13-бап. Жеке бастың абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеу
1. Қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде қылмыстық процеске қатысатын адамның абыройын түсіретін немесе қадiр-қасиетiн кемiтетiн шешiмдер мен әрекеттерге тыйым салынады, жеке өмiр туралы мәлiметтердi, сол сияқты адам құпия сақтау қажет деп санайтын жеке сипаттағы мәлiметтердi осы Кодексте көзделмеген мақсаттар үшiн жинауға, пайдалануға және таратуға жол берiлмейдi.
2. Адамға қылмыстық процесті жүргiзетін органдардың заңсыз әрекеттерiнен келтiрiлген моральдық зиян заңда белгiленген тәртiппен өтелуге жатады.
14-бап. Жеке басқа қолсұғылмаушылық
1. ҚПК-де белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша болмаса, ешкiмдi де қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдікпен ұстап алуға, күзетпен қамауға алуға немесе өзгеше түрде бас бостандығынан айыруға болмайды.
2. Күзетпен ұстауға және үйқамаққа алуға осы Кодексте көзделген жағдайларда ғана және күзетпен қамауға не үйқамаққа алынған адамға сотқа шағым жасау құқығын бере отырып, соттың санкциясымен ғана жол берiледi.
ҚПК-де адамды соттың санкциясынсыз жетпіс екі сағаттан аспайтын мерзімге ұстап алуға жол берілетіні тікелей көзделген жағдайларды қоспағанда, адам соттың санкциясынсыз – қырық сегіз сағаттан аспайтын мерзімге, ал кәмелетке толмаған адам жиырма төрт сағаттан аспайтын мерзімге ұсталуға ұшырауы мүмкін.
Күзетпен ұсталмаған адамды сот-психиатриялық және (немесе) сот-медициналық сараптамалар жүргiзу үшiн медициналық ұйымға мәжбүрлеп орналастыруға соттың шешiмiмен ғана жол берiледi.
3. Әрбiр ұстап алынған адамға ұстап алудың негiздерi, сондай-ақ оған қылмыстық заңда көзделген қандай іс-әрекетті жасады деп күдік келтiрiлгені туралы дереу хабарланады.
4. Сот, қылмыстық қудалау органдары, күзетпен ұстау орны әкімшілігінің, медициналық ұйымның басшысы заңсыз ұстап алынған немесе күзетпен ұсталып отырған немесе медициналық ұйымға заңсыз орналастырылған не заңда немесе үкiмде көзделгендегiден артық мерзiмге күзетпен ұсталып отырған адамды дереу босатуға мiндеттi.
5. Қылмыстық процеске қатысатын адамдардың ешқайсысын азаптауға және басқа да қатыгез, адамгершiлiкке жатпайтын немесе қадір-қасиетін қорлайтын қарым-қатынас немесе жазалау түрлерiне ұшыратуға болмайды.
6. Ешкiмдi де адамның өмiрiне немесе денсаулығына қауiп төндіретін процестік әрекеттерге қатысуға тартуға болмайды. Жеке басқа қолсұғылмаушылықты бұзатын процестік әрекеттер осы Кодексте тiкелей көзделген жағдайларда және тәртiппен ғана адамның не оның заңды өкiлiнiң еркiне қарсы жүргiзiлуi мүмкiн.
7. Адамды, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген күдік бойынша ұстап алынған адамды күзетпен ұстау оның өмiрi мен денсаулығына қатер төндірмейтін жағдайларда жүзеге асырылуға тиiс.
8. Азаматқа бас бостандығынан заңсыз айыру, оны өмiрi мен денсаулығына қауiптi жағдайларда ұстау, оған қатыгез қарым-қатынас жасау салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген тәртiппен өтелуге жатады.
15-бап. Қылмыстық iстер бойынша iс жүргiзу кезiнде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау
1. Қылмыстық процесті жүргiзетін орган қылмыстық процеске қатысатын азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, оларды жүзеге асыру үшiн жағдай жасауға, қылмыстық процеске қатысушылардың заңды талаптарын қанағаттандыруға уақтылы шаралар қолдануға мiндеттi.
2. Азаматқа қылмыстық iс бойынша iс жүргiзу кезiнде оның құқықтары мен бостандықтарын бұзу салдарынан келтiрiлген зиян осы Кодексте көзделген негiздер бойынша және тәртіппен өтелуге жатады.
3. Жәбiрленушiнi, куәны немесе қылмыстық процеске қатысатын өзге де адамдарды, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерiн немесе өзге де жақын туыстарын өлтiрумен, күш қолданумен, мүлкiн жоюмен немесе бүлдiрумен не өзге де құқыққа қарсы қауiптi әрекеттермен қорқытты деп пайымдауға жеткiлiктi негiздер болған кезде қылмыстық процесті жүргiзетін орган өз құзыретi шегiнде бұл адамдардың өмiрiн, денсаулығын, абыройын, қадiр-қасиетiн және мүлкiн қорғауға заңда көзделген шараларды қолдануға мiндеттi.
16-бап. Жеке өмiрге қолсұғылмаушылық. Жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясы
1. Азаматтардың жеке өмiрi, жеке және отбасылық құпия заңның қорғауында болады. Әркiмнiң жеке салымдар мен жинақтардың, жазысқан хаттардың, телефон арқылы сөйлескен сөздердің, пошта, телеграф арқылы және өзге де хабарлардың құпиясына құқығы бар.
2. Қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді жүзеге асыру кезінде әркімге жеке (жеке және отбасылық) өміріне қолсұғылмаушылық құқығы қамтамасыз етіледі. Бұл құқықты шектеуге заңда тікелей белгіленген жағдайларда және тәртіппен ғана жол беріледі.
3. Заңда көзделген жағдайлардан басқа, ешкім адамның келісімінсіз оның жеке өмірі туралы ақпарат жинауға, сақтауға, пайдалануға және таратуға құқылы емес.
4. Адамның жеке өмірі туралы осы Кодексте көзделген тәртіппен алынған ақпаратты қылмыстық процесс міндеттерін орындаудан басқаға пайдалануға болмайды.
17-бап. Тұрғынжайға қолсұғылмаушылық
Тұрғынжайға қол сұғылмайды. Тұрғынжайға онда тұратын адамдардың еркiне қарсы кiруге, оған қарап-тексеру мен тiнту жүргiзуге заңда белгiленген жағдайларда және тәртiппен ғана жол берiледi.
18-бап. Меншiкке қолсұғылмаушылық
1. Меншiкке заңмен кепiлдiк берiледi. Ешкiмдi де соттың шешiмi болмайынша өз мүлкiнен айыруға болмайды.
2. Процестік әрекеттер барысында адамдардың екінші деңгейдегі банктерде және Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдарында орналастырылған салымдарына және басқа да мүлкiне тыйым салу, сондай-ақ оларды алып қою осы Кодексте көзделген жағдайларда және тәртiппен жүргiзiлуi мүмкiн.
Достарыңызбен бөлісу: |