Жаратылыстанушылық-ғылыми сауаттылықтың жоғары деңгейінде оқушылардың бойында қалыптасуы қажет дағдылар:
кез келген өмірлік жағдайдың жаратылыстанушылық-ғылыми аспектілерін анықтау, осы жағдайларда жаратылыстану ғылымдары мен білімін қолдану;
өмірлік жағдайларда дұрыс шешім қабылдау үшін тиісті ғылыми негіздемелер мен дәлелдемелерді салыстыра білу, іріктеу және бағалау;
ғылыми мәліметтерге негізделген түсініктемелер беру және сыни тұрғыдан дәлелдер келтіру, талдау жасау;
ақпарат пен түсіндірмелерді әртүрлі дереккөздермен байланыстырып, әртүрлі шешімдердің негіздемесін жасай білу;
зияткерлік дағдылар қалыптасуы (мысалы, дәлелдеу және негіздеу) және шешімдерді негіздеу үшін өз білімін пайдалануға дайын екенін көрсете білу, ғылыми және техникалық жағдайларда қолдана алу.
Оқушылардың бойында аталған дағдылар қалыптасса, биология пәнінің сабақтарында кез келген тақырып бойынша тапсырма орындау барысында алған білімін еске түсіріп, теориялық жауаптарды дұрыс құрастырып, сабақтағы демонстрациялық жұмыстарда, зерттеу кезінде алған білімін жинақтау арқылы зертханалық жұмыстарға дұрыс баға беріп, теориялық білімдегі қарама-қайшылықтарды талдап, білімінің жоғары деңгейін көрсетеді.
Күрделілігі жоғары деңгейдегі тапсырмаға мысал
Гүл – гүлдейтін өсімдіктердің гамета түзе отырып жыныстық жолмен көбеюге қабілетті қысқа өсіндісі. Гүлдің сыртын жасыл түсті тостаған жапырақшалар мен түрлі-түсті күлте жапырақшалар қоршап тұрады. Тостағанша мен күлте екеуі қосылып, гүлсерікті құрайды. Гүлге түс беретін – күлте жапырақшалар. Оның түсі әртүрлі болады. Күлтенің ішінде аталықтар мен аналықтар болады. Аталық пен аналық – гүлдің негізгі бөлігі, олардан жемістер мен тұқымдар түзіледі.
Тозаңдану – тозаңның аналық аузына түсу процесі. Тозаңдану процесінен кейін ұрықтану, яғни жыныс жасушаларының қосылуы жүреді. Өсімдіктер айқас не өздігінен тозаңданады. Айқас тозаңданудың екі жолы бар: тозаң желмен және жәндіктер арқылы таралады.
Достарыңызбен бөлісу: |