ҚР 12.01.07 Заңымен ҚР АК ұстап қалу туралы 6 параграф енгізілген болатын. 338-1 бап бойынша: борышқорға не борышқор көрсеткен тұлғаға берiлуге тиiс зат қарамағында болған несие берушi, борышқор осы заттың құнын төлеу немесе несие берушiге оған байланысты шығындар мен басқа да залалдарды өтеу жөнiндегi мiндеттеменi мерзiмiнде орындамаған жағдайда, тиiстi мiндеттеме орындалғанға дейiн оны ұстап қалуға құқылы.
Заттың құнын төлеуге немесе оған шыққан шығындарды жəне басқа да залалды өтеуге байланысты болмаса да, кəсiпкер ретiнде əрекет ететiн тараптардың мiндеттемелерiнен туындайтын талап- тар да затты ұстап қалу арқылы қамтамасыз етiлуi мүмкiн екендігі аталған əдісті қолданудың бір мысалы болып табылады.
Несие берушi өзiндегi зат иелiгiне түскеннен кейiн де оны иелену құқығын үшiншi тұлғаның алғанына қарамастан, ол затты ұстап қала алады.
Бұл нормалардың барлығы диспозитивті болып табылады жəне тараптар шартта басқалай да көздеуі мүмкін.
ҚР АК 338-2 бабы ұстап қалынған мүлiк есебiнен талаптарды қанағаттандыруға арналған. Нақтырақ айтқанда, затты ұстап қалушы несие берушiнiң талаптары кепiлмен қамтамасыз етiлген талаптар- ды қанағаттандыру үшiн көзделген көлемде жəне тəртiппен заттың құнынан қанағаттандырылатындығына арналған.
Кепiл
Мiндеттемеге сəйкес несие берушiнiң (кепiл ұстаушының) бо- рышқор кепiлмен қамтамасыз етiлген мiндеттеменi орындамаған рет- те кепiлге салынған мүлiк құнынан осы мүлiк тиесiлi адамның (кепiл берушiнiң) басқа несие берушiлердiң алдында артықшылықпен қанағаттандырылуға құқығы бар мiндеттеменi атқаруының осындай əдiсi кепiл деп танылады ҚР АК 299 бабы).
Кепіл əдетте, ақшалай міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз етеді. Мысалы, банктік заем шартының қайтарылуы. Сонымен бірге, заңның мəніне орай кепіл міндеттеменің заттай орындалуын да қамтамасыз ете алады. Мысалы, жалға алу шарты.
Кепіл міндеттемелерінің тараптары болып табылады:
кепiл ұстаушы – мүлікке қатысты кепіл құқығын иеленеді;
кепiл берушi – ол кепілге мүлікті ұсынады жəне ол ретінде борышқордың өзі не үшінші тұлға болуы мүмкін. Кепіл беруші əдетте, мүліктің иесі болады. Сондай-ақ мүлікті шаруашылық жүргізу құқығында иеленетін тұлға да меншік иесінің келісімімен кепіл беруші бола алады. Кепіл бершуі ретінде аталған құқықты пайдалану- шы да бола алады. Мысалы, жер пайдаланушы. Жалға алушы жалға алу құқығын мүлік иесінің келісімімен ғана кепілге бере алады.
Кепіл пəні ретінде мүлікті алдын ала бөлу жəне борышқор міндеттемені орындамаған ретте несие беруші-кепіл ұстаушы өзінің талабын кепілге салынған мүлік есебінен борышқордың басқа не-
сие берушілерінің алдында басымдылықпен қанағаттандыра алуы кепілдің мақсаты болып табылады.
Демек, борышқор кепілге салынған мүлікті жоғалуы мүмкін, яғни міндеттемені орындамаған ретте ол сауда арқылы сатылуы мүмкін. Сонымен, аталған мүлікті жоғалту қаупімен ол міндеттемені орындауға ынталана түседі. Дəл осы кепілге жоғары тиімділікті ұсынады. Өйткені орындау үшін қажетті қаражат борышқорда бол- май қалуы мүмкін айып төлеу мен кепілдікке қарағанда, кепілде мүлік алдын ала белгілі болады жəне несие беруші тарапынан аталған мүліктен өндіріп алу мүмкіндігі сақталады.
Кепіл пəні кейде жоғалуы немесе бүлінуі мүмкін. Несие беруші- нің мүдделерінің бұзылуына жол бермеу үшін кепілге салынған мүлікті сақтандыруға болады. Сақтандыру жағдайы орын алған рет- те несие беруші сақтандыру төлемі сомасынан қанағаттандыру алуға басқа несие берушілерге қарағанда басым құқықты иеленеді. Кепілге салынған мүліктің кімнің пайдасына сақтандырылғаны маңызды емес.
Кепілшарттан немесе заңнамалық актіден туындайды жəне онда қай мүліктің, қандай талапты қамтамасыз етуге берілетіндігі тікелей көрсетілуі тиіс.
Кепiл туралы шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс. Бұл талап- ты сақтамау шарттың жарамсыздығына əкеледі. ҚР АК 307-бабын- да кепіл туралы шарттың елеулі ережелері берілген жəне бұлар болмаған ретте шарт жарамсыз деп танылады. Оларға мыналар жа- тады: 1) кепіл пəні жəне оның бағасы; 2) негізгі мəндеттеменің сипа- ты, мөлшері жəне оны орындау мерзімі; 3) кепіл пəнінің қай тарап- та болатындығына жəне оны қолдануға жол берілетіндігіне сілтеме. Айналымнан алынған, сондай-ақ жеке тұлғамен тығыз байланысты талаптарды (алимент алу, өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянның өтемақысы) қоспағанда, кез келген мүлік кепіл пəні бола ала- ды. Сондай-ақ, мүліктік құқықтар мен ақша да кепіл пəні бола алады. ҚР АК 301-бабының 4-тармағына сəйкес кепіл пəні болып табыла- тын ақша банкте орналастырылуы тиіс. Жеке мүліктік емес құқықтар кепіл пəні бола алмайды. Мүліктердің кейбір түрлерінің кепіліне заңнамалық актілермен тыйым салынған немесе шектелінген. Мы- салы, бірінші қажеттілік заттарынан жəне азаматтың киім-кешегінен өндіріп алуға жол берілмейді. Демек, оларды кепілге салуға болмай- ды.
Кепiл құқығы болашақта кепiлге салушының меншiгiне немесе
шаруашылық иелiгiне түсетiн мүлiкке шарт бойынша қолданылуы мүмкiн, мысалы, пəтер алуға берілген заем сомасының қамтамасыз етілуі.
ҚР АК 307-бабында қарастырылған кепіл туралы шарттың ереже- лер тізімі түпкілікті емес. Басқа заңнамалық актілермен кепіл туралы шарттың өзге де міндетті ережелері қарастырылуы мүмкін. Мысалы,
«Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» ҚР Заңы кепілге салынған мүліктің орналасқан жері, кепіл берушінің аты-жөні жəне тұрғылықты жері туралы деректердің көрсетілуін талап етеді.
ҚР АК 308-бабы мүліктің кейбір түрлерінің кепілін мемлекеттік тіркеудің міндеттілігін бекітеді. Мысалы, жылжымайтын мүліктің кепілі, автокөлік құралдарының кепілі тіркелуге тиіс. Сонымен қоса, мүліктің кейбір түрлерінің кепілі ерекше тəртіпте рəсімделуі мүмкін. Атап айтқанда, ломбардтағы кепіл, кепіл билетін ұсыну арқылы рəсімделеді, ал жылжымайтын мүліктің кепілі ипотекалық куəлікті беру арқылы рəсімделеді.
ҚР АК 303-бабында кепілдің түрлері бекітілген. Ең алдымен, кепіл пəніне қарай заттардың жəне құқықтардың кепілін ажыратқан жөн. Заттардың кепілі өз кезегінде, ипотекаға жəне кепілзатқа жіктелінеді. Ипотека – кепiлге салынған мүлiк кепiл салушының немесе үшiншi бiр жақтың иелiгiнде жəне пайдалануында қалатын кепiл түрi. Кəсiпорындар, құрылыстар, үйлер, ғимараттар, көп пəтерлi үйдегi пəтерлер, көлiк құралдары, ғарыш объектiлерi, айналымдағы тауар- лар жəне азаматтық айналымнан алынбаған басқа да мүлiк ипотека мəнi бола алады. Пəні тұрғысынан алғанда, ҚР АК ипотека тек жыл- жымайтын мүліктің кепілі ретіндегі дəстүрлі еуропалық түсініктен
ерекшеленеді.
Кепiлзат – кепiлге салынған мүлiктi кепiл берушi кепiл ұстаушының иелiгiне беретiн кепiл түрi. Кепiл ұстаушының келiсiмiмен кепiлге салынған зат кепiл ұстаушының құлпы салы- нып, мөрi басылып, кепiл салушыда қалдырылуы мүмкiн. Кепiл мəнi кепiл туралы куəландырылатын белгiлер салынып (анық кепiл), кепiл берушiнiң иелiгiнде қалдырылуы мүмкiн. Бұл ретте, кепіл ұстаушы мүлікті ұстау жəне оны қорғау жөніндегі шығындардан босатылады. Дегенмен кепіл берушінің адал емес болып шығуына қатысты жоғары тəуекелге барады.
Құқықтарды кепiлге салу кезiнде иелiктен айырылуы мүмкiн мүлiктiк құқықтар, атап айтқанда, жалға беру құқықтары, шаруашылық
серiктестiк мүлкiндегi үлеске құқық, борыштық талап қою, авторлық құқықтар жəне т.б. кепiл мəнi болып табылады. Кепілдің пəні кепіл құқығының өзі, яғни қайта кепілге салу болуы мүмкін.
Мерзiмдi құқық оның əрекет жасау мерзiмi бiткенге дейiн ғана кепiл мəнi бола алады. Егер кепiлге салынатын құқық құжатпен рас- талатын болса, кепiлшарты құқық белгiлеушi құжатты беру арқылы ресiмделуi мүмкiн.
Бағалы қағаздар кепiл пəні болған ретте, олар кепіл ұстаушыға беріледі не банкте орналастырылады.
Ортақ меншiктi құрайтын мүлiк кепiлге барлық меншiк иелерiнiң келiсуiмен ғана берiлуi мүмкiн.
Жалпы ережеге сəйкес кепiл талапты оның нақты қана- ғаттандырылатын кезiндегi көлемдi, яғни сыйақыны (мүдденi) қоса алғанда, орындау мерзiмiн өткiзiп алу арқылы келтiрiлген шы- ғындардың өтелуiн, айып (айыппұл, өсiм) салуды, кепiлге салынған мүлiктi ұстау жөнiндегi қажеттi шығындарды, сондай-ақ өндiрiп алу жөнiндегi шығындарды өтеудi қамтамасыз етедi. Кепілге салы- натын мүліктің құны негізгі борыштың сомасынан асып тұруы тиіс. Егер борыштың сомасы кейіннен ұлғаятын болса (мысалы, сыйақы мөлшеріне), онда несие беруші борыштың қайта қалыптасқан бөліктерін жабу үшін кепілге салынған мүліктің құнының есебінен өндіріп алуға құқылы.
Заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше бекітілуі мүмкін. Кепіл туралы шарттағы тараптардың құқықтары мен міндеттері:
Кепiл ұстаушыға оның иеленуiне берiлген кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру мiндетi шартпен немесе заң құжаттарымен жүктелуi мүмкiн. Кепiл берушiнiң пайдалануында қалатын кепiлге салынған мүлiктi сақтандыру кепiл берушiге жүктеледi.
Кепiл берушi немесе кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiколардың қайсысында екенiне қарай, кепiлге салынған мүлiктiң сақталуын қамтамасыз ету үшiн қажеттi шаралар қолдануға міндетті жəне мұны орындамаған ретте туындаған шығандарға жауапкершілікке тартылу тəуекелін көтереді. Кепiл ұстаушы жəне кепiл берушi басқа тарапта тұрған кепiлге салынған мүлiктi құжаттар бойынша жəне оның iс жүзiнде бар екендiгiн, көлемiн, жай-күйiн жəне сақталу жағдайын тексеруге құқылы.
Кепіл ұстаушының кінəсінен кепiлге салынған мүлiктiң жоғалу немесе бүлiну қаупi туған жағдайда кепiл берушi кепiлдiң мерзiмiнен бұрын тоқтатылуын талап етуге құқылы.
Егер кепiл туралы шартта өзгеше көзделмесе, кепiл берушi кепiлге салынған мүлiктiң кездейсоқ қирау немесе бүлiну тəуекелiн мойнына алады.
Кепiл ұстаушыға берiлген мүлік толық немесе iшiнара жоғалған немесе бүлiнген ретте кепіл ұстаушының кінəлілігі презумпциясы қолданылады. Ол өзінің кінəсінің жоқ екендігін дəлелдей алған ретте ғана жауапкершіліктен босатылады. Кепiл ұстаушы кепiлге салынған нəрсенiң жоғалғаны үшiн оның нақты құны мөлшерiнде, ал оның зақымданғаны үшiн кепiлге салынған нəрсенiң кепiл ұстаушыға оны берген кезде бағаланған сомасына қарамастан, осы құн төмендеген сома мөлшерiнде жауап бередi.
Кепіл беруші кепiлге салынған мүлікті, егер заң құжаттарында не- месе шартта өзгеше көзделмесе (мысалы, айналымдағы тауарларды кепілге салу), кепiл ұстаушының келiсiмiмен ғана ауыстыра алады.
Егер кепiлге салынатын нəрсе жойылса немесе бүлiнсе, кепiл берушi оны қалпына келтiруге немесе оны басқа бiр сондай мүлiкпен алмастыруға құқылы. Бұл оның міндеті емес, құқығы болып табыла- ды. Кепіл беруші өзінің осы құқығын қолданған ретте кепіл ұстаушы басқа мүлікті қабылдауға міндетті.
Ипотека кезінде меншік иесі ретіндегі кепіл беруші кепілге салынған мүлікті пайдалануға құқылы. Алайда, шартта егер, мүлікті пайдалану оның нашарлауына немесе құнының төмендеуіне əкелетін болса, мұндай пайдалануға тыйым салынуы не шектеу қойылуы мүмкін. Кепіл пəніне тек, кепіл беруші ғана билік ете алады, ал кепіл ұстаушы оның бұл өкілеттілігін тек шектей алады. Мысалы, шарт- та кепіл беруші кепіл пəніне тек, кепіл ұстаушының келісімімен ғана билік ете алатындығы көзделуі мүмкін. Кепіл ұстаушы ешбір жағдайда кепіл пəніне билік ете алмайды, ал егер шартта рұқсат етілсе, пайдалана алады.
Кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті өзгенің заңсыз иелігінен тіпті, кепіл берушінің өзінен талап етуге құқылы. Бұдан кепілдің заттық-құқықтық сипаты айқын көрінеді. Демек, кепіл ұстаушы өзін меншік иесі сияқты ұстайды жəне иеліктен айыруға байланысы жоқ өзінің кепіл құқығына болатын кедергілерді алып тастауды талап ете алады.
Егер борышқор өзінің міндеттемесін бұзса, кепілге салынған мүліктен ақы өндіріп алуға жол беріледі. Бірақ бұл кепіл ұстаушының міндеті емес, құқығы болып табылады. Ол өзінің талабын қанағаттандырудың өзге бір əдісін таңдауы мүмкін.
Несие берушінің талаптарын қанағаттандыру сот тəртібімен жүр- гізіледі. Егер, заңнамалық актілерде немесе шартта көзделген ретте соттан тыс тəртіп орын алуы мүмкін. Мысалы, ҚР АК 318-бабында кепiл ұстаушы кепiлге салынған мүлiктi соттан тыс күштеу тəртiбiмен өз бетiмен сатуға құқылы екендігі бекітілген.
Несие беруші талабы мен кепілге салынған мүліктің құны сəйкес келмеген ретте егер, борышқордың бұзушылығы болмашы ғана бол- са, заң кепіл берушінің мүдделерін қорғайды. Борышқордың өтініші бойынша сот кепіл пəнінен өндіріп алуды қанағаттандырудан бас тар- туы мүмкін.
Соттың шешімі бойынша кепілге салынған мүлікті сату жария сауда арқылы жүргізіледі. Сатудың ерекшеліктері ҚР АК 319-ба- бында жəне «Жылжымайтын мүлік ипотекасы туралы» ҚР Заңында айқындалған. Егер сату соттан тыс тəртіпте жүргізілсе, онда сауданы кепіл ұстаушының өкілі жүргізеді.
Кепіл ұстаушы кепілге салынған мүлікті сауда өткізбестен, өз меншігіне тек айрықша жағдайларда ғана айналдыра алады. Мы- салы, екіден аз сатып алушылардың қатысуына байланысты сау- да өткізілмей қалса. Тіпті, бұл жағдайдың өзінде ол жаңа сауданың өткізілуін талап ете алады.
Сатудан кейін түскен қаражат есебінен несие беруші өзінің талап- тарын қанағаттандыра алады. Егер кепiлге салынған мүлiктi өткiзу кезiнде түскен сома кепiл ұстаушының талаптарын өтеуге жеткiлiксiз болса, жеткiлiксiз соманы борышқордың басқа мүлкiнен кепiлге негiзделген артықшылықты пайдаланбай-ақ алуға құқылы.
ҚР АК 321 жəне 322-баптарында кепіл туралы шартты мерзімінен бұрын тоқтату жағдайлары қарастырылған. Кепiлге салынған мүлiк кепiл берушiден басқа адамға көшкен ретте кепiл құқығы сақталып қалады. Егер кепілге салынған мүлік ортақ меншікке түссе, онда кепіл беруші тарапынан болатын тұлғалардың көптілігі орын алады жəне ол үлестік болып табылады.
Кепілдің кейбір түрлерін заң шығарушы ҚР АК жекелеген бап- тарында реттеуді жөн санаған. Бұл айналымдағы тауарларды кепілге салу (327-бап) жəне заттарды ломбардқа кепілге салу (328-бап).
ҚР АК 303-бабының 5-тармағына сəйкес егер кепіл туралы шарт- та өзгеше көзделмесе, кепіл нысанасы болып табылатын ақша банкке орналастырылады. Осы ақша үшін алынатын сыйақы (мүдде) кепіл ұстаушыға тиесілі болады. Ақша кепіл ұстаушыға немесе өзге тұлға кепіл ақшаны пайдалану мүмкіндігін шектейтін шарттарды сақтаған
кезде (банк сейфіне, сейфтің ұяшығына, сақтауға арналған жеке үй- жайда сақтауға беру) осы тұлғаға берілуі мүмкін. Осындай тұлғаның кепіл ақшаны пайдалану жөніндегі шектеулерді орындамауы оның ақша берілген кезден бастап негізсіз байығаны үшін жауаптылығына негіз болып табылады.
ҚР АК 319-бабында былай делінеді: ақшаны жəне ақшалай мін- деттеме бойынша құқықтарды (талаптарды) кепілге беру кезінде – кепілге қойылған осы мүлікті өткізу кепіл нысанасы болып табыла- тын немесе ақшалай міндеттеме бойынша кепілге қойылған құқықтар (талаптар) бойынша тиесілі ақшаны кепіл ұстаушыға беру жолы- мен, ал кепіл нысанасына өндіріп алу қолданылған кезде ақшаны беру мүмкін болмаған жағдайда кепіл берушінің кепіл нысанасына құқықтарын кепіл ұстаушыға ауыстыру жолымен жүргізіледі.
Егер кепіл нысанасы болып табылатын ақша сомасы кепіл ұстаушының кепілмен қамтамасыз етілген талаптарының мөлшерінен асып кетсе, айырма кепіл берушіге қайтарылады. Кепіл ұстаушының талаптарын өтеу үшін ақша сомасы жетпеген жағдайда, заңнамалық актілерде немесе шартта өзгеше нұсқау болмаған ретте, ол кепілде негізделген артықшылықтарды пайдаланбай, жетпеген соманы борышкердің басқадай мүлкінен алуға құқылы.
Достарыңызбен бөлісу: |