Заманынан озып туған азамат еді
Сағат Әшімбаев туралы
Қоғамды қозғайтын, адам санасын өзгертетін тұлғалар болады. Олар өзінің қатарынан, заманынан озық туады. Өткен ғасырдың алпысыншы – сексенінші жылдарының арасы қазақ руханиятына дарындыларды үйіп-төгіп беріп-ақ еді. Өкініші, солардың көбінің ғұмыры қысқа болды. Орыс әдебиетінің бағына туған Писарев секілді құйрықты жұлдыздай жарқырап жанып, ағып түскен жарықтарымыздың бірі – қазақ мәдениеті мен әдебиетінің дамуына, ұлттық сананың өсуіне үлкен үлес қосып кеткен асылымыз Сағат Әшімбаев еді.
Мен Сағатқа сабақ берген, оны жақсы білген кісілердің бірімін. Сағат та заманынан озып туған азамат еді. Кездескен кезде қынабынан суырылған жалт-жұлт еткен қылыш елестеуші еді көзге. Қай ортаға барса да сыйып жүре беретін, өзінің пікірін бүкпесіз ашық айтатын, оппонентін лезде ашық пікірге шақыратын. Бұл, сірә, көп оқып, көп тоқығанынан болар. “Мына мәселе туралы көзқарасыңыз қалай?.. Өзім былай ойлаймын”, – деп “әу” деп ауыз ашқаннан-ақ ұршықша үйіріп, жіпсіз жетелеп, ағыл-тегіл текті сөзге бұрып әкететін. Жатсыну, тіксінуді білмейтін, аңқылдаған ақпейіл көңілдің тереңіне сүңгігендей әсерде болатынбыз. Қалай шүйіркелесіп, тіл табысып кеткеніңді білмей қалатынсың.
Сағат көп оқитын. Дүкенге бір жақсы кітап түсті десе – күндіз қолына шам алып іздеп тауып, оқымай тынбаушы еді. Шөлдегі жолаушы секілді білуге... білім кәусарынан мейір қандыруға... құныға, құлшына ізденуге әрдайым бейіл еді. Сол білгенін өзінің пайымына, байлауына қосып төгілдіріп айта жөнелгенде, кісі еріксіз ұйып тыңдайтын. Тыңдарманы көп болатын.
Сағат ініміз әдебиеттің тұлпарына мінгенде М.Әуезов, Е.Ысмайылов ағаларымыз бақи жалғаннан озып, Б.Кенжебаев әбден қартайып, көркем сөздің туын тіккен жазушылар ортасы бос қалғандай, әсіресе әдеби сын жанры жетім баладай жалтаң, азусыз халде еді. Сол бәсеңси бастаған әдеби сынның түтінін қайта шығарып, түндігін желпілдеткен Сағат бастаған бір топ жас перілер болатын. Ол әдебиетке келіп қосылған жаңа леп, тың күшті елден бұрын сезіп білді. “Балықшы балықшыны алыстан таниды” демекші, өзімен тұстас келіп жатқан жас топқа жетекші бола білді, соңына ілестірді, солардың сөзін сөйледі. Қай-қай ортадан болсын өзіне таныс, біліс, сырлас сыпайыны жылдам-ақ тауып ала қоятын.
Сағат Хан Тәңірінің балапан қыранындай топшысы ерте қатайып, түлеп ұшқан тас түлек еді. Өртеңге шыққан гүлдей ә дегеннен-ақ жайнап, жарқырап көзге түсті. Ол табиғаты таза, өзінің кіндік қаны тамған Аспантаулар әлемінің мөлдір бұлағындай, кәусар бастауындай, жасыл құрағындай қазақ әдебиетінің шоқ жұлдыздай алыптарынан бастап, одан кейінгі ақын-жазушылар, өзінің тұстастарына, сол кездегі оқырманы көп қазіргі “Жас Алаш” — бұрынғы “Лениншіл жас” арқылы қалың жұртшылыққа қаршадайынан-ақ танылып үлгеріп еді.
Академик Мұхаметжан Қаратаев: “...айтулы әдебиет сыншысы, сарапшысы, әділетсіздікке төзбейтін сарбаз атанды. Сағаттың “Сыншы мұраты” атты тұңғыш жинағы – осының айғағы” деп жазғанда Сағат бар болғаны қылшылдаған жиырманың үстіндегі жас жігіт еді. Азаматтық, сыншылық позициясы берік қаламгер болып қалыптасты. Өз өмірін, еңбегін адам рухының биіктігі мен тазалығын қорғауға арнады.
Өткір көздері көзәйнегінен ұшқындап, жүзінен нұр төгіліп тұратын қыр мұрынды, дөңгелек жүзді жігіт еді. Аузын ашса көмейі көрінген ақкөңіл еді. Оқығаны да, тоқығаны да көп еді. Төл әдебиетімізді былай қойғанда, әлем әдебиетінде еркін жүзіп, Батысты оқып, Шығысты тоқып өсті. Замандастары арасында ойлылығымен де, тереңдігімен де, бүкіл бітім-тұлғасымен де оқшауланып айрықша көрінетін. Тұнық көздері де, терең сөздері де, көзілдірігі де, желкесіне төгілген шашы да өзіне жарасып тұратын. Жүзінде шындық, жылылық бар болатын.
Саңлақ сыншы Сағат әдебиет әлеміне алғаш аудармамен келді. Ол 1966 жылы Мәскеудің “Прогресс” баспасынан шыққан “Афоризмы” атты әлем ақыл-ой алыптарының даналық сөздері болатын. “Сын мұраты” (1974) атты тырнақалды туындысы үшін 1976 жылы Жастар сыйлығының лауреаты атанды. “Талантқа тағзым” (1982), “Парасатқа құштарлық” (1985), атты сын кітаптарын жұртшылық жылы қабылдады. Өзі өмірден өткен соң “Шындыққа сүйіспеншілік” (1993) атты еңбегі жарық көрді. Аталған еңбектердің әдеби, ғылыми айналымнан түспей, әркез сұранысқа ие болуы Сағат есімінің сан ғасырларға баратынының, артында қалған мұрасының өлмейтіндігінің айқын айғағы.
Екінің бірін көзге іле қоймайтын, паңдығы бір басына жетіп артылатын сырбаз қаламгер Ғабит Мүсірепов Сағатты ерекше бағалап, інілерінің бірі санап, салиқалы сұхбаттар бергеніне бәріміз де куәміз. Сағат асыл ағасы туралы қадау-қадау мақалалар да жазды. Сол дүниелер қазір ұлы қаламгердің ұлттық бейнесін көрсететін құндылыққа айналды.
Текті адамдардың бірін-бірі жазбай танитынына тәнтімін. Мен осыған інімнің артында қалған мұрасымен танысып отырып тағы да көз жеткіздім. Сағат әсіресе үш ұлыны пір санапты, ардақ тұтыпты. Шығармаларын талдап, желісіне арқау болған алуан түрлі оқиғалардағы ұлттың ұлылығын, халқының қасиетін бір арнада тоғыстырып, биікке көтеріпті. Олар – данышпан Абай, ұлы Мұхтар Әуезов, қара сөздің хас шебері Ғабит Мүсірепов.
“ХІХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқы сана-сезімі оянуының бұрқ еткен ең айқын көрінісі – Абай поэзиясы. Ұлттық сана-сезім оянуының басы Абай...”, – дейді Сағат. Дұрыс айтады.
Кемеңгер Мұхтар Әуезов туралы: “Кезінде Белинский Пушкинді Байронмен, не соңғысын алдыңғысымен салыстыру рабайсыз деген ғой. Сондықтан да Н.Погодиннің: “Әуезов – қазақтар үшін екінші Абай, біз үшін Шығыстың Шолоховы”, – деген сөздері орынсыз-ақ. Мұнда пәлендей терең ой жатқан жоқ. Шындығына келгенде, Әуезов пен Шолохов творчествосы екі бөлек ұланғайыр дүниелер. Шығармашылық лабораториясы ұқсамаған жазушыларды бір-бірімен салыстыру қалай десек те көңілге қонбайды. Екіншіден, Әуезов Абай жетпеген биікке көтерілді. Абай айтпаған кең тынысты ойлар айтты, яғни ұстаздан шәкірті озды. Әуезов өз ұстазын қайталамағандықтан ғана ұлы. Және Әуезов Шығыстың Шолоховы еместігін, Шығыстың ұлы екендігін дәлелдеп берді, өзі соның жарқ еткен жарқын көрінісі бола білді. Олай болса, кейде жоғарыдағыдай бір жақты пікірлерге мәз болу жарасымсыз-ақ”.
Шынында, көп жұрт осы сөздің ақ-қарасын анықтамай, байыбына жетіп, пайымын аңғармай малданды. Мақтан етті. Бірақ ұлы қаламгер шыққан шыңға тұман іліп қойғанын аңғармады. Сағат сол тұманды парасаттылықпен, ойлылықпен ысырып тастады. Тума талантты, даусыз дарынды өз тұғырында қалдырды. Солай таныды. Оны ол кезде көбіміз біле қойғамыз жоқ. Осының өзінен-ақ сыншы Сағаттың кең құлашты, кемел ойлы екенін көруге болады. Көп айтты болды демей, өзінің байламын күмілжіп-кібіртіктемей, күнге бағып күлбілтелемей анық айтқан Сағатқа қалай риза болмайсың. Советтік дейтін заманда, жұрттың үнемі жоғарыға қарап, жалтақтап сөйлейтін уақытында, Сағаттың дәл осылай батыл, сенімді сөйлеуі шынында да батырлық еді.
Сонау ықылым заман, көне тарихтан бастап, Пушкин, Абай, Байрон, Толстой, Достоевский, Гете, Данте, Бунин, Әуезов, Хемингуэй, Маркес шығармаларын зерделей отырып бүгінгі қазақ прозасы мен поэзиясының хал-ахуалы төңірегінде ой тербеуі Сағаттың деңгейінің қаншалықты биік болғандығының айқын дәлелі. Білу бар да, оны әдебиеттің әжетіне жарата білу бар ғой. Сағат терең білімін туған әдебиетінің мұратына арнай білді. Бұл шындықты да мойындау қажет. Асылы, әдебиет әлемін еркін игеру Сағат секілді санаулылардың ғана еншісіне жазылған. Әйтпесе бізде білмей тұрып білгішсінетіндер аз емес.
Бұл аз десеңіз, Сағат Мұхтар Әуезовтің дарын, қарымын орыс әдебиетін былай қойып, Еуропа әдебиетімен иық тірестіре алатынын, тіпті жоғары тұрғанын риясыз дәлелдейді. “Орыс әдебиетшілері осынау әдебиетті ХІІ ғасырда туған “Игорь полкі туралы жырдан” “Тынық Донға” дейінгі аралықта алып сөз етіп жүр. Ал, біз әдебиетіміздің алтын бастауы саналатын V-VІІІ ғасырлардағы Орхон-Енисей жазба ескерткіштерінен Әуезовтің “Абай жолына” дейінгі кезеңдер бойынша алып қарайтын болсақ, жалпы әдебиетіміздің даму тарихының тым әріден басталатындығын көруге болады. Біздің көркемдік ой-санамыздың даму тарихы әріден басталатындығы зор мақтаныш! Осындай терең арналы әдебиетте Әуезов өзіндік үнімен қалмақ. Егер батыс әдебиетшілері Әуезовті шығыстағы Бальзак, Мопассан, тағы басқа деп жатса, мүлде қисынсыз пікір болар еді. Ол осы халыққа көрсетілген рухани сый-құрмет емес, мүсіркеушіліктен туған жадағай пікір екені дәлелдеуді қажет етпейді”. Көріп отырғанымыздай, сыншы Әуезовтің ұлы екенін, әлемдік әдебиеттің асқарлы шыңдарының бірі екенін дәлелдейді.
Сағаттың бұл сөзінің астарында елдік рух жатыр. Астарлы сөз, қырағы ой жатыр. Тәуелсіздік тұсында бәріміз айтып жүрген, біз ешкімнен кем емеспіз, ұлы десең ұлыларымыз бар, дана десең даналарымыз бар, иық тірестіріп, сөз жарыстыра алатын алыптарымыз да бар дегенді Сағат орда бұзар отызында-ақ айтып кетті. Қамшының сабындай қысқа ғұмырында бәрін қалай орын-орнымен айта білген десеңізші! Бейсекең бастап, мен қоштап зерттеген әдебиетіміздің ерте дәуірі жайында, байтақ эпостарымыздың құдіреті жайында көп білгісі келіп, құмартып ұзақ әңгімелескеніміз әлі есімде. Ғажайып эпостарды, дастандарды, құдіретті күйлерді, тамылжыған әндерді дүниеге әкелген қазақтың осы ұлы мұраларын әлі күнге дейін әлемге танытып, мойындата алмай жүргеніміз аянышты әрі өкінішті-ақ.
Мені Сағаттың ерекше алғырлығы мен алымдылығы таңдандырады. Ол жап-жас кезінде-ақ аталы сөз айта білді. Ол тағы бірде былай деп жазады: “Жалпы, Абай өмірі, Абай заманы төрт кітапқа арқау болды ғой деп, тарихи адамдарымыздың өмірінен міндетті түрде екі-үш немесе төрт-бес кітап жазуды “модаға” айналдырмаған жөн сияқты”. Бұнысы да боямасыз шындық. Әлем әдебиетінде Абай секілді алыптарды танытудың сан түрлі жолы бар. Оған мен бір мысал келтіре кетейін. Орыс әдебиеті Пушкинді әлі күнге зерттеп, зерделеп біте алмай жатыр. Бір қуанарлығы біз данышпан Абайдың да сондай қырларына дендеп ене бастадық. Мәселен, Мұхтар Әуезовтің “Абай жолы” эпопеясын ақ орда десек, әлгі жазылып жатқан, жазылатын еңбектер оның көркіне көрік қосатын ақшаңқан отаулар ретінде кең қанат жая береді. Әр нәрсеге еліктегіш халық екенімізді ескерсек, Абай жайындағы төрт томды оқығаннан кейін татитын, татымайтын көп томды тарихи романдар, қазақ әдебиетінде көбейіп кетуі мүмкін еді. Сағат орынды-ақ ескерткен.
Сағаттың Абай туралы мақалаларын оқысаңыз, ол ұлы ақынның өлеңдерін талдап қана қоймайды, алда атқарылар істі, әлі де тереңдете түсер тақырыптардың бар екенін еске салып отырады. Әсіресе ақынның гуманистік қасиет, адамгершілік және мораль мәселелеріне, Тәңір сөзінің астарында әділдік пен шындықтың жатқанына, дүниеде себепсіз ешнәрсе болмайтынына, жасандылық пен жалғандықтың ғұмыры ұзақ еместігіне талдау жасай келіп, бұл тақырыптар қазақ үшін мәңгілік дегенді меңзейді. Сағат шығармашылығының өн бойынан адамға сүйіспеншілік, өмірге іңкәрлік айқын аңғарылады.
Сағат Әшімбаев саналы ғұмырында қадірлеп өткен Ғабит Мүсіреповтің шығармашылығын сөз еткенде, болмыстағы бояу мен атаудың сан түрлі болатынын, бірақ солардың түп атасы жеті түрлі, атап айтқанда ақ, қара, көк, жасыл, қызыл, қоңыр, сары дейді де, бұлардың бәрі қай заманда да өз түр-түсін сақтап келе жатқанын, өзгермейтінін ескертеді. Сөйтеді де ұлы Ғабең творчествосын полотно-палитрасына жатқызып, әлгі негізгі жеті бояудан жетпіс бояу жасағанын тілге тиек етеді. Өзі сын жазғанда жетпіс бояуды жеті жүз түрге жеткізіп, дүние жүзіндегі атақты жазушылардың шығармаларымен шендестіріп, жазушы шеберлігін алақанға салғандай ашып береді.
Алаштың ардақтысына айналған Зейін аға – Зейнолла Қабдоловтың бір қанатты сөзі бар еді. Ол: “Әдебиет – ардың ісі” деген сөз. Сол ардың ісіне адалдық танытқан азаматтардың бірі – Сағат Әшімбаев. Оның әдебиеттегі сыншылығын бәріміз де жоғары бағаладық. Қазақ әдебиеті сынына алғаш философиялық бояу дарытқан да осы Сағат Әшімбаев болатын. Төл әдебиет сынымызда Сағат салған сара жол сайрап жатыр.
Сағат үшін сын жанры “біреуді мұқату” немесе “тізе батыру, ділмәрсу” емес, ұлттық ойлау мен танымның көкжиегін кеңейту, өрісін ұзарту болатын. Өнерге, шындыққа және әділеттілікке өліп-өшкен сүйіспеншілік жоқ жерде сын да, сыншы да жоқ. Ол “Ақиқатты айтқан айыпты емес, оны көріп тұрып көзін жұмып айналып өткен адам айыпты” деген қағидамен ғұмыр кешті. Жақсылыққа жаны құмар, жаңалыққа жүрегі құштар Сағаттың өмірлік ұстанымы, өзі айтқандай: “Жақсылықтан басқаның бәрі жалған, қайырымдылықтан өзгенің құны қара бақыр, сыйластықтан бөтен сымбатты нәрсе жоқ”. Жақсылықты, қайырымдылықты, сыйластықты ғұмыр бойы ту етіп ұстау көрінгеннің қолынан келе бермейді. Ұлттық болмысқа сыншылық тұрғысынан қарау кешегі данышпан Абайдан қалған дәстүр болатын.
Әдебиет сыншысы болу дегеннің қиын екенін мойындамайтын адам жоқ. Менмін дегендердің талайының сыншы боламын деп сықпыртып жазғанмен, түйінін жасай алмай, алған тақырыбын аша алмай, шығарманы бағалай алмай орта жолда қалып қойғанын білеміз. Ендеше, сыншылық – кез келген әдебиетшінің өресі жете бермейтін, нағыз таланттарға ғана бұйыратын болмыс. Сағат соны бойына біткен дарынымен бағындыра білді, сыншылықты ұшан-теңіз білімімен бағындырып, құйрық жалы сүзілген сұлу торы аттай топты жарып, шашасына шаң жұқтырмай өмірден өтті. Оның сын мақалаларына ой жүгіртіп қарасаңыз, әдебиет сынына барудың өзінің сын әрі батырлық екеніне және Сағаттың сыншы болмауы мүмкін емес екеніне көз жеткізесіз.
Кезінде бәріміз де табынып, бүгінде көбіміз ауызға ала бермейтін, айналып өтуге тырысатын Маркстің, Энгельстің, Лениннің, өзге де әлем ойшылдарының еңбектерін әдеби шығармалардағы оқиғалармен ұштастырған тұстары, тіпті керемет жатық оқылады. Әлгі даналармен өрбітіп ой жарыстырады. Оқып қана қоймайсың, ақын-жазушылардың романдары мен повестерінен, өлеңдері мен поэмаларынан мол мағлұмат алып, танып-біліп, ондағы терең тағылымдарға таңдай қаға сүйсінесің. Кейде Сағаттың сын мақалаларынан кейін сондай шығармаларды оқуға ұмтылатын да кездерің аз болмайды. Ол әдебиетке биік талап тұрғысынан қарады, талап қоя да білді.
Сағаттың мақалаларын оқып отырған кезде әдебиет әлемін аралағандай ерекше әсер аласыз. Өйткені, ол туындыларын тар шеңбермен шектеп қоймай, небір әлемдік құнды еңбектерді дәлел-дәйекке келтіріп, қаламгерлердің шығармаларын жан-жақты салыстырып, салмақтап барып түйін жасайды. Сонда аз ғұмырының ішінде осыншама рухани құндылықтарды қалай оқып үлгерді екен, қалай көңіліне түйіп, санасына сыйғызды екен деген ойға қаласың.
Көбіміз айтып жүретін бір сөз бар. Ол ерте кеткен талант өз жалынына өртеніп кетті ғой дегенге келеді. Мен осы сөзді Сағатқа қаратып айтуды жөн көріп отырмын. Ол қашан көрсең жалын боп жанып, от болып өртеніп жүретін. Ұлт дегенде, тіл дегенде қолды-аяққа тұрмай кететін. Жұмыр жердің бетіндегі ұлтын сүйген ұлылардың біраз мақалаларын аударғаны да есімізде. Соларға бүгін үңіліп қайта қарасам, аудару үшін аудармаған екен. Ұлтын сүйген азамат сол ұлтына әлемдік дәрежедегі қаламгерлердің озық ойын жеткізуді мақсат тұтыпты. Мысалы, И.Эренбургтің “Пабло Пикассо шығармаларының сыры” деген мақаласының аудармасында ұлы суреткердің бүкіл өмірін қазақ оқырмандарына таныстыра отырып, оның “Мен іздеймін, мен табамын” деген сөзіне ерекше назар аударады.
Сағаттың өзі де өміріне осы сөзді бағыт-бағдар етіп алады. Оған оның аз ғұмырында артында қалдырған мол мұрасы дәлел. Сол секілді авар ақыны Расул Ғамзатовтың “Әнім де, жырым да сен – туған елім!” деген мақаласын 1972 жылы аударып жариялапты. Осындағы ақын сөзіне қарап отырсаң үйренер үрдіс көп-ақ екен. Біз соны кезінде біле алдық па, біле алмадық па, білмеймін. “...Орыс ақынын орыс тілінсіз, авар ақынын авар тілінсіз тіпті көз алдыма елестете алмаймын... Біз қанша шырқатып, жаңа да әсем әндер айтқанымызбен, жас кезімізде санамызға ана сүтімен сіңіп қалған бесік жырларын ешуақытта ұмытуға, естен шығаруға тиіс емеспіз”, деген ақын сөздерін дәл осы күндері бүкіл қазақ айтып жүр. Ал оны Сағат сол қырық қатпарлы саясаты бар Кеңес заманында қазақ оқырмандарының керегіне жаратыпты.
Сағат үнемі ой үстінде жүретін. Санасын сансыратқан сан сауалдарға жауап іздеп сенделіп, саналы ғұмырын оқырмандардың көз алдында өткізді.
Әдебиет әлеміндегі жақсыға жаны қуана, жаманға жирене қарайтын, алғыр ойлы азамат алпысыншы жылдардың орта шетінде “синкретті өнер” теледидар саласына ден қоя бастады. Сол алғашқы “Жүректен қозғайық” телехабары кеңге құлашын жайып, кемелдене келе “Парыз бен қарызға” ұласты. Ол қазақ теледидарында қазақ зиялыларының басын қосып, осы “Парыз бен қарыз” бағдарламасында енді айтпауға болмайтын сөздерді айтты. Айтулы ақындарды, мен мендеп қаламын қару еткен жазушыларды, танымал ғалымдарды бір үстелдің басына жинап, олардың ел, ұлт туралы толғақты ойларын халыққа жеткізді. Ол кезде бұл кез келген кісінің қолынан келмеуші еді. Ол үшін жүрек, батылдық, намыс, өрелі ой керек еді. Сағаттың бір басында осының бәрі де болды. Алмағайып заман тұсындағы небір оқиғаларды тақырыпқа арқау етіп алып, соның желісіне ұлттың мүддесін, тілін, ділін, дінін сыналап болса да кіргізіп отырды. Үрейленген, үрейі ұшқан кейбіреулер бұра тартып жатса, өзінің ақыл-парасатымен “бұғалық” салған асаудай райынан қайтарып, ырқына көндіріп, әңгіменің желісіне түсіріп жіберетін.
Сағат перзенттік парызға, азаматтық қарызға келгенде адалдықтың ақ туындай желбіреген айрықша адам еді. Ұлттың ұлы мұраттарына ұмтылудың үздік үлгісін көрсетіп кеткен Алаш ардақтыларының қатарында Сағат Әшімбаев есімі ерекше аталады. Тәуелсіздік таңының атқанын көре алмай кеткен арда азамат арамызда жүрсе ордалы ойларымен жасына жетпей-ақ халқының абызына айналар еді. Арман-ай десеңші, амал не!..
Шыны керек, Сағат сол “Парыз бен қарыз” арқылы ұлтымыздың ұйқылы-ояу санасын оятты. Теледидардан да ел үшін деп тепсініп тұрып пікір айтуға болатынын дәлелдеді. Мұны да мен Сағаттың ерлігі дер едім. Халқы алдындағы парызын өтеп, қарызын қайтарған азамат болса осы Сағаттай-ақ болсын. Менің бұл пікіріме қалың жұртшылық қосылады деп ойлаймын. Көп азаматтар басшылық жұмыста жүреді. Бірақ олар елдікке келгенде бір “пәлеге” ұрынып қалармын деп жалтақтап, өзінен жоғарының алдында кішірейіп, жалпақтап жүретінін талай көргенбіз. Сағат ол топтан емес еді. Желкесіндегі кірпік қақпай қадалып тұрған қарауылға қарамай, ел дегенде, қазақ дегенде қиын жердің өзінен жол тауып кететін еді. Сөйтіп, Сағат азамат ретінде, адам ретінде жұртын жорадан құр қалдырмайтын. Несін жасырайық, сұрқай саясаттың сойылын соғып жүріп көбіміз оның алысқа шабатын тұлпар екенін, биікке ұшатын сұңқар екенін біле тұра баптай да, аялай да алмай қалдық. Желтоқсан көтерілісі тұсында аяулы Сағат біраз әуре-сарсаңға түсті, азап шекті. Қайыспайтын емендей боп қатайды. Күнделігіне моншақтай тізіліп түскен: “17-18 декабрь! 1986 жыл. Мен бұл күндерді ұмытқан күні ұлт намысы деген ұғымды да ұмытатын шығармын. Ал оны ұмытқан жерде барыңнан да жоғың жақсы” деген сөздер осы ойымызға айқын дәлел бола алады.
Ұлт намысы дегенде жанын салатын, көкірегі қарс айырылатын. Дүниеде сызат пайда болса ол міндетті түрде ақынның жүрегі арқылы өтеді деген сөз бар. Сол сияқты Сағат та бәрін болмысымен, жан жүрегімен қабылдайтын. Асыл мұраттар жолында арпалысып, жұдырықтай жүрегінен жұмыр жердің қайғысын өткізгендей болып күйіп-жанып жүретін мінезіне оның ет-жүрегі шыдай алмады. Советтік дәуір делінетін кезеңдегі ұлтқа жасалған қиянатқа төзе алмай жанып кетті. Сағаттан айырылған күні мен ең жақынымнан айырылғандай болдым.
Сағаттың жаратылысы бөлек еді. Тасты жарып шыққан мөлдір бұлақтай еді, қылауы жоқ сынаптай, жаны нәзік тербелген құрақтай еді. Асыл еді, жанымызға жақын еді, табиғатынан ақын еді. Сыншының тереңі, әділі еді. Ақ сөйлеуші еді, тумысынан таза еді, пенделіктен ада еді. Аузын ашса жүрегі көрінген ақкөңіл еді, маңдайға сыймай кетті. Әлі күнге дейін өз тарихымызға өзіміз ие бола алмай жүрген, аз жақсысын өзгеден емес, өзімізден қызғанатын ел емеспіз бе, біз Сағатқа тірісінде ие бола алмай қалдық, оны сақтап қала алмадық. Адамды тірісінде бағалай алмайтын енжарлығымыздан біз Сағатты да тірісінде бүгінгідей тани, бағалай алмадық. Ақкөңілділігін пайдаланып, оны да азғырушылар, адастырғысы келушілер табылды. Сағаттың Хан Тәңірісінің етегінде туған жыр Тәңірісі Мұқағали жайындағы мақаласы сондайлардың кінәсінен жазылған еді деп ойлаймын. Осының бәрі кейінгіге сабақ болғаны жөн. Әсіресе біз, ұлтымыздың келешегі жастарға абай болуымыз керек. Олардың санасына қылау түсірмеуіміз керек. Олар түзу өсуі керек. Ел түзу болсын десек, жастарымыздың түзу өсуіне ерекше мән беруіміз керек.
Сағат тәуелсіздікті көре алмай кетті, жете алмады. Содан бергі он алты жыл ішінде ел-жұрты Сағатын жадынан еш шығарған жоқ, шығармайды да. Артында қалған мұраларын әлденеше рет жаңғыртып басты. Оны жоғарыда келтірдім. Осындайда менің ойыма данышпан Абайдың “Өлді деуге бола ма ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған” деген аталы сөзі оралады. Сағат аз ғұмырында артына өлмейтін, өшпейтін мол мұра қалдырды. Жалындап жанып тұрған от еді. Айналасына шуағын шашып, нұрын төгіп жүретін. Академик Зейнолла Қабдоловша айтсақ: “мінезі мен мүсіні, мазмұны мен пішіні, болмысы мен бітімі бөлек еді. Сағат екінің бірі емес, бірегейі еді. Ақ тілеуі ел үстінде жүретін. Іздегені – ізгілік, жақсыларға жанаса жүретін”. Ол өмірден өтсе де оған деген халқының сағынышы басылған жоқ, басылмайды да. Сағаттан қалған ой, Сағаттан қалған өнегені ешкім тарихтың еншісінен бөліп ала алмайды. Қазақ әдебиеті барда, сол әдебиеттің алыптары мен ардақтылары, саңлақтары мен сарбаздары барда сын жанрының сардары Сағат Әшімбаев та бар. Қазақ сыни ойының дамуында да Сағаттың шығар өз төрі бар. Енді ешқашан өлмейтін оның байтақ өмірі басталды. Сағат туған халқымен, туған әдебиетімен бірге жасай береді.
Мен асыл інім туралы сөзімді Әбдіраштың Жарасқанының мына бір жыр шумағымен аяқтағым келеді:
Қайран Сағат, жандың, сөндің, от едің,
Парызың мен қарызыңды өтедің.
Күллі қазақ баласына өзіңді,
Өміріңді өлмес үлгі етемін!
Авторы: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ.
2008-03-07:
Ұлттық арна ұлағаты
2008 жылы 8 наурызда бұқаралық ақпарат құралдарының бір саласы – телевизия біздің ортамызға табан тірегеніне тура 50 жыл болады. Біз “Қазақстан” республикалық телерадио корпорациясы” акционерлік қоғамындағы, жалпы осы саладағы әріптестерімізді мерекемен құттықтай отырып, оқырмандарға мерекеге орай әзірленіп жатқан “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітаптың бірер тарауын ұсынамыз. Кітап әр жылдары мемлекеттік комитет, ұлттық компания, корпорация түрінде жұмыс істеген телевизияны басқарған азаматтардың өміріне арналған. Бұл тұлғалардың бәрі дерлік ұлттық телевизияның қалыптасуына, өркендеп дамуына үлес қосқандығы сөзсіз. Оларды жақсы білсек те кейбірі туралы қысқа деректермен шектелетініміз бар. Сондықтан да ақпарат құралдарында көп айтылып, көп жазыла қоймаған телевизия басшылары туралы тарауларды назарға ұсынғанды жөн көрдік. “Ұлттық арнаның ұлағаты” атты кітапты баспаға әзірлеген – осы акционерлік қоғам басқарма төрағасының шығармашылық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қайнар ОЛЖАЙ.
“КЕЛІСПЕУШІЛЕРМЕН КЕЛІСЕ АЛМАЙМЫН”
Қанапия Мұстафин Қазақстандағы радио ісі білгірлерінің бірі болғандығына талас жоқ. Ал телевизия басқалармен бірдей ол үшін де тың сала еді. Сондықтан, жаңалықты қабылдауға және онымен жете танысуға тура келді. Бірде Министрлер Кеңесі жанындағы комитет, бірде Мәдениет министрлігі жанындағы бас басқарма түрінде жұмыс істеген радио саласына телевизияның қосылуы Мұстафиннің басшылығы тұсында жүзеге асты. 1957 жылы 12 маусымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Дінмұхамед Қонаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіне арнайы хат жолдады. Онда КСРО Министрлер Кеңесінің “КСРО Министрлер Кеңесі жанынан Радио хабарлары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетін құру туралы” қаулысына сәйкес Қазақ КСР Министрлер Кеңесі республикада осындай Радио хабарлары мен телевизия жөніндегі мемлекеттік комитетті Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанынан құру қажет деп санайтынын жеткізді. Және комитет төрағасы етіп Қанапия Мұстафинді бекітуге ұсыныс енгізді.
Қонаев қолдаған Мұстафиннің ақпарат, оның ішіндегі радио саласындағы басшылық қызметі бұл кезде республикаға кеңінен таныс. Отызыншы жылдардың басында Кеңес Одағы енді ұйымдасып жатқан ұжымдық шаруашылықтарды басқаруға, жалпы халыққа өз бағыттары бойынша тәрбие беруге ауадай қажет жаңа кадрлар даярлауды қолға алған. Сол тұстағы кеңес-партия мектебін бітіргендердің бірі болды. Оның алдында тракторшылар курсын оқыған. Бірнеше жыл Солтүстік Қазақстан облысы, Бейнетқор ауданында жер жыртқан.
Коммунистік журналистика институтын бітірген Қанапия Мұстафин қазақ радиосында редактор болып қызмет атқарды. Бүкіл республикада жаппай “халық жаулары” іздестірілген саяси жағынан ең қиын 1937-1938 жылдар еді. Зобалаңның бұлты бұл қайраткердің басына да үйірілген.
Кейін өз қолымен толтырылған өмірбаянында Қанапия Мұстафин 1937 жылы 19 қазанда партия қатарынан шығарылғанын жазыпты. Өйткені, оған “Сәбит Мұқановтың сыбайласы” деген айып тағылған. Екеуінің Солтүстік Қазақстан облысында дүниеге келгені белгілі. Қаншалықты “сыбайлас” екенін сол кездегі сталиндік үштік анықтап үлгермесе керек. Өйткені, жазушы Сәбит Мұқанов өзінің тек кеңестік заман мен большевиктік партияны жалау еткенін, жырлап жүргенін дереу дәлелдеп шығады. 1937 жылы 17 қарашада Сәбит Мұқановтың партиялығы қалпына келтіріледі. Мұқановпен бірге Мұстафиннің да билеті қайта қолға тиген. Мұқанов сотталып кеткенде, сөз жоқ, Қазақстандағы телевизия ісінің бірінші басшысы Қанапия емес, басқа адам болар еді...
Қиын заманның өз талаптары болыпты. Айталық, әрбір партиялық қызметкердің жеке іс парақшасына әр жылдары кіммен істес болғаны көрсетіледі. Яғни, ол қызметкерді жақсы танып, сипаттама бере алатын адамдардың аттары аталады. Қанапия өзін жақсы біледі деген тұлғалар қатарында отызыншы жылдардың басында Әбдісамат Қазақбаевты, отызыншы жылдардың ортасына Дихан Әбіловті атайды. Қазақбаев өз тұсында Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының төрағасы қызметіне жеткен. Ал қазақтың белгілі ақыны Дихан Әбіловті өзіне таныс, етене тұлға деп көрсету арқылы Қанапия Мұстафин тағы бір рет күйіп кетуі мүмкін еді.
Өйткені, Ұлы Отан соғысының орта тұсында өзінің Майданбек деген кейіпкерінің ұрыста “қалай кісі өлтіремін” деген гуманистік көзқарасын дастан түрінде сипаттаған ақын дереу абақтыға қамалған. Және өлім жазасына кесілген. Көрер жарығы бар екен, бұл жаза орындалмай, одан ақын түпкілікті ақталып шығады. Егер тыңғылықты тергеу болып, Диханды жақсы білетіндер “кім?” деген сұраққа жауап ізделсе, Қанапия Мұстафиннің өз қолымен жазылған өмірбаянында “мені 1934-1937 жылдары Дихан Әбілов жақсы білетін” деген жолдар мойнына тұзақ болып оралуы мүмкін.
Ақын майданда тұтқындалған күндері Мұстафин Ақтөбе облыстық партия комитетінің кадрлар жөніндегі хатшысы еді. Ал соғыс аяқталып, өзі Мәскеудегі Жоғары партия мектебін бітіріп келген соң, сол облыстағы үгіт пен насихат жұмыстарына жауап беретін хатшы қызметіне кіріседі.
Обалы не керек, Қазақстанның радио хабарлары мен телевизиясының бірінші басшысына әр кезеңде белгілі мемлекет және партия қайраткерлері түзу мінездеме береді. Өз қолдарымен мансап биігіне ұсынады. Мұрағат құжаттарына қарағанда жолын ашқан басшылар арасында Жұмабай Шаяхметовтің, Николай Скворцовтың, Геннадий Борковтың, тіпті Мәскеуде отырған Маленковтың қолдары кездеседі. КОКП Орталық комитетінің хатшысы Маленковтың қолы қойылған, сонау 1946 жылы берілген №3116 куәлікке қарағанда Қанапия Мұстафинді жауапты партиялық жұмысқа алуға болады.
Бірақ, арада он жыл өткенде Қазақстанда бұл кандидатура қызметке қабілетті ме, жоқ па дегенде айтарлықтай талас туыпты. Күдік келтіргендер кімдер екені құжаттарда сақталмаған. Ал Қанапияның қабілетті қызметкер екендігін қорғап қалған елуінші жылдары Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімін басқарған, одан идеология хатшысы болған Құманғали Оспанов еді. Екеуі Ақтөбеде біраз жыл қызметтес болған. Біреуі партия комитетінде отырғанда, екіншісі облыстық халыққа білім беру бөлімін басқарған. Алматыда тағдыр қайта тоғыстырған тұста Құрманғали Оспанов Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің екінші хатшысы Иван Яковлевтің атына хат жолдайды. Онда “Мұстафиннің радио ақпарат бас басқармасының бастығы болуына келіспеушілермен келісе алмаймын” деп кесіп айтады. Одан әрі Қанапияны “тәжірибелі маман, партиялық жұмыстан хабардар басшы, баспасөздің барысын білетін, радио ақпараттың сырын білетін және ол салаға жетекшілікті атқарып кететін қызметкер” деп сипаттайды. Кешікпей, Мұстафин Қазақ КСР Мәдениет министрлігі жанындағы радио ақпарат бас басқармасының бастығы болып тағайындалған.
Бас басқарма бір жылдан соң Қазақ КСР Министрлер Кеңесі жанындағы радио хабарлары мен телевизия комитетіне айналғанда республика үкіметін басқарып отырған Дінмұхамед Қонаевтың өзі Қанапия Мұстафинді төраға қызметіне ұсынады. Мемлекеттік комитет алдымен Алматы студиясының, одан кейін қатарға қосылған Қарағанды мен Өскемен студияларының жұмысына басшылық бағыт көрсетті әрі ұдайы бақылады. Хабарларға баға берді. Бірсарынды, суреті сұрғылт, бұлыңғыр, дерек қайталау кездесетін хабарларға ескерту жасап отырды.
Бірінші төрағаның тұсындағы елеулі оқиға Қазақ КСР-інің өнер және әдебиетінің Мәскеуде өткен онкүндігі еді. Орталық телевизиядан қазақ өнер шеберлерінің бағдарламалары көрсетілді. Жекен Жұмақановтың “Жаңа қоныстанушылар” атты телеқойылымы ең өзекті тақырып – тың игеруге арналды. Келесі телехабарға Құрманғазы атындағы ұлт-аспаптар оркестрі қатысып, концерт берді. Орталық телевизиядағы бағдарламаның шарықтау шегі – “Дударай” операсының телевизиялық нұсқасы еді. Оны бүкіл елдің телекөрермендері жақсы қабылдады. Республика басшылығында жүрген Ж.Тәшенов, Д.Қонаев сынды қайраткерлер жас ұжымды табысымен құттықтады.
Операны теледидардан көрсету ісінде одан кейін тағы батыл жаңалық болды. 1959 жылы Алматы телестудиясына жылжымалы телеқондырғы берілді. Оның мүмкіндігі арқылы Абай атындағы опера және балет театрында жүріп жатқан спектакль көрсетілді. Ол – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің “Абай” операсы болды. Үйлерінде теледидары бар бақытты отбасылар алғаш рет театрға бармай-ақ қойылымды тамашалауға мүмкіндік алды.
“ТАҒЫМДЫ АЛСАҢ ДА, БАҒЫМДЫ АЛҒЫЗБАЙМЫН”
Мылтықсыз майдан іспетті телевизия мен радио саласын басқаруға Орталық комитет тағы бір майдангер журналисті басшылыққа жіберді. Теле-радио комитетінің тарихтағы үшінші төрағасы Кенжеболат Шалабаев еді. Бұл да өмірдің ыстығы мен суығына шыңдалған, оңы мен солын таныған қарымды қайраткер болатын. Солтүстік Қазақстанның табиғаты тамылжыған Өрнек ауылының тумасы жоғары білім алып үлгерместен майданға алынды. Сол жақта байланыс қызметін меңгерді. “Шифрлаушы” деген қазақ жігіттері сирек меңгерген әскери маман болып шықты. Сондықтан, құпиясы көп әскери бөлімдерде жүрді.
Осылайша тек 1947 жылы әскер қатарынан босап, енді мамандық алу үшін ФЗО-да екі жыл оқиды. Бірақ, бойындағы таланты мен маңдайдағы бақ шығар, ол қара жұмысшы болу орнына 1948 жылдың соңында Солтүстік Қазақстан облыстық “Ленин туы” газетіне қызметке алынған. Міне, содан кейін Жоғары партия мектебіне түседі. Одан әрі қарай Қазақстан Компартиясы Орталық комитетіндегі қызметі басталған. Алдымен нұсқаушы болып орналасқан. Кешікпей, Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімі жанынан арнайы орган ашылады. Аты – “Печать Казахстана”. Міндеті – республикадағы барлық бұқаралық ақпарат құралдарына жол көрсетіп, жоба белгілеу. Осы қызметтен соң Орталық комитеттегі баспасөз секторына меңгеруші болып тағайындалған. Одан бөлім меңгерушісінің орынбасары болып жоғарылайды.
1962 жылы 6 маусымда бұрынғы бастық Құрманбек Сағындықов Оңтүстік Қазақстан өлкелік газетіне бас редактор қызметіне жіберілгенде оның орнына Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетіне төраға болып Кенжеболат Шалабаев тағайындалды. Бекіту жөніндегі бұл құжатқа Дінмұхамед Қонаев қол қойыпты. “Шалабаев Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радиохабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетіне төраға болуға әбден лайық” деген мінездемені Орталық комитет хатшысы Нұрымбек Жанділдин берген.
Шалабаев мемлекеттік комитетті жеті жыл басқарды. Ол тұста телевизияның қамту аймағы еселеп өсті. Жаңа студиялар салынды. Балқаш, Орал, Семей, Павлодар қалаларында осындай жаңа студиялар іске қосылды. Бұрынғы Алматы телестудиясы Қазақ телевизиясы болып қайта құрылды. Кешікпей Орталық Азия республикалары арасында тұңғыш болып 1-категорияға ілікті. Демек, қызметкерлердің жалақысы жақсарды. Он алты қуатты ретранслятор пайдалануға берілді. Оның сыртында 26 қатардағы ретранслятор жұмыс істеп жатты.
1965 жылы 2 шілдеден бастап “Эфирде Қазақстан” атты апталық газет шыға бастады. Онда радионың, телевизияның апталық бағдарламаларымен қатар, кейбір ерекше хабарлар туралы ақпараттар жарияланды. Сәлкен Сұхбанбердиннің “Қара молда” пьесасының анонсы да күнілгері газетке берілді. Оның өзі 1965 жылы 15 желтоқсанда 22 сағат 20 минөтте эфирде басталыпты. Ал режиссер Сәлима Естемісова қойған “Майдан” телеспектаклінің Орталық телевизиядан көрсетілгені туралы материал бүкіл қазақстандықтарды қуанышқа бөледі. Бұл телеқойылым Қазақ телевизиясының шынайы табысына айналды. Ол жазушы Бейімбет Майлиннің осы аттас шығармасы негізінде әзірленді. Телестудияда жүретін спектакльге Сәбира Майқанова, Мүлік Сүртібаев, Шолпан Жандарбекова сияқты танымал әртістер қатысты. Осы телеқойылымда байдың ұлы Жұмағұлды ойнаған Сәбит Оразбаевтың талантын қалың көрермен сонда таныған.
Ал “Эфирде Қазақстан” апталығы шыға бастаған соң халық теледидарда не көрсетілерін бір апта бұрын біліп отыруға дағдыланды. Бағасы екі тиындық газет көпшілікке дереу тарады. Осы басылымда Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің Қоғамдық пікірді зерттеу институтының анкетасы ұдайы жарияланып тұрды. Онда телекөрерменнен сегіз сұраққа жауап беру сұралды. Оның ішінде ұнаған және ұнамаған хабарларды көрсету сұралды. Ұнаған хабарларды өз кезегінде сегіз топқа бөліпті. Сұрау салу нәтижесінде телевизиялық бағдарламаларға тиісті түзетулер жасалынғаны даусыз.
1966 жылы эфирде “Айтыс – асыл қазына” атты хабар пайда болды. Онда әдебиеттанушы ғалым Көбей Сейдеханов қазақтың айтыс өнерін талдады. Және арғы заман емес, Кеңес өкіметі кезіндегі 20-30 жылдарғы айтыстарға шолу жасады. Телевизияның өзінен көрсетілетін айтыстарға әлі кезек жете қоймаған. Әдеби хабар “Қайнар” деп аталды. Оны танымал ақын Әбділдә Тәжібаев пен жас жазушы Әбіш Кекілбаев жүргізген. Кейін үлкен ғалым, мемлекет қайраткері болатын Мырзатай Жолдасбеков “Құрдастар” шығармашылық бірлестігі арқылы 1966 жылдан “Айдын” хабарын эфирге алып шықты. Сол жылдың басында “Қараторғай” телеспектаклі үздік деп танылып, оны эфирге шығарғандарды төрағаның бұйрығымен көтермеледі.
Телехроника түсіретін техника қолға тиді. Енді негативті пленка арқылы түсіріп келген көріністерді асықпай көрсетуге қол жетті. Сол арқылы телефильмдер түсіріле бастады. Қазақ телевизиясының жылдық қуаты екі жүз толық метражды телефильм түсіруге жетті. Бұл республиканың барлық аймақтарын қамтып, еңбек адамдары мен өнер қайраткерлерінің жарқын істерін көрсету жолы еді. Бұл үшін комитетке бағынатын “Қазақтелефильм” өндірістік бірлестігі ұйымдастырылды. Оған жылына 327 сағаттық өнім шығаратын техникалық жабдық алынды. Негатив лента өте қат және қымбат болатын. Оны Орталықтан алып келуге Шалабаев бар беделін салатын.
Кенен Әзірбаев туралы телефильм көптің есінде қалды. Сол кезде 80 жасқа толған қарт жыраудың ауылдағы өмірі кеңінен қамтылды. Бұл телефильмнің сценарийін жазуға белгілі әдебиеттанушы Мұхамеджан Қаратаев тартылды. “Күйден – симфонияға дейін” атты хабарда Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина Нұрпейісовадан бастап, алпысыншы жылдары жемісті жұмыс істеген қазақ композиторларының шығармалары ойналды. Осы тұста мемлекеттік комитет жанында өздерінің симфониялық оркестрі болды. “Телевизиялық поэзия театры” көркем шығармаларды кеңінен насихаттады.
Шалабаевтың тұсында одақтас республикалар арасында телевизиялық фестивальдар өткізу дәстүрге енді. 1964 жылы қыркүйек айында және 1966 жылы қазан айында орыс және украин әдебиет мен өнерінің радио-теле фестивалі өтті. Екі республиканың 160 телефильмі көрсетілді. Одан кейін Қазақ телевизиясы бойынша Грузия, Әзірбайжан, Тәжікстан, Армения, Башқұртстан, Татарстан бағдарламалары берілді.
Қазақ телевизиясының Орталық телевизияға 1963 жылы 3 желтоқсанда ұсынған бағдарламасы өте жақсы бағаланды. Онда тың игерушілер, кеншілер, балықшылар мен альпинистер туралы бағдарламалар берілген. “Түсіру басталады” атты фильм-концерт те көпке ұнады. Осы сапардағы табысы үшін Кенжеболат Шалабаевқа КСРО Министрлер Кеңесінің Телевизия мен радио хабарлары жөніндегі мемлекеттік комитетінің төрағасы М.Харламовтың бұйрығымен “алғыс” жарияланды.
Одақтас республикаларды айтпағанда, мемлекеттік комитеттің төрағасы бірнеше шетелде болып қайтты. Польша мен Венгрия ол кезде социалистік одақ елдері саналатын. Ал 1967 жылы Канадаға барып, Монреальдағы Бүкілдүниежүзілік көрмеге қатысу үлкен оқиға еді. Онда алғаш түрлі-түсті форматтағы “Қазақстан-67” фильмі көрсетілді. Одан кейін “Жеңіс” атты келесі телефильм көрмеге қатысушылар назарына ұсынылды. Бұл телетуындының режиссері әрі операторы Е.Тынышбаев еді. Сценарийін Т.Мәткәрімов жазған. Телефильм Жеңіс атты жылқышы қыздың даладағы тірлігімен таныстырады. Қыздың қырда жылқы бағып, асау үйретуі Канадаға көрмеге келген шетелдіктерді қатты таңырқатты. Бүркітші туралы телефильмнің де әсері бұдан кем болмады.
Шалабаевтың тұсында шығармашылық ұжым төселді. Өз ісінің шынайы шеберлері шықты. Қазақ радиосында Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртістері А.Әсімжанов пен Е. Патрушев бас режиссер қызметтерін атқарды. Қазақ телевизиясының бас режиссері Евгений Прасолов та Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген әртісі атағын алды. Телевизияның көркемдік жетекшісі Сапарғали Шәріпов өзінің қойылымдарымен баршаны мойындатқан маман еді.
Дикторлар құрамына ерекше көңіл бөлді. Бұған дейін тележурналист болып жүрген Совет Масғұтовты қазақша хабарлар оқуға жегіп, алғаш қазақ тіліндегі ер адам диктор болып эфирге шықты. Осы шоғырда Лидия Тюльменко, Владимир Орлов, Всеволод Иванов, Еркін Әбішев, Алевтина Попова, Тыныс Өтебаев, Ләскер Сейітов, Мәриям Айымбетова болды. Топқа Ләзиза Аймашева жетекшілік етті. Кейін бұл топқа Ләскер Сейітов, содан соң Тыныс Өтебаев басшы болды.
Телевизия республиканың ең таңдаулы жетістіктерін әлемге танытуда тағы бір қадам жасағанын айта кету керек. Кенжеболат Шалабаев төраға болып тұрған тұста Алматы қаласының түбінде Алатау атты ғалымдар кенті салынып, онда атом реакторы іске қосылды. Қазақстан енді атомдық сала қалыптасқан қуатты республикалар қатарына қосылды. Осы жетістікті көрсету үшін Орталық телевизияға кезекпен әзірленетін “Отанымыздың бір сағаты” атты бағдарлама сәтті пайдаланылды. Реактордың іске қосылғаны туралы репортаж Орталық телевидение арқылы Евровизия мен Интервизия жүйелерінде көрсетілді. Осылайша, Алматы түбінен берілген репортаж Қазақстан тарихында алғаш рет халықаралық эфирге тарады. Бұл 1967 жылдың 1 қарашасы еді. Ғалым Жабағы Тәкібаев көрермендерге атом реакторы қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Алғаш рет қазақ тіліндегі спорт хабары 1966 жылы 16 қаңтарда тұсауын кесті. Оны телевизия басшылары республика комсомол ұйымымен бірлесіп шығарды. Бұл хабарды жүргізуге танымал жаттықтырушы Қабден Байдосов тартылды. Бұл редакцияға тұрақты жұмысқа Қазақ радиосының комментаторы Сұлтанғали Қаратаев келді. Орысша хабарларды жүргізу Владимир Толчинскийге тапсырылды. Қазақ тілді маманды бірде Шалабаев өзімен бірге Мәскеуге ала кетті. Сол жерден Орешкин деген операторды тауып беріп, VІ жазғы Бүкілодақтық спартакиадаға қатысып жатқан қазақ спортшыларын түсіртті. Әмин Тұяқов пен Ғұсман Қосановтың, Әбдісалан Нұрмаханов пен Әбілсейіт Айхановтың, Амангелді Ғабсаттаров пен Аманжол Бұғыбаевтың спорттағы жетістіктері мен бейнесі көгілдір экранға солай шықты. Олардан басқа туған елі қазақтан шыққан тұңғыш баскетболшы Апатаеваның, семсерлесуші Асықбаеваның шеберліктеріне тәнті болды. Оператор Орешкин тек түсіріп бермеді, төраға Шалабаевтың тапсырмасымен 16 миллиметрлік пленканы жуып, шығарып және монтаждап Сұлтанғали Қаратаевтың қолына ұстатты.
Ел жетістіктерін дереу жеткізген үлкен істерді ұйымдастыра отырып, төраға еңбек ұжымына ерекше қамқорлықпен қарады. Сол кездегі жас диктор Ләскер Сейітовті өз қолымен үйлендірді. Тіпті, комсомолдық тойына асабалық қызметті жасы мен қызметін бұлдамай өзі атқарды. Кейін еңбек сіңірген әртіс, жоғары категориялы диктор деңгейіне жеткен Ләскер үшін бұл жақсылық мәңгі ұмытылар ма!
Шалабаев қызмет үшін жеке өмірін құрбандыққа шалуға бермеген, адамның ізгі сезімі мен жеке өмірі басқасынан жоғары екенін дәлелдеген қайраткер ретінде танылды. Ол Орталық комитетте үлкен қызметте жүргенде дәріханада жолықтырған провизор, кейін белгілі дикторға айналған Ләзиза Аймашеваны өмірлік жар етті.
АУЫР КЕЗЕҢНІҢ ЖҮГІН ЖҮРЕКПЕН КӨТЕРГЕН
Телевизияға әдебиеттен келген Сағат Әшімбаев алдымен барлығын өзінің кішіпейілдігімен, биязылығымен таңғалдырды. Әсілі, бұл ортада адам өзін танытуы, жол ашуы үшін кеуде керек болуы мүмкін. Ал 1986 жылы мемлекеттік комитет төрағасының орынбасары деп таныстырылған адам соншалықты жұмсақ жүректі болып шықты. Тіпті, оған дейін сырттан келіп “Жүректен қозғайық” пен “Қарыз бен парыз” бағдарламаларын жүргізіп жүрген комментатор мен мына орынбасарды бір адам деуге болмайтындай.
Қалың көрермендерге бастапқыда Сағат Әшімбаев “Жүректен қозғайық” бағдарламасы арқылы танылды. Бұл — телеклуб түрінде өтетін хабар. Ол оған дейін Дулат Исабеков жүргізген “Әдептен озбайықты” алмастырды. Бір топ білімді, ойы озық, көзі ашық азаматтар ұдайы эфирге шақырылды. Түрлі тақырыптарды талдады. Бағдарламаға телевизиядағы жауап беретін Жүрсін Ерманов бастаған шығармашылық топ алғашқы хабарларды Алматы малдәрігерлік және Қазақ ауыл шаруашылығы институттарында өткізді. Түрлі тақырыптарға орай студент жастар мен келетін қонақтар өз көзқарастарын, байламдарын білдірді. Лұқпан Садықов, Мақаш Тәтімов, Күләш Ақжолтаева, Өтебай Қанахин, Әбдімәлік Нысанбаев, Бақтажар Мекішов сынды түрлі саланың жүйріктері қосыла шапқанда, қалың көрермен айызы қана көрді. “Жүректен қозғайықтың” барлығы 14 саны түсірілді.
Қазақ тілі мен рухы жан-жағынан қысым көрген тұйық қоғамның сеңін бұзуға түрткі түсірген атақты “Қарыз бен парыз” бағдарламасы ұлттық даму жолын іздегендерге шамшырақ сияқты көрінді. Өйткені, Сағатпен әңгімелескеннің қайсысы болса да оған ағынан жарылатын. Сағаттың тазалығы мен тәрбиесі студияға шақырылғандардың ешқайсына бұра тартатын жол қалдырмайтын. Көпке ұнаған бұл бағдарлама, бірақ, сол кездегі Компартияға жақпады. Сағат Әшімбаев туралы жұрт өте жылы пікірлер айтып жатқанда, биліктің жүрегі жібімеді. “Парыз бен қарыз” хабарында ұлттық рухтың, тарихтың, тілдің көкейкесті мәселелері неге қозғалады деген сұрақ жоғары жақта жиі қойылып жатты.
Сағаттың кезекті хабарына Камал Смайылов пен академик Төрегелді Шарманов келеді. Эфир басталғанда комментатор қазақ мектебінде оқып, алыс ауылда білім алған адамдардың ешкімнен кем болмағанын айтады. Бұл “ұл-қызымыз қазақша білім алмаса, ортасынан кем қалады” деген қисынсыз пікірге берілген дәл соққы еді. “Міне, менің қасымда екі азамат отыр. Екеуі де сонау Жезқазған даласында, қасиетті Ұлытауда туып-өскен, қазақ мектебін бітірген. Қараңыздаршы, осылар қазір кімнен кем?” деп Сағат қонақтарды таныстырды. Камал Смайыловтың кейінгі естелігі бойынша: “Өзінің сезімтал білгіш әдетімен біздің білім-тәжірибеміз, атқарған қызметтеріміз туралы қызына айтып, сол жолы қазақ мектебінің намысын, маңызын қорғап жатты”. Міне, осы эфирге қатысып кеткен Смайылов кешікпей өзі қызмет істейтін Орталық комитет Хатшылығының кезекті мәжілісіне келеді. Онда мәжілісте қаралатын бір қаулының жобасына көзі түседі. Қараса, “Мемлекеттік телерадио комитеті төрағасының орынбасары С.Әшімбаев туралы”. Толық оқыса оны қызметтен босату туралы шешімнің жобасы екен. Сол отырыста Смайылов бір кезде өзі орынбасар болған, басқарған ұжым басшыларының бірі Әшімбаевты қорғап сөз сөйлейді. Бұл тұжырымға сол кездегі Орталық комитеттің идеология хатшысы Өзбекәлі Жәнібеков те қосылады. Ақыры мәжілісті жүргізген екінші хатшы Сағидолла Құбашев: “Қаулыны түбірінен өзгерту керек, Әшімбаевқа тек сөгіс берумен шектелейік”, деді.
Сағатты пікірлес қайраткерлер ғана емес, мемлекеттік комитетте қызмет атқаратын барлық мамандар қорғай білді. 1986 жылдан оның “мінездемесін беру” деген науқан басталды. Сағаттың басшылық қызметтегі таза қызметін көрген қызметкерлер тегіс оған жақсы мінездеме берді. Бірінші жолы өздеріне ауадай қажет пікірді ести алмаған Орталық комитеттің өкілдері тағы “Әшімбаевқа мінездеме беру” мәселесіне айналып соқты. Бұл жолы олар ұжымды тіл жағынан екіге жару арқылы зымиян ойларын іске асырмақ болды. Әшімбаевтың қазақ тілі үшін тер төккенін білетін олар енді орыс тілді бағдарламалардың қызметкерлерін, ұлты басқа қызметкерлерді қарсы айдап салуға ниеттенді. Бірақ, жолдары болмады. Жанна Ахметова, Владимир Назаров, Семен Газарх сияқты мамандар Әшімбаевтың өте дұрыс азамат және білікті басшы екенін нақпа-нақ дәлелдеді.
Бүкіл Қазақстан Желтоқсан көтерілісін бастан кешкенде Сағат басын бәйгеге тігіп, алаңдағы оқиғаларды шатырдан түсіртіп алды. Ол таспаны режиссер Рубикжан Яхин түсірткен. Сосын әскери-патриоттық тәрбие және спорт редакциясының бас редакторы Рабат Жәнібековке тықтырып қойды. Осы оқиғаның ащы ақиқаты сақталған таспаны қауіпсіздік органдарының адамдары айлап іздеді. Сағат ешкімді ұстап бермеді. Тек мезгілі келгенде оны көпшіліктің көз алдына жеткізу үшін журналистер қолына қайта тапсырған. Жай тапсырмай, Желтоқсан туралы барлық ақиқат айтылған алғашқы бағдарламаны жасатты. Басты бәйгеге тігіп түсірілген әрі сақталған кадрлар өтіп жатқанда “Сағат Әшімбаевтың жеке архивінен” деген жазу дүркін-дүркін өтіп тұрды.
Сексенінші жылдардың соңында жариялылық желі жетті. Бұрынғы жалғыз жүкті арқалаған “Қарыз бен парыздың” орнына ондаған жаңа бағдарламалар шығып жатты. Сағат Әшімбаев комитет төрағасы ретінде осы жұмысты жалықпай ұйымдастыра білді. Қазақстанда айтылмаған ақиқаттарды ашуға Қазақ телевизиясы мен радиосы белсене кірісті. Әсіресе, Семей ядролық полигонын жабу туралы бүкілхалықтық қозғалыс экран бетінен түспеді. Арал теңізі тартылып кеткендіктен, оның маңындағы халықтың судан да у ішіп, ауадан да у жұтып отырғаны туралы ащы шындық апта сайын айтылып, дабыл қағылып жатты.
1990 жылдың жазында Қазақстанның шығыс өңірінде бірнеше ауданды қиратып өткен зілзала болды. Оны алдында Армениядағы Спитак жер сілкінісі және Тәжікстандағы Ғиссар көшкіні табиғи апаттары кезінде Қазақстан алдымен көмек қолын созған. Бірақ, қазақ жеріндегі зілзала кезінде одақтық үкімет пен одақтас республикалардың көмегі сезілмеді. Бар қиындық Қазақстан басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың иығына түсті. Зайсанда жер сілкінген күні қазақ теледидарына ұлттың ең аузы дуалы кісілері Әбу Сәрсенбаев пен Тұрсынхан Әбдірахманова шақырылды. Олар барлық адамдарды жер сілкінісі зардаптарын жоюға көмектесуге шақырды. Экран арқылы арнайы ашылған есеп-шот көрсетіліп тұрды. Төраға Сағат Әшімбаев осы орайда арнайы тілшілер қосынын құрды. Құсман Игісінов бастаған журналистер айына екі рет арнайы хабар жасап тұрды. Сол кезде республика басшысы Нұрсұлтан Назарбаевты, жауапты министр Макиевскийді Алматыдан мың шақырымнан алыс Зайсан мен Тарбағатай аудандарында Қазақ телевидениесінің камерасы қарсы алып тұратын. Бұл да төрағаның халық үшін қандай қызметке де әзір екенін білдіретін бір мысал.
Одақ тағдыры қыл үстінде тұрды. Қазақстанның іргелі кәсіпорындарының бәрі бұған дейін одақтық бағыныста болып келген. Олар бүкіл өнімді алып, пайдасын көріп, жергілікті жұрт ауыр экологиялық жағдайда қала беретін. Міне, осы мәселені көтерген Қазақ КСР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа қазақ жеріндегі барлық ақпарат құралдары тірек болды. Оның ішінде көзге көрсете отырып дәлелдейтін телевизияның жөні бөлек.
Президенттің баспасөз хатшысы Ғаділбек Шалахметов пен комитет төрағасы Сағат Әшімбаев келісімімен саяси-қоғамдық редакция ұсынған “Президент сағаты” бағдарламасы алғаш эфирге шықты. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев түрлі сауалдарға орай тыңғылықты жауап беретін бағдарлама 45 минөттік еді, бірақ бір сағаттан асып кететін кездері болды.
Тура осындай қауырт жұмыс кезінде 1991 жылғы тамыз айының екінші жартысында ГКЧП, яғни Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комитет оқиғасы басталды. Мәскеуде бір топ жоғары лауазымды қызметкер Орталықтың өктем билігін, коммунистердің елді қызыл қан еткен бағытын жалғастыра беру үшін жанталасты. Олар өздерінің шешімдері барлық ақпарат құралдары арқылы таратылуын талап етті. Міне, тура осы оқиға талантты сыншы, білікті басшы Сағат Әшімбаевтың жүрегіне соңғы жүк болып түсті. Кезіндегі Желтоқсан оқиғасында сына түссе де сыр бермеген жүрек мына зомбылыққа шыдамады.
Сәл шыдағанда Сағат Әшімбаев Қазақстанның арман болған бостандыққа жеткенін көрер еді. Өзі көріп қоймай, жалпақ әлемге жар салар еді. Оны телевизордан күндіз-түні бергізер еді. Амал нешік!
|
«Қазақстан» ұлттық телерадиокорпорациясының негізгі қос ғимараты да Республика алаңы жанында орналасқан. Көңілде өшпес мұң, жүректерде жазылмас сызат қалдырған 1986 жылдың Желтоқсан оқиғасына сол кездері Қазақ телевизиясында қызмет атқарған бүкіл журналист куәгер. Желтоқсан оқиғасының қалай басталғаны, қалай өткені, қалай аяқталғаны сол жылдардағы қызметкерлер жадынан әлі күнге ұмытылған жоқ.
Қазақ телевизиясының ғимараты орналасқан жерден алаң алақандағыдай көрінетін. Екі ғасырға бергісіз екі күн бойы алаңнан көз алмаған журналистердің жан дүниесі қандай арпалыста болғанын тілмен жеткізу тым қиын...
Бағымызға орай Кеңестер алып империясының ыдырауына түрткі болған Одақ көлеміндегі социалистік жүйеге қарсы тұңғыш бас көтеру «жабулы қазан жабулы» күйінде қалып қалмай, көп ұзамай шындық бетін бері бұрды. Мәскеудегі Съездер сарайынан депутат Мұхтар Шаханов жасаған үш минуттық Мәлімдеме Желтоқсан оқиғасын түбегейлі зерделеудің бетбұрысы болды. Өздерінің көз алдында өткен оқиғаға қатысты әңгімені қалт жібермей қадағалап жүретін Қазақ телевизиясының журналистері қолдарына түскен мәліметтерді дер мезгілінде көрермен назарына ұсынуға тырысты. Желтоқсан оқиғасы жайлы тұңғыш хабарды Сағат Әшімбаевтың басшылығымен жастар редакциясының журналистері әзірледі. Сол алғашқы хабардағы 1986 жылдың 17 желтоқсанында алаңдағы жастар ереуілінен түсірілген бейнекөріністер эфирден өтіп жатқан сәттері «Бұл кадрлар Сағат Әшімбаевтың жеке архивінен алынды» деген титрдағы жазуды оқыған кез келген көрермен көкейінде «түсірген оператор кім?» «қалай сақтап қалған?» сынды ойлардың қылаң бергені анық-тұғын.
Үмбет ӘБНАЗАРОВ, зейнеткер-журналист:
– Сағаттың басын өлімге тіккен көзсіз ерлігіне осы күні таң қаламын. Таңертеңгілік эфирден өтер жаңалықтарға жауапты редактор едім сол күні. Телетайппен келген «ҚазТАГ-тың» материалдары ішіндегі «қазақ ұлтшылдығы, нашақорлар» деген сөзді сызып тастап, эфирге жібермегенім үшін түске дейін мәселемді дирекцияда, түс қайта коллегияда қарап, «Қызмет бабын асыра пайдаланғаным үшін» 248-бап бойынша жұмыстан шығарды. Коллегияда Сағат Әшімбаев «тұтас бір халыққа қара күйе жағу, тұтас бір ұлтты кінәлау қиянат, мұның бүткіл халыққа жабылған жала» екенін ашына айтты. Ойын нығырлап, дәлелдеді. Өзі сын үстінде тұрғанына қарамастан, мені ақтап сөйлеп, жазамның жеңілдеуіне ықпал еткен азаматтың сол жолы ерлігіне куә болған бір мен емес. Сағат араша түспегенде, кемінде 4-5 жылды арқалап кетуім де әбден мүмкін еді.
Шолпан БАЙМОЛДИНА, режиссер:
– Сол күндер еске түссе, жанарыма еріксіз жас үйіріледі. Желтоқсан оқиғасы аяқталысымен, іле-шала желтоқсанның 21-і күні АСБ-1-дегі үлкен студияда ұжымның қатысуымен жиналыс өтті. Бұрын көрмеген бөтен адамдар өте көп болды. Олардың кімдер екенін де ішіміз сезді. Сол жиналыста әрбір сөзін абайлап, халықтар арасындағы ұлы достық дегенді желеулетіп, жастарды кінәламақ ниетпен сөйлегендер секілді Сағат Әшімбаев екіжүзділік танытпады. Жарты сағат тоқтамай, бір деммен ойындағысын айтып шыққан кезде көкейдегісін естіген көпшілік ду қол шапалақтады. Сол сәт есімнен еш шықпайды. Еңсесі түскен жұрт бір көтеріліп қалған-ды.
Шәрбану БЕЙСЕНОВА, жазушы, Сағат ағаның зайыбы:
– Сағат қатты күйзелді. Орталық партия комитетінің идеология бөліміне алаңға жиналып жатқан жастарды бейбіт жолмен тарату қажеттігін айтып телефон соққанында, ондағылар «жұмысың болмасын, өз ісіңді біл» деп келте жауап қайтарғандарына күйініп келді. «Арты қырғын болмаса болды. Жастарға обал» деп әбден қиналды. Сол аласапыран күндері түптің түбінде керек болар деп бейнетаспаға түсіруге тапсырма беріпті. Кімге, қандай жағдайда тапсырылды, одан бейхабармын. Кейін таспаны Рабат Жәнібеков әкеліп бергенде оның осы уақытқа шейін жасырып келгенін білдім. Қазір сол таспа Сағаттың архивінде сақтаулы. Сағат ауыр күндерді бастан өткерді. «Үлкен ұлдарың желтоқсанда алаңға барыпты» деген желеумен қатаң ескерту де алды. Ұжымында бір емес, екі аттестациядан өтті.
Рабат ЖӘНІБЕКОВ, спорт журналисі:
– Қатты қудалауға түсті. Бір күні хатшы қыз: «Сізді Сағат аға шақырып жатыр» деген соң бардым. «Сізге сеніп бір іс тапсырғалы отырмын. Басқа амалым жоқ. Амандық болса, кейін қажет кезінде қайтарарсыз. Мынау – Желтоқсан оқиғасы түсірілген таспа. Жастарымызды нашақорлар, маскүнемдер деп жатыр. Жала екенін көзбен көрген біз білеміз. Ешкімге білдірмеңіз. Жасырыңыз. Күндердің күнінде желтоқсандықтарға қатысты оларды ақтауға керекті таптырмас айғақ» деді. Алайда кім түсіргенін, оператордың аты-жөнін айтпады. Орталық партия комитеті өкілінің корпорацияда өткен аттестацияда «Сағат Әшімбаевқа қатысты арнайы дайындаған тек бір жақты қаралаудан тұратын мінездемені телефильм, телеорталық, Қазақ радиосы, Қазақ телевизиясында өткен ашық жиналыстарда бірауыздан қабылданған» деп көпшілікті сендірмек болған ниеті іске аспады. Жоғары жақ ұйымдастырған аттестацияда конференц-залға адам сыймай кетті ғой. Жұдырықтай жұмылған ұжым абзал азаматты бір кісідей жазықсыз жабылған жаладан арашалап қалды емес пе?! Ол күндерде, міне, енді тарих қойнауына ысырылды.
Рубикжан ЯХИН, режиссер:
– Ақпарат редакциясы болған соң бар жаңалықтың бел ортасында жүретініміз аян. Сол күні таңертеңгісін Сағат аға үйге телефон соқты. «Рубикжан, алаңға жастар жиналып жатыр, керек болар, түсіру керек» деді. Жұмысқа келсем, операторлар келе қоймаған екен. Содан бейнекамераны өзім алып, алаңға бет алдым. Бір сағат шамасында оқиға ортасында болдым. Ұзағырақ түсіруге КГБ өкілдері кедергі келтірді. Түсіргендерімді оларға көрсету үшін кассетаны аппаратқа қосып жатқан кездері «керек боп қалар» деген Сағат аға сөзі ойыма сап ете қалды. Жалма-жан таспаның айналдырып болған жартысына жуығын кесіп алып, қойныма тықтым. Алуын алғанмен, бойымды үрей биледі. Ұстап алса, оңдырмайтынын білемін. Жан тәтті ғой. Кабинетке келіп, күдіктеніп іздеген болса, таба алмасын деген оймен сейфтің ішіне емес, астына тықтым. Содан бір күн өткесін, Сағат ағаның қолына аман-есен тапсырдым.
P.S. Желтоқсанның кез келгеніміз үшін тағылым алар тұсы зиялы қауым өкілдерінің 37-жылғыдай жаппай бірін-бірі сатпағаны, мүмкіндігінше бірін-бірі қолдап, қорғап отырғаны. Сағат аға мысалы – соның бірі ғана. Рухы мықты, иманы кәміл елдің сағын сындыру қиын. Рухани қамалы берік елді ешқандай күш бағындыра алмасына тарих дәлел. Жалпы, 1986 жылғы Желтоқ- санда бойында көшпенді елдің қызу қаны ойнаған, еркіндікті пір тұтқан қазақ деген өр халықтың, ер халықтың ұрпағы иіле берудің, бұға берудің шегі жеткенін айдай әлемге паш етті.
Желтоқсанға құрмет – ел намысы сынға түскен шақта қаймықпаған, қайтпаған жастар ерлігіне тағзым.
Желтоқсанға құрмет – халық намысының тұншығып, табан астында тапталып қалмай ел үшін сын сағатта өре түрегелер лайықты ұрпақ ерлігіне тағзым.
Достарыңызбен бөлісу: |