З.ғ. к. Бисенова М.Қ. Сотталғандардың түзеу мекемесінен шыққаннан кейінгі жағдайының реттелуі



Дата07.07.2016
өлшемі61.35 Kb.
#182841
з.ғ.к. Бисенова М.Қ.

Сотталғандардың түзеу мекемесінен шыққаннан кейінгі жағдайының реттелуі.

Біздің елде түзеу мекемелерінен шыққан азаматтардың жағдайы: олардың қалыпты өмірге бейімделіп, қоғамға сіңісіп кетуі, еңбекке араласып, жұмысқа тұрып кетуі дұрыс қолға алынбаған деп есептеймін. Сондықтан түрмеден шыққандардың жартысы немесе тіпті жартысынан көбісі абақтының арғы жағына оралады екен. Халықаралық түрме реформасының деректеріне сүйенетін болсақ, Қазақстандағы қамауда отырғандардың 49 пайызы – бұрын сотталғандар. Бұл мемлекетті ойландыратын мәселе болу керек деп ойлаймын. Себебі мемлекеттің міндеттерінің бірі ол азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын, олардың қоғамға бейімделуін қамтамасыз ету болып табылады. Соттылығын өтеп шыққан азаматтар да мемлекеттің қолдауына зәру жандар болып табылады. Себебі мемлекет тарапынан өзінің азаматтарына деген қамқорлық болмаса, онда мемлекет не үшін құрылады. Сондықтан жауапкершіліктен босаған азаматтарды қалыпты азаматтық ортаға бейімдеу, ең бастысы, ол мемлекеттің міндетті жұмысы. Себебі, қоғам үшін сол адамдардың келешекте қылмысқа қайта оралмауы маңызды.

Бостандыққа шыққандардың қалыпты өмірге үйреніп кетуі қиын. Көбісінің түрмеден шыққан соң барар жері болмайды. Себебі қылмыс жасады деп, тіпті, өз бауырлары, туған-туысқандары ондай адамдардан теріс айналып шыға келетіні де жасырын емес. Ал тек оннан бірін күтіп алар жан ашыр ата-анасы барлар ғана. Бостандыққа шығатындардың көбісі де өздерінің түрмеден соң ешкім оларды құшақ жайып қарсы алмайтынын сезінеді. Сондықтан олар өздерін қоғамның тастандысы ретінде сезініп, психологиялық күйзеліске түсіп жатады. Бостандықтағы өмірге бейімделе алмағандықтан абақтыға түсудің амалдарын ойластырып, олар тағы да қылмыс жасайды. Себебі бостандықта еш үй–күйсіз жүргендіктен гөрі, түрмеде жағдай жасалатындығын білгендіктен олар жеңілдеу өмірге, түрмедегі өмірге оралуды жөн көріп жататындар да жеткілікті. Біздің елде қадамын шалыс басқандардың бәрін бірдей түрмеге қамап, бас бостандығынан айырып жатады. Әрине, қылмыс жасағандарды бас бостандығынан айыру заңды әрекет, яғни кез–келген әрекетте немесе әрекетсіздікте қылмыс құрамы анықталған болса, оны жасағанды айыпкер деп танып, соттың үкімі шыққан соң ол қылмыскер болып табылады. Сондай-ақ,Қазақстан түрмелерiнде жазасын өтеп жатқандардың шектен тыс көп екенiн алға тартқым келеді, ол өз кезегінде,кішігірім қоғамға қауіпті әрекет жасағандардың бәрін бірдей бас бостандығынан айыруға жазалаудан да болып отырған жағдай деп ойлаймын. Мысалыға Батыс Қазақстанда бухгалтер болып істеген бір жас келіншекті 17 000 теңге үшін 7 жыл түрмеге отырғызғаны,тауық ұрлаған үшін бас бостандығынан бірнеше жылға айырылғандарды сот тәжірбиесінен көруге болады. Сондықтан осындай кішігірім қылмыстарға жол берген адамдарға бірден бас бостандығынан айыру түріндегі жаза емес, оларды ендігі жолы осындай қылмыстарға бармауға әрекет жасау, яғни олармен құқықтық тәрбие жұмыстарын жүргізу, бас бостандығынан айыру емес түріндегі жазаларды(қоғамдық жұмыстарға тарту, түзеу жұмыстары, бас бостандығын шектеу) тағайындау керек деп есептеймін. Себебі осындай кішігірім қылмыстардың болашақта үлкен қылмыстарға айналатынын түсіне отырып, алдағы уақытта қылмыстарды болдырмаудың алдын алудың маңызы өте зор.

Бас бостандығынан айрылғандар санының артуы мемлекет қазынасына да айтарлықтай ауыртпалық салып отыр. Бізде абақтыда отырған бір адам үшін жылына 700 мың теңгеден қаржы бөлінеді екен. ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Дариға Назарбаева жиынның бірінде бүлдіршіндерге қарағанда түрмеде отырғандарға қаржы көп бөлінетіндігін айтты.Жоғарыда айтып кеткенімдей, бостандыққа шыққандардың көбісі жұмыс таппай, жақындарымен қарым–қатынасын жоғалтып алғандықтан, үлкен күйзеліске түсіп, қоғамда өз орнын таппай қайта қылмыс жасап түрмеге өз еркімен түскісі келетіндері де бар. Себебі түрмеде жағдайлары жақсы. Ертең бала-шағама қандай тамақ тауып беремін деп ойламайды. Киім-кешек, тамағы, төсек орны бәрі өте жоғары деңгейде. Тамақтарының жоғары калориялы болуы қатаң қадағаланады. Барлық ассортименттері сақталады. Ал, одан шығып қаңғып қалса, ол өзіне мұндай жағдай жасалмайтынын біледі. Түрмеде жатып соның бәрін жеп отырған соң, майдай жағып, айналып келе береді. Бұл рас нәрсе.



Бірақ сотталып шыққандардың бәрі бірдей қайта қылмыс жасағысы келіп, қайтадан түрме есігін аттағысы келеді деп айтуға болмайды. Ал бостандыққа шыққан соң олардың алдағы өміріне бейімделіп кетуіне қылмыстық атқару органдары жәрдемдемдесуі керек. Оларға әлеуметтік көмек көрсету, жазаны өтегеннен кейін оларды еңбекке орналасуға, күнделікті тұрмысына көмектесуді ұйымдастырады.Қылмыскерлердiң жазасын жеңiлдету және темiр тордан шыққан соң оларға жағдай жасау жағынан бiздiң елiмiз артта қалғаны өтірік емес. Елімізде бостандыққа шыққандардың көпшілігі бірінші кезекте олар жұмыссыздық мәселесіне ұрынады. Себебі сотталып келгендердің көпшілігі бостандыққа шыққан соң жұмыс таппағандықтан, ақша болмағандықтан өздерінің ескі әдеттеріне көшіп, қылмыс жасауға бейім тұрады. Тағы айта кететін жайт, түрмеде отырып келгендердің бәрі бірдей жұмысқа деген құлшынысы болады деп те айту қиын.Сотты болған адамның алдымен өзі еңбек етуге құлықсыз. Себебі олар жатып үйреніп қалған адамдар, дайын тамақ және бәрі тегін келіп тұрғандықтан түрмедегі адамдарда жалқаулық мінез–құлық қалыптасып кетеді деп ойлаймын. Сондықтан түрмеде жазасын өтеп жатқандарды еңбекке араластыру керек, оларды сегіз сағаттық жұмысқа салу керек.Кеңес үкіметі кезінде әр мекемеде сотталғандар еңбек ететін жұмыс орындары болды. Мысалы, кеңес үкіметі кезінде КА-168/2 мекемесінде үлкен жиһаз фабрикасы болды. Темір жолдың қосалқы бөлшектерін жасайтын цех болған. Қазір де бар, жоқ емес. Бірақ қазір бұрынғыдай сырттан тапсырыс жоқ. Жұмыс ауқымы азайды. Мекемеге қажетті азын-аулақ заттарды жасап алумен шектеледі.Менің ойымша, түрмеден шыққаннан кейін емес, түрмеде отырған кезден бастап еңбекке тәрбиелеу қажет. Түрмеде еңбектеніп үйренген адам бостандыққа шыққаннан кейін де еңбекке бейімделіп тұрады.Сол себепті де жазасын өтеп шыққандарды әлеуметтiк бейiмдеу және оңалту орталықтарына орналастыруды ұйымдастырып,оларға арнайы жұмыс орнын қалыптастыру керек деп ойлаймын. Елімізде «Қылмыстық жазасын өтегендердi әлеуметтiк бейiмдеу және оңалту» орталығы түрмеден босап шыққан адамдарға консультациялық көмек берiп қана қоймай, керек жағдайда ақысыз оқу мен мүгедектiктi алу жағына да жәрдем бередi. Ал, мұндай орталық елiмiзде тек Шымкент пен Павлодар қалаларында ғана бар. Сондықтан аталған орталықтың санын көбейткен жөн. Ал, жұмыс берушілер сотталған десе, бастарын ала қашады.Сондықтан болу керек бостандыққа шығып, өз бетімен жұмыс тапқандары көбіне өздерінің соттылығы туралы айтпайды, жасырады. Айтса жұмыстан шығарып жібереді деп қорқады.Сотталғандарды жұмысқа алу туралы қаулы бар, бірақ сотталғандардың әлеуметтік бейімделуіне қатысты қарапайым шарттардың өзі орындалмай отыр. «Мәселен, түрмеден босағандарды құжаттауда, олардың есепке тұруына, жұмысқа орналасуына байланысты мәселелер лайықты шешімін таппай келеді», – дейді Халықаралық түрме реформасы өкілдігінің басшысы Сәуле Мектепбаева. Еңбекті бақылау департаменті мекемелерді тексеріп сотталғандардың еңбек етуге деген құқықтары орындалмай жатқанын ашып көрсетуі керек сияқты. Солардың тарапынан тексеріс болса бір қозғалыс болар еді. Түзеу мекемесінен шыққандарды жұмыспен қамтамасыз еткізуді заңдастырған жөн деп есептеймін, себебіәкімшілік өз тарапынан оларды жұмысқа орналастыруға белсенді атсалысар еді. Бұл бір жағынан ол адамдардың бостандық өмірге тезірек үйреніп, бейімделуі оңайлау болады.

Қазақстан Республикасындағы адам құқықтарының ахуалы туралы базалық баяндамада сотталған адамдарды жұмыспен қамту мәселелерінде белгілі бір оң үрдістер байқалады деп жазады. 2006 жылы 13415 қамалған адам (2005 жылы - 12882) жұмыспен қамтылған, олардың ішінен 8769 адам түзеу мекемелері кәсіпорындарына, 2777 адам мекемелерге шаруашылық қызмет көрсету жөніндегі жұмысқа, 1869 адам басқа ұйымдарға жұмысқа орналасқан. Пайызбен өрнектегенде сотталғандарды 2006 жылы ақы төленетін жұмысқа алып шығу колониядағы еңбекке қабілетті жазасын өтеушілердің санының 39,1% құраған (2005 жылы - 36,1%). Ақы төленетін жұмыста еңбек ететін сотталған адамдардың жалпы саны 2005 жылғымен салыстырғанда 533 адамға артқан.Жасыратыны жоқ түрмеден шыққандардың дені мемлекет тарапынан ұсынылған жұмыстарды істегісі келмейді. Айлықтары аз дейді. Одан гөрі күнделікті ақысын алатын жұмыстарға барғысы келеді. Жеке құрылыс жұмыстарына жалданып табыс тауып жатады.

Алайда қорытындылай келсек, кесiмдi жазасын өтеп шыққандарды дұрыс жолға салу iсiнде әлi де кемшiлiктер бар. Бүгінгі күні Қазақстанның қылмыстық-атқару саясатында түрмеден босағандарды әлеуметтік бейімдеу мәселесі аса өзектілер қатарында тұрғаны анық. Бұл мәселеде билік ең алдымен түзеу мекемелерінен босайтындардың тұрғылықты орнын, жұмысын, емін қарастырып, әлеуметтік қызметтерін жолға қоюы керек. Маңыздысы бостандығынан айырылған азамат түрмедегі шектеулерге қарамастан, бостандыққа бейім өмір сүруі керек. Мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан сауықтыру қызметтері мен азаматтық қоғам мүмкіндіктерін одан әрі ұлғайту дұрыс жоспарлануы қажет. Бостандыққа шыққандарға биліктің, жергілікті әкімшіліктердің, айналасындағы қоғам мүшелерінің түсіністігі, қамқорлығы алғашқы кезде ауадай қажет екенін түсіне отырып, мемлекет қоғамға бейімделіп кетуіне себепкер болуға тиіс.

Пайдаланған әдебиеттер:



  1. ҚР Қылмыстық атқару кодексі.

  2. ҚО Қылмыстық атқару құқығы, Бастемиев С.Қ. , Павлодар, Кереку 2010ж.

  3. Халық газеті, №12 (711)1 қараша 2012 ж.

  4. Алаш айнасы газеті, 27 қаңтар 2012 ж.

  5. Керек.info газеті, Шілде 18 2013 ж.



Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет