Ат тергеу. Ол – адамды сыйлауға арналған ізеттілік әдет-ғұрып. Ұлттық болмыс бойынша әйелдер атасына, қайнағасына, қайнысына, қайын-сіңілісіне атын атамау үшін қосымша ат қояды. Мұны ат тергеу деп атайды. Мұндайда қойылатын аттардың кейбірі мынандай: «Мырза қайнаға», «бай атам», «би аға», «тентегім», «еркежан», «шебер шешей», «ақ әже», «сырғалым», «шашбаулым».
Асар жасау. Үй салу, қой қырқу, тай таңбалау, киіз басу, егін ору, шөп шабу тәрізді қауырт жұмыстарды көптің күш-қайратымен, көмегімен тез атқару үшін ру басының, үй иесінің ауылдастарын, туған-туыстарын шақырып, бірлесе қимылдауын асар жасау деп атайды. Оның екінші атауы – үме, серне. Үй иесі жәрдемдесуге келгендерге тамақ дайындап, сый-құрметін көрсетеді. Асарға келгендер атқарған жұмысына, көмегіне ақы алмайды.
Ауыз тию. Алыс сапарға аттанарда сол адам ауылындағы немесе әулетіндегі үлкен үйге кіріп дәм татып, жолға шыққан. Сонда ол «Осы қара шаңырақтың киесі қолдайды» деп сенген. Отбасы тамақтанып отырғанда дастарқан үстіне келген адам ондағы дәмнен ауыз тиюге тиіс. Әсіресе, таңғы астан ауыз тимеуге болмайды. Ас тан ауыз тию – үй иелерінің қонаққа, қонақтың дастарқандағы асқа деген ыстық ықыласының бір белгісі болып саналады.
Аузына түкірту. Бұл – қазақтардың ертеден келе жатқан ырымы. Олар батырлар мен билерге, ақындарға, тағы да басқа атақты адамдарға баласының аузына түкіртіп алатын болған. Түкіргенде оның ырымы ғана жасалады. Бұл ырым баламыз сондай адамға ұқсап, өнегелі болсын дегеннен туған. Баласының аузына бір адамға түкіртсе, жеткілікті.
Бәсіре атау. Ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі. Ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атайды. Бәсіре аталған төл өскен соң сол баланың қажетіне, тойына жаратылады. Оны ен салып, малды таңбалаумен шатастырмау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |