25. ҚР Конституциясы – құқықтық мемлекеттің негізі. Ағымдағы Ата Заң туралы пікіріңіз.
1993 жылғы 28 қаңтарда тұңғыш қабылданған бас құжаттың кейбір тарауларына өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, 1995 жылы 30 тамызда қазіргі Ата Заңымыз қабылданды. Кеңес өкіметі кезінде конституция өкілетті органдармен қабылданған болса, біздің негізгі құжат халықтың жалпы дауысымен референдумда қабылданды. Бұл күн еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашқан күн болып табылады. Конституцияны қабылдай отырып, қазақ халқы өзінің егемендік құқығын барша әлемге паш етті. Жаңа қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы еліміздің дамуына жол ашып, тәуелсіз мемлекет буынының бекуіне үлкен себеп болды. Конституцияның алғашқы беті “Халқымыз, байырғы қазақ жерінде мемлекет құра отырып, өзімізді еркіндік, теңдік және ұлтаралық тату азматтық қоғам ретінде дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды көздей отырып және болашақ ұрпақтар алдында жоғары жауапкершілігімізді сезініп осы Конституцияны қабылдадық” деген сөзбен басталады. Бұл Қазақстан елінде тұратын барлық ұлт өкілдерінің орныққан саяси келісімінің негізі болып табылады. Ата Заң – бейбітшілік пен ынтымаққа, еркіндік пен теңдікке апаратын даңғыл жол. Тоғыз бөлімнен тұратын Ата Заңда еліміздің азаматтарына толық жағдай жасалған. Екінші бөлімнің 10-бабында “Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзінің азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластатуға болмайтындығы” көрсетілген. Олардың өмір сүруіне, білім алуына, қызмет етуіне және зейнеткерлікке шығып демалуына барлық мүмкіндіктер жасалған. Әлемде терроризм және діни экстремизм әрекеттері өршіп жатқанда, көп ұлтты Отанымызда саяси тұрақтылық пен бейбітшіліктің орнығып тұруы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясаты мен Конституция қызметінің жетістігі деп айта аламыз. Бүгінгі таңда Ата Заң – ел тыныштығының кепілі. Елбасымыз бастаған ұлы көш тар жолды таймай өтіп, оның батыл шешімдері мен саяси ерігінің арқасында еліміз өзін барша әлемге зайырлы, демократиялық, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде таныта білді. Президентіміз қоғам тынысында көпұлтты қазақстандықтардың өзара татуластығы мен бірлігін орнықтыру мақсатында өзінің беделін пайдалана отырып, халықтар достығын шақыруды ұйымдастыру лидеріне айналды. Ұлт көшбасшысының бастауымен елімізде Қазақстан халқы Ассамблеясын қоса алғанда, этноконфессиялық келісімнің біртұтас инфрақұрылымы жасалды. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съездерін өткізу орнына айналды. Осындай өнегелі істер нәтижесінде қоғамдық тұрақтылық механизмдерінің ұстанымдарын жүзеге асыруда үлкен мүмкіндіктерге қол жеткізілді. Әр алуан мүдделер тоғысқан, ауқымды істер атқарып отырған ірі саяси алаң – ЕҚЫҰ-ға еліміздің төраға болып сайлануы бізді дүние жүзі мойындағанын дәлелдейді. Ағымдағы жылдың 14 қаңтарында ЕҚЫҰ-ның Тұрақты кеңесіндегі отырыста жасаған өзінің бейне-жолдауында Елбасы Н.Назарбаев “ЕҚЫҰ-дағы Қазақстан төрағалығының стратегиясы мен басым бағыттарын айқындап берді. Біздің алдымызда тұрған маңызды міндет – ЕҚЫҰ-ны жан-жақты дамыту, бүгінгі күнгі қауіп-қатерлерге қарсы әрекет етуде оның тиімділігі мен мүмкіндіктерін арттыру”, – деді Қазақстан Президенті. Сондықтан мұндай салмақты ұйымға төрағалық ету – еліміз үшін үлкен мәртебе. “Уақыт сыншы” дегендей, Ата Заңымыз егеменді ел тарихы үлесіндегі аз уақытта үлкен сындардан сүрінбей өтіп, өзінің құқықтық құндылығын жоғары дәрежеде дәлелдей білді. Конституциялық заңнамаларға сәйкес барлық азаматтар тең құқылы. Егер олармен заң бұзушылық жіберілген жағдайда жауапкершілікке тартылып, жалпыға бірдей тәртіпте шартты жазасын алады. Қазақстан Республикасы Конституциясының 4-бабында Ата Заңның ең жоғары заң күші бар және республиканың барлық аумақтарына тікелей қызмет етеді деп айқын жазылған. Басқа да шығарылып жатқан нормативтік-құқықтық актілер, халықаралық келісім-шарттар еліміздің ең басты құжатына қайшы келмеуі тиіс. Ал 74-баптың 1-тармағында Қазақстан Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық келісім-шарттарға қол қойылмайды делінген. Демек, Ата Заңымызда адам құқығы және бостандығының жоғары құндылығы құқықтық мемлекеттің негізгі қағидасы ретінде реттеледі. Отанымыздың дамуына өз үлесін ішкі істер органдары да қосып келеді. Осы бағытта біздің облыстың ішкі істер органдарының қызметкерлері заң нормаларының орындалуын қамтамасыз етуде күні-түні аянбай еңбек етуде. Ағымдағы жылдың І жарты жылдығы ішінде ішкі істер басқармасы криминалдық ахуалға тиімді әсер етуі нәтижесінде аумақта ауыр және аса ауыр санатына жататын қасақана кісі өлтіру, тонау, қарақшылық, мал ұрлау қылмыстары 28,4%-ға азайып, барлық қылмыс түрлерінің ашылуының оң беталысы мен анықтау және тергеу қызметтері көрсеткіштерінің азайғаны байқалады. Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлықты болдырмау, алдын алу бағытында да бірқатар ұйымдастырушылық және тәжірибелік шаралар жүзеге асырылды. Өткен алты айдың ішінде полиция қызметкерлеріне қатысты келіп түскен 290 арыз-шағым қарастырылып, қызметтік тексеріс жүргізудің нәтижесінде оның 6-уы ғана расталды. Осы жылдың маусым айында Елбасының Павлодар облысына келген екі күндік сапары барысында құқық қорғау органдарының өкілдеріне салтанатты түрде берілген 77 автокөліктің 57-сі ішкі істер органдарының үлесіне тиді. Президент ішкі істер органдары қызметкерлерінің алдағы жұмыстарына табыс тілей келіп: “Құқық қорғау органдары да өздерінің мемлекеттік қызметтерін абыроймен орындауда. Осы орайда оларға да техникалық көмек керек. Сондықтан бүгін табыс етілген қызметтік көліктерді мамандар мемлекеттік парыздарын өтеуге пайдаланады деп сенемін”, – деді. Мемлекетіміздегі әр адам Ата Заңның шеңберінде өмір сүргенде ғана біз өзімізге тән ұлттық құқықтық жүйемізді жетілдіретін боламыз. Сондықтан ең басты міндет заңды және жеке тұлғалардың, қоғамдық құрылымдар мен азаматтардың Ата Заңға деген құрметін барынша дәріптеу болып табылады. Сөз соңында барша қазақстандықтарды Конституция күнімен құттықтай отырып, Ата Заңымыз анықтап берген демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекетімізде татулық пен бірлік, бейбітшілік пен тұрақтылық, құт-береке болсын, көк байрағымыз ашық аспан астында желбірей берсін дегім келеді.
Достарыңызбен бөлісу: |