20 сұрақ-жауап 7-шығарылым даиш – аса қауіпті лаңкес ұйым Астана – 2016


ДАИШ-тың мәдени-тарихи ескерткіштерді жоюының себебі неде?



бет3/5
Дата10.06.2016
өлшемі0.8 Mb.
#126706
1   2   3   4   5

9. ДАИШ-тың мәдени-тарихи ескерткіштерді жоюының себебі неде?
«Ислам мемлекеті» (ИМ, ДАИШ) содырлары соңғы 4-5 жылдың ішінде Ирак, Сирия, Ливан елдерінде көптеген мәдени-тарихи ескерткіштерді жойып жіберді. 2015 жылдың өзінде ДАИШ содырлары Сириядағы әйгілі көне Пальмира қаласында ежелгі тарихи алты ескерткіштерді күл-талқан етті. Пальмирадағы сәулет кешенінің археологы әлемге танымал Халед Асадты көпшіліктің көзінше дарға асып өлтірген. ЮНЕСКО мен БҰҰ «Ислам мемлекетінің» әрекеттерін қатаң түрде айыптады. Сирия аумағында ЮНЕСКО қорғауындағы антикалық дәуірге жататын бірнеше нысандар бар екені белгілі. Ғаламтор жүйелерінде таратылған видеоларда ДАИШ содырлары көне жәдігерлерді, ежелгі заман ескерткіштерін қиратып жатқаны бейнеленген.

Сонымен қатар, содырлар Ирак мемлекетіндегі Мосул қаласының мұражайындағы VII-ші ғасырларға тиесілі адам бейнесі бар мүсіндерді және басқа да ескерткіштерді түгін қалдырмай қиратты. ДАИШ содырлары өздерінің мұндай әрекеттерін мүсіндер мен ескерткіштер ислам қағидаттарына қайшы келетіндігіне байланысты деп түсіндіреді. Ал 2014 жылы содырлар аталмыш шаһардағы орталық кітапхананы жарып, ондағы жүз мыңдай кітапты өртеп жіберген болатын. Ауыр техникаларды қолдану арқылы Ирактағы көне тарихи Нимруд, Хатра қалаларын жермен жексен еткен. Саяси сарапшы Хади Жалло Мерхи: «Ислам мемлекеті» радикалды ұйымы Таяу Шығыстағы мұражайларға орасан зор қиянат жасады. Олар Сириядағы өте маңызды ескерткіштерді жойып жіберді. Ғасырлар бойы сақталып келе жатқан көне құнды заттар жоғалды. Барлығымыз бірігіп бұл хайуандық іске төтеп бермесек болмайды» деп өз өкінішін білдірді.

– Өкінішке қарай, ДАИШ (Мосул қаласын) жүйелі түрде талқандап жатыр. Олар қаланың өткенін, оның тарихи тамырын, дәстүрлерін, яғни Мосул тұрғындарын өткенімен байланыстырып тұрған нәрсенің бәрін мақсатты түрде жойып жатқанға ұқсайды, – дейді Чехиядан солтүстік Иракқа арнайы барған археолог ғалымдардың бірі, Батыс Богемия университетінің оқытушысы Карел Новачек.

Бағдат қаласынан солтүстікке қарай 400 километр қашықтықта, Тигр өзенінің бойында, тоғыз жолдың торабында орналасқан Мосул қаласы ғасырлар бойы сауда мен мәдениет орталығы болып келеді. Бұл қала мұсылмандардың, христиандар мен иудейлер өркениетінің бесігі болған. Бай тарихы мен мәдениетінің арқасында Мосул қаласы аспан астындағы мұражайға айналған болатын. ДАИШ содырларының шетін әрекеттерінен Жүніс пайғамбардың кесенесі мен ежелгі Шис мешіті жермен-жексен етілді. «Ислам мемлекеті» содырлары өздерінің әрекеттерін «мүсіндерге табынбау үшін оларды қирату керек» деп түсіндіреді. – Мұхаммед пайғамбар бұттарды жоюға бұйырған еді. Сол үшін біз де осы мүсіндерді қиратамыз, – деп мәлімдеді Associated Press ақпарат агенттігіне сұхбат берген содырлардың бірі.

Мүсіндерге табыну, не болмаса табыну үшін мүсінді қолдан жасау шариғатта шынымен де тыйым салынған. Алайда, ислам дінінде тарихи жәдігерлерді жойып-қиратуға қатысты бұйрық жоқ екенін білген жөн. Көне мәдени-тарихи мұралар керісінше ұрпаққа үлгі-өнеге болуы үшін сақталынуы қажет. Ислам діні алғашқы тараған кезеңде Византия жерлеріне дейін жеткені тарихтан белгілі. Ол уақытта мұсылмандар өзге елдердегі жергілікті халықтың мінәжат орындарын, қабірлерін, басқа да тарихи ескерткіштерін қиратып жоймаған еді. Керісінше, олардың өз ғибадаттарын орындап, мәдени-тарихи мұраларын сақтап қалуларына мүмкіндік берген.

Мұхаммед пайғамбар 630 жылы мыңдаған сахабаларымен Мәдина қаласынан Мекке қаласына кіріп келгенде қала тұрғындарына: «Кімде-кім қаруын тастаса оған қауіп жоқ. Және кімде-кім Харам мешітін, өз үйін не Әбу Суфиянның үйін паналаса, оларға ешкім тиіспейді» деген. Мұхаммед пайғамбар өз сөзінде тұрып, жергілікті (мұсылман емес) тұрғындарға тиіспейді, олардың ғибадатханалары мен мүсін-бұттарына, тарихи жәдігерлеріне тиіспейді. Тек, мұсылмандар үшін қасиетті саналатын Қағбаның іші-сыртын бұттардан тазартады. Пайғамбар Мұхаммедтің осыншама парасаттылығына тамсанған Меккедегі мүшріктер өз еріктерімен ислам дінін жаппай қабылдай бастайды.

Түрлі мемлекеттің 126 ислам ғалымының ДАИШ іс-әрекеттерінің ислам дінімен ешқандай байланысы жоқ екендігін айтып ашық хат жариялағандары белгілі. Сол хаттың мазмұнында ислам ғалымдары ДАИШ-тың мәдени-тарихи жерлерді бұзып, қабірлерді қиратқандарын қатаң түрде сынға ала отырып, исламмен ешқандай байланысы жоқ деп бағалады. Ғалымдардың мәлімдеуінше мүсіндерді қиратуға діни не тарихи ешқандай себеп жоқ. Сондықтан ДАИШ содырларының мәдени-тарихи ескерткіштерді жоюлары – ешбір діни негіздемесі жоқ, ақталмайтын аса ауыр қылмыс.
10. «Жыныстық жиһад» деген жиһад бар ма? Неге ДАИШ шейхтары осындай пәтуа беріп отыр?
2013 жылы Сирия және Ирак жеріндегі «ДАИШ» лаңкестік ұйымы тарапынан пайда болған «жыныстық жиһад» феномені әлемдегі исламофобиялық көзқарасты қалыптастырушы келеңсіз әрекеттердің біріне жатады.

Мұсылман қыз-келіншектердің саналы түрде жалған насихатқа еріп немесе алдану арқылы дін атын жамылған содырлар лагерлерінде, сондай-ақ олар жаулап алған территорияларда жыныстық қызмет көрсетуі әлбетте адамгершілікке жат құбылыс.

«Жыныстық жиһад» сөзін ең алғаш болып діни радикалды ағымдар шейхтарының бірі Мұхаммед Арафи айналымға енгізді. Ол өз бетінше сүнниттік мұсылман әйелдерді Сирияда Башар Асадтың билігіне қарсы соғыс ашып жүрген ДАИШ лаңкестік ұйым содырларына жыныстық қызмет көрсетуге шақырған «пәтуа» шығарды. «Пәтуасының» дәлелі ретінде Құрандағы «Ниса» сүресінің «Некелі әйелдермен үйленулерің арам қылынды. Бірақ қолдарыңдағы күңдер (соғыс тұтқындары) басқа. Сендерге Алланың жазуы осы. Бұлардан басқаларды абыройлы болу, бой суытушы болмау шартымен малдарыңды беріп, қалауларың (мәһр беріп алуларың) халал қылынды. Сонда олардан осы шартпен пайдалансаңдар, бекітілген мәһрін беріңдер. Мәһр тоқтатылғаннан кейін ризалассаңдар, (еркек артық беріп, әйелдің аз алуы немесе тіпті алмауында) сендерге оқасы жоқ. Расында, Алла – толық білуші, хикмет иесі» деген 4-ші аятын мысалға келтіре отырып, әйел адамның бір күннен 99 жыл аралығына дейін ер адаммен интимдік қатынаста болуы жайлы көзқарасын паш етті.

Алайда Ибн Аббас, Хасан Басри, Мужаһид сынды тәпсіршілер «Сендер олардан алған ләззаттарың, көрген қызықтарың үшін оларға тиісті мәһрлерін (сыйақыларын) беріңдер» деген бұл аятты «тұрақты ақ некелі әйелден алынған ләззат үшін мәһр ақысын төлеңдер» деп түсінген.

Ислам шариғаты бойынша жиһад жасаудың, яғни қолға қару алып басқа елдермен соғысудың өзіндік талаптары мен шарттары бар. Ал ДАИШ лаңкестік ұйымы тарапынан жасалып жатқан әрекеттер әлбетте ислам діні атын жамылуда.

Кейінірек Мұхаммед Арафи ел арасында мұндай пәтуаны таратпағандығын айтып, көпшілік алдында ақталады. Дегенмен, тунистік БАҚ-тың дерек көздері аталмыш пәтуадан кейін «жыныстық жиһад» жасау мақсатында Сирияға жол тартқан қыз-келіншектердің саны артып, содырлар арасында бұл әрекеттің жаппай қолданысқа көшкендігін алға тартты.

Тунис елінің Ішкі істер министрі қоғамды жайлап бара жатқан бұл індетті мәселе етіп көтерген соң, «жыныстық жиһад» сөзі бұқаралық ақпарат құралдарында кең қолданысқа ие болып, тез арада өзекті тақырыпқа айналып үлгерді.

Түнистік мүфти Хамд Саид: «Біздің дінімізде жыныстық жиһад деген ұғымы жоқ!», – деп көпшілік алдында сөз сөйлесе, тунистік бұрынғы мүфти, шейх Осман Баттих жыныстық жиһад әрекетін қолдаушы ер адамдар мен қыз-келіншектердің әрекеттерін «барып тұрған азғындық» деп бағалады. Шейх Баттих өз кезегінде барша тунистіктерді ислам діні атына кір келтірерлік мұндай келеңсіз әрекеттерге жол бермеуге шақырды.

Сонымен қатар, саналы түрде өз еріктерімен осы жолды таңдаған әйел адамдардың келеңсіз әрекеттерінен тыс, соғыс алаңында қаза тапқан кейбір содырлардың әйелдері уақытша басқа ер адамға мәжбүрлі түрде әйел болуға некелестірілетіндігін де атап өткен жөн. Бұл үдерістер ислам шариғатына түбегейлі қарама-қайшы әрекеттер болып табылады. Бұл жерден жан мен ар, тән тазалығына, жалпы алғанда рухани тазалық пен құндылықтарға шақырған ислам дінінің тұнығын лайлауға, оған қара күйе жағуға барынша тырысып жатқан содырлар әрекеті айқын аңғарылады.

Уақыт өте келе «Мұсылман бауырлар» ислами партиясының «жыныстық жиһадқа» шақырған үндеулері олардың ғаламтор сайттарында көрініс табуда деген айыптар тағыла бастады. Дегенмен аталмыш ұйым мүшелері өздері тарапынан мұндай әрекеттердің орын алмағандығын жеткізген.

Al-Masry Al-Youm, Daily Mirror және өзге де бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтері бойынша ДАИШ қатарындағы содырлар өздері жаулап алған Мосул, Тикрит және басқа да аймақтарда әйел адамдарды жыныстық жиһад «қызметін» өтеуге шақырған және осы сөзге құлақ асқан адамдардың күнә мен кінәдан арылатындығы туралы үндеулері кеңінен таратылған. Әйел адамдар бас тартқан жағдайда өлім жазасына кесіліп отырған.

Ең алдымен, ислам дінінде «жыныстық жиһад» түсінігінің мүлде жоқ екендігін атап өткен жөн. «Жыныстық жиһад» ұғымы «уақытша неке» деген түсінікке негізделген. Ислам шариғаты бойынша ер мен әйелдің мұндай қарым-қатынастары зина жасау болып табылады. Бұл пәтуаға сүнниттік ғұламалар ижмағ (бір ауыздан қолдау) жасаған.

Мұхаммед пайғамбар өмірінің ең соңында жасаған «Қоштасу хұтбасында»: «Мен сендерге уақытша некені (ұзақ мерзімге созылған соғыс уақытында) рұқсат еткен едім, бірақ Жаратушы қиямет-қайымға дейін уақытша некеге тыйым салды», – деп, уақытша неке ислам дінінде тыйым салынған іс екенін екі мәрте қайталап айтып кеткен.

Сонымен қатар, мұсылмандардың кейбірі: «Исламда уақытша некеге рұқсат бар екен», – деп айтқан уақытта Хазіреті Әли ашуланған күйде: «Шын мәнінде, сен адасқан екенсің... Алланың елшісі Хайбар шайқасында уақытша неке қиюға және үй есегінің етін жеуге тыйым салды» (Бұхари, Мүслим, Мәлик және т.б.) деген сынды сахабалар тарапынан айтылған бірқатар риуаяттар жеткен.

Сондай-ақ, өмірінің біраз уақытын «Неке» мәселесіне арнаған Шәлтут есімді ғалым өзінің «Әл-Фатауа» (пәтуалар) жинағында уақытша некеге қатысты: «Әйелге бір жылда он бір еркекке тұрмысқа шығуына, ал ер адамға күн сайын басқа әйел алуына рұқсат беріп, оған ешбір отбасылық міндет жүктемейтін заң – Алланың заңы емес», - деп ойын түйіндеген.

Жақын арада Қырғызстан елінде Сириядан қайта оралған әйелдерге жүргізілген арнайы сауалнамалар нәтижесінде қарулы соғысқа аттанудың мемлекет тарапынан жүргізіліп отырған саясатқа деген көңіл толмастық, әлеуметтік жағдайдың төмендігі, жемқорлық және діни сауаттылықтың төмендігі сынды бірқатар фактілер анықталған.

Ал Батыс елдерінде аталмыш мәселенің орын алуы саяси-әлеуметтік мәселелерден бұрын, ер адамдардың рухының төмендеуі, әйел адамдардың отбасылық және әлеуметтік қиындықтарды ер адамның көмегінсіз жалғыз арқалауымен қатар, ислам дініне деген сұраныстың артуынан туындап отырғандығын кейбір зерттеушілер алға тартады. Өз кезегінде радикалды топтар осындай адамдар тобын өз қатарларына оңай тартуда. «Шынайы тақуа мұсылман» атын жамылып, Алла жолында дін үкімдері мен «тапталып жатқан» мұсылмандар құқығы үшін «қарулы жиһад» жолында өз өмірлерін «өлімге» қиған содырлар тобы кейбір әйелдер үшін қазіргі заманның «батырлары» бейнесін сомдауға тырысып бағуда.

ДАИШ ұйымының содырлары өз мүдделерін жүзеге асыру мақсатында ақпараттық-технологиялық және басқа да жетістіктерді пайдалана отырып, әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы әйелдерді ұйым қатарына тарту – олар үшін өте тиімді «жобалардың» бірі. Өйткені содырлардың қармағына ілінген әйелдер біріншіден «жыныстық жиһад» атауын жамыла отырып, «жыныстық қызмет» көрсетсе, екіншіден арбау арқылы өзге де әйелдерді соғыс алаңына тартуға ықпал етуде, үшіншіден олар саналы немесе мәжбүрлі түрде «дін жолында» өздерін «шаһид» қылуға, яғни құрбан етуге дайын. Қорыта айтқанда олар тегін әрі «ықыласты» түрде «қызмет» атқарушы адамдар күшіне айналып отыр.


11. ДАИШ-тің ғаламтордағы бейнематериалдарында оның қатарында жүргендердің өмірі керемет болып көрінеді. Ол шын мәнінде солай ма?
ХХІ ғасыр ашық ақпараттық дәуір болғандықтан әртүрлі ақпараттар ашық жарияланып, көптеген мәліметтер барша жұртшылыққа қол жетімді болып отыр. Бұл жерде ғаламтордың қосып отырған үлесі зор екені айтпаса да түсінікті. Дегенмен әр алуан мәліметтердің шамадан тыс көп әрі қол жетімді болуы діни экстремистік идеялардың кеңінен таралуына да жағдай туғызуда.

Экстремистік ұйымдар өз жақтастарын көбейту үшін өз идеяларын кеңінен насихаттап өз ұстанымдарының дұрыстығын діни тұрғыдан дәлелдеуге тырысады. Осы мақсатта олар діндарларды арандатып, өз мақсаттарына жету құралы ретінде діни қағидаларды, қасиетті мәтіндерді (Құран, хадис) пайдаланады.

Қазіргі таңда ДАИШ өз қатарын толтыру мақсатында негізгі құралына айналдырған ғаламторды белсенді пайдалануда. Мысалы, «Шамға келген 150 қазақ» (2013 жыл, қазан), Әл-Хайат телестудиясы дайындаған «Те кто были правдивы с Аллахом» (2014 жыл, шілде), Әл-Фурқан телестудиясы дайындаған «Обращение казахстанских братьев из Шама» атты (2014 жыл, тамыз) бейне-үндеулер жарияланған. Мұндай үндеулер мен насихаттар азаматтарды ашық заңбұзарлық әрекеттерге шақырады. Мәселен, 2015 жылдың басында ДАИШ әскерінің қатарын шамамен әлемнің 90 елінен жиналған 20 мың шетелдіктер құрады. Ресми мәліметтер бойынша экстремистік идеологиялардың қармағына ілінген, Таяу Шығыстағы (Сирия аумағына) соғысқа аттанған Қазақстан Республикасының азаматтарының саны 300 адамнан асқан.

Азаматтардың «ДАИШ» содырларының қатарына қосылу үшін ғаламтор арқылы сол азаматтардың не нәрсеге қызығушылық танытқандығы туралы сұрақ кімді де болсын ойландырмай қоймасы анық.

Осы тұрғыда бұл мәселені діни, әлеуметтік және рухани тұрғыдан қарастыруға болады. «ДАИШ»-тың әлеуметтік желілерде жарияланған бейне материалдарының мазмұнына назар аударсақ, «Алланың жолымен, Мұхаммед пайғамбардың сүннетімен жүрміз және халифат құру арқылы әлемде болып жатқан әділетсіздіктің алдын аламыз. Сондай-ақ, шариғат бойынша басқарылмаған мемлекет − кәпірлердің елі, сондықтан баршаңызды бұл мәселеге бейжай қарамай біздің қатарымызға қосылып, жихад жасауларыңызды талап етеміз» деген идеологиялық және психикалық шабуылдар, діни білімі таяз азаматтардың «шынайы ислам» осы екен деп біліп, «халифатшылардың» қатарына қосылуға итермелейді. «ДАИШ»-тың қатарына қосылушыларды тек теологиялық көзқарастары үшін ғана қосылып қоймай, әлеуметтік жағы да қызықтырары сөзсіз.

Мәселен, бұқаралық ақпарат құралдарының мәліметтеріне сүйенсек, содырлар қатарындағы ресми ант қабылдаған «жауынгерлердің» жалақысы күніне шамамен 1000-нан жоғары АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар, тұрғын үй және көлікпен қамтамасыз етілетіндігі туралы жалған ақпарат әлеуметтік жағдайы төмен азамматтарды қызықтырып, өз қатарларын толтыру мақсатында бұндай «жарнамалар» жиі көрініс тауып жатыр.

Әрине бұндай «жарнамаларға» болашағының үмітіне сенімсіздікпен қараған және өмірлік жағдайлардың түрлі себептеріне шыдай алмай депрессиялық күйге түскен азаматтар «ДАИШ» содырларының қатарына қосылатындығы сөзсіз. Ақырында, өз қиялындағыдай Таяу Шығыстағы өмірін «ақша жетерлік» сипатта елестеткен азаматтар жер сипап қалып жатады.

Мысал ретінде Таяу Шығыстан еліне оралған ҚР азаматының бір сұхбатынан үзінді келтірсек, «ДАИШ»-ті шынымен де «Ислам мемлекеті» ретінде елестеттім. Себебі, сол уақытта діни білімімнің таяздығына, яғни ислам дініне жаңадан қызығушылық танытып жүрген кезім еді, онымен қоса әлеуметтік жағдайымның төмендігіне байланысты ғаламтордағы «ДАИШ»-тың бейне материалдары көңілімнен шықты. Өйткені, мен де мұсылман бола тұра, Таяу Шығыстағы «бауырларыма» жәрдемдеспей қоюды құп көрмедім. Бір жағынан «жағдайымды да дұрыстап алармын» деген ойда болдым. Бірақ, бәрі ойдағыдай болмады, яғни ол жерде исламның иісі де жоқ екеніне көзім жетті», − деп өкінішін айтса, ғаламтордағы келесі бір азаматшаның «Надя» есімді азаматшаның сұхбатынан үзінді келтірсек: «Ол жерде жақындарыңды іздеуге, ғаламтор пайдалануға рұқсат жоқ, Құран, Ислам қағидаттары мүлдем ауызға да алынбайды, тек қана суық қару мен соғыс шарттарына дайын, өздерін тек соғысқа дайындаған бірыңғай форма киінген адамдар ғана болды. Олар өздерінің бұл істі тек Жаратқанның разылығы үшін жасап жатқандықтарын айтты. Алайда дінге сүйене отырып бізді сатып алады. Олардың істері Ислам шарттарына мүлдем кереғар. Құранды да сирек оқиды. Көбісі Ислам дінін енді үйреніп жүргендер, бір жыл төңірегінде ғана қабылдап үлгергендер. ИШИМ-ге келген қыз-келіншектер содырлардың жыныстық құмарлықтарын басу үшін әкелінген. Олар бізді адам құрлы көрмейді, құдды бір базардан сатып алынған заттай қарайды. Қолдарына тілдей қағаз ұстап, «сарысы керек, қараторы болсын, жасы мынаншада болсын...» деген сияқты тізіммен келеді», — деп, ИШИМ-нен көрген-білгендерімен бөлісті.

Лаңкес топтар кейде ашық түрде соғысқа шақырмағанымен діни бауырмалшылықты насихаттау арқылы өздеріне қаржылық, қызметтік (мысалы, Whatsapp және т.б. кең қолданыстағы желілер арқылы экстремистік идеялар тарату), тағы басқа кез-келген көмек көрсеткен адамдарың ісін Мұхаммед пайғамбардың, сахабалардың дін жолындағы қайраткерлігімен теңестіреді. Мұндай үгіт-насихат діни қағидаттарды бұрмалау және дәйексіз ақпаратты тарату арқылы қоғам және жеке адам санасына кері ықпал етіп, сол арқылы ұлт қауіпсіздігіне нұқсан келтіруді мақсат тұтады.

Санасы уланған азамттар үшін «ДАИШ» «нағыз ислам» болып көрінгенімен, ғаламтор бетіндегі дүние жүзінің мұсылмандарын жиһадқа шақыратын аудио жəне видеоматериалдарына назар салсақ, онда олардың қатыгездігі мен қанішерлігін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұнда мұсылман немесе кəпір деп айырмастан жазықсыз жандар аяусыз атылып, дарға асылып, бастары шабылып, қойша бауыздалып жатады. Исламда адам өмірі мен оның құқығы қасиетті болып табылады. Құранда: «Өлтірілуіне Алла тыйым салған кісіні нақақтан өлтірмеңдер...» делінген (Əнғам: 151).

Сонымен қатар ДАИШ Ирактағы шиит, христиан, езид, түркімен, күрд, сынды этникалық əрі діни азшылық өкілдеріне жүйелі түрде шабуыл жасап, қан төгуде. Шынтуайтында ДАИШ содырлардан құралған лаңкестік ұйымнан басқа ештеңе де емес. Олардың шектен шыққан əрекеттерін, ДАИШ-тің басшысы Əбу Бəкір əл-Бағдади мен оның жақтастарын айыптаған мұсылман əлемінің жүз жиырмадан астам белгілі ислам ғұламалары мен мүфтилерінің қолдары қойылған ашық хат жарияланғаны белгілі.

Ашық хатта ғалымдар содырлардың жасалып жатқан лаңкес әрекеттеріне талдау жасап, олардың ислам шариғатына сәйкес келмейтіндігі айтылған. Мысыр елінің пәтуа шығару басқармасы «ДАИШ» содырлары нақ өзін-өзі жарып жіберуге арналған қаруды қолдануына қарсы пəтуа шығарды. Пəтуада: «Мұндай қарулар арнайы жасалады. Бүгінде лаңкестер өз мақсаттарын жүзеге асыру үшін қарудың əйелдерге арналған түрін ойлап шығаруда. Мұндай қару террористік қақтығыстарда өзін-өзі жару үшін жасалған. Қазіргі таңда лаңкестер өзін-өзі жарып жіберу əрекеттерінде əйелдерді құрал етіп алды. Лаңкестер ол үшін алдымен бір əйелді таңдап алып, оның санасына психологиялық шабуыл жасайды. Əлгі əйелге өлім туралы əбден насихат айтылады. Қажет болған жағдайда өзін өлтіруге итермелейтін арнайы миға əсер ететін шөптер ішкізеді. Біршама уақыттан кейін əлгі əйел дайын əскер болып шығады» делінген.

Қорыта айтқанда, қазіргі таңдағы ИШИМ жүргізіп жатқан қарулы қырғын исламның шариғи қағидалары мен ұстанымдарына толығымен қайшы келеді. Сондықтан мұндай әрекеттер исламға, мұсылман қауымына және жалпы адамзатқа қарсы жүргізіліп жатқан террорлық акт ретінде бағаланады.
12. Әлеуметтік желілер мен ғаламтор сайттарында ДАИШ өз идеологиясын қалай насихаттауда және өз қатарларын толтыру үшін қандай әдіс-тәсілдерді қолдануда?
Қазіргі кезде ғаламтор әлемі қоғамның ақпарат көзі ғана емес адамдардың бос уақытын өткізетін, көңіл көтеретін және негізгі байланыс құралына да айналып үлгерді. Ғаламтор әртүрлі онлайн чаттар, ойындар т.б. жастарды шырмап алатын дүниелерге толы. Сол себепті бүгінгі таңда жастар смартфон, компьютер арқылы уақытының көбісін виртуалды әлемде өткізеді.

Ғаламторды пайдаланушылардың саны күн санап артып келе жатқанын террористік ұйымдар да жақсы біледі. Жаңа технологияның дамуына байланысты террористер де заман ағымына бейімделген. Тіпті сандық технологияны өз мүддесіне қолдануда көш басында тұр. Өз кезегінде террористердің бұл әрекеті әлем үшін қауіпті құбылыс болып табылады.

ДАИШ өз идеологисын насихаттау барысында ғаламторды жетік игергендігін көрсетті. Олардың ғаламтордағы жұмысы жемісті болып өз қатарларын жаңа адамдармен толықтыруда. Осыған орай олардың ғаламтордағы жұмысын зерделеп көрсек.

ДАИШ өзін жарнамалаудың әртүрлі тәсілін қолданып келеді. Әлеуметтік желілерде өздері жайлы қауесет сөздерді, бейне, дыбыстық материалдарды таратып, үнемі жұрттың назарын аударып отырады. Мысалы, ДАИШ-тің адамгершілікке жат әрекеттері бейнеленген сенсациялық сипаттағы бейне материалдар осы мақсатта таратылған. ДАИШ тіпті өзін әзіл, карикатура арқылы жарнамалайды. Мақсатты түрде таратылған материалдар өз міндетін атқарып болған соң, басқа материалдар дайындалады.

ДАИШ ғаламторда адамдардың агрессиясын туындататын материалдарды жариялайды. Әсіресе діндарлардың ашу-ызасына тиіп, арандататын материалдарды жиі қолданады. Мысалы, мұсылман әйелді зорлап жатқан «кәпірлер» туралы бейне ролик ғаламторға осы мақсатта салынған. Мұндай материалдарды көрген шала сауатты жастар «кәпірлерге» деген өшпенділігі артып, радикалдануға алып баратын басқа да материалдармен таныса бастайды. Нәтижесінде адам террористік ұйымның сойылын соғушы лаңкестің біріне айналады.

Ғаламтордағы хат алмасатын чаттарда, әлеуметтік желілерде жаңа таныс іздейтін қыз-жігіттер аз емес. ДАИШ содырлары мұндай жерде адамдарды өз құрығына түсірудің айла-әдісін жақсы қолданады. Әсіресе бұл әйел адамдарды арбауда сәтті іске асады. Себебі таныс іздеген кейбір қыздар өз өмірі, толғандырған мәселелері жайлы ақпараттарды ғаламторға көптеп салады. Сырлас таппай жүрген жандарға чаттарда шетелдік бейтаныспен ашылып сөйлесу, ішкі сырын айту жеңіл болады. Ал бұл мәліметтер мен жағдайлар содырларға өз құрбаны жайында жақынырақ танысып, өз құрбандарымен ортақ әңгіме айтуға сол арқылы өз ырқына құлатуға мүмкіндік береді. Нәтижесінде әйелдердің санасына «жыныстық жиһад» жасауды сіңіреді.

Террористер жастардың санасын улау үшін бейнеойындар жасап шығаруда. Ғаламтор-ойындарда ойыншы террористердің белгілеп берген миссияларды орындап, әр түрлі нысандарды жоюмен айналысады. Бұл ойындарды көп ойнаған жастар өздерін террористік ұйымның бір мүшесі ретінде сезіне бастайды.

ДАИШ ғаламторда жеңіл жүктелетін, тез көшірілетін материалдарды таратады. Сонымен қатар ғаламтордан, әлеуметтік желілерден мәлімет іздеушілерге өз материалдарын тықпалайды. Осы мақсатта ДАИШ әртүрлі медиа маркетингтік әдістерді қолданады. Мысалы, әлеуметтік желілерде танымал хэштегтерді (#) алып, оның мазмұнына өз материалдарын көптеп орналастырады. Іздегіш (Поисковая система) желілерде ең жиі ізделетін сөздердің қасына өз материалдарын тықпалайды.

Содырлар мобильдік қолданбаларды шығаруда. Мысалы, андроид жүйесіне арналған «Dawn of Glad Tidings» атты қолданба жазбаларды бұзып, мезгіл-мезгілмен хабарламаларды таратуға мүмкіндік береді. Ол «Сирия, Ирак және ислам әлемінің жаңалықтарын тарататын бағдарлама» ретінде сипатталып, қолданушыға мультипликативтік әсер етіп, пайдаланушылардың жазбаларын, шоттарын басқаруға мүмкіндік береді.

Ғаламтордағы тағы бір ДАИШ әрекеті пайдаланушылар арасында «онлайн жиһад» жасауды насихаттау болып табылады. ДАИШ бойынша онлайн жиһад деген – ғаламтор әлемінде ДАИШ идеологиясына қолдау білдіру, терроризмге шақыратын үндеулерді тарату әрекеттері. «Онлайн жиһад» жасаушылар – ДАИШ құрығына ғаламтор арқылы іліккен адамдар. Олар қоғамда қарапайым елеусіз адам болып көрінуі мүмкін. Алайда виртуалды әлемде олар террористердің сабына жаңа құрбандарды тартушы күш.

«Онлайн жиһад» жасау бүгінгі күні қоғам үшін өте қауіпті. Содырлықтың бұл түрінде «онлайн жиһадшы» қолына қару алып соғыспайды. Бірақ ғаламтор арқылы жаңа құрбандарға әр түрлі жарылғыш заттардың, қарулардың жасау тәсілдерін үйретіп, террористік әрекеттерді іске асыру жоспарларын ұйымдастырады. Ғаламторда әр түрлі акциялар өткізіп, қаржы жинастырады. Акциялар көпшілік жұрт күдіктенбейтіндей қайырымдылық шаралары немесе басқа бір жақсы істерді қолдау білдіруге арналады. Акциядан жиналған қаржыны содырлық әрекетті жалғастыруға жұмсайды.

ДАИШ-тің шығарып отырған материалдарының сапасы жоғары. Оны таратып жатқан Әл Хаят Баспасөз орталығында дайындалып шыққан зорлық-зомбылық және шайқас эпизодтары бейнеленген роликтерден аңғаруға болады. Мұндай бейне роликтер кәсіби мамандардың қолынан шыққандығын байқау қиын емес.

ДАИШ-тың жоғарыдағыдай құрығына түсіру айласынан сақтану үшін ғаламтор пайдаланушылар мына қағидаттарды ұстанғаны дұрыс:

- өшпенділікті, кек алуға деген құмарлықты тудыратын арандатушы материалдарды пайдаланбау;

- дінге қатысты күмәнді дереккөздерді пайдаланбау;

- әлеуметтік желілерде, чаттарда бейтаныс адамдармен сақтықпен сөйлесу, күмән туғызатын мәліметтер болса байланысты үзу;

- әлеуметтік желілерді пайдаланушы парақшасында жеке басына қатысты толғандырған мәселелер жайлы артық ақпараттарды қоймағаны дұрыс;

- әлеуметтік желілерді пайдаланушы өз парақшасын қараусыз қалдырмауы керек. Себебі, парақша иесін белгілеп (отметка), парақшаға жалған аккауынтпен террористік бағыттағы материалдар қалдыруы мүмкін;

- ғаламтор желілеріндегі әр түрлі репост жасауды, қаржылай көмек көрсетуді сұрайтын акцияларға сақтықпен қарау;

- террористік бағыттағы адамгершілікке жат ойындарды, материалдарды пайдаланбау;

- қолданушыға белгісіз ұйялы телефонға, планшетке, компьютерге арналған бағдарламаларды арнайы маманның кеңесімен орнату.

ДАИШ ғаламторда белсенді жұмыс жасап отырған террористік ұйым. Оның жоғарыда келтіргендей ғаламтордағы құйтырқы арбау әрекеттері адамдарды өз құрығына түсіруде табысты болып отыр. Сондықтан ғаламтор қолданушылары сақтық шараларын ұмытпаулары қажет.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет