30-бап. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік
сатып алуды жүзеге асырудың негіздері
1. Егер осындай біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына республикалық бюджет туралы заңмен белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алу жүргізіледі, бұл ретте баға шешуші шарт болып табылады.
2. Баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен бiртектi тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң бiрнеше түрлерiн мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi олардың бiртектi түрлері бойынша және (немесе) оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге мiндеттi.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен бiртектi тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi мемлекеттiк сатып алуды жүзеге асыру кезiнде мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтердi оларды беру (орындау, көрсету) орны бойынша лоттарға бөлуге мiндеттi.
Осы тармақта көзделген жағдайларда баға ұсыныстарын сұрату тәсiлiмен мемлекеттiк сатып алудың жеңiмпазын айқындау әрбiр лот бойынша жүзеге асырылады.
3. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық көлемін қаржылық жыл ішінде олардың бірінің мөлшері осы баптың 1-тармағында көзделгеннен кем болатын бөлікке бөлшектеуге жол берілмейді.
Ескерту. 30-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
31-бап. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік
сатып алуды ұйымдастыру және өткізу
1. Мемлекеттiк сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын табыс ету мерзiмi аяқталғанға дейiн бес жұмыс күнiнен кешiктiрмей мемлекеттік сатып алу веб-порталында мынадай:
1) мемлекеттiк сатып алу үшiн бөлiнген сомаларды көрсете отырып, өткізiлетiн мемлекеттiк сатып алудың нысанасы болып табылатын тауарлардың саны, орындалатын жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң көлемi туралы ақпаратты;
2) сатып алынатын тауарлардың (техникалық шарттарын көрсете отырып), жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердiң қысқаша сипаттамасын;
3) тауарды беру, жұмыстарды орындау, қызметтердi көрсету орнын;
4) тауарды берудiң, жұмыстарды орындаудың, қызметтердi көрсетудiң талап етiлетiн мерзiмдерiн;
5) әлеуетті өнім берушілердiң баға ұсыныстарын табыс етуді бастау және аяқтау мерзiмi туралы ақпаратты;
6) елеулi талаптарын, оның ішінде техникалық шарттарын көрсете отырып, мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасын қазақ және орыс тілдерінде орналастыруға міндетті.
Осы тармақта көзделген, орналастырылатын ақпаратта мемлекеттік сатып алуды мынадай:
1) негізгі (орнатылған) жабдықтарды толық жасақтау, жаңғырту және толық жарақтандыру үшін;
2) тауарды лизингке беру жөніндегі қызмет көрсетулерді берушіні айқындау үшін және лизингтің нысанасын егжей-тегжейлі сипаттау қажеттігі туындағанда жүзеге асыру жағдайларын қоспағанда, тауар таңбаларына, қызмет көрсету белгілеріне, фирмалық атауларына, патенттерге, пайдалы модельдерге, өнеркәсіптік үлгілерге, тауардың шығарылған жерінің атауына және өндірушінің атауына, сондай-ақ сатып алынатын тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің жекелеген әлеуетті өнім берушіге тиесiлiгiн айқындайтын өзге де сипаттамаларға арналған сілтемелердің болуына жол берілмейді.
2. Әлеуетті өнім беруші электрондық мемлекеттік сатып алуды өткізу қағидаларында көзделген мәліметтерді қамтитын бiр ғана баға ұсынысын табыс етуге құқылы, оған өзгерiстер және (немесе) толықтырулар енгiзуге жол берiлмейдi.
Әлеуетті өнім берушінiң баға ұсынысын беруі оның мемлекеттiк сатып алу туралы шарт жобасында көзделген елеулi талаптарды сақтай отырып, тауарды берудi, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетудi жүзеге асыруға келiсiм бiлдiргенінің нысаны болып табылады.
3. Баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі аяқталғаннан кейін мемлекеттік сатып алу веб-порталы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындыларын автоматты түрде ашуды және шығаруды жүргізеді.
Ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.
Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім берушілер берген жағдайда, өзінің баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады. Мемлекеттік сатып алу веб-порталы баға ұсыныстарын салыстыруды автоматты түрде жүргізеді.
4. Осы Заңның 39-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы мен әлеуетті өнім берушінің арасында мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы не мемлекеттік сатып алу веб-порталын қолданбай, өзге тәсілдермен оның баға ұсынысына қатысты келіссөздер жүргізілуіне жол берілмейді.
5. Егер баға ұсыныстарын табыс ету мерзімі ішінде әлеуетті өнім берушілердің екіден аз баға ұсынысы табыс етілген болса, мемлекеттік сатып алу веб-порталы мұндай мемлекеттік сатып алуды өтпеді деп таниды және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қайтадан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады.
6. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы:
1) егер ол осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу үшін бөлінген сомадан асып түскен;
2) егер әлеуетті өнім беруші бұрын осы лотқа баға ұсынысын берген;
3) осы Заңның 6-бабы 1-тармағының 3), 3-1) 3-2) және 4) тармақшаларында көзделген жағдайларда, мемлекеттік сатып алу веб-порталының одан автоматты түрде бас тартуына жатады.
Өзге негіздер бойынша баға ұсыныстарынан бас тартуға жол берілмейді.
7. Егер баға ұсыныстары осы баптың 6-тармағында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік сатып алудың веб-порталында автоматты түрде қабылданбағаннан кейін әлеуетті өнім берушілердің екіден аз баға ұсынысы қалған болса, онда мұндай мемлекеттік сатып алу өтпеді деп танылады және мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алуды қайтадан жүзеге асырады.
8. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындылары оларды шығарғаннан кейін мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде жарияланады.
9. Тапсырыс беруші баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен мемлекеттік сатып алу қорытындысы бекітілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына қол қояды және оны ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім берушіге жібереді. Мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасына ең төмен баға ұсынысын берген әлеуетті өнім беруші не осы баптың 3-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші қол қоюға және ол мемлекеттік сатып алу туралы қол қойылған шарт жобасын мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы берген күннен бастап жеті жұмыс күнінің ішінде тапсырыс берушіге табыс етілуге тиіс.
Осы Заңның 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасының елеулі талаптарына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізуге жол берілмейді.
Жеңімпаз деп айқындалған және мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім беруші осы Заңда белгіленген тәртіппен мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушыларының тізіліміне енгізіледі.
10. Егер жеңімпаз деп айқындалған әлеуетті өнім беруші қол қойылған мемлекеттік сатып алу туралы шартты тапсырыс берушіге белгіленген мерзімде бермесе, тапсырыс беруші:
1) мемлекеттік сатып алу туралы шартты – осындай баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім берушімен, ал мұндай әлеуетті өнім беруші болмаған кезде баға ұсынысы мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған әлеуетті өнім беруші ұсынған бағадан кейін ең төмен болып табылатын әлеуетті өнім берушімен жасасуға;
2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қайтадан мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыруға құқылы.
Ескерту. 31-бап жаңа редакцияда - ҚР 2012.01.13 № 543-IV (алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Заңымен.
Достарыңызбен бөлісу: |