеге асыру;

4) ұлттық қауіпсіздікке тiкелей қауіп-қатер төнген, оған қол сұғушылық болған жағдайларда, оның iшiнде мемлекетішілік, трансшекаралық және жаһандық сипаттағы тосын және төтенше жағдайлар туындаған кезде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету күштерi мен құралдарын жұмылдыру;

5) ұлттық мүдделердi қорғау жөнiндегi шешiмдер мен iс-әрекеттердi кідіріссіз қабылдау, ұлттық қауiпсiздiкке қол сұғатын заңсыз iс-әрекеттердiң жолын кесу, өзге де құқық шектеу шараларын жүзеге асыру;

6) ұлттық мүдделерге қол сұғушылыққа байланысты зардаптарды оқшаулау және жою, қалпына келтiру шаралары кешенiн жүзеге асыру арқылы ұлттық мүдделер қорғалуының қажеттi деңгейiне қол жеткiзу мен оны сақтап отырудан тұрады.

4. Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі шараларды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар, кеңестер немесе штабтар құрылуы мүмкін.

Осы Заңның 15-бабына сәйкес ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің белгілі бір саласында ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын уәкілетті органдардың басшылары ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың басшылары болып табылады.

Ведомствоаралық комиссиялардың, кеңестердің немесе штабтардың құрамына өз құзыреті шегінде ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға қатысатын мемлекеттік органдар мен ұйымдар кіреді.

 

19-бап. Қоғамдық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету



1. Қоғамдық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

1) азаматтардың жеке қауiпсiздiгiн, олардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету кепiлдiктерiн нығайтуға;

2) қазақстандық отаншылдыққа және ұлтаралық келісімге негiзделген мемлекеттік идеологияны қалыптастыруға;

3) Қазақстан халқының бiрлiгiн және қоғамда тағаттылықты нығайтуға;

4) халықтың табиғи өсiмiн сақтап тұруға және дағдарысты демографиялық процестерге қарсы іс-қимыл жасау жөнiнде уақтылы шаралар қолдануды қамтамасыз етуге;

5) қылмысқа, оның iшiнде оның ұйымдасқан нысандарына, сыбайлас жемқорлыққа, терроризмге және экстремизмге қарсы күрестi күшейтуге;

6) жұмыссыздықтың өсуiн және халықтың тұрмыс деңгейiнiң төмендеуiн тежеуге;

7) халықтың денсаулығы мен имандылығына, Қазақстан халқының гендік қорына қауiп төндiретiн нашақорлықтың, уытқұмарлық пен маскүнемдiктiң, сондай-ақ басқа да әлеуметтiк факторлардың алдын алуға;

8) елдiң зияткерлік әлеуетiнiң төмендеуiне жол бермеуге;

9) қазақстандық қоғамның тарихи, дәстүрлі, рухани және мәдени құндылықтарының сақталуын қамтамасыз етуге;

10) заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылға бағытталған шешiмдерiмен және iс-қимылдарымен қамтамасыз етiледi.

2. Мыналарға:

1) Қазақстан халқының бiрлiгiн бұзуға және этносаралық және конфессияаралық қатынастардың жай-күйiн нашарлатуға;

2) қоғамдық келісімді бұзуға;

3) қоғамдық және діни бірлестіктердің мемлекет iстерiне және мемлекеттiң қоғамдық және діни бірлестіктердің істеріне заңсыз араласуына;

4) қылмыстың және құқық бұзушылықтың өсуiне;

5) білім беру және медициналық қамтамасыз ету деңгейі мен сапасының төмендеуіне;

6) тарихи-мәдени мұра объектілерінің жойылуына;

7) адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын негізсіз шектеуге әкеп соғуға көрiнеу ықпал ететiн шешiмдер қабылдау мен іс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

3. Қоғамның саламаттылығына нақты қауіп-қатер туғызатын аса қауіпті және карантиндік инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.



Қазақстан Республикасының аумағында жүрген және қоғам саламаттылығына қауіп-қатер туғызатын инфекциялық аурулары бар шетелдік азаматтар мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады.

 

20-бап. Әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету



1. Әскери қауіпсіздік:

1) мемлекеттің қорғаныс қабілетінің қажетті деңгейін сақтап тұрумен;

2) Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығын сақтап тұрумен;

3) экономиканың жұмылдыру дайындығы мен елдің халқын жұмылдыруға даярлаудың тиiмдi жүйелерiн құрумен;

4) қауіпсіздіктің өңірлік және халықаралық құрылымдарының шеңберіндегі әскери ынтымақтастық пен әріптестік қатынастарды кеңейтумен, әлемде өзара сенімді күшейту және әскери қауіптілік деңгейін төмендету мақсатында ядролық қарусыздану бастамасын ілгерілетумен;

5) Азаматтық қорғаныстың ел халқы мен аумағын қорғау дайындығын сақтап тұрумен қамтамасыз етіледі.

2. Мемлекеттiң барлық органдары мен лауазымды адамдарының, меншiк нысандарына қарамастан ұйымдардың және азаматтардың мiндетi:

1) Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiн нығайтуға;

2) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жауынгерлiк дайындық деңгейiн сақтап тұруға және арттыруға;

3) жұмылдыру қуаттарын сақтауға және жұмылдыру резервтері жүйесін жетілдіруге жәрдемдесу болып табылады.

3. Қазақстан Республикасының қорғаныс қабiлетiне және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерiнiң, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдарының жауынгерлік дайындығына нұқсан келтiретін шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға тыйым салынады.

4. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда көзделген жағдайларды қоспағанда:

1) Қазақстан аумағында шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери базаларын орналастыруға;

2) шет мемлекеттердiң және (немесе) халықаралық ұйымдардың әскери құралымдарының, қару-жарақтары мен әскери техникасының Қазақстан аумағы арқылы транзитіне жол берiлмейдi.

5. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерi, басқа да әскерлерi мен әскери құралымдары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес тартылады.

 

21-бап. Саяси қауіпсіздікті қамтамасыз ету



1. Саяси қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

1) конституциялық құрылыстың негіздерін, мемлекеттік егемендікті және аумақтың тұтастығын құқыққа қарсы қол сұғушылықтан қорғауға;

2) саяси шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға;

3) мемлекеттік органдардың қызметін және мемлекеттік басқару тәртібін жетілдіруге;

4) мемлекеттік институттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге;

5) қоғамның саяси мәдениетінің деңгейін арттыруға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

2. Азаматтардың, оның iшiнде саяси партиялар мен өзге де қоғамдық бiрлестiктер өкiлдерiнiң:

1) конституциялық құрылысты құлатуға немесе күштеп өзгертуге, оның iшiнде терроризмге, экстремизмге, сепаратизмге және Қазақстан Республикасының бiртұтас құрылысына, оның аумағының тұтастығына, қол сұғылмаушылығына және бөлiнбестігіне қол сұғатын өзге де iс-әрекеттерге;

2) билiктi басып алуға;

3) Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасына сәйкес құрылған немесе сайланған (тағайындалған) Қазақстан Республикасының органдары мен лауазымды адамдарының өкiлеттiгiн күштеп тоқтатуға немесе қызметiне кедергi келтiруге;

4) орын алып отырған конфессиялық айырмашылықтар мен түрлi дiни көзқарастарды саяси, экстремистік және террористік мақсаттарға пайдалануға шақыруы ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiредi және заңда белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады деп танылады.

3. Мемлекеттiк институттардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттiк органдары басшыларының мiндетi болып табылады және олардың қызметтiк iс-қимылын бағалау өлшемдерiнiң бiрi ретінде қарастырылады.



Қазақстан Республикасының мемлекеттiк қызметшiлерi өз қызметiнде жалпы мемлекеттiк мүдделердi басшылыққа алуға мiндеттi. Мемлекеттiк қызметшiлердiң мемлекеттiк биліктің беделiне күмән келтiретін, лауазымдық жағдайын қызметтен тыс мүдделерге пайдалануға әкелетін шешiмдер қабылдауына және iс-қимылдар жасауына тыйым салынады.

4. Мемлекет:

1) мемлекеттiк қызметтiң беделi мен абыройын арттыруға;

2) белгiленген талаптарға сай келмейтiн адамдардың мемлекеттiк қызметке кiруiне жол бермейтiн ұйымдастырушылық-құқықтық тетiктер қалыптастыруға бағытталған шаралар қолданады.

5. Мыналарға:

1) Қазақстан Республикасы мемлекеттiк органдарының бiртұтас жүйесiнiң;

2) Қазақстан Республикасының бiртұтас құқықтық жүйесiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимылдар жасауға жол берiлмейдi.

6. Қазақстан Республикасына қарсы бүлдіру әрекетін жүзеге асыратын, Қазақстанның егемендiгiне, аумақтық тұтастығына, оның халқының бiрлiгiне, елдегi қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылыққа жария түрде қарсы шығатын шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, сондай-ақ егер олар террористiк әрекетi үшiн сотталған болса не сот оларды аса қауiптi рецидивистер деп таныса, олардың Қазақстан Республикасына келуiне жол берiлмейдi. Қазақстан Республикасының аумағында болатын және осындай мазмұндағы жария әрекеттерге жол беретін шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар ел шегінен шығарып жіберілуге жатады, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарына сәйкес өзге де жауаптылықта болады.

 

22-бап. Экономикалық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету



1. Экономикалық қауіпсіздік мыналарды:

1) мемлекет қаржы жүйесінің тұтастығын, тәуелсіздігін және орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті, оның нақты және ықтимал қауіп-қауіптерден қорғалу жай-күйін көздейтін қаржылық қауіпсіздікті;

2) мемлекет тұтынудың және демографиялық өсудiң физиологиялық нормаларын қанағаттандыру үшiн жеткiлiктi болатын сапалы және қауіпсіз азық-түлiк тауарларына халықтың нақты және экономикалық қолжетімділігін қамтамасыз ете алатын экономиканың, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешеннің қорғалу жай-күйін көздейтін азық-түлік қауіпсіздігін;

3) мемлекет қоғам мен мемлекеттің энергия ресурстарына деген қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін энергетикалық тәуелсіздік пен экономиканың жылу-энергетикалық, мұнай-газ және атом-энергетикалық кешендерінің орнықты дамуын қамтамасыз етуге қабілетті олардың нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден қорғалу жай-күйін көздейтін энергетикалық қауіпсіздікті;

4) мемлекет автомобиль, темір жол, әуе, теңіз және өзен көлігі түрлерімен тасымалдарда және олармен байланысты қызметтерде экономика мен тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жағдай жасауды, көлік инфрақұрылымын қалыптастыруды және дамытуды, сондай-ақ транзит әлеуетін орнықты дамыту мен бәсекеге қабілеттілігін қамтуды қамтамасыз етуге қабілетті, нақты және ықтимал қауіп-қатерлерден экономиканың көлік саласы қорғалуының жай-күйін көздейтін көлік қауіпсіздігін қамтиды.

2. Экономикалық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың:

1) ұлттық экономиканың, оның ішінде индустриялық-инновациялық құрамдас бөліктерінің тұрақтылығы мен орнықты дамуын қамтамасыз етуге;

2) Қазақстанның қаржылық, энергетикалық, азық-түлік және көліктік тәуелсiздiгiн қамтамасыз етуге;

3) Қазақстан Республикасының дүниежүзiлiк экономикалық жүйеден экономикалық оқшаулануына жол бермеуге;

4) экономикалық шешімдер қабылдауда, оның ішінде экономикалық ықпалдасудың ұлттық органдардан жоғары тұратын органдар шеңберінде шешімдер қабылдауда Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін сақтауға және ұлттық мүдделерінің сақталуын қамтамасыз етуге;

5) экономиканы одан әрі әртараптандыруға, ел экономикасының ресурстық-энергетикалық негiзiн сақтау мен нығайтуға;

6) Қазақстанның геосаяси айналасында туындайтын теріс факторлардың әсерiне байланысты мемлекет экономикасы осалдығының дәрежесін барынша азайтуға;

7) отандық және халықаралық қаржы институттарымен өзара тиiмдi ынтымақтастықты қамтамасыз етуге, отандық экономиканы дамытуға арналған iшкi, сыртқы кредиттік ресурстар мен инвестициялық мүмкiндiктер бағытының басымдығына;

8) мемлекеттiк бюджет тапшылығының жол берілетін шектi деңгейiнен асып кетпеуіне және оның кiрiс бөлiгiн нығайтуға;

9) бюджет қаражаты мен мемлекеттiк ресурстардың мақсатсыз пайдаланылуына жол бермеуге, көлеңкелі экономика ауқымын қысқартуға;

10) сыртқы қарыздың «Республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгiленген мөлшерге қарағанда ұлғайып кетуiне жол бермеуге;

11) Қазақстан өңірлерінің әлеуметтiк-экономикалық дамуындағы қауіп төндірерлік теңгерімсіздікке жол бермеуге;

12) бәсекенi көтермелеу және монополизмдi шектеу жағдайында ел экономикасында отандық тауарларды өндіру мен қызмет көрсету үлесiн арттыруға;

13) Қазақстан Республикасында өндiрiлетiн, әкелiнетiн және өткiзiлетiн тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің нақты және экономикалық қолжетімділігін, Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген сапасы мен қауіпсіздігі деңгейіне қойылатын талаптарға олардың сәйкестiгiн қамтамасыз етуге;

14) отандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің бәсекелестікке қабілеттілігін арттыруға;

15) iшкi және сыртқы қолайсыз факторлардың әсерiне қарамастан азық-түлiк тауарларының мемлекеттiк ресурстарын қалыптастырудың, жаңартудың және толықтырудың басымдығын қамтамасыз етуге;

16) экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерiнде қоғамдық бiрлестiктердiң, кәсiпкерлер қауымдастықтарының (одақтарының) рөлiн арттыруға;

17) экономиканың жай-күйі және шет мемлекеттермен сауда-экономикалық қатынастар туралы ақпараттың қолжетімділігі мен ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған шешімдермен және іс-қимылдармен қамтамасыз етіледі.

3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау, оның iшiнде өнеркәсiптік әлеуеттi сақтау мен нығайту мақсатында мемлекет шетелдiк инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, шетелдiк ұйымдар мен шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi Қазақстан экономикасы объектiлерінiң жай-күйi мен пайдаланылуын бақылауды жүзеге асырады.

4. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi талаптар Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарын пайдалану жөнiндегi келiсiм-шарттарды жасау (өзгерту), осы келiсiмшарттардың орындалуы және олардың орындалуын бақылау кезінде, сондай-ақ мемлекеттiк органның жер қойнауын пайдаланушының жер қойнауын пайдалану құқығын басқа тұлғаға iшiнара немесе толық беруiне рұқсат беруі немесе рұқсат беруден бас тартуы туралы шешiм қабылдауы кезінде және жер қойнауын пайдалану құқығына ие заңды тұлғадағы қатысу үлесiн (акциялар пакетiн) иелiктен шығаруға рұқсат беру немесе рұқсат беруден бас тарту кезiнде мiндеттi түрде ескерiледi.

Бұл ретте, егер осы тармақта көзделген мәмiлелердi жасау бiр елден шыққан бiр тұлғада немесе тұлғалар тобында операциялар жүргiзуге құқықтардың шоғырлануына әкеп соғатын болса, мемлекеттiк орган өтiнiм берушiге бұған рұқсат беруден бас тартуға құқылы.

Үлестес тұлғалармен мәмiлелерге қатысты да осы шарттың сақталуы мiндеттi.

5. Мыналарға:

1) оның шегiнде еңбек, қаржы және өзге де ресурстардың еркiн қозғалуы жүзеге асырылатын Қазақстан Республикасының нарықтық қеңістігінің;

2) Қазақстан Республикасының қаржы жүйесiнiң, оның iшiнде елдiң бүкiл аумағында ұлттық валюта - теңге айналымының;

3) Қазақстан Республикасының бiртұтас және дербес коммуникациялық және энергетикалық жүйелерiнiң қалыптасуы мен үздіксіз жұмыс iстеуi мүдделерiне қайшы келетiн шешімдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.

6. Мемлекеттiк органдардың лауазымды адамдарының:

1) республикалық және жергiлiктi бюджеттердiң қаражатын, оның iшiнде мемлекеттiк сатып алуға арналған қаражатты және бөлiнетiн кредиттiк ресурстарды бөлуге;

2) рұқсаттар мен лицензиялар беруге;

3) шаруашылық қызмет субъектiлерiне заңнамада белгiленген жеңiлдiктер мен преференциялар беруге;

4) мемлекеттiк меншiк объектiлерiн жекешелендiруге байланысты шешiмдер қабылдау рәсiмдерi заңнамада белгiленген шектерде ашық және бақыланатын сипатта болуға тиiс.

7. Мыналарға:

1) Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуына және экономикасына инвестициялардың тартылуына кедергi жасайтын;

2) капиталдың және тауарлардың елден тысқары жерлерге бақылаусыз әкетілуіне ықпал ететiн;

3) тауарлар мен көрсетілетін қызметтерге бағалардың негізсіз өсуіне ұрындыратын;

4) халықтың денсаулығы мен өміріне қауіпті тауарлар мен көрсетілетін қызметтерді ішкі нарыққа әкелуге ықпал ететін;

5) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, пайдалы қазбалардың кен орындарын және экономика объектілерін шаруашылық жүргізуші субъектілерге беруге ықпал ететін шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға тыйым салынады және жауаптылыққа әкеп соғады.

8. Ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасының Үкiметi Қазақстан Республикасының стратегиялық ресурстарына (объектiлерiне) меншiк құқығының өтуіне және туындауына шектеу белгілейді.

9. Қазақстан Республикасының Үкіметі экономикалық қауіпсіздік жай-күйі нашарлаған кезде тауарлардың экспорты мен импортына уақытша тыйым салуды және шектеу қоюды енгізуге құқылы.

 

23-бап. Ақпараттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету



1. Ақпараттық қауiпсiздiк мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың:

1) Қазақстанның ақпараттық тәуелді болуына жол бермеуге;

2) басқа мемлекеттердiң, ұйымдар мен жекелеген адамдардың тарапынан ақпараттық өктемдік пен оқшаулаудың алдын алуға;

3) Қазақстан Республикасының Президентiн, Парламентiн, Үкiметiн және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ететін күштерді ақпараттық жағынан оқшаулауға жол бермеуге;

4) Қазақстан Республикасының қауiпсiздiгiн сақтау мақсатында, оның iшiнде айрықша кезеңде және табиғи, техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, карантиндер, өзге де төтенше жағдайлар туындаған кезде байланыс желiлерiнiң үздiксiз және тұрақты пайдаланылуын қамтамасыз етуге;

5) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтердің және өзге де заңмен қорғалатын құпияның таралуы мен жоғалуын анықтауға, алдын алуға және жолын кесуге;

6) ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, ақпаратты әдейі бұрмалаумен және дәйексіз ақпаратты таратумен байланысты қоғамдық және жеке санаға ақпараттық ықпал етуге жол бермеуге;

7) мемлекеттік шешімдер тұжырымдау мен қабылдау процесіне ұлттық қауіпсіздікке нұқсан келтіре отырып, жасырын ақпараттық ықпал ету тетіктерін табуға және бұзуға;

8) мемлекеттік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын мәліметтер айналыста болатын ақпараттық ресурстарды, ақпараттық жүйелерді және байланыс инфрақұрылымын қорғаудың тиімді жүйесін қолдауға және дамытуға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

2. Қазақстан Республикасында ақпаратты, оның iшiнде мемлекеттiк ақпараттық ресурстарды қорғаудың ұлттық жүйесi құрылып, нығайтылады.

3. Қазақстан Республикасының ұлттық мүдделерiн қорғау және ақпараттық оқшаулануын болдырмау мақсатында мемлекеттiк уәкiлеттi органдар инвесторларға берiлетiн кепiлдiктердi сақтай отырып, магистральдық байланыс желілерін басқару мен пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдардың, сондай-ақ шетелдіктер қатысатын ұйымдардың басқаруындағы немесе меншiгiндегi байланыс желiлерiнің қызметiне заңнамада айқындалған тәртiппен бақылау жасауды жүзеге асырады.

4. Жеке және заңды тұлғалар байланыс желiлерiн салу, пайдалану және дамыту мәселелерi жөнiнде шешiм қабылдау кезiнде байланыс саласындағы уәкілетті орган айқындайтын ұлттық қауiпсiздiкті сақтау талаптарын басшылыққа алуға тиiс.



Терроризмге қарсы операциялар жүргізу және жаппай тәртіпсіздіктің жолын кесу кезінде жедел штаб басшысының шешімі бойынша байланыс желілерінің иелері мен операторларына жеке және (немесе) заңды тұлғаларға байланыс қызметтерін көрсетуді тоқтата тұру және (немесе) байланыс желілері мен құралдарын пайдалануды шектеу, сондай-ақ байланыс желілері мен құралдарының жұмыс режимін өзгерту туралы орындалуға міндетті нұсқау берілуі мүмкін.

5. Мыналарға:

1) Қазақстан Республикасының ақпараттық кеңiстiгiн қалыптастыру және оның үздiксiз жұмыс iстеуi;

2) Қазақстанның әлемдiк байланыс және ақпараттандыру жүйесiне кiруi;

3) Қазақстан Республикасының ақпараттық ресурстарын, ақпараттық жүйелерін және байланыс инфрақұрылымын қорғауды қамтамасыз ету және оның деңгейін арттыру жөніндегі ұлттық мүдделеріне қайшы келетiн шешiмдер қабылдауға және iс-қимыл жасауға жол берiлмейдi.

6. Мыналарға:

1) мазмұны ұлттық қауiпсiздiкке нұқсан келтiретiн шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының баспа өнімдері мен өнімін Қазақстан Республикасының аумағында таратуға;

2) мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны жария етуге;

3) шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың, сондай-ақ азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасындағы бұқаралық ақпарат құралының немесе осы салада қызметiн жүзеге асыратын меншік иесі - заңды тұлғаның акцияларының (үлесiнiң, пайлардың) 20 пайызынан астамын тiкелей және (немесе) жанама түрде иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;

4) шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың магистральдық байланыс желілерін басқаруына және пайдалануына;

5) басқару орталығы Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде орналасқан байланыс желiлерiн оның аумағында құруға және пайдалануға;

6) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде байланыс желісін иеленушi және (немесе) оларды басқару немесе пайдалану жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының 10 пайызынан астамын байланыс және ақпарат саласындағы уәкiлеттi органның келiсiмiнсiз жеке және заңды тұлғалардың дербес немесе тұлғалар тобы құрамында сатып алуына немесе өзгеше меншiкке алуына;

7) қалааралық және (немесе) халықаралық байланыс операторы ретiнде телекоммуникация саласындағы қызметтi жүзеге асыратын, жер бетiндегi (кабельдiк, оның iшiнде талшықты-оптикалық, радиорелелiк) байланыс желілерін иеленетiн заңды тұлғаның дауыс беретiн акцияларының, сондай-ақ үлестерiнiң, пайларының жиынтығында 49 пайыздан астамын шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдар мен шетелдiк заңды тұлғалардың тiкелей және (немесе) жанама иеленуiне, пайдалануына, билiк етуiне және (немесе) басқаруына;

8) жедел iздестiру іс-шараларын қамтамасыз ету жөнiндегi нормативтiк құқықтық актiлердiң талаптарына сәйкес келмейтiн байланыс желiлерiн пайдалануға беруге тыйым салынады.

7. Байланыс саласында ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын ұйымдардың акцияларын (үлестерiн, пайларын) иелену немесе олардың қызметiне қатысу бөлiгiндегi өзге де шектеулер Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленедi.

 

24-бап. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету



1. Экологиялық қауіпсіздік мемлекеттік органдардың, ұйымдар мен лауазымды адамдардың:

1) табиғи ресурстарды сақтауға, ұтымды пайдалануға және қалпына келтіруге;

2) қоршаған орта мен ел халқы үшін антропогендік факторлардың қауіптілік деңгейін азайтуға;

3) өндірістік күштерді дамыту мен орналастырудың экологиялық-экономикалық теңгерімділігін қамтамасыз етуге;

4) қоршаған орта және экологиялық апат аймақтарында тұратын Қазақстан халқы үшін теріс салдарларды жоюға;

5) экономиканы, заңнаманы және қоғамды экологияландыруға, қоғамдық қатынастарды реттеуге экожүйелік көзқарас орнатуға;

6) қоғамдық санада экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, экологиялық бiлiм беру мен ағарту жүйесін жақсартуға;

7) әрбiр адамның экологиялық ақпаратқа қол жеткiзу құқығын сақтауға және жұртшылықтың қоршаған ортаны қорғау мәселелерiн шешуге жан-жақты қатысуына;

8) табиғи және техногендiк сипаттағы төтенше жағдайлардан болған қатерлерді азайтуға және олардың салдарларын жұмсартуға;

9) халықаралық ынтымақтастықта әріптестік қатынастар орнатуға және халықаралық құқық нормаларын сақтауға бағытталған шешімдерімен және іс-қимылдарымен қамтамасыз етіледі.

2. Уәкілетті мемлекеттiк органдардың, ұйымдардың, лауазымды адамдардың мiндетi:

1) қоршаған ортаны қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және қорғау;

2) Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасы талаптары мен нормаларын мүлтіксіз сақтау;

3) ел аумағының радиоактивтi, химиялық ластануына, бактериологиялық зарарлануына жол бермеу;

4) экологиялық қауіпті технологиялардың, техника мен жабдықтың тізіліміне енгізілген технологиялардың, техника мен жабдықтың Қазақстан Республикасының аумағында қолданылуын болдырмау;

5) шаруашылық және өзге де қызметтiң теріс экологиялық зардаптарын жою;

6) қоршаған ортаға және адамның денсаулығына келтірілген залалды өтеу;

7) басқару органдары мен күштерін табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларының алдын алу мен оларды жою жөніндегі, зақымдаудың қазіргі заманғы құралдарының дамуын ескере отырып, азаматтық қорғаныс жөніндегі іс-қимылдарға міндетті түрде даярлау, халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар қаупі төнген және туындаған жағдайлардағы іс-қимылдарға үйрету;

8) болжанған және туындаған табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар, олардың алдын алу мен оларды жою жөнінде қабылданған шаралардың жариялығы және олар туралы халыққа және ұйымдарға хабардар ету;

9) табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларға және авариялық-құтқару мен басқа да кезек күттірмейтін жұмыстарға жедел ден қоюға азаматтық қорғаныс күштері мен құралдарының тұрақты дайындығын қамтамасыз ету болып табылады.

 

25-бап. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысуы



1. Қазақстан Республикасы ұлттық қауiпсiздiктiң халықаралық кепiлдiктерiн алу мақсатында ұлттық қауiпсiздiктiң құрамдас бөлiгi болып табылатын халықаралық (жаһандық, өңірлік) қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысады.

2. Қазақстан Республикасының халықаралық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызметі:

1) жаһандық бейбiтшiлiк тәртiбiн қалыптастыру мәселелерінде Қазақстанның рөлін нығайтуды;

2) Қазақстанның геосаяси айналасында ұжымдық қауiпсiздiктiң тиiмдi жүйесiн қалыптастыру мен нығайтуды;

3) қызметі Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiгі мүдделерiне сай келетін халықаралық ұйымдар мен форумдарға қатысуды;

4) Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес елден тыс жерлерде ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге бағытталған іс-шараларға қатысуды;

5) қажет болған жағдайларда шекаралас мемлекеттермен бiрлесiп, ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етуге қатысты мәселелердi шешуді;

6) Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне сай келетін халықаралық шарттар жасасуды көздейді.

 

26-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi іс-шараларды қаржыландыру



Ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі қызмет бюджет қаражаты есебiнен қаржыландырылады.

 

 



5-тарау. ҚОРЫТЫНДЫ ЕРЕЖЕЛЕР

 

27-бап. Ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң қолданылуын қадағалау



Осы Заңның және ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрі біркелкі қолданылуын жоғары қадағалауды Қазақстан Республикасының Прокуратурасы жүзеге асырады.

 

28-бап. Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзғаны үшiн жауаптылық



Қазақстан Республикасының ұлттық қауiпсiздiкті қамтамасыз ету саласындағы заңнамасын бұзу Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген жауаптылыққа әкеп соғады.

 

29-бап. Осы Заңның өзге де нормативтiк құқықтық актiлермен арақатынасы



Осы Заңның нормалары ұлттық қауiпсiздiктi қамтамасыз етудiң жекелеген бағыттары мен тәсілдерiн регламенттейтін өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi әзiрлеу және қабылдау үшiн негiз болып табылады.

 

30-бап. Осы Заңды қолданысқа енгізу тәртібі



1. Осы Заң алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

2. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 26 маусымдағы Заңының (Қазақстан Республикасы Парламентінің Жаршысы, 1998 ж., № 11-12, 173-құжат; 2000 ж., № 5, 115-құжат; 2004 ж., № 14, 82-құжат; № 23, 142-құжат; 2005 ж., № 16, 70-құжат; 2007 ж., № 1, 4-құжат; № 20, 153-құжат; 2009 ж., № 15-16, 74-құжат; № 24, 129-құжат) күші жойылды деп танылсын.

 

 



Қазақстан Республикасының

Президентi

 

Н. НАЗАРБАЕВ

 

Астана, Ақорда, 2012 жылғы қаңтардың 6-ы.

527-ІV



 

 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет