11 билет. Алаш Орданың уақытша халық кеңесін ұйымдастыру. Алғашқы кеңес төрағасы Ә. Бөкейхановтың қызметі. Саяси бағыттардың мәселесі.
Алаш Орда (1917 – 1920) — Ақпан мен Қазан төңкерістері соң 1917 ж. желтоқсанның 13 құрылған қазақ Алаш автономиясының үкіметі. 1917 ж. желтоқсанның 5 – 13 Орынборда Екінші жалпықазақ съезі өткізілді.
Құрылтайдың күн тәртібіне 10 мәселе қойылды. Олардың ішіндегі ең негізгілері: қазақ-қырғыз автономиясын жариялау, милиция һәм Ұлт кеңесі (Үкімет) құру мәселелері болды.[2]
Құрылтай делегаттары Уақытша үкімет құлатылғаннан кейін қазақтардың өмір сүруінің өзін күрделендіріп жіберген анархия (тәртіпсіздік) жағдайында елді аман сақтау үшін, «уақытша Ұлт Кеңесі» түріндегі берік билік құру, оған «Алаш Орда» деген атау беру (төрағасы Ә. Бөкейхан, Ұлт Кеңесі құрамына 25 адам кірді), сондай-ақ милиция жасақтау туралы қаулы қабылдады. Алаш астанасы – Семей (кейін Алаш-қала атауын алды) қаласы еді.
Бұл туралы кейіннен Әлихан Бөкейхан (1919 ж. ақпанның 11) былай деп мәлімдейді: «съездің бұл шешімі қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына (яғни қазақтар үшін жат-таптық жіктелу) жол бермеу мүдделерінен туындады…». Үкімет төрағалығына үш қайраткер – Бөкейхан, Құлманов және Тұрлыбаев ұсынылды. Көп дауыс алған Бөкейхан төраға болып сайланды.
Алаш автономиясының үкіметі — Алашорданың төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. 2-жалпықазақ съезі милиция жасақтарын құру мәселесін жан-жақты талдап, оның Алаш автономиясына кіретін әрбір облыс пен уездегі санын анықтап, оларды соғыс өнеріне үйрету мен қажетті қару және киім-кешекпен қамтамасыз ету жолдарын айқындады. Милицияға қажетті қару-жарақ пен оқ-дәрі Алашорданың ұлттық қорының есебінен алынатын болды. Милицияны құру мақсатын съезд былай деп анықтады: “ ... осы күнде мемл. ішінде бассыздық, талан-тараж, қырылыс-талас болып жатқанын ескеріп, қазақты мұндай бүліншіліктен қорғау үшін ... ешбір тоқтаусыз милиция түзеуге кірісуі тиіс ...” (“Сарыарқа”. 1918, 25 қаңтар, 29). Сонымен, съезд Алаш автономиясын құру қажеттігін бір ауыздан қолдады. Алаш автономиясының бастау көздерінде тұрған, 2-жалпықазақ съезінің делегаты Әлімхан Ермеков бұл туралы былай деп тебірене жазды: “... желтоқсанның 12-і күні, түс ауа, сағат 3-те Алаш автономиясы дүниеге келіп, азан шақырылып ат қойылды. Алты алаштың баласының басына Ақ орда тігіліп, Алаш туы көтерілді. Үлкен ауылдарға қоңсы қонып, шашылып жүрген қазақ жұрты өз алдына ауыл болды. (“Сары арқа”, 1918, 22 қаңтар).
Ұлттық-терр. қазақ автоном. мемлекетін құруда съезд делегаттары бірауыздылық танытқанымен, оны (автономияны) ресми түрде жариялау мәселесінде алауыздыққа жол берді. Бұл жағдай мемл. құрылым ретінде жаңадан қалыптаса бастаған автономия үшін қатерлі еді, өйткені автономияны ресми түрде жарияламайынша, оған қазақ халқын, өлкені мекендеген басқа халықтарды сендіру, Алашорда үкіметін мойындату қиын еді. Бүкілқазақтық 2-съезде автономияны жариялау мерзімі жөнінде қызу айтыстар болды. Бұл айтыстардың негізінде қазақ автономиясын жариялауға байланысты өлкені мекендеген қазақ емес халықтардың (ең алдымен орыстардың) пікірін білу және жариялауға тиісті автономияға Түркістан өлкесін мекендеген оңт. қазақтарының қосылу-қосылмау мәселесін нақтылы шешу қажеттігі жатты. Бұл мәселеде бір-біріне қарама-қайшы екі бағыт қалыптасты. Бір бағытты Ә.Бөкейханов басқарды. Оны жақтаушылар съезде өкілдері болмаған Қазақстанды мекендейтін орыстардың еркін білмейінше автономия жариялауды кідірте тұру қажет деді. Ж.Досмұхамедов бастаған Орал облысы мен Бөкей Ордасының өкілдері автономияны дереу жариялауды қажет деп санады. Дегенмен ұлттық, жалпыхалықтық мүддені жеке бастарының саяси ұпай жинауынан жоғары қойған Ә.Бөкейханов пен Ж.Досмұхамедовтың жақтастары Алаш автономиясын жариялау мерзімі туралы ортақ, ымыралы келісімге келді. Екі жақтың көзқарастарын жақындатуға алғашында бүкіл қазақ жерін Түркістан (“Қоқан”) автономиясының құрамына енуін жақтаған, ал соңынан бұл пікірінен бас тартқан Мұстафа Шоқай оңды рөл атқарды. Съезд қабылдаған ымыралы қаулының негізгі баптары мыналар еді:
Бір айдың ішінде Алашорда Түркістан қазағын бүкіл Алашқа қосып алады, қосып алса-алмаса да бір айдан кейін халыққа білдіреді...
Егер бір айдан кейін Алаш баласы (қазақтар - К.Н.) қосылмаса һәм қалған Алашқа иғлан (жария - К.Н.) етілмесе, әркім өз күнін өзі көреді.
Егер Түркістан қазағы бір айда бізге қосылса, автономияны қашан иғлан ету ықтияры Алашордаға берілсін.
2-бүкілқазақ съезі Түркістан өлкесін мекендеген қазақтардың Алаш автономиясына қосылу немесе қосылмау мәселесін талқылау үшін Сырдария облысы қазақтарының съезін шақыруды қажет деп тапты және оған өз өкілдері ретінде Бақыткерей Құлмановты, Міржақып Дулатовты және Тұрағұл Құнанбаевты жіберуге ұйғарды. Осы мәселеге байланысты Ә.Бөкейханов пен М.Шоқай біріккен мәлімдемеге қол қойды. Мәлімдеме “Қазақ” газетінің 1917 жылғы желтоқсанның 18-індегі 255-і санында жарияланды.
Большевиктер партиясы мен Кеңес үкіметі ұлттық-мемл. құрылыс мәселелерін шешудің негізіне таптық жіктелу принциптерін алса, Алаш көсемдері бұған керісінше ұлттық бірлік, терр. тұтастық принциптерін таңдады. Ә.Бөкейханов 2-жалпықазақ съезінің қазақтың автономиялы ұлттық-терр. мемлекетін құру туралы шешіміне саяси баға бере келіп кейінірек (1919 жылғы 11-і ақпан) былай деп мәлімдеді: “съездің бұл шешімдері қазақтар мекендеген территорияда анархияны болдырмау, өлкеде большевизмнің дамуына жол бермеу мүдделерінен туындады ... Сол кезде Россияда орын алған жағдайда қазақтардың жариялаған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді. Кезекте бостандықтың жауы — большевизммен күрес тұрды”. Азамат соғысы жылдарында большевиктер басқарған Кеңес үкіметіне қарсы күресте Алашорда үкіметі жеңіліс тапты. Нәтижесінде жеңіске жеткен Кеңес үкіметі Алаш автономиясын және оның үкіметі Алашорданы тарих сахнасынан күштеп кетірді.[2]
12 билет. 12. Кеңес өкіметінің Алаш Орда автономиясына қатынасы. «Алаш» партиясы саяси күрестің дерегі ретінде. «Үш жүз» партиясы және оның саяси бағыты. Эссерлер, кадеттер, социал-демократтар ұйымдары қызметтерінің жандануы.
1917 жылы 21- 26 шілдеде Орынборда болған "Бүкіл қазақтық" съезде "Алаш" партиясы қалыптасып, басшы органдарын сайлады. Оған Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Елдос Омаров, Мұстафа Шоқаев, Мұхамеджан Тынышбаев, Халел Досмұхамедов, Жанша Досмұхамедов, Халел Ғаббасов, т.б. кірді.
Қазақстанда 1917 жылы қазан-қараша айларында дүниеге келген ұлттық-саяси ұйым «Үш жүз» партиясы болды. Партия мүшелері кейде өздерін «қазақтың социалистік партиясы» деп те атады. «Үш жүз» саяси ұйымындағы жетекшілік рольдерді бұрынғы қорғаушы адвокат, журналист және драматург Көлбай Тоғысов, фельдшер және тілмаш Шаймерден Әлжанов, Әбілхайыр Досов, Ысқақ Кабеков, Мұқан Айтпенов атқарды. ОК-тінің алғашқы төрағасы М.Әйтпенов, орынбасары К.Тоғысов, хатшысы Ы.Көбеков болды. Орталық органы «Үш жүз» газеті, оған Тоғысов редакторлық етті. Өзінің әлеуметтік тегі жағынан ұсақ буржуазияшыл демократтардың саяси ұйымы болды. Үш жүз алғашқыда Алаш партиясымен жақындасқысы келгенімен, кейін өкімет үшін күрес шырқай шегіне жетіп, таптық жіктелу үрдісі күшейген жағдайда «Үш жүз» іргесін Алаштан аулақ салып, большевиктер мен солшыл эсерлерге жақындай түсті. Қазан төңкерісі жеңіске жеткен соң Алаш партиясына қарсы ашық күреске шықты, оның оппоненті болды. «Үш жүздің» саяси көзқарастары «Алаш» партиясының саяси көзқарастарына үш өзекті мәселенің төңірегінде алшақтанды: 1) қазақ облыстары автономиясының сипаты; 2) жер мәселесін қайта қарау; 3) дін мен мемлекеттің өзара қарым-қатынасының сипаты. Партияның идеялық бағыты большевиктік қағидалардың күшті ықпалында болды. Партия басшылығына Петроградтағы Қазан төңкерісінен кейін К. Тоғысовтың келуімен «Үш жүздің» саяси қағидалары елеулі өзгерістерге ұшырады. Өз қызметінің бастапқы кезеңінде үшжүзшілер социал-революционерлер партиясымен одақтасу бағытын ұстанса, ал 1918 жылдың қаңтарынан бастап жергілікті жерлерде Кеңес үкіметін орнату мен нығайту жұмысына белсене араласа бастады. 1918 жылдың басынан бастап үшжүзшілер басқа қозғалыстарға қарсы күрестегі большевиктердің сенімді одақтасына айналды. Осының бәрі большевиктік ұйымдардың белсенді материалдық және рухани қолдауы жағдайында өтті. Белгілі бір әлеуметтік негізі мен айқын бағдары болмаған, сөйтіп елеулі саяси күшке айнала алмаған «Үш жүз» 1918 жылдың жазында тарап кетті.
Өздерінің қолға алған шараларын іске асыру жолында Алашорда үкіметіне Кеңестерге қарсы жақпен бірігуге тура келді. Өйткені Кеңес үкіметі кеңестік негіздегі автономияларды ғана қолдап, көтермелесе, ал ақтардың Алаш автономиясына көзқарасы басқаша болды. Соңғыларының қолдауына сүйене отырып, қазақ халқы, дәлірек айтқанда Ә.Бөкейханов бастаған зиялылар тобы белгілі бір деңгейде дербестікке жетуге болады деп санады.
Алаш Орда жетекшілері атаман Дутовпен, Самарадағы Құрылтай жиналысы мүшелері Комитетімен (Комуч), Омбыдағы Уақытша Сібір үкіметімен де байланыс жасады. Басталып кеткен азамат соғысы Алаш Орданың ұстанар бағытында айқындауды қажет етті. Сөйтіп, қазақ аутономиясы өлкеде әлеуметтік-саяси негізі жоқ Кеңес үкіметіне қарсы күреске шығып, ақтарға қосылуға мәжбүр болды.
Уақытша Сібір үкіметі бастан-ақ қазақтарға ұлыдержавалық пиғыл танытты. Олар Алаш қайраткерлерінің ел ішіндегі беделін өздерінің мақсаттарын жүзеге асыруға мәселен, қажет кездерде әскер күшін жасақтау, соғыстың бүкіл салмағын халық мойнына арту т.б. жағдайларға пайдалануды көздеді. Бұл үкімет Алашорданың белгілі бір үкімет органы ретінде дербес, белсенді әрекет жасауына келісе қоймады. Архив деректері, Сібір үкіметінің мүддесін жүзеге асырушы эмиссарларға Алашорданың батыл қарсылық білдіріп отырғанын көрсетеді. Мұның соңы қазақ автономиясының өзін ресми тану туралы мәлімдемесін, Сібір үкіметінің «нағыз сепаратизмнің белгісі» деп айыптауымен аяқталды.
Алашорда сонымен бірге Кеңес үкіметімен байланыс жасауға тырысты. Халел және Жанша Досмұхамедовтер Ленин, Сталинмен, сондай-ақ Халел Ғаббасов ұлт ісі жөніндегі халық комиссары Сталинмен келіссөз жүргізді. Мұның нәтижесі - автономияның мәдени мұқтажына орталықтың көмегі, бүкілқазақтық құрылтайды шақыру, өлкеде азаматтық бітімге келу туралы уәделер болды. Алаш қайраткерлеріне Бүкілресейлік Орталық Атқару комитетінің 1919 жылғы 4 сәуірдегі және 1920 жылғы 15 сәуірдегі шешімімен амнистия жарияланса да, Кеңес үкіметі күшіне мінгеннен кейін, олардың өткенін ешуақытта ұмыта да, кешіре де алған жоқ. Түрлі әдіспен бүркеленген қудалау ақыры, Алаш зиялыларын жаппай қырғынға ұшыратты.
Алашорда азамат соғысы жылдарында Кеңес құрылысына жау күштер жағында болды. Нәтижесінде азамат соғысында жеңіске жеткен Кеңес өкіметі Алаш партиясы мен Алашорда үкіметін таратты. Кеңес өкіметі Алаш пен Алашорданы Қазақстанның қоғамдық-саяси өмірінен аластауда алдау мен арбау әдісін де, қару жұмсап, күштеу жолын да қолданды. Кезінде (1919-1920 жж.) Кеңес өкіметі Алаш қозғалысына белсене қатысқандардың барлығына кешірім жасағанына қарамастан, олар түгелге дерлік сталиншіл әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандарына айналды. Сол кезде Ресейде орын алған жағдайда қазақтардың жарияланған автономиясын жүзеге асыру мүмкін емес еді.
Достарыңызбен бөлісу: |