АҚЫН ЗАТЫН ТҮСІНУ ҚИЫН...
Қолжазбаға үңілу алдында, неге екенін қайдам, кітаптың кіріспе сөзіндегі мына бір жолға көзім түсті: «Кітап сөз қадірін сезінер қазақы қауымға арналған». Бұл – кешегі Отыз, бүгінгі Қырықтың қырқасына шығып қалған ақынның алғаусыз ақ адал ойы, пікірі. Осындағы «сөз қадірін сезінер қазақы қауымның» қарасы қазір қарақұрым ба, жоқ, қараң-құраң ба? Ақынның ауылынан кешелі-бүгін үдере көшіп кете қоймағанымен, Құдайға шүкір, қазақы шаңырақ бар. Ол қараң-құраң емес, әрине. Ертең қарақұрым болмасына кім кепіл?! Міне, Ақын осыған сенеді. Сене отырып ботадай боздаған болмысына көнеді. Көне отырып қолына қалам алады. Ал қалам ұшында... ұйып қалған қан бар ма, әлде, сұйықталған сөл бар ма.., ол Жазмыштың еншісінде!.. Ал Ақын пешенесіндегі Жазмыш сызығын оқымақ, оқи отырып Елдің, Жердің тағдыр-талайын танымақ әлгі айтқан кемел ой мен көркем жүректің парызы һәм қарызына сайса керек...
Айта кетелік, «Жекебатыр» – Алмас ақынның кезектегі бір жинағы. Көкшетаудың көрнекті ақыны Алмас Темірбай кітабын «Жекебатыр» деп атауға толық құқылы және лайықты! Ақын отызға жетер-жетпестің өзінде-ақ оқырманына төрт-бес кітап беріп үлгерген. Халықаралық және республикалық жыр додаларында оза шауып бәйге алған жүлдегер жүйріктігі тағы бар. Демек, «Қайран, жиырма бестен...» өтіп, «Орда бұзған отызға...» жетіп, егде демесек те, екпінін баса қоймаған Шайырдың шабытты шабысы дәл осы жинақта жинақылана түсуі әбден мүмкін-ау!.. Есенинді былай қойғанда, тым-тым бергідегі Евтушенконың: «Жизнь до сорока как хмель,
После сорока... похмелье» дегені бар еді. Әйткенмен, біздің ұғымымызда, «жас ақын», «жасамыс ақын» деген жоқ, «АҚЫН» деген төрт-ақ әріптен тұратын айшықты айдар бар! Біздің түсінігімізше, қияннан, шеттен Алматыға келген әрбір жас таланттың арқалаған жүгін қайдам, жүрегінің түгі бар екені айдан анық. Жоғалуы да мүмкін, тоналуы да мүмкін. Танылуы да мүмкін, жаңылуы да мүмкін... Бұл хал Алмастың да басынан өткен. «Алматыға келгенде» өлеңі он тоғыз жасында жазылыпты:
«Армысың, Алматы,
Мың сәлем бәріңе:
Ырзамын Алланың бұйыртқан дәміне.
Сен жайлы көңілім – әлі де мөп-мөлдір,
Сен жайлы ойларым – әдемі әлі де.
...Менің әр ізімді бақылап, есептер,
Дұшпаным, е, мейлі, сөз гулет, өсек тер!
Мен сені аяймын:
Меккеге барса да –
Есек боп қайтады, бәрібір, есектер...
Шаң басқан беттерін парақтап Өткеннің
Білмеймін, кімдерге не үшін кектендім?..
Шын сүйгім келеді бәрін де, ей, Өмір,
Ешкімді ешқашан келмейді жек көргім.
Ешқашан өкінбе,
Ешқашан торықпа,
Рухым тұр асқақтап шыққандай жорыққа!
...Шыңғыс хан сияқты мырс еттім ішімнен:
«Қорықсаң – істеме, істесең – қорықпа!»
Асау мінез... Албырт шақ... Романтикалық сарын... Несі бар, жас ақынға бәрі де жарасымды. Есенин де Мәскеуге осылай келген. Бірақ, екеуін де қазымыр қала қақпақылға салып, жұлымыр жұрт жұтып жіберген жоқ. Есенин «Качаловтың итін» жазса,
Алмас «Екі аяқты Қасқырды» жазады, былай деп:
Ай туғанда...
Көкке қарап ұлыдым.
Ұлыдым-ау үзілердей жұлыным!
Жеткізбейді төрт аяқты иттерге
Үш аяқты менің қасқыр-ғұмырым.
...Қайғы болып шығады іштен күлкім де,
Ішім күйсе... ұлымауым мүмкін бе?!
Ит адамға айналмайды ешқашан,
Адам итке айналады бір күнде!..
Өлең жаздым өзім үшін құлшынып,
Өмір сүрдім біреу үшін түршігіп.
Менен ескі итаяғын қызғанып,
Үрді маған ит сияқты Тіршілік.
Отыз қырдан аспадым ба, астым ба,
Не күтіп тұр қырық қырдың астында?
...Ит-тірлікке ыза, кегім күшейіп,
Ұқсап барам екі аяқты қасқырға:
Достарыңызбен бөлісу: |