1-тапсырма Сөйлемдерді оқып, құрамынан тура және ауыспалы мағыналы сөйлемдерді ажыратыңдар.
1. Тура ағаш – үйге тіреу, тура жігіт – елге тіреу. (Мақал) 2. Айдар, Айдар ақ Айдар, Жағаң – сурет, суың – бал. (Ж.Саин) 3. Ақымақ – шаппамен бауыздар, ақылды – мақтамен бауыздар. (Мақал) 4. Қызды ауылдың иті жатпас.(Мақал) 5. Орыстың ғалымы,өнері – дүниенің кілті,оны білгенге дүние арзанырақ түседі. (Абай)
2-тапсырма Төмендегі сөз тіркестерінің құрамынан көп мағыналы сөздер мен омоним сөздерді тауып, олардың қандай мағынада қолданылып тұрғанын анықтаңдар.
а) Адамның көзі қырағы, істің көзін білу керек, көз бояу, иненің көзі тар, терезенің көзі. ә) Киім жағасы, өзен жағасы, ағасы бардың жағасы бар. б) Егін ор, орға түсіп кетпе. в) Белі ауырады, қойлар анау белде жайылып жүр. г) Малға күтім керек, қолыңды шипа суына мал.
3-тапсырма Төмендегі сөздерді оқып, құрамынан омоним, синоним, антонимдерді жеке – жеке топтап жазыңдар.
Үлгі: Омонимдер: Антонимдер: Синонимдер: Күрес, Көп – аз Өсу, даму Айтыс, Бар – жоқ Пысық, ұл, аз, қыз, өсу, әйел, даму, ширақ, тірі, бар, өлі, жоқ, келбетті, ауыр, көрікті, ақ, реңді, қара, өркендеу, жұмсақ, кедей, еті тірі, қатты, ұсақ, ар, күрес, айтыс, өр, қыр.
4-тапсырма Төмендегі сөздерді оқып, мағыналарын анықта да, архаизм сөздерді бір бөлек көшіріп жазыңдар.
1. Әмеңгерлік. Рабфак. Ояз. Тасаттық. Низам. (М.Серғалиев). 2. Қорамсақ. Ескілік. Хан. Феодал. Уәзір. Сақ. Кент. Би. Қазы.
Қарапайым деңгей (А1)
6-апта
Үй, пәтер, бұйымдардың аталуы.
Сын есімдер, анықталатын сөздің алдында тұруы.
Кебеже - тамақ сақтауға арналған сандыққа ұқсас ағаш бұйым. Кебеженің түбі қалың тақтайдан жасалады. Оның қақпағы сандықтың қақпағы сияқты, кейде жармалы да болып келеді. Жармалар не көлденең кергіш ағашпен, не таспамен жалғастырылады. Кебеженің беті де кейде сырмен, кейде сүйекпен ою салып өрнектеледі.
Жастықағаш - жер төсекте жатқан адамның басын биіктету үшін жастықтың астына қоюға ыңғайлап жасалған тиянақ ағаш. Жастықағаш - кәдімгі ағаш төсектің сыңар басы (жоғарғы басы). Оның екі аяғы, жастықты жерге түсірмей тұратын тақтай кермесі және жастықтың астына қоюға лайықтап жасалған көлбеу тақтай төсеніші болады. Жастықағаш тұтас, ағаш төсекке қарағанда әрі ықшамды, әрі жеңіл болғандықтан, көшпелі тұрмыста көп пайдаланылған.
Жүкаяқ - жиған жүктің астына қоюға арналған ағаш тұғыр. Жүкаяқ кепкен, мықты әрі жеңіл ағаштан, өңделген, тегіс тақтайдан жасалады. Ол негізгі уш бөліктен: жанағаштан (алдыңғы және артқы беттер), аяқтан, шабақтан тұрады. Жүкаяқтың пішіні екі түрлі болады:
Сандық - киім-кешек, тағы басқа да заттарды салуға арналған, ағаштан жасалған бұйым. Сандық - халықтар тұрмысында ерте кезден пайдаланылып келе жатқан ең ежелгі жиһаздың бірі. Көшпенді халық үшін ол өте-мөте қолайлы болған. Сандықтың аузына көбінесе ішкі құлып, кейде аспа құлып орнатылады. Сандықты жерге қойғанда түбі дым тартпау үшін, оның астыңғы төрт бұрышымен үйлестіре тақтайдан бұрыштап аяқ орнатады. Сандықтың беті әр түрлі бояумен сырланып, не өрнектеледі не айшықты қаңылтырмен, кейде өрнекті сүйекпен қапталады. Сандықтың екі бұйіріне тұтқа орнатылады
Асадал - тамақ пен ыдыс-аяқ сақтауға арналған кебеже тектес ыдыс. Асадал мықты әрі жеңіл ағаштан жасалады. Асадалдың түбі оның ішкі жағындағы жиекшелерге тірей орнатылатын қалың тақтаймен, үстіңгі беті жұқалау тақтаймен жабылады. Алдыңғы бетінде топсамен бекітілген бір кейде екі жармалы есігі және суырмасы болады. Асадал сәнді болу үшін оның бетін әр түрлі бояулармен өрнектеп сырлайды не сүйекпен өрнектеп әшекейлейді. Асадалдың үйдегі орны - қазан-аяқ (сол жақ) жақ.
Алаша - әр түрлі жүннен немесе әр түрлі түске боялған мақта мен жүннен тоқылған төсеніш. Оны екі түрлі әдіспен: түрлі -түсті жіптерді жарыстыра жолақ жасап, әр түстерін, көп мәнерлі өрнектер түсіріп тоқиды. Алғашқысын жолақ алаша, соңғысын терме алаша деп, кейде кілем алаша деп те атайды. Алаша енсіз тоқылғандықтан төсеніш, тұс кілем, қоржындар жасағанда бірнеше ендерді біріктіріп тігеді.
Сын есімдер, анықталатын сөздің алдында тұруы.
Сын есім деп заттың сапасын, сипатын, қасиетін, көлемін, салмағын, түсін (түр-реңін), дәмін және басқа сол сияқты сыр-сипаттарын білдіретін лексика-грамматикалық сөз табын айтамыз. Сын есімнің табиғи қызметі зат есімге анықтауыш мүше болу. Ол зат есімге тіркесіп анықтауыш қызметін атқарғанда ешқандай өзгеріске үшырамайды: анықталатын зат есім көптік, септік, тәуелдік формаларының қайсысында қолданылса да, сын есім . еш уақытта да тәуелденбейді, көптелмейді және септелмейді. Сонымен бірге, бір алуан сын есімдер зат есімді анықтауларымен қатар, етістікті де анықтап, үстеу сөздердің қызметтерін атқарады.
Мысалы: Семіз сөйлеп, арық шыққанша, арық сөйлеп, семіз шық (мақал).
Достарыңызбен бөлісу: |