2.2. Қылмыс объектілерінің түрлері
Қылмыстық құқық теориясында қылмыс объектісінің рөлі мен маңызына терең талдау жасау үшін, қылмыс объектілерін, әдетте, жалпы тектік және тікелей деп ажырату қалыптасқан.
Қылмыстық жалпы объектісі ретінде қылмысты қол сұғушылықтан қылмыстық заң арқылы қорғалатын мүдделер жиынтығы айтылады. ҚР Қылмыстық кодексінің 2-ші бабы 1-ші белігіне сәйкес бұл адам мен азаматтық құқықтары, бостандықтары мен заңды мүдделері, меншік, ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделері, қоғамдық қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіп, қоршаған орта, Қазақстан Республикасының конституциялық құрылысы мен аумақтық тұтастығы және бейбітшілік пен адамзат қауіпсіздігі бұл объектілердің ерекшелігі сол, кез келген қылмыс, бір жағынан, тек осы объектілерге қиянат көрсетуі мүмкін, ал екінші жағынан - қылмыстың кез келгені бұл объектілердің біреуіне ғана қиянат керсете алады, себебі, жалпы объект дегеніміздің өзі қылмыстық заңмен қорғалатын объектілердің жиынтығы.
Объектіге қол сұғушылықты одан әрі айқындау қылмыстардың тектік және тікелей объектілері бойынша іске асырылады.
Тектік объект - бұл жалпы объектінің бөлігі. Ол бірыңғай қылмыстардың тобы қиянат жасайтын бір текті мүдделердің тобын қүрайды. Тектік объект қылмыстық кодекстің Ерекше бөлімінің жүйесін құрастыруда маңызы зор. ҚР ҚК Ерекще бөлімінің құрылыс жүйесі негізіне қылмыстардың тектік объектісі қойылған. ҚР ҚК Ерекше бөлімінің әрбір тарауында өзінің тектік объектісі бар. Айталық, ҚР ҚК 1-ші тарауына біріктіріліп, баптарында қарастырылған қылмыстардың тектік объектісі адамның жеке басы болып табылады.
Заңның өзі кейбір жағдайларда қылмыстардың бір тектес объектілерін атап көрсетеді. Мысалы, ҚР Қылмыстық кодексінің 366 -бабында әскери қылмыстың анықтамасы мен жалпы ұғымын бере келе бұл қылмыстың тектік объектісін "Әскери қызмет атқарушы, әскери қызметшілердің, сондай-ақ запастағы азаматтардың жиындардан өту кезінде әскери қызмет атқарудың белгіленген тәртібіне қарсы қылмыстар", - деп атап көрсеткен.
Тектік объектілер бірқатар тараулардың атауларында да көрсетіледі (мысалы, ҚР ҚК 14-тарауы Басқару тәртібіне қарсы қылмыстар).
Кейбір жағдайларда тектік объект ҚР ҚК Ерекше бөлімінің тарауына енгізілген нақты қылмыс құрамына талдау жасау арқылы анықталады.
Қылмыстардың тектік объектісін анықтаудың қылмыстарға, әсіресе сырттай ұқсас қылмыс құрамдарына байланысты қылмыстық іс-әрекетті саралауда тәжірибелік маңызы үлкен. Мұндай жағдайлар адамның жеке басына қарсы қылмыстар мен бұзақылық арасында кездеседі (біріншісінің объектісі адамның жеке басы болса, соңғысының объектісі -қоғамдық тәртіп).
Тікелей объект - бұл тектік объектінің бөлімі, яғни қылмыстық заңмен қорғалатын бір немесе бірнеше қиянат бағытталған нақты бір мүдде, я болмаса нақты бір қылмыстың салдарынан зиян шегуші нақгы игілік. Ерекше бөлімнің 1-ші тарауындағы баптарға сәйкес қылмыстардың тікелей объектілері болып табылатын адам өмірі мен денсаулығы жеке басқа түгелдей қатысты болғанымен, тектік объектінінің бөлігі ретінде қарастырылады. Тікелей объектінің қылмыстық тәртіпті анықтаудағы тәжірибелік маңызы зор, себебі ол кейбір жағдайларда қылмысты осы тектес басқа қылмыстардан ажыратып алуға мүмкіндік береді. Тікелей объект кейбір реттерде әртүрлі қылмыс құрамында бірдей болуы мүмкін. Мысалы, ҚР ҚК -тің 96-бабының 1, 2-бөліктері, 97, 98, 99-баптар. Аталған қылмыстар тікелей объектіге қарап ажыратылмайды, қылмыс құрамының басқа элементтерінің белгілеріне қарап ажыратылады.
Әдетте, әр қылмыстың өзінің тікелей бір объектісі болады. Алайда бір мезгілде екі тікелей объектіге қиянат көрсететін қылмыс түрлері де кездеседі (қос объектілі қылмыс). Бұл жағдайларда объектілердің біреуі басты (негізгі), ал екіншісі -қосымша болып есептеледі. Ал тікелей объектінің қайсысы -негізгі, қайсысы - қосымша екендігі туралы сұрақ құқықтық тұрғыдан қорғалушы игіліктің өз маңыздығына емес, оның тектік объектімен байланысына қарай шешіледі. Мысалы, сот төрелігін жүзеге асыруға немесе алдын-ала тергеу жургізуге байланысты қорқыту немесе күш көрсету әрекеттері (341-6.) сияқты қылмыстардың тікелей объектісі сот төрелігінің мүддесі, әрі жеке басы болып табылады. Бұлардың алғашқысы негізгі объект, ал соңғысы бұл арада қосымша объект болып қарастырылады.
Негізгі объект - ол басты тікелей объект. Қылмыстық-құқық нормасы, ең алдымен, оны қорғау үшін шығарылады. Демек, негізгі объект -қылмысты ҚК-тің белгілі бір тарауына қосу үшін негіз болатын басты объект.
Негізгі объектіге қарсы қиянат жасау барысында "жол-жөнекей" түсетін зардапқа төзетін (немесе осындай зардап түсу қаупі бар) объект, қосымша объект болып табылады1. Мысалы, шабуыл жасап тонауда негізгі объект - меншік, қосымша объект нақты адамның денсаулығы.
Факультативті объект - қылмыс жасау барысында белгілі бір зиян тигізілуі де, тигізілмеуі де мүмкін қатынас (мүдде). Мысалы, бұзақылық жасау барысында негізгі объект қоғамдық тәртіп, ал жеке адамның мүддесі бұзылуы да, бұзылмауы да мүмкін.
Қылмыстың негізгі объектісін анықтау іс-әрекетке әлеуметтік - саяси сипаттама беруге, оның қоғам үшін қауіптілік деңгейін бағалауға және ҚК-тің бөлімінің қай бабын қолдану мәселесін шешуге, яғни болған іс-әрекетті қалай саралау керектігін оңайлатып береді.
Достарыңызбен бөлісу: |