Жоғары деңгей С1
13-апта
Қазақтың атақты ақын-жазушылары. Танымдық ақпараттық мазмұндағы сипаттама,суреттеме мәтіндердің негізгі бейнелеуіш, көркемдеуіш тәсілдері
Қазақтың революцияға дейінгі әдебиетінің өркендеу жолдары халық ақындарының аттарымен байланысты екенін де білеміз. Халық ақындары қазақ әдебиетінің күшті бір отряды болып та келген, болып та отыр. Егер де халық ақындары революциядан бұрынғы дәуірлерде қазақ халқының мұңын, зарын, арманын жырлап келсе, революциядан бергі жерде сол халықтың қолы жеткен бақытын, көктемнің көгіндей қаулап өскен өмірін, шаттығын, күш-қуатын жырлап келеді. Қазақстанда соцализм жеңістері, сол жеңістердің туы болған Ленин есімін ең ләззатты сезіммен, күшті сүйінішпен жырламаған халық ақыны (егер де ол халықтан шыққаны рас болатын болса) жоқ шығар. Ал, ендеше І съезде халық ақындары туралы мәселе ауызға алынбауын не дейміз? Оған жауап біреу-ақ: Қазақстан совет Жазушылары одағының басшылығында болып келген екі жүзді қарабет дұшпандар, қазақ халқының өмірін сырт саудалап өлімге сатпақшы болған, анасының адал сүтін арандауға әрекет жасаған азғындар, қазақ халқының ішінен шыққан ақын ұлдары мен қыздарын әдебиет сахнасына шығармауға тырысқандығы айдан анық. Сол бірінші съезде сумаңдап сөз сөйлеген сұмырай жаулар, ел мәдениетінің өш дұшпандары съезд трибунасын өз мақсаттарына пайдалануды көздеп, бірін-бірі мадақтауды, сөйтіп бірінің қара бетін бірі бүркеуді ғана білді. Олар өздерінің арамдық істерін жүргізу үшін қазақтың советтік әдебиетінің адал кадрын, әсіресе, халық ақындарын көрсетпей бүркеуге әрекет жасады. Міне, І съезде халық ақындары туралы мәселе ауызға алынбауының ең басты себебі осы. Оның үстіне, тағы да сол қырсықты дұшпандардың салдарынан, Қазақстан Жазушылары одағының басқармасы халық ақындарымен жұмыс жасауды елей алмап еді. Бірақ «асыл пышақ қап түбінде жатпас» дегендей, халықтың талантты қыздары мен ұлдары әдебиет дүниесінің сахнасына жарқ етіп шыға келді. Қуаныштың құйыны соғып, өнер теңізінің түбінде жатқан асылдарын жарыққа шығарды.
Достарыңызбен бөлісу: |