Жариялылық ұғымы
Баспасөздің еркін қызмет етуінің саяси негізі – демократия. Бірақ бұл проблеманы шешудің бірден-бір әдісі емес. Біріншіден, «демократия» ұғымы нақтылауды талап етеді. Сол нақтылаудың бір парасы – ақпараттық айқындық, информациялық ашықтық. Осы демократизм, баспасөз бостандығы және ақпараттық ашықтықпен ағайындас ұғымдардың бірі – жариялылық.
Демократия жариялылықты туындатады, керісінше, жариялылық демократияның дамуы мен орнығуына ықпал етеді. Жариялылық тек пікір айту, көзқарас білдіру ғана емес, ол – пікірді ашық айту, түйінді мәселелерді аудитория алдына именбей шығару, сөйтіп халық пен биліктің арасын жалғастыру. Жария ету, паш ету, жариялылық дегеніміздің өзі – демократиялық үрдістердің нақтыланып, қоғамдағы рухани-ақпараттық ахуалдың, баспасөз қызметінің өркениеттене түсуі.
Зерттеуші В.Л. Энтиннің пікірінше, өткен ғасырдың 80- 90 жж. аралығында жариялылықты қамтамасыз етудің ақпараттық талаптары қалыптасты. Олар төмендегідей:
1. Мемлекеттік және қоғамдық ұйымдар қызметінің ашықтығы (бұған мемлекеттік және әскери құпиялар кірмейді). Азаматтар мен журналистердің кез келген ұжым лауазымды адамдарымен кездесіп, сөйлесе алуы және қажетті құжаттармен танысуға мүмкіндік алуы.
2. Қоғамның өндірістік және рухани салаларына қатысты халықаралық стандарттарға сай статистикалық мәліметтердің болуы.
3. Қоғамдық пікірді жедел анықтауға мүмкіндік беретін, белгілі бір шешімдерді қабылдау//қабылдамаудың ақыры неге әкеліп соғатынын болжай алатын беделді де қарымы кең әлеуметтік қызметтің ырғақты жұмыс істеуі.
4. Әлеуметтік мәні бар мәселелерді шешудің баламалы, авторлық концепцияларын баспасөз арқылы көпшілкке жеткізудің жолдары ме әдістерінің болуы.
5. Елдің қазіргі күніне ғана емес, өткеніне де қатысты мұрағат құжаттарының ашықтығы, министрлктер мен ведомстволардың тиісті мерзімі өткен құжаттарын, сонымен қатар болашақта қабылданар заңнамалар мен нормалық актілер жобаларын жариялай алуы.
6. Адамның басшы қызметке тағайындалуы мен сайлануының көпшілік алдында ашық өтуі, азаматтық және қылмыстық істер жөніндегі соттар шешімдерінің заңды күшіне енгенге шейінгі үдерісін арнайы басылымдарда жариялап отыруы.
Жалпы, жариялылықтың рөлі мен мазмұны әлеуметкерлік зерттеу көздеріне сүйеніп анықталады. Саяси тұрғыдан алсақ, оның функциясы қоғамды демократияландыру, азаматтардың мемлекет басқару ісіне араласу механизмін жасап шығару. Әлеуметтік тұрғыдан қарастырсақ, қоғамдық бақылаудың тиімді формаларын жүзеге асыру.
Достарыңызбен бөлісу: |