Журналист тәжірибесінің нәтижелілігі
Әр журналист өз бағыт-бағдарына лайықты ұстанымын, өзіндік ақпараттық саясатын жүргізу барысында әр басылым алдына қойған мақсатының толық жүзеге асыруға ұмтылады. Осы тұрғыдан алып қарағанда, шығармашылық қызметтің ақырғы нәтижесін айқын көрсете алу, яғни ақпарат арқылы қоғамдық ықпалдың күш-қуатын арттыру, әлеуметтік институттарға және бұқаралық аудиторияға қатысты «төртінші биліктің» рөлін күшейту – аса маңызды мәселе екендігі айқын.
Кейде журналист қауымы, шығармашылық орта керемет деп тапқан мәтін ақпарат «тұтынушыға» соншалықты әсер ете қоймайды. Керісінше, мағыналық жағынан алғанда, «күнделікті» материалдар қоғамдық пікірге қозғау салып, оларға ресми орындар назар аударып жатады.
Әрине, журналистикан нәтижелілігін арттыру мына мәселелерді жолға қоюға байланысты:
а) журналист нәтижелілік ұғымын жақсы түсінсе;
ә) жоғары нәтижелілікке жетудің жолын жақсы білсе;
б) сол жолда пайдаланылатын әдістерді жетік меңгерсе.
Жалпылай айтқанда, нәтижелілік дегеніміз – мақсатқа жетудің өлшемі. Осындай жайттарды ескере отырып Е.П. Прохоров журналист еңбегінің нәтижелілігі формуласын қорытып шығарды. Оның таңбалы көрсеткіші мынадай:
Нәтижелілік = Нәтиже : Мақсат
Осы формуладан нені көруге болады? Жоғары нәтижелілікке жету үшін алдыға айқын мақсат қою, оған тиісті нәтиже арқылы жету үдерісі аңғарылады. Әрине, журналист немесе басылым көздеген мақсат әлеуметтік объектінің санасы мен мінез-құлқы ретінде көрінеді. Бұл арада субъективті, жалқылық факторларды да жоққа шығара алмаймыз. Дейтұрғанмен біз бұл мәселені тұтастай, қоғамдық тұрғыдан қарастырумыз қажет.
13- ТАҚЫРЫП. Жариялылық және баспасөз бостандығы ұғымы
Дәріс жоспары:
1. Сөз бостандығы
2. Жариялылық функциялары
Баспасөз бостандығы - әлеуметтік ортамен, социумның зияткерлігімен, заң нормаларының демократиялығымен тығыз байланысты.
Сондықтан кешелі-бүгінгі қоғамдық процестерден сабақтаса дамып келе жатқан журналистика да белгілі бір нормалар мен ережелер аясында жұмыс істейді.
Журналистика қоғамдық үдерістер ағымына, жекелеген адамдар өміріне елеулі ықпал жасайды. Сондықтан оның қызметін, белсенділігін белгілі бір дәрежеде реттеп отыратын механизмдер қажет. Ондай реттеулер сырттай да жасалады, ондай реттеу БАҚ жүйесінің өз ішінде де болады. Осы жерде баспасөзге не рұқсат етіледі, не рұқсат етілмейді деген шешуші ұғым – баспасөз бостандығының нақ өзі. Басқаша айтсақ, «иә» мен «жоқтың» тепе-теңдігі, балансы.
Қазақстан Республикасының Конституциясында, Баспасөз туралы заңында сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі, цензураға тыйым салу хақында арнайы баптар бар.
Баспасөз бостандығы рух, ой, ар-ождан еркіндігі сияқты өркениет қан төгіп, тер төгіп жеңіп алған ұлы құндылықтарының санатына жатады, сонымен бірге ол аса күрделі, қарамақайшылығы мол құбылыстардың қатарынан табылады. Сөз жоқ, адамзат мәдени эволюциясы барысында қол жеткен жетістіктер ақпарат құралдарының қатысуымен жүзеге асырылып отыр.
Осындай өзара байланыс БҰҰ 1948 жылы қабылдаған Адам құқықтарының жалпы делрациясынның 19 бабында атап көрсетілген:
«Әр адамның өз сенім еркіндігіне және оны еркін білдіруіне құқығы бар; бұл құқыққа өз сенімін кедергісіз ұстану және ақпарат пен идеяны кез келген құралдармен және мемлекеттік шекараларға қарамастаан іздеу, алу және тарату еркіндігі кіреді».
Бұл арада мынаны ұққанымыз жөн: Декларация заңдық норма емес, ұсыныс, ниет білдіру ғана. Осыған ұқсас ереже адам құқықтар мен негізгі бостандықтарын қорғау жөніндегі Европа конвенциясының 10 бабында бар.
Достарыңызбен бөлісу: |