75. Киеңкі ауруы (морфо-биологиялықерекшеліктері, эпизоотологиясы, клиникасы).
Киеңкі немесе қарақаптал жылқы мен есектің жəне қашырдың Trypanosoma eguіperdum деп аталынатын паразит қоздыратын, көбінесе жыныстық жанасу арқылы жұғатын созылмалы ауруы. Ауруға шалдыққан малдың жыныс мүшелері, терісі жəне жүйке жүйесі зақымдалады.
Қоздырғышы. Киеңкінің қоздырғышы Trypanosoma eguіperdum денесі бұрғы тəрізді бір торшалы паразит. Оның ұзындығы 22-28 мкм, ені 1,4-2,6 мкм. Денесінің орта тұсында ядросы, ал оның арт жағында тағы бір кішірек ядросы (блефаропласт) орналасқан. Осы кішірек ядродан трипаносоманың бишігі басталып, ол паразиттің бір жақ шетіндегі жұқа жарғақты көмкеріп, торшаның бас жағында бос бишік болып жатады. Киеңкінің трипанозомасы жыныс мүшелерінің кілегей қабығын жəне осы қабықтың қыл тамырларын мекендейді. Трипанозоманың бұл түріне тек қана тақ тұяқтылар бейім. Зертханалық ұсақ жануарларға бұл қоздырғыш жұқпайды. Сондай-ақ, жасанды қоректерде де өсіп-өнбейді. Жыныс мүшелерінде паразит ұзынынан екіге бөліну арқылы көбейеді. Паразит денесінен трипанотоксин деген уытты заттар бөлініп шығады. Трипанотоксин қанға тарап, бүкіл денеге зиянды əсерін тигізеді.
Эпизоотологиялық деректер. Киеңкі ауруымен жылқы, есек жəне қашыр ауырады. Ауру көбінесе шағылыс маусымында ауру малдан сау малға жұғады. Үйірдегі айғыр ауруды ондағы биелерге таратады. Сондай-ақ ауру қоздырғышы зерттеу аспаптары арқылы да таралуы мүмкін. Киеңкі əсіресе асыл тұқымды мал өсіретін жылқы зауыттарына жəне фермаларына аса қауіпті. Қазақстан жағдайында киеңкі жергілікті байырғы жылқыда, əсіресе табындағы жылқыда, ешбір сыртқы белгісіз астыртын өтуі мүмкін. Бірақ шеттен əкелінген асыл тұқымды жылқыға жұқса, кесел ауыр түрде өтеді. Есек пен қашырда бұл аурудың клиникалық белгісі болмайды.
Ауру белгілері. Киеңкінің жасырын кезеңі 2-3 ай. Аурудың алғашқы кезеңінде айғырдың жыныс мүшелері- ұмасы, қасасы, күпегі ісінеді. Ал биенің желіні, сыртқы жыныс мүшелері жəне құрсағының төменгі жағы ісінеді. Ісіктерді сипап көргенде салқын, жұмсақтығы қамыр тəрізді жəне мал ауырсынбайды. Жыныс мүшелерінің терісінде алғашқыды кішкентай түйіндер пайда болып, олар кейіннен ашық жараға айналып жазылып кетеді де, орнында ақшыл дақтар (пигментсіз) қалады. Қынаптан сарғылт түсті қан аралас жалқаяқ ағады. Аурудың бұл кезеңінде ісіктер басым болғандықтан, оны ісіктер кезеңі деп атайды. Аурудың бұл кезеңінде жылқының жалпы күйі өзгере қоймайды, тəбеті қашпайды. Осы кезеңнің аяғында малдың жыныстық қабілеті күшейгендей сырт белгілері байқалады. Аурудың екінші кезеңіне жылқы терісінің зақымдануы тəн. Ауру жылқының терісінде ауық-ауық есек жем тəрізді бөртпелер пайда болады. Сауырында, кеуденің екі жағында жəне қарын жағында дөңгелек, диаметрі 4-20 смдей шығырық тəрізді ісіктер пайда болып, бірнеше сағаттан кейін бұл ісіктер өздігінен жойылып, аздан соң қайта шығуы мүмкін. Əдетте буаз бие осы кезеңде іш тастайды. Ауру бұдан əрі асқына түссе, киеңкінің үшінші кезеңі басталады. Аурудың үшінші кезеңінде жүйке жүйесі жартылай (парезге) немесе толық салдануға шалдығады. Əдетте бір жақтағы жүйке парезге шалдыққан жылқының бір құлағы салбырайды, бір жақ қабығы түседі, ернінің бір жағы қисаяды Малдың шонданай жүйкесі зақымданса, жүрісі тəлтіректеп, сауыры мен артқы аяқтарының бұлшық еттері семе бастайды. Сондықтан жылқының жүрісі өзгереді, артқы аяқтарын сылтып басады. Белжүйкесі толық зақымданған жағдайда, жылқы артқы аяқтарын баса алмай, ит сияқты отырып қалады. Сол себептен киеңкіні орысша “подседал” деп те атайды. Кейінірек жылқы бөксе жағын көтере алмай, жатып қалып бірте-бірте көтеремге айналады да, денесі салданып өліп қалады. Осылай ауырған жылқының 30-50 % дейін өлім-жітімге ұшырауы мүмкін. Аурудың үшінші кезеңінде малдың көзі коньюнктивитке шалдығып, оған ақ түсуі (ноғала) мүмкін. Сондай-ақ, буындар ісініп, тыныс жолдары да қабынады. Киеңкі созылмалы ауру, ол 1 жылға, кейде одан да артық уақытқа созылады. Бірақ жоғарыда көрсетілген белгілері түгел біліне бермейді. Табындағы жылқыда аурудың бірінші кезеңі байқалмай өтуі де мүмкін. Ауру асқынып, мал қиналып тұрып қалғанда ғана киеңкінің келесі кезеңдерінің белгілері біліне бастайды. Кейде ауру жасырын түрде өтіп, тек қана екінші жəне үшінші кезеңдерінің кейбір белгілері ғана білінеді.
Достарыңызбен бөлісу: |