58. Нематодалар құрылысы,морфологиялық ерекшеліктеріне сипаттама беріп түсіндіріңіз
Нематодтар түр саны жағынан (27000-нан астам), кеңістікке таралуы сипаты жағынан да ең жоғары тұрған топ. Бұлардың бүкіл әлемде кездеспейтін ортасы жоқ. Мұхиттар мен теңіздер түбінде, тұщы суларда, топырақ арасында еркін қозғалып тіршілік етсе, паразиттік түрлері өсімдіктер мен жануарлардың барлық мүшелерінде кездеседі. Құстар мен насекомдардың паразиті ретінде олар ауа қабатын да меңгерген деп айтуға болады. Айналамызда жүріп жатқан шіру процесінің барлығы осы нематодтардың қатысуы арқылы жүреді. Нематодтардың дене мөлшері мен формасы (пішіні) эволюция барысында түрлі тіршілік орталарына бейімделу нәтижесінде (бентос қабатында сырғуға, суда жүзуге, топырақ арасына енуге) қалыптасқан.
Грек тілінде "nematos" - жіп деген мағынаны білдіреді. Бұлардың денесі жіп тәрізді созылыңқы, цилиндр немесе ұршық тәрізді болып, ұштарына қарай сүйірлене түседі.
Еркін тіршілік ететін нематодтар ұсақ, ұзындығы 1 миллиметрге әзер жетеді, ал паразит түрлері әжептәуір ұзын болады. Мысалы: жылқы аскаридасының ұзындығы 37см. Денесінің алдыңғы ұшында ауызы, артқысында аналь тесігі орналасқан және денесін бойлай төрт жолақ (екеуі бүйірінен, екеуі арқа және құрсақ бөлімдерінің ортасынан) таралымдар өтеді.Нематодтардың денесі сыртынан қалың кутикула қабатымен қапталған. Кутикула (латынша "cuticula" - қабықша) клеткалық құрылысы жоқ, эпителий клеткаларынан бөлінетін тығыз қабықша. Құрамындағы белок пен минералды заттар және сақиналы әрі ұзынша келген таралымдары оған механикалык беріктік береді де, оны созылғыш етеді. Кутикула сомалық (дене) бұлшықеттерге тірек бола тұрып нематоданың өзіндік сыртқы қаңқасын құрайды да, денені механикалық жарақаттанудан, улы заттардың әсерінен сақтап, қорғайды. Кутикуланың астында орналасқан гиподерма қабаты клеткалы не синцитиялы құрылысты болып келеді. Денесінен өтетін төрт таралымына байланысты гиподерма ішке қарай төрт ойық құрайды. Гиподерманың астында бір қабаттан тұратын ұзына бойы бұлшықеттері жатады. Олар тұтас қабат құрмай гиподерманың төрт ойығына сәйкес төрт таспа тәрізді жіктеліп, бөлініп жатады: екеуі бүйір, екеуі арқа құрсақ бөлімінде. Тері-бұлшықет қапшығы мен ішектің арасында протоцель немесе схизоцель деп аталатын денесінің алғашқы реттік қуысы орналасады. Бұл қуыстың өзіндік қабырғасы жоқ және іші сұйық затқа толы. Сұйық зат денені кернеп, оның жұмырлығын тұрақты түрде сақтайды. Алғашқы реттік қуыс дененің тірегі бола тұрып, зат алмасу процесіне де қатысады. Дене қуысы арқылы қорытылған заттар ішектен бұлшықеттерге, ішкі мүшелерге, ал зат алмасудың қалдық өнімдері зәр шығару мүшесіне ауысады. Осылайша дене қуысы организмнің ішкі ортасы болып келеді. Паразитті нематодтардың дене қуысында түссіз сұйыққа толы клеткалар топтасып жатады, жалпақ құрттардың паренхимасына ұқсас. Қуыстың сұйық затында валериан, капрон қышқылдары бар, сондықтан да олар улы.
Достарыңызбен бөлісу: |