ЗАКИ ВАЛИДОВ: «ҚАТИРАЛАР».
Қазақстан, оның ішінде «Алашорда» тарихында көмескі қалған және біздің тақырыбымызға тікелей қатысы бар осынау бір қатерлі күндердің қатираға түскен деректерін қысқаша баяндап өтуді қажет деп таптық. Мұнда талай тарихи пайымдауларға жол ашатын астарлы тағдыр таңбалары бар. өйткені кеңес өкіметінің идеологтары мен тарихшылары Башқұрт пен «Алашорда» үкіметінің тарихын бұрмалап, мән-маңызын өшіріп, жеккөрінішті етіп көрсеткені сондай, бостандыққа ұмтылған бодан ұлттардың азаттық күресі мен азаматтық тұлғалары қақында еске алатын ақылға сиымды, шындыққа негізделген бір сөйлем табу мүмкін емес. Тәуелсіз Қазақстанның тарихшылары да «Алашорданың» кеңес өкіметі жағына шығуының психологиялық қысымдарын толық талдап берген жоқ. Өкінішке орай сол тұстағы булығу мен буырқаныстың ішкі иірімдері жөнінде жазылып қалған естелік жоқ. Тек түрме тергеушілеріне берген түсініктемелері, сұраққа жауаптары, көрсетінділері, «салпаңқұлақтар» мен үндеместердің домалақ арызы сақталған. Ал бұлар өткен оқиға туралы нақты шындықты, пайымды көзқарасты бермейді. Өйткені тұтқындағылар өзін де, өзгені де ұстап бермес үшін жалтарып, сылтау араластрып, мойындаудан бас тарта жауап берген. Бұл астыртын саяси ұйымда жұмыс істегендер үшін жазылмаған заң. Ал «Алашорда» үкіметінің мүшелері эмиграцияға кетуге өзара келісе отырып өздеріне-өздері тиым салған: «Қазақтың – Қазақстаннан басқа отаны жоқ. Сондықтан да қазақ үкіметінің мүшелері қазақ ішінде қалуы тиіс» - деп шешкен. Сондықтан да өмірбаяндық естелік жазуға мүмкіндіктер болмады. Оның орыны өзге бір «Тар жол, тайғақ кешулер» толтырды. Сондықтан да «Алашорданың» басына бұлт үйірілгенде қайғы-қасіретті, қуаныш-үмітті, амалды-амалсыз булығуларды бірге өткізген башқұрт азаткері Заки Валидовтің «Қатираларын» барынша тиянақты, ықтиятты түрде пайдалануға тырыстық. Өйткені тергеу барсындағы сұрақ-жауаптардың астарын аштын бұл естеліктер «Алашорда» тарихы үшін де маңызды.
Заки Валиди (Валидов) Тоған (1891–1970) башқұрттың суықлы қай-оңғұт-уақ тайпаларының құрамасынан шыққан, нағашысы қыпшақ. Қидандардың (кедендердің) тұсында Башқұрт (Бас бөрі) ұрандас жұртпен анда болған. Арғы аталары Күшік сұлтанның тұсында Көшім ханмен бірге орыс отаршылдарына қарсы соғысқан. Атасы Уәлид молла, әкесі Ахметшах медресе ұстаған дінбасы, патша армиясында әскери қызметін өтеген. Арабша, парсыша, орысша сауатты, сирек қолжазбалар мен кітаптарды жинаған және оларды аударған оқымысты әрі ауқатты адамдар болған. Шешесі Уммульхаят та араб, парсы қолжазбаларын таратып оқитын абыстай екен. Маржани мектебінің шәкірті Заки де жасынан руханит тарихына құштар, нақшбандия пәлсафасының ықпалымен тәрбиеленген, араб, парсы, шағатай, орыс жазба тілін еркін меңгеріп өседі, сондықтан да ғұламалық жолды таңдайды. «Қасымия» медресесінде түркі тарихынан дәріс береді. Тарихи тақырыптағы ғылыми зерттеулері тұрақты жариялана бастайды. Түрік халықтары мен мұсылман жұртының отарлау тарихын зерттей келе саяси көзқарасы қалыптасады. Қазан университетінің еркін тыңдаушысы бола жүріп, 1911 жылы «Түріктер мен татар тарихы» атты зерттеу еңбегін жариялайды. Алғашында башқұрт тілінде басылған бұл еңбек түркі зиялыларының арасында үлкен қоғамдық пікір туғызды. Ол, сөйтіп, исі түркі қауымына алғаш рет ғалым ретінде танылды. З.Валидов бұл еңбегінде мұқым түркі жұртының тумысын тұтас алып, ортақ тарих ретінде қарастырды.
1913-1914 жылдары көне қолжазбаларды іздестіріп Түркістанға ғылыми-іздестіру экспедициясына шығып, Ташкенттегі, Самарқандағы, Бұқарадағы, Ферғана ойпатындағы және Душанбедегі көне медреселерден сирек мұрағаттарды тауып, жеке адамдардың қолындағы жазбалармен де танысып, ғылыми айналымға түсіреді. Сол сапарда болашақ саяси әріптестерімен де, қарсыластарымен де танысты. Олардың қатарында гимназия шәкірті Нәдір Төреқұлов, Петербург университетінің заң факультетінің студенті Мұстафа Шоқаев, Мінауар қари, Убайдулла Хожаев, Шолпан (Әбділхамид Сүлейменов) болды. 1915 жылдан бастап саяси үйірмелерге қатысады. Қазақ хандарының тұқымы Ғалиасқар және Сәлімгерей Жантөриндердің 1905-1907 жылдар арасындағы саяси қозғалыс тұсында ұсынған «Аймақтық автономия» туралы кітапшасы оның болашақ саяси бағдарламасын анықтап береді. Ол бұл туралы өзінің 1969 жылы Стамбулда жарияланған «Қатираларында» (Естеліктерінде):
«Мен ондағы айтылған идеялармен толықтай келісетінмін. Тура осындай көзқарас жақындығының нәтижесінде Әлихан Бөкейхановтың көмегі арқылы Сібір автономиясын жақтаушылардың бірі, Сібір казактарынан шыққан, Орталық Азия туралы зерттеуші Потанинмен таныстым...Менің Сібір автономисы туралы ықыласымды қарт ғалым іштей ұнатты... Сәлімгерей Жантөринге: Егерде Сібір автономисы құрыла қалса, одан бұрын Көшім хандығына қараған шығыс Башқортстанға орын табыла ма» – деп сұрадым. Ол: «Уақыты келгенде бәрін де көресің, ондай да мүмкіндік туып қалар...Россиядағы саяси қозғалыстардан толық хабардар болу үшін Петроградқа бар» – деп кеңес берді» – деп (163-бет) еске алады.
Сөйтіп, Заки Валидовтің екпінді саяси өмірі қазақ ұлт-азаттық қозғалысы көсемдерінің ықпалымен басталады. Сонымен қатар империяның бұратана бодан елдерге жүргізіп отырған зымиян саясатын түсіндірген ұстаздарының да рухани жан айқайы оның ұлттық көзқарасын қалыптастыруға негіз қалайды. 1912 жылы Қазан университетінің тарих және археология қоғамының төрағасы, атақты профессор Катанов өзінің 50 жасқа толған қонақасынан кейін Закиді оңаша алып қалып зар мұңын шағады. Ол шәкіртіне:
«Монғолдар мен шығыс түріктерінің ішінен шығыстану жолына үш-ақ адам түстік – Доржи Банзаров, Шоқан Уәлиханов және мен. Бәріміз де өз өмірімізді орыс әдебиетіне арнадық. Мен шамандықтан бас тартып, христиандыкты қабылдадым, олардың ғылымына қызмет етіп жатырмын. Шоқан мен Доржы 35 жасқа жетпестен арақтан өлді, өйткені, орыс әріптестеріміз бізге ішімдіктен басқа ештеңе де үйреткен жоқ. Сен осы ортадағы төртінші адам боласың, бірақ абай бол. Мен туып, өскен ортаның рухы мұсылмандардың руханияты сияқты сондай қуатты емес, біздің халқымыздың тағдыры сорлы тағдыр, орыстардың арасында да біз жат жұрт болып қалдық. Мен сен арқылы аса қуатты мәдениеттің өкілін көріп тұрмын» – деп (125-бет) үміт артқан.
Міне, оқымыстылықтан дәметкен сол азаматты тарих толқыны қақпақылап әкеліп ақыры саясат сақнасына шығарды. Бұл сол кездегі Ресей бодандығындағы барлық отар ұлттардың, соның ішінде аз ұлт зиялыларының ортақ тағдыры болатын. З.Валидовтің тарихи еңбегі Әлихан Бөкейхановтың назарын ерекше аударады. Жас ғалыммен терең танысу мақсатында Закиді:
«Сол кездегі Самарадағы банктің қызметкері, Шыңғысханның тұқымы Әлихан Бөкейхан мен Бөкей ордасының сұлтаны Шәңгерей үйлеріне қонаққа шақырды...Әлихан Бөкейханов пен Сәлімгерей Жатөриннің шақыруын қабыл алып, жаз айында Қазаннан Самараға, одан Уфаға бардым. Бөкейхан мен Сәлімгерей қуана қарсы алды. Мен Әлиханның үйінде үш күн жаттым. Ол үнемі менің жанымда болды, менің кітабым туралы пікірін айтып, қай жеріне қандай қосымшалар қосу қажеттігі жөніндегі ұсыныстарын айтты...» (127-бет).
Бұл кітаптың орыс тіліне аударылуына қолғабыс ете алатын адаммен – Алтынорда мырзаларының тұқымы, мелекеттік думаның бұрынғы мүшесі князь Кугушевпен Сәлімгерей Жантөриннің үйінде таныстырады. 1912 жылы «түркітектес» цензура профессоры Катанов пен Ашмарин зерттеудің орыс тіліндегі нұсқасына ғылыми жетекшілік етіп, Ресейге қатысты батыл пікірлерді қысқартпай жібереді. Қоқан мен Ферғанадан Әмірәлі Захири мен Юнусжан қожа Агалиев арнайы келіп, сирек деректерді ұсынады. Сол кезде жоғарыда айтылған қазақ сұлтандарының тұқымы Әлихан Бөкейханов хат жазып, Самараға шұғыл келуін өтінеді. Одан кейінгі тіршілік тынысын З.Валидов:
«Қонақтарын Дәулеткерей станциясынан Ферғанаға шығарып салып, содан әрі қарай Самараға бардым. Әлихан Бөкейхановтың үйінде бірнеше күн тұрдым. Оған Ахмет Байтұрсынов қонаққа келіп жатыр екен. Біз ұзақ әңгімелестік, түркі тарихына қазақ хандарын қалай кіріктіру керектігін ойластырдық. Бұл, екінші кітапты жаза бастау деген сөз еді...Сол жылы күзде Самарада Әлиханмен тағы да кездесіп, әңгімелестім. Бұл менің әкем қажыға баруға дайындалып жүрген жыл еді. Стамболмен байланыс жасауға бұл сапар тағы да бір мүмкіндік берді» – деп (129-бет) еске алады.
Бұл – «Алашорда» көсемдерімен Заки Валидовтің өте тығыз достық әрі ғылыми қарым-қатынаста болғанын көрсетеді. Оған Заки Валидовтің: «1912-1913 қысында мен емтиханға дайындалуымды жалғастырдым. Алайда өзімнің түркістандық және қазақ достарымның тілектерін ескеріп, уақытымның көбін Мауреннаһрдың, Қашқардың, қазақ хандарының және ХҮІ – ХІХ ғасырлардағы ноғай иеліктеріне қатысты деректерді жинадым, яғни, «Түрік тарихының» екінші кітабымен жұмыс істедім» – деген (133-бет) естелігі дәлел.
1913-1914 жылдарғы Түркістанға жасаған ғылыми экспедициясы кезінде З.Валидов түрік халықтарының мемлекеттік, саяси тарихымен тереңдеп айналысады. Соның ішінде «Ферғана чиновнигі және ғалым Наливкинмен ол кезде Самарада тұратын Ғалихан Бөкейханов тыныстырады» (158-бет). Кейін Наливкин Мемлекеттік думаның мүшесі, губернатор болды. Ең соңында өзі мүше болған социал-демократтардың арандатуымен қаза тапты. Сүйегі әйелінің зиратының қасынан табылған. Сондай-ақ сол кеpдегі студент Мұстафа Шоқаевпен, гимназия шәкірті Нәзір Төреқұловпен танысады. Олар туралы:
«Сол кезде Түркістанда танысқан адамдарымның арасынан маған Нәзір Төреқұл мен Әбділхамид Сүлеймен (ақындық ныспысы – Шолпан) ерекше жақын болды. Нәзірдің әкесі – Төреқұл Ферғана губернаторының тәржімашысы болатын, ол біраз құнды қолжазбаларды жинаған екен. Нәзір қолына түскен кітаптың бәріне жармаса кететін, оны әр автордың ойы қызықтыратын. Мен оған: кітапты қатаң бір жүйе бойынша оқу керек, сонда ғана адам жетіскке жете алады – дедім. Менің бұл ойымды ол сол кездегі он бес жасар бозбала Шолпанға түсіндіруге тырысты. Нәзір өзіне де сын көзбен қарауға тырысты, алайда қызыққұмар, әр нәрсеге ынтық, аумалы-төкпелі мінезін жеңе алмады да, табанды да жүйелі төзіммен оқуды бойына сіңірмеді. Ол сол кездің өзінде түрікшіл болатын, Стамболда шығып тұратын «Түрік жұрты» журналын үзбей оқитын. Жиддадағы орыс консулдығында істеп жүргенде Нәзір түрік тілдері туралы мақала жариялады, сөйтіп ол өзінің ұлттық мәдениетін берік ұстанды, сондықтан да кеңестер қысым көрсеткен адамдардың қатарында құрбан болды» - деп (138-бет) жазды.
Мұндағы «түрік тілдері туралы» мақала деп көрсетіп отырғаны Н.Төреқұловтың латын әрпіне көшу туралы жанқуатын жұмсаған «Бұл әліпбиді неге алу керек?», «Жаңа әліпби неге керек?», «К вопросу о латинизаций тюркских алфавитов», « К вопросу о латинском алфавите», «В борьбе за новый тюркский алфавит» атты «әліпбилер тарихы, қазақ-қырғыз мәдениетінің жолдары, жаңа әліпби» жөніндегі 1924-1926 жылдары Москвада басылып шыққан кітапшаларындағы пікірі болса керек.
1915 жылы Заки Валидов Уфа губерниясының атынан Мемлекеттік думаның мұсылмандар фракциясына мүше боп сайланады. Бұл башқұрт ұлтының тәуелсіздікке ұмтылған алғашқы дербес саяси қадамы еді. З.Валидов:
«...Мұсылман фракциясының декларацияларын дайындаумен және Мұстафа Шоқаевпен бірге майдандағы қара жұмысқа алынған түркістандықтардың ісімен айналыстым. Бұл істердің бәрінде депутат Керенскиймен бірігіп жұмыс істедік...Оның әкесі Ташкенттегі ағарту инспекторы боп қызмет еткен. Болашақ социал-революционер, тамаша шешен сол қалада туып-өсті. Ол үкіметті батыл сынға алды, сол үшін де түркістандықтар оны жақсы көретін. Әсіресе, Шоқаев екеуі өте тығыз байланыста болды. Керенскийдің ықпалымен Мұстафа Шоқаев екеуміз майдандағы қара жұмысқа алынғандардың жағдайымен танысу үшін бірнеше рет майданға бардық...Әрине, Керенский аз ұлттардың тәуелсіздігіне құлақ асқысы да келмеді...».
Саяси ортаға белсене араласқан Заки Валидов күрескерлік тәжірибе жинақтайды. Солардың ішінде «азербайжан Әлимардан Топшыбашев пен қазақ Әлихан Бөкейхановтың атын алдымен атайды. Олар Россия мұсылмандарының, әсіресе, түркістандықтардың шетін мәселелерімен тереңдеп танысуға көмегін береді». Ақпан төңкерісі күндері Петроградта болады. Ресей бодандығындағы мұсылмандардың саяси ойлау жүйесін өзгерткен Бүкілресейлік мұсылмандар құрылтайына қатысады, сол құрылтайда тұңғыш рет Түркістанға, Қазақстанға, Башқортстанға автономия беру мәселесі көтерілді. Заки Валидов «Орынбордағы Торғайдың губернаторы болып тағайындалған Әлихан Бөкейханов пен және басқа да қазақтармен келісіп, енді Москвада өтетін мұсылмандар құрылтайында көтерілетін мәселелерді» талқылайды. Соған дайындық ретінде Түркістан мұсылмандарының құрылтайын өткізуге Ташкентке барады. 1917 жылы 16 сәуірде ашылған құрылтайға Түркістанды басқаратын уақытша комитеттің мүшелері – кадет Львов бастаған генерал Ғабделғазиз, Садри Максуди, қазақ Мұхамеджан Тынышбаев та келеді. Заки Валидов: Россия – федеративтік мемлекет болуы керек – деген жоба ұсынады. Бұл ұсынысты қоқандық Әмірәли Захири, түрікмен Бердіқожа, қазақтар Тынышбаев пен Әбдірахман Оразаев қолдап шығады. Бұл да тәуелсіз мемлекетке жетудің алғашқы баспалдағы еді. 17-сәуірдегі федеративтік құрылымды Мұстафа Шоқайдың қолдамағаны, ең соңында қалыс қалғаны тосын дерек. З.Валидов өзінің «Қатирасында»:
«Мұндағылар ғана емес, Петербургтегі Ахмет Цаликов та қарсы шығып, менің іс-әрекетімді шектеу туралы Мұстафа Шоқаевқа бір жеделхаттан кейін екінші жеделхатты жіберіп жатты. Басқару құрылымы және басқа да маңызды құжаттар туралы шешімдер Бехбуди, Әбижан Шатақ, Әбдірахман Оразаев, Түркістан уақытша комитетінің мүшесі Мұхамеджан Тынышбаев, өз әріптестеріне қарағанда өзгеше пікір ұстанған генерал Дәулетшин мен Максуди сияқты беделді адамдарың ықпалына сенген қарапайым, хат танымайтын қазақтар мен өзбектердің дауыс беруімен қабылданды, олар федеральдық құрылымды қорғады және құрылтайда қабылданған қаулыны құттықтап сөйледі» – деп (170-бет) жазды.
Бұл – аса маңызды, түркі тектес ұлттардың Ресейден іргесін бөліп, жеке республика ретінде өмір сүруді мақсат еткен ең қасиетті шешімі еді. 7-мамыр күні Москвада Ресей мұсылмандарының құрылтайы өтті: онда ұлттың өзін өзі билеу құқығы мен федеративтік құрылымды жақтап – 446 делегат, қарсы – 271 делегат дауыс берді. Мемлекеттік думаның жанынан Ресей мұсылмандарының біріккен атқару комитеті (ИКОМУС) құрылды. Заки Валидов Түркістанда тұрақты өкіл міндетін атқарды. Оның «Қатирасындағы»:
«Менің досым Убайдолла Хожаев заңгер ретінде: «Құрылтай жиналысына мүше болу үшін үміткердің қандай да бір жылжымайтын дүние-мүлкі бар екенін көрсететін бап бар. Бір нәрсе сатып алып қойыңыз» – деп кеңес берді. Оның ақылын тыңдап, Ташкенттің жанындағы Ахангарен өзенінің жағасындағы Аблық деген жерден бақшасы бар үй сатып алдым. Үйдің тұрған жері керемет еді, одан Шатқалдың қарлы шыңдары көрініп тұратын. 1917- жылы сатып алған мүкаммалыма көз қырын салудың реті түспеді, оның есесіне 1922 жылы басмашылар қозғалысына қосылғаннан кейін Башқортстаннан келген біздің жігіттер осы үйде айлап тұрды. Сол кезде мен де көрсең көз сүйсіндіретін бақшасы бар, суы мол, жемісі төгіліп тұрған осы үйде бірер күн тұрдым» – деп жазғанына қарағанда бұл қалада ұзақ тұрақтап қалу ойы болса керек.
Ал біздің назарға алып отырғанымыздың себебі, «Алашорда» ісіне негіз боп тартылған Заки Валидовтің 1922-жылы Ташкентке жасырын келгенде оның қайда тұрақтағаны туралы сұраққа ешкім де жауап бере алмаған. Бұл кәдімгідей бас қатырған мәселе болған. Ал оның жауабы оп-оңай осыдан бес жыл бұрын шешіліп қойыпты.
Шындығында да ол бұл үйдің қызығын көре алмады. 1917 жылы 20 шілде күні Уфада өтетін Башқұрстанның І құрылтайына шұғыл түрде шақырылды. Дәл сол күндері Жалпылқазақтық І құрылтай да шақырылып, «Алаш» партиясы тарих сақнасына шықты. Ал кеңес өкіметі тарапынан «Россия халықтары праволарының декларациясы» 1917 жылы 2 қараша күні жарияланды. Онда:
«1. Россия халықтары тең праволы және суверенді. 2. Россия халықтары бөлініп шығып, өз алдына дербес мемлекет құруға дейін еркін өзін-өзі билеуге құқылы. 3. Ұлттың және ұлттық-діни артықшылықтар мен тежеу біткендердің бәрі жойылады. 4. Россия территориясын мекендеген ұлттардың және этнографиялық топтардың еркін дамуына жол беріледі» – делінген.
Бұл колонизаторлық-миссионерлік, шовинистік езгідегі ұлттарға тәуелсіздік алу мүмкіндігін беретін алғашқы ресми құжат еді. Ұлттар туралы декларация, шындығында да, өзінің тарихи миссиясын орындады. Бірақ та оның жүзеге асу жолы аса қиын әрі қанды қыспаққа толы болды. Сонымен қатар осы декларацияның мазмұны мен құқықтық нормаларын нақтылай түсу мақсатында және Түркістан мен Қазақстандағы, Кавказдағы ұлттардың бөлініп кету мүмкіндігі молайып, империяның құлау қаупін тудыратынына көзі жеткенде, кеңес өкіметі асығыс түрде 1917 жылы 20 қарашада «Россияның және Шығыстың барлық еңбекші мұсылмандарына» Үндеу жариялады. Екеуіне де Ленин мен Сталин қол қойды. Екінші үндеуде: «Бұдан былай сіздердің нанымдарыңыз бен әдет-ғұрыптарыңыз, сіздердің ұлттық және мәдени мекемелеріңіз ерікті және қол сұғылмайтын болып жарияланады. Өздеріңіздің ұлттық өмірлеріңізді еркін және бөгетсіз құра беріңіздер. Сіздердің бұған праволарыңыз бар» – деп жар шашты.
Нағында бұл кеңес өкіметін нығайтып алғанша алдарқата тұратын «бір жапырақ қағаз ғана» (Ленин) болатын. Бұл үндеулер сол кезде Ресей империясына қарайтын аса үлкен территорияны алып жатқан аз ұлттардың назарын өзіне аударып, оларды кеңес өкіметін мойындауға мойын бұрғызатын тәсіл еді. Екіншіден бұл – бір ұлтты қанаушы және езілген тап деп екіге бөлетін жымсытпалы саяси амал болатын. Соны пайдалана отырып 1917 жылы 29-қарашада – Башқұрстан тәуелсіз мемлекеті, 5-желтоқсанда «Алашорда» автономиясы үкіметі жарияланды.
Тәуелсіздік декларациясы жарияланысымен «... жоғарыда аты аталған қазақ көсемдерімен ақылдаса келіп (Башқұртстан автономиясы жарияланбастан бұрын) қарашаның басында үш нұсқа жағырапиялық картаның: 1) Үлкен Башкирияның, 2) Кіші Башкирияның 3) Шығыс Россиядағы мұсылман обылыстарының еркін Федерациясының картасын жасатты. Бұл картаны Башқұртстан автономиясының Декларациясы жарияланған кезде таратты. ... 1918 жылы Самара қаласында Башқұртстан мен Қазақстан үкіметі өкілдерінің келісімімен қайталап басылды».
Бұл – бодан елдің өз бостандығын мұқым дүниеге жария етуге ұмтылған амалы әрі тарихи айғақ еді. Сондай-ақ ол «Алашорда» үкіметінің де тарихи тағдырын қамтиды. Әрі екі үкіметтің қайраткерлерінің ынтымақтаса азаттық үшін күрескенін:
«1917 жылы 20 желтоқсанда Башқұртстанның үшініші құрылтайында тәуелсіз республика ретінде ресми заңмен бекітілді. Қазақтардың құрылтайы сәл ерте өткенімен әлі де тарқап үлгермеген болатын. Біздің құрылтайға бақылаушы есебінде Сеидазым Қадырбаев пен Мұстафа Шоқаев қатысты. Он күннен кейін Қоқанда құрылған Түркістан тәуелсіз үкіметінің сыртқы істер министрі болып сайланды. Мен де екі рет қазақтардың құрылтайына бақылаушы ретінде қатыстым. Екі құрылтай да бір-бірін құттықтады» – деген (218-бет) З.Валидовтің естелігі дәлелдейді.
Тәуелсіздік жарияланысымен башқұрттар шұғыл түрде ұлттық әскер жасақтады. Алайда бір айдай уақыт өткенде, яғни, 1918 жылдың 3 ақпанда Башқұрт үкіметінің мүшелері жаппай тұтқынға алынады. Оларды уақыт өткізбей башқұрт әскері түрмеден босатады. Астыртын жағдайда 15 мамыр күні «Алашорда» өкілдерімен келісе отырып Қостанайда жасырын кеңес өткізуге уағдаласады. Онда: Қазақстанның, Башқұртстанның, Түркістанның саяси жағдайы туралы мәлімдеме жазылып, оны бүкіл әлемге тарату үшін Жапония үкіметіне жеткізу мәселесі қаралып, мақұлданды. Жапонияның таңдап алынуы, бұл ел Ресейдің одақтасы болатын. Сол арқылы халықаралық үрдісті сақтауды көздейді. Алайда 27 мамыр күні чехословак корпусы Челябі-Омбы арасындағы темір жол желісін басып алып, кеңес өкіметіне қарсы шығуы башқұрттарға дем беріп, 7 маусым күні ұлыттық үкіметін құрылды. З.Валидов әскери министр міндетін атқарды. Қалыптасқан әскери қоршау жағдайында Урал мен Қазақстан аймағындағы біріккен мұсылман Мемлекетін құру идеясы да ұсынылды. Башқұрт әскері жеңістен жеңіске жетіп, Қазақстан мен Түркістанға бет алды. «Кеңес өкіметіне қарсы башқұрттармен қазақтардың бірігіп күресуі (большевиктердің) өшпенділігін өршіте түсті» (246-бет). 18-21 шілде аралығындағы Колчактың Сібір үкіметі құрылтайының құзырына ұсынылуға тиісті Башқұртстан мен «Алашорда» үкіметінің 12 баптан тұратын мемлекеттік құрылымының жобасы Семейде талқыланды. Оған Башқұртстаннан – Сеитгерей Мағазов, «Алашордадан» - Әлихан Бөкейханов, Түркістан Қоқан автономиясының төрағасы Мұхамеджан Тынышбаев қатысты. Жапония үкіметіне қатысты бұл оқиғаны тәпіштеп отыруымыздың себебі, осы оқиға 1922-1953 жылдардың арасындағы қазақ зиялыларына «Жапон милитаристік мемлекетінің шпионы» - деген айып тағуға мүмкіндік бергендігінде. Оған басты айғақ мынау:
«Содан кейін екі жылдан соң (1920) астраханьдық зиялы қазақ Мұхамеджан Тұңғашиннің қағаздарымен қоса жоғарыдағы 12 пунктен тұратын біз қабылдаған құжаттың және «Алашорда» үкіметінің құжаттары кеңес өкіметінің қолына түсіпті, олар біздің ұлттық күресімізді Ресейдің ішкі мәселесі ретінде қарастыруымызды қолдапты. Кеңес саяси қайраткерлері де сол патша тұсындағылардай орыс ұлтшылдары болғанын кейін мен Чичериннің аузынан естідім» - дейді (249-бет). З.Валидов
Бұл дерек «Алашорда ісі» кезінде тергеу айналымына түсе қоймаған. Алайда отызыншы жылдан бастап «жапон шпионы» деген айып үкімі кәдімгі қатардағы қолданыстағы көп тіркестің біреуі ғана болып қалды. Сондай-ақ «Алашорданың» «Жапония үлгісіндегі ұлттық салт-дәстүрге, ғылымға сүйенген ұлттық демократиялық республика» құру туралы мақсаты да ол «үкімді» заңдастыруға, «жапонияның шпиондарының» қаптап кетуіне түрткі салды. Тарих үшін бұл да құжаттық мәні бар оқиға. Ал мұндай кездейсоқтықтардың кесіріне ұшырағандар қаншама.
Башқұрт ұлттық әскері – Ақтөбе, Орал және Оңтүстік Урал бағытындағы іс-әрекетке көшеді. Соның ішінде З.Валидовтің естелігінде «Алашорда» әскерінің жасағына қатысты өте бір қызықты дерек бар: «Самар өкіметімен, оралдық казактармен, қазақстандық жасақпен жүргізген барлау жұмысымыз өте сәтті болды. Орал (Теке) – Ханордасы – Астрахань губерниясы – Гурьев (Үйшік), Омбы-Батыс тобы құрылды. Башқұрттың ұлттық ақыны Сеитгерей Мағаз, Шайхзада Бабич, өзбек ақыны Әбілхамид Сүлеймен (Шолпан), қазақтың жас журналисі Бірімжанов және тағы бір оқыған айтыскер ақын қазақ қызы қалаларда жасырын ұйым құрып, Орынбордағы орталықты құнды деректермен қамтамасыз етіп отырды. Қазақтың ақын қызы мен ақын Шайхзада Бабичтің басынан кешкен оқиғаларының қиын да, қызықты екені сондай, ол туралы роман жазуға болар еді. Мысалы: Қазақстанда кеңес өкіметін орнату тапсырылған Жанкелдиннің ол қызға сенгені сондай, Москвадағы істің барысын толық баяндап отырды. ... Соның нәтижесінде Ашхабадтағы 11 шілде күнгі әскерлердің көтерілісі, ағылшын әскерінің Түркіменстан мен Бакуге басып кіруі, тіпті ағылшын барлау топтарының Александров портына келуін, түрік армиясының Әзірбайжанға басып кіруін, Бөкей ордасындағы, Орал мен Гурьевтегі, Хива мен Бұқарадағы оқиғаларды қазақтың зерек қызы арқылы біліп отырдық» – дейді башқұрттың әскери министрі (253-254 беттер).
Бұл - өте қызықты әрі тағдырлы оқиға. «Айтыскер, ержүрек қыз кім, оның тағдыры қалай қалыптасты. Мысалы, алаш қозғалысы тұсында жауынгерлік тапсырмалар орындаған, өмірден ерте өткен Аққағыт (Аққағаз-? – Т.Ж.) Доспанова кім еді? Ұлтымыздың тәуелсіздігі жолында күрескен «Алаштың» батыр арулары да ұмытылмауы тиіс. Тарихи шындық сонда ғана қалпына келеді. Өкінішке орай батыр қыздар туралы деректер мәңгілікке із-түссіз сіңіп кетті ме деген қауіп бар. Мүмкін Ә.Жангелдиннің «қызыл керуеніне» қатысты құжаттарда аты аталып қалуы ғажап емес.
Сонымен, «төрт құбыладан» қадалған дұшпан қысымынан құтылудың жолдары талқыланған әскери кеңесте (оған «Алашорданың» атыннан Сеидазым Қадырбаев қатысқан) мынадай халықаралық саяси оқиғалар анықталады: Бакудегі түрік әскері Ашхабадқа бет алды, ал ондағы ағылшын әскері Ауғанстанға шегінбек; Ауғандықтар ағылшындармен соғысу үшін кеңес өкіметінен қару-жарақ алмақ. Егер оқиға осылай дамыса: онда кеңес өкіметіне қарсы соғысу – Түркиямен, Ауғанстанмен, Үндістанмен соғысу, Ресейдің жауы ағылшындармен одақтасу - деген сөз. Ал ол Ресей жағдайында мүмкін емес. Сондықтан да еріксіз кеңес өкіметін мойындаудан басқа амал қалмайды. Екінші себеп: Сібірдегі Колчак өкіметі де, Самарадағы Құрылтай кеңесі үкіметі де: Башқұртсан мен «Алашорда» әскерін күшпен таратып, олардың жетекшілерін ату жазасына кесу, сөйтіп олардың Түркістанға қосылып, Түркия мен Германияның әскери көмегіне қол артуына мүмкіндік жасамау туралы бұйрық шығаруы еді. Үшінші себеп «Қатирада»:
Достарыңызбен бөлісу: |