6) Концептілердің витальді (М.М.Агиенко термині) белгілерінің болуы олардың тіршілік иесіне тән қасиеттердің бар екендігін көрсетеді. Алайда Степанов: «Шындығында үнді- еуропа тілдерінде «қуаныш», «қайғы», «мұқтаждық» т.б. сияқты абстрактілі зат есімдер күнделікті сөйлеуде ешқашан бастауыш позициясында, яғни айтылудың субъекті ретінде келмейді; ал егер ол келетін болса, сөйлеудің көтеріңкі стиліндегі әдеби персонификация екендігі анық көрінеді» [29, 446б] – дейді. Автор бұларды «әдеби метафоралар» деп атайды.
Қайғы концептісінде тіршілік иесіне тән (кейіптеуге тән) белгілер бар: қайғы жетелеп, дедектетіп келеді, сындырады, отын өшіреді, әл-қуатын әкетеді, жан ұшыртып алып келе жатады, келеді, қайғыға тізгін бермеу, қайғыны жеңу.
Мысалы: Бұл уақытқа шейін Қасымды қайғы, жазықсыздық, ашу жетелеп, дедектетіп келіп еді (М.Ә. Жетім). Қайғы Абайды соншалық сындырып, «кеудедегі саулап жанған өнер отын да өшіріп кетті ме?» деген күдіктер, Дәрмен сияқты дос інінің ойына жиі келетін (М.Ә.Абай жолы). Ол әл- қуатын әкеткен қайғы соңында (М.Ә. Абай жолы). Осы сияқты ауыр мезгілде Қасымды тау ішінде жетімдік қайғысы жан ұшыртып алып келе жатты(М.Ә.Жетім). Қайғы келсе қарсы тұр, құлай берме, Қызық келсе, қызықпа, оңғаққа ерме (Абай). Қайрат деген қыран бар, қайғыға тізгін бермейтін(Байдалы би). Қайғыны қайратты жеңеді (мақал).
Қуаныш концептісінде тіршілік иесіне тән (кейіптеуге тән) белгілер болады.
Мысалы: Бұл білген дүниеде, бұл оралған ортада, қазақтың қалың көпшілік қауымында, сол жаңағыдай қуанышқа құшақ жая, қуана басқан халық бар ма, қауым бар ма? (М.Ә.Абай жолы)
Орыс тілінде бұл мынадай предикаттар арқылы беріледі: радость рождается, шевелится, растет, живет, просыпается, затихает, умолкает.
7) Халқымыздың түсінігінде «жас балаша қуану», «қарт адамдай қайғыру» деген ұғым бар. Осының өзі қуаныш пен қайғының белгілі бір өмір кезеңдерін – балалықты, қарттықты білдіруімен байланысты.
Қуаныш пен қайғыны жалпы шартты түрде алғанда белгілі бір жас мөлшеріне тән деп айта аламасақ та, халқымыздың ұғымында қуаныш балалықпен байланысты болса, қайғы кәрілікпен байланысты. Сол себепті де қазақтар: «Ә, Құдай, жас баладай қайғысыз қыла гөр!» деп тілек тілейді. Қуаныш концепті көбіне уайымсыз- қайғысыз балалық, жастық шақты елестетеді.
Мысалы: Әлі тосып, бар қозғалысын алыстан қарап, әңгіме етіп тұрған шешелерге қарай бұрылғанда Абай қайтадан өзінің жасына лайық қуанышты бала қалпына келе қалды (М.Ә.Абай жолы). Абай бір шақта, жас сұлудың жүзінің бала қуанышын көрді (М.Ә.Абай жолы). Қаршыға қызығы үшін емес, Абайдың жеңілдігін, балаша қуанғанын мазақ етіп, мысқылдап келе жатыр (М.Ә.Абай жолы). Мынау Ботақан ошағында, бала шағынан талай жазды бастан кешірген неше алуан қуаныш, шаттық, күйініш, кейіс кездері ойына үзік- үзік түсіп өтеді (М.Ә.Абай жолы). Абай шешесіне дән риза боп қуанып кеп, бұрынғы бір кішкентай күніндегі еркелігіне басты (М.Ә.Абай жолы).
Қайғы концепті керісінше егделікпен, қартайған шақпен, көп бейнет пен азап шеккендікпен байланысты кездеседі. Мысалы: Екі ұрты кәдімгі қайғы шеккен, аштық көрген үлкен адамдардың бетіндей боп, тозығы жетіп, жиырылып тұр (М.Ә.Абай жолы). Қасым сол күнгі жылауынан бастап, үлкен кісідей қайғыға, қаралы күйге түсті (М.Ә.Жетім). Көңілі күпті, қайғы басқан қартқа айналып барады (М.Ә.Абай жолы). Маңдайы мен екі ұртына түскен қатпары, қалың терең әжімдері өмірінің талай қайғы, талай бейнетіне куә (М.Ә.Қорғансыздың күні). Беті- түсі айқын болмаса да, әр заманда, әр жерде күңіреніп, қайғы шеруін тартып жатқан кәрі әжесі сияқты, көп жасаған, көп қайғыны көрген, үлкен бір шері бар (М.Ә.Абай жолы). Қайғылы атаны енді өз ойымен, өз дертімен оңаша қалдыру қажет сияқты (М.Ә.Абай жолы). Жалғыз-ақ құлазып тұрған иесіз үй, жетімдіктің суреті секілденіп отырған қайғылы кемпір үйге кірген сайын, иығын көтертпейтін сияқты.
Достарыңызбен бөлісу: |