20 сұрақ-жауап 7-шығарылым даиш – аса қауіпті лаңкес ұйым Астана – 2016


Азаматтардың жеке түрде және тіпті бүкіл отбасыларын алып ДАИШ жаулап алған аймақтарға кетуінің себептері неде?



бет4/5
Дата10.06.2016
өлшемі0.8 Mb.
#126706
1   2   3   4   5

13. Азаматтардың жеке түрде және тіпті бүкіл отбасыларын алып ДАИШ жаулап алған аймақтарға кетуінің себептері неде?
Соңғы уақытта әлемнің кейбір аумақтарында топтасқан террористердің белсенділігі артып, кең таралуы байқалуда. Террористік актілердің көбеюіне Ауғанстан мен Таяу Шығыстағы әскери қақтығыс аймақтарындағы Ауғанстан-Пәкістан және Ирак-Сирия қақтығыстары әсер етуде.

Ирак пен Ауғанстандағы қақтығыстар – жергілікті әлсіз үкіметке қарсы бағытталған қарулы қозғалыстардың салдарынан пайда болған көпұлтты қақтығыстар. Нәтижесінде, аз уақыт аралығында «Ирак және Шам ислам мемлекеті» (ДАИШ) деген атпен коалиция болып біріккен жалданбалы қанішерлер тобы өздерінің адамзатқа қарсы жантүршігерлік іс-әрекеттерімен бүкіл әлемді дүрліктірді.

Іс-жүзінде бұл экстремистік ұйымның мақсаты шариғат қағидаларына сүйеніп, ислам мемлекетін құруды көздемейді. Олардың мақсаты  тек билік пен материалдық құндылықтар.

Өкінішке орай, қазіргі кейбір мәліметтер бойынша 400-ге жуық қазақстандықтың Сирия-Ирак аймағындағы соғыс қимылдарына қосылғаны белгілі болып отыр. ҚР ҰҚК басшысы Н.Әбіқаевтың айтуынша «Ислам мемлекетіндегі» қазақстандықтардан «қазақ жамағаты» құрылған. Азаматтарымыздың ДАИШ қатарына қосылуының себептері мен олардың бұл жолға түсуіне әсер еткен факторлардың не екенін білу алаңдатып отыр.

Біріншіден салафилік, тәкфіршілік идеологияларын насихаттайтын әсіре діншілдер арасында беделі зор жергілікті уағызшылардың үгіт-насихат жұмыстарының ықпалын айтып өткен жөн. Ғаламтор арқылы жүргізіліп отырған экстремистік әрекетті насихаттайтын уағыздар  әлемдік деңгейдегі күн тәртібіне енген мәселеге айналды. Эктремизм мен терроризм идеяларын тарататын сайттар мен әлеуметтік желілер халықаралық қауымдастық үшін үлкен қауіп төндіреді. Мұндай ресурстар арқылы халықаралық террористік ұйымдар «кәпірлермен» күресуді, «әлемдік халифат құруды» көздейтін радикалды ағымдардың идеяларын насихаттайды.

Қазіргі таңда ғаламтор кеңістігінде араб және Орталық Азия мемлекеттерінен шыққан интернет-имамдардың белсенділігі артуда. Әсілі, олардың уағыздары әлемнің көп тілдерінде жүргізіледі. Сондай-ақ Орталық Азия аудиториясына бағытталған арнайы уағыздар да бар. Шағын жамағаттар мен радикалды салафиттік көзқарастағы жеке тұлғалардың әрекеттерін азаматтарымыздың Сириядағы соғысқа аттануының келесі бір факторы ретінде айтуға болады. Бұл жайттар құқық қорғау органдары тарапынан мемлекет және қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты іс-шараларды күшейтуді талап етеді.

Әрине, радикалды көзқарастың қалыптасуына тек жергілікті уағызшылардың ықпалы себеп болады деуге келмейді. Өйткені ДАИШ қатарына әлемнің түкпір-түкпірінен жаңа содырлардың қосылуына «бауырлар» тарапынан айтарлықтай қаржылай «көмек» көрсетілуі себеп болуда. Үй-жайдың болмауы, жұмыссыздық, сауатсыздық, өмір сүру деңгейінің төмендігі, өмірге деген наразылық, тағы басқа кейбір әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеу үдерісі халық арасындағы жекелеген азаматтардың оқшаулануына апарады. Қоғамнан оқшауланған мұндай топтар жат қылықтарға дағдыланып, өз кезегінде көбінесе қылмыстық әрекеттерге баруға бейімделеді. Нәтижесінде, қарапайым азаматтың қылмыскерге, қоғамға қауіпті террористке айналуын ДАИШ мысалынан байқауға болады.

Идеологиялық сана-сезімі тұрғысынан еліміздегі өмірден де жақсы өмір сүру арманы мен сол өмірді табуға деген сенімі азаматтарымыздың Сирияға аттануына елеулі ықпал тигізіп отыр. Сондықтан олар «әділдік пен жақсы өмірге» үміттене отырып, назарын Таяу Шығысқа аударады. Алайда, басқалардың қолындағы қуыршаққа айналғанын біліп, райынан қайтса да, өкінгені кеш болып қалады. Қазақстандық саясаттанушы-эксперт Е.Қарин: «...Қазақстаннан кеткендер қасиетті соғысқа қатысамыз деп ойлады, ал шындығында оларды басқалар өз мақсаттарына пайдаланды. Ұйымды белгиялық азамат құрды, қару қолдану өнерін француз үйретті, ал ұйымды америкалық ресурс жарнамалады. Ал біздің азаматтарды тек қана пайдаланды. Қазір де солай» – деген еді.

Осыған орай, ДАИШ – діни және рухани мақсатты ұстанбайтын, тек пайдаға кенелуді, билікке қол жеткізуді, оңай олжа табуды көздейтін террористік ұйым. Оның әрекетінің нәтижесі  басқыншылық, күш қолдану, адам төзгісіз қаталдық, анархия мен тәртіпсіздік, ойрандау және ең жаманы – мыңдаған бейкүнә жандардың құрбан болуы.

Азаматтардың діни білімінің төмендігі, шешімі табылмаған әлеуметтік-экономикалық мәселелерге тап болуы, сыни ойлау мен ұлттық және азаматтық бірегейлігінің жоқтығы олардың ғажайып өмірді уәде ететін радикалды идеологтардың ықпалына түсулеріне себеп болуда. Нәтижесінде, мұндай азаматтар өзін өркениетті қоғамға қарсы қойып, бүкіл адамзаттың қол жеткізген жетістіктерін жоққа шығарып отыр.


14. Кейбір әлеуметтанушылардың пікірінше азаматтар психологиялық күйзелістен арылу үшін діни экстремистік идеяларға бой ұруда. Осы пікір қаншалықты ақиқат?
Әлеуметтанулық-психологиялық зерттеулерде тұжырымдалғандай, мінез-құлық ерекшеліктері жөнінен алғанда радикалды идеология ықпалына бірінші кезекте билікқұмарлар, екінші кезекте пайдакүнемдер, үшінші кезекте әсіредіншілдер ұшырайды.

Шетін көзқарас пен лаңкестік әрекетке еліккіштердің мінез-құлқының ортақ ерекшеліктері ретінде өзіне және әлеуметтік жағдайына көңілі толмаушылық, кез келген қиындыққа өзгелерді (соның ішінде мемлекеттік құрылымды да) кінәлауға бейімділік, әлеуметтік әділеттілікті тар ауқымда түсініп, ортаны өзгертуге құлшыну, тәуекелшіл әрекеттерге бейімділік, өзін көрсету, өзінің бір нәрсеге қабілеттілігін дәлелдеуге тырысушылық секілді сипаттар айқындалған.

Жастардың арасында экстремистік идеологияның шырғалаңына кәсіби білімі мен біліктілігі жоқ азаматтар жиірек түседі. Бұл тенденцияның өріс алуын радикалды топқа іліккен жастардың қате діни ұстанымдарына байланысты зайырлы білім алудан бас тартып, оқуын тастап кету оқиғаларының көбеюінен байқауға болады. Соның салдарынан мұндай адамдар көбіне өз кәсібінің маманы ретінде қалыптаса алмай, тиісті деңгейде қаражат әкелетін тұрақты табыс көзін таба алмай қалады. Бұл – жат ағымға ерген адам мен оның отбасын қиын әлеуметтік жағдайға соқтыратын жайт. Яғни адам өз отбасын қаржылай қамтамасыз етуге қауқарсыз қалады.

Ендеше, адамды мұндай ауыр ахуалға түсіретін себептерді қарастырып өтейік. Экстремистік және террористік топтардың құрамына негізінен сотталған немесе қылмыстық істерге араласқан тұлғалармен қатар, қылмыстық іске араласпағандар да кіреді. Бұл жайтқа психологиялық жағынан назар салсақ, аталмыш типтегі адамдар негізінен құқықтық нигилистер, яғни зайырлы заңдарды мойындамайтын тұлғалар болып табылады. Олардың дүниеге деген көзқарасы діни-құқықтық категорияларға негізделген. Сонымен бірге, олардың түсініктеріндегі діни заңдар мен құқықтар радикалды идеологиялардың мақсаттық бағыттарына сәйкес бұрмаланған. Сондықтан болар, экстремистік және террористік топтардың құрамындағы тұлғалар өздерінің лаңкестік әрекеттерін діни-құқықтық жағынан дұрыс деп біледі.

Кез-келген экстремистік ұйым – оқшауланған ұяшықтардан құралған қатаң иерархиялық тәртіпте ұйымдасқан топ. Осы топпен байланысын құраған адам міндетті түрде бірнеше психологиялық арбау кезеңдерінен өтеді.

Бірінші кезеңді шартты түрде «достық қатынасты орнату» кезеңі деп атауға болады. Бұл кезеңде адам радикалды жамағат мүшелерімен, әсіресе идеологтарымен достық қатынастар орнатып, жамағаттың діни дәрістеріне қатыса бастайды.

Адамның радикалды жамағатқа бауыр басуымен психологиялық ықпал етудің келесі кезеңі – «ақпараттық оқшаулау» жүзеге асырыла бастайды. Аталмыш кезеңде радикалды топқа толығымен сенім білдірген адам сол ұйымның жетекшілерін ғана тыңдап, радикалды идеологтардың ғана ұсынған әдебиеттерін оқиды.

Қажетті ерекше микроклимат құрылған жамағаттың ішінде өмір сүрген адам сол топтың бір ажырамас бөлшегі ретінде қалыптасып, ой-санасы, дүниеге көзқарасы, танымы экстремистік идеологияның мақсаттары мен мүддесіне сай белгілі бір бағытта түзіледі. Өмірін оқшауланған топпен байланыстырған адам есесіне айналасындағы қоршаған қоғамынан, туысқандарынан, отбасы мүшелерінен алшақтай түсіп, олармен қатынастарын толығымен үзеді. Өйткені жамағат үшін сыртқы әлем – жау, дұшпан, ал іштегілер бір-біріне дос, бауыр.

Экстремистік ұйымдар қатарына қосылған адамның санасын өзгерту үшін ең алдымен оның сыншыл ойлану қабілетінен айыруға әрекеттенеді. Өйткені сыншыл ойланусыз адамға кез-келген идеяны еркін сенім ретінде миына құйып қоюға болады. Осыған орай радикалдардың діни дәрістері тиісті бағдарламалар мен мақсаттар шеңберінде әзірленеді. Олардың діни танымдары айналадағы барлық объектілер мен әрекеттерді «дос-дұшпан» немесе «халал-харам» категориялармен ғана айқындайды. Экстремистік топтағы адам үнемі өзге дінді ұстанатын немесе оның көзқарасын қабылдамайтын адамдарды, қоғамды, мемлекетті «дұшпан» санайды. Ондай адам зайырлы заңға бойсұнбайды, заңның өзін мойындамайды.

Яғни радикалды жат ағымға ерген адам өзінің ұлттық, азаматтық және діни танымынан айрылып, жекеменшік тұлғасы құлдырайды. Бұрмаланған діни ұстанымдар негізінде отбасымен және туған-туыстарымен қарым-қатынастары мүлде жойылады. Діни емес мемлекеттік, қоғамдық және әлеуметтік институттардың барлығына өшпенділігі мен жеккөруі артады. Зайырлы мемлекеттік құрылымды бұзуды, ал «бұзылған» қоғамды өзгертуді қалайды. Қылмыстық істі жүзеге асыруға бел буған ондай адам өзінің түсінігінше «кәпірлерді», олардың ұлттық ерекшеліктеріне қарамай, тонап, күшпен малын тартып алуға дейін барады. Соңына қарай, мұндай адамдар депрессиялық ахуалдың нәтижесінде, кейде жасаған қылмыстары үшін кесілген жазадан жалтару мақсатында өлімге де бас тігуі мүмкін.

Экстремистік ұйымдардың психологиясында өзі-өзін ақтау сезім басым болады. Сол себепті олар жасайтын барлық қылмыстық іс-әрекеттерге өзінің «әділетті сылтауын» табады. Оған осыған байланысты Ақтөбе, Тараз, Алматы, Атырауда болған оқыс оқиғалар мысал бола алады. Жекелеген топтар сырттан қаржы мен қару табу үшін «кәпір» деп танылған кәсіпкерлерге, дүкендерге, жанармай бекеттеріне, тіпті құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қарулы шабуылдар жасалған. Қарақшылық әрекетке қол ұрған экстремистік топ жетекшілері қылмыстық жолмен тапқан ақшасын «ізгі мақсатты жүзеге асыру үшін қажет» деген желеумен ақтаған. Бұл – экстремистік ұйымдардың діни емес, дін атын жамылған саяси және қаржылық мүдделерді ғана көздейтін топтар екендігін айқындайды.
15. ДАИШ әрекетін «исламға жат» деп пәтуа берген мұсылман ғалымдары қандай дәлел-дәйектерге сүйенеді?
Әртүрлі мемлекеттен 126 ислам ғалымы ДАИШ террористік ұйымының көшбасшысы Әбу-Бәкір әл-Бағдадиге (Доктор Ибрахим Аууад әл-Бадри) хат жазды. Хаттың мазмұнында ислам үмбетінің келісімінсіз халифалық жариялауға рұқсат жоқ екендігі айтылған. Хатқа қол қойған ғалымдардың бірі йорданиялық Әли әл-Халаби бұл хаттың ДАИШ содырларының есіне ислам шарттарын салып, жасап жатқан қателіктерін көрсетіп, Алладан оларды тура жолға бастауын тілеу мақсатында жазылғанын айтты.

Сауд Арабия, Йордания, Палестина, Мысыр, Тунис, Судан, Йемен, Түркия, Англия, Франция, АҚШ, Швеция, Босния және Герцеговина, Италия, Белгия, Болгария, Аргентина, Канада, Үндістан, Қытай, Малайзия, Индонезия және Нигериядан 126 ислам ғалымының қолы қойылған хаттың мазмұнында:



«Ислам дінінде нақақтан нақақ, кінәсіз адамдарды, елшілер мен журналистерді өлтіруге, күпірлігін ашық жариялаған адамдарды кәпір санауға, християндармен, жалпы кітап иелерімен жаман қарым-қатынас жасамауға, ғалымдар келісімімен жойылған құлдық мәселесін қайта еңгізуді, адамдарды мұсылман болуға міндеттеуге, әйелдер мен балалардың ақысына қол сұғуға, өлілердің мәйітіне зарар тигізуге, адамдарды қинап жәбір көрсетуге, жаман істерді Аллаға жаба салуға, Пайғамбарлар мен сахабалардың мазарларын қиратуға болмайтынын және исламда мұсылман үмбетінің келісімсіз халифалық жариялауға рұқсат жоқ!», – делінген.

Сондай-ақ ислам ғалымдары ДАИШ-тың әрекеттерін сынға ала отырып, олардың «усул әл-фиқһ» (Құран мен сүннеттен дәлел келтіру) мәселесінде қателескендіктерін айтып, келесідей Құран аяттарынан дәлелдер келтірді: «Сендер Кітаптың (Құран) кейбіріне (аятына) сеніп, кейбіріне қарсы келесіңдер ме?» (2:85), «Олар, (Кітап) сөздерін орнынан өзгертіп, оларға берілген үгітті ұмытты» (5:13), «Олар, Құранды бөлшектегендер (кейбір аятына сеніп, кейбіріне сенбегендер)» (15:91). Осы аяттар негізінде ислам ғалымдары ДАИШ содырларының көпшілік назарында өз қылмыстарын ақтап алу үшін Құран аяттары мен Мұхаммед пайғамбардың хадистерінің толық нұсқасының бір бөлігін үзінді етіп алып, дәлел ретінде келтіретінін әшкерледі.

Аталмыш хатта Нұғайм ибн Хаммадтың өзінің «Фитан» кітабындағы 4-ші ізгі халиф Әли ибн Әбу Талибтің сөздері келтіріледі. «Қара жалауларды көрген кездеріңде жерге бұғып, аяқ-қолдарыңды қозғалтпаңдар. Кейіннен, әлсіз және мардымсыз бір қауым пайда болады. Олардың жүректері кесек темір тәріздес болады және олар өздеріне мемлекет құрады. Олар берген сөздерінде тұрмай, келісім-шарттарын сақтамайтын болады. Олар ақиқатқа шақырады, алайда өздері ақиқат иелерінен болмайды. Олар бір-бірін ата-аналық лақап есімдермен (кунья) шақырып, бір-біріне қалалардың аттауларын береді. Олардың шаштары әйелдердің шаштары секілді ұзын болады. Осылайша, олар бір-бірімен келіспеушілікке түскенге дейін жалғасады, сол кезде Алла ақиқатты қалағанына көрсетеді». Әли ибн Әбу Талиб халифтің бұл сөздерін 126 ислам ғалымдары ДАИШ-қа қатысты айтылған сөздер деп қабылдаған. Әрі қарай хатта осы ДАИШ пен Әли ибн Әбу Талибтің айтқан сөздерін теңестіріп салыстырады: «Әл Бухаридің ұстазы Нұғайм бин Хаммадтың «Фитан» кітабында, осыдан 1200 жыл бұрын келген Әли ибн Абу Талибтің бұл сөздері қазіргі «Ислам мемлекетіне» қатысы бар ма?» деген сұрақ мұсылман қоғамын мазалайды. Егер де бұл сөздерді талдайтын болсақ, мынанған көз жеткізуге болады:

1. «Қара жалауларды көрген кездеріңде» ­– «ислам мемлекетінің» жалаулары шынымен де қара түсті.

2. «Жерге бұғыңдар» – яғни, ей мұсылмандар, орындарыңда қалыңдар! Оларға қосылмаңдар!

3. «Аяқ-қолдарыңды қозғалтпаңдар» – яғни оларға қаражаттай да, құрал-жабдықтермен де жәрдемдеспеңдер.

4. «Кейіннен әлсіз және мардымсыз қауым пайда болады» – яғни, бұл жердегі «әлсіз» және «мардымсыз» деген мағына – дінді түсіну, адамгершілік пен дінді пайдалану тұрғысында келеді.

5. «Олардың жүректері кесек темір тәріздес болады» – яғни олар аяусыз тұтқындарды өлтіріп, адамдарды қатыгездікпен қинайтын болады.

6. «Олар өздеріне мемлекет құрады» – соңғы бір ғасыр уақыт ішінде, қазіргі «Ирак және Левант ислам мемлекетінен» басқа ешкім «Ислам халифатын» құру туралы жариялаған емес.

7. «Олар берген сөздерінде тұрмай, келісім-шарттарын сақтамайтын болады», – «ислам мемлекеті» Шаетат тайпасы оларға бойсұнғаннан кейін, олармен жасаған келісім-шарттарын бұзды. «Ислам мемлекеті» оларды жүздеп қырып салды. Сондай-ақ, олар тілшілер мен гуманитарлық жәрдем қызыметкерлерін де өлтірді.

8. «Олар ақиқатқа шақырады» – «Ислам мемлекеті» исламға шақырады.

9. «Алайда өздері ақиқат иелерінен болмайды» – Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын), хадисі бойынша, Ақиқат иелері мейірімді болады: «Кешіріңдер, сол кезде өздерің де кешірілесіңдер».

10. «Олар бір-бірін ата-аналық лақап есімдермен (кунья) шақырады» – мысалы, Әбу Мутғана, Әбу Мухаммед, Әбу Мүслим деген сияқты т.б.

11. «Олардың есімдері қалалардың атауларынан болады» – мысалы: Әл-Бағдади, Әл-Заркауи, әл-Туниси, т.б

12. «Олардың шаштары әйелдердің шаштары секілді, ұзын болады» – «ислам мемлекетінің» жауынгерлерінің көбінің шаштары, осы айтылғандай, ұзын.

13. «Олар бір-бірімен келіспеушілікке түскенге дейін» – «Ислам мемлекеті» мен, оның негізін қалаушы «Фронт әл-Нусра» (Сириядағы «Әл-Каида» бөлімшесі), арасындағы болған келіспеушілік сияқты. Олардың бір жылға созылған қақтығыстары мыңдаған адамдар өліміне алып келді.

14. «Сол кезде Алла ақиқатты қалағанына көрсетеді» – яғни ислам ғалымдары оларды нақты және биязылы түрде жоққа шығарады,мәселен, ислам ғалымдарының ашық хаттары мен үндеулері арқылы.

Мұсылман ғалымдары жоғарыда келтірілген дәлел-дәйектерге сүйене отырып ДАИШ-тың әрекетін «исламға жат» деп пәтуа берген. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы да ДАИШ содырларының іс-әрекеттеріне қатысты өз мәлімдемесін жасаған болатын. ҚМДБ Ирак пен Сирияда болып жатқан қарулы қақтығыстарға байланысты: «Соқыр сеніммен өзге елдің ішкі мәселесіне араласып, саяси соғыстарға қатысу – «ахли сүннет» ақидасына жат және ислам шариғатына қайшы. Негізінде, мұндай бас-көзсіз озбырлық іс-әрекеттер мәселені шешпейді. Керісінше, қиындатып, шиеленістіре түседі» деп, ДАИШ-ты қатаң сынға алды.


16. ДАИШ содырлары діни азшылықтар өкілдеріне, өз пікірімен келіспейтіндерге, қолдарына түскен әйелдер мен балаларға шектен тыс қатігездік көрсетеді, сонымен қатар адамдардың дүние-мүліктерін талан-таражға салуда. Бұл мұсылмандыққа жата ма?
ДАИШ «әл-Қаиданың» құрамында 2004 жылы құрылған сәләфиттік «Таухид және Жиһад» ұйымының негізінде пайда болған террористік топ. Бұл содырлық топтың ислам дінімен арақатынасы сөз жүзінде ғана. Ал, іс-қимылдары түгел дерлік ислам қағидаттары мен құндылықтарына керағар. Күні бүгінге дейін жиһад ұранымен жазықсыз Сирия мен Ирак халқына қысым көрсетуде. Мұсылманды - кəпір, қыз-келіншекті - олжа, балаларды - соғысқа сарбаз, дүние-мүлкін талан-тараж етіп, бейбіт елдің тағдырын талқан етті. Құранның Ниса сүресінің 93-аятында: «Кім бір иманды адамды əдейілеп өлтірсе, оның жазасы жаһаннам болып, ол онда түпкілікті қалады. Əрі Алла оған ашуланып, оны лағнеттейді жəне ол үшін өте үлкен азап əзірлейді» деген ескерту бар. Мұхаммед пайғамбар болса, қоштасу қажылығында: «Ақиқатында сендердің қандарың, мал-мүліктерің бір-бірің үшін қастерлі, қол сұғуға болмайды. Мына, қажылық күніндей – қастерлі, қажылық айындай - қастерлі, Мекке қаласындай - қастерлі» деп өсиет еткен. ДАИШ содырлары - қылмыскер, қандықол қарақшылар. Бұл топ үшін ешбір қастерлі, киелі құндылықтар жоқ. Ислам адам баласы тұрмақ, жануар екеш, жануардың өзін қорлауға тыйым салады. Ал, бұл топ баланы да, ананы да аяп жатқан жоқ.

Террористер осы әрекеттері арқылы Исламның келбетіне күйе жақты. Ислам тарихында ешқашан дәл қазіргі кездегідей дін атын жамылып мұндай әрекеттер жасалмаған. Бәлкім кейбір тұста Муаххидин, кейбір тұста Карматилер, ал бір кезеңдерде Батинилікке бой алдырған әлдекімдер мұндай зұлымдықтарға барған болар. Бірақ, олардың өзі өз-өзін жармаған, әйел, қарттар мен балаларды жаппай қырғынға ұшырататын әрекетке бармаған.

Ислам - бейбітшілік пен мейірімділік діні. Қаншама ұлттар мен ұлыстарды біріктіріп отырған әлемдік дін. Исламда ізгілік жасауға, қамқорлыққа, мейірімділікке көп көңіл бөледі. Керісінше, зорлық-зомбылық, мұсылман бауырын кәпірлікпен айыптау, намаз оқымайтын ағайын-туыспен қатынас үзу, өмір сүріп жатқан мемлекеттің заңдарын мойындамау, өзімен пікірлес болмағаны үшін басқалармен қарым-қатынастан қашу, қоғам мүшелеріне құрметсіздікпен қарау, басқаларды бүлікке шақыру сияқты ұстанымдар ешуақытта болмаған. Террористік және лаңкестік әрекеттер ислам дініне мүлдем жат.

ДАИШ содырлары - зорлау, өлтіру, жаппай жазаға тартып дарға асу, ұрлау, мешіттер мен шіркеулерді қирату, əйелдерді жыныстық құлдыққа салу, балаларға зорлық-зомбылық көрсету жəне оларды ұрыс іс-қимылдарына тарту сынды қылмыстарды іске асыруда.

Өздерін «Ислам мемлекеті» деп жариялап, жер бетін қарумен жаулауды мақсат еткен ДАИШ-тіктерде шариғаттың қандай да бір элементі бар деп ойласақ, қателесеміз. Олардың алға қойған мақсаты - соғыс арқылы «Ислам халифатын» орнату. Отандастарымыздың, азаматтарымыздың адасқандардың қатарына кіріп кетпеуі үшін республика аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Жастарға дінін, ділін, отанын, дәстүрін құрметтейтіндей сезім, ақ пен қараны ажырата алатындай білім қажет.

Қорытындылай келе, шын мәнісінде қатігездік жасаған адамдарды мұсылман деп атауға болмайды. Яғни, террорист мұсылман бола алмайтынындай, шын мұсылман да террорист бола алмайды. Мұсылмандардың арасынан террорист шықса да, мұндай адам мұсылмандық қасиеттерінен жұрдай болған деген сөз. Мұндай адамды дұрыс мұсылманның қатарына қосуға келмейді. Тіпті соғыстың өзінде дініміз белгілеген арнайы қағидалар бар. Орынсыз қан төккен содырлардың әрекетін мұсылмандыққа жатқызуға болмайды. Бір жасақты аттандырып тұрып Мұхаммед пайғамбар әйелдерге, балаларға, ғибадатханаларды паналаған адамдарға соқтығуға тыйым салған. Сондықтан қазіргі уақытта діннің атынан жасалған бұл қылмыстарды Құран мен Сүннеттегі қағидалармен байланыстыруға болмайды. Басты міндет, дәстүрлі діни бағытты ұстанып, барша адамзатқа құрметпен қарай, сонымен қатар басқа көзқарас иелеріне түсіністікпен қарап, бір мәмілеге келу. Өзгелерге өз көзқарасыңды таңу - ислам дінінің негізіне қайшы іс. Қару-жарақпен, ашу-ызамен адамдарға бас салу, соғыс ашып немесе сауда орталығын басып алу, жазықсыз адамдарды тұтқынға алу адамгершілікке қайшы әрекет.


17. ДАИШ террористік ұйымы не себептен жас балаларды лаңкестік әрекеттерге пайдаланады?
Бүгінгі таңда әлемде орын алып жатқан әскери қақтығыстарда балалар және жасөспірімдер де жапа шегуде. Айталық ДАИШ террорлық ұйымы өз бақылауына алған аймақтарда балалар мен жасөспірімдерді өз әскери мақсаттарына қолдануда. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек 2015 жылы содырлар 1,8 мың сириялық балаларды қылмыстық әрекетке қатысуға үгіттеген. Сириядағы Адам құқығын бақылау кеңесі таратқан мәліметтерге қарағанда олардың 350-і өлім құшқан.

Рухани және әлеуметтік-мәдени тұрғыда пісіп жетілмеген, өмірдің қиын сәттерінде моральдық дұрыс таңдау жасай алмайтын әлі буыны қатпаған балалар мен жасөспірімдер «халифатты» сылтау етіп зорлықшыл саяси билік құрғысы келген ДАИШ мақсаты үшін таптырмас құрал болып отыр.

Сирияда балаларды және жасөспірімдерді соғыс әрекеттеріне үйрету үшін арнайы лагерьлер құрылған. Оларды лаңкестікті жүзеге асыру үшін пайдаланады. Лагерьде балаларды арнайы әскери жаттығулардан өткізіп, жанкештілікке тәрбиелейді. Ескеретін бір жайт, ол жерде балалар мен жасөспірімдердің өмір сүру режиміне кәнігі содырлардан талап етілетін қатаң ережелер енгізілген. Оған дәлел болатын мынандай мысалдар бар: «Аллаһу Акбар!» деп айқайлаған алты жасар балалардың бейнежазбалары, «жас жиһадшының» қаруды шеберлікпен қолданғанын көрсететін видеожазбалар және «кәпірлерді» өлтіруге ант бергендері, адамның бастарымен футбол ойнағандары да бейнеленген кадрлер.

Айта кету керек, жасөспірімдердің көпшілігі Сирия және Ирактың жергілікті тұрғындары мен күрт-езидтердің тұтқынға түскен балаларынан құралады. Жасөспірім балалардың террористер қатарына қосылуының бірнеше жолдарын, ДАИШ-тегі «бала-сарбаз» мәселесін ортаға шығарған мамандар атап көрсетті.

1. ДАИШ-тің бақылау территориясына әр мемлекеттен келген ата-аналар балаларын соғыс алаңына әкеледі;

2. Жас «сарбаздар» жергілікті содырлардың балалары болып келеді;

3. Балалар үйі тәрбиеленушілері немесе қараусыз қалған балалар;

4. Тұтқындардан немесе ата-анасынан күшпен тартып алынған балалар (христиандар немесе езидтердің балалары).

Балалар ұрланғаннан соң олардың санасына әсер ету үшін идеологиялық және психологиялық жұмыстар жүргізіледі. Исламға еш сай келмейтін, мағынасы, ұстанымдары өзгертілген ислам діні жайлы ақпараттар беріледі.

Балаларды ДАИШ жетекшісінің бұйрықтарын қарсылық танытпай дереу орындауы үшін қатыгездікке мәжбүрлі түрде бойын үйретіп, қуыршақтарды қолданумен адамдардың басын алуға үйретеді.

ДАИШ мүшелері әлеуметтік желілерде өлі адамның басын ұстап тұрған және көшедегі мәйіттердің арасында ойнап жүрген балалардың суреттерін жариялайды. Яғни, бұл жас балалардың қатыгездігін көрсету арқылы қарапайым адамдардың ой-санасына әсер ететін құйтырқы ойынның бірі.

ДАИШ содырларының балалармен жұмыс жасағанда қатыгездік танытатыны БҰҰ-ның Сириядағы әскери қылмыстар жайлы есебінде расталды. Олар жасөспірімдерді «ДАИШ үшін қызмет етіп, ұзақ уақыт қолдау көрсететін, сенімді әрі адал болашақ содырлар» ретінде пайдаланады. Балалар жәбір көрсетуді өздерінің күнделікті өмірінің ажырамас бөлігі ретінде санайтын болады.

Осындай дайындықтан өткен балалардың өздерінің «қанды жетекшілерінің» бұйрығымен жақындары мен кінәсіз адамдарды өлтіруге дайын нағыз қатыгез қылмыскерлерге айналатыны анық. Шектен шыққан жетекшілерінің қолында ауыр жарақат пен қорлыққа тап болып, қатаң діни ортада ақиқаттан қол үзіп тәрбиеленген жеткіншектер болашақта кез келген қоғамдағы тұрақтылыққа қауіп төндіреді.

Жоғарыда көрсетілген жолдармен ДАИШ террорлық ұйымы арнайы лагерьлерде қатыгез содырларды дайындап, «жалған халифатты» орнату үшін балалар мен жасөспірімдерді әскери мақсатта қолданады. Сонымен қатар осындай ортада өскен балаларды террорист-жанкешті ретінде пайдаланады. Өйткені балалардың санасы өзгенің ықпалына түсуге бейім келеді. Аталмыш жолдардан басқа, балаларды насихатшы ретінде қолданатыны жайлы мәлімет те бар. 2015 жылдың желтоқсан айында Тунистің құқық қорғау органдары мың шақты баланы террорлық ұйымға үгіттеген оқушыны тұтқындаған. Оқушы қыз насихатты телефон және әлеуметтік желілер арқылы жүргізген.

Бүгінде ДАИШ өзі жаулап алған жерлерінде ортағасырлық тәртіп орнататын, ауқымы кең ұлтаралық лаңкестер әскеріне айналды. Ұйымның негізгі мақсаты – Құран мен өзге де қасиетті кітаптардың бұрмаланып түсіндірілуі арқылы ұрлық, құлдық, адам өлтіру культін құру. Адамдардың өлімі «құрбандық» ретінде, бас кесуді – «жауды жеңу» ретінде («жау» дегендері – қарусыз тілші, ұйым идеологиясымен сәйкес келмеген имам, христиан немесе езид), балаларды өз мақсаттарында пайдалануды – халал етілген (рұқсат, заңды), тіпті әділдік ретінде көрсетіледі. Олардың ойларынша, бастысы – шынайылықтан қаша отырып сылтаумен өз-өзін сендіру.

Балаларды өзінің пайдасына асыру мақсатында қолдану адамзаттың ең қатыгез және аяусыз қылмыстарының бірі болып табылады. Бүгінгі күні ДАИШ қатігездікті қолдайтын, біраз ұрпаққа дейін жалғасатын «халифаттың» жаңа жүйесін құруға барынша әрекет етуде. Өздерінің мақсаттарына жету үшін ДАИШ содырлары тіпті бүлдіршіндерді де қолдануға дайын екендіктерін көрсетіп отыр.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет