Қазақ зиялылары
Ғаният Насыров,
“Астана-Тұран” университетінің жариялы құқық
кафедрасының доценті міндетін атқарушы,
заң ғылымының
кандидаты
Заманында жолы болмаған, артында
жоқтаушысы аз, қайран Салық!
Бұл күндері тұлғалардың тоқырап тұрған кезі. Елдің рухани өмірінде жалтақ тіршілік, жағымпаз сөз, екіжүзділік, мәнсіз-мағынасыз әңгіме, берекесіз іс белең алған. Қарабасының пайдасы үшін дүйім елдің мүддесін сатып жіберетін сатқындық секілді азғындау шектен шығып тұрған кезде заманында еліне адал қызмет етіп, азаматтығымен жалпақ жұртқа танылған тектi, зиялы тұлғалар туралы еріксіз ойланасың.
Егер “Барлығын да уақыт емдейді” деген қағида шын болса, ең бірінші , бүгінгі ұрпақ біздерді ішкі жан-дүниеміздің жұтаңдығынан, ой-өрісіміздің, ұлттық санамыздың, таным-талғамымыздың тапшылығынан сауықтыру керек шығар. Сол таным мен талғамның, санамыздың жұтаңдығынан ба, немесе рухани саланы рухы төмен кездейсоқ адамдардың басқаруынан ба, біз осы халқымыздың шынайы мақтанышы болатын тарихи тұлғаларымызға аса бір немқұрайлылықпен қарап, жете көңіл бөлмей келеміз.
Тым алысқа бармай-ақ, тек соңғы бірер ғасырды тілге тиек етсек, заманында ақылымен, талантымен өзінің туған жеріне, еліне, оның болашағына шын ықыласымен беріліп қызмет еткен халқымыздың қаншама ұл-қыздары күні бүгінге дейін ел тарихынан лайықты орындарын ала алмай келеді. Бүгінгі күннің үлкені мен кішісіне де ұлтжандылықтың үлгісі боларлықтай олардың есімдері мен игі істері тек сарғайып шаң басқан архивтерде ғана сақталған.
Алайда, қанша қилы замандар өтсе де, олардың игі істері соңдарында өшпес із қалдырды. Замана ағымының ұраны мен ыңғайына көнгіш кейінгі ұрпақ тез естен шығарып ұмытқанмен, кейде олардың есімдері кенеттен ел аузында аталып, еріксіз есіңе салады.
Солардың бірі және бірегейі, ғылымға қосқан еңбектері әлі күнге дейін тиісілі бағасын алмаса да, кезіндегі игі істері ел есінде ұмытылмай сақталып, халқының шын ықыласына бөленген зиялы азамат — Мұхамед-Салық Қарауылұлы Бабажанов.
Мұхамед-Салықтың атасы Бабажан, Бөкейдің бас билерінің бірі, ал әкесі кәдімгі Исатай мен Махамбет батырлардың Жәңгір ханға қарсы көтерілуінің бас себепшісі болған атышулы Қарауылқожа Бабажанов.
Ал енді Салықтың өзі туралы мағлұматты әдеттегідей оның туған жылынан бастайтын болсақ, дәл бүгінгі күні нақтылы анық дерек жоқ, ол туралы азды-көпті ізденгендер әр түрлі жазып жүр.
Салық туралы біраз деректер жинап, зерттеген ғалымдар М. Ысмағұлов пен Қ. Ыдырысов оның туған кезін 1830 - 1831-жыл дейді1 . Ол туралы очерк жазған Н. П.Ивлев пен Н.Э.Масанов, Т.Н.Сенигова –1832, Х.Маданов 2– 1830-жылды айтады.
Кіші жүздің, соның ішінде Бөкей Ордасының тарихын терең де толық зерттеп жүрген И.В.Ерофеева да өзінің жуықта шыққан ең соңғы көлемді еңбегінде 1832-1833- жылдарды көрсеткен.3
Осы мақаланы жазу барысында тағы да бір анықтап алмақ мақсатпен Қабдеш Ыдырысов ағамызбен жолығып сөйлескенде, ол кісі Салықтың туған жылы 1831-1832- жылдар деген көзқараста екенін айтты.
Бірақ менің байқағаным, жоғарыдағы ғалымдардың қай-қайсысы да өз тұжырымдарының анықтығына нақтылы дәлел келтіре алмайды.
Осы арада аты аталған ғалымдардың пікірлерінен көрі белгілі журналист Тілекқабыл Боранғалиұлының Салықтың туған жылына байланысты пайымдауы, меніңше, нақтылы және дәлелдірек сияқты.
Ол өзінің Салықтың туған жылына байланысты пайымдауында сол кезде Санкт-Петербургте шығатын “Северная пчела” газетінің 1861-жылғы 5-қаңтарындағы нөмірінде жарияланған “Қазақтың қазақ туралы жазбалары” деген мақаласындағы Салықтың өз қолымен жазған нақтылы деректерге сілтеме жасайды.
Сол мақаласында Салықтың өзі: “...бұл 1845-жылдың басындағы қыс еді. Кейін біраздан соң біздерді жазғы шілде айында Орынборға жібереді деп естідік. Келісім бойынша 1 шілдеде Торғын өзенінің бойындағы ханның жазғы жайлауына жиналдық. Ол кезде менің жасым 11-де болса да, біздерді Орынборға шығарып салғандары әлі есімде”,- деп Жәңгір ханның балаларды оқуға аттандыруды елдің тойы ретінде өткізгенін Салық кезінде өз қолымен жазып қалдырған.
Егер Салықтың жастайынан оқып, Жәңгір мектебін бітіргенін, есеп шығарып, хат танитындығын ескеріп, өзі 1845- жылы жасым 11-де десе, оның туған жылы не 1834, не 1835-жылдың басында болмай ма деп пайымдайды Тілекқабыл Боранбайұлы.4
Әрине, бұл зерттеу, анықтау жүргізуге байланысты қолданылатын белгілі ғылыми тәсілдердің түрлері логикалық ой қорыту, жорамалдау немесе сараптамалық қорытындылаудың қай саласы жағынан алып қарағанда да, Салықтың туған жылын анықтауға байланысты сөзсіз бұлтартпайтын дәлел. Демек, ендігі күдік 1834 әлде 1835-жылдың қайсысында туған дегеннің төңірегінде болуы керек.
Осы орайда көңіл аударатын бір жәй, Салық Бабажанов туралы жазған жоғарыда аты аталған ғалымдардың барлығы да өздерінің мақалаларында оның 1860-жылы Петербургте болғанда белгілі ғалым - этнограф Павел Иванович Небольсинмен танысқанын айта келіп, орыс ғалымының 1860-жылғы “Русский вестник” журналының 29-нөмірінде жариялаған мақаласындағы Салыққа берген мына мінездемесін келтіреді: “жасы 25-те, келбетті, бірақ тотыққан қара торы өңді, әдемі арайлы көзді, қалың қара шашты Бабажанов орыс тілінде өте мәнерлі сөйлейді. Әсіресе, өзін толғандыратын мәселеге ауысқанда өткір де шешен әрі қызып сөйлейді”,- дейді.
Бұл жерде аты белгілі ғалымның өзін ой өрісінің кеңдігімен, білімпаздығымен таңдандырып, көңілін аударған бұрын таныс емес жас қазақпен жүздесе отырып, оның жасын сұрап анықтамауы қисынға келмейтінін ескерген жөн. Сондықтан да П. И. Небольсинның оның “жасы 25-те” деп анық та айқын кесіп айтуы ешкімге ешқандай күдік тудырмауы керек шығар. Демек, бұл жерде де Т. Боранғалиұлының жоғарыдағы келтірілген деректерге сүйене отырып: “Салықтың жасы Шоқанмен құрдас, яғни, 1835- туған” деп ой қорытуы ақиқаттың ауылынан алыс емес сияқты.5 Олай болса, 2005-жылы халқымыздың аяулы ұлы Мұхамед-Салық Бабажановтың туғанына 170 жыл толатынын ескерейік, ағайын.
Салықтың дүниеден өткен кезі жөнінде де ғалымдар арасында ортақ пікір жоқ. Мәселен, Н.П. Ивлев пен Т.Н.Синегова С.Бабажановты 1898- жылы қайтыс болды десе,6 М.Ысмағұлов, Қ.Ыдырысов 1871- жылы мамыр айында қастандықпен өлтірілген дейді.7 Соңғылардың пікірін “Түркістан уалаяты газеті” растайды.
Әр кезде жазылған деректерге сүйене отырып, Салықтың өмірі, білімі, қоғамдағы қайраткерлік іс-әрекеті мен ғылыми еңбектеріне қысқаша шолу жасасақ, Салық Бабажанов 1841- жылы Жәңгір хан ашқан Ордадағы тұңғыш орыс-қазақ мектебіне түсіп, оны 1844- жылы бітірген осы мектептің алғашқы түлектерінің бірі.
Мұнан кейін оны әкесі Орынбор қаласындағы Неплюев атындағы кадет корпусының әкімшілік орындармен әскери мекемелерде қызмет істейтін тілмаштар дайындайтын “азиялық бөлімге” оқуға береді.
Білімқұмар зейінді жас оқуға кіргеннен кейін тек кадет корпусының оқу бағдарламасымен шектеліп қоймай, Орынбор қаласындағы кітапханалардан сирек кездесетін кітаптарды іздеп тауып алып, өз бетінше көп оқып, көп ізденеді. Әсіресе, тарих, этнография, археологияға байланысты кітаптарды көптеп оқып, орыс тарихшылары Карамзин, Миллер, Голиков, Щербаковтардың тарихи шығармаларымен танысады. Сонымен бірге сол кездегі географиялық және археологиялық қоғамдар бастырған еңбектерді де қалт жібермей қадағалап оқып, Петербургтен шығатын журналдар мен газеттердің қолына тигендерімен үнемі танысып отырған. Солардың әсері болуы керек, оны өзінің туған өлкесі – Еділ мен Жайық бойының, Орал тауы маңайын мекендейтін ел-жұрттың тарихы мен тағдырлары қызықтырады. Өз тұсындағы Бөкей хандығы, Астрахань губерниясы, Орынбор өлкесінің тарихмен танысып, оқып зерттейді.
Салық Бабажанов 1851- жылдың қазан айында кадет корпусын ойдағыдай бітіріп, хорунжий деген офицерлік шен алып шығады. Орынбор шекара комиссиясының басшылары көзге түскен талантты, үздік жас офицерді әуелгіде өз қарамағында қызметте қалдырады. Алайда, 1853-жылы Орынбор казак-орыс офицерлері оған әр түрлі жала жауып, қызметінен босаттырып, Орынбордан қудырып, Ішкі Бөкей Ордасына жер аударады. Осы жерде бір назар аударатын жағдай – өкімет орындарының оның өзінің, үй-ішінің кімдермен байланысып, кімдердің бұларға келіп-кеткенін бақылау үшін соңынан Алексеев деген подхорунжийді тыңшы етіп салып қоюы. Дегенмен кейіннен екеуі дос болып, ол Салықтың жазған мақалаларын Астраханда шығатын “Волга” деген газетке апарып беріп отырады.
Туған жеріне қайтып оралған білімді жас офицер алғашында Хан сарайында тілмаш болады. Арада жылдар өткеннен кейін әскери шені жоғарылап, жүзбасы дәрежесіне жетеді. Енді ол “Ішкі орданы басқару жөніндегі Уақытша Советтің” кеңесшісі боп істейді.
Бөкей Ордасын ұзақ жылдар бойы аралап танысқаны және өз халқының әдет-салтын, тұрмыс күйін, аңыз-әңгімелерін, әндерін бірталай білетіндігі себеп болса керек, Салық 1860 -жылдан бастап мақала жаза бастайды. Оның сол кездегі “Санк-Петербургские ведомости”, “Северная пчела”, “Деятельность” деген газеттерде “Қазақтың қазақтар туралы жазбалары”, “Қазақтың өз тумаларының тұрмыс-күйі және тағдыры туралы жазбалары”, “Қазақтың жұртшылыққа арнауы” деген сияқты бірқатар мақалалары жарық көрді.
Бабажановтың жазуға бұлайша белсене кірісуіне екінші бір себеп – оның қазақ депутациясы құрамында Петербургке баруы болса керек. Депутация қүрамында Орынбор өлкесінен он адам болған: оның екеуі Бөкей Ордасынан: Ғұбайдолла Есенбаев пен Салық Бабажанов еді.
Депутацияны жолға бастап шыққан адам – Лев Плотников деген пристав. Оған депутатциямен келген қазақтардың уақыттарын қызықты да пайдалы өткізуі, сапарлары көңілдерінде айрықша әсер қалдыру жағын ұйымдастыру тапсырылған.
Петербургте депутация Эрмитаж, Арсенал, шыны заводы, Минералогиялық, Зоологиялық мұражайлар, Ботаникалық бақ, көпшілік кітапхананы және басқа да көрнекті орындарды аралап көріп танысады, кеште театрларға барып тамашалайды. Бұған қоса олар Кронштадт, Петергоф, Патша селосы, Гатчина, Павловскіні көріп қайтады.
Петербургте Бабажанов 1860-жылғы шілде айының 31-нен 24- тамызға дейін болған. Осы уақытта ол біраз зиялы адамдармен танысып үлгіреді. Солардың ішінде жоғарыда айтып өткен этнограф ғалым П.И. Небольсинмен жақын танысуы.
Депутация Петербургке келгеннен кейін алғашқы аптада-ақ оның мүшелерімен осында жүрген Шоқан Уәлиханов танысады. 1860- жылдың 9- тамызында елдегі туыстарына жазған хатында Шоқан: “Мұқан сұлтан бастаған депутацияның Орынбордан келгеніне бір жұмадай болды. ...Бүгін императордың қабылдауына бармақ. Олардың жанында пристав Плотников бар. Депутация бастығының орынбасары әрі тілмаш болып жүрген адам – офицер Әлмұхамед Сейдалин сұлтан...”- дейді.8
Осы күндері Шоқан мен Салықтың танысуы әбден ықтимал деген жорамал бар. Оған себеп, депутацияның өзге мүшелерімен салыстырғанда оның ой-өрісінің, оқығандығының бірден байқалатындығы, соған қарағанда Шоқанның оған назар аудармауы мүмкін емес. Сондықтан да бүгінгі күні бізге белгілі олардың хаттарында не мақалаларында таныстықтары турасында өздері ештеңе демегенмен, Шоқан мен Салықтың бір-бірімен кездескендігі күмән туғызбайтын сияқты.
Баспасөзде тырнақалды мақалалары жарияланғаннан кейін-ақ Салық Бабажанов ғылымға ден қояды. Сол кезде Ресейді және оның шет аймақтарын зерттеуде орасан зор роль атқарған ғылыми орын – Орыс географиялық қоғамының “Хабаршысы”, “Жазбалары” және “Этнографиялық жинақтарына” үзбей мақалалар жазып тұрады. Жинаған этнографиялық дүниелері мен архиологиялық олжаларын Географиялық қоғамның атына жөнелтіп отырады.
Ол шалғай алыста отырып-ақ осы қоғамның ғылыми мүддесіне байланысты көп іс тындырған. Алыста тұратын жалғыз-жаяу зерттеушінің осындай пайдалы істерін жоғары бағалаған Орыс географиялық қоғамының Кеңесі 1862- жылдың ақпанында Бабажановты этнография бөлімі бойынша мүше-корреспондент етіп сайлайды және сол жылы күміс медальмен марапаттайды. Медаль тапсыруға байланысты есепте “Бабажанов қазақтар тұрмысы жайлы бізге әлденеше мақала жазды және сол жерден табылған заттарды мақаламен қоса жіберіп отырды”,- деп атап көрсетілген. Географиялық қоғамның мәжілістерінде оның “Нарын құмы”, “Қазақ даласынан табылған тас мүсін туралы” деген мақалалары және басқа да жұмыстары талқыланғаны мәлім. Сөйтіп, С. Бабажанов – Россияның географиялық қоғамына мүше болып сайланған Ш. Уәлихановтан кейінгі екінші қазақ, ал ғылыми еңбектері үшін ресми түрде күміс медальмен наградталған тұңғыш қазақ ғалымы. Егер Ресей Императорлық география қоғамының шаңырақ көтеруі 1845-жыл екенін ескерсек, осындай білімді елдің ғылымының ірге тасын қаласып, дамуына тікелей үлес қосқан Салық Бабажановты ұлттық ғылымымыздың да дамуының негізін салған, шын мақтан тұтарлық ірі тұлға десек, еш қателеспейміз.
Салық Бабажанов Нарын құмында жүріп-ақ астаналық газеттерді және журналдарды, Белинский, Достаевский, Чернышевский, Писемский, Гоголь, Островский, Гончаров тағы басқа орыс жазушыларының шығармаларын оқып, ғылым мен әдеби өмірдің соңғы жаңалықтарынан хабардар болып отырған. Оның кітапханасында “Вестник Европы” журналының 32 томы, “Всемирный труд” кітабінің 9 томы, “Морской сборниктің” 3 томы, Бокльдің “История цивилизации в Англии” деген зерттеуінің 2 томы, Россия империясының заң жинақтары, Циммерманның физикасы, Карамзин жазған тарих кітабінің 2 томы, “Материал для географии статистики России”, “Ежемесячный календарь” тағы да сол сияқты көптеген жинақтар болған. Осы орайда белгілі ғалым, академик Салық Зиманов: “...Ордадағы Жәңгір мектебін бітіргендердің көбі сол кездегі қоғамдағы алдыңғы қатарлы идеялық ағымдарды қолдаушылар болған. Солардың ішінде өзінің алдыңғы ой-пікірімен, білімімен, шоқтығы биік бөлек тұрған көрнекті тұлға - Салық Бабажанов болатын”,- дейді.9
Оның таланты мен қабілетін сол кездегі ірі-ірі ғалымдар да мойындап көңіл аударады. Солардың бірі атақты шығыстанушы ғалым В.Б. Грегорьев Салықпен хат жазысып, өзара достық қарым-қатынаста болған. Ол кезінде С. Бабажановты “тамаша білім алған қабілетті адам” деп бағалаған (Сол В. Грегорьев кейін атақты ағартушы Ы.Алтынсаринге сабақ беріп, ұстаздық еткені анық).
Салық Бабажановтың тағы бір қыры көне мұра жинаушы ретінде де Еділ-Жайық бойына оның атының белгілі болғандығы. Әлдебір заттардың табылғаны жайлы хабардың, кейде сол заттардың өзінің де дереу Бабажановқа жетіп отыруы оның ел ішіндегі беделін, зерттеуші деп танылғандығын дәлелдейді. 1862-жылдың 18-маусымында ол Жалғызшағыл құмында тас мүсін табылғанын естіп, дереу сол жерге барады. Алдына әлдебір зат ұстап отырған әйелдің мүсіні қашалған ақ тасты Бабажанов Хан Ордасындағы өз үйіне алып келіп, тас мүсінді сипаттап мақала жазады. Географиялық қоғамның этнографиялық бөлімі Салыққа тас мүсінді және ол жайлы мақаланы қоғамның атына жіберуін, қазақ әндері мен әдет-салт жырларын жинап, балгерлердің ауруды емдеудегі тәсілдерін жазуды өтінеді. Айта кету керек, Бабажановтың тапқан этнографиялық және археологиялық заттары мұражайлардан орын алған.
Мұнан кейін көп кешікпей Салық “Санкт-Петербургские ведомости” газетіне “Сырдариядағы №1 фортының жанынан табылған қаланың орны туралы” деген мақаласын жібереді. Осыдан соң қызметі Оралға ауысады. Қазақтар мен Орал бойының казактарының бір-бірімен қарым-қатынасына байланысты байқағандарын “Орал казактарының ішкі Орданың қазақтарымен дауы” деген мақаласында баяндайды. Онысы 1868-жылы “Деятельность” газетінде жарияланған.
Ол сол кездегі жұқпалы аурулардан өлімнің көп болғандығына айрықша қиналып, надан балгерлер мен молдалардың жұртты тағылық тәсілдермен емдейтініне күйініп өткен. Осы арада оның еңбектерінің айтулы замандасы Шоқанның да назарынан тыс қалмағанын атап өткен жөн. Мәселен, Шоқан 1860-жылғы өзінің сот реформасы туралы “Северная пчела” журналында жазған мақаласында: “Бабажанов деген қазақтың жас жігіті Бөкей Ордасындағы татар мектебіндегі оқуды тамаша баяндаған”,- дейді.
Кейінгі он жылдың ішінде оның бірқатар мақаласы журналдарда басылды, Ташкентте “Туркестанская туземная газета” шыға бастағанда оған да мақалаларын жіберіп отырады.
Салық – болмысынан талантты, зерек ақыл иесі. Ол – елдің болашағының бұдан әрі бұрынғыша өзгеріссіз қала беруінің мүмкін еместігін кезінде айқын түсініп, Жәңгір хан секілді дала өмірін заман талабына сай өзгерту керек деген ойдың бастауында тұрған зиялы тұлғалардың бірі.
Оның өз заманында қазақ халқының тағдырына байланысты жазған көптеген қолжазбалары күні бүгінге дейін Ресей архивтерінде және өзіміздің ұлттық мұрағаттарда сақталған. Бүгінгі күнде жоқтан бар жасап жүрген тарихшылар осы архив материалдарын көтеріп зерттесе, көп нәрселердің бетін ашып, талай құнды деректер тауып алар еді. Бұл тек Салықтан қалған жазба мұралармен танысып қоймай, сонымен қатар бүгінгі ел тағдырына байланысты күрделі мәселелерді шешуде де септігін тигізер еді.
Өкінішке орай, Салықтың жеке өмірі туралы деректер сақталмаған, алайда, оның жазған мақалаларының өзі-ақ оның өмірге көзқарасы мен ой-өрісінің, білім дәрежесінің сондайлық қабілетті болғандығын танытады. Ол Шоқан Уәлихановпен тұстас болды, қарапайым қазақтардың азаматтық құқығын қорғап, олардың ауыр тұрмысын жеңілдетуге күш салған адам.
Әрине, Салық ғылыми ортадан мүлдем алыс жатып, ауыр тұрмыстың тауқыметін басынан кешіріп, жалғыздықтың тақсыретін көп тартқан. Балалы-шағалы болып, жан басы өсіп, қызметтің аз жалақысы жетпей, тұрмысы ауырлай түскендіктен Салық бір кез әскери міндеттен босап, шаруашылықпен айналысып, тұрмыс жағдайын түзегісі келеді. 1862- жылы қызметтен босау жөніндегі өтініші қабылданғанмен, көп ұзамай әуелгі жұмысына қайтып оралады.
Осындай қиыншылықтарға қарамастан ол артына бірталай еңбек қалдырды. Демек, Мұхамед-Салық Бабажановтың өмірі мен қоғамдық қызметі әлі де өз зерттеушісін күтуде.
Ауыз екі әңгімелерден басқа сол кезден қалған жазба деректерден де С. Бабажановтың Орал казак-орыстары мен ішкі Бөкей Ордасы қазақтарының арасындағы жер дауына көп араласқаны белгілі. Білімді және заңды жақсы білетін Салық айтыс-таластарда көп жағдайда оларды жеңіп шығып отырған. Осыны көре алмай қатты өшіккен патша чиновниктері мен казактар оған қастандық жасап у беріп өлтірген деген сөз ел арасында тарап кеткен. Оның кенеттен болған қазасына байланысты бұл жайт та әлі тексеруді қажет етеді.
Міне, кезінде ел басына күн туған қилы кезеңдерде ел-жұртының мұң- мұқтажын жоқтап қорған болған, сөйтіп, халқының шын ықыласына бөленген абзал азамат – Мұхамед-Салық Бабажанов жарық жұлдыздай тез ағып түсіп, жасы қырыққа жетпей, небір асыл армандарын іске асыра алмай, өмірден ерте озды. Қысқа ғұмыр кешсе де баршамызға үлгі-өнеге болып қалды, оның есімі – ел есінде.
Кезінде:
Қыршын жас қайран Шоқан өткен бүгін,
Күйзелтіп елі, жұртын кеткен бүгін – деп, Шоқанның өліміне Көкше өңірі күңіренсе, Салықтың өлімі де ел-жұртын қатты күйзелтті. Әйгілі күйшілер Дәулеткерей мен Түркеш “Салық өлген” деген күйлерін шығарып толғанса, мақал ретінде бізге жеткен “Салық өлді дегенше – халық өлді десейші” деген сөз қазаны естіп қайғырып, қапаланған, ел ішінде “Мақаш әкім” деген атымен белгілі Мақаш Шолтырұлы Бекмұхаметовтың айтқаны дейді.
Ал бүгінгі ұрпақ біз Салық туралы не біліп, не айта аламыз?
“…Қалды Салық ісі ұмыт,
Күлге оранып тұрағы.
Кесілгендей тамыры,
Орда барар жол қайда!?
Сөйткен Салық қабірі
Қалды алыста, Торғайда.
Жаныңа осы батады,
Таға аласың кімге сын!?
Ракеталар жатады
Дүңкілдетіп іргесін…
Ауып жатыр жұрт аттан,
Тұманданып тұнық таң.
Не сұрайсың ұрпақтан
Шын құдайын ұмытқан!”
- дейді, белгілі бөкейлік ақын Ғайса-Ғали Сейтақ10. Ақыннан асып не айтып, не қосасың?!
Биыл, 2005- жылы Мұхамед Салық Бабажановтың туғанына 170 жыл толады. Осыған байланысты қосымша деректер жиналып, ізденіп-іздестіріліп табылса, Салықтың бүгінгі ұрпақтарымен әңгімелесіп, ол туралы деректерді байытып, осы жыл аталып өтілсе, ел болып осы бір абзал жанның алдындағы үлкен борышымызды атқарған болар едік.
Әрине, ел аман, жұрт тыныш болса болашақта Салық туралы талай жырлар туып, шығармалар жазылар. Біздің борышымыз— қолымыздан келгенше соған ұйтқы салып, тақырып тамыздығын тұтату ғана.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1 Ыдырысов Қ. “Сбылось предвиденье”, Вечерняя Алма-Ата, 14.04.78- ж.
2 Ивлев Н.П., Масанов Н.Э. “Видный казахский ученый М.С.Бабажанов”. Вестник Академии наук Каз.ССР, Алма-Ата – 1982, 60 – 65- бет; СениговаТ.Н. “Қазақ Совет энциклопедиясы”, 2- том, 63 -бет.
3 Ерофеев И.В. “История Букеевского ханства. 1801 – 1852 г.г. ”, Сборник документов и материалов.“Дайк - Пресс”, Алматы-2002, 1020 бет.
4 . Боранбайұлы Т. “ Ғасырға сыр”. “Елорда”, Астана-2001,
74- бет.
5 Сонда.
6 Ивлев Н.П. “Находки краеведа”. Алма-Ата, 1977, 15-бет.
7 Ысмағұов М., Ыдырысов Қ. “Дүмбілез деректер”. Білім және еңбек, 1975, №5.
8 Ивлев Н.П. “Находки краеведа”. Алма-Ата, 1977,
13-бет.
9 Зиманов С.З. “Россия и Букеевское ханство”. Изд. “НАУКА”, Алма-Ата-1982, 148-бет.
10 Сейтақ Ғ. “Нарынның нар ұлдары”. “Жазушы ”, Алматы – 1998, 21- бет.
Достарыңызбен бөлісу: |