Пәннің кіріспесі
ҚР Білім және ғылым министрлігінің башылығымен жоғары кәсіптік білім беруде бакалавриатқа арналып шығатын типтік оқу бағдарламалардан бұрын «Тіл біліміне кіріспе» курсының бағдарламасы филология ғылымдарының докторы, профессор С.Аманжоловтың құрастыруымен 1982 жылы жарық көрген еді. Аталған бағдарлама тек педагогика институттарының Қазақ тілі мен әдебиеті бөлімдерінің студенттеріне арналған болатын. Қазақстан Республикасының қазіргі жаңа даму кезеңінде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алуына байланысты университеттердің қазақ филологиясы факультетінде бірнеше мамандықтар бойынша түрлі бөлімдер (аударма ісі, қазақ-орыс бөлімі, қазақ-ағылшын, аударма және менеджмент, аударма-құжаттану, қазақ-түрік, қазақ-араб т.б.) ашылып отыр. «Тіл біліміне кіріспе» курсының жаңа бағдарламасы осындай ерекшеліктерді ескере отырып, құрылымдық, жүйелік жағынан толықтыруды қажет етеді. 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша еңбек көлемі – 2 кредит (90 сағат) берілген. Бұл пәннен лекция тыңдайтындар – арнайы лингвистикалық дайындығы жоқ бірінші курстың студенттері және мамандығының алғашқы оқылатын пәндерінің бірі екендігі ескерілуі тиіс. Сондықтан да «Тіл біліміне кіріспе» курсының басты мақсаты – тіл білімінің негізгі ұғымдар жүйесімен және тілдік терминдермен таныстыру, тілдің құрылымдық, жүйелік, танымдық болмысы, мәні жайлы түсінікті қалыптастыру, қазақ тіл біліміне қатысты зерттеушілердің еңбектерін сараптай білуге үйрету және де студенттерді тілдік талдау дағдысына жаттықтыру болып табылады. Бұл курс екі бағытта: теориялық және практикалық тұрғыдан жүргізілетіндіктен, мүмкіндігінше материалдарды жинақтап беру мақсат етілді.
«Тіл біліміне кіріспе» курсы қазақ филологиясының студенттері үшін жалпы тіл біліміне қатысты түсінік негіздермен танысып қана қоймай, қазақ тілінің де құрылымын, фактілерін ғылыми тұрғыда терең түсінуге, мемлекеттік тіл мәртебесі мен ана тілінің туыс тілдерімен генетикалық жақындығын білуіне, басқа туыс емес тілдермен типологиялық ұқсастықтарын салыстыруға мүмкіндік береді. Курс студенттердің өздігінен оқу құралдарымен, сөздіктермен, анықтама және ғылыми әдебиеттермен жұмыс жасауына бағдар береді. «Тіл біліміне кіріспе» пәні бакалавриаттың алғашқы курсында оқытылады және филологтарды лингвистикалық пәндерге дайындаудың алғашқы баспалдағы болмақ. Қорыта айтқанда, жалпы тіл білімінің негізгі деген мәліметтерімен, салаларымен, ұғымдарымен, терминдерімен және оның өзекті теориялық мәселелерімен таныстырған уақытта тікелей қазақ тілімен байланыстырылып отырылады және зерттеуші ғалымдардың еңбектерімен де таныстырылады. Аталмыш пән – жалпы университеттер мен институттардың, академиялардың филология факультеттерінде 5В011700 – «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығында оқитын студенттердің базалық пәні есебінде саналады. Пәннің мазмұнында – студенттерге лингвистикадан жан-жақты мәлімет беру, тілдің қызметі, тілдердің пайда болуы мен дамуы, олардың генеологиялық және типологиялық жақтан топтастырылуы және ерекшеліктері, жазу мен оның түрлері, тіл және қоғамның диалектикалық бірлігі, тілдің деңгейлік жүйесі – фонетика және фонология, лексикология, сөзжасам, грамматика туралы, тілдің мәні мен саясаты, тіл мен ойлау және сөйлеу, әдеби тіл мен ұлттық мәдениет, мемлекеттік тіл мәртебесі жайлы жүйелі білім беру көзделген. Пәнді оқыту аяқталғаннан кейін студенттің меңгеретін білімдік, іскерлік дағдылары: тілдің қоғамдық мәні мен қызметін тану; тілдің әдеби нормаларынан түсінік алу; тілдің қарым-қатынас құралы екенін және тілдің басқа да қызметтерін білу; тіл ғылымының құрылымдық жүйесін тану, зерттеу мақсаттарына қарай түрлерін айыру, қай ғылымдар тобына жататындығы мен басқа да ғылымдармен байланысын анықтау; тіл ғылымының жүйелік, құрылымдық салаларынан жүйелі білім алу, ерекшелігін тану; тілдердің шығуы жайындағы теориялардан және тілдердің дамуы жайлы мәлімет алу; жазу және оның түрлерін, даму кезеңдерін айта білу; тілдердің генеологиялық, типологиялық классификацияларын білу. Сонымен қатар басқа типтік және туыстық тілдерден қазақ тілінің өзіндік ерекшеліктерін ажырата білуге, тани білуге түсінік негіздемелер беріледі.
Достарыңызбен бөлісу: |